ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ТАЙПАЛЫҚ ОДАҚТАР МЕН МЕМЛЕКЕТТЕР.

25 января, 2017 22:42

Темір дәуірінің сипаттамасын беру, кезеңделуіне және ерекшеліктеріне  тоқталу. Қазақстан аумағындағы сақ, сармат, ғұн (хунну, сюнну), үйсін, қаңлы тайпалық одақтары туралы мәлімет беретін тарихи деректерді сипаттау. Сақ, ғұн, үйсін және қаңлы тайпаларының этникалық және саяси тарихы туралы мәлімет беру. Студенттердің Қазақстан аумағындағы алғашқы тайпалық одақтар мен мемлекеттік бірлестіктер жайлы қалыптасқан бастапқы білімдерін толықтырып, ғылыми ұғымдармен кеңейту.

 

Негізгі ұғымдар: темір дәуірі, сақтар, «азиялық скифтер», савроматтар, сарматтар, тиграхаудалар, парадарайалар, хаумаваргалар, массагеттер, исседондар, аримаспылар, аргиппейлер, дайлар, «аң стилі», Есік қорғаны, Бехистун жазбасы, сюнну, ғұндар, шаньюй, түмен, түменбасы, усунь, кангюй, гуньмо, Чигучен, Битянь, полихромдық стиль.

 

Жоспар:

  1. Ерте темір дәуірінің сипаттамасы, кезеңделуі.
  2. Сақ тайпаларының одағы.
  3. Ғұндардың этникалық және саяси тарихы.
  4. Үйсіндер мен қаңлылардың этникалық және саяси тарихы.

 

  1. Ерте темір дәуірінің сипаттамасы, кезеңделуі. Темір дәуірі адамзат тарихында темірден еңбек құралдары мен қару-жарақтар жасау басталып, дамыған кезеңі ретінде сипатталады. Темір дәуірі екі кезеңге бөлінеді:

1) Ерте темір дәуірі – б.з.б. VIII – б.з.б. ІІІ ғасырларды қамтиды;

2) Кейінгі темір дәуірі – б.з.б. ІІІ ғ. – б.з-ң VІ ғ. аралығын қамтиды.

Ерте темір дәуірінде адам еңбегі неғұрлым өнімді бола түсті. Темір өндіру қосымша өнім мөлшерінің артуына жағдай туғызды. Ерте темір дәуірінде Қазақстан аумағында ірі тайпалық одақтар қалыптасты. Қазақстанның оңтүстік, шығыс және орталық аудандарын мекендеген тайпалар сақ тайпалар одағына, ал батыс, солтүстік аудандарындағы тайпалар савромат-сармат тайпалық бірлестігіне бірікті.

 

  1. Сақ тайпаларының одағы. Сақтар туралы мәліметтер беретін деректерді заттай және жазба деректер болып бөлінеді. Заттай немесе археологияық деректердің қатарына Жетісудан табылған Бесшатыр қорымы, Есік қорымы, Орталық Қазақстандағы Тасмола мәдениетінің «мұртты» обалары, Шығыс Қазақстаннан табылған Шілікті «патша қорғандары», Берел қорымы және тағы басқа да көптеген ескерткіштер жатады. Бұлардың ішінде Алматы қаласынан 50 км шығысқа қарай орналасқан Есік қорғаны аса құнды ескерткіш болып табылады. Есік қорғанын археологтар (К. Ақышев) 1969 жылы ашты. Оның диаметрі 60 м, ал биіктігі 6 м-ден асады. Зерттеу жұмыстарының барысында Есік қорғанынан б.з.б. V-ІV ғғ. жататын «Алтын адамның» жерленген орны табылды. Антрополог ғалымдардың анықтауы бойынша Есік қорғанынан табылған бұл адам – жасы 17-18 шамасындағы сақ жауынгері.

Жазба деректердің қатарында ежелгі парсы жазбалары, грек және латын тарихшыларының еңбектері, қытай саяхатшылары мен зерттеушілерінің еңбектері жатады. Ежелгі грек тарихшысы Геродот (шамамен б.з.б. 484-425 жж.) өзінің «Тарих» атты еңбегінде сақтарды «азиялық скифтер» деп атады. Бұл атау грек тарихшыларына жақсы таныс Солтүстік Қара теңіз өңірі мен Алдыңғы Азияның көшпелі скиф тайпаларына байланысты айтылған. Ежелгі грек және латын авторларының еңбектерінде Сырдария мен Әмудария өзендерінің аралығында мекендеген массагеттер, Батыс Қазақстандағы савроматтар (кейін сарматтар), Орталық Қазақстандағы исседондар, Шығыс Қазақстандағы аримаспылар, Солтүстік Қазақстандағы аргиппейлер және т.б. тайпалар жөнінде мәліметтер беріледі.

Ежелгі Парсы еліндегі Ахемен әулетінің билігі кезінде жазылған сына жазуларында сақ тайпаларының үш тобы болғаны туралы дерек сақталған. Олар:

  • хаумаварга сақтары (хаома сусынын дайындайтын сақтар);
  • тиграхауда сақтары (шошақ бөрікті сақтар);
  • парадарайя сақтары (теңіздің арғы жағындағы сақтар).

Сондай-ақ, парсы патшасы І Дарийдің (б.з.б. 522-486 жж.) Бехистун жазбаларында Сырдариядан солтүстікке қарай мекендеген халық сақтар деп аталған.

Сақ дәуірі тайпаларының негізгі шаруашылық түрі – мал шаруашылығы болды. Археологиялық деректер сол уақытта мал шаруашылығының негізгі үш түрі: көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы түрлері болған деуге мүмкіндік береді. Көшпелі мал шаруашылығы Батыс және Орталық Қазақстанның құрғақшылық далаларында, шөл мен шөлейттерінде жыл бойы жайылым ауыстырып, көшіп-қонып жүруге негізделді. Негізінен қой, түйе және жылқы өсірілді, ірі қара мал аз болды. Көлік ретінде жылқы кеңінен пайдаланылды. Көшпелі тұрмыста киіз үй, киізбен жабылған күркелі арбалар кеңінен қолданылды.

Жартылай көшпелі мал шаруашылығы Тянь-Шань және Алтай таулары сілемдерімен қоса, Жетісу және Шығыс Қазақстан аудандары сияқты дала, орман және биік тау араласып келетін өңірлерде кең таралды. Шаруашылықтың бұл түрінде көшпенділердің тұрақты қыстаулары болды. Көшпелі мал шаруашылығына қарағанда көшіп-қонатын жерлердің ара қашықтығы біршама жақын болды.

Мал шаруашылығының үшінші түрі – отырықшы мал шаруашылығымен Оңтүстік Қазақстан аумағында Сырдария, Шу, Талас, Арыс өзендерінің бойында, Қаратау жотасы баурайында, табиғи су қоймалары мен кең-байтақ шабындық алқаптары бар жерлерде мекендеген тайпалар айналысты.

Сақтар адамзат қоғамы үшін аса маңызды мәдени құндылықтар қалдырды. Б.з.б. VIІ-VI ғғ. қалыптасып, Сібір, Қазақстан, Орта Азия, Шығыс Еуропаның оңтүстігіндегі тайпалар арасында таралған «аң стилі» сақ өнеріндегі айрықша белгі болды. «Аң стилінде» жасалған киім-кешектерде, ыдыс-аяқтарда, қару-жарақтарда, тұрмыстық бұйымдарда жоғары эстетикалық талғаммен әшекейлеген әр түрлі жануарлардың бейнелері көрсетілді. Есік қорымында, Шығыс Қазақстандағы Шілікті қорымында ұзақ жылдар бойы жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде олардан алтыннан жасалған «аң стиліндегі» әшекей бұйымдар алынды. Сақтардың материалдық мәдениетінің көптеген элементтері қазіргі халықтардың игілігіне айналды. Мәселен, сақтардың ұзын шалбарлары мен қысқа шекпендерінен қазіргі шалбар мен қамзол келіп шықты.

 

  1. Ғұндардың этникалық және саяси тарихы. Б.з.б. І мыңжылдықтың екінші жартысынан бастап Байкалдан оңтүстікке қарай және Ордосқа дейін созылып жатқан далалық және шөлейт аудандарда мал шаруашылығымен айналысқан, этникалық жағынан әр түрлі тайпалар көшіп жүрді. Солардың басты бір тобы б.з.б. IV-ІІІ ғғ. Солтүстік Қытайдың шекарасына дейінгі жерді мекендеген екі тайпалық одақ – сюнну және дунху бірлестіктері еді. Қытай тілінде «сюнну» деген атау солтүстіктегілер деген мағынаны білдіреді. Ал «ғұн» деген атаудың өзі кейінірек сюнну (хунну) деген атаудан шыққан деп болжанады. Ғұндар туралы тарихи деректер қытай тілінің мамандары Н.Я. Бичурин мен Н. Кюнердің еңбектерінде берілген. Ал олардың тарихын А.Н. Бернштам, Л.Н. Гумилев, Н.И. Конрад сияқты көрнекті ғалымдар жазды.

Ғұндардың этникалық тегіне келетін болсақ, зерттеушілердің көпшілігі оларды түріктердің арғы аталары деп есептейді. Ғұндардың күшейіп тұрған кезінде олардың бірлестігіне бірнеше тайпалар қосылған, сондықтан «ғұн» атауы этникалық болудан гөрі саяси одақ атауына айналған. Ғұн тайпаларының бірігуі б.з.б. 209 жылы, Мөде есімді билеушінің кезінде болды. Мөде шаньюйдың басшылығымен ғұндар өздерінің оңтүстігіндегі дунхуларды талқандады. Сонымен қатар Саян-Алтайды мекендеген тайпаларға, үйсіндерге, юечжи тайпаларына қарсы жорықтар жасады. Қытайдағы Хань әулетінің билеушілерімен соғыстар жүргізді. Ұлы Қытай қорғанының салынуының бір себебі – ғұндардың шабуылынан қорғанудың амалы еді.

Б.з.б. 59 жылы ғұндардың арасында өзара соғыс басталды. Бұл жағдайды пайдаланған қытайлар үйсіндермен одақтаса отырып, ғұндарға қарсы бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Б.з.б. 55 (47) жылы ғұндар солтүстік және оңтүстік ғұнадр болып екіге бөлінді. Оңтүстіктегі ғұндар қытайдың Хань империясына бағынышты болды. Ал солтүстік ғұндар Чжи-Чжи шаньюйдың басшылығымен Тянь-Шаньнан өтіп, қаңлы тайпаларының шығыс жағына қоныстанды. Мұның өзі ғұндардың Қазақстан мен Орта Азия жеріне бірінші рет қоныстануы еді. Ал б.з.-ң 93 жылы ғұндардың Қазақстан аумағына қоныс аударуының екінші толқыны болды. Ғұндардың келуіне байланысты Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан тайпаларының антропологиялық түрінде монғолоидтық белгілер пайда бола бастады.

 

  1. Үйсіндер мен қаңлылардың этникалық және саяси тарихы. Қазақстан аумағындағы алғашқы тайпалық бірлестіктердің бірі – үйсіндер туралы алғашқы жазба деректер б.з.б. ІІ ғ. соңынан бастап кездеседі. Аталған уақытта Жетісу аймағына келген қытай императорының елшісі Чжан Цзянь үйсіндер туралы алғашқы мәліметтерді берді. Оның жазбаларында «усунь-го», яғни үйсін мемлекеті туралы айтылады. Үйсіндердің тарихын зерттеген Ә. Марғұлан, К. Ақышев, А. Бернштам, А. Кушаев сияқты ғалымдар археологиялық материалдарды жазба деректермен байланыстырып, үйсіндердің тарихын бір жүйеге келтірді.

Үйсіндердің негізгі аумағы Іле, Шу және Талас өзендерінің бойы болды. Үйсіндердің шекарасы солтүстікте Балқаш көліне дейін жетті, батыста қаңлылармен, шығыста ғұндармен шектесті. Чжан Цзянь деректерінен үйсіндердің халық саны 630 мың адам, үй саны 120 мың, әскерінің саны 180 мың болғаны белгілі. Үйсін билеушісі гуньмо деп аталды, оның басты ордасы – Чигучен Ыстықкөл жағасында орналасты.

Үйсін мемлекеті аймақтың экономикалық және саяси дамуында маңызды рөл атқарды. Қытайдың Хань дәуірінде жататын жазбаларында үйсіндердің ІІІ ғ. дейінгі саяси тарихы баяндалған. Үйсіндер Хань империясымен елшілік қарым-қатынастар орнатып, үйсін билеушілері қытай ханшаларына үйленіп отырған.

Үйсіндердің этникалық тегіне келетін болсақ, бірқатар зерттеушілер үйсіндер шығыс иран тайпаларынан шыққан десе, екіншілері үйсіндер түркі тілдес болған деп есептейді.

Қаңлы тайпалары үйсіндерден батысқа қарай, Талас, Сырдария өзендері мен Қаратау маңында және Оңтүстік Қазақстанда мекендеді. Қаңлылар қытай жазба деректерінде кангюй деп аталды. Б.з.б. ІІ ғасырдағы қытай елшісі Чжан Цзянның мәліметтеріне қарағанда қаңлылар елінде 600 мың адам, 120 мың әскер болған. Қаңлы билеушісінің ордасы Сырдария өзенінің бойында орналасқан Битянь қаласында орналасты. Қытай деректері бойынша, қаңлылардың иелігінде Сусе, Фуму, Юени, Ги, Югень деп аталған бес аймақ болған. Бұл жерлерге қазіргі кездегі аудандармен салыстырып қарағанда: Хорезм, Сырдарияның сағасы және орта ағысы, Арыс өзенінің аңғары, Қаратау беткейі, Ташкент аймағы жатады.

Үйсіндер сияқты қаңлылардың этникалық сипаты жөнінде мәселе әлі толық анықталған жоқ. Бірқатар ғалымдар қаңлылар түркі тілдес халық десе (А. Бернштам), кейбір зерттеушілер қаңлыларды ирантілді сақтардың ұрпақтары деп есептейді (Б.А. Литвинский).

Б.з.б. 47-46 жылдары қаңлылар солтүстік ғұндардың билеушісі Чжи-чжидің үйсіндермен соғысы кезінде оған қолдау көрсетті. Бірақ, қаңлылар мен ғұндардың арасындағы әскери одақ бұзылып, ғұндар қаңлы билеушісінің ордасынан қуылды.

ІІІ–V ғасырларда қаңлылар бірнеше ұсақ иеліктерге бөлініп, Эфталит мемлекетінің құрамына кірді.

 

Бекітуге арналған сұрақтар:

 

  1. Сақ тайпаларының шаруашылығы мен мәдениетіне сипаттама беріңіз.
  2. Қазақстан аумағында ерте темір дәуірінде қандай тайпалық одақтар мен ерте таптық бірлестіктер өмір сүрді?
  3. Қазақстан аумағында көшпелі өркениеттің қалыптасу үдерісі қалай жүрді?
  4. Қазақстан мен Орта Азия аумағын мекендеген сақ тайпалары ежелгі дүниенің қандай мемлекеттерімен байланысты болды?
  5. Есік қорғанынан табылған археологиялық ескерткіштерге сипаттама беріңіз. Бұл ескерткіш қай жылы ашылды және қандай ғалымдар зерттеді?

 

Әдебиеттер:

  1. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
  2. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
  3. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. І том. Алматы «Атамұра», 1996, 2010. – 544 б.
  4. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. (Очерктер). Алматы «Дәуір», 1994.
  5. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006.
  6. Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
  7. Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы: «Қарасай», 2007. – 344 б.

Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2005, 2008. – 640 б.

0

Автор публикации

не в сети 5 лет

Ерек

3
Комментарии: 0Публикации: 26Регистрация: 25-01-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля