АЗАМАТ СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН

26 января, 2017 21:12

Ресейдегі және Қазақ өлкесіндегі азамат соғысының себептері, барысы ерекшелігі және нәтижесі жөнінде мәлімет беру. Студенттердің тарихи білімдерін тереңдетіп, ғылыми ұғымдармен байыту.

 

Негізгі ұғымдар:шетел интервенциясы, мобилизация, «әскери коммунизм»,  азық-түлік салғырты,азамат соғысы, декрет, автономия, амнистия.

 

Жоспар:

  1. Қазақ өлкесінің азамат соғысына тартылуы.
  2. Соғыс қимылдарының барысы.
  3. Қазревком мен Қазақ АКСР-нің құрылуы.

 

  1. Қазақ өлкесінің азамат соғысына тартылуы. Жұмысшы-шаруалар Кеңестерінің орталық пен жер-жердегі өкіметті басып алуы қарулы қарсылығын тудырды. Азамат соғысы өкімет үшін күрестің жалғасы болды. Қазақстандағы азамат соғысының алғашқы ошақтарының бірі 1917ж. қарашада Торғай облысының әкімшілік орталығы Орынборда қалыптасты,мұнда Орынбор казактары әскерінің атаманы Дутов Совет өкіметін құлатып, Кеңестердің Бүкілресейлік съезінің делегаты С. Цвиллинг бастаған революциялық комитетті тұтқынға алды. Кеңес өкіметімен күресудің қарулы орталығы Жетісуда да болды. Верныйда Кеңестерге қарсы күресу мақсатымен ақ гвардия офицерлері мен юнкерлер жиналады. Революцияға қарсы ощақ Оралда құрылды. Облыстық әскери үкімет ұзамай жергілікті Кеңесті таратып, өкіметті басып алды. Осындай әскери үкіметтер Қазақстандағы революцияға қарсы ақгвардияшылар қозғалысының басты күші болады. Олар ақгвардияшыл офицерлерге, бай-кулактарға, жергілікті партиялармен саяси қозғалыстар тарапынан қолдау тапты. Кеңес өкіметін құлату үшін ел ішіндегі ақгвардияшылармен бірігіп алған империалистік мемлекеттің белсенділік көрсетуіне орай, 1918ж. жазда азамат соғысы кең көлемде жойылып кетеді. Олардың ең басты күші – Чехословак корпусы болды. Осы корпустың бөлімдері революцияға қарсы ішкі күштермен бірлесіп Қазақстанның бірқатар қалаларын басып алады, 1918ж. маусымда Семейде Кеңес өкіметі құлатылады. Жетісуда шаруалар селоларының бір тобы Черкасск селосын орталық жасап, қорғанысқа көшеді. Антанта елдері үкіметтерінің қолдауымен Самарада – эсер-ақгвардияшы үкіметі-Комуч құрылтай жиналысының комитеті, Омбыда адмирал Колчак басқарған Сібірдің ақгвардияшыл уақытша Үкіметі орнады. 1918ж. қаңтарда қуылған атаман Дутов, 1918ж. шілдеде тағы да бүлік шығарып, Орынборды басып алады да, кеңестік Түркістанды Орталық Ресейден бөліп тастады. Азамат соғысы жағдайында Қызыл әскерді құру ісі де жүзеге асырылды. Бүкіл Ресейлік Атқару Комитетінің 1918ж. мамырдағы жарлығымен әскерге еркімен бару ісі жалпыға міндетті әскери борышты орындаумен алмастырылды. 1918ж. жазында Қызыл әскердің құрамды бөлігі ретінде Қазақстан территориясындағы ұлттық бөлімдерін жасауға Сырдария, Жетісу, Торғай облыстарының уездері негіз болды. 22-25-ші Чапаев дивизияларының ерлігі, Орал менОрынборды қаһармандықпен қорғау – тарихи даңққа бөленді. Ақмола, Семей, Жетісу облыстарында Павлодар, Өскемен, Бұқтырма, Зайсан уездерінде, әсіресе Зырян, Қатон-Қарағай, Шыңғыстау, Шемонайха болыстарында партизан қозғалысы елдің едәуір бөлігін қамтыды. 1919ж. жазында Шығыс майданындағы Колчак армиясының негізгі күшінің күйретілуі Батыс, Солтүстік, Солтүстік-Шығыс Қазақстанмен Жетісуды азат етуге қажетті жағдай жасады. 1919ж. алғаш Қазақстанның негізгі территориясы ақгвардияшылардан босатылды. 1920ж. наурызда Азамат соғысының Қазақстандағы ең соңғы майданы-Солтүстік Жетісу майданы жойылды.

 

  1. Соғыс қимылдарының барысы.Қазақстан жеріндегі ірі соғыс операциялары М.В. Фрунзе, М.Н. Тухачевский, В.И.Чапаев, И.П. Белов, И.С. Кутяков, А. Иманов т.б. сияқты белгілі қолбасшылар мен талантты командирлер басшылығымен жүзеге асырылды. 1919ж. 10 шілдеде РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің жарлығы бойынша Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Революциялық Комитет (Кирревком) құрылды. Оның бірінші құрамына С. Пестковский (төраға), А. Байтұрсынов, В. Лукашев, Ә. Жангелдин, М. Тұнғаншин, С. Мендешов, Б. Қаратаев кірді. Казревкомның аса маңызды міндеті- қазақтың байырғы жерін бір қолға жинау, болашақ қазақ Кеңестік мемлекетінің территориялық тұтастығын қамтамасыз ету. Сонымен бірге Казревком армияны азық-түлікпен жабдықтау, астықты басқа да тамақ өнімдерін Орталыққа жеткізу, яғни «Әскери коммунизм» саясатының басты мәселесін шешу ісімен айналысты (азық-түлік салғырты енгізілді).

Азамат соғысының басталуы жағдайында Кеңестер әскери құрылысқа Түркістан мен Қазақстанның жергілікті байырғы халқын тартты. «Мұсылман» бөлімдері деп аталған әскер бөлімдері құрылды. Мұндай бөлімдер көбінесе ұзақ тұрақтамады. Оның себептері көп еді. Бір жағынан, ұлы державалық шовинистер қаруланған мұсылман Ресейдің жауы деп пайымдалды. Екінші жағынан, қазақтар армия үшін «сенімсіз элемент және олар әскери қызмет құрметін көрсетуге жеткен жоқ, олардың адалдығына сен,уге болмайды» деп санаған бұрынғы отаршыл орталықтың сенбеушілігі әсер етті. Ұлттық әскер бөлімдерін құру бастапқыда еріктілік принципінде жүргізілді. Міндетті әскери міндеткерлік негізінде еңбекшілерді мобилизациялау туралы 1918 ж. мамырдың 29-ында Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің (БОАК) декретінен кейін 1918 ж. қарашаның 17-сінде Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты «Жауынгерлерді ұлттық белгілері бойынша белгілі бір әскери өлшемдерге еркін топтауға» рұқсат берді. Ұлттық құрамаларды рота буынынан ірі етіп құрмау көзделді. Іс жүзінде полктер мен бригадалар құрылды. Мәселен, 1918 ж. күзінде Бөкей ордасында кеңестік тұңғыш үлгілі қазақ атты әскер полкі құрылып, ол кейіннен БОАК-тың Құрметті Қызыл туымен наградталды.

1919 ж. қазан айында Қостанай уездік әскери комиссариаты 5-Қызыл Армияның қатарын толықтыруға 3000 адамнан тұратын жеке дала бригадасын аттандырды. 1920 ж. Түркістанда байырғы халықты әскерге тұңғыш рет күштеп жинау жарияланды. 1920 ж. аяғына қарай Қазақ Әскери Комиссариаты Бөкей ордасының, Орал және Торғай облыстарының көлемінде 37 әскер бөлімі мен бөлімшесін құрады. Наурыз айында Торғай облысында 6000-нан астам адам мобилизацияланды. Жетісу облысында жеке қазақ бригадасы, жалпы саны 5,5 мың адамнан тұратын 27-Түркістан және 15-Дүнген полктері құрылды. Мамыр айында РКФСР Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің шешімімен 19 жастан 35 жасқа дейінгі орыс емес ұлттардың 25 мың өкілі армияға шақырылды.

Әскер бөлімдерін құру процесінде Дала өлкесінің төтенше комиссары Ә. Жангельдин, Торғай уезінің әскери комиссары А. Иманов, қазақ атты әскер бригадасы саяси бөлімінің меңгерушісі Б. Қаратаев, сондай-ақ әскери бөлімшелердің командирлері және комиссарлары Т. Әлиев, С. Арғыншиев, Б. Алманов, Ж. Жәнікешев, М. Масанчи, А. Розыбақиев, О. Исаев, А. Оразбаева және басқалар халық арасында үлкен ұйымдастыру жұмысын жүргізді. Қазақстан территориясында өріс алған майдандардағы соғыс қимылдарының дамуы алғашқы кезекте Шығыс майданындағы соғыс операцияларының барысымен тығыз байланысты болды. Ә. Жангельдиннің экспедициясы Қазақстанда, атап айтқанда, Ақтөбе облысында елеулі рөл атқарды. 1918 ж. қарашада Шығыс майданында Қызыл Армия бөлімдері Орынборда орнығып алған атаман Дутовтың және Орал ақ казактарының әскерлеріне қарсы шабуылды өрістетті. 1919 ж. қаңтарда Қызыл Армия Орынбор мен Оралды азат етті. Мұның өзі Кеңестік Ресейдің Қазақстанмен және Орта Азиямен тікелей байланысты қалпына келтіруіне мүмкіндік берді.

Партизан қозғалысына әскерден қайтқан солдаттар мен матростар, Ақпан революциясы мен Қазан төңкерісіне, 1916 ж. ұлт-азаттық революцияға қатысқандар, коммунистер, депутаттар Кеңесінің мүшелері басшылық етті. Солтүстік Жетісуда партизан қозғалысы кең өрістеді. Мұнда Кеңес үкіметі жолындағы күресте Черкасск қорғанысы (1918 ж. маусым – 1919 қазан) зор рөл атқарды. Партизандар казактардың ең қатыгез атамандардың бірі Анненков басқарған ірі бөлімдерінің шабуылына он үш ай бойы тойтарыс берді. Қазақстандағы Колчак әскерлерін талқандау Шығыс майданының Солтүстік және Оңтүстік топтарына жүктелді.

 

3.Қазревком мен Қазақ АКСР-нің құрылуы. Азамат соғысы шет аймақтар халықтарының ұлттық мемлекеттігі идеяларымен санаспауға болмайтынын большевиктерге тағы да көрсетті. Олар кеңестік негізде Қазақ автономиясын құру жөнінде дайындық жұмысын жүргізуге мәжбүр боды.

1919 жылы 10 шілдеде В.И.Ленин Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық Комитет туралы Декретке қол қойды. Онда Қазақ революциялық комитеті  өлкенің ең жоғары әскери-азаматтық басқармасы ретінде құрылатыны айтылды. Декретте оның мақсаттары мен міндеттері –контрреволюция мен интервенцияға қарсы күресу, өлкеде мемлекеттік, шаруашылық және мәдени құрылыс үшін жағдай жасау, Қазақстанда Кеңестердің құрылтай съезін әзірлеу белгіленді. Революциялық комитеттің қарауына Астрахан губерниясының қазақтар тұратын өңірлері мен Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары кірді.

Қазақ ревкомының басшысы болып С. Пестковский тағайындалды. Ревком құрамына В.Лукашев, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынұлы, М.Тұнғаншин, С. Меңдешев, Б.Қаратаев енді. Кейін оның құрамына А.Авдеев, Ә.Әитиев, Ә.Әлібеков, С.Арғыншиев, Х.Ғаббасов, Т. Седельников,С.Сейфуллин, В.Радус- Зенькович тартылды.Қазревкомның орталық органы «Ұшқын» газеті шығарылды. Алашордалықтар төңкеріс комитетінің құрамына кірсе де, Алашордаға жасалған кешірімге қарамастан оның басшыларына деген сенімсіздік ұзақ уақытқа дейін сақталып қалды. Ал кеңес үкіметінің Қазақстандағы кейбір өкілдері Алашорда жетекшілеріне жау ретінде қарады. Кешірім жасалғанға қарамастан Алашорда жетекшілері саяси тұрғыда оқшаулануға тиіс болды. Ақырында Қазревкомның 1920 ж. 5 — наурыздағы қаулысына сәйкес Алашорда таратылды.

Қазревком Қазақстанда әскери-азаматтық билікті қолға алып, кеңестердің бүкілқазақстандық 1-ші съезін шақыруды ұйымдастыру, Қазақ автономиясы туралы ереже жобасын дайындап, съезд талқысына ұсыну, РКФСР, Түркістан Кеңестік Республикасы және Қазақ өлкесі арасындағы қарым-қатынастарды реттеу, Қазақтың байырғы жерін біріктіру, яғни болашақ қазақ кеңес мемлекетінің территориялық тұтастығын қамтамасыз ету міндеттерін өз қолына алды.

Қазревком 1919 ж. шілдесінен 1920 ж. қазанын қосқанда 15 ай бойы жұмыс істеп, қазақ халқының кеңестік автономиясын құру жолындағы әзірлік жұмыстарын жүзеге асырды. Нәтижесінде 1920 ж. 17 тамызында РКФСР Халық Комиссарлары кеңесі Қазақ Республикасы жөніндегі Декреттің жобасын  қолдады. 1920 ж. 26 тамызында Ленин мен Калинин қол қойған БОАК және РКФСР ХКК-нің құрамында астанасы Орынбор қаласында болатын «Қырғыз (қазақ) Кеңестік автономиялы республикасын құру туралы» тарихи декреті жарияланды.

1920 ж. 4-12 қазанында Орынбор қаласында өткен Қазақстан Кеңестерінің құрылтай съезі, Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялық социалистік республикасы еңбекшілері құқықтарының Декларациясын қабылдады, ол Декларация РКФСР құрамына жеке автономия болып кіретін ҚазАКСР-нің құрылуын жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, қызыл әскерлер депутаттары Кеңестерінің Республикасы ретінде бекітті. Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып С.Меңдешев, Халық Комиссарлары Кеңесінің басшысы болып В. Радус-Зенькович сайланды.

 

Бекітуге арналған сұрақтар:

 

  1. Петроградтағы қарулы төңкеріс қашан болды? Уақытша үкімет құлағаннан кейін билік кімнің қолына өтті?
  2. Кеңес одағындағы алғашқы декреттерді атаңыз.
  3. Қазақстанда қандай себептермен азамат соғысы басталды. Азамат соғысының алғашқы ошақтары қашан және қай жерде басталды?
  4. «Әскери коммунизм саясаты» дегеніміз не?
  5. Азық –түлік салғыртын, азық-түлік салығына ауыстыру дегенді қалай түсінесің?
  6. Әскери коммунизм саясатының қандай зардаптары болды?
  7. Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық Комитет туралы Декретке қашан қол қойылды?

 

 

Әдебиеттер:

  1. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
  2. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
  3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Очерктер. Алматы: «Дәуір», 1994.
  4. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006.
  5. Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
  6. Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы, 2007.
  7. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008. – 640 б.
0

Автор публикации

не в сети 5 лет

Ерек

3
Комментарии: 0Публикации: 26Регистрация: 25-01-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля