2 марта, 2019 20:04
«Қиын бала» ұғымының шығуы және ғалым-педагогтардың
ой-пікірлері.
Қазіргі ХХІ ғасыр табалдырығын аттап отырған кезеңде «қиын балалар» мәселесі бізді әлі де ойландыруда.
Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын»(51.).
«Қиын балалар» ұғымы 1920-1930 жылдарда тәрбие мәселесінде пайдаланып жүрді. Бара-бара бұл 1950-1960 жылдары қайтадан қолданысқа енді. Қазір бұл мәселе ғылымда нақты орын алып отыр. Әрине, бұл мәселемен көптеген ғалымдар айналысқан, қиын балалар мінезін, өмірін жан-жақты зерттеген. Қазір де мұндай жасөспірімдер көп.
Қиын балалар қайдан шығады?- деген сұраққа былай жауап берсе де болады. Ең басты себеп отбасы тәрбиесінде жатыр: ата-ананың ішімдікке салынуы немесе екеуінің біреуі болмауы. Осының бәрі баланың мінез-құлқына, ішкі жан дүниесіне әсер етеді.
Кейбір тәрбиесі, мәдениеті өте төмен ата-ана баласын ұрып-соғып, жаман сөзбен балағаттап, тіпті баласына қайыр-садақа сұратқызады. Мұнда бала ертеңгі күні кекшіл, жасқаншақ, төбелескіш келеді. Сонда оның тағдыры, болашағы қандай болмақ.
А.Макаренконың мына бір сөзіне көңіл қою артық болмас еді. «Бала тәрбиесі біздің өміріміздің саласы. Біздің балаларымыз мемлекетіміз бен әлемнің болашақ азаматтары. Олар ертеңгі әке мен шеше, олар да өз балаларын тәрбиелейтін болады. Біздің балаларымыз тамаша азамат, жақсы әке, жақсы шеше болып өсуі керек.Бірақ мұнымен де бітпейді. Біздің балаларымыз – біздің қартайған шағымыз. Дұрыс тәрбие — бұл бақытты қарттығымыз, бұл біздің көз жасымыз, бұл біздің басқа адамдармен бүкіл ел алдындағы кінәміз»(48).
Қазіргі уақытта мінез-құлықтың бұзылу себебі түбегейлі түрде зерттеліп, жаңа сипатқа ие болуда және әлеуметтік-психологиялық, клиникалық, криминалогиялық тұрғыда қарастырылуда.
Қиын жасөспірімді тәрбиелеудегі мектеп ұжымы мен отбасының рөлі
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында девиантты мінезді оқушыларға мынадай анықтама берілген: «балалар мен жасөспірімдердің әкімшілік жазалау шараларын қолдануға әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды үнемі жасауы, оқудан, жұмыстан үнемі жалтаруы, отбасынан немесе балалардың оқыту-тәрбиелеу ұйымдарынан үнемі кетіп қалуы, сондай-ақ қоғамға қауіпті әрекеттер жасауы»(43.).
Олардың әр кезеңде әртүрлі аталғаны бізге белгілі: «тәртібі нашар», «қиын», «тәрбиесі қиын» тағы басқа.
Ғылыми тұрғыдан зерттегенде, дәл осы балалардың оқуға қызығуларының жоқ екені, олар мектепке де сыймай, үйге де сыйлы болмай, мұғалімдердің берекесін кетіріп, түптің түбінде олардың басым көпшілігінен дайын заң бұзушылар мен қылмыскерлер шығатыны бұрын да дәлелденген.
Әрбір оқушының өзін қоршаған ортасымен тығыз қарым-қатынаста болатынын, солардың әсерімен дамитынын ескере отырып «қиын» балалардың мінезіне отбасы, мектеп және көшенің қалай әсер ететін жағдайларына жеке-жеке тоқталып көрелік.
Бала тәрбиесіне отбасының жағымсыз әсер ету жақтарын сөз еткенде, оны үш топқа бөліп қарастыруға болады.
- Бірінші топ – баланы қалай тәрбиелеуді біледі және дәл солай тәрбиелейді. Олар көп емес, алайда, өздерінің саналы өмірімен және сапалы іс-әрекеттерімен тек өз балаларына ғана тәрбие беріп қоймай, мектептегі қоғамдық жұмыстарға қолғабыс етіп, басқа ата-аналарға үлгі көрсетеді.
- Екінші топ — өз балаларына өнегелі тәрбие бергісі келеді, бірақ, қалай тәрбиелеу керек екенінін білмейді. Мұндайлар ата-аналардың басым көпшілігі. Олар білмегендіктен балаларына кері әсер етуі мүмкін.
- Үшінші топ – балаларды тәрбиелеудің жолдарын білмейді, білгісі де келмейді, педагогтерге қарсы тұратын төмендегі әлеуметтік топ. Бұлар соншалықты көп болмағанымен, «қиын» балаларды беретін отбасылар.
Енді осы факторларды тарата айталық. Халық даналығы «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Не ексең соны орасың», десе ұлы Абай «тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі — ақымақшылық» деп түйіндейді. Ал атақты физиолог И.Павлов «әрбір баланың мінез-құлқы ата-анасының жағымды іс-әрекеттерінен үлгі алу барысында қалыптасады» (43.) деп тұжырымдайды.
Бала отбасы жағдайында өмірдегі әртүрлі жағдайларда өзін қалай ұстауды, адамгершілік әліппесі: кішіпейіл болу, ізеттілік, сыйластық, үлкендермен және кішілермен қандай қарым-қатынаста болу сияқты тәжірибе жинақтайды және оны меңгереді. Отбасында бірін-бірі сыйлау, қамқоршы болу, бірлесіп еңбек ету секілді игі дәстүрлер қалыптасқан болса, ол ортадан қоғамға қарсы тұратын тәрбиесіз адам шығуы теориялық жағынан алғанда мүмкін емес. Бұл әңгімеміз, әрине, бірінші топтағы ата-аналарға қатысты.
Моралдік жағынан азғындаған отбасында, әдетте, балаға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Балалар ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігін сезінбегендіктен, оларды А.С.Макаренко «ертеңгі күннің қуанышын жоғалта бастайды» (49),- деген. Сондықтан олар отбасында өздеріне алмаған жылылық пен қайрымдылықты сырттан, көшеден іздейді. Бірақ, көп жағдайда оларды қоғамға жат элементтер өз «қамқорлығына» алады. Олар бұзақылар тобы , нашақорлар, жезөкшелер және тағы басқа әлеуметтік топтар болуы мүмкін.
Отбасы тәрбиесінде ең маңызды мәселенің бірі – ата-аналардың педагогикалық көзқарасының қалай қалыптасуында. Қазіргі кездегі аса бай отбасылардың пайда болуы, оларда бала тәрбиесінің дұрыс тәжірибесі қалыптасты деген сөз емес. Міне, осындай отбасылардың кейбір ата-аналары балаларының кез келген сұрансын мезетте қанағаттандыру, аламын деген нәрсенің бәрін сөзге келмей сатып әперу, үй тірлігіне қатыстырмауы баласының өзімшіл, тек қана тұтынушы, жалқау, басқаның есебінен жақсы өмір сүргісі келетін, арамтамақ болып қалыптасуына әкеліп соқтыратынын ескере де бермейді.
Дәл осыған қарама-қарсы әрекет істейтін ата-аналардың да түсінгі балаларын тура жолдан шығаруға итермелейді.
Мұндай ата-аналар өз балаларын аса қаталдықпен тәрбиелеймін деп әртүрлі қысым мен тыйымдарды қолдану, сәл нәрсеге бола қатаң жазалау, ар-намысын қорлайтын әрекеттер жасау арқылы балаларын өздеріне қарсы қояды. Мұндай жағдай да әрине, балалар ата-анасын сыйламайды, олардың баласына айтқан «ақылы» кері әсер етеді. Осындай отбасында «тәрбие» алған баланың тәрбиелі болуы да екіталай.
Үшінші топқа жататан ата-аналар өз балаларының не істеп, немен айналысып жүргендерімен ісі жоқ, оны өзінің міндеті деп санамайтындар. Олардың балалары қараусыз қалғандай әсер береді. Бұл – ең қауіпті әрі сөз жоқ, девиантты мінезді балалардың басым көпшілігін беретін отбасылар.
Мектептегі оқу-тәрбие жұмысындағы кемшіліктердің де бала тәрбиесіне кері әсер етері даусыз. Олардың бірнеше түрін атап өтсек мына төмендегідей:
- Тәртіп бұзуға бейім тұратын оқушылардың дер кезінде анықтап, олармен алдын ала жұмыстар жүргізбеу.
- Мектеп ұжымының осы мәселеде алаусыз болуы немесе жүйелі жұмыстың болмауы. Мектептегі өзін-өзі басқару жұмысының дұрыс жүрмеуі.Сыныптан тыс, мектептен тыс өтілетін іс-шаралардың сапасының төмен екендігі.Тәрбиесі қиын балалардың отбасыларымен қарым-қатынастың нашар ұйымдастырылуы.
- Девиантты мінезді оқушылармен дұрыс қарым-қатынас орната білмеу немесе мұғалімдер мен тәрбиешілердің кәсіби деңгейінің төмендігі.
- Кейбір мұғалімдердің сабақ беру әдісінің төмен болуының әсерінен оқушылардың сабаққа қызықпауы, үлгерімнің нашарлығы, сөз жоқ, оқышылардың тәртібін әлсіреді және ол мұғалімдердің де беделін төмендетеді.
- Кейбір мұғалімдердің педагогикалық этиканы білмеуі немесе сақтамауы оқушыларды өзіне қарсы қоюға әкеліп соғады да, ұзаққа созылған шиеленісті туғызады.
- Көшедегі кездейсоқ топтардың оқушының теріс мінезін қалыптастырудағы қосар үлесі де аз емес. Өйткені, қазір көшелерді, аймақтарды белгілі бір топтардың бөліп алып, сол жерлерде билік жүргізілетіні ешкімге де құпия емес.Олар өз түсініктері бойынша өмір сүреді және өз қатарын өзі сияқтылармен толықтырып отырады. Ал олар сол ортада өздерін еркін әрі ыңғайлы сезінеді. Себебі отбасында, мектептегі қағидалары мен адами құндылықтары өздерінше қалыптасқан. Сондықтан қоғамдық мораль мен нормалар олардың түсінігіне сай келмейді. Олардың еліктейтіндері: түрмедегі беделділер, зоршылық пен тонаушылық «ерлік» істері. Ендеше қоғамға жат құмар ойыны, ішкілік ішу, дөрекі сөйлеу, нашақорлықпен, жезөкшелікпен айналысу олардың күнделікті қатардағы тірліктері іспетті. Нәтижеде отбасындағы тәрбиенің нашарлығы мен мектептегі тәрбие беру ісінің дұрыс жолға қойылмауының кесірінен девиантты мінезді балалар тәртіп бұзушылардан «көше» тәртібін қабылдайды. Сөйтіп, ақырында кәдімгі қылмыскерлерге айналады.
Қиын» баланы қайта тәрбиелеу жолдары
«Адамның баласын заман өсіреді. Кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі» (13.) деп Абай атамыз айтқандай, бала тәрбиесіне бәріміз де: мектеп, ұстаз, ата-ана, қоршаған орта, қоғам жауаптымыз. Ата-бабаларымыз бізден бұрын бала психологиясын танып, адамның жан дүниесіне үңіле білген. Ал, бұл қасиет дәл қазіргі уақытта бізге өте қажет: баланың ішкі дүниесіне үңіле білу, жан-сезімін түсініп, ұғыну, оған көмектесу. Мысалы, «Балаңды 5-7 жасқа дейін патшадай сыйла, 10-15-ке дейін құлша жұмса, 15-17 жасынан ақылға-ақыл қосар дос, жолдасыңдай сыйла»деген ғибаратты баланың даму психологиясын жас ерекшеліктеріне қарап, сипаттап, саптап бөліп қойғандай. Осы кезеңдердің бірінен аттап кетсек тәрбиенің күрт бұзылуы даусыз.
Орта білім дамыту тұжырымдамасында «Қоғамымыздың ірге тасын нығайту мақсатында ең алдымен адамгершілік, ізгілік, имандылық тәрбиесін көркейту керек» делінген. Бұл үшін психология, педагогика ғылымдарының жетістіктерін пайдалана отырып, нарықтық экономикаға сай дені сау, ұлттық сана – сезімі жоғары, рухани ойлау дүниесі биік, мәдениетті, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттері қалыптасқан Қазақстан азаматын тәрбиелеу- міндетіміз.
Осынау өмірдегі әрбір жасөспірімге тән қасиет яғни, көңілінің қамауы – ешкімге бағынышты болмай, қатар-құрбыларымен бірге ойнап, бірге күліп, ішкі жан сырларын да бірге бөлісіп, балалық бал дәуренін көңілді өткізу. Ол сондай-ақ тіршілік көшіне үлескісі келіп, жеке басы үшін әрқандай қам-қаракет жасайды, өзін болашаққа бағыттайды. Осындай ұмтылыс әрбір жас жеткіншектен көрінгенімен, оның сапалық дәрежесі әркімде әр түрлі болады. Мысалы, қиын балалардың болашаққа ұстанған бағыты басқа жасөспірімдерден өзгешелеу болып келеді. Тәрбиесі «қиын» балалар әдетте өмір тәжірибесінің таяздығынан, көп ретте ерік-күшінің аздығынан, берік қалыптаспауынан кездескен қиыншылықты жеңе алмай, тағдырдың тәлкігіне түсіп кете барады.
Тәрбиесі «қиын» балалардың пайда болуына бірден-бір себепші болатын және жағымсыз жағдай туғызатын – отбасы тәрбиесі. Оның бастылары: — біріншіден, баланың күнделікті жүріс-туыстарын қадағаламау; оның көзінше арақ-шарап ішу, дау-жанжал, ұрыс-керіс туғызу;
- екіншіден: тәрбиенің көзі- баланы киіндіру, тамақтандыру, мұң-мұқтажын қамтамасыз ету деп санаушылық;
- үшіншіден, жастайынан еңбектену әдет-дағдыларын қалыптастырмау. Оқушының жан дүниесіне көңіл аудармау, отбасындағы ажырасу және жаңа адамның отбасы мүшесі болып енуі де себеп болады.
Отбасындағы тәрбиеден кеткен кемшіліктер мектеп жағдайында одан да бетер шиеленсе түсетіндігі айқын. Себебі мектепте де баланың жеке басын силамай, әкімшілік көрсету баршылық. Мектеп мұғалімдері мен қиын балалардың қарым-қатынастары «қиын» айтуымен, ұрысу ар-ожданына тию тәрізді. Педагогикаға жат әрекеттермен сипатталады.
Мұғалімдер мен қиын балалардың арасындағы қарым қатынастар жүйесіндегі кемшіліктерді төмендегіше топтан өткізуге болады.
- Мораль белгілерімен заң нормаларын ұстамауға бейімділігі бар оқушыларды алдын-ала айқындай алмау. Мұғалімдердің кейбіреулері оқушының дара ерекшеліктеріне, адамгершілік тәрбиесі нормасынан ауытқу себептеріне толық көңіл аудармаған. Ұжым арасындағы қарым қатынастардағы кемшіліктерді жоймау, балалардың бос уақыттарын нәтижелі ұйымдастырмаудан деп санаймын.
- Тәрбиесі «қиын» оқушылармен тіл таба алмай, яғни жеке педагогикалық ықпалдар жасай алмаудан барып, педагогтық этикаға жатпайтын тәсілдері: ұрсу, әрбір қылықтарын талдауға алу, орынсыз жазаламау, қандай бір жөнсіз «әрекеттер» болсын оны сол балаға жабу, кемсіту т.б. қолдану, дұрыс қолданылмаған шара жас өспірімдердің ыза кегін туғызып, қарсылық көрсетеді.
- Кейбір педагогтердің кәсіптік деңгейлерінің төмен болуы және психологиялық тұрғыдан балалармен жұмыс жүргізуге дайындығының жеткіліксіздігі, өз пәндерінен білімдерінің таяздығынан, тәрбие жұмыстарын ұйымдастырумен өткізуде методикалық шеберліктер дәрежесі төмен болуы себеп болған.
Қиын оқушылардың проблемаларын шешуде оқушылардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерін педагогтер білулері қажет. Себебі, қандай бір педагогикалық ықпалдар жасалмасын олар баланың ішкі жан дүниесімен сабақтасып жатуы тиіс.
- Оқушыларға ықпал жасайтын басты тұлғалардың бірі- сынып жетекшілері. Сынып жетекшілері жүйелі жоспар құрып, шәкірттермен ақылдаса ата-аналармен бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана үлкен нәтижелерге ие бола алады. Сондықтан ол әр уақытта оқушыларының күшті және әлсіз жақтарын ескеріп, нәтижелеріне жүйелі салыстырулар жүргізіп, нақты талдау жасап отыру тиіс. Ең бастысы әрбір ұстаз өзі атқаратын тәлім тәрбие ісін ғылыми тұрғыдан ұйымдастырып, шәкірттерін жан-жақты білуге ұмтылған дұрыс. Оқушылардың тәрбиелік деңгейі нақты анықтау үшін үздіксіз жұмыс істеу керек. Бұл ретте ұстаз оқушылардың тәрбиелілігін көрсететін саналылығы, адамгершілігі мен имандылығы, эстетикалық талғамы, танымдық даму дәрежесі, қызығуы, қоршаған ортаға, өнерге бейімділігін тағы басқа ескеруі керек.
- 2. «Қиын» жасөспірімдермен әлеуметтік жұмыс ерекшелігі
Тәрбие тәсілдері әрбір жастың жеке адам ретінде ерекшелігін ескертуге, оның шексіз мүмкіндігін пайдалануға бағытталуы тиіс.
Жалпы бiлiм беретiн мектептерге қарағанда кәсiптiк мектептерде қиын оқушылардың көбiрек кездесетiнi белгiлi. ,,қиын,, балалар дегенiмiз кiмдер? Олар мектеп, тарапынан ерекше, қосымша бақылауды талап ететiн, тәрбиелеуге қарсылық бiлдiретiн оқушылар.
Сонымен қоса, бiлiм деңгейi төмен, тәртiбi нашар, сабақтан көп қалатын, педагогтердiң талабын орындамайтын, адамгершiлiк деңгейi төмен, топтастарымен үнемi тiл табыса алмайтын, ал кейде психикалық дамуы, ойлау қабiлетi кейiн қалған, ашуланшақ (әр түрлi жүйке ауруларына шалдыққан, тәрбиеге әрең көнетiн) оқушыларды қиын балалар қатарына жатқызып жүрмiз. Қазiргi уақытта дәрiгер психологтердiң бақылауындағы осындай балалардың пайызы жоғары болып отыр.
Жүйке аурулары (невроз) әр түрлi ортадағы психикалық зақымданудың, отбасындағы және басқа да әр түрлi қиын жағдайлардың сандарынан пайда болады. Мысалы, кей балалар ата-ана тарапынан ешқашан жүрек жылуын көрмей өсiп, осыған мектептегi өз тобындағы оқушылардың, мұғалiмдердiң керi көзқарасы қосылып, ұзаққа созылған қайғыру, ренжу жүйке ауруларына шалдықтырып, бала ашуланшақ, өмiрге ызалы, тұйық қалыпқа түседi.
Ата-ана тарапынан, мектеп қабырғасынан жылылық сезiнбеген жасөспiрiм өмiрде өзiн ешкiмге қажетсiз деп есептеп, уайымға шалдығады, кей жасөспiрiмдердiң ұйқысы бұзылып, түнде қорқынышты түстер көрiп, иммунитетi төмендейдi. Ата-аналар жасөспiрiмдердiң мiнезiндегi ауытқуларына назар аудармай, көбiнесе, олардың әр түрлi ауыр жағдайға шалдығуына себепшi болады. Жасөспiрiмнiң нашақорлыққа, iшiмдiкке, ұрлыққа және тағы басқа жақын болу себептерi осында жатқан жоқ па?
,,Қиын, балаларды 2- топқа бөлуге болады.
Бiрiншiсi – тән кемтарлығы және жан жарақаты бар балалар.
Екiншiсi – отбасында, мектепте тәрбиелеуден шет қалған, жеке басын қалыптастыруда сыртқы керi факторлардың, әлеуметтiк жағдайдың әсерi болған және өтпелi кезеңнiң күрделiлiгiнен мiнезi дұрыс қалыптаспай қалған балалар.
«Қиын» балалардың өскен ортасының, отбасының жай-күйін талдағанда, кедей отбасының өзі бала тәрбиесінің, өзі кейде отбасының өзі бала тәрбиесіне кері әсер беретіні анықталып отыр. Әдетте, ата-аналардың бала тәрбиесіне әртүрлі себептерге сай аулақтануы да теріс әсер етеді.
Жеке тұлғаны қалыптастырудағы тағы да бір қолайсыз жағдай бала тәрбиесіне ата-аналардың әртүрлі көзқарасы немесе біреуінің бала тәрбиесінен шет қалуы, яғни, баланың толық емес отбасында тәрбиеленуі салдарынан болады.
Жүргізілген зерттеулеріміздің нәтижесі бойынша, қылмыс жасауға итермелейтін тағы бір әсер – отбасындағы жетіспеушілік, таршылық. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың 20-25 пайызы материалдық жағдайдың төмендігінен жасалады екен. Оның себептері, көбінесе, ата-аналардың ішімдікке салынуынан; отбасының қаражатына ұқыппен қарамуынан, жұмыссыз отыруынан болады.
Қазір материалдық байлықтың рухани байлықтан жоғары тұрған уақытында жасөспірімдер арасында «анау керек, мынау керек» деген көзқарастардың әсерінен, «өзгелерде бар нәрсе менде неге жоқ» деген оймен де қылмыс жасалатыны белгілі.
Жасөспірім бойында жағымды қасиеттерді дамытуда әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық әдістерді қолданып, тәрбиені ерікті, зорлықсыз түрде асыру керек. Ата-аналар бала тәрбиесінде қолданатын әдістерді таңдауда жиі қателеседі. Мәселен, кей отбасы өктемдік (авторитарлық) жолды ұстанады.
Жасөспiрiмдердiң жеке басын сыйламау, адам қатарына санамау, қаталдық (диспотизм), негiзсiз жазалау, көп сөз, қорқыту, ұру-жасөспiрiмнiң қатыгез, қатал, ашықтан-ашық отбасы талабын орындамай, өз бiлгенiн iстеуге бейiм болып өсуiне әкелiп соқтырады.
Ымырашылдық (либералдық) жол – бұл, керiсiнше, баланың барлық талабын ойланбай орындау, жазаламау. Мұнда қолданылатын әдiс, негiзiнен, әңгiме, сөз арқылы баланың барлық iс-әрекеттерiн жақтау, балаға жалыну, өтiну болады.
Ондай жеткiншек бойында өзiмшiлдiк (эгоизм), дарашылдық (эгоцентризм), жеке басты ойлау, қоғамдық мүддеден гөрi өз басының мүддесiн бiрiншi орынға қою, өзгелердiң ойымен санаспау, өз iсiн атқаруда өзгеге талап қою басым тұрады.
Мектеп пен отбасы бала тәрбиелеудегі негізгі мақсатты, қолданылатын әдіс-тәсілдерді бірге ойлап іске асырмау салдарынан, яғни, әр түрлі талаптардан оқушы отбасының, мектептің ықпалынан шығып, екіжүзділікті, мақсатқа тура емес, бұрма жолдар арқылы жетуді көздейді. Мұндай балалар, көбінесе, өз ісін өз күшімен емес, амалдау, алдау-арбау арқылы атқарады.
Бір отбасындағы бірнеше баланың әрқайсысына әр түрлі қарау да жасөспірімнің жеке тұлға ретінде қалыптасуына теріс әсерінен тигіезді. Үнемі ескерту есітіп, үлкендер тарапынан кеміту мен қорлаудан арылмаған бала өзіне сенімсіз, тұйық, өзіне-өзі көңілі толмайтын көнгіш болып қалыптасады.
Отбасында бала тәрбиесіне әкесі мен шешесінің әр түрлі әдіс қолдануы (біреуі өте қатал, екіншісі өте жұмсақ, әкесі бір талап, анасы қарама-қарсы талап қоюы) немесе жасөспірімнің көзінше өз балаларының тәрбиесі туралы пікірталас жасап, ұрыс-керіс шығаруы, ал жасөспірім осы жағдайды өз түсінігінше пайдаланып, қоғам талабына керісінше істерді жасауы мүмкін.
Ата-аналардың дүниеқорлық, өтірікшілік, алдау, жалқаулық, оңай ақша табу, өзімшілдік, арақ құмарлық, зұлымдық, тағы басқа жат қылықтарды бала бойына дарытуы – балаға да, ата-анаға да, қоғамға да зиянды.
Қорытынды.
Сонымен, әрбір әлеуметтік педагог қиын баланың дербес ерекшелігі мен ынта-ықыласын, тұрмыс жағдайын ескеріп, айқын, нақты талаптар қояды. Орындалмақ әрбір педагогикалық талаптар мен тапсырмалар балалардың жағдай-мүмкіндіктерімен қабілет-икемділіктерімен сәйкестендіру шарт.
Қайта тәрбиелеу процесінде өз орынын тауып келе жатқан әдіс — педагогикалық иландыру. Көп жағдайда этикалық тақырыптарға түсіндіру, әңгімелесу тәсілдерін қолдану өз нәтижесін бере бермейді. Қиын оқушының моральдық-эмоциялық күйін туғызып, жанамалы түрде оны нақтылы пайдаланып, оның алдына айқын мақсаттар қоюда педагогикалық иландырудың орны бөлек. Егер де, айқын мақсат шамалы болса да баланың санасына жетсе, оның тұрақты қабылдауына педагогикалық жағдай жасап, саналы іс-әрекеттерінің дәлеліне айналдыруға болады.
Педагогикалық иландырудың әсер ететендігін (қатты дауыс шығару, бұйыру, өктемдік білдіру, байкот жариялау тағы басқа) байқаймыз.
Әрине, бұл әдіс басқа да тәрбие әдістерімен тығыз байланыста жүргізілуі тиіс.
Педагогикалық иландыру фактор ретінде оқу-тәрбие процесінде жекелеген балаларға педагогикалық ықпалдар жасалынғанда еріксіз, стихиялық түрде болғанмен де белгілі мақсатқа негізделінеді.
Ерiксіз, стихиялы түрде иландыру, әлеуметтік педагогтің ақыл-кеңесін, талап-тілігн қарсылықсыз, таңдаусыз қабылдауын (суггестия) айтамыз. Педагогикалық процесте еріксіз, стихиялы тәсілді қолданудың методикалық ерекшелігі бар. Мысалы, егер де баланың интеллектік жағы басым болса, оның ықпалын төмендеткен орынды. Ал, керісінше иландырудың әсерін күрделендіріп, қиын баланың санасына жеткізу немесе ол аффектік күйде болғанда (дидактогения) еріксіз, стихиялы иландыруды қолданудың нәтижесі жоғары болмақ. Өйткені, қиын бала қатты ашуланғанда, өзінің эмоциясын басқара алмай, тәртіпсіз қылықтарын жалғастыра беруі мүмкін. Сонда, әлеуметтік педагог ашудың қарқынын төмендетуге онымен тіл тауып тежеп, өзін-өзі ұстауға себепші болып, дауыс ырғағымен, мимикасымен қолдау білдіреді.
Мақсатты түрде қиын балаларды қайта тәрбиелеудің ең басты әдісі – «көше» жолдастарымен жағымсыз байланыстарын үзу. Айтылып отырған тәсілді іс жүзіне ауыстырудың мектеп практикасында бірнеше жолдары бар.
Соның бірі – территориялық тұрақты мекенін ауыстыру, мектеп алмастыру. Қиын жеткіншекті бір жылға, бірнеше жылға басқа облыс, аудандарда тұратын туған-туыстарына жіберу. Кейбір ата-аналар мектепті алмастырғанымен қиын балалар бірін-бірі тауып алып, байланыстарын жалғастыра береді. Көптеген отбасыларының басқа қалаларда, ауданда туыстары болмау мүмкін. Бұл жағдайда іске асыратын екінші тәсіл –жағымсыз достық байланыстағы қиын балаларға екі жақтың да кездесулеріне тыйым салу.
Бұл тәсілді негізгі үш жағдайда қолданған орынды:
а) қиын бала мен «көше» жолдастарының арасындағы байланысты ата-ана, мұғалім, балалар ісі жөніндегі инспекция тоқтата алмағанда;
ә) ата-ана мен мұғалім баланың қарым-қатынасына көңілдерін аудармай, тәрбиелік мәні бар түсіндіру жұмыстарын жүргізбегенде;
б) жеткіншектің көше жолдастарымен байланыстары тереңдегені сонша, қоғам және жеке меншік мүліктерін ұрлау, тонау, қорқыту әдеттеріне жүгінген жағдайда тағы басқа өте сақтықпен тыйым салу тәсілін методикалық шеңберлікпен қолдану қажет. Әрине бұл сәтте мұғалімнің, ата-ананың, милиция қызметкерлерінің беделі болуы шарт.
Екінші әдіс – моральдық тұрғыдан айыптау. Осы тәсілдің тыйым салу тәсіліне қарағандағы артықшылығы – баланың ар-ұятына бағытталып, көлемді нәтижелер бере алатыны. Мысалы, қиын баланың әрбір теріс қылығын, істерін, тәртіпсіздігін былайша айтқанда, темекі, наша тарту, арақ-шарап ішу, оқуға бармау, қаңғыбастықпен айналысу, ұрыс-керіс, дау-жанжал шығару істерін ата-ана, аға-іні, қарындастары, туған-туыстары тарапынан педагогикалық этикаға сай жанұяда айыпталынады.
Сонымен қатар, педагогикалық ұжымы, құрбы-құрдастары, милиция инспекциясы, аула көршілістері де баланың арына тигізбей айтпаса, бұл істер өз нәтижесін бермек. Көп жағдайда қиын жеткіншек немесе жасөспірім болмасын өзі сыйлайтын сыныбындағы құрбыларының талап-тілектері мен пікірлерін жерге тастап кетпейді.
Үшінші әдіс – қиын баланың бағдарын, мақсатын-міндетін қайта бейімдеу, құру. Бұл әдістің құндылық мәні – бала қателігін түсінгенімен, өмір тәрбиесінің жоқтығынан өзін қалай ұстап жүрудің жолын біле бермейді, Осы педагогикалық жағдайды дер кезінде байқаған әлеуметтік педагог, оның ішкі позициясына талдау беріп, өзін-өзі тәрбиелеудің бағдарламасын құруға көмек береді.
Қиын тәртiптi балаға айналмау үшiн оған көптеген ақыл-кеңес сонымен қатар тәрбие берiлуi Аристотельден кейiнгi 2-шi ұстаз аталған ұлы ғалым Абу-Нәсiр Әл-Фарабидiң ,,Адамға ең бiрiншi бiлiм емес, тәрбие беру керек, тәрбиесiз берiлген бiлiм азаматтың қас жауы, ол келешекте оның өмiрiне опат әкеледi,,(11.) дегенi мәлiм.
Бәрiмiзге белгiлi, бiздiң қоғам аса күрделi жағдайларды бастан кешiрдi. Өтпелi кезеңге тән өмiр ауыртпалығын ешкiм жоққа шығармайды. Қазiргi кезде оқушы жастардың 20-пайызы iшiмдiкпен таныс, 10 пайызы шылым шегедi, есiрткi қолданушылар қатары өсiп келедi. Қылмыстың ең ауыр түрiне баратын жастар көбейiп отыр. Осылардың арасында қазақ балаларының үлес салмағы аз емес.
Абу Насыр Әл-Фараби «Тәрбиесіз қолға білім салма»(10.) деген екен. Ең бірінші тұлға қалыптасуына тәрбие өз ықпалын тигiзедi. Сондықтан да, балалармен тәрбиенің ролін күшейту қажет.