Қала экологиясы

5 декабря, 2018 18:04

Қала экологиясы

 “Менің уәделерім ешқашан бос сөз болған емес, ал сіздер маған үнемі үміт ұялатып, биік белестерге бастаған шын жүректен қолдау көрсеттіңіздер”, деді Пре­зидент. Халқына қаратып айтылған аталы сөз осындай болмақшы.

Елімізде шағын және орта бизнесті да­мы­­тып жатырмыз, шын мәніндегі халықтық капитализмге бет бұрдық дейміз; тәуелсіздік алғалы бері шетел инвестициясы­нан елімізге қырық миллиард доллардан астам қаржы бұлағы бұрылды дейміз; кешірім жасалған көлеңкелі бизнестен жарты миллиард доллар қайтып оралып, ел игілігіне жұмыс істей бастады дейміз; ішкі жалпы өнім жылма-жыл жоғарылап, көңіл көншітеді дейміз. Әлемдік экономикада Қазақстан моделі өз алдына отау тікті. Білім және ғылым саласына екі-үш жыл көлемінде бюджеттен орасан мол қаржы босатылды. Ауыл шаруашылығына бөлінген дотация көлемі де айтарлықтай. Ендеше, елде қиын жүріп жатқан реформалар, атап айтсақ, білім және ғылым, әлеуметтік сала, коммуналдық қызмет, жерге жекеменшік, осылардың баспалдақтап көтерілу динамикасы көңілге орасан зор қуаныш шуағын құяды.

Осының мәнісін көп ойландым.

Бюджет халықтың маңдай тері мен табан ақысынан құралады. Оның үстіне шетелге шығып жатқан қазба байлықтарымыздың қарымтасынан толады. Енді осы екеуінен бас құрап, қазынамызды толтырған ырзық-несібені көздің қарашығындай сақтап, сыбайлас жемқорлардың апан аузынан арашалап алып қалу – мәселенің бергі жағы, ал сол қомақты қаржыны халықтың бүгінгі тоқшылығы үшін, ертеңгі болашағы үшін орнымен жұмсай білу – ыждаһатты есепқойлықты қажет етеді.

Осы жерде хакім Абайдың сөзі еске оралады. Азаматтарымыздың “…көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады”, – дейді. Осындағы байлаулылық сөзінде терең мән жатыр. Байлаулылық  көбіне білімге, зеректікке келеді. Сол білімді, сол зейін, зеректікті қажет жеріне жұмсамай, жанып жүріп шаруа тындырмай, көштің соңынан еріп, жұрт жүрген жолды шаңдатып жөңкіле беру бәрімізге сын болмақшы. Атымыздың басын ұлы көштің бас жағына түзейікші, деді Президент өз Жолдауында.

Өз басым Президенттің әуел бастан екі мінезін ұнатамын, құлай құптаймын.

Бірінші мінезі – нені ойға алса да екі­ұш­ты сөйлемей, екіұдай жүрмей, екі жаққа жалтақтамай, сүйейсалды қылмай, жанып жүріп істейтіні. Жанып жүріп істеген іс әрдайым оңынан бітеді. Президент туралы жазылған бірді-екілі көркем шығармаларды, дерекке табан тіреген очерк кітаптарын оқып шыққанда, санаға сап ете қалатын ой – Нұрсұлтан Әбішұлының кешегі бала жастан маңдай терін тамшылатып, бейнеттің от-жалынында қайнап піскендігі. Жастайы­нан ауыр жұмыстан бойын тартпай өскен­дігі. Бозбала кезінде анасы Әлжанның бір жағына шығамын деп бөлініп берген бір гектардай қызылшаны суару, шөптеу, түбін қопсыту, жегілеу, жүйектеу шаруасына күні бойы кіріскенде алақаны ойылғанша қимылдайды екен.

Содан кейін Теміртаудың №3 шойын балқыту пешінің от-жалынына оранып, күпәйкесін тұзды суға малып, бірде кокс лақтырып, келесіде пеш науасынан шойын ағызып, жан алып, жан беріп жүргенде бас қорытпашы: “Шәкірттердің ішінен бір шыдаса – осы Сұлтан ғана төзіп шығады”, – дейді екен. Днепродзержинск училищесін бітіріп оралған отыз көгенкөздің ішінен екі-үш жылда қорытпашы болып Нұрсұлтан Әбішұлының әбден қалыптасуы – әлгі бас шебердің сәуегей сөзінің дәлелі. Сүйегі қатып үлгермеген жас кезінен бейнетте шыңдалған адам өмір жолында қандай қиындық кездессе де тайсалмайды, тура беттеп барады. Әлгідегі ойға алған шаруаны жанып жүріп тындырады деуіміз содан.

Президенттің екінші мінез қыры – тәуекелдің адамы. Қасиетті Құранда Алла-тағала тәуекелшіл кісіні сүйеді деген сөз бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, қысқа жіп күрмеуге келмей жатқанда, Парламент мүшелерінің, зиялы қауымның “осы қалай болар екен” деген дүдәмалына қарамай, баяғы тәуекел деп аяғын үзеңгіге салған батыр бабаларына ұқсап, елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіруі, ақ қар, көк мұз 1997 жылдың ақпанында елорданың тұңғыш нобай-нұсқасына әлемдегі бір деген мықты сәулетшілерді шақырып, бәйге жариялауы – осы тәуекелшіл мінезінен туындап еді. Ел еңсесін түзеп алсын, оң-солымызға қарайық деп сөзбұйдаға салып жүре бергенде осы күнгі ғажайып қала – Астана салынып үлгермес еді.

Биылғы Жолдау да осы тәуекелдің ақ қағазға түскен көрінісіндей елестейді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев инау­гурацияда сөйлеген сөзінде болайын деп тұрған істі болғызбай жіберетіндер мен бол­май­тын істің өзін болғызатындардың ара-жігін ажыратып, жан аямай жарқырап жұмыс істейтіндер ғана қатарымызда қала­ды, деді. Мемлекеттік құрылымдар мен лауа­зымды тұлғалардың іс-қимылын реттеу қолға алынды. Министрлік пен ведом­стводағы жүріп жатқан қатты қысқартулар осы пәрменнің нәтижесі. Сонымен қатар ақпараттық құралдарда мемлекеттік үлкен мәшиненің бір-бір тегершігі – мемлекеттік қызметшілерді жемқор етіп көрсетіп, жөн-жосықсыз айыптауды тиятын кез келді деп ойлаймыз.

Жоғарыда білім және ғылым саласына екі-үш жыл көлемінде мол қаржы босатыл­ды дедік. Ал қазақ мектептеріндегі оқулық­тардың сапасы Лиссабон конвенциясына еркін енетіндей әлемдік стандарт деңгейіне әлі көтеріле алған жоқ. Мектептеріміз мазмұн жағынан жұтаң, жаңашылдығы мардымсыз оқулықпен ілдәлдалап сауат ашып келеді. Жақында республикалық газетте қазақ мектептерінің 9-сыныбына арналған математика оқулығы қатты сынға алынды. Ресей оқулығынан жартылай аударма жасап, оның өзінде біраз дүниелерді дұрыс аудармай, мағынасын бұлыңғырлап,  күлдібадам ғып шығарған оқулық жалғыз сол ма екен. Қайта  жазылған Қазақстан тарихы да ауыл мектептеріне түгел жетпеді. Жалпы осы оқулық жағдайы  мұғалімдердің қабырғасына батқалы қашан.

Алдағы, дәлірек айтсақ 2008 жылдан бастап 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшіп, мұғалімдердің кәсіптік деңгейін, оқулықтар мен білім беру сапасын арттыруға бағытталған межені Президент өз Жол­дауында әдемі тарқатып айтты. 10 жыл­дықты бітірген оқушы одан әрі кәсіптік-техникалық білім алып,  отбасын құруға бет бұрса,  бұған біздің қарсылығымыз жоқ, жас­тардың бәрі  жоғары оқу орнына ұмтыл­сын деген талап қоймаймыз, деді Прези­дентіміз. Аса дарынды,  қабілетті жастар ғана жоғары білімге құлшыныс танытса құба-құп. Сондықтан қазақстандық білім моделін өзімізге лайықтап, жаңаша құрып, дүниелік деңгейге көтеретініміз ләзім деп қадап айтты.

Жоғары оқу орындарының білім беру сапасын тексеру,  стандарттау, тестілік жүйеге түсу, білім саласына жаңа технология енгізу үшін аттай бес мемлекеттік қазына­шылық кәсіпорын құрылған еді. Бесеуі де бюджеттен қаржыландырылады. Жоғары оқу орнының білім сапасын аккредитациядан өткізу қазынашылық кәсіпорны бір жыл болды әлі бір де бір жоғары оқу орнын аккредитациядан өткізген емес. Бұл мәселенің бір жағы ғана.

Әйнектің екінші жағынан көз салып көрелік. 2005 жылы елдегі министрліктердегі бюджет босатқан, әйтсе де жұмсаудың жолын таппай, тоғандағы тоспа судай іркіліп қалған қаржы көзінің өзі 29 миллиард теңге екен. Болайын деп тұрған істі болғызбай, аяғын сиырқұйымшақ етіп жіңішкертіп жіберетін шенеуніктер арамызда әлі күнге шіреніп жүріп жатқан секілді.

12 жылдық білім реформасы Лисса­бон конвенциясына қосылудың алғы шарт­тарын жүзеге асыра бастады. Коммуналдық тұрғын үй реформасы – өндіруші мен тұтынушы арасында нағыз нарықтық арнаға түсті, яғни халықтық капитализмге жол ашты.

2006 жылғы қаңтарда жарияланған экономикалық бостандық рейтингінде еліміз бір жыл ішінде 17 орынға жоғарылап, 122-орындағы Ресейді басып озып, мұның үстіне 111-орындағы Қытаймен құйрық тістесіп, дүниелік бәсеке жарысында 113-орынға табан тірегені қуантады. Ал бәсекеге қабілеттілік жөнінен былтыр 61-ші орыннан көрінгеніміз бар.

Бұл дегеніңіз – әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті, оза шауып бара жатқан маңдайалды 50 елдің қатарына ілігетін күн де қашық емес деген сөз.

Әлбетте, алынған асуды місе тұту тоғышарлыққа апарады, тығырыққа тірейді. Белгілі бір қол жеткен табысқа қарамастан,  дүниенің бәсекеге неғұрлым қабілетті елдері бүгінгі таңда жаңа технология мен қызмет көрсетуді тұрақты, үзбей жетілдіру есебінен дамып отыр. Қазақстан экономикасы әлі де басым түрде шикізат өндіруші, сатушы рөлінде қалып келеді. Бұл ретте ЖІӨ өсімінің жартысынан көбі жаңа техноло­гияға бағынышты, демек,  технологияның сапа­сын қарқынды дамыту арқылы әлгі жартылай жетістіктің олқысын толтыра алады екенбіз.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елдің дәстүрлі бәсекелес басымдықтарын тиімді пайдалануды, сол арқылы  сапалы серпінді секірісті талап етеді. Экономиканы түрлендіріп, жаңа бағыттарын іздеп табуды, бұған қоса жедел жаңғырту инновациясына жол ашуды міндеттейді. Басты нысан – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Салық саясаты салық санын жинақылау арқылы  кәсіпкерлік пен халықаралық сауданы дамытуды ынталандыра түспекші. Бюджет саясаты мұнай кірістерін пайдалану тетіктерін  жетілдіруге, экономиканың басым секторларын дамытуға, халықтың кедей жіктерін әлеуметтік жағынан қолдай түсуге бағытталған.

Алдағы уақытта бәсекелестікті одан әрі арттыру және ырықтандыру үшін шұғыл шаралар қабылданады. Банктердің сырттан қарыз алуы шектеле түседі. Қосалқы бөл­шек­тер мен ауыл шаруашылығы мәшине­лерін жасау үшін бірлескен кәсіпорындар құрылады. Мұнай-газ саласына арналған мәшинелер мен жабдықтар өндірісін жолға қою көзделеді. Бұл істерге кеудесінде оты бар, білімі мен білігі жоғары, қай деңгейде болсын жұмыс істеуге қабілетті, дарынды мамандар тартылмақ.

Президент Жолдауында Астананы дамыту айрықша көңіл көншітер мәртебеге ие болған.

Астанада ғажайып жобамен Бейбітшілік пен келісім сарайын, қысы-жазы істейтін жабық стадион және Президент паркін салу жоспарланған. Есіл өзенінің сол жағалауына элиталық университет салу, келешекте ол оқу орнын Англияның Кембридж, Оксфорд, Американың Гарвард, Египеттің Әл-Азхар университетінің білім беру деңгейіне дейін көтеру көзделеді. Сол жақ жағалаудың көлік қатынасын жақсарту мақсатында 2 көпір,  4 жол айрығы іске қосылады. Осы жылдың өзінде іргетасы беріктен қалана бастайтын диагностика, нейрохирургия орталығы, төрт бірдей амбулаторлық-емхана кешені, бес мектеп кереге жайып, көңілге қуаныш пен сенім сәулесін құяды.

Алдағыны болжау, келешекке көз жіберу – лидерлерге тән іс.

Мидай жазық Сарыарқа төсінде дүркіре­тіп жаңа қала салғанда шетелдік мейман­дардың көзімен қарап, көңілімен пішетін жобалар болғаны ләзім. Қазақтар жартылай көшпелі, жартылай отырықшы өмір сүріп, ұлан-ғайыр далаға иелік етіп, ешкімге ұқсамайтын, ешкімге етегін басқызбайтын өркениет жасап үлгерді. Сол өркениетті өмірге заман талабына сай нәр беру – біздің ұрпақтың борышы.

Щучье-Бурабай курорттық аймағын өркендету, Қорғалжын қорығын шетелдік кезбелердің көз құртына айналдыру бергі ауылдың әңгімесі. Ал келешекте шетелдік туристерге арнайы ашылатын  аңшылық, саят, балық аулау, бүркіт салу, дала сафариін көз алдына мөлдіретіп қайыра әкелу – Астанамыздың абыройын аспандата түсері кәміл.

Кез келген бәсекеде тізгін қағыса алатын құрылыс материалдары, жиһаз жасау, тамақ өнеркәсібі қарқындап дамитынына сенесіз. Бұған қоса қала экологиясы дүниелік стандартқа деңгейлес, сай болмақшы.

Астанаға қарап кеңдікті сезініп, Астананы аралап кемелдене түсеріміз кәміл. Астананы айтқанда аузымызға ең әуелі үлкен, биік деген сөздер жиі түсетін болады. Қаланы аралағанда кеудемізге нұрлы сезім толады. Өркениетті елдердегідей тұрғындары рухани кемелдене түседі әлі-ақ!

Елдігіміздің бет-бейнесінің басым көрінісі мәдениет, ақпарат және спортты дамытудан басталады. Барлық азаматтардың белгілі бір көлемде мемлекеттік тілді игеруі үшін жан-жақты жағдай жасалады. Бұл салаға бөлінетін қаржы жылдан-жылға ұлғая түспек. “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдар­ла­масының бірінші кезеңі аяқталды, енді екінші кезеңін қолға алмақшымыз. Мұнда тарихи-мәдени мұраның аса мәнді нысан­дары қайта қалпына келтіріледі. Елдегі көне ескерткіштер түгелге жуық есепке алынады, археологиялық қазбалар кең көлемде, терең мазмұнда жүргізіле түспекші. Бабадан қалған асыл сөзді қайта тірілту, оларды жарқ еткізіп кітап қылып шығару үрдісі жалғаса бермек.

“Береке-бірлігі мен ынтымағы жарасқан халықтың алмайтын асуы жоқ”, деп Прези­дент өзінің жүрекжарды сырын жайып сал­ды. Осыдан шығатын ой – демократия­лық қоғам құру дегеніміз, әр адамның өзіне, отба­сына, одан асып ортасына, бұдан биіктеп өз еліне пайдасын тигізу, қажыр-қайратын бөлісе білу, бай адамдары мол мемлекет құру болмақшы. Енді келіп ғасырлар бойы қанымызға сіңген реттілік, тектілік, сөзге тұру, намысқой болу, имандылық, үлкенді, әйелді сыйлау секілді салт-дәстүрімізді лақтырып тастап, я батыстық даңғаза демократияны, я шығыстық үндемей үйдей пәлені төндірген жосықты әкеліп, үй ішінен үй тігіп: “Мынау бізге қолайлы екен, нағыз демократия осы!” деп еліміздің бүтіндігін, берекесін бұза алмаймыз. Қазақстанға ұлы дәстүрімізге табан тіреген дәйекті, бірлікті, бірауызды демократиялық ұстаным қажет екендігі қадап айтылды.

Шындығында ғой: жариялылық – жарапазаншылық емес, жауырды жаба тоқу да болмас, ол – қоғам алдындағы ұлы жауапкершілік, азаматтық парызды сезіне түсу, шынның жүзіне тура қарау. Ұлтының мүддесі үшін күйіп-жану. Президенттің нұсқауымен құрылған азаматтық қоғамды демократияландыру жөніндегі ұлттық ко­мис­сия осы нысананы басшылыққа алады.

Халықтың қадым дәстүрін, қайталанбас кескіндеме бояуын, саз өнерін қадірлейтін әрбір кәсіпкер-меценат ұлы мәртебелі өнерге мемлекетпен бірдей қызмет етуі керек. Еншісі бөлінбейтін мұра – ұлттық өнер. Осы өнерді ұлықтап қана мәдение­тіміздің деңгейін дүниелік биікке көтере алады екенбіз. Көңілі жай, ырзық-несібесі мол ел ғана мәдениет туралы ойланып, келешектің қамын жейді. Әуелгі баспалдақ – экономика, сосынғы баспалдақ – мәдениет деп, зайырлы тәуелсіз мемлекеттің іргетасын беріктен қалап жатқанымыз содан.

Еліміздегі бизнес иелерінің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөнінде жұлынды ой айтылды. Бұл дегеніңіз – өзімнің арбам жүре тұрсын, өзгенікі не болса ол болсын дегеннің керімен кетпей, кәсіпкердің өзін байытқан, ақшалы еткен ортасына көңіл бөліп, қызмет етуін міндеттей түседі. Ақшалы алпауыт аспаннан түсе қалған жоқ. Ол осы елдің халқының маңдай тері, жұмыс күші, жер-суы, белгілі мөлшерде қаржылық ауыс-түйіс қатынастары арқасында Антейге айналды, сондықтан қалталы қаржыгерлер әрдайым төменге, аяғының астына зер сала қарап, “осы мен қалай өсіп жетілдім… қайда кетіп барамын?” деп әрдайым әулетіне, әлеуметіне есеп беріп отырғаны жөн. Мұны Президент өз Жолдауында жақсы айтты.

Залда отырып толқыдым, тебірендім. Бұл міндетті – әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына қосылу міндетін Елбасымыз бұрынырақ та айтты. Биылғы Жолдауында соны таратты, жолдарын көрсетті, мақсатты айқындады.

Мына біздер жүрекжарды Жолдауда айтылған әрбір ұстанымды темірқазық жұлдызындай маңдайға ұстап, адаспайтын, бұрыс кетпейтін бағдаршаммен ендігі аз жылдар көлемінде дүниелік маңдайалды 50 елдің сапына ілігеміз деп тер төгетін боламыз. Керуен тартқан ұзақ жолға қажыр-қайрат, биік ұстаным, ілгергі тілеу, сенім, сүйіспендік, ғаделет, ізгілік, бәрі-бәрі арналады демекпіз!

 Қайран, қара орман

Сөз басы. Қалың ағашы сыңсыған орман ішін жайлаған өрт бір тиылмай-ақ қойды. Осыдан екі аптадай уақыт бұрын Баянауылдағы орман алқабтары өрт­ке оранды. Ал, оның алдында, яғни сәуір айы­ның ор­тасында Шалдай орман ша­руашылығы­ның Бауыртал бөлімшесінде болған өрттің зардабын ауыл тұрғын­да­ры әлі ұмыта қойған жоқ. Өрт сал­дары­нан ор­ман­ға жақын отырған осы ауылдағы бір­неше отбасының үйлері, қора-қопсылары тұтастай жанып кетті. Шарбақты ауданы­ның әкімі Сапаркелді Смағұловтың ауыл тұрғындарына дер кезінде көмек көрсетіп, қол ұшын бергенінің арқасында үй-жайлары, қора-қопсылары жөнделіп, ретке келтірілді. Солтүстіктің қыстың ызғары тез кете қоймайтын көктем айларында мұн­дай ала­пат өрттің тағы да қайта­лан­басына кім кепіл. Орманшылардың айтуынша, сол жолы өрттен 960 гектар жердің орман алқабы зиян шегіпті. Осы жерде тіршілік етіп отырған ауылдар үшін табиғат байлығы орманды қорғау, жөн-жосықсыз ағаш кесуді тыю, орман өрттерін болдырмаудың алдын-алу жолдары қалай қолға алынып жатыр деген сауалға біз де жауап іздеп көрген едік.

Орманды қорғау – міндет. 2002 жылы 16 шілдеде еліміздің Үкіметі шет елге ағаш экспорттауға тыйым салды. Орман ағаштарын кесуді лицензиялау жөнінде қаулы қабылдады. Орман ша­руа­шылығы мамандары табиғат қорғау прокуратурасы, қаржы полициясымен бірлесе отырып, заңсыз түрде ағаш өнім­дерін дайындайтын кәсіпорындарды тексеріп, анықтауға қол жеткізді. Олар енді орман ағаштары өнімдерін облыс­тық орман және аңшылық шаруашы­лы­ғы аумақтық басқармасының келісімінсіз теміржол бойымен басқа жаққа апара алмайтын болды. Орман шаруашылық­тарын­да күзет те күшейе бастады. Табиғат байлығы орманды қорғап қалу үшін ортақ іске жұмылған орман қорғау полициясы, қаржы полициясы, табиғат қорғау прокуратуралары құрылды. Орман сақшылары мен жанашырларының қатары көбейіп, күрес күшейген тұста қарақшы­лар­дың да ағаш ұрлау тәсілдері өзгере бастады. Олар ұрлыққа енді бұрынғыдай үлкен КамАЗ-дармен емес, шағын қорап­ты тракторлар мен ГАЗ-53 маркалы авто­көліктерді, ат-шананы пайдалануға көш­кен көрінеді. Қарақшылар орманшы­лар мен күзетшілердің басқан іздерін аңдып, бір-бірімен рация арқылы хабарласып отыратын болып шықты. Тексеру нәтижелері көрсеткендей, орман жиегінде отырған ауылдарда ағаш кесетін пилора­ма­лар, шпалорезкалар көп. Күнкөріс үшін ұрласа да, ұйықтамаса да сату үшін ағаш дайындауға кіріседі. Ағаш кесудегі, табиғат байлығын аямаудағы заң бұзу­шы­лықтар ауыл ішінде тоқтамай, орманды сақтап қалу қиын. Жабағылы деген бір ауылдың 9 үйінде ағаш кесетін құралдар орналасқанын құқық қорғау орындары анықтаған. Заңсыз ағаш кесу, оны дайындап өткізу орталықтары Маралды, Көкжал ауылдарында да болды.

“Ертіс орманы” мемлекеттік резерва­тында орманды қорғау жөніндегі облыстық комиссия жиі бас қосып, табиғатты қорғауға ат салысатын қала, аудан, ауыл деңгейіндегі барлық мекемелер жұмыстары жайлы есеп тыңдалатын болды. Ағаштарды кесуге мүлдем тыйым салынып, алдағы уақытта тек жанған ағаштарды ғана әкетуге рұқсат беріледі. Осындай құрықтаулар, жоғарыдан жеткен шешімдер арқылы орманды сақтап қалуға деген көзқарас түзеліп, ағаштарды отау, өртеу бұрынғы жылдарға қарағанда бір­шама беті бері қарағанмен де, әлі де бол­са, орман өрті, ағаш ұрлау тыйыла қойған жоқ. Арагідік ел арасында орманды өртейтін де, ағаштарды ұрлайтын да орманшылардың өздері екен деген алып-қашты сөздер есті­леді.

Депутаттар куә болды. Жалпы мә­ліметтер еліміздің мемлекеттік орман қоры 26,2 миллион гектарды алып жатқанын көрсетеді. Жеріміздің 4,6 пайызын орман алқапты құрайды. Солардың бір пайызы қарағайлы орман ағаштарына бай Павлодар облысының үлесіне тиесілі екен. Орман шаруашылығы мамандарының айтуына қарағанда Семей өңірімен шектесетін орман алқаптарының 50 пайызына дейін өрт жалмап тастаған. 1947 жылы өсірілген қарағайлардың 80 пайызына дейін жоқ бо­лып кеткен деген де мәліметтер бар. Облыс­тық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық басқармасы 2004 жылдың 8 айында облыс аумағындағы бүкіл орман ша­руашылығында 188 рет өрт оқиға­сын тіркепті. Өрттің салдарынан жалпы аумағы 195 гектар орман алқабы күлге айналды. 2003 жылы 164 өрт болып, 5 мың гектардай жер өртенген. Кінәлі адамдар ұсталып, жауапқа тартылып, айыппұл салынуда. Осы жылдары 1841 текше метр орман ағаштарын отаған заңсыз ағаш кесуге байланысты 239 оқиға тірке­ліпті. Басқарма мамандары бұл жайлардың бұрынғы жылдармен салыстырғанда азайғаны деп отыр.

Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамай­ды. Ағаштарды Қытай асырып сатып, аяусыз отап-кесіп жүргендердің, жәйі келсе өртеп жіберетіндердің кімдер екенін, алып-қашты сөздер айтады. Ал осыдан бес-алты жыл бұ­рын орман алқаптарын аралаған Парламент Мәжілісі экология комитетінің мүшелері жер­лесіміз, депутат Тито Сыздықов бастап жұрт­тың аузында жүрген сөздердің расты­ғы­на көз жеткізгендей болды. Ағаш кесіп, тақтай тіліп, сату үшін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құрып ала қоятындар шыға бастады. Парламент Мәжілісі депу­тат­тарының ағаш ұрлығы, бей-берекет өртке ша­лынуы жайлы дабылдарынан кейін ұры алыс­тан келмейтінін айтып, ормандағы ағаш ұрлығы мәселесімен енді жергілікті прокуратура орындары айналыса бастады. Облыстық прокуратураның тексерулері барысында 2005 жылы мемлекет тарапынан жергілікті орман шаруашылығы бойынша шаруашылықта еңбек ететін орманшылар са­нын көбейтуге, материалдық-техникалық базаларын нығайтуға 208 миллион теңге қар­жы бөлінсе де, “Ертіс орманының” бас­шылығы мемлекеттің орман қорын сақтауға қол жеткізбей отырғандары анықталған.

Ал, орман керек! 2003 жылы Ертіс өзені бойындағы көне реликті яғни, қарағайлы ормандарды сақтап қалу, қалпына келтіру мақсатында Үкімет қаулысы шықты. Осы қаулының негізінде “Семей орманы” және “Ертіс орманы” деп аталатын ерекше қор­ға­латын табиғи орман мемлекеттік мекеме­ле­рі құрылды. “Ертіс орманы” мем­лекеттік табиғи орман резерваты меке­месінде облыстың Лебяжі және Шарбақты аудандарының аумақтарын қамтыған қалың ағашты Шалдай, Бесқарағай орманды аймақтары қарайды. Оның орталығы Шалдай ауылы болып есептеледі. Орманның Лебяжі ауданына қарасты аумағы “Бесқара­ғай” табиғи орман шаруашылығы мемле­кеттік мекемесі деп аталады. Резерваттың құрамында әрқайсысы жеті-жетіден 14 орманшылық бар. Бұл жердегі жалпы орман қоры орманшылардың берген мәліметтері бойынша 277961 гектар жерді алып жатыр. Шалдай табиғи орман шаруашылығының айналасын қоршай тереңдігі екі метрдей орлар қазылған екен.

– Өрт бола қалған жағдайда өрт сөндіруші мәшинелер орманға қалай барады? – деген сұра­ғы­мызға аудан әкімі Сапаркелді Смағұлов:

– Облыс әкімдігінің қол­дауы­мен заңсыз ағаш кесуші­лер­ге қарсы тосқауыл қою мақ­сатында ерекше қорғауға алын­ған аймақтардың ішкі шекара­сы анықталды. Орман айна­ла­сын бұлай қазу-ашық алаң­қай­да орналасқан орманды қорғау үшін керек. Ал мәшине өте ала­тын жерлер бар. Бұл бұған дейін орманға әр тараптан өздері жол салып алып емін-еркін кіре беретін ұрыларға қойылған тосқауылдың бір түрі болып табылады, – деді.

Қойды қасқырға бақтырғандай… Облыстық прокуратураның тексеру қоры­тындылары облыс аумағындағы ормандарда ағаш кесу, сату, тасымалдау заңнамасының сақталмауына, өрескел бұзылуына орай, бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Заң бұзушылардың өздері “Ертіс орманы” мемлекеттік орман-табиғат резерваты бас­шы­лары С.Теміршотов пен оның орын­ба­са­ры К.Жүнісовтер болып шықты. Бұл депутаттар да шет жағасын байқаған “орман ұр­лығы мен өрт оқиғалары”, “қойды қас­қыр­ға бақтырып қойғандай” деп мысал кел­тірген Шерхан ағамыздың да сөзін анықтай түседі. Өз міндеттерін дұрыс атқара алмаған қос басшы облыстық прокуратура орын­дары­ның тексерулері нәтижесінде орындарынан алынды. С.Теміршотов бұған дейін де 2002-2005 жылдар аралығында “Бесқарағай” ор­ман шаруашылығында басшылықта болған ке­зінде жеке жауапкершілік тәртіпке шақы­рыл­ған. Облыстық прокуратура қызмет­кер­лері резерват басшысы С.Теміршотовты орнынан алу жөніндегі өздерінің тексеру жұмыстары барысының қиынға соққанын айтады. Еліміздің Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі орман және аң шаруашылығы комитеті басшылығы тарапынан С.Темір­шо­тов­ты орнынан алу жөніндегі ұсыныстары қолдау таппай, қайта, оны “Ертіс орманы” мемлекеттік орман-табиғат резерваты бас­шы­лығына жоғарылатып тағайындап қояды. Прокуратура қызметкерлері С.Теміршотовтың бас­шылығы кезінде орман шаруашы­лы­ғын­да орманшылардың кәсіби дайын­ды­ғы, кадрлық құрамы, дайындықтарының жайын тексерді. Өткізілген ағаш өнімдерінің есебі тиісті деңгейде жүргізілмеген көрінеді. Жа­санды әкімшілік материалдарды әзірлеу­ге жол берілген. 1995-2002 жылдары “Ертіс орманы” резерватына қарасты Шалдай мен Бесқарағай орман шаруашылықтарында 71 мың гектар орманды алқап жанып кеткен. 2003 жылдары осы аталған орманда 2222 гектар орманды алқап жанды. Облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақ­тық басқармасының хабарларына қарағанда, өткен жылы облыстың орман шаруашылық­тарында 183 рет өрт оқиғасы тіркеліп, 6138 гектар жердің орман алқабы өртеніп кеткен. Орман өрттерінің жиі болған жері Шалдай орман шаруашылы­ғында, өткен жылдың өзінде 140 рет өрт оқи­ғасы тіркелген көрі­неді. Ал биылғы жылы облыстың орман ша­руашылық­тарын­да 19 рет өрт болса, оның 9-ы осы Шалдай ормандарында шыққан. Сәуір айында облыс жұртшылығын дүрлік­тірген өрт осы орман шаруашылығының Бауыртал бөлімшесінде болды.

Кінәлілер анықталды ма? Орманшы А.Қаденовтің өрт сөндірушілерге берген түсі­ніктемесінде көршілес Галкин орман ша­руашылығында орналасқан “Орман ерте­гісі” демалыс орны маңайында үйілген қо­қыс­тың жанып жатқан үстінен түскені айтылған. Орманшылар кенеттен күшейген желдің екпініне ілесе көтеріліп кеткен от-жалынды қолмен сөндіруге шамалары кел­ме­генін айтады. Жолында тосқауыл жоқ тіл­сіз жау Бауыртал ауылына осылай келген-ді. Дәл орманның іргесінде тұрып, қалың ағашқа бай табиғат байлығы көз алдарында тұрғанын біле тұра, сақтық шараларын орын­дамай қыс бойы үйілген қоқыстарын өрте­мек болған “Орман ертегісі” демалыс ор­нының қызметкерлері алапат өрттің шы­ғуы­на себепші болған бұл “ойындары” үшін жауапқа тартылар деген ойдамыз.

Орманшылардың айтуын­ша, балапан қарағайды өсіріп, ағашқа ай­нал­дырып, өндірістік мұқтажға пайдалану үшін кемінде 70-80 жыл уақыт кетеді екен. Қарағай бүрлерінен тұқым өндіріліп, дай­ын­далады. 1 га жерге шамамен 60 кило­грамм тұқым себіледі. Осыдан бір миллион 200 дана түп шыбық өсіп шығады. Жас шы­бықтар екі жылдай уақыт күтіп-бапталып, үшінші жылы бойлау үшін қарағайлардың арасына трактормен жыртылған жерге механикалық түрде отырғызылады.

Сөз соңы. Жалпы, Ертіс өзені бойында осы бір сирек қарағай түрі біздің елден кейін Канада жағында кездесетін көрінеді. Ғалымдар Ертіс қылқанды орман жолағы мұз дәуірінде пайда болған десе, Асан Қайғы бабамыз бұл жерлердегі қарағай­ларды көріп: “Мына қарағайлардың біреуі кейін бес аттың құнына тең болады” деген екен. Ертеден бері Кереку, Семей өңірінің аумағын алып жатқан қалың қарағай жалдары Ертіс орман жолағы деп аталады. Орманшылардың айтуларынша, қарағайлы орман жолағы деп атайтын себебі, орманның ені – 0,4 шақырымнан 40 шақырымға дейін жетеді. Сөйтіп, біз тақырыбымызға арқау етіп отырған Шалдай ормандары Алтай тайгасына барып қосылады.

Жұртшылық ауылдарының дені орман шетінде отырған Шарбақты ауда­нына жаңадан әкім болып келген Сапаркелді Смағұловқа көп үміт артады. Жаңа әкім жұмысқа келген күннен бастап орманды өрттен қорғау шараларын қатаң түрде қолға ала бастады. Әкім бастаған бұл игілікті іске бала кездерінде дала сарымсағы мен жуасын, қарақат, жидегін теріп, зыр жүгірген орманның бүгінгі күйіне наразы қарттар біраз сейіліп қалды. Қиын жылдардың өзінен аман-есен қалған Шалдай ормандары өртке оранып, ағашты кесіп, ұрлық-қарлық белең ала беретін болса, еліміздің байлығы, жеріміздің көркі, кең даланың сәні мен мәні, табиғат тынысынан айырылып қаларымыз да кәдік.

Көліктен шыққан улы газ…

Орал қаласында ғана атмосфераға тараған зиянды қалдықтардың 70 пайыздан астамын көліктерден шыққан улы газдар құрап отыр. Ал бүгінде облыста 60 мыңға жуық автокөлік тіркеліпті. Ауаға таралатын зиянды қалдықтар, соның ішінде улы газдар көлемін азайту мақсатында эколог мамандар қала көліктерін арнайы катализатор құрылғысымен жабдықтауды ойластырып отыр. Ал болашақта қала көшелеріне экологиялық таза транспорт — троллейбустарды шығару көзделуде.

13 ақбөкенді жайратқан «мергендер»

Қызылорда облыстық табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері бірлескен кезекті рейд барысында 13 бас ақбөкенді заңсыз атқан екі азаматты құрықтады. Құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған киіктің бұл түрін атуға 1998 жылдан бастап үкімет қаулысымен тиым салынған болатын. Бірақ соған қарамастан дала еркелеріне тісін батырушылар азаймай тұр. Ақбөкеннің әр басы шамамен 200 мың теңгені құрайды. Бұл жолы келген шығын 2 млн 300 мың теңгені құрып отыр.

Аң-құсқа жайлы мекен

5 жылдан бері жұмыс істейтін Оралдағы жас натуралистер сатансасында Орал өңірін мекендейтін жануарлармен бірге, тек тропикалық белдеулерде кездесетін аң-құстың алуан түрі бар. Соның бірі, қолға тез үйренетін, әрі адамша сөйлеуге бейімделген тотықұстар тобына жататын жолақты кербез құс. Аң-құстарды тамашалауға келген көрермендер бұл мекенді емін-еркін жүріп тамашалай алады. Ал, қызметкерлердің айтуынша, бақ табалдырығын тоздыратындардың басым көпшілігі балғындар.

Ақтөбе — лас қалалардың бірі

Ақтөбе қаласы лас аймақ санатында Алматы, Өскемен, Шымкенттен кейінгі орында тұр. Сондықтан облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының мамандары біршама өндіріс орындарына тексеру жұмыстарын жүргізді. Жыл сайынғы дәстүр бойынша тексеру жұмыстары нәтижесінде заң бұзушылықтардың орын алуы мамандар назарынан тыс қалмады, алайда тиісті мекемелердің бұл ескертулерден қаншалықты нәтиже шығаратындығы беймәлім.

«Жасылдар» партиясын құру қажет»

Еліміздің экологиялық ахуалы сын көтермейді. Жылдан-жылға көбейе түскен өнеркәсіп орындары мен тұрғындардың табиғатқа бей жай қарауы осыған әкеп соғуда. Қазақстандық табиғат жанашырларының айтуынша, сондықтан «Жасылдар» партиясын құру қажет. «Экоодақтың» төрағасы Мэлс Елеусізовтің сөзіне қарағанда көп партиялы Қазақстанда, екінші экологиялық партияның құрылуы халықтың өмірін жақсартпаса кесірін тигізбейді.

Тазалық- денсаулық кепілі

Алматы — таза қала. Оған қала бойынша 69 қоқыс тасымалдау мекемесінің жауап беруі басты себеп болып отыр. Оның 19-ы жекеменшік жер төлемдеріне қызмет жасауда. Жасыратыны жоқ мереке күндері қала көшелері сондай-ақ, тұрғын үй айналасы қоқыс орталықтарына айналады. Мәселен жаңа жылдық кеште қоқыс көлемі әдеттегіден 500 текше тоннаға артты дейді,- тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Арман Сарымсаков.

Өсімдік жаулары жойылды, бірақ топырақ улануда

Оңтүстік Қазақстан облысында ауыспалы егіс жүйесінің сақталмауы мен агротехникалық талаптардың орындалмауы салдарынан жылдан жылға өсімдіктің жаулары көбейіп барады. Оларға қарсы күресті мейлінше күшейтіп тонналап дәрі шашудың соңы топырақтың улануына экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеп соғары анық.Сол себеті облыста биологиялық тәсілді молынан ендірудің нақты жоспары жасалынып, ол қазір үкіметте қаралуда.

Ақ көгершін, көгершін…

Шымкенттік кептер бағушылар жақында кезекті рет халықаралық деңгейде өткен көрмеге жиналды. Үй құстарының қатарына жататын көгершін баптаудың қыр сырын меңгерген Тараз, Түркістан, Бішкек және өзбекстандық кептершілер жиналған бұл көрме 15 жылдан бері өткізіліп келеді. Олар көгершіндерді тек баптау ғана емес, оларды хат тасуға үйрету және құс ауырғанда оларды күту әдістерімен бөлісті.

Жеңімпаз мысық

Қарағандылық экзот тұқымды кішкене мысықтың жасы бір жарымда. Ол Астанада өткен мысықтардың халықаралық көрмесінде төрешілерді сүйсіндіріп, ең таңдаулылардың бірі болып танылған. Бұл кішкентай тіршілік иесінің үлкен жарыстарда жеңімпаз болуы алғаш рет емес. Сирек кездесетін бұл мысықтың түсінің өзі таңданыс тудырады. Мұндай ерекшелікпен мәскеуліктерді де таң қалдыруға болады.

 Ақбөкендер азайып барады

Осыдан 12 жыл бұрын олардың саны 1 млн. 200 мыңға жетсе, қазір бар болғаны 40 мыңға жуықтайды. Соған орай, «SOS — ақбөкен журналистік рейді», яғни Қазақстанның 10-журналисі ақбөкеннің таралуы жайлы толқыққанды мәліметтер жинақтау үшін жазық далаға аттанбақ. Мамандардың айтуынша, броконерлерді үш түрге бөлуге болады. Бірінші — азықтық мақсатта аулап, екінші — мүйізін сатып жан бағу, мүйізі үшін өлтіретіндер және үшінші — ұйымдасқан қылмыстық топтар.

Іле-Алатау мемлекеттік саябағындағы шыршалар қатаң күзетке алынды.

Өйткені жаңа жыл жақындап келеді. Демек шыршаға деген сұраныс артады деген сөз. Сондықтан қазір аталмыш саябақта күзет жұмыстары күндіз-түні қырағы түрде жүргізілуде. Биыл тек мектеп пен балалар бақшасына ғана 50 шырша берілмек. Ал қалған алматылықтар жаңа жылды тек ресейлік немесе қырғызстаннан әкелінген шыршалармен қарсы алатын болады.

Шырша ұрлау — табиғатты қорлау

Семей орманында жыл сайын 1000 шырша заңды түрде кесілсе, жаңа жыл қарсаңында заңнан аттап жасыл шыршаларды ұрлайтындар саны арта түседі. Шыршаларды орманнан заңсыз шығарылмауын қадағалайтын орындар болса, барлық қажетті істерді жасауға тырысуда. Қазір орманды қорғау үшін Семейде 24 кезекші нүктесі және 36 жасақталған топ бар. Ал, шыршаларды жымқырып сатқандар 90 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды.

Ақтөбенің ауасы ластанып барады

Экологтардың айтуынша, Ақтөбе қаласының экологиялық жағдайы сын көтермейді. Қоршаған ортаны, ірі өндіріс кәсіпорындарының қалдықтарымен қоса көліктерден бөлініп шығатын улы газдар ластауда. Қазірде облыста 75-мыңға жуық автокөлік болса, оның 50 мыңға жуығы қалада жүйткіп жүр. Экологтар «Таза ауа» іс шарасы кезінде көліктерді арнайы құрылғымен зерттеп бірталай көліктердің ауаға улы газдардың таратып отырғандығын анықтаған.

Алматының ауасы-ай!

Алматы — қазақстандағы ең ауасы ластанған қала. «Қазэколгия» ғылыми-өндірістік орталығының мамандары осындай қорытындыға келді. Мұның басты себебі — қалада авто көліктердің күрт көбейуі. Биыл олардың ресми тіркелген саны 450 мыңға жеткен. Ал ең лас көше Райымбек даңғылы. Мұнда «формаальдегидтің» ауадағы мөлшері 8,5 есе атық. Сонымен қатар ауаның ластануына жеке тұрғын үйлердің мұржалары әсерін тигізуде.

Жалғыз дендросаябақ қоқыс алаңына айналмасын десек…

Шымкентте орналасқан Қазақстандағы жалғыз дендросаябақтың қызметкерлері демалушылардың орындықтарға сызып, қолтаңбасын қалдырып, айналасын ластап, бүлдіріп кететінін айтып, ренжуде. Ал ондағы ертегі сұлуларындай ағаштарды тек қазақстандық атақтылар ғана емес, шетел әйгілері де отырғызған болатын. Саябақ қызметкерлерінің айтуынша, егер қала тұрғындарының бұл саябаққа деген көзқарасы өзгермесе онда бұл жер апатты қоқыс алаңына айналуы мүмкін.

Экология маңызды ма әлде экономикалық даму маңызды ма?

Бұл сауалға бүгін Британ Кеңесі пікірталас орталығының студенттері жауап беруге тырысты. Жастар «Экологиялық таза қала» бағдарламасы аясында Киот хаттамасының жағымды және жағымсыз жақтары бойынша пікір талас жүргізді. Естеріңізде болса Қазақстан 1999 жылы аталмыш хаттаманы қолдаған. Енді қол қою ғана қалды. Алайда қоғамда оны қолдаушылар да оған қарсылар да баршылық. Құжатты қабылдау — қоғам алдына таңдау қояды: не экономикалық даму не қоршаған ортаны сақтау.

Оқушылар қоршаған ортаны қорғай білсе…

Орта мектептер мен жоғару оқу орындарына экологиялық білім беру жүйесін енгізу қажет. Осы ретте өткен экологиялық білім беру жөніндегі төртінші субрегиондық конференцияда экологияны бұзбау үшін қандай шаралар қолдану қажет сынды сұрақтар кеңінен талқыланды. Мәжіліс депутаты Мұрат Кәрімов экологиялық білімді оқу бағдарламасына «бір пән ретінде немесе әр пәнге бөлшектеп енгізу керек» дегенді алға тартады.

Биыл Шымкент қаласын мектеп оқушылары көгалдандырады.

 

Қалалық мектеп оқушылары өсімдіктерді отырғызу мен оларды баптауға үйренуде. облыстық экологиялық тәрбие орталығында оқу-тәжірибелері өтіп жатыр. қаладағы мектептердің 7-8-ші сынып оқушылары жаз бойы жер учаскелерінде жұмыс істеп қана қоймай қоршаған ортаны қорғауға үйренетін болады.

 

0

Автор публикации

не в сети 5 лет

Tarazsky

6
Комментарии: 0Публикации: 982Регистрация: 14-11-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля