ҚАЗАҚ ЖЕРЛЕРІНІҢ РЕСЕЙ ҚҰРАМЫНА ҚОСЫЛУЫНЫҢ АЯҚТАЛУЫ

26 января, 2017 18:10

Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияның аумағын Ресей империясының басып алуы,қазақ жерлерінің Ресей құрамына қосылу процесінің аяқталуы, соған сәйкес ХІХ ғ. 60-90 жылдарында жүргізілген әкімшілік-аумақтық реформалар туралы түсіндіру. Студенттердің ХІХ ғасырдағы Қазақстан тарихы бойынша білімдерін одан әрі жетілдіру.

 

Негізгі ұғымдар: реформа, экспедиция, Қоқан хандығы, Бұхар әмірлігі, Хиуа хандығы, генерал-губернаторлық, облыс, уезд, болыс.

 

Жоспар:

  1. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның Ресей құрамына енуі.
  2. 1867-1868 жж. әкімшілік-аумақтық реформалар.
  3. ХІХ ғ. 2-ші жартысындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы.

 

  1. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның Ресей құрамына енуі. XIX ғ. 20-жылдары Ресей Орта жүз бен Кіші жүзде хандық билікті жойып, Ресейлік басқару жүйесін енгізгенімен, Ұлы жүз мәселесіне әлі де көңіл бөле алмаған болатын. Жалпы, XIX ғ. 30-жылдарына дейін Рееей империясының саясатынан Орта Азия мәселесі де тыс қалды.

Қазақстанның стратегиялық аймақ ретінде Орта Азия хандықтары мен Ресей және Қытай аралығында орналасуын патша әкімшілігі жаксы түсінді. Қазақстандағы өз ұстанымын нығайту үшін түрлі шаралар қарастыра бастады. Ресей Сыртқы Істер министрлігінің Азия департаментінің ұсынысымен XIX ғ. 30-жылдары Қоқан хандығына Н.Г. Потанин, Бұхар әмірлігіне П.И. Демезон мен И.В. Виткевич, Е.П. Ковалевский, Хиуаға Г.И. Данилевский бастаған дипломатиялық миссиялар жіберді. Бұл сапарлардың барысында Ресей Хиуа және Бұхарамен орыс-азия сауда мәселелері бойынша бірқатар келісімдерге қол жеткізіп, Орта Азия хандықтарының ішкі жағдайы мен Хиуа хандығының Сырдария бойындағы қазақтарға қатысты саясаты туралы мәліметтер алып қайтты.

1839 жылы қараша айының ортасында Орынбор губернаторы В.А. Перовский 12 зеңбірек, 4 000 жаяу әскер және 10 000 түйеге артқан жүгімен Хиуаға қарсы жорығын бастады. Қатты суық пен боранның салдарынан Перовский 2 мың түйесінен айырылып, үлкен шығынмен Ембі бекінісіне дейін ғана жете алды. 1840 жылы 1 ақпанда тағы да 5 000 түйе азық-түлікпен басқа да құрал-жабдықтарын жоғалтып Ақбұлаққа жетті. Ақпан айының ортасында Орынборға кері қайтты. Бірақ, жағдайдың бұлай шиеленісуіне қарамастан Хиуа жорықтың қайталануынан қауіптеніп, Ресейге 124 орыс тұтқынын қайтарды және Петербургке елшілік жіберді.

Орыс билігін мойындамаған қазақтарды бағындыру және Орта Азия хандықтарының шекарасына орыс әскерін жақындату мақсатында Ресей Сырдарияның төменгі ағысының бойына әскери бекіністер сала бастады. 1847 жылы Райым бекінісі, 1848 жылы Қазалы форты салынды. Жаңа бекіністердің салынуы орыс әскерлеріне біртіндеп Сырдарияны бойлап жоғары жылжуға және қокандықтардың ірі бекінісі Ақмешітке жақындауға  мүмкіндік берді. 1848-1849 жж. А.И. Бутаковтың басшылығымен келген экспедиция Арал теңізінің картасын жасады. Арал теңізінде кеме айлағы ашылды. Оның болашақта Орталық Азия және Хорезммен сауда қарым-қатынасында, әскери мәселелерде маңызы зор болды.

12 күндік қоршаудан кейін 1853 жылы 28 маусымда орыс әскерлері Ақмешітті басып алды. Осыдан кейін Сырдарияның төменгі ағысында Сырдария шебі қүрылды. Оған Райым бекінісінен Ақмешітке дейінгі аудандар кірді және 1864 жылы Түркістанды алғанға дейін сақталып тұрды. Ресей Қоқан және Хиуа хандықтарына саяси қысым көрсетуге мүмкіндік алды. XIX ғ. 50-жылдары Орталық Азия мен Оңтүстік Қазақстанның Ресейдің сыртқы саясатындағы маңызы арта түсті. 1854-1856 жж. Қырым соғысында Ресей жеңілуіне байланысты батыстағы рыногынан айырылып, енді оған шығыстан жаңа рынок іздестіру қажет болды. 1858 жылы Орталық Азия аймағындағы Хиуа мен Бұхараға Н. Игнатьев бастаған дипломатиялық елшілік, Шығыс Иранға көпес ретінде Ч.Ч. Ханыков бастаған экспедиция жіберді.

XIX ғ. 60-шы жылдары Қазақстан аумағында Ресейдің әскери бекіністері мен камалдары, форпостары мен шептерінің саны арта түсті. Ақтау, Ұлытау, Қапал, Сергиополь, Верный, Қастек және т.б. Ресейдің Қазақстандағы әскери тірек пункттері болды. 1856 жылы құрамына 213 мың адамнан тұратын Ұлы жүз қазақтары және 60 мың қырғыз кіретін Алатау округі құрылды. Ресей әскерлерінің оңтүстіктен де, солтүстіктен де сәтті жылжуына коқандықтардың саясатына риза болмаған Әулиеата мен Шымкент төңірегіндегі Ұлы жүз қазақтарының 1857-58 жж. көтерілістер жасап, Ресей жағына өтуі де қолғабысын тигізді. Патша үкіметінің ықпалды ру басыларына қатысты алдау-арбау, шен-шекпен беру, жоғары қызметтерге тағайындау сияқты жүргізген саясаты да біршама маңызды рөл атқарды. Мұндай саясат тек қазақтарға қатысты ғана емес, Орталық Азия аймағындағы басқа да халықтарға қатысты жүргізілді.

1860 жылы орыс әскерлерінің қоқандықтарға қарсы белсенді әскери қимылдары басталды. 26 тамызда Тоқмақ, 4 қыркүйекте Пішпек бекіністері алынып, 24 қазанда Ұзынағаш төңірегінде болған шайқаста қоқандықтар жеңіліс тапты. Орыс пен қоқан әскерінің екіжақты қыспағына түскен қазақтардың жағдайы өте ауыр болды. Жергілікті халыққа қатысты күш көрсету мен қатыгездік туралы екі жақтың да әскери басшылары: «ауылдары өртеніп, малдары тартып алынды, оларға берген сабақты ерекше сезілетіндей жасадық» деп жазды. 1861-1863 жж. Ресей үкіметінде Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия хандықтарын мақсатты түрде және тез арада иелену жөнінде пікірталастар жүрді. Одан кейін Сырдария мен Сібір шебінің аралығына 4 экспедиция жіберілді. Олар бұл аудандарда қоқандықтардың күшті карсылығын кездестірмеді. Жұмғол мен Құртқа бекіністері шайқассыз берілді, Созақ пен Шолаққорғанда қоқан билігіне қарсы көтерілістер бұрқ ете қалды. 1863 жылы Ресейдің Соғыс министрі Д.А. Милютин ерекше комитетке Орта Азия хандықтарына қатысты белгіленген іс-әрекеттері туралы баяндама жасап, оны мақұлдатып алды. 1864 жылдың басында бір-біріне қарсы тұрған екі жақ та әскери қимылдарға дайындала бастады. 1864 жылдың мамыр айында Оңтүстік Қазақстандағы орыс әскерлерінің дайындығы негізінен аяқталды да, полковник Н.А. Веревкин бастаған отряд Түркістанға қарай қозғалды. Веревкиннің отрядында 1 593 солдат, 44 офицер, 18 зеңбірек және 150 ерікті қазақ болды. Верныйдан бір мезгілде құрамында 2 571 солдат, 68 офицер, 22 зеңбірек және құрамында сұлтан поручик Ш.Уәлиханов басқарған 1 400 ерікті қазақтар бар полковник М. Черняевтың отряды да қозғалды. 4 шілдеде Черняевтың отряды Меркі, 6 шілдеде Әулиеата бекінісін шайқассыз алды. Полковник Веревкиннің отряды Түркістан қаласына барар жолда қоқан әскерлерінің шабуылына ұшырады да, бекіністі қоршауға мәжбүр болды. 9 маусымда Түркістан орыстардың қолына өтті. Әулиеата мен Түркістанды тез арада алуда әскери операцияларға басшылық жасағандары үшін Черняев пен Веревкиннің әскери шендері жоғарылатылып, генерал-майор атақтарын алды. Жорықтарға қатысқан солдаттар түрлі ордендермен марапатталды. Жетістіктеріне көңілдері көтерілген орыс армиясы алдын ала дайындықсыз 1864 жылдың 22-23 шілдесінде Шымкентті алуға тырысты. Бірақ бұл уақытта қоқандықтар Шымкентке едәуір әскери күштерін тартып үлгеріп, орыс әскеріне қарсы соққы береді. Бекініс-қалаларға жақын орналасқан қазақ ауылдары екіге бөлініп, бірі орыстарға, екіншілері қоқандықтарға қолдау көрсетті.

Қоқан хандығында саяси күштердің қарсылығы күшейіп, хан мен оның төңірегіндегілердің озбырлығына наразылықтар көбейе түсті. Қоқан мен Бұхара арасындағы қайшылықтар шиеленісті. Мұндай қолайлы жағдайды орыс әскерлері де өз мүдделеріне пайдалана білді. Черняевтің алты жарым рота жаяу әскер мен бір жарым жүздік казактардан тұратын отряды және Лерхенің төрт рота жаяу әскер, бір казак жүздігі мен мың жарым қазақтан тұратын отряды Шымкент түбінде бірігіп қалаға шабуыл жасап, 1864 жылдың күзінде оны басып алды. Түркістан мен Шымкентті жаулап алғаннан кейін Орынбор мен Сібір шептері жалғастырылды.

1865 жылы маусымда бір апта қарсылықтан кейін орыс әскерлері Ташкентті басып алды. 1866 жылдың жазында патша II Александр Ташкентті Ресейдің құрамына қосу туралы жарлық шығарды. 1867 жылы құрамына қайта құрылған Жетісу және Сырдария облыстары кіретін, орталыгы Ташкент қаласы болған Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғандығы туралы заң жарияланды. Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды әскери жаулауы Ақмешіт, Түркістан, Әулиеата, Шымкент, Ташкент т. б. бекіністердің қорғаушыларына деген ерекше қатыгездікпен жүзеге асырылды. Ақмешітті 25 күн қатарынан атқылап талқандады, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зеңбіректің 12 снаряды атылып, оның 11-і кесененің қабырғаларын ойып кетті. Шымкент қаласын қорғап, қаза тапқандардың саны 3 170-ке дейін жетті, Сайрам қаласы жермен-жексен етіліп талқандалды. Шоқан Уәлиханов өзінің діндестері мен руластарына орыс әскерлерінің көрсеткен тағылық әрекеттеріне байланысты одан әрі жорыкқа қатысудан бас тартуға мәжбүр болды. Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия тұрғындары карсылық көрсеткендері үшін қатыгездікпен, аяусыз басып-жанышталды. Ресей болса, бұл әрекеттерін үкіметтің, «өзіне бағынышты территориядағы елдерді көшпенділер шапқыншылығынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған үкіметтің Орталық Азиядағы саясатының қорғаныстық сипаты» деп мәлімдеді.

Осылайша, XIX ғасырдың 60-жылдары Оңтүстік Қазақстанды жаулап алғаннан кейін Қазақстанның бүкіл аумағы ұзақ уақытқа Ресейдің отарына айналды.

 

  1. 1867-1868 жж. әкімшілік-аумақтық реформалар. 1867-1868 жж. Түркістан және Далалық өлкені баскару туралы «Уақытша Ереженің» қабылдануымен Орта Азия және Қазақстан Ресей империясының отары ретінде заңдастырылды. Қазақстандағы 1867-1868 жж. реформа — патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының маңызды бөлігінің бірі болып табылады. Өйткені, ол әкімшілік құрылыс, жер қатынастары, сот құрылысы, халыққа білім беру, дін мәселесі сияқты қазақ қоғамының шешуші салаларының бәрін қамтыған болатын.

Қазақстанға әкімшілік басқару жүйесін енгізудегі патша үкіметінің алдына қойған басты мақсаты аймақтағы отаршылдық саясатын күшейту болды. Осыған орай, 1867 жылы 11 шілдеде патша жарлығымен империя қүрамында Түркістан генерал-губернаторлығы құрылса, ал 1868 жылы Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтары құрылды. Реформаның ең негізгі міндеті — «қазақ даласын Ресейдің басқа бөліктерімен бірте-бірте қосып жіберу» үшін Ресейге бағынышты халықтарды бір басқару жүйесінің құрамына біріктіру. Сөйтіп, жергілікті ақсүйектерді биліктен ысырып тастап, ру басшыларын әлсіретіп, ойға алған іс-шараларды оңай әрі тез жүзеге асырып отыру. Жалпы алғанда, реформалар патшалық үкіметтің қазақ даласының жергілікті тұрғындарын және аймақтық табиғат байлықтарын еркін пайдалану үшін орыс капиталына анағұрлым тиімді жағдай қалыптастыру әрекетінен туған еді.

Экономикалық шаралар негізінде қазақтардың қыстауы мен жайлаулық жерлерін мемлекет меншігіне кесіп, казак әскери бөлімдері мен орыс шаруаларын орналастыру үшін «артық» жер мөлшерін анықтау ісіне экспедициялар жабдықталды. Мұның өзі қазақ жерін пайдалануынан алып, барша қазақтың жерін Ресейдің мемлекеттік меншігі деп жария ету арқылы Қазақстанның империя отарына айналғандығын дүниеге паш ету болды. Патша үкіметінің 1886 жылғы Түркістан туралы ережесі және 1891 жылғы Далалық облыстарды басқару туралы Ережесі сол орыс билігін одан ары нығайтып, қазақ даласындағы отарлық езгі мен қанаудың күшеюін тереңдете түсті.

1867-1868 жж. реформа арқылы патша өкіметі қазақ даласын толық отарлауға тырысты. Сондықтан да Қазақстан аумағы облыстарға бөлініп, ал облыстар әкімшілік орталықтарына, қазақ даласымен байланыссыз жататын әртүрлі генерал-губернаторлықтарға бөлшектенеді. Мысалы, Торғай мен Орал облыстары — Орынбор; Ақмола және Семей облыстары — Батыс Сібір, Жетісу мен Сырдария — Түркістан генерал-губернаторлықтарының құрамына кірді. Бұрынғы ішкі Бөкей хандығының аумағы уақытша Торғай облыстық басқармасына бағынышты болып қалғанымен, ол ұзаққа созылмай, 1872 жылдан бастап Астрахань губерниясының құрамына кірді. Ал Маңғыстау түбегінің аумағы 1870 жылы қазақтардың көтерілісіне байланысты Кавказ әскери округінің билігіне өтті.

1867-1868 жж. реформалардағы басты бағыттардың бірі Қазақстанда күшті әскери-бюрократиялық аппарат құру болды. Ол аппарат әртүрлі жеңілдіктерге: анағұрлым жоғары еңбекақы, екі есе төлем, қызметтен босаған кездегі жоғары зейнетақыға қызығатын чиновниктерден құралды.

Бұл тұстағы генерал-губернаторлардың билік шараларын іске асыратын басқару жүйесі мынадай үш бөлікке бөлінді: облыстық басқармалар, уездік басқармалар және жергілікті басқармалар. Облыстық әкімшіліктің басқарма басшылығында әскери және азаматтық билік ететін әскери губернатор түрды. 1868 ж. Ереженің 22-23 бабында дала облыстарының әскери губернаторлары облыстардағы әскери қолбасшыларға теңестірілетіні көрсетілген және де олар өз облыстарының аумағындағы орналасқан казак әскерлерінің тағайындалған атамандары болып саналатын.

Облыстар өз кезегінде уездерге бөлінді. Уездік басқарманың басшылығына орыс чиновниктерінің ішінен облыстық әскери губернатордың ұсынысы бойынша генерал-губернатор бекітетін уезд бастығы тағайындалды. Жаңа әкімшілік жүйе бойынша уездегі барлық билік жүйесі толығымен уезд бастығының қолына шоғырланды. Ереженің 42-65 баптары бойынша, уезд бастықтарына мынадай міндеттер жүктелді: жергілікті басқару орындарына жүктелген міндеттердің орындалуын қадағалау, уезде тыныштық пен тәртіпті сақтау, алым-салықтың жиналуын бақылау және халықтың денсаулығын сақтау. Уезде орналасқан әскери бөлімшелер, мекемелер мен бекіністер уезд бастықтарына бағынышты болды.

1867-1868 жж. реформа ел мен жерді басқарудағы патшалық үкіметтің алғашқы буыны болып табылатын жергілікті басқармаға көңіл бөлді. Әрбір уезд болыстарға, ал болыстар ауылдарға бөлінді.

Уездер аумақтық белгі бойынша бір болысқа 1 000 — 2 000 киіз үй және бір ауылга 100-ден 200-ге киіз үй кіретіндей болып есептелген болыстар мен ауылдарға бөлінді. Болыстар шаруашылық жағынан біріккен ауылдардан түрды. Осыған байланысты жаңа жағдайда қазактардың рулық қатынастар бойынша тарихи бөлінуі заңды түрде жойылды.

1867 жылғы Ереженің 85-бабына сәйкес болыстардың басында қазақтардан сайланған болыс басқарушылары, ал ауылдардың басында старшиналар болды. Ережеде «болыстық және ауылдық старшиналарды халық сайлайды» деп нақты көрсетілген. Бір қарағанда сайлау демократиялық негізде жолға қойылған болып көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде патша үкіметі сайлауды өз мақсатына орай жүргізіп отырды. Сайланған болыс басқарушыларын облыстық әскери губернатор, ал ауылдық старшиналарды уезд бастығы бекітетін еді. Болыс басқарушыларын сайлауға уезд бастықтары, ал ауылдық старшиналарды сайлауға болыс басқарушылары міндетті түрде қатысатын. Болыс басқарушылары тікелей уезд бастығына бағынышты болды, ал ауыл старшиналары болыс басқарушысына тікелей бағынышты бола отырып, болыс басқарушысына жүктелетіндей міндеттерді орындады.

Реформаларды жүзеге асыруда патша үкіметі саяси-экономикалық іс-шараларымен қатар өлкені мәдени және рухани жағынан да отарлауға назар аударған болатын. Халық ағарту ісі патша үкіметі отарлау саясатының өзекті құралы болды десе де болады. Бұл саясат Ресейдің қарамағындағы ұлттарды біртіндеп христиан дініне кіргізу арқылы орыстандырып, сөйтіп империяның тұтастығын арттыруға арналған еді. Осыған сәйкес, 1867-1868 жж. реформада халық ағарту ісінде жүргізілетін шаралар жан-жақты қарастырылды. Онда: «Дала тұрғындарына бастапқы білім беру үшін алғашқы кезде уездік басқарма орналасқан жердің бәрінде ұлт айырмашылығына қарамастан ортақ мектеп ашу керек», — деп көрсетілді. Осыны негізге ала отырып мектептер, гимназиялар ашылды. Ереженің 251-бабында діни істер Орынбор муфтиінің қарауынан алынып, азаматтық басқарманың қарамағына берілді. Молдалар сайланатын болды. Бастауыш мектептерде мұсылман дінін уағыздаушылардың кызметі шектелді. Әкімшілік қазақ мектебіне сабақ беретін ұстаздардан орыс тілін білуді талап етті.

Елдегі аумақтық-әкімшілік үрдістер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай өзгерістер әкеліп, отарлық саясаттың жаңа салық жүйесін енгізді. Қазақстанда отырықшылық пен жер шаруашылығының көлемінің ұлғайғандығына қарамастан салық төлеушілердің басым бөлігін көшпенділер құрады. Мәселен, 1880 жылы 90,5 % құраса, 1897 жылы 82,0 %-ға жетті.

1867-1868 жж. әкімшілік реформалар қазақтардың жаңа көтерілісін туғызды. XIX ғ. 60-шы жылдарының алғашқы жартысында Қазақстанда, әсіресе Кіші жүзде отаршылдықка қарсы жаппай халық наразылықтары өріс алды. Көшпелі халықтың ашу-ызасын туғызған патша үкіметінің салық саясатының күшеюі болды. Оның үстіне қатардағы көшпенділер мен ауқатты отбасылар бірдей міндеткерлік атқарды. Сондай-ақ, жаңа әкімшілік бөліністер көшпелі халықтың маусымдық жайылымдарды ғасырлар бойы пайдалану үрдісіне нұқсан келтірді. Салықтар мен міндеткерліктердің күрт көбейтілуі мен әкімшілік-аумақтық бөліністердің дұрыс жүргізілмеуі 1868 жылғы Орал мен Торғай облыстарында орын алған ұлттық бас көтерулердің басталуына түрткі болды. 1868 жылдың желтоқсан айында стихиялық түрде басталған көтеріліс 1869 жылдың қазан айына дейін созылды. Нашар қаруланған, бірақ жер жағдайын жақсы білетін көтерілісшілер өздеріне қарсы қимылдаған патша үкіметінің жазалау топтарын «қарақшылық» шабуылдарға ұшыратты. 1868 жылы 6 мамырда құрамында 200 қылышты және жаяу әскері бар Штемпель отряды Орынбор бағытындағы Жамансай көлі маңында қазақ жасақтарымен кездеседі. Жазалау тобы көтерілісшілерге тегеурін бере алмай, жетінші күні азық-түлігінің таусылуына байланысты кері қайтады.

Торғай мен Орал облыстарында көтерілістің ұлғаюына байланысты жергілікті үкімет орындарымен қатар орталық үкімет те көтерілісшілерді жазалауға отряд топтарын жөнелтті. Орал облысы аймағына подполковник Рукин,граф Комаровский отрядымен бірге, генерал-губернатор Веревкин басшылығындағы отряд аттандырылды. Көтеріліс ұйымдаспаған, өзара келіспеушіліктер мен соғыс тактикасының нашар болуына орай басылып, жанышталды.

Сол сияқты 1870 жылғы Маңғыстаудағы шаруалар көтерілісі де осындай сипатта болды. Жаңа жүйе бойынша енгізілген салық жүйесі Маңғыстау халқының үкіметке қарсы наразылығын туғызды. Маңғыстау приставы подполковник Рукин дала тұрғындарының қиын жағдайымен санаспай, адайлардан 1869-1870 жж. үшін шаңырақ алымын жаңа салық жүйесіне сәйкес дереу енгізуді талап етті. Көптеген жергілікті тұрғындар, соның ішінде Бозащы түбегінің балықшылары Рукиннің талабын орындаудан бас тартты. Адайлардың жайлауға көшуін күштеп тоқтатқан Рукиннің ойланбай жасалған әрекеттері жер-жерде көтерілістің шығуына себеп болды. 1870 жылдың наурызында Рукиннің отряды көтерілісшілердің үлкен тобымен кездесіп, қоршауда қалады. 25 наурызда ашық қақтығыс кезінде 20-ға жуық жазалаушы қаза тауып, отряд командирі Рукин өз-өзіне қол жұмсады. Жеңіс жігерлендірген көтерілісшілер сәуір айының басында Николаев станциясына, Александровск фортына шабуыл жасады, алайда, сәтсіздікке үшырады. Көтерілісшілер саны 10 мыңға жетті. Патша өкіметі орындары қазақтардың батылдығынан корқып, қосымша әскери көмек сүрауға мәжбүр болды. Кавказдан тың күштердің келуі күштердің арақатынасын өзгертіп, көтерілісшілер Үстірттің баруға қиын аудандарына шегінді.

1870 жылы желтоқсанда көтеріліс жеңіліс тапқан соң, көтеріліс басшылары И. Тіленбаев, Д. Тәжиев және олардың серіктері 3 мың шаңырақпен Хиуа хандығына өтіп кетті.

Сөйтіп, бұқаралық сипатына қарамастан, көтерілістің негізгі қозғаушы күші — қазақ шаруалары өз қатарларын берік біріктіруге қол жеткізе алмай, Маңғыстау облысындағы халықтық-азаттық күрес жеңіліске үшырады. Көтеріліс аяусыз жанышталып, адайларға соғыс шығыны ретінде 90 мың қой салық салынды. Маңғыстау көтерілісі өз кезегінде патша үкіметінің отарлау саясатына казақ халқының қарсылығының айқын көрінісі болды.

Жалпы, XIX ғ. 2-ші жартысындағы реформалардың болмысы туралы, қорыта айтқанда, мынандай түйін жасауға болады. Патша үкіметі Қазақстанға енгізген әкімшілік реформалары негізінде оның саяси дербестігін толығымен жойып, қазақ жерінде империя құрамындағы әкімшілік басқару жүйесін орнатты.

 

  1. ХІХ ғ. 2-ші жартысындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы. ХІХ ғ. 60-шы жылдары Қазақстанға Ресей шаруаларын қоныс аударту басталды. Мақсаты — Ресейдегі аграрлық мәселені шешу және Қазақ даласын одан әрі отарлау. Қоныстанушылар негізінен Жетісу, Ақмола және Семей облыстарына орналастырылды. ХІХ ғ. 80-90 жж. қоныстанушылардың көбеюі салдарынан Қазақстанда егістік және жайылым жерлердің қысқаруы проблемасы көтерілді.

ХІХ ғ. ортасынан бастап Қазақ даласы Ресей — Қытай қатынастарында маңызды рөл атқарды. 1881 жылғы Петербург келісімі бойынша Іле өлкесі Қытайға берілді, бірақ ол жердің халқына ресейлік немесе қытайлық бодандықты таңдау еркі берілді. Осыдан кейін Қазақстанға 45 000 ұйғыр және 5 000 дүнген қоныс аударды.

Қоныс аудару саясатының салдарынан Қазақ даласындағы жергілікті ұлт өкілдерінің, яғни қазақтардың үлес салмағы 67%-ға дейін төмендеді.

ХІХ ғ. екінші жартысында Қазақстанға ресейлік капитал ене бастады. Шаруашылықтың өнеркәсіп және сауда салалары дамыды. Оның ішінде: табиғи қазба байлықтарын игеру, ауыл шаруашылық шикізатын өңдеу, сауда ісі. Қазақ даласы үшін жаңа көріністер — темір жолдар салынды, почта байланысы, кеме көлігі пайда болды. Ресей мемлекеттік банкінің филиалдары Орал, Петропавл, Омбы, Семей, Верный қалаларында ашылды. Жалпы, ХІХ ғ. 60-шы жылдарынан бастап Қазақстанда капиталистік қатынастар қарқынды түрде дами бастады.

Мәдениеттің дамуы. Халық ағарту ісі. Мектептер, медреселер, училищелер. Баспасөз ісі. Газеттер, журналдар. Ғылымның дамуы. Орыс зерттеушілері. Шоқан Уәлиханов. Жазба әдебиеттің негізін салушы Абай Құнанбайұлы. Ауыз әдебиеті. «Зар заман» ақындарының шығармашылығы. Музыка өнері. Сал-серілер шығармашылығы.

 

Бекітуге арналған сұрақтар:

 

  1. Оңтүстік Қазақстанды жаулау қандай бағыттарда жүрді?
  2. 1867-1868 жж. реформалар енгізу барысында басшылық қандай мақсат көздеді?
  3. 1867-68жж. Реформа бойынша Қазақстанда қандай әкімшілік-территориялық жүйе орнады?
  4. 1869-1870жж. бодандыққа қарсы көтерілістердің мағынасын ашыңыз.

 

Әдебиеттер:

  1. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
  2. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
  3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Очерктер. Алматы: «Дәуір», 1994.
  4. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006.
  5. Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
  6. Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы, 2007.
  7. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008. – 640 б.
0

Автор публикации

не в сети 4 года

Ерек

3
Комментарии: 0Публикации: 26Регистрация: 25-01-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля