ХVІ-ХVІІ ҒҒ. ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ

26 января, 2017 15:36

Қазақ хандығының XVI — XVIІ ғғ. Қасым хан, Таһир хан, Бұйдаш хан, Хақназар хан, Шығай хан, Тәуекел хан, Есім хан, Тұрсын хан, Жәңгір хан, Тәуке хан билігі тұсындағы ішкі және сыртқы саяси дамуы, әлеуметтік-экономикалық мәселелері туралы түсіндіру. Студенттердің ортағасырлық Қазақ хандығының тарихы жайлы білімдерін толықтырып, ғылыми ұғымдармен кеңейту.

Негізгі ұғымдар: «Қасым ханның қасқа жолы», Шайбанилер мемлекеті, Аштархани әулеті, «Есім ханның ескі жолы», «Қатаған қырғыны», жоңғар, қалмақ,  қонтайшы, «Жеті жарғы».

 

 

Жоспар:

  1. ХVІ ғ. 1-ші ширегіндегі Қазақ хандығы. Қасым хан.
  2. Қазақ хандығының ХVІ ғ. 2-ші жартысындағы жағдайы. Хақназар хан. Тәуекел хан.
  3. ХVІІ ғ. Қазақ хандығы. Есім хан. Жәңгір хан. Тәуке хан.

 

  1. ХVІ ғ. бірінші ширегіндегі Қазақ хандығы. Қасым хан.Шығыс Дешті Қыпшақтың «даңқты сұлтандарының бірі» және әскербасы болған Қасым сұлтанның билігі XVI ғ. басында күшейді. 1511-жылы Бұрындық хан Мәуереннахрға кеткеннен кейін Қазақ хандығындағы жоғарғы билікке Жәнібектің ұлы Қасым келді. 1510-жыл Иран шахы Исмаилдың әскері Мұхаммед Шайбанидың өзбектерін талқандағаннан кейін Орта Азияда өзгерген саяси жағдайды Қазақ хандығының билеушілері ұтымды пайдаланып, 1513-жылы Сайрам қаласына үстемдігін орнатты. XVI ғ. 2-ші онжылдығында Қазақ хандығының аумағы кеңейіп, оңтүстікте Сырдарияның оң жағалауына дейінгі жерлерді, Түркістанның бірқатар қалаларын, оңтүстік-шығысында Жетісудың едәуір бөлігін, солтүстік-шығысында Ұлытау және Балқаш көлі арқылы Қарқаралы тауларына дейінгі жерлерді, солтүстік-батысында Жайық өзеніне дейінгі жерлерді қамтыды. XVI ғ. алғашқы ширегінде қазақтар Орыс мемлекетіне және Батыс Еуропа саяхатшыларына белгілі болды. Қасым ханның билігінің соңғы жылдарында қазақтар мен өзбектердің өзара қатынастары шиеленіскен күйінде қалды. Негізінен қазақтар Ташкент уәлаяты үшін Шайбани ұрпағы Сүйініш қожамен бірнеше рет шайқасқан. Қасым хан тұсында едәуір нығайғанына қарамастан, Қазақ хандығы орталықтанған мемлекет болған жоқ.

XVI ғ. 2-ші ширегінде Қазақ хандығы біраз дағдарысқа ұшырап, әлсіреді. Қасым ханның мұрагері Мамаш хан 1523-жылы қаза тапқаннан кейін хандықтағы жоғары билік Қасымның немере інісі Таһир ханның қолына көшті. Таһир ханның билігі тұсында қазақтардың Сырдария бойындағы Шайбани әулетіне қарсы жүргізген соғыстары сәтсіз аяқталып, Ноғай Ордасымен қарым-қатынастары шиеленісіп кетті. 1525-1526 жылғы қыстың бас кезінде Таһир ханның әскері қазіргі Түркістан қаласының маңында Ташкент уәлаятының билеушісі Келді Мұхаммедпен болған шайқаста жеңіліске ұшырады. Дегенмен, осы жеңілістен кейін де Таһир қырғыздар мен қазақтардың бір бөлігін өз жағына шығарып, тіпті Жетісуды өз ықпалына бағындырып алған. Мұнда ол қырғыздармен одақ құрып, моғол ханы Сұлтан Саидтың Жетісуда билік орнатпақ болған әрекетіне тойтарыс берді. Таһир ханның мұрагері, оның інісі Бұйдаш ханның да билігі Жетісу өңіріне таралды және оның қарамағында «отыз мыңға дейін адам» болды. Бұйдаштың сол уақытта бірден-бір қазақ ханы болмағаны және қазақ даласында басқа тағы бірнеше хандардың (Ахмет хан, Тоғым хан) болғаны туралы мәліметтер бар. Жалпы алғанда, XVI ғ. 30-60 жж. Қазақстан тарихының деректерде нашар көрсетілгенін ескерте кеткен жөн.

 

  1. Қазақ хандығының ХVІ ғ. 2-ші жартысындағы жағдайы. Хақназар хан. Тәуекел хан. XVI ғ. 50-жылдарында Қазақ хандығында Қасымның ұлы Хақназар (Ақназар) ханның билігі күшейді. Осы кезден бастап Қазақ хандығы ноғайларға, Сібір хандығына, Орта Азия хандықтарына елеулі қауіп төндірді. Хақназар хан тұсында Қазақ хандығы Мәскеу мемлекетімен сауда байланыстарын орнатып, саяси қарым-қатынас жасады. 1573-жылы Қазақ хандығына Третьяк Чебуков бастаған орыс елшілігін жіберген IV Иван Грозный патша тікелей байланыс орнату мақсатын ғана емес, Сібір ханы Көшімге әскери одақ жасасу мақсатын да көздеген. Алайда, елшілік өз міндетін орындай алмады, өйткені оны 1573-жылдың жазында Сібір ханы Көшімнің жиені Мәметқұл тұтқынға алған.

Хақназар ханның Орта Азиядағы Шайбани ұрпақтарымен қарым-қатынастары жеткілікті дәрежеде тығыз және жан-жақты болды. Шайбани ұрпағы ІІ Абдаллах хан Хақназармен одақ жасасуға мүдделілік көрсетті. Абдаллах пен Ташкент билеушісі Баба сұлтан арасындағы күресте қазақ ханы мен сұлтандары Абдаллахқа қолдау білдірді. Баба сұлтанның бүлігін басуда көмектескені үшін Абдаллах хан қазақтарға Түркістанның төрт қыстағын сыйға тартқан. Дегенмен, кейбір қазақ сұлтандарының Баба сұлтанды қолдауы барысында 1580-жылға қарай шиеленіскен оқиғалар орын алып, соның салдарынан Хақназар хан мен оның бірқатар жақындары опат болды.

Хақназар ханнан кейін Қазақ хандығының тағына Жәнібектің тоғызыншы ұлы Жәдіктің ұрпағы Шығай отырды. Ол өзбек ханы Абдаллахпен одақтасып, Ташкент билеушісі Баба сұлтанмен соғысты. 1582-жылы (кейбір деректерде 1586) Шығай хан дүние салып, орнына баласы Тәуекел хан болды. Осы жылы Тәуекел Баба сұлтанды өлтіріп, Абдаллахтан сыйға уәлаят алды. Бірақ бұл одақ 1583-жылы бұзылады. Тәуекел хан Сырдария бойындағы қалалар үшін күрес бастады. 1586-жылдан бастап ол Ташкентке, тіпті Самарқанд сияқты орталық қалаларға қауіп төндірді. 1594-жылы Тәуекел хан тұтқындағы інісі Ораз-Мұхаммедті елге қайтару әрі Абдаллах пен Көшім хандарға қарсы соғыс одағын құру және оқпен атылатын қару сұрау мақсатымен Ресей патшасы Федор Ивановичке Құл-Мұхаммед бастаған елшілік жіберді. 1595-жылы Тәуекел ханға В. Степанов бастаған елшілік келді. Осы кезде өзара тартыстың бәсеңдеуі, ішкі саяси өмірдің, мал және егін шаруашылықтарынң нығаюы Орта Азия, Сібір, Ресеймен сауда қатынастарын дамытуға көмектесті. XVI ғ. аяғында Түркістан аймағында күрес қайта өрістеді. Тәуекел Орта Азияның сауда орталықтарына шығу жолындағы күресін әрі қарай жалғастырды. 1598-жылы Тәуекел Орта Азияға жаңа жорық жасады. Бұл кезде Бұхарада тақ таласы басталып, Абдаллах қазаға ұшыраған соң, билік басына оның баласы Абд әл-Муминнің қолына көшкен еді. Алайда, оның билігі баянсыз болып, бүлікшіл әмірлердің қолынан қазаға ұшырады. Аз уақыт ішінде Тәуекел Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы, Әндіжанды, Самарқандты алды. Бірақ Бұхараны қоршау кезінде қатты жараланып, Ташкентке шегінді. Тәуекел хан мен оның інісі Есім сұлтанның Мәуереннахрға жасаған жорығының нәтижесінде Түркістан, Ташкент, Ферғана Қазақ хандығының құрамына қосылды. Орта Азияда Шайбани әулетінің орнына билікке Аштархани әулеті келді.

 

  1. ХVІІ ғ. Қазақ хандығы. Есім хан. Жәңгір хан. Тәуке хан. XVII ғ. басы – Қазақ мемлекеттігінің, көрші елдермен әскери-саяси, сауда және мәдени қатынастардың нығаю кезеңі. Қазақтардың билігі Ташкент, Түркістан, Сауран, Әндіжан қалаларына дейін таралды, осы аймақтар үшін қазақ билеушілері мен аштарханилік хандар арасында соғыстар жүргізілді. Тәуекел ханнан кейін билік басына келген Есім хан (1598-1628) Түркістанды Қазақ хандығының орталығына айналдырды. 1611-1613 жылдары аштарханилік Имамкули хан қазақтарға қарсы жорықтар ұйымдастырып, Ташкентті қайтарып алуға күш салды. Махмұд ибн Уәлидің «Бахр әл-Асрар» атты еңбегінде Ташкентте отырған қазақ ханы Тұрсын Мұхаммедтің (1613-1627) бұхарлықтардың жорықтарына тойтарыс бергені туралы баяндалады. Қазақ сұлтандарының өзара қырқыстары асқына түсіп, билеушілер Есім мен Тұрсын Мұхаммед арасында араздық соғысқа ұласты. Деректерге қарағанда қазақ хандарының Ташкент төңірегінде болған шайқасының нәтижесінде Тұрсын Мұхаммед қаза тапқан. Ш. Уәлиханов Есім ханның Тұрсын Мұхаммед ханды қолдаған қатаған және шанышқылы руларын жеңіп шығуына қырғыздардың көмектескені туралы мәліметтер келтіреді. Тарихта бұл оқиға «Қатаған қырғыны» деген атаумен сақталып қалды.

XVII ғ. 2-ші ширегінде Қазақ хандығының саяси жағдайы әлсірей бастады. 1635-жылы Батыр қонтайшының басшылығымен бір орталыққа бағынған Жоңғар хандығы Оңтүстік Сібір мен Шығыс Түркістанды толық бағындырып, Қазақ хандығының ең басты жауына айналды. Өзара қырқысты пайдаланған жоңғарлар Жетісудың бір бөлігін басып алып, осы аймақтағы қазақтар мен қырғыздарды бағындырды. Бұхара әскерлері Ташкентті алып, қазақтарды ығыстыра бастаған кезде, қазақ ханы СалқамЖәңгір Бұхар әміршісін жоңғарларға қарсы күресу үшін әскери одақ жасауға көндірді. 1643-жылы Орбұлақ шайқасында Жәңгір хан Самарқанд әмірі алшын Жалаңтөс батырдың көмегімен жоңғарларға күйрете соққы берді.

Қазақ хандығының билігі 1680-жылы Жәңгірдің ұлы Тәукеге көшті. Тәуке хан орталық билікті күшейтуге және үш жүздің руларын бағындыруға бағытталған шараларды жүргізді. Жеті жарғы деген атпен белгілі әдеттегі құқық нормаларының жинағы құрастырып, мемлекеттік құрылымның негізгі шарттары белгіленді. Жеті жарғының негізгі баптарының мазмұны: қанға қан алудың орнына құн төлеу жазасы белгіленді. Үш жүздің басын біріктіруде билер кеңесі шешуші рөл атқарды. Қазақ хандығының Орта Азия елдерімен, Ресей мемлекетімен саяси-экономикалық байланыстарын нығайту бағыты жалғастырылды. 1686-1693 жылдары Ресейге жіберілген елшіліктердің нәтижесінде екі ел арасындағы сауда байланыстары жолға қойылды.

 

Бекітуге арналған сұрақтар:

 

  1. ХY-ХYI ғғ. Қазақ хандарының қызметі қандай болды?
  2. ХY-ХYI ғғ. Қазақ қоғамындағы негізгі тап өкілдерін атаңыз.
  3. Қазақ –жоңғар соғыстарының себептерін атаңыз.
  4. ХYII ғ. Қазақ-жоңғар қарым-қатынасына сипаттама беріңіз.
  5. Ақтабан шұбырынды жылдарына сипаттама беріңіз.
  6. 1643ж. Орбұлақ шайқасының тарихи маңызы неде?
  7. 1710ж. Маслихаттың тарихи маңызы неде?

 

 

 

Әдебиеттер:

  1. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
  2. Ермұханова Х.К. Қазақстан тарихы: Жоғары оқу орындарына түсушілерге арналған оқулық-тест. Алматы: «Шың кітап», 2010. – 360 б.
  3. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
  4. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. І том. Алматы «Атамұра», 1996, 2010. – 544 б.
  5. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. (Очерктер). Алматы «Дәуір», 1994.
  6. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006.
  7. Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
  8. Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы: «Қарасай», 2007. – 344 б.
  9. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2005, 2008. – 640 б.
0

Автор публикации

не в сети 4 года

Ерек

3
Комментарии: 0Публикации: 26Регистрация: 25-01-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля