ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАУЫМДЫҚ ҚҰРЫЛЫС

25 января, 2017 15:13

Мақсаты: Тас және қола дәуірлеріне сипаттама беру. Тас дәуірінің кезеңделуі мен ерекшеліктері, Қазақстан аумағындағы тас дәуірінің зерттелуі туралы мәлімет беру. Қола дәуіріндегі қоғамдық-шаруашылық өзгерістер туралы түсіндіру. Андронов және Беғазы-Дәндібай мәдениеттеріне сипаттама беру. Студенттердің Қазақстан жеріндегі алғашқы қауымдық құрылыс бойынша негізгі білімдерін ғылыми ұғымдармен кеңейту.

Негізгі ұғымдар: тас дәуірі, палеолит, мезолит, неолит, энеолит, австролопитек, питекантроп, синантроп, неандерталь, кроманьон, Олдувай мәдениеті, алғашқы тобыр, рулық қауым, матриархат, Ботай мәдениеті, қола дәуірі, Андронов мәдениеті, Беғазы-Дәндібай мәдениеті, тайпа, патриархат, петроглиф.

 

Жоспар:

  1. Тас дәуіріндегі Қазақстан.

1.1 Тас дәуірінің кезеңделуі.

1.2 Тас дәуіріндегі шаруашылық пен қоғамдық қатынастар.

  1. Қола дәуіріндегі Қазақстан.

2.1 Андронов мәдениеті.

2.2 Қола дәуіріндегі шаруашылық және қоғамдық өзгерістер.

 

  1. Тас дәуіріндегі Қазақстан.

1.1 Тас дәуірінің кезеңделуі. Адамзат тарихының бастапқы кезеңі тас дәуірі болып табылады. Тас дәуірі – археологиялық кезеңделу бойынша алғашқы тас құралдардың пайда болуынан бастап, қоладан жасалған құралдардың шығуына дейінгі кезеңді қамтитын көне дәуір. Тас дәуірі б.з.б. 2,5 млн. жыл бұрын басталып, б.з.б. ІІІ мыңжылдықта аяқталды, яғни 2 млн. жылдан астам кезеңді қамтиды.

Тас дәуірі мынадай кезеңдерге бөлінеді:

  • Палеолит (ежелгі тас дәуірі) – б.з.б. 2,5 млн. жыл – 12 мың жыл аралығы;
  • Мезолит (орта тас дәуірі) – б.з.б. 12 мың жыл – 5 мың жыл аралығы;
  • Неолит (жаңа тас дәуірі) – б.з.б. 5 мың жыл – 3 мың жыл аралығы;
  • Энеолит (мысты тас дәуірі) – б.з.б. 4 мың жыл – 3 мың жыл аралығы.

Ежелгі тас дәуірі – палеолит (гректің palaios – ежелгі және lithos — тас) өз ішінен былай бөлінеді:

  • Ерте палеолит – б.з.б. 2,5 млн. жылдан б.з.б. 140 мың жылға дейін;
  • Орта палеолит б.з.б. 140 мың жылдан б.з.б. 40 мың жылға дейін;
  • Кейінгі палеолит б.з.б. 40 мың жыл жылдан б.з.б. 12 мың жылға дейін.

Ең ежелгі адамның қалдықтары Шығыс Африкадағы Олдувай шатқалынан табылды. Оны «homo habilis» — «епті адам» деп атады. Археологиялық ескерткіштердің табылған жері бойынша ежелгі мәдениет олдувайлық деп аталды. Олдувай мәдениеті уақыты жағынан б.з.б. 2,5 млн. жыл – 700 мың жыл кезеңді қамтиды. Одан кейінгі шель және ашель мәдениеттері б.з.б. 700 мың жыл – 140 мың жыл кезеңді қамтиды. Бұл аталған мәдениеттер ерте палеолит кезеңіне жатады. Ал б.з.б. 140 мың – 40 мың жыл аралығындағы кезеңді қамтитын соңғы ашель және мустье мәдениеттері орта палеолит кезеңіне жатады. Кейінгі палеолит ориньяк, солютре, мадлен деп аталатын кезеңдерге жіктеледі.

