Акушерлік геникология ветеринарияда.

9 февраля, 2020 22:03

Сиыр, қой және басқа малдардың жыныстық циклдерінің көріну

         ерекшеліктері

 

         Ұрғашы малдардың жыныс органдарының анатомиялық құрылысы

 

Ұрғашы малдардың жыныс органдары сыртқы және ішкі бөлімдерінен тұрады. Сыртқы бөліміне: сарпайы, қынаптың алдыңғы кіреберіс бөлігі, шүртекей жатады. Ұрғашы малдың ішкі бөліміне: қынап, жатыр, ұрық жүретін түтікше, жыныстық бездер жатады.

Сыртқы жыныс мүшелері. Қынап кіреберісі (vestibulum vaginae) жыныс саңылауынан басталып қынапқа қосылатын, ұзындығы ірі малда 8-14 см болатын түтікше орган. Сиырда, қойда, ешкіде және мегежінде зәр шығатын тесік кішкентай көлденең қатпармен екіге бөлінген, оның үстіңгі бөлігі зәр шығатын арнаға, яғни қуыққа барады да, ал астыңғысы тараңдігі 2 см болатын тұйық тесік – дивертикул (diverticulum suburetrale) түзеді. Бұл анатомиялық ерекшеліктерді мал ұрықтандырғанда немесе қуыққа катетер салғанда ескеру қажет. Биеде дивертикул болмайды. Қынап кіреберісінің атқаратын негізгі қызметі жыныстық қатынасты (шағылысуды) қамтамасыз ету.

Қынап кіреберісінің қабырғасы үш: кілегейлі, етті және дәнекер ұлпалы қабаттан тұрады. Кілегейлі қабат көп қабатты жалпақ эпителиймен қапталған және ол әр түрлі қалыңдықта қатпарлар түзеді. Қынап кіреберісінің екі жағында, кілегей қабаттың астында екі қатар орналасқан шырыш бөлетін түтік тәрізді.

Жыныс саңылауынан 1,5-2,5 см тереңдікте, сарпайдың жоғарғы бұрышына жақынырақ, етті қабаттың ішінде қынап кіреберісінің үлкен (вестибулярлық) бездер (gl. Vestibulares major) және кіші бездері (gl. vestibulares minores) орналасқан. Бұнымен қоса биеде, мегежінде, қаншықта қынап кіреберісінің екі жағында, сарпай сфинктерінің астында тереңіректе, тығыз фиброзды қабықпен қапталған екі қуыс немесе каверналық денелер (bulbus vestibuli) орналасқан. Бұл денелер жыныстық қатынас кезнде қанға толып, сарпай ісінеді.

Қынап кіреберісінің төменгі бұрышында, шонданай сүйегінің үстінде, аталық жыныс мүшесінің рудименті – шүртекей (clitoris, cunnus) орналасады. Ол екі түрлі кавернозды денеден (венозды және артериалды) тұрады. Шүртекейдің жүйке ұштарына өте бай басы, денесі және аяқтары бар.

Сарпай (vulva) сыртынан нәзік түкті терімен қапталған екі жыныс ернеулерінен (labia vulvae) тұрады. Осы жыныс ернеулерінің жоғарғы жағы биеде сүйірленіп (commisura labiorum superior) және төменгі шектері доғалданып (commisura labiorum inferior) қосылып, жыныс саңылауын құрайды.

Ішкі жыныс мүшелері. Жұмыртқалық (ovaria, oophoron) – жұп орган, негізгі атқаратын қызметі аналық ұрық торшасын (клетка) және жыныстық гормондар түзіп шығару.

Сыртқы пішіні дөңгелек, сопақша болады, тығыз, көлемі: сиырда 3х2 см, ұсақ малдарда 1,5х1 см. биелердің жұмыртқалықтары бүйрек тәріздес, көлемі 5х3 см, кейде одан да үлкен, ал мегежіндердің жұмыртқалықтары 3х2 см, сырты бұжырланып тұрады.жұмыртқалықтың көлемі, салмағы малдың әртүрлі физиологиялық жағдайларына қарай өзгеріп отырады.

Жұмыртқалық сыртынан алғашқы эпителиймен қапталған. Осы қабаттың астында ақзаттық қабат орналасады. Жұмыртқалықты тіліп көргенде екі, яғни сыртқы – фолликулярлы және ішкі – милы (қан, лимфа тамырлары, жүйке жүйесі) аймақтардан тұратынын ажыратамыз.

Фолликулярлы аймақта алғашқы, дамушы, пісіп жетілген фолликулдар (граафов көпіршігі) және сары денелер орналасқан.

Жұмыртқалық сиырда, қойда және ешкіде жамбас қуысында, биеде құрсақ қуысында оң жағынан 3-4-ші, ал сол жағынан 4-5-ші бел омыртқалардың астында, мегежінде, қаншықта, мысықта құрсақ қуысының артқы бөлігінде орналасады.

Жатыр түтікшелері (salpinx) – негізгі қызметі аналық және аталық жыныс торшалардың кездесуін қамтамасыз ету. Ол үшін қабаттан (кілегейлі, етті, сірлі) тұратын өте жіңішке, жұмыртқалық пен жатыр тармағын жалғастыратын иректелген түтік.

Жатыр түтікшесінің ішкі кілегейлі қабаты кірпікшелі эпителийден тұрады. Ұзындығы биеде, түйеде, сиырда, мегежінде 25-30 см, қойда және ешкіде 10-15 см түтіктің ішкі диаметрі жұмыртқалыққа жақындаған сайын кеңейе береді де, ақырында жалбырланып барып бахромкамен бітеді. Кейде тіпті жұмыртқалықты қоршап жатады.

Жатыр (uterus, hystera, metra) – негізгі қызметі төлдің өсіп дамуын қамтамасыз етеді. Жатыр күрделі және жай болып бөлінеді. Күрделі жатыр жануарларда (қос тармақты екіге бөлінген – сиырда, түйеде, қойда, ешкіде, мегежінде, қаншықта; қостармақты – биеде, есекте), қос жатыр – кеміргіштерде, ал жай жатыр – приматтарда. Жатыр қабырғасы кілегейлі, етті, сірлі қабаттардан тұрады.

Жатыр жамбас қуысында орналасқан. Сиырдың жатыр тармақтары жамбас қуысында жатады. Кейде көп туған немесе кәрі сиырларда құрсақ қуысына қарай түсіңкіреп орналасады, ал биенің, мегежіннің, қаншық пен мысықтың жатыр тармақтары құрсақ қуысында жатады. Олар жатыр шарбысы арқылы бел омыртқа бұлшық еттеріне бекітілген.

Жатыр үш бөліктен тұрады: жатыр мойыны, денесі және тармақтары.

Жатыр мойыны (cervix uteri) қынап пен жатыр денесін жалғастырып тұрады, өте тығыз, бұлшық етті орган. Оның диаметрі 3-4 см цилиндр тәрізді, ұзындығы сиырларда 10-15 см-ге жетеді.

Жатыр мойнының кілегейлі қабаты ұзынынан (биеде) және көлденең (сиырда, қойда, ешкіде, мегежінде) орналасқан қатпарлартүзеді.

Осы көлденең қатпарлардың ұштары мегежіннен басқа малдарда қынапқа қарай бағытталып, бір-бірімен түйісіп тұрады. Мегежінде бұл қатпарлардың ұштары бір-бірімен түйіпейді. Жатыр мойнының кілегейлі қабатының эпителийі муцин тәрізді кілегейлі шырыш бөледі, ол ауаның әсерінен қоюланып жатыр мойнында тығын түзеді.

Жатыр денесі (corpus uteri) жұмсақ, ұзындығы 2-3 см, биенің жатыр денесі кең, ұзындығы 10-15 см жетеді, себебі биенің төлі жатыр денесінде және тармағында өсіп дамиды, ал қалған малдарда төл жатыр тармақтарында өсіп дамиды.

Жатыр тармақтары (cornua uteri) жатыр денесінен әрі қарай жіңішкере келеді де, ұрық түтікшелеріне ауысады. Жатыр тармақтарының екіге бөлінген жерін бифуркация деп атайды. Жатыр денесінен осы бифуркацияға дейін тармақ аралық өзек түзіледі. Сиырдың жатыр тармақтары қошқар мүйізі тәрізденіп астына қарай бүктеліп жатады, ұзындығы 20-30 см. Биенің жатыр тармақтары алға қарай, төмен түсіп барып, тармақтарының ұштары жоғары қайырылып тұрады, яғни дөңес жағы астында да, ойыс жағы үстіне қараған.

Мегежіннің жатыр тармақтары ішек тәрізді иректеліп құрсақ қуысында жатады, ұзындығы 1,5-2 м-ге дейін жетеді. Күйіс қайыратын малдардың жатыр тармағында кілегейлі қабаттан түзілген, арнайы құрылымдар — карункулалар орналасады, олардың жалпы саны 80-120 дейін жетеді, олар тармақтарда 3-4 қатар, жатыр денесінде ретсіз орналасқан. Карункулалардың беткейінде кішкентай тесіктер бар, оларды крипталар деп атайды. Сиырлардың карункулаларының беткейі дөңестеніп келеді де, ал ұсақ малдарда түйме тәрізді ойыстанып келеді.

Басқа малдарда карункулалар болмайды, сол себепті крипталар жатырдың кілегейлі қабатының беткейінде орналасады. Бұнымен қоса жатырдың кілегейлі қабатында жатыр бездері орналасады. 

          Қынап (vagina, colpos) жамбас қуысында тік ішектің астында орналасқан. Негізгі қызметі шағылысуды қамтамасыз етеді және төл жүретін жол болып табылады. Оның ұзындығы ірі малда 30-35 см, уақ малда 10-20 см түтік, үш (кілегейлі, етті, адвентиция) қабаттан тұрады. Кілегейлі қабаты көп қабатты эпителиймен қапталған, ұзынынан орналасқан көптеген қатпарлар түзеді.

Қынаптың вентралдік бөлігінде ұзынынан орналасқан гартнер жолдары жатыр. Қынаптың краниалдік бөлігінде, жатыр мойнының жоғарғы жағында кеңейген күмбез тәрізді кеңістік түзіледі. Қынап пен қынап кіреберісін кішкентай ғана көлденең қатпар бөліп тұрады, ол – қыздық перде (hymen) деп аталады.

 

Әр түрлі түлік малдардың жыныс мүшелерінің айырмашылықтары

 

Сиырдың жұмыртқасы 3х2 см дөңгелектеу, саулық қой мен ешкінікі 1х1,8 см. Сиырдың жұмыртқа түтікшесінің ұзындығы 25-30 см, қой, ешкінікі 9-18 см. Қысыр сиырдың жатыр мүйізінің ұзындығы 20-25 см, қой, ешкінікі 10-15 см.

Сиырдың жатыр мүйіздерінің кілегейлі қабығында 4 қатар карункулалар орналасқан. Әр бір қатарында 10-15 карункуладан бар. Жатырдың екі мүйіздерінде 80-120 карункулалар бар, ал қой мен ешкілерде 88-110-ға дейін карункулалар бар, сиырдың, қой, ешкінің жатыр денесінде төл өсіп жетілмейді, ал оның ұзындығы сиырда 2-4 см, қой, ешкіде 2-4 см.

Сиырдың жатыр мойнының ұзындығы 8-10 см, қой, ешкіде 5-7 см, сиыр қынабының ұзындығы 22-27 см, ал қынабының сыртқы бөлігінің ұзындығы 10-14 см, ал қой мен ешкіде 8-10 см және 6-8 см.

Күйіс қайтаратын малдардың жатыр мүйіздері екі бөлік болып келеді.

Мегежіннің жұмыртқасы бұдыр-бұдыр, диаметрі 2-5 см, ал жатыр мүйіздерінің ұзындығы 100-200 см болып келеді, жатыр мойнының ұзындығы 10-20 см,

Бие мен есектің жұмыртқалары лобия тәрізді, көлемі 5х9 см. Пісіп жетілген фолликуланың көлемі 4х6 см, жұмыртқа түтікшесінің ұзындығы 25-30 см. Жатыр мүйіздерінің ұзындығы 18-30 см, басы астына қарай қараған қынабтарының ұзындығы 22-30 см. Жатырларының  дене ұзындығы 8-15 см. Төлдің пісіп жетілетін жері жатыр денесі мен жатыр мүйіздерінің ішінде болады.

Қаншықтың жұмыртқасы 1х2 см, ол 3-4 бел омыртқасының астыңғы жағында орналасқан жұмыртқа түтікшесінің ұзындығы 4-10 см, жатыр мүйіздерінің ұзындығы 9-14 см, жатыры екі мүйізді.

Ұрғашы мысықтың жұмыртқасының көлемі 1х2 см, жұмыртқа түтікшелерінің ұзындығы 4-5 см, жатыр мүйіздерінің ұзындығы 7-10 см тіктеу келген, қынабының ұзындығы 3 см, қынабының алдыңғы бөлімінің ұзындығы 2 см, жатыры екі мүйізді.

 

         Жыныстық және табиғи физиологиялық пісіп жетілу

 

Организмнің жыныстық қатынасқа пісіп жетілу қабілеті орын алғанда, денеде жыныстық қатынас гармондары пайда болады. Ол ұрғашы малдарда жыныстық циклдердің, ал еркек малдарда жыныстық рефлекстердің пайда болуымен белгілі болады. Мал түліктерінде жыныстық қатынастарға пісіп жетілу физиологиялық пісіп жетілуден ертерек болады.

Малдардан төл алу үшін олардың жасы физиологиялық пісіп жетілу қабілетіне келгенде ғана және ол малдардың салмағы төлдеген малдардың салмағының ең кемі 70%-на жету қажет. Малдың ең жақсы төл беретін мезгілдері: жылқыда 16-18 жасқа дейін, сиырда 10-12 жасқа дейін, қой, ешкіде 6-9 жасқа дейін, шошқада 7-10 жасқа дейін.

       Жыныстық қатынастардың циклдері және оның кезеңдері

 

Жыныстық қатынастардың циклдері — өте күрделі жүйе, қан арқылы пайда болатын рефлекторлы әсерден жыныс мүшелері мен бүкіл организмде физиологиялық және морфологиялық өзгерістердің бір қозу сатысы мен екінші қозу сатысына дейінгі мерзім, өзгерістерді айтады.

Жыныстық қатынас үш кезеңнен тұрады:

  • қозу
  • тежеу
  • орнықты күйге түсу.

Қозу. Ұрғашы малдың қозу кезеңінде, аналық жыныс мүшелерінен шылым ағады, жыныстық қозу байқалады, аталық өндіруші малды керек етеді. Жұмыртқасында фолликулиндер пісіп жетіледі де, ұрғашы аналық ұрық сперматозоидпен кездесіп қосылады. Денеде морфологиялық және физиологиялық өзгерістер болады. Ұрғашы малдың жыныстық қозу кезеңінде қан қысымы көтеріледі, қанның құрамы өзгереді, сүтінің сапасы өзгереді. Бұл жағдайда жатырда қан айналымы тездетіп жиілейді, зат алмасу процессі күшейіп, ферменттердің әсерінен ұрғашы малдың жұмыртқасында фолликулиндер тездетіп пісіп жетіледі.

Шырыш ағу (oestrus) – ұрғашы малдың жыныс мүшесінде морфологиялық өзгерістердің себебінен болады. Шырыш аққан кезеңде, малдың сарпайы аздап ісініп, ішкі кілегейлі қабығы қызарып кетеді. Бұл жағдайда жатыр аздап ашылып ішінен және қынап, қынаптың сыртқы бөліміндегі кілегейлі қабықтарда орналасқан жыныстық бездерден сұйық зат – шырышы ағады. Жатыр мойнының ашылып, ішінен кілегейлі сұйық заттардың I, II, III кезеңдегі ағу процестері байқалады. Осы кезеңде малдың жатыры үлкейіп, жиырылып тұрады.

Жыныстық қозу (жалпы реакциясы). Бұл жағдайда ұрғашы аналық мал жем-шөп жемей, қатты мазасызданады, кейде өрескел мінез танытады, сүті кеміп кетеді, бұқаларға не сиырларға ырғиды немесе басқа сиырлардың өзіне үстіне ырғуына қарсы болмайды, бірақ әлі де болса өзіне бұқаның ырғып жыныстық қатынас жасауына қарсы болады.

Күйлеу (libidosexualis). Бұл жағдайда ұрғашы мал еркек малдың қасына келіп, оған өзіне ырғып, жыныстық қатынас жасауға қарсы болмайды.

Фолликулиннің пісіп жетілуі және овуляция. Ұрғашы малдың пісіп жетілген фолликуласынан ооцид (ұрғашы малдың ұрығы) шығады. Ол жұмыртқаның граф фолликулаларындаөсіп жетіледі. Эстроген гармоны фолликулалардың (ооцидтің) пісіп жетілуіне тікелей әсер етеді. Пісіп жетілген фолликуладан  жарылып, фолликулярлы сұйықпен бірге аналық жыныс жасушасының бөлініп шығу процесін овуляция деп атайды.

Сиырдың тек бір жұмыртқасында 140 мың, мегежінде 120, ешкіде 28, қаншықта 200 мың ұрғашы ұрықтар бар.

Фолликулалардың өлуін атрезия деп атайды, осымен бірге фолликулин гармондарын қанға бөліп шығарады. Атрезия кезеңі – малдың жыныстық қатынасқа пісіп жетілу қабілетінің алдында орын алады және үлкен малдардың овуляция кезінде, мал буаз кезінде орын алады. Бұл процестердің барлығы орталық жүйке жүйесі жұмысымен реттеледі. Пісіп жарылған фолликуланың орнын ұйыған қан мен лютеин клеткалары толтырады, кейін ол жұмыртқаның сары денесіне айналады. Жұмыртқаның сары денесі мал буаз болған кезеңнен бастап пайда болады да, прогестерон гармондарын қан арқылы бөліп тұрады.

Егер де овуляциядан кейін мал тоқтап кетіп буаз болған жағдайда, сары дене мал төлдегенге дейін өзінің қызметінтоқтатпай, сақталып қалады. Мұндай сары денені буаздықтың сары денесі деп атайды. Ал егер де, буаздық болмай жыныстық цикл қайталанатын болса, пайда болған сары дене 7-10 күннің ішінде ыдырап, жоқ болып, сіңіп кетеді де, ұрық безінде қайтадан фолликулдер өсіп жетіле бастайды.

Бұндай жағдайда сары дене жыныстық циклдің сары денесі деп аталады. Буаздықтың сары денесі мал төлдегеннен кейін 30 күннің ішінде, жыныстық циклдің сары денесі 15-20 күннің ішінде ыдырап сіңіп кетпей тұрып қалса, ондай сары дене тұрып қалған немесе персистентті сары дене деп аталады. Бұл аурудың белгісі.

Көп төлді жануарлардың жұмыртқалығында бір мезгілде бірнеше фолликулдар пісіп жетіледі де, овуляция процесі ұзаққа созылады.

Прогестерон гармоны буаз мал төлінің өсіп жетілуіне, малдың желінінің жетілуіне тікелей қатысады, буаздықтың мерзімі толық орындалуына, төлдің туғанға дейін мерзімін сақтауға тікелей қатысады. Прогестерон гармоны жұмыртқада фолликулиндердің өсіп жетілуіне, оның овуляция жасауына мүмкіндік бермейді, сондықтан да буаз малдарда фолликулиндер өсіп жетілмейді. Ірі малдарда фолликула мен оның овуляциясын қол салып, тік ішек арқылы көруге, байқауға болады.

Тежеу кезеңі. Бұл кезеңде жыныстық қозу мен шылым ағу белгілері төмендейді. Аталық малға қарамай, оң реакция танытпайды. Жұмыртқаның овуляция жасаған фолликулиннің орнына сары дене пайда болады. Жатыр мойны жабылып, жатырдан сұйық заттар ақпайды. Ұрғашы мал тынышталып қалады. Қайтадан жем-шөпке қарайды. Сүттің сапасы орнына келіп, қанның құрамы дұрысталады. Аталық малдарды қасына жолатпай, теріс мінез көрсетеді, тебеді, сүзеді.

Орнықты күйге түсу кезеңі. Аналық мал бұл кезеңде орнықты күйге түседі. Сабырлылық сақтайды. Аталық малды қасына жолатпайды. Жұмыртқасында жойылған фолликулалардың орны бар және пайда болған сары денесі бар. Жатыр мойны жабық.

 

Толық және толық емес жыныстық циклдер

 

         Егер аналық малдың жыныстық қозу кезінде барлық белгілері (феномендері) болса, атап айтқанда шылым ағу, жалпы жыныстық қозу, күйлеу, овуляция болса оны толық жыныстық циклдер деп атайды.

Толық емес жыныстық циклдің шылым ағу немесе жыныстық қозу, күйлеу, овуляция белгілерінің біреуі немесе бірнеше белгілерінің болмауын айтады. Жыныстық цикл малдың кәрілік жасына байланысты болғанда тоқтайды, оны климактерлік кезең дейді. Толық жыныстық цикл малды ұрықтандырумен, қашырумен, буаз болып, кейін төлдеумен шектеледі.

Биенің, сиырдың, мегежіннің жыныстық циклының аз уақытта орнықты күйге келуіне байланысты оларды көп циклді малдарға жатқызады. Иттің, аңдардың жыныстық циклдерінің ұзақ уақытта орнықты күйге келуін моноциклді деп атайды. Саулықтар көп циклді малдар қатарына жатады, бірақ қашырым кезінде олардың жыныстық циклдері бірнеше рет қайталанады.

Жыныстық цикл жылдың мерзіміне, малды күтіп бағуына және тұрақты сексуалды көріністердің орын алуына да байланысты. Организмде жыныстық циклдің орын алуы – ол қан және жүйке тамырларының тітіркенуіне байланысты болады. Фолликулинді, сары денені пайда етіп, сүт безінде сүтті көбейтетін гармондар мидың гипофизінде пайда болады. Гипофизде пайда болған фолликулинді көбейтіп, өсіретін гармон фолликулинді өсіреді, оны жетілдіреді. Гипофизде пайда болған лютеинді гармондар жұмыртқада сары дененің өсіп жетілуіне септігін тигізеді, яғни малдың буаздығы сақталады, желіннен сүттің толық көлемде шығуын қамтамасыз етеді. Фолликулин гармоны жұмыртқаның фолликулаларында пайда болады, ол жыныстық қозу кезінде жыныс мүшелерінен шырыш ағызады.

Прогестерон гармоны жұмыртқаның сары денесінде пайда болады. Ол жатырдың, жатыр мүйіздерінің кілегейлі қабығына ұрықтың бекінуіне, өсіп-өнуіне тікелей септігін тигізеді. Бұл гармон жетпеген жағдайда ұрық өліп қалады, малдың буаздығы болмайды. Прогестерон гармоны жұмыртқада фолликулиндердің өсуіне жол бермейді, аналық малдың желін безінің өсуіне, дамуына көмектеседі.

 

Орташа жыныстық циклдің ұзақтығы

 

         Қара малда 21 күн (18-22), сиыр бұзаулағаннан соң күйге 18-25 күннен кейін келеді, ал күйлеу 10-23 сағатқа, орташа 16 сағатқа созылады, ал овуляция күйі біткен соң 10-15 сағаттан кейін болады.

Сиырды тік ішек арқылы жұмыртқасын тексергенде пісіп жетілген фолликулалардың көлемі 2-2,5 см болып томпиып білініп тұрады, ал фолликула жарылғанда (овуляция болғанда) орны шамалы шұңқыр болып білінеді.

Түйенің жыныстық циклі 6-33 күнге дейін созылады, ал түйе тоқтамаған жағдайда жыныстық циклі 9-65 күн аралығында қайталанады. Түйенің қозу кезеңі ұзаққа созылады, ал ыстық түсуіне байланысты ол бәсеңдейді. Түйенің жыныстық циклі көп циклді малдар қатарына жатқызады, ол қаңтар мен шілде айларының ортасында өтеді. Түйенің жыныс мүшесінен кілегейлі сұйық заттардың ағуы шамалы байқалады. Нардың қашқан қашпағанын оған бураны жібергенде байқалады. Егер нар қашпаса, шағылысу үшін бураның алдына жатады. Овуляция шағылысу кезінде немесе ол біткеннен кейін болады.

Саулықтың жыныстық циклін көп циклді малдардың қатарына жатқызады. Саулық тамыз айынан бастап келесі жылдың наурыз айына дейін қаша береді. Саулықтың күтімі жақсы болса, ол қоздағаннан соң бір ай ішінде күйге келеді және жылдың кез- келген айларында қашып, тоқтауы мүмкін. Саулықтың жыныстық циклі 14-19 тәулікте, көбінше 16-17 күнде қайталанып тұрады. Саулықтың қозу стадиясы 3-6 күн аралығында болады, ал саулықтың күйі жақсы болса, ол ұзарады. Шылым ағу белгілері шамалы түрде болады, кейде аңғару қиын. Жыныстық қозу белгісінде саулық мазасызданып, жем-шөптен бас тартады, құйрықтарын қимылдатып, аяғымен жер тепкілеп, қошқарға жақындайды, оны өзіне жақындауына қарсы болмайды, кейде қошқар соңынан қалмай жүреді, жыныс органдарының жиі жиырылуы орын алады. Қашатын саулықтарға (50-100 басқа) бір қошқар жіберіп, қашуға уақыты келген саулықтарды іріктеп бөледі. Саулықтың күйлеуі орташа 33-40 сағат көлеміне созылады. Овуляция күйлегеннен кейін 30-36 сағаттан соң бітеді.

Ешкінің жыныстық циклін көп циклді малдар қатарына қосады. Ешкінің күйі жақсы болса жыл он екі ай бойында қаша береді. жЫныстық циклі 13-14 күн. Күйлеу мерзімі 31-38 сағатқа созылады (кейде 27-44 күн аралығында). Овуляция фазасы 30 сағаттан соң бітеді.

Биенің жыныстық циклінің ұзақтығы 20-21 тәулік. Бие құлындаған соң қозу стадиясы 5-12 күн аралығында болады. Жыныс мүшесінен шылым ағу 5 күнге созылады. Жатыр мойны 2,5-3,5  см ашылады. Биелердің жыныстық қозу реакциясы өте жақсы байқалады, мінезі өзгеріп, айғырдың қасына барғысы келеді. Күйлеу мерзімі 2-12 күнге дейін созылады, орташа 4-5 күнге созылады. Айғырды еш қарсылықсыз қабылдайды, қозғалмай тұрып жыныстық қатынасқа түседі. Овуляция мерзімі биенің күйлеу мерзімінің соңына қарай болады. Биенің қашқан қашпағанын айғыр жіберу арқылы немесе тік ішек арқылы жұмыртқасында сары дене бар, жоғын тексереді. Тежеу стадиясы 2-8 күнге, орнықты күйге түсу мерзімі 4-17 күнге дейін болады.

Мегежіннің жыныстық циклі көп жыныстық циклді малдар қатарына жатады. Мегежіннің жыныстық циклінің ұзақтығы 20-21 күн. Мегежіннің күтіп-бағуы жақсы болса, торайлағаннан соң бір ай ішінде қозу стадиясы пайда болады. Мегежін 24 сағат ішінде жыныстық циклінің, атап айтқанда шылым ағуы, жыныстық қозу, қашу стадиясы екінші тәулікке созылады, ал одан кейін овуляция 24-48 сағат ішінде аяқталады.

Қаншықтың жыныстық циклі бір циклді малдар қатарына жатады. Қаншықтың жыныстық циклі өте ұзақ 3 айдан 6 айға дейін созылады. Қаншықтың қозу стадиясы негізінен көктемде және күзде басталады да, 8-14 күнге созылады. Ал жыныс мүшесінен сұйық зат ағу қозу стадиясынан басталып, 8-14 күнге дейін созылады. Дәл осы мезгілдерде қаншық қашады және организмінде овуляция басталады. Көп фолликулиндер пісіп жетіліп, овуляциялар басталады да, әр түрлі иттерден қашады және олардан ұрықтанады. Оны суперфекундация деп атайды.

Қоянның жыныстық циклінің ұзақтығы 6-7 күн. Қоян еркек қоянды жыныстық маусым кезінде кез-келген күнде қабылдай береді, сол себептен овуляция жыныстық циклдің кез-келген стадиясында бола береді, тек жыныстық қатынас орын алуы тиісті.

Мысықтың жыныстық циклі. Мысықта жыныстық қозу кезінде өте көзге көрінетін агрессиясы басталады, кейін барып қашады.

 

Еркек малдардың жыныс органдарының анатомиялық-топографиялық

         ерекшеліктері

 

Еркек малдың жыныс органдарына ұма, ен, ен қосалқысы, ұрық түтікшелері, қосымша жыныс бездері, жыныстық мүше (қаса, қамшы, шыбық, шүкі) және күпек жатады.

Ұма (scrotum) – екі қабаттан тұратын қапшық. Сыртқы қабаты тері, өте жұқа, жұмсақ. Онда тер бөлетін бездер өте көп. Ішкі қабаты серпімелі етті қабықтан тұрады. Екі қабығы бір-бірімен өте тығыз байланысқан.

Ұманың негізгі атқаратын қызметі ен мен ен қосалқысын сыртқы ортаның зиянды әсерінен сақтау және температураны реттеу. Ұманың ішіндігі температура дене температурасына қарағанда 3-5 С төмен. Мұндай температура спермиогенездің дұрыс өтуі, шәуеттің сапасы жоғары болуы үшін қажет.

Ен (testis, orchis, didymis) – бұл орган эндокринді органға жатады. Ен сағағына ілініп, ұманың қынаптық қуысында жатады. Сыртқы пішіні жұмыртқа тәрізді сопақтау, тығыз, серпімелі, өте күрделі түтікті без. Оның басқа эндокринді бездерден өзгешелігі ол миллиардтаған тірі торшаларды (спермийлерді) түзеді.

Еннің ұзындығы: бұқада 12-15 см, диаметрі 6-7 см, салмағы 300 гр. Ұманың ішінде тігінен орналасқан. Қошқардың ені сәл кішірек. Қабанның ені көлбеу, ал айғырдың ені көлденең орналасқан.

Ен сыртынан ақзаттық қабықпен қапталған. Ақзаттық қабық еннің ішіне қарай еніп орталық қалқан түзеді. Осы қалқаннан қалқаншалар тарап, енді 300-400 бөліктерге бөледі. Әр бөліктің ішінде 4-5 ирек түтікшелер орналасады. Спермийлер осы ирек түтікшелерде түзіледі. Әр бөліктен тік түтікшелер шығып, бірігіп ен тобын құрайды.

Ен қосалқысы (epididymis). Ен қосалқысының басын ен торынан шыққан ұрық шығарушы түтікшелер құрайды. Осы түтікшелер бір ортақ арнаға ауысып ен қосалқысының денесін құрайды, әрі қарай кеңейе келіп ен қосалқысының құйрығын қалыптастырады. Ен қосалқысы енді бойлап, жабысып жатады. Ен қосалқысында аталық ұрық жасушалары анабиоздық күйге түседі.

         Ен бауы (funiculus spermaticus) сірілі қабат ішінде орналасқан ұрық жолынан, қан тамырларынан, жүйкелерден және бұлшық ет талшықтарынан тұрады. Ол еннен және ен қосалқысынан басталып бау тәрізденіп шап өзегіне бағытталады. Оның ұзындығы бұқада 20-25 см. Ен бауында әлсіз дамыған бұлшықет талшықтары бар, олар енді көтергіш етті (m. Cremaster internus) түзеді. Ен бауының ішімен өте иректелген ішкі ендік артерия (a. Spermatica interna) және ендік вена (v. spermatica interna) өтеді.

Ұрық жолдары (ductus deferens) ен қосалқысының арнасынан басталады да, енбауының құрамында құрсақ қуысына өтіп, қуықтың үстіңгі жағында ампула тәрізденіп кеңейіп, несеп жолына барып қосылады. Әрі қарай бұл жол несеп-жыныс арнасы деп аталады.

Қосымша жыныс бездері. Көпіршік тәрізді жұп бездер (gl. vesiculares), олар қуықтың дорсальдік бөлігінде, ұрық түтікшесінің кеңейген жерінде екі жағында орналасқан ұзындығы – ірі қара малда және қабанда 10-15 см-ге жетеді, диаметрі 4-5 см, тік ішек арқылы қол салып қарағанда анық білінеді. Төбетте және жабайы аңдарда бұл без жоқ.

Баданалық без (gl. prostata) жеке дара без, айғырда және төбетте жақсы дамыған, қуықтың дорсальдік жағында, несеп-жыныс өзегінің басталған жерінде орналасқан.

Купер бездері (gl. bulbouretralis) жұптасып, несеп-жыныс өзегінің дорсальдік бөлігінде, екі жағында жамбас қуысынан шығатын жерінде, қасаға сүйектерінің маңында орналасқан.

Көлемі 3-4 см (қабанда 6-12 см) болатын екі бөлек безден тұрады. Төбетте бұл без болмайды. Осы жоғарыда айтылған бездердің арналары несеп-жыныс өзегіне келіп ашылады.

Уретралдық бездер несеп-жыныс өзегінің қабырғасында орналасқан.

Қосымша жыныс бездерінің негізгі қызметі, оның бөліп шығаратын сөлі арқылы ен қосалқысынан келген қою шәуетті сұйылтып, көлемін ұлғайтады, спермийлерді ұйқыдан оятып, қозғалыс белсенділігін арттырады, ал шәует бөлінер алдында уретралық бездер өзінің секретімен несеп-жыныс өзегін тазалап өтеді.

Жыныстық мүше (penis) бұқада – қамшы, қабанда, қошқарда – шыбық, айғырда – қаса, төбетте, мысықта – шүкі деп аталады. Шәуетті (ұрықты) ұрғашы малдың жыныс жолдарына апарып салатын жыныстық қатынас органы.

Жыныстық мүшенің қасаға сүйектеріне бекитін түбірі, айғырда жуан, басқа малда жіңішкелеу, ұзын денесі және басы болады. Қабанның жыныстық мүшесі спираль тәрізді. Жыныстық мүшенің вентралдік бөлігінде несеп-жыныс өзегі орналасады. Бұл өзекті жан-жағынан каверналы дене қоршап жатады. Каверналы денені ірі-ірі қуыстарға айналған қан тамырлары деп білуіміз керек.

Эрекция кезінде осы каверналар (қуыстар) қанға толып жыныстық мүше жуандап қатаяды. Ұзарып, күпектің сыртына шығып кетеді. Жыныстық мүшенің ұзындығы айғырда 100 см, бұқада 150 см, қошқарда 50 см, қабанда 80 см-ге дейін жетеді. Күйіс қайыратын малдардың жыныстық мүшесінің басында 2-3 см бөлек шығып тұратын несеп-жыныс өзегінің өсіндісі болады, ол экуляция кезінде дірілдеп шәуетті жатыр мойынына айналдыра шашады. Айғырда бұл өсінді өте қысқа, жыныстық мүшенің басынан аспайды.

Күпек (praeputium) жыныстық мүшенің басын жауып тұратын, терінің қатпарларынан тұратын қапшық. Құрсақтың вентралдік бөлігінде ұманың алдыңғы жағында орналасқан. Күпек ішкі жағынан кілегейлі қабықпен қапталған, бұл қабық өз кезегінде жыныстық мүшенің денесіне ауысады. Қалыпты жағдайда айғырдың күпегінің қатпарлары, қос қабат қапшыққа ұқсайды. эрекция кезінде бұл қатпарлар жазылып кетеді.

Спермиогенез – енде спермийлердің түзіліп, дамып жетілуін айтады. Бұл процесс аталық малда жыныстық жетілуден басталып, қартайғанға дейін үздіксіз жүреді.

Спермийлер ирек түтікшелерде түзіледі. Ирек түтікшенің қабырғасының ішкі жағында (мембранасында) бірнеше қатар болып сперматогоний орналасқан.

Спермиогенез процесінде көбею, өсу, пісіп-жетілу және қалыптасу сияқты төрт сатыны ажыратамыз. Көбею сатысында әрбір сперматогоний екіге бөлініп бірінші дәрежелі сперматоциттер пайда болады, олар тағы екіге бөлінеді де, екінші дәрежелі сперматоциттер пайда болады. Екінші дәрежелі сперматоциттер біраз үлкейген соң екіге бөлініп, сперматидтер пайда болады. Сперматидтердің ядросында хромосомдар гаплоидты (жартылай) болады. Сперматидтер қалыптасып спермийлерге айналады, мұны қалыптасу сатысы деп атайды.

Қалыптасу процесі ирек түтікшенің Сертоли торшаларының протоплазмасында өтеді. Спермийлер осы жерде өздігінен қозғалатын жағдайға жетіп, жылжи отырып ен қосалқысының арнасына келіп түседі. Мұндағы қышқылды орта әсерінен спермийлердің қозғалысы бәсеңдеп, кейін мүлдем тоқтайды, яғни олар анабиоздық жағдайға түседі. Сапасы жоғары спермийлер ен қосалқысы құйрығының арнасында жатады. Бұл жерде спермийлер 2-3 айға дейін өзінің сапасын жоғалтпай, сақталып тұра береді. Ен қосалқысын осындай жағдайда спермийлердің жиналып, сақталып тұратын уақытша қоймасы деп қараймыз.

Спермиогенез тоқтаусыз жүретін процесс болғанымен жыл мезгіліне қарай, азықтандыру мен бағып күтуге, аталық малды пайдалануға байланысты (шәует алу режимі, күйекке салу) кейбір кездерде өте қарқынды өтсе, кейде баяулап қалады.

Ен паренхимасында тек қана спермийлер ғана емес, сонымен қатар аталық жыныстық гармон тестестерон (Лейдиг торшаларында) түзіледі. Бұл гармон негізінен жыныс органдарының дамып жетілуіне, сонымен қатар аталық малдың өзіне тән белгілерінің пайда болуына және ұрғашы малға деген жыныстық инстинктің пайда болуына әсер етеді. Піштірілген малда ондай рефлекстер болмайды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 Жоспар:

 

Кіріспе

Негізгі бөлім

1.1.Ұрғашы малдардың жыныс органдарының анатомиялық құрылысы

1.2. Әр түрлі түлік малдардың жыныс мүшелерінің айырмашылықтары

1.3. Жыныстық қатынастардың циклдері және оның кезеңдері

1.4. Толық және толық емес жыныстық циклдер

1.5. Орташа жыныстық циклдердің ұзақтығы

1.6. Еркек малдардың жыныс органдарының анатомиялық-топографиялық

ерекшеліктері

  1. Өзіндік зерттеу

Техника қауіпсіздігі

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Тіркелген мәліметтер

3.1. Үй жануарларының көбею мүшелері

3.2. Әр түлік еркек малдардың көбею мүшелері

3.3. Ен және ен қосалқысының құрылысы

3.4. Малдың күйлейтін мерзімі және овуляция өтетін уақыт (кесте)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Анықтамалар

 

Бифуркация – жатыр тармақтарының екіге бөлінген жері.

Күпек – жыныстық мүшенің басын жауып тұратын, терінің қатпарларынан тұратын қапшық.

Спермиогенез – енде спермийлердің түзіліп, дамып жетілуін айтады.

Овуляция – пісіп жетілген фолликулдің жарылып, фолликулярлы сұйықпен бірге аналық жыныс жасушасының бөлініп шығу процесі.

Буаздықтың сары денесі – сары дене мал төлдегенге дейін өзінің қызметін тоқтатпай, сақталып қалуы.

Жыныстық циклдің сары денесі – буаздық болмай жыныстық цикл қайталанатын болса, пайда болған сары дене 7-10 күннің ішінде ыдырап, жоқ болып, сіңіп кетеді де, ұрық безінде қайтадан фолликулдер өсіп жетіледі.

Персистентті сары дене – буаздықтың сары денесі мал төлдегеннен кейін 30 күннің ішінде, жыныстық циклдің сары денесі 15-20 күннің ішінде ыдырап сіңіп кетпей тұрып қалуы.

 

 

Белгілер және қысқартулар

        

см – сантиметр

мм – миллиметр

м – метр

кг – килограмм

гр –грамм

т.б. – тағы басқа

сағ – сағат

% — пайыз

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

         Аннотация

 

Бұл курстық жұмыстың кіріспе бөлімінде әр түрлі түлік малдардың жыныс мүшелерінің айырмашылықтары, яғни ұрғашы малдардың жыныс органдарының анатомиялық ерекшеліктері және еркек малдардың жыныс органдарының анатомиялық-топографиялық ерекшеліктері жайлы айтылады.

Негізгі бөлімде қамтылған тақырыптар: ұрғашы малдардың жыныс органдарының анатомиялық құрылысы; әр түрлі түлік малдардың жыныс мүшелерінің айырмашылықтары; жыныстық қатынастардың циклдері және оның кезеңдері; толық және толық емес жыныстық циклдер; орташа жыныстық циклдің ұзақтығы; еркек малдардың жыныс органдарының анатомиялық-топографиялық ерекшеліктері.

Мал өсіріп, оның санын көбейту үшін акушерлік-гинекологиялық патологиялар, төлдеуге көмектесу және малды өлім-жітімнен аман сақтау үшін жедел ветеринарлық жәрдем көрсете білу қажет.

Өзіндік зерттеу бөлімінде практикалық дәріс өту барысында ұрғашы малдың көбею органдарының анатомиялық ерекшеліктері және еркек малдың анатомиялық-топографиялық ерекшеліктерімен таныстым.

Техникалық қауіпсіздік бөлімінде хирургиялық операция кезінде асептика және антисептика ережелері мен тәртіптерін қатаң сақтау, фармакологиялық дәрі-дәрмектерді дұрыс қолдану, жалпы қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде айтылады.

Қорытынды бөлімінде өз ойымды тұжырымдап, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, сонымен қатар тіркелген мәліметтерде тақырып бойынша 3 сурет, 2 кесте көрсетіледі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

 

         Мал шаруашылығын, оның ішінде – мал, құс және басқа жануарлардан өнім алуды дамыта отырып, елімізде қажетті азық-түлік, өндіріске керекті шикізаттар алу үшін жануарларды тиімді пайдалану бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Халқымыз ежелден малмен айналысқандықтан осы саланы одан әрі өркендету үшін, мал басын шоғырландырудың, қора-жай күтімдерінің, оның зоогигиеналық-санитарлық жағдайларын, сапалы азықтандыру және жануарлардың этологиялық ерекшеліктерін де ескеру қажет.

Ауруға кенеттен шалдыққан мал мен жануарларға алғашқы ветеринарлық жедел жәрдем көрсетілу керек. Ветеринарлық жедел жәрдем мал дәрігерінің, орта және кіші ветеринария қызметкерлерінің тікелей міндеті.

Мұндай жәрдем тәуліктің кез-келген мезгілінде және ешқандай жағдайға байланыссыз сапалы және тиімді көрсетілуі тиіс.

Сондықтан да, жедел ветеринарлық жәрдемнің тез көрсетілуінің, мамандардың қажетті жабдықтармен және ауру мал мен жануарлардың организміне әсер ететін дәрілермен қамтамасыз етілуінің маңызы зор.

Мал өсіріп, оның санын көбейту үшін акушерлік-геникологиялық патологиялар, төлдеуге көмектесу және малды өлім-жітімнен аман сақтау үшін  ауруларға жедел ветеринарлық жәрдем көрсетілу қажет.

Өндірістік кешендерде, арнайы бағыттандырылған шаруашылықтарда және фермаларда мал басының ұдайы өсуіне, соның ішінде асыл тұқымды мал алуда зиян тигізетін акушерлік-геникологиялық ауруларды ғылыми негізде емдеу, жетік меңгеру, морфологиялық өзгерістерді білумен қатар, жалпы организмнің күн жайын, яғни дұрыс ем әдісін таңдаудың маңызы біз үшін айтарлықтай. Осы жазылған курстық жұмыста ұрғашы малдардың жыныс органдарының анатомиялық құрылысы және жыныстық қатынастардың циклдері және оның кезеңдері, еркек малдардың жыныс органдарының анатомиялық-топографиялық ерекшеліктерін меңгеру біз үшін басты мәселе. Біз үшін малдың өнімділігін не жұмысқа қабілеттілігін жарым жартылай не толық қалпына келтіру ем нәтижесінің көрсеткіші болып табылады. Қандай дерт болмасын, патологиялық процеске жалғыз ғана емес, белгілі бір дәрежеде басқа да ағзалар және жүйелер қоса қатысады, соны ескергеніміз жөн.

Экономикалық шығынды болдырмау үшін мал шаруашылығында мал дәрігерлері ауру малды нәтижелі емдеп, клиникалық тексерулер, диспансерлеу, белгіленген нақты жоспар арқылы жүйелі түрде егжей-тегжейіне жете зерттеу өте маңызды болып табылады.

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

 

         Қорыта айтатын болсақ бұл курстық жұмыста акушерлік геникология пәні ветеринарияда қажетті, өз алдына бір бөлім екеніне көз жеткіздік. Бұл бөлімде аналық және аталық малдардың жыныс органдарының анатомиясы мен физиологиясы, жыныстық циклі, күйлеу мерзімі, овуляция уақыты жөнінде оқып таныстық.

Мал шаруашылығының өзекті мәселесі – мал басын көбейту, асыл тұқымды төл алу, қолдан ұрықтандыру және т.б. мәселелер ветеринарияда акушерлік геникология бөлімінде маңызды орын алады.

Ауруды ғылыми негізде емдеу үшін морфологиялық өзгерістерді білумен қатар әр ағзалардың, жүйелердің және жалпы организмнің күй-жайын, яғни қызметін атқару күйін, күш қабілет мүмкіндігін анықтайды.

Ауыл шаруашылығы, оның өзекті саласы – мал шаруашылығын жедел өркендете отырып, елімізде азық-түлік әсіресе ет-май, малдан алынатын шикі зат молшылығын жасау, халық мұқтажын толық өтеу бүгінгі күн тәртібінің немесе мәселелерінің бірі.

Қазіргі кезде мал дәрігерлік ғылым мен тәжірибе одан әрі қарыштап дамуда.  Ветеринарияның акушерлік геникология мамандарының ғылыми жұмыстарында ой-пікірлермен алмасу үшін конференция және семинарлар ұйымдастырылуы қажет, сонда мал дәрігерлік білім барған сайын толыға түседі.

Мал өсіріп, оның санын көбейту үшін акушерлік – геникологиялық патологиялар, төлдеуге көмектесу және малды өлім-жітімнен аман сақтау үшін жедел ветеринарлық жәрдем көрсете білу қажет.

Мал дәрігерлері мен ферма қызметкерлерінің алдына қояр негізгі мақсатының мағынасы – малдың денсаулығы мен өнімділігіне жағымсыз әсер ететін факторларды дер кезінде жоюға әрекет жасап, олардың өнімділік мүмкіндігін толық пайдалану. Аурудың алдын алу шаралары жүйелі түрде өту үшін ұйымдастырушылық, сақтандыру, анықтау және емдеу жұмыстары үйлестіріліп татымды жүргізілу керек. Ал мал дәрігерлері осы шараларды шеберлікпен үйлестіріп орындалуын мұқият қадағалауы тиіс.                                                                   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

          Өзіндік зерттеу

 

         «Ветеринарлық медицина және зоотехния» кафедра зертханасында практикалық дәріс өту барысында оқытушы Нуралиев Сайрамбек ағай ұрғашы малдардың көбею органдарының анатомиялық ерекшеліктері және еркек малдардың жыныс органдарының анатомиялық-топографиялық ерекшеліктері жайында түсіндірді.

Ең алдымен суреттер көрсетіп, муляж арқылы әр түлік малдың жыныс мүшелерінің анатомиясы және топографиясымен таныстырды. Одан кейін жыныс органдарының препараттарына қарап, оларды пішініне, көлеміне, консистенциясына қарап зерттеп оқып үйрендім.

Препараттарды және муляждарды оқып үйренген соң дені сау малдың ішкі және сыртқы жыныс мүшелерін зерттеп (қынапты, жатыр мойнын қынап айнасы арқылы) көрдім. Бұл кезде кәрі, көп төлдеген және жас малдың жыныс мүшелерінің көлемі мен орналасу ерекшеліктеріне назар аудару қажет.

Жатыр жамбас қуысында орналасқан. Сиырдың жатыр тармақтары жамбас қуысында жатады. Кейде көп туған немесе кәрі сиырларда құрсақ қуысына қарай түсіңкіреп орналасады, ал биенің, мегежіннің, қаншық пен мысықтың жатыр тармақтары құрсақ қуысында жатады. Олар жатыр шарбысы арқылы бел омыртқа бұлшық еттеріне бекітілген.

         Жатыр түтікшесінің ұзындығы биеде, түйеде, сиырда, мегежінде 25-30 см, қойда және ешкіде 10-15 см.

Қынап ұзындығы ірі малда 30-35 см, уақ малда 10-20 см түтік, үш қабаттан тұрады.

Еннің ұзындығы бұқада 12-15 см, диаметрі 6-7 см, салмағы 300 гр. Ұманың ішінде тігінен орналасқан. Қошқардың ені сәл кішірек. Қабанның ені көлбеу, ал айғырдың ені көлденең орналасқан.

Жыныстық мүшенің ұзындығы айғырда 100 см, бұқада 150 см, қошқарда 50 см, қабанда 80 см-ге дейін жетеді. Күйіс қайыратын малдардың жыныстық мүшесінің басында 2-3 см бөлек шығып тұратын несеп-жыныс өзегінің өсіндісі болады, ол эвуляция кезінде дірілдеп шәуетті жатыр мойнына айналдыра шашады. Айғырда бұл өсінді өте қысқа, жыныстық мүшенің басынан аспайды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

   

 

 

 

 

0

Автор публикации

не в сети 3 года

Назира

1
Комментарии: 0Публикации: 167Регистрация: 25-12-2019

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля