ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНДАҒЫ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТЕР (Х Ғ. — ХІІІ Ғ. БАСЫ).

26 января, 2017 11:06

Ортағасырлық Қазақстандағы Қарахан әулеті мемлекеті, Қыпшақ хандығы, Қарақытайлар, Наймандар және Керейіттер мемлекеттерінің саяси тарихы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы және мәдениеті туралы түсіндіру. Студенттердің дамыған орта ғасырлар кезеңіндегі Қазақстан тарихы бойынша білімдерін одан әрі жетілдіріп, ғылыми ұғымдармен кеңейту.

 

Негізгі ұғымдар: Қарахан әулеті, салжұқтар, Саманилер әулеті, Мәуереннахр, ислам, икта, қарақытайлар (қидандар), гурхан, қыпшақтар, Дешті Қыпшақ, Хорезмшах мемлекеті.

 

Жоспар:

  1. Қарахан әулеті мемлекеті.
  2. Қыпшақ хандығы.
  3. Қарақытайлар. Наймандар. Керейіттер.

 

  1. Қарахан әулеті мемлекеті. Қарахан әулеті мемлекеті Х ғ. ортасында Жетісу аумағы мен Шығыс Түркістанның батыс бөлігінде пайда болды. Мемлекеттің құрылуында қарлұқ, жікіл және яғма тайпалары зор рөл атқарды. Қарахан әулетінің негізін салушы болып Сатұқ Боғра хан (915-955) есептеледі. Ол әуелі Тараз бен Қашғарды бағындырды, ал 942 жылы Баласағұн билеушісін құлатып, жоғарғы қаған атанды. Сатұқ Боғра ханның мұрагері Мұса 960 жылы исламды мемлекеттік дін деп жариялады. Оның астанасы Қашғарда орналасты.

Х ғ. аяғында Қарахан әулеті мемлекетінің билеушілері Мәуереннахрда үстемдік еткен Саманилер әулетімен соғыстар жүргізді. Осы соғыстардың барысында Қарахан билеушісі Насыр ибн Әли 999 жылы Саманилердің астанасы болған Бұхараны басып алды, ал 1004 жылы Мәуереннахр Қарахандардың иелігіне қосылды. Үлестік жүйеде негізі қаланған Қарахан әулеті мемлекеті шығыс және батыс иеліктерінен тұрды. Шығыс иелігіне Жетісу мен Шығыс Түркістан, батыс иелігіне Мәуереннахр кірді. Екі иеліктің билеушілері арасындағы өзара тартыстар ХІ ғ. 40-жылдары Қарахан мемлекетінің екі дербес қағанатқа – Шығыс Қарахан және Батыс Қарахан болып бөлінуіне әкелді. 1089 жылы Салжұқ мемлекетінің билеушісі Мәлік шах Батыс Қарахан мемлекетіне басып кіріп, Самарқандты басып алды. Ал Шығыс Қараханның билеушісі Боғра хан өзін Мәлік шахтың вассалы ретінде мойындауға мәжбүр болды. Салжұқ сұлтандары Қарахан әулеті мүшелерінен өздеріне қолайлы хандарды тағайындап отырды. ХІІ ғ. басында Тараз бен Баласағұнның билеушісі Қадыр хан Жабырайылдың салжұқ үстемдігіне қарсы бас көтеруі сәтсіздікпен аяқталды.

ХІІ ғ. 30-жылдары Шығыс Қарахан иелігінде шығыстан келген қарақытайлардың әскери-саяси үстемдігі орнатылды. Қарахандық билеушілердің билігі әлсіреп, олар қарақытайлардың басшысы – гурханның вассалдарына айналды. Дегенмен, қарақытайлар қарахандық түріктердің мемлекеттік құрылысын да, дінін де, мәдениетін де өзгерткен жоқ, олардан салық жинаумен ғана шектелді.

1210 жылы наймандармен күрес барысында Шығыс Қарахан әулеті үзілді, ал 1212 жылы Самарқандта Хорезм шахы Мұхаммедтың бұйрығымен Батыс Қарахан әулетінің соңғы қағаны өлтірілді.

Қарахан әулеті мемлекетінің жоғарғы өкімет билігі – хақанның қолында болды, оған ең жақын кеңесші, көмекші – уәзірі, одан басқа күзет бастығы, есік қорғаушылары, қазынашылар және елшілер қызмет істеді.

Қарахан мемлекетінің құрылымы феодалдық үлестік жүйеге негізделді. Мемлекет өз билеушілері басқарған ірілі-ұсақты өңірлерге ­­­– үлестік жерлерге бөлінді. Округтердің орталығы болған Тараз, Испиджаб және Баласағұн ірі үлестер еді. Хан мемлекеттік немесе әскери қызметі үшін феодалдарға жер беріп, сол жердегі халықтан салық жинауға рұқсат еткен. Мұндай жерлер икта деп аталады, ал оның иесін иктадар деп атаған. Қарахан әулеті мемлекетінде феодалдық қатынастардың дамуы – Қазақстан аумағында феодалдық құрылыстың нығаюының маңызды кезеңі болып табылады.

 

  1. Қыпшақ хандығы (ХІ ғ. – ХІІІ ғ. басы). «Қыпшақ» этнонимы алғаш рет VIII ғ. жататын Ұйғыр (Тоғыз-оғыз) қағанатының негізін салушы Моин-Шорға арналған көне ұйғыр руналық жазбасында кездеседі. Онда «түркілер мен қыпшақтар бізге елу жыл үстемдік жүргізді» деп айтылады. Мұсылман деректерінде қыпшақтар тұңғыш рет араб географы Ибн Хордабектің 846-847 жж. жазған «Жолдар мен провинңиялар кітабында», VIII ғ. жататын түрік тайпаларының тізімінде кездеседі.

VIII ғ. соңынан – XI ғ. басына дейін шығыста Алтай мен Ертістен батыста Орал таулары мен Еділ бойына дейін қоныстанған қыпшақтар Қимақ қағанатының қүрамына кірді. XI ғ. Қимақ қағанаты қүлағаннан кейін, қимақ, қыпшақ және куман тайпаларының бұрын жайлаған жерлерінде әскери саяси жетекшілік қыпшақ хандарының қолына көшеді.

ХІ ғ. бірінші жартысында Орталық Азиядағы, кейін Еуразияның далалық аймағындағы саяси үстемдік қыпшақ тайпалары одағына көшті. Қыпшақтар Қазақстан аумағына Жоңғария далаларынан, ал ол жаққа Батыс Монғолиядан келген болатын. Алдымен қыпшақтар Сырдарияның орта және төменгі ағысын, Арал мен Каспий өңірлерін мекендеген оғыздарды ығыстырды. Этникалық-саяси жағдайдың өзгеруіне қарай ХІ ғ. екінші ширегінде «Оғыздар даласы» («Мафазат әл-гузз») деген атаудың орнына «Қыпшақтар даласы» («Дешті Қыпшақ») деген атау пайда болды.

XI ғ. ортасында қыпшақ тайпалары Еділден өтіп, батысқа қарай жылжып, Орыс және Қара теңіз өңірі далалары мен Византия, Венгрия шекараларына дейін қоныстанды. ХІІ ғ. Алтай мен Ертістен бастап Карпат пен Дунайға дейін созылған үлкен аумақты мекендеген халықтардың бәрі қыпшақтар деп аталды. Осы уақыттан бастап «қыпшақ» сөзі этникалық мағынасын жойып, этномәдени семантикаға ие бола бастады. Орыс жылнамаларында қыпшақтар – половцылар, Еділден Днепрге дейінгі қыпшақтар қоныстанған аумақ «Половецтер даласы» деп аталды. 1071 жылы қыпшақтар Кіші Азияға жетіп Анатолия қаласын жаулап алады, сөйтіп, османдық түріктердің негізін қалады, осы жылдары Трансильвания арқылы Молдавияға өтеді. Қазіргі Венгриядагы мадиярлар, Молдавиядагы гагауыздар қыпшақтарға жатады. Осылайша Батыс Еуропа деректерінде қыпшақтар «коман» деген атпен мәлім болды.

ХІ-ХІІ ғғ. қыпшақтар екіге бөлініп, Еділ өзенінің шығыс жағында Шығыс Дешті Қыпшақ, ал батысында Батыс Дешті Қыпшақ тайпалар одағы құрылды. Қазіргі Қазақстан аумағының көп бөлігі Шығыс қыпшақ ұлысының билігінде болды. Қыпшақтардың ханы болып елбөрілі руынан шыққандар ғана мұрагерлік жолмен сайланды. Әскери-әкімшілік жүйе көшпелі өмірге ыңғайлы болды. Негізгі байлық жылқымен өлшенді. Дегенмен, мал шаруашылығымен қоса егіншілік те дамыды.

ХІІ ғ. ортасынан Хорезмшахтар әулетінің өкілдері қыпшақ хандарының қолында болған Аралдың оңтүстік өңірін, Сырдария бойындағы қалалар мен Маңғыстауды қаратып алуға күш салды. Хорезмшах Мұхаммед (1200–1220) қыпшақтардың Сырдария бойындағы иеліктерін өзінің ықпал аясына қосып, қыпшақ хандарының оңтүстік ордасы Сығанақ қаласын бағындырып алды. Осы кезден бастап Қыпшақ хандығы әлсірей бастады. Өйткені, қыпшақ ақсүйектердің бір бөлігі Хорезм шахына қызмет етуге көшті, әрі ішкі тақ тартысы күшейді. Монғол шапқыншылығы қарсаңында Қыпшақ хандығы ыдырау алдында тұрды.

 

  1. Қарақытайлар. Наймандар. Керейіттер. 1125 жылы Орталық Азиядан келген қарақытайлар (қидандар) Жетісудың бір бөлігіне, Сырдарияның оң жағалауына әскери-саяси ықпалын орнатты. Қарақытайлар Орта Азияның егіншілік аймақтарындағы қалалар мен қоныстарды қиратпай, тұрғындардан салық жинаумен шектелді. Жергілікті жерлерде бұрынғы әулеттер өкілдерінің билігі сақталды. Қарақытай гурханының ордасы Баласағұн түбіндегі Ғұз-ордада орналасты. Жоғары билікті мұраға қалдыру жүйесінің ерекшелігі – гурхан тағына отыруға әйелдер де құқылы болды. Мәселен, 1143 жылы Елюй Дашы дүние салғаннан кейін қарақытайларға оның жесірі Табуян билік жүргізген. ХІІ ғ. аяғында қарақытайлар Ауғанстан жеріндегі гурид билеушілерінен жеңіліске ұшырады. ХІІІ ғ. басында Хорезм, Бұхара және Самарқанд билеушілері гурханның үстемдігіне қарсы күресті. Нәтижесінде қарақытай гурханы Мәуереннахрды хорезмдіктерге қалдырып, Қашғарға шегінді. Көп ұзамай, қарлұқтар найман тайпаларымен одақтасып, Қашғар шегінде гурхан Чжилугуды қолға түсірді. Қарақытайлардың иеліктерінде Күшлік хан бастаған наймандардың билігі орнады.

Наймандардың, керейіттердің ертеректегі мемлекеттері Қазақстанға шектесіп жатқан Монғолия аумағында пайда болса да, олардың тарихының Қазақстан тарихына тікелей қатынасы бар.

Найман тайпаларының одағы VIII ғ. ортасында Жоғарғы Ертіс пен Орхон өзендері аралығындағы жерлерде құрылды. Наймандардың батыс жағында Ертіс бойын мекендеген қаңлылар мен қыпшақтар, солтүстігінде Енисей қырғыздары, шығысында Шығыс Монғолияда көшіп-қонып жүрген керейіттер, оңтүстік жағында Орталық Азияның басқа да көптеген тайпалары мекендеген.

Наймандар XI ғ. бас кезінде христиан дінінің несториан бағытын ұстанған. Бұл наймандардың ерте феодалдық кезеңде басқа мемлекеттермен және халықтармен этно-мәдени байланыста болғандығын дәлелдейді. XII ғ. аяғы – XIII ғ. басында Найман хандығы екіге бөлініп, оны Даян хан мен Бұйрық хан басқарды. 1204 жылы монғолдар Даян ханды, 1206 жылы Бұйрық ханды талқандады. Даянның ұлы Күшлік хан найманның қалған әскерін жинап, 1211 жылдан бастап Жетісуда билік жүргізді. 1218 жылы монғолдар наймандарды талқандады.

Керейіттер туралы жазба деректердегі алғашқы мәліметтер X ғ. бас кезіне жатады. Керейіттер конфедерациясының этникалық құрамы біртекті болмаған. Олар түрік тілді жэне монғол тілді тайпалардан құралды. Керейіттердің батысында – наймандар, солтүстігінде – меркіттер, шығысында – татарлар, оңтүстігінде – таңғұттар тұрады.

1007 жылы керейіттер наймандармен бірге христиан дінінің несториандық тармағын қабылдады. Керейіттер белгілі дәрежеде ұйғыр мәдениетінің ықпалында болды.

XII ғ. 70-жылдарынан бастап Тоғұрыл хан (Ван хан) тұсында керейіттер ұлысы солтүстікте – Селенганың жоғарғы бойынан, оңтүстікте – Хуанхеге дейінгі, батыста – Хангай тауынан, шығыста Халкин Голге дейінгі жерлерді қамтыды.

1203 жылы керейіттер мен олардың бұрынғы одақтасы монғолдар арасында соғыс басталып, ол керейіттердің жеңілісімен аяқталды. Керейіттердің бір бөлігі Солтүстік-батысқа, яғни Ертіс өзенінің орта ағысына карай қоныс аударды. Ал басым бөлігі Монғол мемлекетінің кұрамына енді.

 

Бекітуге арналған сұрақтар:

 

  1. Қарахан мемлекетінің (942-1210жж.)  қоғамдық құрылысы мен шаруашылығының ерекшелігі неде?
  2. Найман және Керей ұлыстарында, сондай-ақ Қарақытай хандығында қандай этносаяси үдерістер жүрді?
  3. Әл-Фараби ғылыммен мәдениеттің дамуына қандай үлес қосты?
  4. Көшпелі және отырықшы мәдениетте Ұлы Жібек жолының алатын орны қандай болды?
  5. Ұлы Жібек жолының Қазақстан территориясынан өтетін негізгі жолдарын картадан тауып көрсетіңіз.
  6. Ұлы Жібек жолының Қазақстандағы экономикалық дамуындағы және қала мәдениетінің гүлденуінің мағынасымен ықпалы қандай болды?

 

 

Әдебиеттер:

  1. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
  2. Қадырбаев А.Ш. Очерки истории средневековых уйгуров, джалаиров, найманов и кереитов. Алма-Ата, 1993.
  3. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
  4. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. І том. Алматы: «Атамұра», 1996, 2010. – 544 б.
  5. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Очерктер. Алматы: «Дәуір», 1994.
  6. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006.
  7. Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
  8. Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы: «Қарасай», 2007. – 344 б.
  9. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2005, 2008. – 640 б.
0

Автор публикации

не в сети 5 лет

Ерек

3
Комментарии: 0Публикации: 26Регистрация: 25-01-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля