ИСЛАМ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

20 апреля, 2019 0:26

 

Жоспары

КІРІСПЕ …………………………………………………………………………………………………………………………

І. ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ ИСЛАМНЫҢ ТАРАЛУЫ ……………………………………………………….

  1. 1 Қазақ жеріне исламның таралуы және оның тигізген әсері …………………………………
  2. 2 Ислам және қазақтардың әдет-ғұрпы …………………………………………………………………..

ІІ. ИСЛАМ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН …………………………………………………………………………………

  1. 1 Қазіргі Қазақстандағы Ислам дінінің жағдайы ………………………………………………….

ҚОРЫТЫНДЫ ……………………………………………………………………………………………………………..

 

КІРІСПЕ

Қазақ даласына ислам діні VII ғасырдың басында арабтардың Орта Азияны бағындыруы нәтижесінде кіре бастады. Шындығын айтқанда, ислам діні Қазақстанға күштеп енгізілген жоқ. Қазақстанда сол дәуірде қалыптаса бастаған феодалдық қатынастарға ислам дінінің кері әсері болмай, қайта ол феодалдық қарым-қатынастарды жандандыра түсетінін көре білген феодалдық үстем тап иелері ислам дінін қуана қарсы алды. Өйткені бұрыннан келе жатқан шаман діні феодалдардың талап-тілегін, мақсат-мүддесін қанағаттандыра алмады. Ал ислам діні болса халықты рухани жағынан болсын, саяси жағынан болсын мығым ұстай алатын мемлекеттік дін бола алды. Осындай тиімді жақтарына қарамастан қазақ тайпалары өзінің бұрыннан келе жатқан шаман дінін, ата-баба аруағын қастерлеуді ұстанып, ислам діні қағидаларына мән бермеді. Академик Бартольд В. В.: «ХІІІ ғасырдың басында мұсылман Хорезм билеушілері мұсылман емес Сырдариядағы және Торғай облысындағы қыпшақтармен соғысуына тура келді,» /1/ — деп жазуына қарағанда, сол кездерде қазақ тайпаларының басым көпшілігі әлі мұсылмандық жолға түсіп, ислам дінін қабылдамаған сияқты. Рузбиханның жазуына қарағанда, қажет десеңіз XVI ғасырдың өзінде де қазақтар пұтқа табынушылар деп танылып, оларға қарсы «ғазауат» соғысына шығуды талап еткен. Өйткені шариғат заңдарын араб миссионерлері үндеп, үгіттеп, насихат жүргізгендеріне қарамастан, халық ата-баба аруағына, тәңірге, жұлдыз-айға ұзақ уақыт бойы сиынды. Ата-баба аруағына сиыну бәлекеттен сақтап, өздеріне бақыт, молшылық, жақсылықтар әкеледі, мал басының аман болуына, өсіп-өнуіне көмектеседі деп, сол үшін олар аруақты разы етуге тырысты. «Аруақ аттаған оңбас» деп аруақты ұмытпады… /2/

Әбу Ханифа жол салған суниттік ағым басқаларына қарағанда көнімпаз, басқа халықтардың әдет-ғұрып заңдарына бой ұсынғыш болуы себепті қазақ тайпаларына да өте тиімді болды. Сондықтан да қазақтардың әдет-ғұрпы өз кезегінде ислам діні шариғат заңдарын кері итеріп тастамай, қайта феодалдық қарым-қатынастың жандануына игі әсер ететін шариғат заңдарын қабылдап алды. Сөйтіп, екі наным ұзақ мезгіл бойы бір-біріне зиян келтірмей, қатар өмір сүрді. Сол себепті де қазақтардың әдет-ғұрпы көбіне өзінің бұрынғы болмысын сақтап қалды. Билер қазақтардың қоғамдық маңызы зор мәселелерінің көпшілігін ежелден келе жатқан бұрынғы ата-бабалары әдет-ғұрып заңдары бойынша талқылап шешті. Ал өз кезегінде араб миссионерлері де қазақ тайпаларының тілін, әдет-ғұрпын, сенімдерін, праволық нормаларын, мәдени жетістіктерін лақтырып тастамай, санасуына тура келді. Бұлардың бәрін исламға қайшы келмейтіндей етіп, қырын жатқызуға тырысты.

 

 

І. ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ ИСЛАМНЫҢ ТАРАЛУЫ

 

              1.1 Қазақ жеріне исламның таралуы және оның тигізген әсері

Араб қолбасшысы Кутейб ибн Мүслім әскері Қазақстанның оңтүстігіне 714ж. ҮІІ ғ. басып кірді. Қазақстан тұрғындарының исламдануы осы кезден басталады. Осы кезде Мауеренахрдағы бауырластарына үнемі қол ұшын беріп отыратын Түркеш қағанаты Орта Азиядағы арабтардың жаулап алған жерлеріне үлкен қауіп төндірді, себебі олар Шаш (Ташкент) пен Ферғананың, Самарқант пен Бұхараның автохтонды тұрғындарын қолдап отыру үшін әскер жіберіп отырды. Арабтардың Испиджабқа (Сайрам) жоғарғы түркештердің қолбасшысы Әбу Мырзақым (Сүзеген) қаған араб экспанциясына сәтті тойтарыс берді. Басында арабтар Оңтүстік Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. 737 ж. қарай түркеш атты әскерінің көмегімен Мауереннахр әскері жерлерін шетелдіктерден тазартты. Бірақ таққа талас барысында Сүзегеннің өлтірілуі түркеш мемлекетін әлсіретті, сол себепті арабтың аймақ бастығы Наср ибн Сейяр осы жылдан бастап Орта Азиядағы араб билігін қалпына келтіре бастады.

Б. Ғафуров: «714 ж. Кутейб Шашқа қайтадан шабуыл жасады. Ол Шашты өз ордасына айналдырып, Испиджаб бағытында жорыққа аттанды. Кутейбті бұл қаланың сауда орталығы екендігі емес, оның стратегиялық маңызы қызықтырады: Испиджабты алып, Кутейб Орта Азиялық одақтастарына көмекке ұмтылған түркі әскерінің жолын қиып тастауға талпынды,» —деп жазды. Жорыққа сарбаздарымен бірге миссионерлер де қатысты, алайда арабтардың шегінуі дін уағыздаушыларына жаңа дінді таратуға мүмкіндік бермеді. Бұл аймақта көптеген конфессиялардың болғаны белгілі. Әсіресе, зәрдүстілік қомақты орын алды. Бірақ исламның таралуына байланысты зәрдүстілік қудалауға ұшырады. Оның жазба әдебиеттері жойылды. Басқа манихейлік, будда, христиан діндері де осындай жағдайға душар болды.

Ұзақ дәуірлер бойына қазақ тайпалары арасында әдет-ғұрыптардың нормалары қоғамның бірден-бір заң реттегіші ролін атқарды. Оның да себебі бар еді. Әуелі, қазақ қоғамы әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты басқалардан томаға – тұйық өмір сүрді. Сол себепті де тек қазақи, өзіндік идеологияны өз ішіне алды. Екіншіден, әдет-ғұрып заң нормалары тек үстем тапқа ғана емес, жалпы қазақ қоғамына тиістілік сипатына ие болды. Өйткені туыс-туыстарымен ру-ру болып көшіп-қонған қазақтарда «ру намысы» күштірек еді. Бұл төменгі таптың «өз туыстастары» үстем тапқа қарсылығын тежеп отырды.

Арабтар Мауараннахрды Әбдімәлік ибн Маруан (685-705) тұсында ғана жаулап алуға қолы жетті. Хорасан билеушісі Кутейб ибн Муслим ішкі қырқыстардан әбден әлсіреген Орта Азияға қоныстанған түркі тайпаларын басып алды. Сөйтіп, 705 жылдың өзінде-ақ бүкіл Орта Азияны уысында ұстады. Балхты басып алған Кутейб ибн Муслим Бұхарға ұмтылды. Соғдылар мен түркі тайпалары арасына от салу нәтижесінде Бұхарды алды. Ауыр шайқастардан соң соғдылықтар астанасы Самарқан қолға түсті.

Наршаһидің жазуынша, Кутейбаның әскері Бұхарды бірнеше қайтара алғанымен, арабтар кете салысымен жергілікті халық ислам дінінен безіп, өз ата-бабасы ұстанған дінге көше берген. Төртінші рет Кутейба әзер дегенде қаланы алып, қалаға сол қаланың тұрғындарының жартысына жуық мөлшердегі арабтарды әкеліп қоныстандырды. Солардың күшімен ислам дінін енгізіп, бұрынғы табынатын пұттарын талқандап, оның орнына мешіттер салдырған. «Кімде-кім мешітке келсе, оларға ол (Кутейба) екі дирһам береді» деп жар шақыртады. Соның өзінде де жергілікті халықтан қорыққан арабтар мешітке қару-жарағымен келуге мәжбүр болған. Дегенмен де, қоқан-лоқы, сатып алу, т.б. жолдармен Орта Азияға арабтар ислам дінін енгізді./6/

Міне, осыдан кейін кең далада емін-еркін көшіп-қонған қазіргі Қазақстан термторриясындағы түркі тайпалары арасынан ислам дінін тарату үшін миссионерлер ағылды. Олар көшпенді халыққа күштемей-ақ ислам дінін енгізу жағын қарастырды. Оларға қазіргі қазақ халқын құраған тайпалар ұстанған дін, исламға көп жағынан кереғар еместей болып көрінді. Мәжауиндік шаман дінін оңай ығыстыруға болады деп санады. Сол себепті де олар бұл тайпаларды «һаза хақ» – «һазақ» (бұл арабша сөздің мағынасы—«бұлар дұрыс, жолы дұрыс») деп атады. Содан барып, «қазақ» деген термин қалыптасып кетті дей аламыз.

Әйтсе де, ұзақ дәуірлер бойы ислам діні қазақтардың ежелгі әдет-ғұрыптарын ығыстыра алмады. Қайта олармен санасуларына тура келді. Өз ата-баба дәстүрлерін көбірек ұстанған қазақтарды дінсіздер деп атады. Оларға қарсы «ғазауат» соғысына шақырулар да сондықтан. Бұл қазақи, өзіндік сипатқа ие дәстүрдің ұзақ дәуірді иеленген тарихы бар. Олардың гүлденген, күйзелген дәуірлері де бар. Мұндай жайт дүние жүзі халықтарының кез-келгендерінің бастарында да бар.

Қазақтардың өзіндік ерекшелік пен сипатқа ие болған елді басқару формалары, экономикалық жүйесі, рухани қажеттілігін қанағаттандырарлық өнері. Заңдары мен мінез-құлықтық кодекстері болған. Ұзақ дәуірлер бойы жазба мәдениеті мардымсыз дамыған қазақтардың (өйткені көшпенді тұрмыс кешу мектептер ұстауға мүмкіндік бермеді) уаызекі шығармашылық дәстүрі күшті дамыған. Әсіресе жас ұрпақтытәрбиелейтін үлгі-насихат жырлары, мақал-мәтелдері қандай мол, әрі қандай терең еді десеңізші! Бұлар тек құрғақ ақыл-кеңес емес, нәрлі де мазмұнды ғибраттар. Бұлар праволық нормалар мен моральдық, саяси, мінез-құлық, т.б. тәртіптерді де өз ішіне жан-жақты қамтиды.

 

1.2 Ислам және қазақтардың әдет-ғұрпы

Қазақтардың ең бір қадірлеп-құрметтейтін дәстүрі — өлген ата-баба аруақтарына табыну. Өлген ата-баба аруаққа айналып, тірілердің зор құрметіне ие болады. Олар тірі ұрпақтарының әдет-ғұрып заңдарын, кәде-қаумет, салттарын сақтап жүрулерін талап етеді. Ата-баба аруағына асы болғандарға олар әр түрлі ауруларды мал-жанына әкеледі, құрғақшылыққа душар етіп, бірде-бір тамшы жаңбыр жаудырмайды, қажет болса, әйелдерді бала табудан махрұм етіп, ұрпағын өсірмейді деп ойлайды. Сол себепті де қазақтар ата-баба аруағын разы етуге тырысады, олар жолына малдарын құрбандыққа шалып, үнемі есте ұстап, оларға жалбарынып отырады. Өлімін күтіп, төрінен көрі жақын қалған қарттарды аса құрмет тұтып, ақсақал, отағасы деп сыйлайды. Оның себебін бұл қарттар өлгендер мен тірілер арасындағы байланыстырғыш деп қарағандықтан ғой дейміз. Сондықтан да қазақтар ата-анасын өте құрмет етеді. Өлгендеріне шаң жуытпайды, аруаққа айналдырады. Әрине, мұндай құрметке кез келген қарт ие бола бермейді. Әр рудан оза шауып, ақыл-парасатымен, істеген ісімен ел құрметіне бөленгендер ғана үлкен құрметке ие болады. Мұндай дуалы ауызды адамдар көзі тірісінде-ақ әулиеге, өлгеннен соң аруаққа айналған. Мұндай адамдардың сөзін де жыр қылып айтып, қабірін де құрметтеген. Дегенмен де, әркімнің өз ата-бабасы өзіне жақын, әрбір семья, от басы – ошақ қасының өзіне қас аруақтары болып, оларға жалбарынған. Әрине, «ата-баба аруағын» құдайға теңеуге болмайды. Оларды Алламен екі ортадағы жебеуші деуге болады. Біреуге наразы болып ашуланғанда «аруақ атсын», «аруақ ұрсын» деп қарғайды.

Қазақтар былай қарағанда, момақан көрінгенмен, егерде өзінің және семьясының намысына тиетіндей бірдеме істелінсе, онда қазақтар шыдай алмайды, қажет болса, намысқа шыдамай өлуге дейін барады.

Ежелден-ақ қазақ халқы үйленуге мән, маңыз берген, «От басы – ошақ қасы» деп, семьяға ерекше мән бере отырып, сол «от басы – ошақ қасының» беріктігін көздеген. Әрдайым «от басы» — семья берік әрі тату-тәтті болса, сол семьядан өрбитін ұрпақтар да жақсы болып өсетінін жете білген. О бастан дұрыс таңдалған семья бұзылмаған. «От басы – ошақ қасын» бүлдіргендер, семьяны сақтай алмағандар қоғамдық теріс пікірге ұшыраған. Сол себепті де революцияға дейінгі қазақ семьяларының өте сирек болмаса, бұзылғандары кездеспейді. Оның себеп-салдары өте көп. Мен осы зерттеу жұмысымда шамамның келгенінше сол себеп-салдарынайтып өтейін./7/

Қазақ семьясы тек қана ер, әйел және балаларынан ғана емес, үлкен семьядан (патронимия) тұрған, яғни әкесі мен анасы, үйленген ұлдары, қажет болса үйленген немере-шөбересі, былайша айтқанда, «ата-бабалары» бір болып, оларды үлкен әкесі басқарған. Оларды мұндай бірігуге мәжбүр еткен жалпы экономикалық мүдделері ғана емес, сол секілді қандастық-туыстық, намыс біршілдігі деп ұғуымыз керек. Мұндай үлкен семья бірге тамақ ішкен, бәрі бірге маңызды үй мәселесін шешкен. Рас, енші алып, бөлек отау еткенімен, енші алып бөлінген ұлдары ата ақылынан тыс кете алмай, әке нұсқауымен жүріп отырған. Барлық тұрмыстық мәселелерді (мысалы, өлім-жітім, көші-қон, қонақ күту, т.б.) әке шешкен. Өйткені үйлену оңай болғанымен, семья болу оңай емес, семья беріктігі, дәулеттілігі, көңіл-күйінің жақсы болуы бәрі сол «от басы—ошақ қасынан». Сол семьяға деген сүйіспеншілік, туысқанға деген мейірбандық туысқандардың өзара мақсат-міндеттерін айқындап, олардың жауапкершілігін, коллектившілдігін арттырған. Мұндай семья оңайлықпен күйремеген, қайта ауызбіршілігі нығайып, біріне-бірі таяныш болып, табалдырықтары мықты болған.

Үлкенсемья болғаннан соң, әрине, оның мүшелері арасындағы мақсат-мүдделері бір-біріне қайшы келіп жатуы мүмкін ғой. Бірақ мұндай кереғарлық мақсат мүддесінен асып кете алмаған, әрі ондай таласты мәселелерді бәрі ақылдасып кеңесіп шешіп отырған. Өйткені «ақылдасып пішкен тонешуақытта да қысқа болмайды». «Алтау ала болса—ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса—төбедегі келеді». Әрине, мұндай нақыл сөздерді әрбір қазақ жете түсініп, сол нұсқамен амал еткен. Бұл бір салдары.

Екінші салдары, рулық қоғамның алғашқы бастамасынан-ақ пайда болып, әрі—қоғамда жиі ұшырасып отырған «қанға – қан, жанға – жан» дәстүрі, яғни «құн» алу. «Бір қарын майды бір құмалақ шіріьеді» дегендей, қоғам болғаннан соң «бір биден ала да туады, құла да туады», яғни қоғам ішінде жақсылары да, жамандары да болады. Үлкен семьяға келтірген намыс – сол семьяның кісісін өлтіру, жесірін алу, малын ұрлау, т.б. қылмыстар сол үлкен семья түгіл, бүкіл руына жағылған күйе. Сондықтан да бүкіл ру қажет болса «өз ұраны» шақырылғанда, атқа мінбеу, сойыл ұстамау ездік саналған. Қайсы ру болмасын намысын қолдан бермеген. Заң органдарының күштеу аппараты болмаған заманда қылмыстының жазасын тек қана осындай жолмен қайтару бірден-бір дұрыс жол еді. Қазіргі кезде көптеген зерттеушілеріміз «құн», «қанды кек» қайтару институтына тосырқай қарап, жылы лебізін білдірмеуі өкінішті. Күштеу аппараты жоқ қоғамда бұлай істеу кісіні өлтіру ниеті бар адамды алдымен қылмыс істер алдында мыңда бір рет ойлануды, егер қылмыс істеп, кісі өлтірсе тек өзіне ғана емес, бүкіл туысқандарына келетін кесірін пайымдауды талап етеді. Бұл—қылмыстың алдын алу, оны болдырмаудың жолы. Егер «қанды қол» кісі өлтірсе, не өзі өледі, не бүкіл туыстары болып «құн» төлейді, бұл оңай шаруа емес, оның үстіне «бүлінген елден бүлдірген алма» деп, ондай рудан басқалар шеттеп, «қанды қолдарын» беттеріне басқан, қыз беріп, қыз алмауға тырысқан./9/

Дегенмен, қазақ қоғамында кісі өлімі болып тұрған. Ол руаралық қақтығыстарда, жер дауында, жесір дауында, мал дауында, барымтада кездесіп отырған. Ал жеке адамдардың қылмыстық ниетпен кісі өлтіріп, тонап-талауы кездеспеген.

Қазақ семьясының басында әке тұруы себепті, туысқандық қатынастар әке жағынан басталып, «жеті атаға» дейінгі аралықтағы туыстар (жеті ата – 200 жыл шамасын қамтиды) «қандастар», «аталастар» саналған. Немере-шөбереге дейін – «ата баласы», ал жеті атаға дейін – аталастар, онан әрі –туысқан-руластар, одан әрі – тайпаластар, одан әрі – жүздестер саналған. Ең жоғарғы бірігуі – Үш Жүз—қазақ, ең жоғарғы түркі тайпасының бірігуі—«Алаш» балалары (олар: Алты Алаш – қазақ, өзбек, ноғай, қырғыз, қарақалпақ және башқұрт).

Ал әйел жағынан туыстастық «құда», «нағашы», «жиен» секілді жақындықтардан құралады…

Семьяда әке ролі күшті болған. Сондықтан да қазақтар пәленшенің баласы, пәленшенің ауылы деп, сол әке атымен атаған, бөлек үй болғанымен, өз атымен атамаған.

«Әкеге қарап – ұл өсер, шешеге қарап – қыз өсер», «Ата ұлы – құл», «Атасыз ұл – жетесіз құл» деген мақал-мәтелдерден, сол секілді, «әкесі үстінен ұлы арыз айта алмаған», «әкесі ұлын өлтіруге, жалшылыққа беруге праволы» деген заңдардан біз атаның қоғамдық тұрмыста алатын орнын жақсы түсінеміз.

Қазақтарда ұлдардың үлкені мен кішілерінің қарым-қатынасы әке мен бала қарым-қатынасындай. Үлкенді сыйлау, оны тыңдау – қазақтардың мықты ұстанған жолы. Үлкенді құрметтеп, сыйлағандарды тәртіпті, көргенді санаған. Әрине, бұлар өздері ертең үлкен болып, қартайғанда соңғылары да өздеріне дәл осындай құрмет көрсететінін жақсы түсінген. «Әкеңе не жасасаң, алдыңа сол келеді» деп халық текке айтпаған.

Алайда қазақтар балаларына аса мейірімді, оларды ешқашан ұрып-соқпаған. Жалпы бұл әдет Шығыс халықтарына жақын, етене мінез-құлық. Ағылшын зерттеушісі Э. У. Лэйн көптеген жылдар бойы Египетте тұрып, мұнан 150 жыл алдын өзі көріп, әбден біліп жазған сөзін айтсақ дұрыс болар деп ойлаймын. Ол: «Египеттіктер балаларын қаншама еркелетіп, еркімен жіберсе де, олар өз әке-шешесіне шектен тыс, ізетпен қарап, құрметтейді. Мұсылмандар әке-шешесіне бағынбаған балаларды пұтқа табынушылар, адам өлтірушілер, біреуге ойнастық етті деп жалған куә болушылар, әйел қаза болғанына қарамай сол секілді жетім-жесірдің мал-мүлкін талан-таражға салушылар, сүтқорлықшылар және дінсіздермен күрес жүргізуден бас тартушылар іспетті санап, өте ауыр қылмыс санаған», /10/— деп жазады.

«Баланы— жастан, әйелді—бастан» дегендей, бала тәрбиесіне қазақтар үлкен мән берген. Тәрбие білімнен жоғары қойылған. «Егер әкесі пияз, атасы сарымсақ болса, ұлында қандай хош иіс болмақ?»—деп арабтар айтқандай, бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі».

Үлкен семья шаруашылыққа өте тиімді, жұмыс қолы мәселесін шешуге пайдадан басқа зияны жоқ еді.

Ұлын үйлендірерде ата-анасы «құда» болар жұртын таңдап, сынап барып «құда түскен». «Құда түсу» қалың малсыз болмаған. Көптеген зерттеушілеріміз «қалың мал» институтын кертартпа деп бағалайды. Біз бұған қосыла бермейміз. Рас, қалың мал әйел мен еркектің тең праволығын жойып, ер адам алдына әйелдерді тәуелді ететіні рас. Оны біз тек «қалың мал» тілегендіктен, мал сияқты сатып алды деп қарамай, ұзақ дәуірлер қалыптасқан «семья», отбасы, ошақ-қасы дәстүрлерінен іздеуіміз керек. Сондықтан да шығыстанушы совет ғалымы А. М. Васильев: «Қалыңмалды тек қана қыздарды сатып алу деп қарамау керек. Қалыңмал ертеңгі күні ажырасқан жағдайда өмір сүруі үшін не әке-шешесінде, не өзінде қалатын нәрсе. Оның үстіне оның бір бөлігі той өткізу, жасау жасау, т.б. жаратылады»./11/—деп анығын көрсетеді. Сайып келгенде қазақтар қалыңмалды қыздың өзіне жаратқан. Ұзатылатын қыздың бір ғана сәукелесінің қалың мал алып қыз әкесі байымаған, қалыңмал беріп алыс-беріс жасаған. Алғаш жігіт жағы әкелсе, қыз жағы да дәл сондай етіп ілулерін, киіттерін қайтарған. Қазіргі бояуды қою жағып, үйленушілер бейне бір қарызға белшесінен батып, кіріптарлық халге түседі деген пікірді қалыптастырған. Ссодан барып, қалыңмал сияқты жоралардың бәрі де өз ретінде, әркімнің шама-шарқына орай, бай кедейлігіне байланысты өтелінген.

Қазақтар өз қандастарынан, жақын-туыстарынан қыз алмаған. Әсіресе жеті атаға дейін қыз алуға мүлдем қарсы болған. Олар әрдайым алыстан, қан араласпаған рудан алған. Бұл медициналық, адамгершілік тұрғыдан алып қарағанда өте дұрыс жол. Оның үстіне «қара тамырлды қазақ» туыстыруға, біріне-бірін жақын етуді көздеген. Көптеген Шығыс елдері халықтары бұл жөнінен қазақтарға теңесе алмайды. Шығыс халықтарын былай қойғанда, өз туыстарымыз—түркі халықтары арасында немерелес туыстары өзара қыз беріп, қыз алысатын дәстүр бар. Қазақ—қыздың түріне, сұлулығына емес, алдымен ақылына, тәлім-тәрбиесіне қараған. «Шешесін көріп –қызын ал», «Қайын алма, қайын-жұрт ал» деп, көргенді жердің қызын алуға тырысқан. Сол себепті де қазақтар өздері араласып, көріп жүрген жерге құда түсіп, ұлдарын үйлендірген. Ұлдары бұған қарсылық етпеген. Өйткені әке-шешесі, туысқандары кәмелетке енді жеткен жасөспірімнен гөрі көп нәрсені білген, түсінген. Одан ұлдары опық жемеген. Кейбір зерттеушілердің артығырақ айтса да: «Қазақтар үйленбейді, үйлендіреді» деулері, міне, осыдан туындайды. Мұндай ақылдасып, ойланып үйлендірілген ұл семья шырқын бұза алмаған. Бұрын қазақ семьясы түгелге жуық ажыраспаған. «Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» деп, ерінен ажырасқан әйелдерге, «қатын қоя бергіш» деп ұлдарға қазақтар жақын қарап, ондай болуға жол бермеген. «Пәленшенің баласы не қызынан үлгі алма!» деген сөзден аулақ болуға тырысқан. Қазақ қыздары керікті, қара көз, қара шашты, мығым әрі еңбексүйгіш солып келеді. Оны біз таза ауа, ағарған ішуден, кішкентайынан еңбекке араласуынан деп білеміз.

Қазақтар басқа халықтарға, олардың дініне қарамай сиректе болса үйленген. Мұндай жәйттер қалмақтармен екі арадағы жаугершілік кезінде жиі ұшырасты. Кейін шариғат заңы әсерінен қазақтар қыздарын діні басқаға тұрмысқа беруге тиым салған. Рас, шариғат заңында мұсылман адам христиан, еврей, зороастрийлерге үйленуге рұқсат етіп, тек мәжуасилік діндегілерге (анимисткаларға) үйленуге рұқсат етпейді. Мұсылманға тұрмысқа шыққан мұсылман емес әйелдер өз дінінде қала беруге еркі бар, бірақ онан туғанбалалар мұсылман болып есептелген. Ал мұсылман әйелдердің кәпірлерге тұрмысқа шығуына рұқсат жоқ. Қазақтар да осы жолды ұстанған. Егер тұрмысқа шықса, онда өлім жазасына кесілгенін біз қазақтардың әдет-ғұрып заңдарынан жақсы білеміз.

Қазақтарда қыз 16, ер бала 15 жастан үйленіп, отау құруға рұқсат етілген.

Қазақтар ажырасу үшін үйленбеген. Біз жоғарыда айтып өткеніміздей шариғатта мүлдем ажырасудың 17 формуласы бар. Бұлардың ішінен «талақ», яғни «мен сені тастадым» деп талақ айту ең қиыны. Мұндай сөзді айтқаннан соң, ері әйеліне қайта қосыла алмайды. Қайтадан қосылу үшін әйелі басқа біреуге некеге тұрып, сонан кейін онан ажырасып қана өз еріне некеге тұра алады. Бұл шариғат заңының қазақтарға енбегенін айта кеткеніміз жөн.

Қазақтарда күйеуінен ажырасқан әйелге баласы берілмеген. Өйткені әйел басқа рудан саналып, ал, балалары әкесінің мирасқоры болғандықтан деп ұғуымыз керек.

«Келін» болып түскен алғашқы жыл, қазақ қыздары үшін өте ауыр да қиын болған. Олар «жат» жұртқа келіп, жыл бойына қажет болса, екі-үш балалы болғанынша бүкіл руластары сынағында, сынауында болып, қажет десеңіз жаңа түскен келінді келген қонақтарға дейін сынаған. Әрине, мұндай сынаудың тәрбиелік мәні ерекше екенін айтқымыз келеді. Жас келін бет алды тайраңдамай, «отау иесі» болғанын, өзінің үйінде алған өнегесі мен тәрбиесін көрсете отырып, ене мен жеңгелерінен әдептілікті, қонақ күтуді әрі үй шаруасы жұмыстарын, туысқан-туғандарға, үлкен-кішіге қарым-қатынасын, жалпы айтқанда, күнделікті тұрмыс-тіршілікте өзін ұстап, әдепті болуды, сыпайылықты үйренеді.

Әйелдер аяғы ауыр болып, бала тапқанға дейінгі аралықта қазақтар арасында көптеген әдеттер мен сенімдер қалыптасқан. Семьяда қыздан гөрі ұл тапқанды ұнатқан. Алайда, қыз болса да өкінбеген.

Қазақтар ұлын да, қызын да мәпелеп, бар мейірімін аямаған. Қазақтарда «әйелдер босанатын үй» болмағаны көпке мәлім. Оның есесіне әрбір қазақ әйелдері «босандыру» шарттарын, жолдарын, қиын-қыстау жағдайларын жақсы біліп, босанушыларға үлкен жәрдем көрсете алған. Сондықтан да «босану» қазақ әйелдеріне көп қиындық келтірмеген. Нәрестенің кіндігін кескен әйел «кіндік шеше» атанған. Әрине, босанар алдын «кіндік кесуге» қазақтар көбіне баласы көп, тәлім-тәрбиелі әйелдерді шақырған. «Кіндік шешеге» нәрестенің бір мінезі ұқсайды деп санаған. Шындығында да, бұл сөздің жаны бар «Кіндік шешесінің» бір мәнерін ұстанбайтын бала сирек кездеседі. Әрине, оған біз мән бере бермейміз. Оның үстіне қазір «әйелдер босанатын үйде» босанып, ол «кіндік шешенің» мінез-құлқын көбіне біле бермейміз. «Кіндік шешесін» кез келген адам сыйлап, құрметтеген. «Кіндік шешесіне» бала алғашқы табысынан сыйлық берген./12/

Жаңа туылған балаға ат қою да көбіне ақылдасып шешілген. Дегенмен ұл балаға әкесі, қыз балаға шешесі не әпкелері ат қойған. Азан шақырып ат қою рәсімі де қызық. Исламға дейінгі бала есімдерін, исламнан кейін оның әсерінен қойылған есімдерден оңай ажыратуға болады. Арабша мәнді аттардың бәрі ислам әсерінен енген.

Болашақ туылатын ұрпағының денсаулығы жайлы, тұқымдарының таза болуы жайлы қазақтар некелеспей тұрып-ақ ойланған. Сол себепті де тым әріден, алыс рулардан қыз алған. Қазақтарда нәсілдік-генетикалық сырқаттың болмауы осыдан болса керек. Қазақтарда құда болатын жағының жұқпалы ауру бар-жоғына не ақыл-есі дұрыстығына ерекше мән берген.

Аяғы ауыр әйелдерге барлық жағдай жасалған. Жерік асын қайдан болсын тауып берген. Ауыр жүк көтертпеген. Қазақтарда алкоголь ішімдіктер мүлдем пайдаланылмаған. Екі қабат әйелді түнде жалғыз қалдырмаған. Оған барлық уақытта да жағдай жасап, тыныштық орнатқан.

Бала туылып, жарық дүниеге келуі қазақ семьясына үлкен қуаныш әкелген. Туылған балаға да көп жағдай жасалған. Жаңа туған баланың қас жауы—суық тигізіп алу. Әсіресе қыстың күндері киіз үйді барынша жылы ұстаған.

Әдетте шала туған 6-7 айлық сәбилер өмір сүрген. Мұндай балаларды қазақтар Шалабай деп атаған. Ал 8 айлығында туғандар өліп қалған. Нәресте туылғаннан соң 1-2 сағаттан соң емізген. Мама аналар баланы қалай емізу жайлы жас босанғандарға кеңес берген. Баланы бір жарым жасқа дейін, кейде үш жасқа дейін, кейде бес жасқа дейін емізе берген. Емшекпен бірге басқа тамақпен ауқаттандыру 4-5 ай өткен соң басталған. Құйрық май т.б. тағамдарды таза дәкеге салып, еміздік ретінде аузына салған. Құйрық майдың бактерицидтық қасиеті барын қазіргі кезде зерттеуші ғалымдар дәлелдеп отыр. Баланы міндетті түрде тұзды суға шомылдырған. 40 күннен кейін қырқынан шығарып оны атап өткен. Содан соң «бесік той» жасап (әрине, ауыл-аймаққа ғана), бесікке бөлеген. Қазақ бесігі ағаштан жасалған, өте ыңғайлы, көшіп-қонғанда жайлы. Көптеген зерттеушілеріміз бесікке бөлеу зиян деп қате пікір ұстанып келгенін жасыра алмаймыз. Жас бала ыстықтап, көрпесін теуіп тастайтыны белгілі. Бесікте жатқан баланың денесіне суық тимейді, бөленген баланың, аяңғы (сирақ) қисық болмайды, асты былғанбай, таза жатады, ал асты былғанған бала төсекте жата алмай, жылауық келеді. Әрине, бесіктің мұндай жақсы қасиеттерін көрмеу әбестік.

Жас балаларды еңбекке үйрету ерте жастан басталған. Үш-төрт жастан қыз шешесіне, бала әкесіне жақын жүріп, солардың кәсібіне әуестене бастаған. Шешесі қызына үй тіршілігіне қажетті нәрселерді: тігіншілікті, тамақ даярлауды, қонақ күтуді т.б. үйреткен. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақалға үлкен мән берілген.

Қазақтар спорттық жаттығуларға кішкентайынан жаттығып, жас балалар атқа шауып, секіріп, күресіп, көкпар тартып дегендей, шынығып өскен. Н.А.Добролюбов: «Бірде-бір неміс гимнасшыларының, грециялықтардан басқа, үлгі-өнегелері болмағандықтан, бізге мұнда қырғыз даласына келмеуі өкінішті-ақ. Мұнда олимпиялық ойын түрлері: күрес, сырыққа өрмелеу, жүгіру, т.б. гүлденіп өскен»,— деп текке мақтамаған. О бастан қазақтардың сүйікті ойындары: атпен шабу, садақ ату, қазақша күрес, жарыс, аңшылық, т.б. жақсы дамыған. Осының бәрі баланың жасынан шынығып, мықты болып өсуіне, былайша айтқанда, дене тәрбиесіне зор мән берілген. Жаз бойы бай, кедей демей жалаңаяқ жүгірген./13/

Ұйқы тәтті деп, дұрыс ұйықтап, баланың дұрыс демалуына да ерекше мән берген. Ұйықтап жатқан баланы қорқып, нерв жүйесі зақымданады деп, айқайлап оятпаған. Қатты ұрып-соқпаған. Баласын жиі ұрып-соғушыларды халық сөгіп, ұрысқан.

Ежелден-ақ ата-аналары балаларын кішкентайынан тамақты асықпай, шайнап жеуге үйреткен. Кішкентай нәрестені көпшілікке көрсете бермеген. Әрине, мұның бір жақсы жағы балаларды жұқпалы аурулардан сақтаған.

Баланы сүндетке отырғызу мұнан 6 мың жыл алдын Африка халықта- рында болған. Баланы сүндетке отырғызу жайлы Құранда да ештеңе айтылмаған. Бұл дәстүр мұсылмандардың дәстүрі болып саналмайды. Кейін бұл дәстүрді ислам қабылдап, өз жорасына айналдырған. Сүндетке отырғызу тойы біздің қазақтарда көп адамдар қатысуымен атқарылып, оған көп қаржы жұмсалады. Оның үстіне көбіне сүндетке отырғызу ауыл шаруашылық науқаны нағыз қызған күз айларында өткізіледі. Мұның өзі көп адамдарды жұмыстан қол үздіретіні сөзсіз. Рас, қазір медициналық мекемелерде балаларды сүндетке отырғызып жүр. Біз бұл істі қолдап-қуаттаймыз. Сүндетке отырғызу медициналық тұрғыдан пайдалы екенінде дау жоқ. Ыстық аймақтарда тұратын адамзат зиялылары мұны ойлап тапқан. Сондықтан сүндетке отырғызудан бас тартпай, қайта оған халықтық сипат беру қажет. Тек қана оның діни бояуын сыдырып, оған мән бермеуіміз керек.

 

 

 

 

 

 

ІІ. ИСЛАМ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

 

 

2.1 Қазіргі Қазақстандағы Ислам дінінің жағдайы

Біздің қазақ халқы –мұсылман, діні – ислам екендігі үнемі Елбасшымыз Н.Ә.Назарбаев биік мінбелерден тектен текке айтып жүргені жоқ. Сан ғасырлар бойы исламдық жолды ұстанған ата-бабаларымыз осы дінге лайықтап өз әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, наным-сенімін қалыптастырған, әрі оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып отырған.

Өкінішке орай, кешегі «қызыл империя» ата-бабаларымыз қасиеттеген, түпкі табиғи болмысына айналдырған ислам дінін мансұқтап, ұрпақтарына құбыжық еткен атеистік тәрбие сәл болмағанда алтын діңгегінен ажыратып, мәңгүрт ете жаздады. Құдайға шүкір, қазір тәуелсіздігіміз өз қолымызда, егеменді елміз. Халқымыз ислам дінімен қайта қауышып, көпшілік имандылыққа бой ұруда.

Қазіргі жаһандану дәуірінде «бәле қайда? Бассаң аяқ астында» дегендей, бізді сақтануға шақыратын мәселелер жетерлік. Еліміздіегі экономикалық қиындық көптеген келеңсіз жайттердің бой көтеруіне жол ашып берді. Бір формациядан екінші формацияға өту, әрине, көптеген қиындықтарды қоса әкеледі. Бұл қиындықтардан рухани біртұтастық қиналдырмай алып шығаруы хақ. Ал, рухани күйзеліске ұшырау, әртүрлі жіктерге бөлініп, дағдарысқа ұшыратады. Қазіргі Қазақстан халқы рухани дағдарыстарды басынан кешіруде. Алпауыт империялар ең алдымен жаһандану дәуірінде кез келген елдің рухани бірлігіне нұқсан келтіруді тектен текке көздемейді. Рухани тұтастығынан айырылған елді өнбіс етіп алу ежелден келе жатқан дәстүр. Әсіресе, ұйқыдан енді оянған нәрестедей қазақ халқын азғыру, соңына ерту оңайдың оңайы. Тәуелсіздігімізден бергі он жыл ішінде жарты миллиондай қара көздеріміз басқа діннің шылауында кетуі осыны айғақтайды. Дәл осылайша үнсіз кете беретін болсақ, алдағы 15-20 жыл ішінде қазақтың тең жартысы өзге діндерге өтуі ғажап емес./14/

Сондықтан да, әлі де кеш емес, мемлекеттік тұрғыдан маңыз беріп, дін саясатына ерекше көңіл бөлу, мемлекеттің басым көпшілігі мұсылмандардың (Қазақстан Республикасында қазір мұсылмандар ресми дерек бойынша 70%) мүддесін, ауыз бірлігін сақтайтын заңдар қабылдау, исламдық этикалы мектептер мен жоғарғы оқу орындарында оқыту, миссионерлік іс-әрекеттерге тыйым салу қажет. «Иегово куәлері» үстіміздегі жылы Украинада конференция өткізіп, оған Қазақстаннан барған 500 делегаттың 350-і өзіміздің қара көздер екені көп нәрсені білдірсе керек. Қаншама қара көздеріміз «кришна» дініне еніп, мінез-құлықтары адамдық сипаттан алшақтап кеткенін де жақсы білеміз. Ислам дінін үгіт-насихат етушілерден гөрі өзге, дінімізге жат діндерді насихаттаушылар көп. Олар қалалардағы көше-көшелерді, тіпті ауыл-ауылдарды аралап, тегін діни кітаптарын таратып, жұртты азғыртып жүр. Қайта, міне осы миссионерлердің өздері адам құқығын бұзып, отбастарымызға ылаң салуда. Қазір Республикамызда үш жүз елуден астам діни секталар мен ағымдар білгенін істепм жатыр. Олардың қатарында исламдық ағымдар мен «Ахмади» секілді теріс жолдағы ағымдар да бар.

Біздің қазақ сан ғасырлар бойы ислам дінінің «Имам Ағзам» деп аталатын Ханифилік жолды ғана ұстанып келген. Бұл жол нағыз демократиялық, суниттік жол. Ханифилер өзінің көнімпаздығымен, ізгілікті сипаттарымен ерекшеленеді. Мұны жақсы біле білген ата-бабаларымыз осы ағымды ҮІІІ ғасырдан бері нық ұстап, арасына жік түсірмей келген еді.

Ислам дінінің берік орныға қоймау себебін біз республикамыздағы жалпақшешейлік діни саясаттан көреміз. Көпұлтты Ресейде зайырлы мемлекет бола тұра, заңдарында ежелден келе жатқан христиан дінін құрметтеп, оған басымдылық беретінін айдан анық жазып көрсетеді. Ал, біздерде әлемдегі барша дін, ағым, секталарға есік ашық.

Ағамыз қазақ «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен имандылықты бойына сіңіру, мектепте де жоғарғы оқу орындарында да мұны талассыз жүргізіп отыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Бұл көкейкесті мәселелерді шешуге мемлекетіміз де, діни басқармамыз да, бүкіл мұсылмандар да атсалысып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару керек. Қазақстанды мекендейтін мұсылмандар 70% астам. Әрине, бұл үлкен күш. Бәріміз осы күшті бірітірсек, адамгершілік, әділеттілік, имандық жолын тез қалпына келтірер едік. Мемлекетімізде халықтар татулығы нығайып, нағыз азаматтық қоғам құру жеңілдер еді. Өйткені, құқықтық-демократиялық мемлекеттің қайнар көзі де осы исламда, ата-баба қағида-ережелерінде жатыр. Парламентіміз заңдарды құрастырып, бекітіп, қабылдап отырғанда бұларды көзінен таса қалдырмаулары тиіс. Барша өркениетті елдер өздерінің түп-тамырларына, өткеніне сүйенеді. Жапония да, АҚШ та, Қытай да, Ағылшындар да, Немістер де, Үнділер де дәл солай, қазіргі заңдары өткенінен нәр алған. Ал, біздердің заңымыз сырттан әкелінгендіктен, қаншама сұлу, әдемі көрінгенімен дінімізге, руханиятымызға сіңбейді. Сол үшін де заңдарымыз көпшілік көңілінен шықпай жүр. Оған бірер мысалдар келтіре кетейін:

— біріншіден, ата-бабаларымыз кез келген іс-әрекет, ой-ниетті адал-арамға, жақсы-жаманға, обал-сауапқа, дұрыс-бұрысқа бөлген. Бірін—жақсы, екіншісін—күнә дейді. Күнә нәрселер адам баласына зиян келтіреді. Сондықтан да ондай іс-әрекеттер қылмыс, жөнсіз жасалып, кез келген қоғам мүшесі ондай әрекеттерден аулақ жүрген;

  • екіншіден, күнә жасаушылар болмауын қоғамның өзі қадағалап, бола қалған жағдайда оның шығу себебін анықтап, оның жайылып кетпеу жағы қарастырылады;
  • үшіншіден, күнә жасаушы міндетті түрде жазасын тартуы, жасаған күнәсіна өкініш білдіруі, екінші рет істемеуге шешім қабылдауы және қылмыс пен күнәнің кешірілуі көзде тұтылады;
  • төртіншіден, мұны жүзеге асырушы билер, ақсақалдар және билік басындағылар жақсы біліп қана қоймай, оларды жаман жолдан қайтарып, имандылыққа жетелеген;
  • бесіншіден, кез келген қылмысты іс, дау-дамай жариялы түрде, халық алдында өткен. Сөйтіп, жазаның әділдігі өзгелер алдында анықталып, оның үстіне өзгелерге сабақ, үлгі (сот шешімдері) болған./15/ Өкінішке орай, осындайнағыз демократиялық принциптер құқық қорғау органдары қызметкерлерінде жеткіліксіз. Ал осы принциптерді мықты ұстанған мұсылман елдерінде түрмелер бос, қаңырап тұр. Айтылған кінараттар нәтижесінде республикамызда түрмелердің толы болуы, біздерде салауаттық пен имандылықтың жоқтығын көрсетеді. Елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформалар нәтижелі болуы—имандылық пен әділеттілкте жатыр. Ал, имандылық пен әділеттілік тек ислам діні мен ата-бабаларымыздың біздерге қасиеттеп қалдырған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінде жатыр. Мұны мықтап қолға алмасақ, бармақ тістеуге де шамамыз келмей қалары анық.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Қорыта келгенде Ислам дінінің қасиетті кітабы «Құран Кәрім» өткен мен қазіргі уақыт сабақтастығын жүзеге асырды, онда көптеген халықтардың тарихы мен тағдыры тоғысты, терең тарихи тамырлары, уақыт пен кеңістік аясындағы әр түрлі халықтар тұрмысындағы ұқсастықтары ашылып, адам қоғамның пайда болуының алыс-жақын түп-тамырлары зерттелді: Құранның уақыт өтсе де, маңызы кемімейтін қасиеті де осында. Ислам діні көптеген халықтардың рухани табиғатына сай келді. 1500 жылғы ислам тарихы, Мұхаммед пайғамбардың өмірі, оған дейінгі пайғамбарлар тарихы осыған дәлел. Исламның терең тарихы бар Көне Қазақстан жеріне келуі мәдениеттің дамуына, қоғамымыздың өзіндік санасы мен руханилығы игі ықпал еткені баршаға аян.

Мұсылман мәдениетінің артықшылығы тең рухани салада ғана көрініс тапқан жоқ. Дін—наным-сенімге, этикаға, философияға және Қазақстандағы ғылым мен мәдениетті дамытуға зор ықпалын тигізді. Сонымен қатар қазақ жеріне ислам дінінің таралуын қазақ халқына тигізген оң әсерлерін қазақтың төл салт-дәстүрімен байланысуы, қазақ халқының отбасылық өмірінде ислам уағыздарының адамгершілікке толы қасиеттер мен тәлім-тәрбиенің ұқсастығының молдығын барынша ашып көрсеттім деген ойдамын.

Атамыз қазақ «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бала шыр етіп , жарық дүниеге келген күннен имандылықта бойына сіңіру, мектепте де, жоғарғы оқу орындарында да мұны талассыз жүргізіп отыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін айтқым келеді.

0

Автор публикации

не в сети 5 лет

Tarazsky

6
Комментарии: 0Публикации: 982Регистрация: 14-11-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля