26 января, 2017 11:52
Монғол тайпалары туралы ортағасырлық деректердің мәліметтеріне тоқталу, Шыңғыс ханның Монғол мемлекетін құруы, монғолдардың Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алуы, монғол ұлыстарының құрылуы туралы мәлімет беру. Алтын Орда мемлекетінің құрылуы, саяси тарихы, мемлекеттік, қоғамдық құрылысы, этникалық құрамы және мәдениеті туралы түсіндіру.Студенттердің ортағасырлық Қазақстан тарихы бойынша білімдерін одан әрі кеңейту.
Негізгі ұғымдар: монғолдар, татарлар, меркіттер, қият-боржиген, қоңырат, құрылтай, Еке Монғол ұлысы, Яса, Алтын Орда, Ұлығ ұлыс, Сарай-Бату, Сарай-Берке, Сарай-әл Джадид, уәзір, беклер-бек, даруғалар, басқақтар.
Жоспар:
- Монғолдардың Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алуы.
- Монғолдар жаулап алуының әлеуметтік-экономикалық салдары.
- Алтын Орда.
- Монғолдардың Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алуы.«Монғол» атауы қытайлық Тан әулетінің (618-908) тарихи жазбаларында мэнъу немесе мэнва түрінде кездеседі. Көшпелі монғол тайпалары бастапқыда Аргун өзенінің төменгі ағысы мен Амур өзенінің жоғарғы ағысынан оңтүстікке қарайғы дала аймақтарында мекендеді. ІХ ғ. ортасында Ұйғыр қағанаты құлағаннан кейін монғол тайпалары батысқа қарай жылжып, қазіргі Монғолияның аумағына қоныстана бастады.
Қытайда Сун әулеті үстемдік еткен уақыттан бастап (960-1260 жж) қытайлық тарихнамада және ресми мәтіндерде монғолдар мен өзге де монғол тілдес тайпалардың барлығын татарлар немесе монғол-татарлар деп атау дәстүрі қалыптасты. VIII-ХІІ ғғ. жататын көне түрік және мұсылман жазба деректеріндегі мәліметтер бойынша, татар тайпалары Орталық Азияны мекендеген тайпалардың басым бөлігін бағындырып отырған. Соның салдарынан, «татар» атауы қазіргі Монғолияның, Батыс және Оңтүстік Маньчжурияның аумағында өмір сүрген монғол тілдес тайпалардың барлығына ортақ саяси атауға айналды.
Дегенмен, монғол тайпалары өздерін ешуақытта татарлар деп атамағаны белгілі. ХІІ ғ. негізінен Шығыс Монғолиядағы Бұйыр-Нұр көлі маңында қоныстанған татарлар монғол тайпаларының (меркіттер, керейіттер, қияттар және т. б.) жауы ретінде есептелген. ХІІ ғ. 60-70 жж. бұйырнұр татарлары монғол тайпаларын талқандаса, ХІІІ ғ. басында Шыңғыс хан басқарған монғолдар татар тайпаларын толық күйретті. Бұл жөнінде 1240 жылға жататын «Монғолдардың құпия шежіресінде» мәліметтер кездеседі. Бірақ, «татар» атауы сақталып қалды және тарихи дәстүр бойынша монғол тайпалары Қытайда да, мұсылман әлемінде де, Еуропада да «татарлар» деген атаумен белгілі болды.
Қытайлар Ұлы Қытай қорғанынан солтүстікке қарай мекендеген бүкіл монғол тілдес тайпаларды мәдени даму деңгейі бойынша ақ татарлар, қара татарлар және жабайы татарлар деген үш топқа бөлген. Ұлы Қытай қорғанына жақын Оңтүстік Монғолия аумағында өмір сүрген ақ татарлар қытай өркениетінің ықпалына неғұрлым көбірек ұшырады. Қазіргі Монғолияның басым бөлігіне қоныстанған қара татарлар мәдениетті халықтардың тікелей ықпалында болған жоқ және көшпелі өмір салтын ұстанды. Жабайы татарлар немесе «орман халықтары» қазіргі Монғолияның солтүстік бөлігінде және Забайкалье ормандарында мекендеді. Қытай деректеріндегі мәліметтер бойынша, Темучин (болашақ Шыңғыс хан) қара татарлардан шыққан.
Темучин бір деректер бойынша 1155 жылы, ал екінші деректер бойынша 1162 жылы Онон өзенінің оң жағасындағы Делуин-Балдах мекенінде, монғолдың қият-боржигин тайпасының ауқатты нойоны Есугейдің отбасында өмірге келді. Темучиннің анасы Оэлун қоңырат тайпасынан шыққан. Темучин тоғыз немесе он жасқа толғанда әкесі Есугей баһадүр бұйырнұр татарларының қолынан қаза табады. Осыдан кейін Есугейдің туысқандары мен серіктерінің басым бөлігі оның отбасын тастап кетеді. Темучин өз анасы Оэлунмен және іні-қарындастарымен бірге жастайынан аң аулап, балық аулап күн көруге мәжбүр болады. Тағдырдың тауқыметі мен жоқшылық азабын көріп өскен Темучин ер жеткен соң өз қатарластарынан батырлығы мен ақылдылығы жағынан ерекшеленіп, айналасына өзіне сенімді нөкерлердің жасағын біріктіре алды. ХІІ ғ. соңына қарай Темучин баһадүр ретінде танылып, Монғол даласындағы басты қолбасшылардың біріне айналды. Кейін ол өзінің атастырылған қалыңдығы – қоңырат тайпасының өкілі Дай-Сеченнің қызы Бөртеге үйленді.
Темучиннің атағы оның керейіт ханының вассалы ретінде керейіттердің наймандарға, меркіттерге және татарларға қарсы соғысына қатысуы кезінде шықты. Дегенмен, Темучиннің құдіреттілігі артып, ол 1203 жылы керейіттерді талқандады, ал 1204 жылы 45 мың жауынгерден тұратын әскерімен наймандар мен меркіттерге қарсы соғысты бастады. Меркіттер мен наймандардың бір бөлігі Темучиннің билігіне бағынып, қалғандары Ертістен батысқа қарай өтіп, Дешті Қыпшаққа кетті.
1204-1205 жж. соғыс жорықтардың нәтижесінде бұйырнұр татарларын талқандағаннан кейін Темучин Монғол даласындағы барлық басты тайпаларды (керейіттер, меркіттер, наймандар, т. б.) өз қол астына біріктіруді аяқтады. 1206 жылы көктемде Онон өзені бойында өткен монғол ақсүйектерінің жиналысы – құрылтайда Темучинді жақтастары монғолдардың жоғарғы билеушісі деп жариялап, Шыңғыс хан деген атақты берді. Шыңғыс лауазымының мәні әлі күнге дейін нақты анықталмаған. Бірқатар шығыстанушылардың пікірінше, «шыңғыс» лауазымы түрік-монғолдық «теңіз», «мұхит» сөзінен шыққан, соған сәйкес «Шыңғыс-хан» тіркесі «теңіз-хан», яғни «Әлемнің билеушісі» деген мағынаны білдіреді.
Шыңғыс хан құрған мемлекет 1211 жылдан бастап ресми түрде Еке Монғол ұлысы («Ұлы Монғол мемлекеті») деп аталды. Еке Монғол ұлысының негізіне әскери ұйым принципі алынды. Мемлекеттің бүкіл аумағы мен халқы үш әскери-әкімшілік округқа: оң қанат (барунгар), сол қанат (жунгар) және орталық (гол) болып бөлінді. Әрбір округ он мың адамнан тұратын түмендерден, түмендер мыңдықтардан, мыңдықтар жүздіктерден, жүздіктер ондықтардан құралды.
ХІІІ ғ. басында Еке Монғол ұлысы құрылғаннан кейін мемлекетті басқару үшін қажет жазбаша бекітілген жалпы құқықтық нормалар мен заң ережелерін әзірлеу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты әдеттегі құқыққа жаңаша шарттарға сәйкес өзгертулер енгізілді. Шыңғыс ханның заңдары мен ережелерінің жинағы «Ұлы Яса» немесе жай ғана «Яса» деп аталды. Яса (монғолдың дзасак, йосун – «қаулы», «заң» сөздерінен) жалпы монғолдық құрылтайда 1206 жылы қабылданды, ал 1218 жылы қайтадан қаралып, 1225 жылы түпкілікті түрде бекітілді.
Монғол әскері Жетісуға 1218 жылы келді. Олар мұнда Шыңғыс ханның бұйрығымен, наймандардың ханы Күшлікті жазалау үшін жіберілді. Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін монғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды. Бұл жорыққа монғолдар ұзақ уақыт және мұқият дайындалды. Мұсылман саудагерлері мен монғолдарға қызмет еткен қашқындар арқылы Қарақытай, Хорезмшах мемлекеттерінің әскери күштері туралы мәліметтер жинап, соның негізінде іс-әрекет жоспарын жасады.
Монғолдардың және олармен одақтас болған қарлұқтар мен ұйғырлардың 150 мыңға жуық біріккен әскері 1219 жылы күзде Ертіс жағалауы мен Жетісу арқылы Сырдарияға дейін жүріп өткен. Бес жылға созылған жорықтың барысында монғол әскері Сырдария бойындағы Жент, Янгикент, Отырар, Сығанақ, Ашнас қалаларын, Орта Азиядағы Бұхара, Самарқанд, Хорезм, Үргеніш қалаларын, Арал теңізінен солтүстік-шығысқа қарайғы далаларды бағындырды. 1224 жылға қарай Монғол империясының аумағына Солтүстік Қытайдан бастап қазіргі Орта Азия мен Қазақстанды қоса алғанға дейінгі жерлер кірді.
Қазіргі Орта Азия мен Қазақстан аумағын жаулап алғаннан кейін (1219-1224 жж.) Шыңғыс хан өзінің үлкен әйелі Бөрте ханымнан туған төрт ұлының әрқайсына жер үлестерін бөліп берді. Халқымен бірге берілген бұл жер иеліктері тарихи әдебиетте ұлыстар деп аталады. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының (1227 жылы дүние салды) ұлысы Ертіс өзеніне батысқа қарайғы жерлерді, соның ішінде қазіргі Қазақстанның дала аймақтарын, Жетісудағы Қаялық пен Солтүстік Хорезмнен бастап Еділ өзенінің төменгі ағысына дейінгі аумақты қамтыды. Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдың (1242 жылы дүние салды) ұлысына Шығыс Түркістан, Жетісудың басым бөлігі және Мәуереннахр (Әмудария мен Сырдария өзендерінің аралығы) қаратылды. Үшінші ұлы Үгедейдің (1241 жылы дүние салды) иеліктеріне Батыс Монғолия, Тарбағатай және Ертістің жоғарғы ағысы бойындағы жерлер кірді. Шыңғыс ханның төртінші ұлы Тулуйдың (1233 жылы дүние салды) үлесіне Орталық Монғолия жері, сондай-ақ монғолдың 129 мың жауынгерлік тұрақты әскерінің 101 мыңы тиді. Әлбетте, өз ұлысындағы билікті Тулуй тек әкесі Шыңғыс хан дүниеден өткеннен кейін ғана өз қолына алды. Шыңғыс ханның жоғарыда есімдері аталған төрт ұлы және олардың ұрпақтары «алтын ұрық» мүшелері деген атауға ие болды.
Ортағасырлық мұсылман және қытай авторларының деректеріндегі мәліметтерге сәйкес, Монғол мемлекетінің негізін салушы Шыңғыс хан 1227 жылы тамыз айында Ішкі Азиядағы таңғұттардың мемлекеті – Си Ся аумағында дүниеден өткен. Денесі Монғолияға әкелініп, көне монғол ғұрпы бойынша жерленді. XVII ғ. оқымысты лама Лубсан Данзанның жазбалары бойынша, Шыңғыс ханның жерленген орны Бурхан-Халдун деп аталады.
Уақыт өте келе ұлыс билеушілері өз әулеттерін дербес етіп алуға ұмтылып, империя бірнеше иеліктерге ыдырап кетті. Оның ыдырауына жергілікті халықтардың монғол езгісіне қарсы күресі, көптеген елдерді қарудың күшімен бағындырған империя іргесінің әлсіздігі, өзара қырқыстар, экономикалық байланыстардың, ортақ мәдени-тарихи дәстүрлердің болмауы себеп болды.
- Монғол жаулап алуының әлеуметтік-экономикалық салдары. Жазба және археологиялық деректер монғол үстемдігі орныққаннан кейін Жетісуда отырықшы мәдениеттің құлдырап, егістік жерлердің жайылымдарға айналдырылғанын дәлелдейді. Ондаған жылдар бойы Орталық Азиядан көшпелілердің ағылып келуі егістік үшін өңделетін жер көлемінің қысқаруын туғызды. Монғол жаулап алуы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық құрылысына айтарлықтай кері әсер етті. Монғолдар бағындырған аймақтарда құл иеленушілік тәртіп кеңінен тарады, феодалдық қатынастардың артта қалған түрлері орнықты. Бағындырылған халыққа алымдар (құшыр, харадж, тағар, т.б.) салынып, әскери міндеткерлік жүктелді. Отырықшы-егіншілік аймақтардың халқын қанауды жалғастыра беру мүмкін еместігіне уақыт өте келе көз жеткізген монғол билеушілері жерді пайдалану тәсілдерін үйренуге мәжбүр болды.
- Алтын Орданың саяси тарихы. Жошы ұлысының батыс бөлігі оның екінші ұлы Батудың (Батый) үлесіне тиді, ол орыс жылнамаларында Алтын Орда деген атпен мәлім. 1235 жылғы бүкілмонғолдық құрылтайда батыс елдеріне жорық жасау туралы шешім қабылданып, Бату хан біріккен монғол әскерінің қолбасшысы болып тағайындалды. 1236-1242 жж. әскери жорық барысында Еділ Бұлғариясын, орыс князьдіктерін, талқандап, Польша, Венгрия, Чехия, Валахия сияқты еуропалық елдерді тонаған Бату хан Еділ бойына қайтып оралды. Жеті жылға созылған жорықтың нәтижесінде Еділ бұлғарларының мемлекеті өмір сүруін тоқтатты, көптеген билеуші әулеттер мен жеке иеліктер жойылды, шығыста Ертістен батыста Дунайға дейінгі аралықта Жошы әулеті өкілдерінің билігі орнатылды. Тарихи әдебиетте Алтын Орда деп аталған бұл мемлекеттің орталығы Еділдің төменгі ағысы бойында орналасты. «Алтын Орда» ұғымы біртекті емес: бір жағдайда Алтын Орда деп Бату (1227-1255) мен оның інісі Беркенің (1257-1266) жеке иелігіндегі Төменгі Еділ бойы мен Солтүстік Кавказ, енді бір орайда Жошы ұлысы түгел айтылады.
ХІІІ ғ. 2-жартысы – XIV ғ. басында Алтын Орда хандары орыс князьдіктеріне бірнеше мәрте жорық жасап, Ирандағы Хулагу әулеті билеушілерімен Әзербайжанды және Каспийдің оңтүстік бойындағы жерлерді иелену үшін соғыстар жүргізді. Бату ханның немересі Менгу-Темір хан тұсында (1266-1280) Алтын Орда Монғол империясының орталығынан біржола оқшауланып, өз атынан теңге шығара бастады. Алтын Орданың қуаттылығы Менгу Темір ханның немересі Өзбек ханның (1312-1342) және оның ұлы Жәнібек ханның (1342-1357) билігі тұсындай күшейді.
Өзбек ханның таққа отыруына көмектескендер – ислам дінін және мемлекетті орталықтандыруды қолдаған Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі түрік-монғол ақсүйектері еді. 1321 жылы Өзбек хан исламды өзі қабылдап, Сұлтан Мұхаммед Өзбек хан деген есімді иеленді, исламды Алтын Орданың мемлекеттік дініне айналдырды. 1335 жылы мұсылман деректерінде алғаш рет узбекийан (өзбектер) сөзі мен мамлакат-и узбеки (Өзбек мемлекеті) деген тіркесі кездеседі. Біртіндеп, Алтын Орданың мұсылман билеушісі Өзбек ханның есімі Жошы ұлысының әр текті халқының ортақ атауына айналды.
Бату хан әулетінің соңғы өкілі Бердібек хан 1359 жылы дүние салғаннан кейін Алтын Ордада сарай төңкерістерінің кезеңі басталды. XIV ғ. 60-70 жылдары Жошы ұлысындағы жоғары билік үшін Орда Ежен мен Тоқай-Темір ұрпақтарынан шыққан сұлтандар белсенді күрес жүргізді.
Бұл саяси дағдарыс барысында Жошы ұлысының аумағында бірқатар тәуелсіз иеліктер құрылып, олардың жергілікті басшылары Сарай қаласындағы ханмен бір уақытта билік құрды. Мәселен, 1359 жыл шамасында Алтын Орданың батыс шетіндегі ұлысы – Прут-Днестр өзендерінің аралығында Молдавия князьдігі құрылды.
XIV ғ. 70-ші жылдары Ұрыс хан бүкіл Жошы ұлысын қайтадан біріктіруге әрекет жасады. Оған Алтын Орданың астанасы Сарай қаласын басып алудың сәті түскенімен, 1375-1376 жж. ол Сырдария бойындағы өзінің бұрынғы иеліктеріне қайтып келуге мәжбүр болды. Орда Ежен ұрпағы Ұрыс ханның жүзеге асыра алмағанын XIV ғ. 80-ші жылдары Жошының Тоқай-Темір атты ұлының ұрпағы Тоқтамыс жүзеге асыра алды. 1378 жылы Тоқтамыс Орта Азияның билеушісі Әмір Темірдің көмегімен Сығанақ қаласында Ақ Орданың тағына отырды. Содан кейін Тоқтамыс Алтын Орданың астанасын басып алып, Жошы әулетінің бүкіл иеліктерін біріктірді. Алайда, Тоқтамыстың Ақ Орда мен Алтын Ордада Жошы ұрпақтарының билігін қалпына келтіруді көздеген ұлы державалық ниеттері Темірдің қарсылығын туғызды. Соған байланысты әмір Темір мен Тоқтамыс арасында ұзаққа созылған күрес басталды. 1391-жылы Темір 200 мың әскермен Құндызша деген жердегі шайқаста Тоқтамысты талқандады. Алтын Ордадағы Тоқтамыстың билігіне шешуші соққы берген 1395-жылғы Солтүстік Кавказдағы Терек өзені бойындағы жеңіліс болды. Тоқтамысты қудалаған әмір Темір әскерлері Алтын Орданың қалаларын, оның ішінде Сарай-Беркені ойрандады. Тоқтамыс әмір Темірден толық жеңіліп, Алтын Орда ханының тағын тастап кетуге мәжбүр болды.
XV ғ. 30-70 жж. Алтын Орда мемлекеті түпкілікті ыдырады. Оның орнына бірнеше жаңа түрік мемлекеттері: Қырым хандығы, Қазан хандығы, Астрахань хандығы, Сібір хандығы, Ноғай Ордасы құрылды.
Алтын Ордада Жошы ұлысының мемлекеттік құрылысының негізі сақталды. Жошы ұрпақтарының мемлекеті саяси құрылысы жағынан ұлыстарға бөлінген, өз кезегінде ұлыстары үлес-иеліктерге бөлшектенген көшпелі мемлекет болған еді. Алтын Орданың ішкі басқару жүйесінде көшпелі, әскери шонжарлардан құралған әкімшілік аппарат маңызды орын алды. Мемлекеттің ішкі істерін және әскерді тікелей басқару үшін ерекше лауазымдар белгіленді. Ханның атынан бүкіл әскери істі беклер-бек басқарды, азаматтық биліктің басында «хандар мен сұлтандардың кеңесшісі» – уәзір тұрды. Алтын Ордадағы басқару жүйесінде маңызды орын алған даруғалар мен басқақтар салық жинаумен айналысты және жергілікті халыққа әскери бақылауды жүзеге асырды.
Алтын Ордадағы халықтың басым бөлігін түркі халықтары, Қазақстанның, Еділ бойы мен Қара теңіз өңірінің қыпшақтары, Хорезм мен Еділ Бұлғариясының тұрғындары құрады. Сондай-ақ ежелгі хазарлардың ұрпақтары, армяндар, орыс князьдіктерін мекендеушілер, олардың арасында шығыс славяндары және ішінара сіңісіп кеткен угро-финдер болды. Қыпшақ және өзге де түркі тайпаларының ел басқаруда, әскери істерде атқаратын рөлінің басымдығы байқалды. Ақсүйектерді және азын-аулақ таңдаулы әскерді құраған монғолдар тез арада өздерінің неғұрлым мәдениетті бодандарының ықпалына түсіп, ХІІІ ғ. аяғында түркі тіліне көшті, ал кейін ислам дінін қабылдады.
Алтын Орданың мемлекеттік туы
Бекітуге арналған сұрақтар:
- Моңғол тайпаларының әскери жорықтарының себептері неде?
- Моңғолдардың Орта Азиямен Қазақстан территориясын жаулауы қалай жүрді? Картадан 1219-1224жж. Орта Азиямен Қазақстанды моңғол әскерлерінің бағыттарын көрсетіңіз.
- Ұлыстармен Алтын Орданың құрылу қарсаңында Қазақстанның дамуының ерекшеліктері неде?
- Моңғол жаулаушылық соғыстарының қандай зардаптары болды?
- Моңғол жаулаушылық соғыстарының нәтижесінде Қазақстан территориясы қай ұлыстың құрамына кірді?
- Алтын Орда мемлекетінің негізін қалаған кім?
- Картадан Алтын Орда мемлекетінің шекарасын анықтаңыз.
- Алтын Орда мемлекетінің қоғамдық құрылысы қандай болды?
- Алтын Орда құлағанннан кейін қандай мемлекеттер құрылды?
Әдебиеттер:
- Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
- Ермұханова Х.К. Қазақстан тарихы: Жоғары оқу орындарына түсушілерге арналған оқулық-тест. Алматы: «Шың кітап», 2010. – 360 б.
- Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
- Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. І том. Алматы «Атамұра», 1996, 2010. – 544 б.
- Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. (Очерктер). Алматы «Дәуір», 1994.
- Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006.
- Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
- Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы: «Қарасай», 2007. – 344 б.
- Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2005, 2008. – 640 б.
- Шыңғысхан. Әлем сілкіндірушісі. Құрастырған: І. Есенберлин. А., 2002.