2016 жылдың соңына дейін Астананың 65 мектебі жарықдиодтық жарықтандыруға көшіріледі

[add-bookmark]

2016 жылдың соңына дейін Астананың 65 мектебі жарықдиодтық жарықтандыруға көшіріледі. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Энергиялық тиімді жарықтандыру: Қазақстанның жарықтық-техникалық саласының проблемалары мен перспективалары» атты халықаралық конференцияда ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төраға орынбасары Мақсұт Ордабаев айтты.

«Елімізде қызатын лампаларды пайдалануға заң жүзінде шектеу қойылғандықтан, энергиялық тиімді жарықтандырумен қамтамасыз етуге арналған жұмыстар жедел жүргізілуде. Бюджеттік мекемелер жарықдиодтық жарықтандыруға көшіріледі. Мәселен, қазірде Астананың 11 мектебі толығымен осындай жарық беру түріне көшірілген. 2016 жылдың соңына дейін 65 мектепті қамту жоспарланып отыр», — деп атап өтті ол.

Сонымен қатар төраға орынбасары Алматыдағы энергиялық тиімді жарықтандыруға көшу тәжірибелерін алға тартты.

«Көше жарығын жетілдіру мақсатында Алматы қаласының әкімідігі мен Еуропалық қалпына келтіру және даму банкі арасында 34 млн. долларлық келісімге қол қойылған. Бұл қаражатқа қаланың барлық көшелерін энергия үнемдейтін лампалармен қамтамасыз етіп, диспетчерлік пункт құру жоспарланған», — деді М.Ордабаев.

Шенеуніктің келтірген мәліметі бойынша, елімізде көшедегі және ғимарат ішіндегі жарықты энергия үнемдеуші лампалармен алмастырудың арқасында бір жыл ішінде 150 млн. кВт/сағат электр энергиясы үнемделген.

Айта кетейік, конференция барысында көрші елдердің электр үнемдеуші жарықты пайдаланудағы тәжірибесі талқыланып, жүргізілген зерттеулердің қорытындылары қарастырылды. Сондай-ақ құрамында сынабы бар пайдаланылған лампаларды қоршаған ортаға зиянын тигізбей жою жолдары сөз болды.

Шараға ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстанның іскер және ғылыми орталарының мамандары, сонымен қатар Ресей, Беларусь және Арменияның энергия үнемдеу саласындағы сарапшылары қатысты.

inform.kz

Рейтинг: 0
+2

Сізге ұнау мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *