ХІХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН

26 января, 2017 17:08

1822-1824 жж. Орта жүз бен Кіші жүзде хан билігінің жойылуы туралы түсіндіру. Ресей империясының Қазақ даласындағы отаршыл саясатына қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілістері туралы мәлімет беру. Студенттердің ХІХ ғасырдағы Қазақстан тарихы бойынша білімдерін одан әрі жетілдіру.

 

Негізгі ұғымдар: «Сібір қырғыздары туралы жарғы», «Орынбор қырғыздары туралы жарғы», Бөкей Ордасы, ұлт-азаттық көтеріліс.

 

Жоспар:

  1. Орта жүз бен Кіші жүзде хан билігінің жойылуы.
  2. Бөкей Ордасындағы 1836-1838 жж. шаруалар көтерілісі.
  3. Кенесары Қасымұлы бастаған халық-азаттық күресі (1837-1847 жж.).

 

  1. Орта жүз бен Кіші жүзде хан билігінің жойылуы. Абылай хан дүние салғаннан кейін Қазақ хандығы бытырап, әр жүзде жеке хандар сайланып, бұл хандар Абылай ханның мұрагері Уәли ханға бағынуға ниет білдірмеді. Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайын жете білуге тырысқан патша өкіметі қазақтардың ішкі істеріне араласа бастайды. 1781 ж. Орта жүзге Уәли хан (1781-1819 жж.) болып бекітілді. Ресей әкімшілігі қазақтардың саяси, сот жэне рухани өміріне байланысты шараларды даярлаумен айналысты. Мысалы: ханның жанынан ақсақалдар Кеңесін құру; билер соты; қазақ балалары үшін мектеп ашу; шекара жанындағы қазақтарды тікелей басқаруды ұйымдастыру; қазақ жерлеріне әскери-ғылыми-барлау экспедицияларын жіберу т.б. 1819 ж. Уәли хан қайтыс болғаннан кейін Орта жүзде жаңадан хан сайланбады.

XVIII ғ. аяғы мен XIX ғ. басында Орта және Кіші жүздің аумағы Ресей империясының ықпалында, Ұлы жүздің аумағы Қоқан хандығының қол астында болды.

XIX ғ. 20-30 жж. орыс-ағылшын бақталастығының шиеленісуіне байланысты патшалық Ресей Орта Азия мен Қазақстанда өз ықпалы мен билігін одан әрі нығайтуды көздеді. Осы мақсатпен Ресей империясы 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы», 1824 жылы «Орынбор қырғыздары туралы» Жарғыны қабылдады.

Авторы Сібір әскери губернаторы М. Сперанский болған «Сібір қырғыздары туралы» Жарғы бүкіл Орта жүздің жерін қамтыса, авторы Орынбор әскери губернаторы П. Эссен болған «Орынбор қырғыздары туралы» Жарғы Кіші жүз аумағына таралды.

«Сібір қырғыздары туралы» Жарғы бойынша Орта жүз аумағы «Сібір қырғыздарының облысы» аталып, Батыс Сібір генерал-губернаторына бағынатын болды. Орталығы алғаш Тобыл, 1839 жылдан бастап Омбы болды. Хандық билік жойылғаннан кейін Оңтүстік-батыс Сібірде тұратын қазақтар ішкі округтерге біріктірілді, ал Орта жүздің қалған қазақтары сыртқы округтерді құрады. Барлығы жеті сыртқы округ құрылды: Қарқаралы (1824 ж.), Көкшетау (1824 ж.), Аягөз (1831 ж.), Ақмола (1832 ж.), Баянауыл (1833 ж.), Құсмұрын (1834 ж.), Көкпекті (1838 ж.).

Әр округ болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. Округтардың басшылығында округтік приказдар түрды және оларды сұлтандар жиналысында 3 жылға сайланатын аға сұлтандар басқарды. Округқа 15-тен 20-ға дейін болыс кірді. Болыстарды сұлтандар басқарды. Бір болыстың құрамында 10-нан 12-ге дейін ауыл болды. Ауылдарды ауыл старшындары басқарды, әр ауылда 50-ден 70-ке дейін үй болды. Қазақтарға тек қана өз округында ғана көшіп-қонуға рұқсат берілді, ал бір округтен екінші округке өту үшін жергілікті басшылардан рұқсат алуы керек болды.

Сонымен қатар Жарғы салық жүйесін енгізді, ол бойынша әр қожалық өкіметке 100 бас малдан 1 бас мал салық төлеуге тиіс болды. Жарғыны қабылдаған қазақтар бірінші бес жылда салықтан босатылды. Қазақтарға керуендерді, пошта жолдарын күзету, байланыс жолдарын қадағалау сияқты және т.б. міндеткерліктер жүктелді. Жарғының арнайы бір параграфы аға сұлтандардың, болыс сұлтандарының және округтік приказ шенеуніктерінің мәртебесін және жылдық жалақысын белгіледі: аға сұлтандарға жылына 1 200 сом, тілмаштарға 800 сом, болыс сұлтандарына 150 сом.

1824 жылы Орынбор генерал-губернаторы П. Эссен даярлаған «Орынбор қырғыздары туралы» Жарғы Кіші жүзде жүзеге асырылды. Бұл реформа барысында Кіші жүздегі хандық билік жойылып, оның аумағы Батыс, Орта және Шығыс болып үшке бөлініп, Орынбор генерал-губернаторлығына бағынды. 1824 жылғы Жарғы бойынша құрамында төраға, төрт кеңесші жэне төрт ауқатты қазақтан тұратын шекаралық комиссия құрылды.

1822 жылғы жарғыдан айырмашылығы Кіші жүздегі ауыл старшындарынан бастап аға сұлтандарға дейін сайланбайтын болды, оларды шекаралық комиссияның ұсынысымен Орынбор генерал-губернаторы тағайындады. 1831 жылы дистанциялар мен старшындықтар ұйымдастырыла бастады. Батыс бөлікте — 8, Ортада — 20, Шығыста — 28 дистанция құрылды. 1837 жылы 1 сом 50 тиын күміс ақшамен түтін салығы енгізілді. Сұлтандар, старшындар және молдалар салықтан босатылды.

Осылайша, Ресей империясы Қазақстанды өз отарына айналдыру үшін хандық биліктіжойып, орнына Ресей әкімшілік-территориялық басқару жүйесін енгізді. Осы және одан кейін жалғасқан XIX ғ. 30-50 жж. реформалар патшалық Ресейдің қазақ жерлерін одан әрі отарлау үшін жағдай жасады.

 

  1. Бөкей Ордасындағы 1836-1838 жж. шаруалар көтерілісі. 1756 ж. патша жарлығы бойынша казақтарға қысқы уақытта Жайықтың оң жағалауына мал жаюға тыйым салынған болатын. Патшаның бұл жарлығы Жайық орыс-казактарының мүддесі тұрғысынан қабылданды. «Игельстром реформасының» жүргізілуі барысында қазақтар Еділ мен Жайық арасындағы жерлерге көшіп-қонуға патша үкіметінен рұқсат алған соң, кейінірек, 1801 жылы екі өзен аралығында Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтанның басқаруымен жеке иелік құрылды. Бөкей сұлтан 1812 жылы ғана патша үкіметінен «хан» атағын алып, ол басқарған иелік Бөкей ордасы немесе Ішкі Орда деп атала бастады. Бөкей Ордасы Ресей империясының шекаралық өңірінің «Ішкі» жағында орналасқандықтан «қуыршақ мемлекет» рөлін атқарды. Бөкей Ордасы құрылғаннан кейін Жайықтың оң жағалауына 5 мыңға жуық үй көшіп-қонса, кейін 10 235 үйге жеткен. Бөкей хандығының шекарасы шығыстан батысқа қарай 350 шақырым, солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 шақырым жерді алып жатты. Бірақ бұл жерге қоныстанған қазақтарға Орал казак-орыс әскерлері жиі-жиі шапқыншылықтар жасап отырды, біртіндеп әскери бекіністер салына бастады. Жайық өзенінің бойы біртіндеп Орал казак-орыс әскерлерінің меншігіне қарады. Соның салдарынан қазақтардың жайылымдық жерлері тарылып, шаруашылықтары күйзеліске ұшырады.

1815 жылы Бөкей хан дүние салған соң оның орнын басар Жәңгір, Әділгерей, Меңдігерей атты үш ұлы қалады. 1824 жылы Жәңгір арнайы жарлықпен хан тағына отырған соң Ішкі Ордадағы қоғамдық тұрмыс пен әлеуметтік-саяси құрылымдарға, жер қатынасына, салық саясатына өзгерістер енгізбек болды. Бірақ көшпелі және жартылай көшпелі халық ханның бұл «жаңалықтарына» дайын болмады.

Жәңгір хан 1833 жылы өзінің қайын атасы Қарауылқожа Бабажановты Каспий теңізінің жағалауында көшіп-қонып жүрген рулардың басқарушысы етіп тағайындайды. Жаңа тағайындалған басқарушы қарапайым халықты қатты қанауға ұшыратты. Ол қазақтарға жерді «жалға» беру деғенді шығарып, қазақ шаруалары жер үшін ауыр салық төлеуге мәжбүр болды. Оған қоса Қарауылқожаның отбасы үшін әр шаңырақ 2 сом, ал ауыл старшындары бір жылқыдан төлеуге міндеттелді. 1835 жылы Исатай Тайманұлы ханға арызданбақ болғанда, сұлтан Шөке Нұралиев ханмен сөйлесемін деп Беріш руына қарасты елден 264 түйе, 127 жылқы, 19 222 сом ақша жинап алып, халықтың шағымын аяқсыз қалдырады.

Жер қатынасындағы осындай әділетсіздіктер, Орал казак-орыстарының көрсеткен озбырлығы, түрлі салықтардан түскен ауыртпалықтар Орда халқының наразылығын тудырды. Бұл жағдайлар 1836-1838 жж. халықтың көтеріліске шығуына әкеліп соқты. Көтеріліске Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы жетекшілік жасады. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші бұқара халық болды.

1835 жылы Исатай бастаған көтерілісшілер халық арасында үгіт-насихат жүмыстарын жүргізіп, орын алған әділетсіздікпен озбырлықты әшкерелеп, хан билігіне бағынбауға шақырады. Исатай мен Махамбеттің бұл әрекеттерін Қарауылқожа «елді бүлдіріп» жатыр деп Жәңгір ханға бірнеше рет хат жазады. 1836 жылдың ақпан айында көтерілісшілердің Жәңгір ханға қарсы белсенді күресі басталады.

1836-1837 жж. көтерілісшілер ханға өздерінің талаптарын айтып, өкілдерін жіберді. Сонымен қатар Исатай халықты казактар мен байлардың жерлерін бөліске салып, Жайықтың арғы бетіне өтуге шақырып отырады. 1837 жылы наурызда Шекаралық комиссия Исатай мен Махамбетті сотқа шақыртады, бірақ олар сотқа барудан бас тартады. Орынбор генерал-губернаторы Перовский жіберген атаман Покатилов бастаған Жайық казак әскерінің отряды да оларды тұтқындай алмайды. Бұл тұста көтерілісшілердің саны 3 мың адамға жеткен еді. 1837 жылы қыркүйегінде Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілер Қарауылқожаның және басқа да би-сұлтандардың ауылдарына шабуыл жасайды. Одан кейін хан ордасын шабуылдауды ойластырып, қазан айында ордаға 12 шақырымдай жерге келіп орналасады. Алдымен ханға өз талаптарын айтып хат жазып, оның орындалуын күтеді. Жәңгір хан болса Исатаймен келіссөз жүргізу арқылы уақыт ұтады да, Орынбор генерал-губернаторлығына жасырын хат жазып, көмек сұрайды.

Орынбор генерал-губернаторы Перовский қазан айының 17-сінде подполковник Геккені Жэңгір ханға көмекке жіберіп, Исатай мен Махамбетті тұтқындауды тапсырады. Қазан айының 30-да Гекке хан ордасына келген соң қосымша күш жинау үшін, уақыт ұту мақсатында Исатаймен келіссөздер жүргізеді, бірақ одан нәтиже шықпайды. Бұдан кейін Гекке губернаторға хат жазып, өздерінің көтерілісшілермен соғысуға даяр еместігін және полковник Меркульевтің отрядына Теректіқұмдағы Исатайдың ауылына шабуыл жасау керектігін айтады. Қараша айының 7-де Меркульевтің отряды Исатайдың ауылына шабуыл жасап, батырдың отбасын тұтқындайды. Бұл хабарды естіген Исатай дереу ауылына көмекке аттанады. 8 қарашада Исатайдың жігіттері Меркульевтің отрядын қоршап алады да, адамдарын босатуды талап етеді. Меркульев соғысуға күштің тең еместігін байқап, ауыл адамдарын босатуға мәжбүр болады. Осы жағдайдан кейін Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің мәні өзгеріп, ол тек ханға қарсылық емес, енді ханға қолдау көрсеткен Орынбор әкімшілігіне де қарсылық сипатына ие болды.

Меркульевтің отряды Геккенің отрядымен Бекетай ауылының маңында қосылып, Тастөбеге қарай бағыт алады. Тастөбеге 4 шақырымдай қалғанда 500-ге жуық көтерілісшілер тобымен кездеседі. Исатай батыр Меркульевтің отрядынан құтқарып алған елді қорғау үшін жан-жақтан жігіттерін жинауға тырысады. Бірақ Гекке бастаған 2000 жазалаушы солдат көтерілісшілердің бір-біріне қосылмауына күш салады. Жазалаушы отряд саны жағынан басымдылық танытса да көтерілісшілер бірінші болып шабуыл бастайды. Алдымен мергендер тобы мылтық атады, Геккенің отряды оларды зеңбіректен атқылайды. Зеңбіректен дұрыс нәтиже болмаған сон Геккенің солдаттары шабуылга көшеді. Оларға көтерілісшілер қарсы шығып, солдаттардың арасын біршама сиретіп тастайды. Мұны байқаған Гекке көтерілісшілерге жақындап келіп, зеңбіректен қайта оқ атуды бұйырады, онысы нысанаға дэл тиіп, көтерілісшілерден көп адам шығынға ұшырайды. Сол уақытта солдаттар тағы да шабуылға шығады. Осы шайқаста Исатай оң қолынан жараланады да, баласы Жақия 50-60 адаммен бірге қаза табады. Тастөбе маңындағы шайқаста көтерілісшілер Геккенің отрядынан жеңіледі. Жеңілістен кейін Исатайдың жігіттері Ішкі Ордаға шағын топтармен тарай бастады.

Исатай қатары сиреген көтерілісшілерді қайта біріктіруге тырысты. Ал бұл уақытта подполковник Геккенің басшылығында 700-дей казак-орыс әскері, 2 зеңбірек және 400 адамнан тұратын хан жасағы болды. Жазалаушы отряд енді Исатай батырдың өзін ұстауға тырысады. Осы мақсатпен полковник Меркульев 300 казак отрядына ханның 600 жасағын қосып алып бірталай жерді шолып қайтады. Перовский Исатай батырды ұстаған адамға 500 сом күміс ақшамен сыйлық тағайындайды. 1837 жылы 15 қараша күні таңсәріде Тастөбенің жанында көтерісшілер мен жазалаушы отрядтың арасында кескілескен шайқас болады. Жазалаушылар көтерісшілердің көп шоғырланған тұсына зеңбіректен оқ атып, көтерісшілерді біршама жерге дейін қуғындайды.

Тастөбе маңындағы шайқастан кейін көтерілістің бірінші және екінші кезеңі жеңіліспен аяқталады. Исатай мен Махамбет Кіші жүзге өтіп, 2000 жігіт жинап, Хиуа ханының қолдауымен патша өкіметіне және оның қолшоқпары Баймағамбет Айшуақовқа қарсы күреседі. Бұл уақытта жазалаушы әскер мен Баймағамбеттің жасағы Исатайларды тынымсыз іздеуде болатын. Исатайдың қайда жүргеніне қатты мазасызданған Жәңгір хан Кіші жүздің ішіне өз тыңшыларын жіберіп, бақылауды күшейтеді. Ал Орынбор губернаторы Перовский болса Кіші жүздегі көтерілісті басуға қосымша әскер жібереді. Полковник Гекке мен Баймағамбеттің отрядтары Ақбұлақтың жағасына орналасады. Исатай 500-дей жігітімен Қиыл өзенінің қарсы жағалауындағы биік қырға келіп тоқтайды. Көп кешікпей екі арада шайқас басталады. Жазалаушы әскер көтерілісшілерді үш жақтан шабуылдап, зеңбіректен оқ атады. Шайқаста көтерілісшілердің 70-80 адамы қаза табады да, амалсыздан шегінеді. Осы шайқаста Исатай қолға түседі, Баймағамбеттің үш нөкері оның қолын артына қайыра байлайды да, біреуі батырдың кеудесіне мылтық тақап тұрып атады. Оған қоса Иван Богатырев деген урядник батырдың басын қылышымен шауып түсіреді. Басшысы өлген көтерілісшілер Ойыл өзенінің жағасындағы қалған топқа қосылады. Кіші жүзді қаптаған патшаның жазалаушы әскерлері көтерілісшілердің бірігіп, ары қарай әрекет жасауына мүмкіндік бермеді. Осыдан кейін Исатайдың ұйымдастыруымен болған Кіші жүздегі көтеріліс жеңіледі.

Исатай қаза тапқаннан кейін Махамбет Өтемісұлы біраз адамдармен Хиуа хандығына өтіп кетеді. Кейін Орынбор әкімшілігі оны қолға түсіріп, сотқа тартып, Атырау өңіріне жер аударып жібереді. Сот үкіміне риза болмаған Баймағамбет сұлтанның адамдары 1846 жылы қыркүйекте Махамбетті өз үйінде өлтіріп кетеді.

Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс – қоғамдағы әлеуметтік теңдік үшін болған, қазақ халқының Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы халықтың азаттық рухын жігерлендірген көтеріліс. Сондықтан да, бұл көтеріліс халқымыздың тарихында өзіндік орны бар, маңызы зор көтерілістердің бірі.

 

  1. Кенесары Қасымұлы бастаған халық-азаттық күресі (1837-1847 жж.). Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шекаралық аймақтарда жаңа бекіністерді салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыруы, қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі Кенесары Қасымүлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің шығуына себеп болды. Қазақтардың XVIII-XIX ғғ. болған басқа барлық көтерілістермен салыстырғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің ерекшелігі, оған үш жүздің халқы түгелге жуық қатысты. Азаттық күреске қатысушы рулардың саны күрестің алғашқы жылдарына қарағанда 1843-1845 жж. көбейе түскені байқалады. Кенесары жетекшілік жасаған азаттық күресіне ру басылары мен билер және басқа да ауқатты топ өкілдері қатысты.

Кенесары бастаған азаттық күрестің мақсаты Абылай хан тұсындағы қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіру, Ресейдің құрамына кірмеген қазақ жерлерінің тәуелсіздігін сақтап қалу болды. Кенесары Ресей отаршылдығына қарсы азаттық соғысты бастамас бұрын бірнеше дипломатиялық қадамдар жасады. 1837 жылдың көктемінде патша үкіметіне жаңа бекіністер жүйесін салудан бас тартып, салынған бекіністерді бұзуды, орыс әскерлерінің қазақ даласына ішкерілей енуін тоқтатуды талап етіп бірнеше хат жолдаған болатын. Бірақ, Кенесарының бүл хаттары патша әкімшілігі тарапынан жауапсыз қалдырылды. Одан кейін Кенесары 1837 жылдың күзіне қарай ашық күреске шығады. Қараша айында Петропавлдан оңтүстікке қарай бара жатқан керуенді қорғаушы Ақтау бекінісінің казак отрядына шабуыл жасайды.

1838 жылдың күзінде Кенесары сарбаздары патша үкіметінің жазалаушы әскерлерімен бірнеше дүркін қарулы қақтығысқа түсті. Солардың ішінде кескілескен шайқас Ақмола бекінісі үшін болды. Оны аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендиннің жасағы мен старшина Карбышев басқаратын гарнизон қорғайтын. Кенесарының әскері бекіністі өртеп, біраз қару-жарақтарын олжалады.

1838 жылдың аяғына қарай Кенесары Орынбор әскери губернаторлығына қарасты Ырғыз бен Торғай жаққа көшеді. Ол кездегі Орынбордың генерал-губернаторы граф В.А. Перовский алғашқы кезеңде көтерілісшілермен арақатынасты бейбіт жолмен шешуге тырысқан еді. Арадағы келіссөздер барысында В.А. Перовский Кенесарыға көмектесетін болады. Жылдың аяғында Кенесары мен В.А.Перовский арасында уақытша бітім жасауға қол жетеді. Ол бітім бойынша Кенесары бастаған көтерілісшілер шекара шебіне шабуыл жасамауға уәде береді. Бұл тыныштық 1842 жылға дейін созылды. Бірак, уақытша тыныштық орнаған тұста Батыс Сібір генерал-губернаторлығының әскери отрядтарымен қарулы қақтығыстар тоқталған жоқ болатын.

1841 жылдың қыркүйек айында қазақтың үш жүзінің атынан жиналған билер мен сұлтандар Кенесары Қасымұлын ақ киізге көтеріп, хан етіп сайлады. Ресей империясының билігі орныққан Ертіс, Есіл, Орал шептерінің бойындағы аудандардан басқа Қазақстанның барлық жерлерінеКенесары ханның билігі жүрді. Хан Кеңесі құрылып, оған батырлар, билер, сұлтандар, жеке ерлік көрсеткендер, дипломатиялық қабілеттері бар сенімді жақтастары кірді. Хан жарлықтары мен Хан Кеңесінің шешімдерін таратып, түсіндіріп және орындалуын талап етіп отыратын арнайы басқарма қүрылды. Салық жүйесіне өзгерістер енгізілді. Әскери мәселеде, Хан кеңесінің мүшелері мен атақты батырлар басқаратын қатаң әскери тәртіптегі мыңдықтар және жүздіктер ұйымдастырылды.

Кенесары Орынбор губернаторымен уақытша келісімге келгеннен кейін, 1841-1842 жж. Қокан хандығының қол астындағы қазақ жерлерін азат ету үшін күрес жүргізеді. Бұл күрестің нәтижесінде Созақ, Сауран, Ақмешіт, Жаңақорған қалалары қоқандықтардан азат етіліп, Түркістан қаласы қоршауға алынады. Осыдан кейін Қоқан хандығы Кенесарымен келіссөз жүргізуге мәжбүр болды.

1843 жылдың 27 маусымында патша Николай I Кенесары Қасымұлы бастаған күресті басу үшін қазақ даласына ірі көлемдегі әскери жорық ұйымдастыру туралы бұйрық шығарды. Сонымен қатар, Кенесары ханның басын кесіп әкелген адамға 3000 сом сыйлық тағайындады.

1844 жылдың көктемінде патша әкімшілігі қазақ даласына үш отрядты бірдей жіберуді ұйғарды. Ол отрядтарға Ор бекінісінен, Ұлытаудан жэне Тобыл өзені бойынан бір уақытта аттанып, Кенесары ханның жасақтарын жан-жақтан қоршауға алып, шешуші соққы беру арқылы талқандау қатаң тапсырылды. Оған қоса, Батыс Сібір генерал-губернаторлығынан старшина Лебедевтің және қазақ сұлтандары А. Жантөрин мен Б. Айшуақовтың басшылығымен құрамында қазақтардан 2000-дай адамы бар қосымша отрядтар жасақталды. Кенесары ханның әскеріне қарсы соғыс операциясын басқару генерал-майор Жемчужниковке жүктеледі. Ол кезде Кенесарының 20 мыңдай әскері бар еді. Кенесары хан патшаның жазалаушы отрядтарын бір-біріне қосылуына мүмкіндік бермей, жеке-жеке соққы беруді ойластырды. Ол өз жасақтарының бір бөлігін Батыс Сібірден шыққан отрядқа қарсы жіберді де, олар Ұлытауға қарай шегіне шайқас жүргізіп, жазалаушы отрядты басқа жаққа қарай бұрып әкетеді. Кейін Кенесарыға қарсы шайқаста көрсеткен дәрменсіздігі үшін Лебедев Орынборға шақыртылып, қызметінен босатылып, сотқа тартылады. Кенесары болса, өзінің негізгі күшімен Константиновск бекінісіне шабуыл жасап, 1844 жылы шілденің 20-нан 21-не қараған түні Өлкеаяқ өзенінің бойында Ахмет Жантөриннің отрядын талқандайды.

1846 жылдың басында Кенесары хан әскерлерімен Балқаш көлінің маңына қоныс аударады. Патша үкіметі қазақ даласындағы Кенесары бастаған көтерілісті біржола жою үшін генерал-майор Вишневскийдің басқаруымен үлкен отряд аттандырады. 1846 жылы Кенесары хан қоқандықтардан Әулиеата, Мерке қалаларын қайтарады. Осы жылы Кенесарыға қолдау көрсетуші Ұлы жүздің Саурық батыры қырғыздардың батыры Жаманқораны өлтіреді. Оған жауап ретінде қырғыздар Саурық батырдың ауылын шауып, Саурық батырды жігіттерімен қоса өлтіріп, мал-мүлкін тонап кетеді. Бұдан кейін қазақ-қырғыз арақатынастары шиеленісе түсті. Осындай шиеленіскен жағдайлардың барысында 1847 жылы Кенесары хан 10 мың сарбазымен қырғыз жеріне басып кіріп, оларды Қоқан езгісіне қарсы қазақтармен бірігіп күресуге шақырады.

Кенесары ханның соңғы шайқасы қырғыздардың Кекілік-Сеңгір деген жерінде болады. Қырғыз манаптары мен Вишневскийдің отряды және Қоқан хандығының әскерлері «Алмалы сай» шатқалында Кенесарының сарбаздарын үш жақтан қоршауға алады. Таулы аймақ хан Кененің сарбаздарына басымдық көрсетуге мүмкіндік бермеді. Сонымен қатар, Рүстем сұлтан мен Сыпатай батыр бастаған жасақтардың ұрыс алаңынанкетіп қалуы да жағдайды қиындатқан болатын. Өздерінен бірнеше есе күші көп жаумен болған шайқаста Кенесары хан 32 қазақ сұлтанымен бірге тұтқынға түседі. Қырғыздардың қолына тұтқынға түсіп қалған Кенесары хан патша чиновниктерінің алдауына түсіп, сыйлықтар алған қырғыз манаптарының тарапынан өлтірілді. Кенесары ханның өлімінен кейін оның жетекшілігімен болған азаттық күресі де жеңіліске ұшырады.

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық соғыстың жеңілуінің негізгі себептері мыналар: қазақ халқының бір тудың астына біріге алмауы, кейбір ру басыларының өз бетінше билік жүргізуге ұмтылуы және де патшалық Ресейді жақтауы, Кенесарының Ресей, Қоқан, Бұхар хандықтарымен күресте күштің тең болмауы. Сонымен қатар, ол өзін жақтамаған кейбір қазақ және қырғыз ауылдарын шабуы халықтың наразылығын тудырып, көтерілісті әлсірете түсті. Дегенмен де, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрес қазақ халқының тарихындаҚазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртуға тырысқан, тарихи маңызы зор күрес болды.

 

Бекітуге арналған сұрақтар:

 

  1. Хандық биліктің жойылуының негізгі себептері неде?
  2. Кіші және Орта жүзде хандық билікті жою қалай жүрді?
  3. 1822-1824жж. реформалардың мақсаты қандай еді?
  4. «Сібір қырғыздарының жарғысы» бойынша  Қазақстанның әкімшілік құрылысында қандай өзгерістер болды?
  5. «Орынбор қырғыздарының жарғысы» бойынша  Қазақстанның әкімшілік құрылысында қандай өзгерістер болды?
  6. Дистанция дегеніміз не?
  7. 1822-1824жж. Реформалардың қандай зардаптары болды?
  8. Көкшетау округі қалай ашылды?
  9. К. Қасымұлы бастаған көтерілістің ерекшелігі неде?

 

Әдебиеттер:

  1. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
  2. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
  3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Очерктер. Алматы: «Дәуір», 1994.
  4. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006.
  5. Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
  6. Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы, 2007.
  7. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008. – 640 б.
0

Автор публикации

не в сети 5 лет

Ерек

3
Комментарии: 0Публикации: 26Регистрация: 25-01-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля