ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХХ Ғ. БАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ДАМУЫ

26 января, 2017 19:11

Қазақ өлкесінің ХХ ғ. басындағы саяси жағдайы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы түсіндіру. Студенттердің ХХ ғасырдың 1-ші жартысындағы Қазақстан тарихы бойынша білімдерін одан әрі жетілдіру.

 

Негізгі ұғымдар: ұлт-азаттық көтеріліс,революция, дүниежүзілік соғыс, Мемлекеттік Дума.

 

Жоспар:

  1. 1905-1907 жж. орыс революциясы жылдарындағы Қазақстан.
  2. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан.
  3. 1916-жылғы ұлт-азаттық көтеріліс.

 

  1. 1905-1907 жж. Ресейдегі революция кезіндегі Қазақстан. Ресейде Бірінші орыс революциясының басталуына 1905 жылы 9 қаңтарда Петербургте өткен «Қанды жексенбі» оқиғасы түрткі болды. Бұл оқиғада ІІ Николай патшаның бұйрығымен бейбіт демонстрацияға қарсы қару қолданылған еді. Мәскеу, Петербург сияқты орталық қалаларда болған жұмысшы қозғалыстарының әсерінен қазақ өлкесіндегі жұмысшылардың да революциялық белсенділігі артты. 1905 жылы жазда Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов сияқты қазақ зиялыларының ұйымдастыруымен Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесіне жиналған халық патша өкіметінің атына петиция қабылдады. Оған 14 мыңнан астам адам қол қойды. Петицияда қазақтардан тартып алынған жерлерді қайтару, орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныс аудару саясатын тоқтату, қазақ халқына сайлау құқығын беру талаптары қойылды.

Халық наразылығының күшеюіне байланысты патша үкіметі халыққа бірқатар жеңілдіктер жасауға мәжбүр болды. 1905 жылы 17 қазанда ІІ Николай патша Мемлекеттік думаға сайлау өткізу туралы шешім қабылдады.  Бірінші Мемлекеттік дума 1906 жылы 27 сәуір – 8 шілде аралығында жұмыс істеді. Екінші Мемлекеттік дума 1907 жылы 20 ақпан – 3 маусым аралығында жұмыс істеді. Осы екінші Мемлекеттік думаға қазақ өлкесінен он төрт депутат сайланды. Оның алтауы қазақ халқының өкілдері болды. ІІ Мемлекеттік думаның мүшелері болып Ақмола облысынан молда Ш. Қосшығұлов, Семей облысынан би Т. Нұрекенов, Орал облысынан адвокат Б. Қаратаев, Торғай облысынан заңгер А. Бірімжанов, Жетісу облысынан темір жол инженері М. Тынышпаев, Сырдария облысынан Т. Аллабергенов сайланды.

 

2.Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан.Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914-1918 жылдары болды. Ресей империясының соғысқа араласуы қазақ өлкесіндегі халыққа да ауыр салмақ түсірді. Соғыс жағдайы өте көп мал өнімдерін, азық-түлік, көлік және ақшаны қажет етті. Мемлекеттік салықтың мөлшері ұлғайды.1907-1912 жылдардың өзінде ғана елдің еуропалық бөлігінен 2 млн. 400 мың адам әкеліп қоныстандырылды. Отарлау Қазақстанда кең көлемде жүзеге асырылды. Патша өкіметі 1916 ж. қарай қазақтарды 40 млн. га шұрайлы жерінен айырып, қоныстану қорын құрды. Қазақтар шөл дала мен тауларға тықсырылды. 1917 жылға қарай Қазақстанда қоныстану учаскелеріне, ормандағы, саяжайларға, казак әскерлеріне, помещиктік имениелерге, монастырьлық учаскелерге, қалалар мен темір жолдар үшін бөлінген өңірлерге ең жақсы егістік жерлер мен жайылымдардың 45147765 десятинасы тартып алынды. ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. бас., Хиуа мен Бұхарды қоспағанда, бұрынғы Түркістан шегінде 941 қоныстанушы қоныс пайда болды. Түркістанда әрбір келімсекке орыс қоныстарында, 3.17 десятина, ал байырғы халықтың әрбір жанына 0,21 десятина өңделетін жер тиді.

Өлкені талап-тонау бірінші дүниежүзілік соғыс (1914-1918 жж. дүние жүзін қайта бөліске салу жолында «Үштік Одақ» (Австро-Венгрия, Германия, Италия) пен Англия, Франция, Ресей коалициясы арасындағы саяси-экономикалық қайшылықтардан туындаған соғыс) жылдарында бұрынғысынан да жеделдете жүргізіліп, ауқымды сипат алды. Қазақ даласынан орасан көп мөлшерде арзан бағамен мал сатып алынды. Патша Армиясы үшін киіз үй мен киіз бұйымдар жиналды. 1916 ж. өзінде ғана айқасып жатқан армияға Түркістаннан 40899244 пұт мақта, 38 мың шаршы аршын киіз, 3 млн. пұттан астам мақта майы, 229 мың пұт сабын, 300 мың пұт ет, 473928 пұт балық, 70 мың жылқы, 12797 түйе жөнелтілді. Батырақ-қазақтарды кулактар шаруашылықтарына, кәсіпорындарға «ерікті түрде» жұмысқа тарту жүргізілді. 1916 ж. патша әкімшілігі славян отаршылдары үшін жаңадан жер тартып алуды ойластырды. «Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды», — деп жазды А. Байтұрсынов сонау 1913 жылдың өзінде.

Соғыс елде өнеркәсіптің қожырауын, ауыл шаруашылығының құлдырауын, тасымал дағдарысын, ашаршылықты туғызды. Жергілікті шенеуніктердің алымы күрт көбейіп, ұлтаралық арандату саясаты жүргізілді. Қазақ даласында жалпыұлттық дағдарыс пісіп-жетілді. Соғыс ауыртпалықтары Қазақстанда  жұмысшы және шаруалар қозғалысының өрістеуіне түрткі болды. 1915 жылғы маусымда Екібастұз бен Спасск мыс кеніштерінің және Орынбор-Ташкент темір жолының жұмысшылары ереуіл жасады. Қалалар мен қыстақтарды солдаттардың әйелдері мен қала кедейлерінің наразылығы күшейіп, соғысқа, қымбатшылыққа және жақындап келе жатқан ашаршылыққа қарсы шықты. 1916 ж. қаңтарда Верныйда (қазіргі Алматы), Семейде осындай толқулар болды. Ақбұлақ елді мекенінің (Орынбор обл.) және Лепсі уезінің бірқатар ауылдарының солдат әйелдері мен ауыл кедейлерінің толқуына қатысушылар жергілікті көпес-алыпсатарлардың дүкендерін қиратты. Қоғамдағы тайталас барған сайын неғұрлым табанды және бұқаралық сипат ала түсті. Патша өкімітіне қарсы күресті патша режимін құлату үшін империалистік соғысқа қарсы жұмысшылар, украин қарашекпенділері арасындағы үгітті өрістеткен ресейлік солшыл саяси партиялар жүргізді.

 

  1. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің аумағы – Жетісу, Торғай, Сырдария облыстары.

Басшылары:

  • Жетісуда – Бекболат Әшекеев, Тоқаш Бокин, Ұзақ Саурықов, т.б.
  • Торғайда – Әбдіғапар Жанбосынов, Әліби Жангелдин, Амангелді Иманов;
  • Сырдария облысында – Тұрар Рысқұлов.

Қозғаушы күштері: қазақ зиялыларының революцияшыл-демократиялық бөлігі, қарапайым халық өкілдері.

Себептері: отарлық езгінің күшеюі, орыс шаруаларын қоныстандыру, 1916 жылғы 25 маусымда «бұратана халықтардан тыл жұмыстары үшін 19 бен 43 жас аралығындағы ер адамдарды мобилизациялау» туралы патшаның жарлығы.

Барысы, негізгі оқиғалары: Көтеріліс басталмас бұрын қазақ зиялыларының пікірі екіге бөлінді. Алаш қозғалысының жетекшілері қазақ халқын патша жарлығына қарсы шықпауға шақырды. Көтеріліске шыққан қазақтар тыл жұмыстарына алынатындардың тізімдерін жойды, кейбір жерлерде болыс бастықтары өлтірілді. 1916 жылы күзде Торғай көтерілісшілерінің саны 50 мыңға дейін жетті.

Нәтижесі, жеңілу себептері: жеңіліспен аяқталды, Дала және Түркістан өлкелерінен 250 мыңнан астам адам тыл жұмысына алынды. Көтерілістің жеңілуіне оның бытыраңқы болуы, руаралық тартыстардың болуы, қарудың жеткіліксіздігі, қазақ феодалдарының сатқындығы әсер етті.

Тарихи маңызы: қазақ халқының азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі болды.Көтеріліс жеңілгеннен кейін 1917 жылдың ақпан айының басында 110 мың жергілікті жұмысшылар майдандағы қара жұмысқа аттандырылды. Сонымен, жалпы саны 120 мың жұмысшы тыл жұмысына алынды. Қозғалыстың жеңіліс табуының ең басты себептері – оның бытыраңқылығы, көтеріліс ошақтары арасындағы байланыстың жеткілікті болмауы, патша үкіметінің қарулы жазалаушы күштерінің басымдылығы еді. Қазақ зиялылары қатарында бірлік болмады. Олар екіге бөлініп, революцияшыл радикалды бағыттағы Т.Бокин, Ә. Майкөтов, С.Сейфуллин, С. Мендешев,  Ә. Жангельдин сиқты тобы қарулы күрес жолын тандады. Ал ұлттық – либералдық бағыттағы Алаш зиялылары Ә. Бөкейханов, М. Дулатұлы, А. Байтұрсынұлы бастаған топ елді қантөгістен сақтау үшін патша үкіметімен тіл табысу жолдарын іздеді, күрестің бейбіт саяси әдістерін жақтады.1916 жылғы көтерілістен кейін табуы бұл қауіптің орынды болғандығын растайды. Дегенмен 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың тарихи маңызы зор, халықтың ұлттық сана-сезімінің өсуіне, өз еркіндігі үшін күрес жолында кемелдене түсуіне ықпал жасады.

 

Бекітуге арналған сұрақтар:

 

  1. 1905-1907жж. революцияның алғышарттарын атаңыз.
  2. Бірінші дүнежүзілік соғыс неше жылға созылды, жылдарын атаңыз?
  3. Ресейдегі бірінші орыс революциясы қазақ халқының өміріне қандай ықпалын тигізді?
  4. 1916ж. көтерілістің себептерін қозғаушы күштерін, мақсатын атаңыз?
  5. Қазақтарды тыл жұмысына шақыруға қарсы қарулы қақтығысқа шақырған қандай партия?
  6. 1916ж. Ұлт- азатық көтерілістің негізгі зардаптарын атаңыз.

 

Әдебиеттер:

  1. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
  2. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
  3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Очерктер. Алматы: «Дәуір», 1994.
  4. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006.
  5. Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
  6. Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы, 2007.
  7. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008. – 640 б.
0

Автор публикации

не в сети 5 лет

Ерек

3
Комментарии: 0Публикации: 26Регистрация: 25-01-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля