Гүл және оның құрылысымен танысу

1 марта, 2017 11:19

Сабақ:                                         Сыныбы:                                        Күні:

Сабақ тақырыбы: Гүл, оның құрылысы мен маңызы. Гүлсерігі. Тостағанша. Күлте. Гүлдің негізгі бөліктері: аналығы және аталығы. Даражарнақты және қосжарнақты өсімдік гүлдерінің ерекшеліктері. Гүлшоғырлары олардың биологиялық маңызы (№ 14 з/ж).

Сабақ мақсаты: Гүл, оның құрылысы мен маңызы. Гүлсерігі. Тостағанша. Күлте. Гүлдің негізгі бөліктері: аналығы және аталығы туралы түсінікт қалыптастыру.

Күтілетін нәтиже: Гүлдің құрылысы, бөліктері туралы түсінік пайда болу. Бөліктерінің атқаратын қызмерттерін білу.

Сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер: «Кім жылдам», миға шабуыл, сұрақ-жауап, әңгіме

Сабақта қолданылатын құрал-жабдықтар: Слайд, оқулық, гүл муляждары, кестемен жұмыстар,плакаттар

Сабақ барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі.

Сәлеметсіздер ме?

— Сыныпта кім кезекші?

— Сыныпта кім жоқ?

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру. «Кім жылдам»,Сұрақ-жауап.

  1. Өсімдіктің вегетативті мүшесі дегеніміз не?
  2. Өсімдіктердің қандай вегетативті мүшелерін білесіңдер?
  3. Жапырақ қандай бөліктерден тұрады?
  4. Жапырақтың негізгі қызметі қандай?
  5. Тамыр қандай қызмет атқарады?және қандай бөліктерден тұрады?
  6. Сабақ дегеніміз не?Сабақ неге түрін өзгертеді?
  7. Қандай түрі өзгерген сабақтарды білесіңдер?

ІІІ. Жаңа сабақты түсіндіру. Миға шабуыл.

Мұғалім: Балалар қалай ойлайсыңдар, өсімдіктердің генеративті мүшелері дегеніміз не?

Гүл (лат. флос) – гүлді өсімдіктердің жыныстық жолмен көбею мүшесі. Ол сабақ не жанама бұтақ ұшында өседі. Гүлден жеміс пен тұқым дамиды.

Гүл бөлімдері – гүл сағағы, гүл табаны (тұғыры), тостағанша жапырақша, күлте жапырақша, аталық пен аналықтан тұрады (1-сурет). Гүл сағағы – жапырақ сағағына ұқсаған гүлдің жіңішкерген жері. Сағағы арқылы сабаққа бекінеді. Гүл сағағы болмаса, отырмалы гүлдер дейді (беде, қашқаргүл (астра). Гүл табаны (тұғыры) – гүлдің барлық бөлімдері бекінетін гүл сағағының жоғарғы жағындағы кеңейген жері.Тостағанша көбінесе жасыл түсті, гүлдің сыртында бірікпеген жеке немесе біріккен жапырақшалардан тұрады. Тостағанша 2-ден (көкнәрда) бірнеше ондаған санға (шай өсімдігі) дейін жетеді.

1-сурет. Гүлдің құрылысы. 1. Гүл сағағы. 2. Гүл табаны. 3. Тостағанша жапырақша. 4. Күлте жапырақша. 5. Аталықтар. 6. Аналық.

 

Күлте – тостағанша жапырақшалардан кейін орналасады. Күлте жапырақша лары бір-бірімен бірігіп кеткендерге: інжугүл, қоңыраугүл жатады. Бірікпей жеке орналасатын күлтелер: қызғалдақ, көкнәр, итмұрын.

Күлте түбіндегі жіңішкерген жерде тәтті шірне бөлетін шірнеліктер орналасады. Күлтенің хош иісі, тәтті шірнесі, ашық реңдері гүлді тозаңдандыратын бунақденелілерді еліктіреді.

Тостағанша жапырақша мен күлте жапырақшаны гүл серігі дейді. Гүл серігі жай және қос гүлсерікті деп бөлінеді. Жай гүлсерікте (2-сурет) тек тостағанша жапырақшалары болып, күлте жапырақшалары болмайды (қалақай, қызылша, қымыздық, еменнің аталық гүлдері, қарағаш гүлдері). Немесе керісінше, күлте жапырақшалары ғана болады (қызғалдақ, лалагүл, інжугүл).

2- сурет. Қызғалдақтың жай гүлсерікті гүлі.

3- сурет. Қазтабанның қос гүлсерікті гүлі.

 

4-сурет. Аталықтың құрылысы.

  1. Аталық жіпшесі; 2. Тозаңқабы; 3. Тозаңдар.

 

Қос гүлсерікті гүлде (3-сурет) тостағанша да, күлте де болады (алма, өрік, шие ағаштарының гүлдері). Гүл серігінің екеуі де болмайтындарды гүлсеріксіз гүлдер дейді (тал, шаған, терек, еменнің аналық гүлі).

Аталық – гүлдің көбеюге қатысатын бөлімі. Әрбір аталық – аталық жіпшесінен және тозаңқаптан тұрады. Аталықтың жіңішкерген жері – жіпшесі. Тозаңқап бір-бірімен байланысқан екі бөліктен құралған. Әр бөлігінде 2-ден тозаң ұясы бар. Тозаңқапта мыңдаған тозаң түйіршіктері түзіледі, пісіп жетілгенде тозаңдары сыртқа шашылады.

Тозаң – сыртқы және ішкі қабықшасы бар жасуша, пішіндері де алуан түрлі (4-сурет). Тозаңдар сырттай қарағанда ұнтақ тәрізді. Әрбір тозаңның сыртында үшкір өсінділер, майда тікенектер, бұртиған төмпешіктер болады. Атқаратын қызметіне қарай сыртқы қабықшасы қалыңдап өзгереді. Сыртқы қабықшасында тозаң түтігінің өнуіне қажет көптеген тесіктері болады. Тозаңның құрамында май, қант, минералды тұздар, нәруыз, витаминдер бар.

Аналық – гүлдің жеміс түзуге қатысатын негізгі бөлімі гүлдің дәл ортасына орналасады. Аналықтың ұшын – ауыз, ортаңғы жіңішкерген жерін мойын, түп жағындағы жуандаған жерін жатын дейді (5-сурет).

Аналық аузы өсімдік түріне қарай түрліше (домалақ үлпекті, қостелімді, көптелімді, жұлдызша және т.б.) болып келеді. Аналық аузынан жабысқақ сұйықтық бөлуі, тозаңның аналық аузына түсіп, тез өнуіне жағдай туғызады.

Аналықтың мойны аузы мен жатынын жалғастырып, басқа бөлімдерінен жоғары биіктетіп тұрады. Неғұрлым аналық күлтеден озыңқы тұрса, соғұрлым жеңіл тозаңданады. Мойны болмайтын аналық көкнәр, қызғалдақ және т. б.

Жатын (түйін) – аналықтың ең негізгі бөлігі бір және көп ұялы. Жатынның ішінде бір (бидайда) немесе бірнеше мыңдаған (көкнәр) тұқымбүршігі бар. Тұқымбүршігі жатында дамитындықтан, жатын қабырғасына бекінеді. Жатынның сыртын екі қабат қабықша (жамылғы) қаптайды. Қабықшасының түйіскен жерінде тесігі бар. Одан тозаң түтігі тұқымбүршігіне енеді. Тұқымбүршігінің ішіндегі ұрық қалтасында жұмыртқажасуша (аналық жыныс жасуша) болады. Сондықтан ұрықтану аналықтың ішінде жүреді. Әрбір аналық өзара бірігіп кеткен бір немесе бірнеше жемісжапырақшаларынан түзіледі.

5-сурет. Аналықтың құрылысы. 1. Аналық аузы; 2. Мойны; 3. Жатыны.

 

Дұрысгүл мен бұрысгүл (6-сурет). Гүл жазықтығына бірнеше сызық жүргізгенде теңдей бөлікке бөлінсе – дұрысгүл (алма, итмұрын, мақта және т. б.). Гүл бөлімдеріне бір сызық жүргізуге ғана болса, бірнеше сызықпен теңдей бөлінбесе – бұрысгүл (соя, үрмебұршақ, сәлбен және т. б.).

 

6-сурет. Мақтаның дұрысгүлі мен сызбанұсқасы (1) және асбұршақтың бұрысгүлі  мен сызбанұсқасы (2).

 

Гүлшоғыр (inflorescentia) – өсімдік өркенінде белгілі бір ретпен орналасатын ұсақ гүлдер жиынтығы. Гүлшоғыр негізгі сағағының бұтақтануына қарай жай және күрделі болып бөлінеді. Жай Гүлшоғырдың жанама сабақшалары бұтақтанбайды, оның ең ұшы гүлмен аяқталады. Бұған масақ гүл (жай масақ – жолжелкенде, сүйсінде), шашақ гүл (қарақатта, мойылда, мияда, інжугүлде), собық гүл (жүгеріде, каллада, аронниктерде), шоғырбас гүл (бедеде), себет гүл (күнбағыста, бақбақта, өгейшөпте), қалқанша гүл (алмада, алмұртта, доланада), шатырша гүл (жай шатыр – наурызгүлде, т.б.) жатады. Күрделі Гүлшоғыр – жай Гүлшоғырдың бірнеше қайтара бұтақтануынан пайда болады. Бұған күрделі шашақ гүл немесе сыпыртқы гүл (жүзімде, гүлшетенде, тарыда, күріште), күрделі масақ гүл (бидайда, қара бидайда, сырға гүл (қайыңда, теректе, талда, көктеректе), күрделі шатырша гүл (сәбізде, аскөкте, балдырғанда, күрделі қалқанша (ұшқатта, шәңкіште, т.б.) жатады. Гүлшоғырдың орт. негізгі сабағынан (гүлсидамынан) тарамдалған жанама сабақшаларына қарай: монохазий немесе бір сәулелі Гүлшоғыр (сарғалдақта, гладиолуста, т.б.), дихазий немесе қос сәулелі Гүлшоғыр (қалампырда, шерменгүлде, т.б.), плейохазий немесе көп сәулелі Гүлшоғыр (сүттігенде, гортензияда, т.б.) деп бөледі. Жеке гүлге қарағанда Гүлшоғыр күрделі, көлемді болғандықтан желмен айқас тозаңданады, ашық түстілері жәндіктерге алыстан байқалады. Гүлшоғырдағы гүл саны бірнешеден ондаған мыңға дейін (пальма, агава), ал биікт. 2 – 3 мм-ден 14 м-ге дейін жетеді

«Дамыту»

№14 зертханалық жұмыс.

ІV. Жаңа сабақты бекіту. «Таным»

1 кесте толтыру.

Гүл бөлімдері Атқаратын қызметі
   
   
   

2 Сұрақ-жауап.

  1. Гүл дегеніміз не?
  2. Гүлдің бөліктерін ата?
  3. Күлте қандай қызмет атқарады?
  4. Тозаңқап деген не?
  5. Дұрысгүл деген қандай гүлдер?
  6. Бұрысгүл деп қандай гүлдерді айтады?
  7. Аналық қандай бөліктерден тұрады?
  8. Бағалау.
Оқушының аты-жөні Үй жұмысы Сынып жұмысы Бекіту тапсырмалары Баға
Қасиет        
Жасмин        
Милана        
Сулейман        
Елнұр        
Ермұхамед        
Ақылжан        
Шыңғыс        
Аружан        
Диас        
Диар        
Нұргүл        
Расул        
Арлан        
Зарина        
Асқуан        
Нариман        
Дарина        
Жеңісгүл        
Аида        
Жансая        

 

VІ. Үйге тапсырма беру. §20 оқу. Гүлдің бөлімдеріне анықтама беру. 53- суретті салу.

 

 

0

Автор публикации

не в сети 7 лет

Jado

0
Комментарии: 0Публикации: 2Регистрация: 27-02-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля