16 апреля, 2019 22:07
Сақтандыру
Жоспар:
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының рөлі мен міндеттері
- Сақтандыру төлемдерін алу мәселесі жөнінде түсініктемелер
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының рөлі мен міндеттері
Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің енгізілуіне байланысты құрылған Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының (бұдан әрі – Қор) құрылғанына биыл үш жыл толып отыр.
Нақты бір қызметтерді атқарған ерекше әлеуметтік сақтандыру жүйесі кеңес уақытында да болған. Алайда ол кейбір сыртқы және формальді белгілерімен ғана сақтандыру болды, мысалы ол арқылы уақытша еңбекке жарамсыздығы жөніндегі параққа төленді, өндірістегі бақытсыз жағдайларға, кәсіби ауруларға немесе басқа да бір жағдайларға байланысты жәрдемақылар ресімделді. Өзіндік мәні жағынан бұл жүйе әлеуметтік сақтандыру емес әлеуметтік қамсыздандыру болды. Сақтандыру ол әлеуметтік немесе коммерциялық болғанына қарамастан маңызды принципке негізделуі қажет, яғни төленген жарналарға сәйкес болуы керек.
Біздің мемлекетіміздің әлеуметтік саясаты елімізде әлеуметтік қорғаудың мықты жүйесін құруға бағытталған.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты 2005 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында үшдеңгейлі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік реформаның тереңдетілген үш жылдық бағдарламасы жүзеге асыру басталғанын атап өткен болатын.
Халықты әлеуметтік қорғаудың екінші деңгейі болып табылатын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі біздің елімізде 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді және әлеуметтік бағыттағы мемлекеттік шығындардың елеулі кеңейгенін дәлелдеді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін қаржыландыру жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалардың Қорға төлеген әлеуметтік аударымдарынан тұрады және оларға салық жүктемесінің көбеюін болдырмау үшін төленетін әлеуметтік аударымдар сомасына әлеуметтік салық мөлшері төмендетілген.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу мақсатында құрылған Қор бірден бір құрылтайшысы және қатысушысы мемлекет болып табылатын акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым. Қор әлеуметтік аударымдарды шоғырландырып, әлеуметтік тәуекел туған жағдайға қатысты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік төлем төлеуді жүргізеді.
Қазіргі уақытта Қор әлеуметтік тәуекелдің үш түрі бойынша – еңбек ету қабілетінен айрылу, асыраушысынан айрылу және жұмысынан айрылу бойынша төлем жүргізеді. Осылайша, жұмыс істейтін зейнеткерлерден басқа, кәсіпорындарда және меншіктің барлық түрлеріндегі ұйымдарда, сонымен қатар жеке еңбек қызметімен шұғылданатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған барлық тұлғалар, егер олар үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілсе олар еңбек ету қабілетінен айрылған, асыраушысынан айрылған және жұмысынан айрылған жағдайда Қордан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы.
Сақтандырудың негізгі принципін сақтау мақсатында – төлемдер жарнаға байланысты болатындықтан әлеуметтік аударымдарды есепке алу жеке әлеуметтік код негізінде дербес жүргізіледі. Әлеуметтік төлемдер мөлшері міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының қатысу өтіліне және орташа айлық табысына байланысты болады. Сонымен бірге төлеушілердің әлеуметтік аударымдарды уақытында және тұрақты төлеуі әлеуметтік төлемдердің мөлшеріне әсер етеді. Яғни жұмыс беруші заңды қаншалықты орындаса нақты адамға тағайындалған әлеуметтік төлемнің мөлшері соған байланысты болады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қолданысқа енген кезінен бастап 2007 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүргізілген әлеуметтік төлемдердің сомасы 309 548,6 мың теңгені құрады, оның ішінде:
• еңбек ету қабілетінен айрылуы бойынша – 203 192,58 мың теңге;
• асыраушысынан айрылуы бойынша – 102 293,3 мың теңге;
• жұмысынан айрылуы бойынша – 4 062,9 мың теңге.
2007 жылдың ақпан айында Қордан 10 840 алушыға әлеуметтік төлемдер жүргізілді, оның ішінде:
• еңбек ету қабілетінен айрылуы бойынша 7 926 алушыға;
• асыраушысынан айрылуы бойынша 2 877 алушыға;
• жұмысынан айрылуы бойынша 37 алушыға.
Әлеуметтік төлем алушылар санының былтырғы жылға қарағанда 4 есе артқанына қарамастан жүргізілген әлеуметтік төлемдер мөлшері мен алушылар саны болжанған көрсеткіштерден едәуір аз.Әлеуметтік төлем алушылар санының шамалы болуын біз халықтың әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш беруге құқысы бар екендіктерін білмеуінен деп ойлаймыз. Осыған байланысты Қор тағы да төмендегіні хабарлайды.
Егер Сіз міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болсаңыз, яғни Сіз үшін әлеуметтік аударымдар төленсе онда еңбек ету қабілетінен айрылу, асыраушысынан айрылу және жұмысынан айрылу әлеуметтік тәуекел жағдайы туғанда Сіз мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыдан басқа Қордан әлеуметтік төлем алуға құқылысыз.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға ерекше көңіл аударылды. Елбасы ана мен баланы әлеуметтік қорғауға айрықша мән бере отырып, 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейтін әйелдердің жүктілігі, босануы мен аналық кезін міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізуді тапсырды. Осылайша Жолдауда айтылған Президенттің тапсырмасына сәйкес Қордан әйелдердің жүктілігіне, босануына және бір жасқа дейінгі бала күтіміне әлеуметтік төлемдер жүргізіледі. Мұндай төлемдерді алуға ол үшін жұмыс беруші әлеуметтік аударымдар жүргізген, сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған өзі үшін әлеуметтік аударымдар төлеген жұмыс істейтін әйелдер құқылы.
Әлеуметтік төлемдердің маңызды бөлігінің Қорға берілуіне байланысты әйелдердің жүктілігі, босануы және бала туғаннан кейінгі бірінші жылы барлық қаржылық міндеттемелер «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» Заңымен кепілдендіріледі, және бұл кейбір жұмыс берушілердің жүкті әйелдерге деген кемсіту, тежеу сияқты қатынастарынан қорғайды.
Әйелдердің жүктілігі, босануы және аналық кезеңін міндетті әлеуметтік сақтандыруға енгізуге байланысты бізге Қордың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және алушылар алдындағы өз міндеттерімізді орындау мақсатында әлеуметтік қамсыздандыру бойынша бірқатар заңнамалық және нормативті құқықтық актілерге өзгерістер енгізу мәселелерін шешу қажет.
Сонымен қатар қосымша қызметттердің жүктелуіне байланысты Қордың бұдан әрі қарқынды дамуы үшін бізде жаңа мүмкіндіктер ашылатын болады. Мемлекеттің ана мен баланы қорғауға бағытталған әлеуметтік саясаты қоғамның жағдайы мен оның қарқынды дамуының болашағын айқындайды. Бүгін ана мен бала құқығын қорғай отырып, біз өз болашағымызды қорғаймыз.
Сақтандыру төлемдерін алу мәселесі жөнінде түсініктемелер
Қазақ КСР-нің Мемсақтандыруымен
жасалған өмірді ерікті сақтандыру
шарттары бойынша сақтандыру төлемдерін
алу мәселесі жөнінде түсініктемелер
Кейінгі кезде азаматтардың (жеке тұлғалардың) бұрынғы КСРО Мемлекеттік сақтандырудың Бас басқармасымен (КСРО Мемсақтандыру) жасалған өмірді сақтандыру шарттарының қолданылу мерзімдерінің аяқталуы бойынша сақтандыру төлемін алу мәселесі жөнінде Ұлттық Банкке жиі өтініш жасауына байланысты сақтанушыларға (пайда алушыларға) осы мәселе бойынша түсініктемелер береміз.
КСРО Мемсақтандыруының қызметі кезеңінде оның Қазақ КСР-ндегі уәкілетті органы Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сақтандыру Басқармасы болды, ол сақтандыру қызметін, оның ішінде өмірді ерікті аралас сақтандыру, балаларды сақтандыру, некелесуге (үйлену тойына) дейін сақтандыру бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асырды. Сақтанушылармен (пайда алушылармен) ұзақ кезеңге: мысалы, бір жылдан бес жылға дейін, он сегіз жасқа дейін және одан да ұзақ уақытқа сақтандыру шарттары жасалды. Сонымен бірге сақтанушылар сақтандыру төлемдерін сақтандыру ережелерінде (талаптарында) белгіленген тариф бойынша жыл сайын төлеп отырды.
КСРО-ның ыдырауы сақтандырудың бірыңғай жүйесінің бұзылуына әкеп соғуына байланысты, Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің 1991 жылғы 7 мамырдағы № 289 қаулысымен Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сақтандыру Басқармасы құқықтық мұрагерлік өкілеттіктерімен Қазақ КСР-нің Мемлекеттік коммерциялық сақтандыру компаниясы (бұдан әрі – Компания) болып қайта құрылды.
1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік меншікті мемлекет меншігінен алу мен жекешелендірудің Ұлттық бағдарламасына және Қазақстан Республикасы Президентінің «Сақтандыру рыногын қалыптастыру және дамыту жөніндегі ұйымдық-құқықтық шаралар туралы» 1994 жылғы 16 сәуірдегі № 1658 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 17 сәуірдегі № 496 қаулысымен Қазақ КСР-нің Мемлекеттік коммерциялық сақтандыру компаниясын «Сенім» сақтандыру компаниясы» ашық үлгідегі акционерлік қоғамы («Сенім» СК» ААҚ) етіп қайта құру белгіленді.
Осы қаулыны іске асыру Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитетіне (бұдан әрі — Комитет) тапсырылған еді.
Комитеттің 1995 жылғы 19 қазандағы № 307 қаулысымен:
- Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі Алматы қалалық аумақтық комитетіне – «Сенім» СК» ААҚ-ын құру тапсырылған болатын. Сонымен бірге сақтандыру ұйымы Компанияның Алматы қаласы бойынша материалдық және өзге де құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мұрагері болып табылатыны белгіленді. Алайда, қазіргі кезде осы сақтандыру компаниясы төлем жасау қабілеттілігінің болмауына және қаржы тұрақтылығы жөніндегі заңдардың нормаларын сақтамауына байланысты таратылды. «Сенім» СК» ААҚ-ын тарату туралы Заң газетінің 2001 жылғы 27 маусымдағы 29-30 (398) нөміріне хабарландыру берілді.
- Аумақтық комитеттерге — облыстық сақтандыру фирмаларын Компанияның құрамынан шығару және акционерлік қоғамдар етіп қайта құру тапсырылды. Егер қайта құрылатын бөлімшелердің жарғылық қорларына енгізілетін бағаланған мүліктің құны акционерлік қоғамның жарғылық қорының заңмен белгіленген ең аз мөлшерінен де аз болған жағдайда, сақтандыру фирмаларын шаруашылық серіктестіктер етіп қайта құру тапсырылды. Сонымен бірге Компания бөлімшелері жасаған іс-әрекеттер бойынша Компания өзіне олар жөнінде міндеттемелер алмаған құқықтар мен міндеттемелердің құқықтық мұрагерлері болып осы бөлімшелердің негізінде құрылатын акционерлік қоғамдар (шаруашылық серіктестіктер) белгіленген.
Төменде көрсетілген қаулыға сәйкес акционерлік қоғамдар (шаруашылық серіктестіктері) етіп қайта құруға жататын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік коммерциялық сақтандыру компаниясы бөлімшелерінің тізбесі келтірілген:
- Ақмола облыстық сақтандыру фирмасы;
- Ақтөбе облыстық сақтандыру фирмасы;
- Алматы облыстық сақтандыру фирмасы;
- Атырау облыстық сақтандыру фирмасы;
- Шығыс Қазақстан облыстық сақтандыру фирмасы;
- Жамбыл облыстық сақтандыру фирмасы;
- Жезқазған облыстық сақтандыру фирмасы;
- Батыс Қазақстан облыстық сақтандыру фирмасы;
- Қарағанды облыстық сақтандыру фирмасы;
- Қызылорда облыстық сақтандыру фирмасы;
- Көкшетау облыстық сақтандыру фирмасы;
- Қостанай облыстық сақтандыру фирмасы;
- Маңғыстау облыстық сақтандыру фирмасы;
- Павлодар облыстық сақтандыру фирмасы;
- Солтүстік Қазақстан облыстық сақтандыру фирмасы;
- Семей облыстық сақтандыру фирмасы;
- Талдықорған облыстық сақтандыру фирмасы;
- Торғай облыстық сақтандыру фирмасы;
- Оңтүстік Қазақстан облыстық сақтандыру фирмасы;
- Ленин қаласының сақтандыру фирмасы.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сақтандыруымен бұрын жасалған өмірді сақтандыру шарттарының қазіргі кезде мерзімі өткен немесе мерзімі аяқталып қалған барлық сақтанушыларға (пайда алушыларға) олардың шарт жасаған жері бойынша мына заңды тұлғаларға өтініш жасауына ұсыныс береміз:
1) Алматы қаласында — «Сенім» СК» ААҚ-ның тарату комиссиясына (Алматы қаласы, Сәтбаев көшесі, 30 б, № 6 кабинет, тел. 43-76-22);
2) Қарағанды қаласында және Қарағанды облысында – «Қарағанды сақтандыру компаниясы» ААҚ-на (Қарағанды қаласы, Чижевский көшесі, 33, тел. 8-321-2-56-20-20, 56-21-76), бұрынғы Жезқазған облысының аумағында жасалған шарттардан басқасы;
3) Орал қаласында және Батыс Қазақстан облысында – «Батыс Қазақстан сақтандыру фирмасы» ОААСҚ-нда (Орал қаласы, Достық даңғылы, тел. 8-311-2-50-62-94, 50-50-57);
4) Қазақстан Республикасының басқа облыстарында – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік пен жекешелендірудің облыстық және қалалық аумақтық комитеттеріне.