Ерте палеолит кезеңінде алғашқы адамдардың питекантроп, синантроп сияқты түрлері өмір сүрді. Орта палеолит кезеңінде неандерталь адамы тіршілік етті. Кейінгі палеолит кезеңінде физиологиялық жағынан қазіргі адамға ұқсас кроманьон адамы немесе «homo sapiens» — «саналы адам» түрі қалыптасты.

 

1.2 Тас дәуіріндегі шаруашылық пен қоғамдық қатынастар. Тас дәуірінде алғашқы адамдар тастан жасалған, формасы, көлемі және қолдану қызметі жағынан әр түрлі еңбек құралдарын пайдаланды. Алғашқы еңбек құралдарына тас шапқы, үшкір таяқша, чоппер, чоппинг, қол қашау, кескіш, бифас, үшкір тас, қырғыш және т.б. жатады. Тас құралдармен бірге сүйектен жасалған еңбек құралдары – біз, ине, гарпун, найза, сүңгі қолданылды. Палеолит дәуірінде алғашқы адамдар бірігіп аң аулады және жабайы жемістерді жинап, терімшілікпен айналысты. Алғашқы адамдардың баспанасы ретінде үңгірлер мен жертөлелер пайдаланылды. Палеолит дәуіріндегі адамдар бірігіп қорғану және шабуыл жасау, аң аулау үшін алғашқы тобырға бірлесті. Алғашқы тобырға қоғамдық қатынастар жетілмеуі, реттелмеген неке байланыстары тән болды.

Қазақстан аумағында алғашқы адамдардың пайда болған іздері, тастан жасалған еңбек құралдары – шапқы, кескіш, қырғыш, т.б. – ерте палеолитке, шамамен 1 млн. жыл бұрынғы кезеңге жатады. Қазақстанды мекендеген ең ежелгі адамдар питекантроп пен синантроптың замандастары болған деп есептеледі. Өзінің даму барысында адамның бұл түрі «homo erectus» — «тік жүретін адам» деңгейінде тұрды және ол отты пайдалана білді, аң аулаумен және терімшілікпен айналысты.

Қазақстан аумағындағы ежелгі адамдардың көне еңбек құралдары Оңтүстік Қазақстандағы Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейінен, Арыстанды өзенінің бойынан табылған. Археолог Х. Алпысбаев 1958 жылы ерте палеолит кезеңінің тұрақтарын Жамбыл облысы, Қаратау қаласының солтүстік-шығысынан тапты. Бұл тұрақтар Бөріқазған, Тәңірқазған деп аталады. Ерте палеолит кезеңінің ескерткіштері Орталық Қазақстандағы Құдайкөл тұрағынан, Жезқазған маңындағы Жаманайбат, Қарағанды облысындағы Обалысай және т.б. тұрақтардан табылды.

Кейінгі палеолит кезеңінде адамдар Жер шарының барлық климаттық белдеулерінде қоныстанып, нәсілдік топтардың қалыптасу процесі жүрді. Қоғамдық ұйым ретінде аналық рулық қауым – матриархат құрылды. Әйелдің үй шаруашылығындағы белсенділігі, ұрпақ жалғастырушы ретіндегі қасиетіне байланысты қауымдағы басшылық орынды әйел иеленді. «Саналы адамның» рухани түсінігі күрделеніп, дін мен өнердің алғашқы нысандары кең тарады. Алғашқы қауымдық өнердің басты тақырыбы – жануарларды бейнелеу, сүйектен, тастан, балшықтар жасалған әйел мүсіндері болды.

Мезолит кезеңінде климаттық өзгерістер болып, мұздықтар еріді. Бұл кезеңде мамонттар мен жүндес мүйізтұмсықтар жойылып, қазіргі өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қалыптасты. Ірі жануарлардың жойылуы аң аулаудың бұрынғы әдістерін жарамсыз етіп, тіршілікті қамтамасыз етудің жаңа әдістері мен құралдарын іздестіру қажеттігін туғызды.

Мезолит дәуірінде адамдар садақ пен жебені ойлап тапты. Садақ жебесінің ұшы ретінде микролиттер – ұзындығы 1-2 см, шақпақ тастан жасалған құралдар қолданылды. Садақ пен жебенің шығуы адамзат санасындағы үлкен жетістік болып табылады. Аң аулау қаруы ретінде садақ ұсақ әрі жүйрік аңдарды, құстарды аулауға мүмкіндік берді. Енді жекелеген аңшылар қауымға онша тәуелді болмады. Нәтижесінде кезбе аңшылықтың маңызы күшейді.

Мезолит дәуірінде кейбір аймақтарда егіншілік пен мал шаруашылығының белгілері пайда болып, екінші бір аймақтарда балық аулау мен аңшылық кәсібі одан әрі дамыды. Мұздық ерігеннен кейін судың мол болуына байланысты балықтардың өсіп-өнуі балық аулау тәсілдерін жетілдіруге ықпал жасады. Адамдар иілген қармақтарды, ауды, сүңгілерді пайдаланды. Алғашқы қайық түрлері жасалынды. Үй жануарларынан ит қолға үйретілді. Бұл кезеңде мал шаруашылығы мен егіншілік кең дами қоймады.

Мезолит кезеңінің тұрақтары негізінен өзен, көлдердің жағалауында орналасқан. Қазақстан аумағында Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық өзендерінің аңғарларындағы, Маңғыстаудағы мезолит тұрақтары белгілі болып отыр. Қазірде Қазақстан аумағында мезолит кезеңі ескерткіштерінің 50  шақты орны табылған.

Неолит дәуірінде тасты өңдеу техникасы ерекше дамып, жетілдіріле түсті. Тастан еңбек құралдарын жасауда тегістеу, қырнап өңдеу, бұрғылау, аралап кесу тәрізді күрделі тәсілдер қолданылды. Тас балта, кетпен, дән үккіш келілер жасалды.

Неолит дәуірінің маңызды белгісі – табиғаттың дайын өнімдерін иемденетін тұтынушы шаруашылықтан өндіруші шаруашылыққа ауысу болып табылады. Яғни, терімшілік пен аң аулаудың негізінде егіншілік пен мал шаруашылығы қалыптасты.  Қарапайым кен өндіру, жіп иіру, мата тоқу, қыш ыдыстар жасау сияқты кәсіп түрлері пайда болды.

Неолит дәуіріндегі қоғамдық ұйымдасудың негізгі түрі ретінде рулық қауым сақталып қалды. Рулық қауымда ұжымдық еңбек пен өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болды.

Қазіргі кезде Қазақстан жерінде ғылымға белгілі 500-ден аса неолиттік ескерткіштер бар. Неолиттік тұрақтар орналасу сипатына қарай бұлақтық, өзендік, көлдік, үңгірлік деп бөлінеді. Неолит дәуірінің ескерткіштеріне Ақмола облысындағы Атбасар мәдениеті, Торғай үстіртіндегі Маханжар мәдениеті, Оңтүстік Қазақстандағы Қараүңгір тұрағы, Батыс Қазақстандағы Құлсары тұрағы, Шығыс Қазақстандағы Қызылсу тұрағы, Солтүстік Қазақстандағы Пеньки тұрақтары және т.б. жатады.

Тас дәуірі мен қола дәуірінің аралығындағы археологиялық өтпелі кезең болып мысты тас дәуірі – энеолит (латынша aeneus – мыс және грекше lithos — тас) есептеледі. Энеолит дәуірінде адамдар тас құралдармен қатар мыстан жасалған еңбек құралдарын да пайдалана бастады. Мыс құралдардың шығуы оңтүстік аймақтарда егіншілер мен малшылардың өнімді еңбекті дамытуына елеулі ықпал етті. Энеолит кезеңінің неғұрлым белгілі ескерткіші — Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай қонысы. Ботай мәдениеті б.з.б. ІІІ – ІІ мыңжылдықтарға сәйкес келеді. ХХ ғ. 70-80 ші жылдарынан бастап  археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

 

  1. Қола дәуіріндегі Қазақстан.

2.1 Андронов мәдениеті. Б.з.б. ІІ мыңжылдықтың бірінші жартысында Еуразия далаларында қола металы ойлап табылды. Қола дәуірі деп аталатын тарихи-мәдени кезеңде балқытылған мыс пен қалайының қосындысынан алынатын қола еңбек құралдары мен қару-жарақ жасауға арналған негізгі материалға айналды. Қоладан жасалған құрал-саймандардың төзімділігі артып, еңбек өнімділігі жоғарылай түсті.

Қазақстан аумағын қола дәуірінде мекендеген тайпалардың мәдениеттері қола дәуірі ескерткіштері алғаш табылған жерлердің атымен – Андронов мәдениеті, Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталады. ХХ ғ. 50-жылдары қола дәуірінің ескерткіштерін Орталық Қазақстанда Ә. Марғұлан, К. Ақышев, Солтүстік Қазақстанда А. Оразбаев, Шығыс Қазақстанда С. Черников, А. Максимова сияқты археологтар зерттеді.

Қола дәуірінде Оңтүстік Сібірді, Орал өңірін, Қазақстанды және Орта Азияны мекендеген тайпалардың археологиялық ескерткіштері жалпы атаумен Андронов мәдениеті деп аталды. Бұлай аталу себебі – алғашқы ескерткіштері 1914 жылы Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласының маңындағы Андроново селосының маңынан табылуына байланысты (А.Я. Тугаринов).

Зерттеушілер андронов мәдениетінің өмір сүрген уақытын 3 кезеңге бөледі:

1) Ерте қола кезеңі (Федоров кезеңі) – б.з.б. XVIII – XVІ ғғ.;

2) Орта қола кезеңі (Алакөл кезеңі) – б.з.б. XV – ХІІ ғғ.;

3) Кейінгі қола кезеңі (Замараев кезеңі)– б.з.б. ХІ – VІІІ ғғ.

Андронов мәдениетін жасаушы тайпалар Қазақстанның барлық аймағын мекендеген. Орталық Қазақстанда Андронов мәдениетінің 30-дан астам мекені, 150-ден астам обасы, тастағы суреттер – петроглифтер табылды. Орталық Қазақстандағы қола дәуірінің ерте кезеңі – Нұра кезеңі (Нұра өзенінің алқабынан ескерткіштердің табылуына байланысты), орта кезеңі – Атасу кезеңі (Атасу өзені алқабынан ескерткіштердің табылуына байланысты) деп аталады. Ал қола дәуірінің соңғы кезеңінде Орталық Қазақстанда Андронов мәдениетінен кейбір ерекшеліктері болған Беғазы-Дәндібай мәдениетітаралды. Бұл кезеңге Қарағандыға жақын Дәндібай ауылынан және Балқаш көлінің солтүстігіндегі Беғазы сайынан табылған ескерткіштер жүйесі кіреді.

Андронов мәдениетін жасаушы тайпалар өзен жағалаулары бойында отырықшы өмір сүрген. Қоныстардың ауданы 25-150 шаршы метрге дейін жеткен, терең орлармен және шарбақпен қоршалған. Қоныстардағы баспаналардың ұзын саны 6-дан 10-ға, кейде 20-ға дейін жеткен. Баспаналары 1-1,5 метр жерге енгізілген қима ағаштардан салынған үлкен жертөлелер түрінде болды. Қос шатырлы немесе пирамида тәріздес келіп, оның түтін шығуға және жарық түсуге арналған тесіктері болған. Үлкен отбасылы үйде отыздан елуге дейін адам тұрды.

Сол кезеңде ежелгі қалалардың алғашқы үлгілері деп есептелетін қоныстар пайда болды. Мәселен, солардың бірі – Арқайым – Челябинск және Қостанай облыстарының шекарасында орналасқан.

 

2.2 Қола дәуіріндегі шаруашылық және қоғамдық өзгерістер. Қола дәуіріндегі шаруашылықтың негізгі түрлері:

  • мал шаруашылығы;
  • кетпенді егіншілік;
  • металлургия;
  • қолөнер, тоқымашылық.

Мал шаруашылығында көшпелі өмірге бейім келетін жылқының, қойдың, түйенің үлес салмағы артты. Б.з.б. ІІ мыңжылдықтың аяғы – І мыңжылдықтың басында құрғақ климат қалыптаса бастағандықтан, тайпалардың басым бөлігі көшпелі мал шаруашылығына ауыса бастады. Алыс жайылымдарға көшу үшін бақташылар төрт дөңгелекті арбаларға орнатылған киіз үйлерді қолданды.

Еңбек құралдары мен қару-жарақтарды қоладан, сүрмеден, мырыштан, қорғасыннан жасады. Орталық және Шығыс Қазақстан ежелгі қарапайым кен өндіру орталықтары болды. Мәселен, Жезқазған өңірінің ежелгі маңызды металлургия орталығы болғаны сол жерде жүргізілген археологиялық қазбалардың нәтижесінде дәлелденді.

Қола дәуірінде қолмен жасалатын қыш ыдыстар таспалық техникамен жасалып, қалыпқа салып пішінделді. Ыдыстар жылтыратылып, күрделі геометриялық өрнектер салынды және күйдірілді.

Қоғамдық өмірде аналық ру – матриархат аталық ру – патриархатпен ауысты. Себебі, қола дәуірінде мал шаруашылығы мен металлургияның дамуы ерлердің еңбегін көбірек қажет етті. Қоғамда ер адамдардың рөлі жоғарылап, аталық отбасылық қатынас орнады. Алғашқы қауымдық қатынастар біртіндеп ыдырап, мүлік теңсіздігі күшейді.

Қола дәуірінде еңбек құралдарының жетілуіне және шаруашылықтың дамуына байланысты азық-түлік молайып, артық қор жинақталды. Артық заттарды айырбастау нәтижесінде қоғамның бір мүшелері байып, басқалардың еңбегін пайдалануға мүмкіндік алды. Кейінгі қола дәуірінде материалдық жағынан күшейіп алған патриархаттық қауымдар уақыт өткен сайын оқшуалана түсті. Мұның нәтижесінде алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап, рулық ұжымдық меншіктің орнына жеке меншік шықты. Қола дәуірінде адамзат қоғамында болған тағы бір ерекшелік – тайпалық бірлестіктер құрыла бастады. Тайпалар туыстық байланысына және шаруашылықтың біртекті сипатына қарай біріккен бірнеше рулық қауымдардан тұрды.

 

Бекітуге арналған сұрақтар:

  1. Қазақстан тарихының ежелгі кезеңіне сипаттама беріңіз.
  2. Қазақстан аумағында ежелгі адамдардың тұрақтарын ашқан қазақстандық археологтарды атаңыздар.
  3. Қазақстан аумағында алғашқы адамдар қашан пайда болды?
  4. Алғашқы қауымдық қоғам адамының мәдениеті мен өнері қалай пайда болды?
  5. Ежелгі Қазақстан тарихының археологиялық кезеңдерін сипаттаңыз.
  6. Ежелгі, орта және кейінгі палеолиттің, мезолиттің, неолиттің және энеолиттің хронологиялық ауқымын атаңыз.
  7. Қазақстан аумағындағы палеолиттің ерекшеліктеріне сипаттама беріңіз.
  8. Мезолит кезеңіне тән ерекшеліктерді сипаттаңыз.
  9. «Неолиттік революцияның» мәні неде?
  10. Неолит және энеолит кезеңдерінің Қазақстан аумағынағы археологиялық мәдениеттерін атаңыздар.

 

Әдебиеттер:

  1. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
  2. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
  3. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. (Очерктер). Алматы «Дәуір», 1994.
  4. Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009.
  5. Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы, 2007.
  6. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008.
5

Автор публикации

не в сети 5 лет

Ерек

3
Комментарии: 0Публикации: 26Регистрация: 25-01-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля