ХІІІ Ғ. МЕН ХV Ғ. БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТЕР

26 января, 2017 14:35

Ақ Орда, Моғолстан, Көшпелі өзбектер мемлекеті, Ноғай Ордасы және Сібір хандығы мемлекеттерінің құрылуы, саяси тарихы, мемлекеттік, қоғамдық құрылысы, этникалық құрамы және мәдениеті туралы түсіндіру. Осы мемлекеттердің ортағасырлық Қазақстан тарихында алатын маңызды рөлін ашып көрсету. Студенттердің ортағасырлық Қазақстан тарихы бойынша білімдерін одан әрі кеңейту.

 

Негізгі ұғымдар: Ақ Орда, Орда Ежен ұлысы, Шайбан ұлысы, Моғолстан, Алмалық, моғолдар (моғұлдар), дулаттар, Қашғария, Маңлай-Сүбе, Көшпелі өзбектер мемлекеті, Ноғай Ордасы, Сібір хандығы, маңғыттар,  шайбанилар, Орда Базар, Сарайшық, Чимга-Тура, Искер.

 

Жоспар:

  1. Ақ Орда.
  2. Моғолстан.
  3. Көшпелі өзбектер мемлекеті.
  4. Ноғай Ордасы. Сібір хандығы.

 

  1. Ақ Орда. ХІІІ ғ. ортасынан бастап Шығыс Дешті Қыпшақта Ақ Орда мемлекеті өмір сүрді. Алғашқы билеушісі – Жошының үлкен ұлы Орда Ежен болған. XIV ғ. Орда Ежен ұрпақтарының билігі Шайбан ұлысына да тарады. Ақ Орда халқының этникалық құрамында монғолдар өте аз болды. Мұнда монғол жаулап алуынан бұрын қыпшақ бірлестігінің құрамына кірген түркі тілдес тайпалар мекендеді. Сонымен бірге, Ақ Ордада Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде Қазақстанның шығысы мен Алтайдан қоныс аударған тайпалар өмір сүрді. Ақ Орданың астанасы алғашында Ертіс өзенінің жоғарғы ағысы бойында, Алакөл маңында болды. XIV ғ. Ақ Орда хандарының әкімшілік орталығы мемлекеттің оңтүстігіне, Сығанақ қаласына ауыстырылды. Мұсылман әулеттерінің хронологиялық кестелерінде Ақ Орда хандарының есімдері мынадай ретпен келтіріледі: Орда Ежен, Сартақ, Қоныша (Күйінші), Баян, Сасы-Бұға, Ерзен, Мүбарак-қожа, Шымтай, Ұрұс, Қойыршақ және Барақ.

XV ғ. 1-ші жартысында Ақ Орда хандары Алтын Ордадан тәуелсіз болуға ұмтыла бастады. Мүбарак-қожа хан (1320-1344) өз атынан теңге соқтырып, экономикалық және саяси жағынан тәуелсіздігін сақтап қалуға тырысты. Оның әрекеті Алтын Орда ханы Өзбектің (1312-1342) қарсылығына ұшырап, нәтижесінде Мүбарак-қожа хан Ақ Ордадан кетуге мәжбүр болды.

1359-1379 жж. Алтын Ордада орын алған «ұлы дүрбелең» тұсында Ақ Орда хандары өз иеліктерін күшейтуді жалғастырды. Мәселен, Ұрұс хан (1361-1376) Ақ Ордадағы хан билігін күшейтіп ғана қоймай, Алтын Орданың тағына отыруға әрекет жасады. Ол Еділ бойындағы жерлерге жорық ұйымдастырып, XIV ғ. 70-ші жылдарының ортасында Қажы-Тархан, Сарай қалаларын бағындырды. Алайда, көп ұзамай Ұрұс хан Сырдария бойындағы иеліктеріне қайтып оралып, Орта Азияның күшейіп келе жатқан билеушісі Әмір Темірдің басқыншылығына қарсы күресуге мәжбүр болды.

 

  1. Моғолстан. Моғолстанның құрылуы Шағатай ұрпақтары мемлекетінің XIV ғ. ортасында шығыс және батыс бөліктерге ыдырауына байланысты болды. Шағатай мемлекетінің шығыс аймақтары, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан Моғолстанның құрамына енді. Мұнда Жетісудағы ірі дулат тайпалардың көсемдері саяси ықпалға ие болды. 1348-жылы дулат әмірі Полатшы бастаған моғол шонжарлары Шағатай ұрпағы Тоғылық Темірді Моғолстан ханы етіп қойды.

Тоғылық Темір хан иелігіне Моғолстанмен қоса Шығыс Түркістанның бір бөлігі кірді. Кейін Шығыс Түркістан бірде әмір Темір ұрпақтарының мемлекетіне, бірде қайтадан Моғолстан хандарының қол астына қарады. 1480-жылдан бастап Моғолстанның құрамына Ташкент пен Сайрам енді, бірақ Жетісу кірмей қалды. Ал XVI ғ. басында Моғолстанның ыдырауы кезінде оның аумағы Қашғариямен ғана шектелді. Ортағасырлық деректерде «моғолдар» деген этникалық-саяси атау дулат, керей, қаңлы, қарлұқ, барлас, жалайыр, т.б. түркі тілдес тайпаларды біріктірді.

Моғолстан аумағында ұлыстық басқару жүйесі сақталып қалды, ал ханның ордасы Алмалықта орналасты. Тоғылық Темір хан ислам дініне қолдау көрсету арқылы билігін нығайтты. XIV ғ. 60-шы жылдарында Тоғылық Темір, кейін Ілияс Қожа хан өз биліктерін Мәуереннахрға да орнатпақ болып, ондағы өзара жауласып жатқан иеліктерді бағындыруға аттанды. Орта Азияның болашақ билеушісі әмір Темір (1370-1405) Тоғылық Темірге бағынышты екенін мойындап, сол үшін Кеш қаласын үлесті жерімен бірге басқаруға алды. Моғол хандарының Мәуереннахрды бағындыру әрекеттері моғол әскербасыларының өзара араздасуы салдарынан тоқтап қалды.

1365-жылы Ілияс Қожа хан Шағатай ұрпақтарының мемлекетін біріктіруге жаңа әрекет жасады. Ол Сырдария жағалауында болған «Батпақ шайқасында» әмір Темір әскерін шегінуге мәжбүр етті. Бірақ, моғол әскері Самарқанд тұрғындарының кескілескен қарсылығына ұшырады. Моғолстан ханының билігі шектеулі, моғол ру-тайпалары көсемдерінің еркіне тәуелді болған еді. Мұны Ілияс Қожа ханнан кейін мемлекетте дулат әмірі Қамар ад-Диннің ықпалының күшеюінен байқауға болады.

Моғолдар көшпелі болғандықтан жекелеген рулар мен тайпаларға бөлінді. Зерттеуші В.П. Юдин моғолдардың этникалық құрамын зерттей келе, олардың негізгі тайпаларына мыналарды жатқызады: арлат, арқанут, байрин, балықшы, барлас, бұлғашы, дулат, қаңлы, керейіт, қоншы, құрлаут, меркіт, нарин, сағыршы, татар, шорас, т.б. Моғолстан тайпалары XV ғ. түркі тілінде сөйледі, ал исламды XІV ғ. ортасында қабылдаған болатын.

XIV ғ. 70-ші жылдары Әмір Темірдің бірнеше жорықтарының нәтижесінде Ақ Орданың саяси және экономикалық дербестігіне алғашқы әрі шешуші соққы берілді. Әмір Темірдің қолдауына сүйенген Тоқтамыс (1379-1395) Ақ Орданың ханы тағына отырды. Тоқтамыс ханның Алтын Орда тағын иелену үшін жүргізген соғыстары, орыс князьдіктеріне, Закавказье мен Қырымға, Хорезм мен Еділ бойына шапқыншылықтар жасауы Ақ Орданың құлдырауын тереңдете түсті. Яғни, мемлекеттің материалдық және адам қоры зардап шекті.

XIV ғ. аяғынан бастап деректерде Ақ Орда Өзбек ұлысы деп атала бастаған. Ақ Орданың соңғы ханы Барақ 1428-жылы қаза болғаннан кейін билік басына Жошының бесінші ұлы Шайбанның ұрпағы Әбілхайыр келді.

1370-1390 жж. Моғолстан Орта Азия билеушісі әмір Темірдің шапқыншылығына ұшырады. Әсіресе, 1375-1377 жж. аралығында әмір Темір әскерлері Қамар ад-Дин басқарған моғолдарды қатты талқандап, көп олжа мен тұтқын алып қайтты. Тұтқындар Мауараннахрға апарылып, құлдыққа сатылды. Әмір Темірдің 1389-жылғы кезекті жорығынан кейін Моғолстанның ханы Қызыр Қожа әмір Темірге вассалдық қатынастарды мойындады, ал Моғолстанның өзінде саяси бытыраңқылық күшейіп кетті.

 

  1. Көшпелі өзбектер мемлекеті. (Әбілхайыр хандығы). Ақ Ордада талас-тартыстар белең алған кезде Жошының бесінші ұлы Шайбанның ұрпағы, Дәулет-Шайхтың баласы Әбілхайыр түркі тілдес тайпалар өкілдерінің қолдауымен 1428-жылы Шайбан ұлысында билік басына келді. Ол өзінің қарсыластары – Махмұд Қожа ханды, маңғыт әмірі Уақас биді талқандап, XV ғ. 40-жылдары өз иеліктерін кеңейте түсті. Хандықтың аумағы Батыс Сібірдің оңтүстігінен Сырдария жағалауы мен Қаратау бөктеріне дейінгі, Жайықтан Ертіс пен Балқаштың солтүстігіне дейінгі жерлерді алып жатты. Мемлекеттің астанасы алдымен Чимга Турада, Орда-Базарда, кейін Сығанақ қаласында болды. Көшпелі аудандарының халқы үшін маңызды кәсіпшілік және сауда орталықтары болған Сырдария бойындағы қалаларды бағындырғаннан кейін Әбілхайыр хандығы нығая түсті. Мәуереннахрдағы Әмір Темір әулетінің өкілдері арасындағы қырқыстарға араласа отырып, Әбілхайыр хан Хорезмге, Түркістан қалаларына және Самарқандқа әскери жорықтар ұйымдастырды. 1457 жылы Сығанақ түбінде ойраттардан күйрей жеңілген Әбілхайыр Шығыс Дешті Қыпшаққа шегінді. 1468-жылы Әбілхайыр дүние салғаннан кейін көп ұзамай Шайбан әулетінің өкілдері 1470-1471 жылдары Шығыс Дешті Қыпшақтағы Өзбек ұлысының жоғары билігінен тайдырылды. Әбілқайыр ханның немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд сұлтан Шығыс Дешті Қыпшақтағы Шығыс Дешті Қыпшақтағы қазақ билеушілерімен саяси күресте жеңіліске ұшырады. Содан кейін олар Мәуереннахрдағы Әмір Темір әулеті өкілдерінің жерін бағындыруға күш салды. Темір әулеті елінің бытыраңқылығы, оның саяси және әскери күшінің әлсіреуі, т.б. себептерге байланысты Мұхаммед Шайбани мен оны қолдаған көшпелі өзбектер алдымен Орталық Мәуереннахрды, кейін әмір Темір әулеті мемлекетінің қалған бөлігін бағындырды.

 

  1. Ноғай Ордасы. Ноғай Ордасындағы үстем тайпа маңғыттар болуы себепті көрші халықтар ноғайлардың ұлысын «Маңғыт жұрты» деп атаған. Зерттеушілер С.Е. Малов, Р.Г. Кузеев Ноғай Ордасы тұрғындарының шығу тегін Жошы әулетінің өкілі, ХІІІ ғ. Алтын Орданың түменбасы Ноғайға қараған тайпалармен байланыстырады. Алтын Орданың атақты қолбасшысы, Жошы ханның немересі Ноғай 1259-1299 жж. мемлекетте маңызды тұлғаға айналды. Ол 1299 жылы Алтын Орда ханы Тоқтымен Қағанлық (қазіргі Одесса) маңында болған шайқаста жеңіліп, қаза тапты.

XIV ғ. аяғы – XV ғ. басында әмір Едіге басқарған Маңғыт жұрты Алтын Ордадан бөлектенді. Ноғай Ордасына қараған тайпалар Жайықтан Днепрға дейінгі аралықта, оның ішінде Еділдің төменгі ағысы бойында, Солтүстік Кавказда, Қырымда мекендеді. Орталығы Жайық маңындағы Сарайшықта орналасты. Ноғай Ордасындағы саяси билік пен экономикалық жағдайға Едіге ұрпақтары бақылау жүргізді. Ноғай этносы қыпшақ, бұлғар, оғыз және т.б. түркі тілдес тайпалардан құралды.

XVI ғ. Ноғай Ордасы Қазақ хандығымен, Орыс мемлекетімен экономикалық және саяси байланыстарын қалыптастырды. XVI ғ. Ноғай Ордасы Үлкен Ноғай және Кіші Ноғай ордасы болып екіге бөлінді. Үлкен Ноғай ордасы Еділдің төменгі ағысы бойында мекендеді, ал Кіші Ноғай ордасы Кубань өзенінің оң жағалауында, Азов маңында, Украинаның оңтүстігі, Днепр және Дон өзендерінің аралығында орналасты. XVI ғ. 2-жартысында Қазан мен Астрахань хандықтары Ресей құрамына қосылып алынғаннан кейін Ноғай Ордасы бірнеше дербес иеліктерге ыдырап кетті, халқының бір бөлігі қазақтың Кіші жүзінің құрамына енді. Ноғайлардың маңызды бір бөлігі Анадолыға көшіп, сол жерде орнығып қалды.

Сібір хандығы. Монғол шапқыншылығынан кейін Ертістің орта ағысы, Тобыл, Есіл, Тура аумақтары Жошы ұлысының құрамына енгенімен, жергілікті билік Тайбұға ұрпақтары мен керейіт тайпасы басшыларының қолында қалды. XV ғ. 20-90 жж. Батыс Сібірде шайбанилік Махмұд Қожа, Әбілхайыр, Ибақ хандар билік жүргізді. 1495-жылы жергілікті феодалдардың қолдауымен Батыс Сібірдегі билік басына тайбұғалық Мұхаммед келді. Ол Сібір хандығының астанасын Чимга Турадан Ертістің оң жағалауындағы Искер (Сібір) қаласына ауыстырды. Сібір хандығының соңғы билеушісі – шайбанилік Көшім хан (1556-1598) биліктен тайдырылғаннан кейін Сібір хандығының жері Ресей патшалығының құрамына енгізілді.

 

Бекітуге арналған сұрақтар:

 

  1. Моңғол жаулаушылық соғыстарынан кейін Қазақстан территориясында қандай мемлекеттер өмір сүрді?
  2. Қазақстан территориясындағы Моңғол жаулаушылық соғыстарынан кейінгі кезеңді сипаттаңыз.
  3. Картадан Ақ Орда, Көк Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасы, Сібір хандығы, Көшпелі өзбектер мемлекетінің территориясын көрсетіңіз.
  4. Кестені толтырыңыз: «Мемлекеттердің этникалық құрылымы»

 

 

 

 

Әбілхайыр хандығы

 

Ноғай Ордасы

 

Моғолстан

 

  1. Ақ Орда, Моғолстан, Көшпелі Өзбектер мемлекеттерінің құлауының ортақ себептерінің атаңыз.

 

 

Әдебиеттер:

  1. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
  2. Ермұханова Х.К. Қазақстан тарихы: Жоғары оқу орындарына түсушілерге арналған оқулық-тест. Алматы: «Шың кітап», 2010. – 360 б.
  3. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
  4. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. І том. Алматы «Атамұра», 1996, 2010. – 544 б.
  5. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. (Очерктер). Алматы «Дәуір», 1994.
  6. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006.
  7. Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
  8. Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы: «Қарасай», 2007. – 344 б.
  9. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2005, 2008. – 640 б.
0

Автор публикации

не в сети 5 лет

Ерек

3
Комментарии: 0Публикации: 26Регистрация: 25-01-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля