“ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы

1 марта, 2019 20:01

“ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы

 

– “Теңізшевройл” ЖШС-ны құру туралы Қазақстан Республикасы мен “Шеврон” компаниясы арасындағы келісімге 1993 жылғы 2 сәуірде қол қойылды. Содан үш күннен кейін-ақ, 6 сәуірде, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шығып, онда келісім және ТШО қызметіне байланысты шарттар мақұлданды. ТШО-ға көмірсутегін барлау мен өндіруге лицензия 40 жыл мерзімге берілген. Республикамыз­дың тарихында бұдан “ұзын” келісім-шарт жоқ шығар деп ойлаймын. Бұл тұрғыда қарама-қайшы пікірлер бар, бірақ та бір жәйтке ешкім де дауласа алмасы анық: бүгінгі күнге бұл инвесторларға инвестиция­ларды жоспарлауда белгілі бір еркіндік, ал Қазақстанға тұрақты бюджеттік түсімдерді қамтамасыз ететін еліміздегі ең тұрлаулы келісім-шарт.

ТШО қызметінің негізгі түрлері Атырау облысындағы Теңіз және Королев кен орындарында көмірсутегі шикізатын барлау, өндіру және сату болып табылады. Қаты­сушы әріптестер бүкіл әлемге танымал трансұлттық халықаралық “Шеврон” (50%) және “ЭксонМобил” (25%), “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ (20%) және “ЛукАрко” компаниясы (5%). Қазіргі таңда ТШО Қазақстандағы мұнай-газ өндіретін ең ірі компания болып табылады, оның үлесіне елімізде өндірілетін мұнайдың 20%-дан астамы келеді. 1993 жылдан 2006 жылға дейінгі кезеңде барлығы 125 млн. тоннадан астам мұнай өндірілген.

– Парламент депутаттары “Теңізшевройл” ЖШС қызметінен келетін бюджеттік түсім­дердің көлемі туралы мәселені қайта-қайта көтеріп жатады. Осыған байланысты біз өткен жылдың қаржылық көрсеткіштері туралы нақты да дәл ақпарат алғымыз келер еді.

 

 

– 1993 жылдан 2006 жылға дейінгі күрделі салымдар көлемі 10 млрд. АҚШ долларынан астам болды. Бұл айтарлықтай ірі сома және Теңізді сол кезде көрген және бүгін оның қандай болғанын білетін кез келген адам салымдардың тиімділігіне көз жеткізе алады. Бұрынғы кеңестік бұрғылау орындарында Теңіздің ауыр мұнайын өндіру және өңдеу жөніндегі жоғары технологиялық орталық пайда болды. ТШО қызметінің басынан бері салықтар мен роялти түрінде мемлекеттік бюджетке 9 млрд. доллардан астам қаржы, соның ішінде корпоративтік табыс салығына 3,8 млрд. доллар және роялтиге – 4 млрд. доллар төленген. Тек 2006 жылы ғана ТШО бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдер түрінде 2,5 млрд. доллардан астам қаражат төлеген.

– БК-ның қазірдің өзінде іске асырылған жобалары туралы не айтуға болады? Олардың тиімділігі қандай?

– Өндірістік технологиялық желілер құ­ры­лысына, зауыт құрал-жабдықтарын және тиісінше инфрақұрылымды жаңғырта жаңар­туға әріптестер күрделі салым түрінде іске асырған инвестициялар өндіру көлемін 1993 жылғы 1,5 млн. тоннадан 2004-2006 жылдар­ғы 13,5 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкін­дік берді. Бұл еуропалық сападағы сұйытыл­ған газ өндірісін жолға қоюға, атмосфераға шығатын қалдықтарды және газды факелде жағуды әлдеқайда азайтуға, қалдықтарды кәдеге жаратуды жақсартуға жағдай туғызды.

Қазіргі кезде Ансаған құрылымында алдағы кездегі жұмыстардың тұжырымдама­сын анықтау жөнінде шешім қабылдау және тұтастай алғанда ТШО бойынша геология­лық барлаудың жұмыс бағдарламасы үшін “Ансаған” кен орнында барлау ұңғымасын бұрғылау кезінде алынған геологиялық-техникалық зерттеу мәліметтерін қайталап өңдеу жүргізілуде.

Қол жеткізілген жұмыс нәтижелерін ешқандай жоққа шығармастан, әріптестердің алдында бірқатар маңызды жобалар тұрғанын атап өтуге болады, олар экономикалық, өндірістік және экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік туғызады. Олардың арасынан ілеспе газды, күкіртті, лас суларды кәдеге асыру жөніндегі бағдарламаны атап өтуге болады.

– Әңгіме қандай жобалар туралы болып отыр?

– Бірлескен кәсіпорынның басты мақсаттарының бірі кен орнын ұтымды әзірлеу және көмірсутегі ресурстарын тиімді игеру болып табылады. Осы мақсаттарды негізге ала отырып, 2000 жылы әріптестер тіпті әлемдік ауқым жағынан да аса ірі өндірісті кеңейту жобаларын іске асыру туралы шешім қабылдады. Екінші буындағы зауыт салудың бұл жобасы және шикі газды қайта айдау жобасы кейбір өлшемдері бойынша бірегей және мұнай-газ саласында қайталанбас жобалар болып табылады.

“Екінші буын жобасы” – бұл мұнайды жинақтау, әзірлеу және тасымалдау нысанда­рынан тұратын өндірістік технологиялық желі. Жоба технологиялық жағынан шикі газды айдау жобасымен өзара байланысты, ол қабат қысымын және соның нәтижесінде мұнай ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл жобаларды ойдағыдай іске асыру ТШО-ның мұнай өндіруді жылына 26 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға жағдай туғызады.

Сондай-ақ әлеуметтік тиімділікті де атап айтқым келеді. Жобаларды іске асыру қазақ­стандықтар үшін мыңдаған жұмыс орнын ашады. Бұл жобалаушылар, инженерлер, жетекшілер мен құрылыс қызметкерлері үшін жаңа болашақ. Айта кетейін, жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуының өсуі секілді кәсіпорындарда қазақстандық кадрлар санының ұлғаюы да жобаның басым мақсаттарының бірі болып табылады. Бүгінде қазақстандықтар саны кәсіпорын қызметкер­лерінің бүкіл санының 80%-дан астамын құрайды. Ал жобаны салу бойынша құрылыс алаңында жұмыс барынша қызған сәтте 8000-нан астам қазақстандық жұмыс істемек.

Жаңа жобаларды іске асыру қазақстандық­тарға жаңа технологиялармен танысуға, жаңа кәсіби дағдыларды үйренуге мүмкіндік береді. Жаңа мүмкіндіктер мен инфрақұрылым жасалады, мұның өзі ұзақ мерзімді өңірлік және ұлттық экономикалық дамуға жәр­демдеседі.

Жобаны ойдағыдай орындаудың маңызды құрамдасы қазақстандық жеткізіп берушілер­мен жұмыс істеу болып табылады. Жобаларды іске асыру қазақстандық тауарлар мен қызметтерді жеткізіп берушілермен жарты миллиард доллардан астам сомаға келісім-шарт та жасасуды талап етеді деп көзделуде. Айта кетейін, Қазақстанда жұмсалған әрбір доллар экономикаға көп еселенген ықпал етеді. Ал бұл, өз кезегінде, тұтастай алғанда бүкіл экономиканың өсуін туындатады.

– Жобалардың қаржыландырылуы қалай жүзеге асырылады? Бұл қандай ресурстар есебінен жүреді?

– 2004 жылғы қарашада ТШО барлық әріптестерімен бірлесіп, өндірісті кеңейтудің жобалары бойынша күрделі шығындарды қаржыландыру мақсатымен сыртқы қаржы­лан­дыруды тарту жөніндегі екі жылдан астам уақыттан бергі жұмысты аяқтады.

Қаржы тарту жөніндегі қаржылық жоспар әзірленіп, ойдағыдай іске асырылды, ол ТШО-ның “А” сериясындағы облигацияларын халық­аралық қарыз капиталы рыноктарында сатуды көздейді.

 

 

ТШО облигациялары бірден екі тәуелсіз халықаралық рейтинг агенттігінен (“Moody’s” агенттігінен Ваа3 және “Fіtch” агенттігінен ВВВ-) инвестициялық деңгей рейтингін алған Қазақстанның тұңғыш бағалы қағаздарына айналды. Облигацияның жоғары рейтингі ҚР Үкіметінің инвестициялық келісім-шарттар жағдайын сақтау ниетіне рейтинг агенттіктері сенетінін көрсетіп берді. Мұның өзі рынокқа берілген оң белгіге айналып, Қазақстанның инвестициялық имиджін күшейтті.

Лид-менеджерлер (АВN AMRO және Lehman Brothers) көрсеткеніндей, осы мәміле Қазақстанға мүлдем жаңа менеджерлер санатын тартты, олар қазақстандық компа­ниялардың бағалы қағаздарын инвестициялау туралы бұрын ойлап та көрмепті. Бұл Қазақстандағы басқа компаниялардың кейінгі облигациялар шығарылымына оң ықпал жасағаны сөзсіз.

ТШО жөніндегі мәміле бүкіл әлем бойынша басқа мәмілелер үшін маңызды жәйт (“бенчмарк”) болды және Оман LNG ком­паниясының 90-шы жылдарғы жобаны қаржыландыру секілді мәмілелерімен қатар тарихқа енетіндігі анық.

Жобаларды ойдағыдай қаржыландыру арқасында дивидендтер бөлу мүмкін болып, 2004 жылдан бастап ТШО үлестер мен шығындар теңдігінің қағидатына сәйкес әріптестер арасында пайданы бөлуді жүргізеді. 2004-2006 жылдар кезеңінде ТШО әріптестерге 5 млрд. доллардан астам дивидендтер бөлді. Бұл сомадан ҚМГ үлесіне 1 млрд. доллардан астамы келеді.

– Сіз қазақстандық қатыстылық туралы мәселені қозғадыңыз. Бұл жұмыс қалай жүргізіледі?

– ТШО жобалары мен келісім-шарттары бойынша қазақстандық қатыстылықтың ұлғайтылуына зор да айрықша назар аудары­лады. Өткен жылы қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алу тұрғысында игерілген қаражат сомасы 550 млн. доллар жоспар жағ­дайында 1 млрд. доллардан астам қаражатты құрағанын айтудың өзі жеткілікті.

ТШО-да қазақстандық жеткізіп берушілер мәліметтерінің арнайы базасы құрылған, оған жергілікті қатыстылықты дамытудың арнаулы бөлімі ретінде жаңартылған ақпарат енгізіледі. 2006 жылы мәліметтер базасынан 98 компания ТШО келісім-шарттары бойынша тендерлерге қатысуға ұсынылды.

Бұл ғана емес, КРО, ТШО, Аджип КСО секілді үш мұнай операторы қазақстандық жеткізіп берушілер бойынша орталықтанды­рылған мәлімет базасын құруға уағдаласты, бұл базада жергілікті компаниялардың мүмкіндіктері мен пайдалану туралы ағымдағы ақпарат болады. ТШО қазірдің өзінде мұндай мәліметтер базасына қолдау көрсетумен айналысатын кәсіпорындармен келісім-шартқа қол қойды және мыңнан астам қазақстандық компаниялар жөнінде ақпарат алуға мүмкіндік береді. Жыл сайын ТШО өзімен іскерлік өзара тиімді әріптестік қатынастар құру үшін жаңа мүмкіндіктер беру мақсатымен жеткізіп берушілер үшін арнайы форумдар мен семинарлар өткізеді.

Өткен жылғы желтоқсанның басында Атырау облысының Кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының өкілдерімен дөңгелек үстел өткізілді. Форумның қорытындысы бойынша тараптар өңірде жергілікті бизнесті дамыту жөнінде шаралар жоспарын әзірлеп, 2007 жылы әлеуетті жеткізіп берушілерге ТШО-ның сатып алулар, жеткізіп берулерді басқару, тендерлер өткізу және басқалары бойынша ресімдерімен және үдерістерімен егжей-тегжейлі танысуға мүмкіндік беретін түрлі тақырыптар бойынша бірнеше семинар өткізу жоспарланған.

ТШО-ның алдағы кезеңге арналған жоспарларында стратегиялық сатып алулар үшін негізгі және қажетті тауарлар тізімін әзірлеу бар, осы тізім жергілікті бизнес-қауымдарға бұл сектордағы өз мүмкіндіктерін дамыту үшін ұсынылатын болады.

Мұнай тасымалының экспорттық мар­шрут­тарын қамтамасыз етуге бағытталған мұнай экспорты жобасын іске асыру аясында ТШО мұнайды тарту, жинақтау және тасымалдау қызметін көрсету жөнінде “ҚазТрансОйл” АҚ, “Қазмортрансфлот” АҚ, “Ақтау теңіз порты” АҚ, “Қазақстан темір жолы” АҚ секілді қазақстандық ірі компа­ниялармен бірнеше коммерциялық келісім-шарттар жасасты. Оларда осы кәсіпорындар инфрақұрылымының жаңа және жұмыс істеп тұрған нысандарын сатып алу, салу, жаңарту және жаңғырта жаңарту мүмкіндіктері көзделген, мұның өзі оларды дамытудың техникалық және технологиялық деңгейіне оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.

– Компания мұнай химиясы өндірісін дамыту тұрғысында не істеп жатыр?

– Өзіңіз де білесіз, Қазақстан Респуб­ликасында мұнай химиясын дамытуға Мем­лекет басшысының да, Үкіметтің де тара­пынан көп көңіл бөлініп отыр. Бұл тұрғыда соңғы 2-3 жылда үлкен жұмыс жүргізілді: даму болашағы бойынша зерттеулер жасалды, “мұнай химиясының жол картасы” жүргізіліп, мүдделі тараптармен бірқатар кездесулер мен келіссөздер өткізілді, көптеген келісімдер мен келісім-шарттарға қол қойылып, кәсіпорындар мен компаниялар құрылды.

Осы шаралардың қатарынан өткен жылдың ақпанында “Теңізшевройл” ЖШС мен “Kazakhstan Petrochemіcal Іndustrіes” АҚ арасында құрғақ газды жеткізіп беруге ұзақ мерзімді келісім-шартқа қол қойылғанын айрықша атап өткен жөн. Келісім-шарт “Атырау облысындағы алғашқы мұнай химиясы кешені” атты ірі инвестициялық жобаны іске асырудың бастауы болды.

Қазіргі кезде ТШО-мен болашақ мұнай химиясы кешенінің базасында полипропилен (рынокта сұраныс бар пластмасса өндірісінің шикізаты) шығаруға қажетті пропанды жеткізіп беру мүмкіндігі туралы мәселе талқы­лануда. Теңіз жобасы бойынша қол қойылған құжаттың шартында мұнай химиясына қолдау білдіру және дамыту мақсатында республика қажетіне шикізат беру жөніндегі “Теңіз­шевройл” ЖШС-ның міндеттемесі қарасты­рылған, мұның өзі қолайлы шарттарға қол жеткізуге үміттену мүмкіндігін береді.

– Бірлескен кәсіпорындар штатында шетелдік мамандар санының көп болу мәселесі жергілікті жұмысшылар тарапынан теріс реакция туғызып отырғаны құпия емес. Мұндай үйлесімсіздікті еңсеру үшін не істелуде?

– ТШО қызметкерлерінің санындағы “үйлесімсіздік” туралы мәселе қою бүгін орынды бола қоймас. Базалық құжаттардың шарттарына сәйкес жұмысқа алу кезінде Қазақстан азаматтарына, әсіресе Атырау облысының тұрғындарына басым құқық беріледі. 2007 жылдың басындағы жағдай бойынша ТШО қызметкерлерінің жалпы санындағы Қазақстан азаматтарының үлесі 81%-ды құрады. Нақты айтқанда, ТШО-ның 3277 қызметкерінің 2643-і қазақстандықтар.

ТШО кадрларын ұлттық ету бағдарламасы 2001 жылы қабылданған, онда қызметкерлерді оқыту қарастырылған, мұның өзі кәсіби дағдыларды сапалық арттыруға және қызметкерлердің әлеуметтік қабілетін барынша дамытуға жәрдемдеседі.

Қазақстандық қызметкерлерді оқыту жоспары Қазақстан Республикасында да, сол секілді шетелде де білім алып, біліктілік арттыруды көздейді. Бұл ретте оқыту бағдарламасына тек мамандық пәндері ғана емес, сонымен бірге тілдік, техникалық курстар, қауіпсіздік техникасы мен басшы дағдыларын дамытуға үйрету енгізілген.

Сондай-ақ ТШО-ның қазақстандық қыз­меткерлерін шешуші буындарда (менеджерлер мен орта буын басшылары) жұмыс істеу үшін оқыту және даярлау жөніндегі жұмыс жал­ғасуда. 2006 жылы оқыған қызметкерлер саны 2145 адам болды. Компанияның нақты шығыны 3,5 млн. долларды құраған. Оқыған бір қызметкерге кеткен шығын 1618 АҚШ доллары болыпты. Бұл цифрларды түсіндіріп жатудың қажеті болмас.

Компанияның мәліметтері бойынша 2007 жылғы 1 қаңтарға дейін республикадан тыс жерлерде ТШО-ның 249 қызметкері (солар­дың 74-і ТМД-да) оқыпты, ұзақ мерзімді перспективалық жоспарларға сәйкес ТШО-ның 26 қазақстандық қызметкері шетелде стажировкадан өтіпті.

ТШО кадрларды дамыту мәселесіне ғана көңіл бөліп қоймайды: 2006 жылы оларды орнықтыру жөнінде жаңа екі бағдарлама іске қосылды. Бұл бағдарлама тұрғын үй несиесін беруді қамтиды, соның шегінде ТШО қызметкері екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық кредиттері бойынша тұрғын үй сатып  алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл ретте ТШО кредиттер бойынша пайыздарды төлеуді өз мойнына алады. Сондай-ақ жинақтау тұрғысындағы бағдарлама жұмыс істейді, оған сәйкес ТШО әріптес банктермен бірлесіп шарт жасасады. Осы шартқа орай ТШО қызметкерлерінің өз кәсіпорны есебінен ашылған банк депозиттері бойынша қосымша пайыздар түрінде сыйлықақы алу мүмкіндігі бар.

– ТШО әлеуметтік жобаларға аз көңіл бөлмейтіні белгілі…

– Сіз әбден дұрыс айтасыз. Ал бұл экономикалық қажеттілікпен түсіндіріледі: компанияның сенімді өсуі әлеуметтік тұрақты ахуалда ғана мүмкін болады.

Әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға жеткілікті түрде байыпты назар ауда­рылатынын айта аламын. Мә­селен, келісім-шартта айтылған жағдайларға сәйкес алғашқы 5 жыл бойына (1993-1998) ТШО Атырау облы­сының әлеуметтік дамуын жақ­сар­туға бағытталған жобаларды қаржыландыруды жүзеге асырды. Жалпы сома 50 млн. долларды құрады және осындай қаржы жұмсаудың арқасында жаңа нан комбинаты, облыстық аурухана ғимараты, қалалық су арнасының тазарту құрылысы салынып, басқа да бірқатар маңызды, өңір үшін маңызды жобалар жүзеге асы­рылды.

1999 жылдан бастап әріптестер “Игілік” арнайы бағдарламасы бойынша түрлі жобаларды қар­жыландыруға жыл сайын қаржы бөлу туралы шешім қабылдаған. Бағдарлама жергілікті халыққа және Атырау облысы мен Жылыой ауданында денсаулық сақтау, білім беру, сумен жабдықтау және басқа салалардың әлеуметтік инфрақұры­лымына қолдау білдіру жобаларына демеушілік жасауға арналған.

“Игілік” халық үшін барынша өзекті жо­баларды ғана іріктеп алатынын айта кетейін, өйткені қаржы салу бағдарламаларының ТШО-да белгіленген негізгі өлшемдері мына­лар болып табылады: жобаның көрнекілігі мен ауқымдылығы; жергілікті халықтың көп бөлігі үшін елеулі пайда келтіруі; нысандарды одан әрі ТШО-ның қаржылай қолдауынсыз пайдалану мүмкіндігі.

1999 жылдан бастап өңірдің әлеуметтік дамуына осы бағдарлама бойынша 60 миллиондай доллар бөлінді. 2006 жылдың басынан бері “Игілік” бағдарламасын іске асыруға бөлінетін қаражат көлемі 8-ден 12 млн. долларға дейін ұлғайды.

“Игілік” бағдарламасы бойынша іске асырылған жобалардың арасынан Атырау қаласының орталығындағы басты көпірді қайта жөндеуді, Халел Досмұхаметов атындағы университеттің негізгі корпусы құрылысының аяқталуын, қаланың орталық бөлігіндегі көп қабатты үйлер қасбеттерінің жаңартылуын, Орал өзенінің жағалауларын нығайту жөніндегі жұмысты, 1200 орындық №30 орта мектеп-гимназиясы ғимаратының құрылысын, қала шағын аудандарының біріндегі тұрғын үйлердің жертөлеішілік инженерлік коммуникацияларын қайта жөндеуді атап өтуге болады.

Құлсары қаласында аурухананың жаңа ғимараты салынып, осы заманғы құрал-жабдықтармен жарақтандырылды, орталық жылу желісі мен жеке от жағу жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізілді, ішкі жолдар жөнделіп, сораптық-коллекторлық станса салынды. Ауылға көмек аясында шалғайдағы Ақкиізтоғай және Қарағай елді мекендері газдандырылды. Қазір дәл сондай Майкөмген ауылын газдандыру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Облыстың Жылыой ауданында да осындай жобалар жүзеге асырылуда.

Осылайша “Игілік” бағдарламасы Атырау облысының мемлекеттік басқару органдары мен “Теңізшевройл” компаниясы басшылы­ғы­ның арасындағы жемісті ынтымақтастық­тың нақты бір үлгісі болып отыр. 2005 жылдың ақпанында Атырау облысының әкімдігі мен ТШО арасында осы бағдарлама бойынша меморандумға және Атырау облысындағы кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырта жаңарту жөнінде 2005-2007 жылдар кезеңіне арналған өңірлік бағдарлама туралы келісімге қол қойылған болатын.

2003 жылы ҚР мемлекеттік органдары санитарлық-қорғаныштық аймақта қалған Сарықамыс кенті мен Кеңарал фермасының тұрғындарын басқа жерге көшіру туралы шешім қабылдаған еді. Қазіргі кезде көшіру жобасы аяқталды, ол Сарықамыс кенті мен Кеңарал фермасынан 3700-дей адамды (751 отбасы) Атырау қаласына (374 отбасы Лесхоз шағын ауданына) және Жаңа Қаратонға (377 отбасы) көшіруді қамтиды. Жобаның жалпы құны 95 млн. АҚШ долларын құрайды.

Компанияның әлеуметтік бағдарламасы осы жобалармен ғана шектеліп қоймайды. Компанияның жағымды имиджі оның іскерлік беделінің бір бөлігі екенін атап өткен жөн. Сондықтан да ТШО-ның әлеуметтік бағдарланған қызметі Қазақстан халқының арасында компанияға деген құрмет ахуалына қол жеткізу жөніндегі әдістердің бірі болып табылады.

14 жыл бойы Теңіз жобасы шетелдік инвесторлармен табысты ынтымақтастықтың нақты және, егер осылай деп айтуға болса, түйсінерлік үлгісі болып келеді. Біздің әріптестігіміз экономика, өндіріс, жаңа тех­нологияларды беру, бірегей тәжірибе, жоба­ларды басқару әдістемесі мен қағидат­тары, сондай-ақ мұнай-газ кен орындарын әзір­леудің осы заманғы әдістері, білікті кадрлар­ды даярлау мен дамыту, әлеуметтік саясат, экология, өңірлік бизнеске қолдау көрсету салаларында және бірлескен қызметтің басқа да көптеген қырларында дамып отыр.

“ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ-тың бірлескен кәсіпорындардағы үлестерін басқару жөніндегі атқарушы директоры бола отырып, өзімнің де, қызметкерлерімнің де табысты ынтымақтастық үдерісін сырттан бақылаушы рөлімен шектеліп қалмайтынымызды сезіну мен үшін өте ғанибет.

 

0

Автор публикации

не в сети 5 лет

Tarazsky

6
Комментарии: 0Публикации: 982Регистрация: 14-11-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля