14 ноября, 2015 12:28
Өскелең жас ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беру үшін мүғалімдер ғылыми — педагогикалық инновациялық іс-әрекет негіздерін меңгеруі шартты нәрсе. Өйткені, ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттар ағыны күшейген XXI ғасырда жеке тұлғаны қалыптастыру ұстаздардың басты міндеті болып саналады. Сондықтан да бұл ұстаздан үнемі шығармашылық ізденісті, жаңа әдісті қолдануды талап етеді.
Ағылшын тілі сабақтарында да балалардың жеке бас ерекшеліктеріне сай түрлі әдіс-тәсілдер пайдалану – оқушының тілді меңгеруі процессін жеделдететіні анық. Тілдік материалды қабылдау, түсіну барысында жақсы нәтижелерге қарқынды түрде қол жеткізгенін байқаған оқушы, өз кезегінде, әрі қарай ынталанып, сабаққа қызыға түсетіні де сөзсіз.
Ал, қызығушылық – білім, іскерлік, дағдыларды қалыптастырудың негізгі факторы болғандықтан, еңбекқор және шәкіртінің білімі алаңдататын ұстаз, сабақ беру барысында міндетті түрде алдында отырған әр оқушының психологиялық ерекшеліктерін, яғни, қабылдау типтерін ескеруі қажет.
Біріншіден, қабылдау типтері дегеніміз не, оның неше түрі бар, деген сұрақтарға жауап берелік.
Сіз жаңа нәрсені өзіңіз оқып жақсы есте сақтайсыз ба, әлде екінші бір адамнан есту арқылы жақсы жаттайсыз ба? Жаңа сөздерді қайталау арқылы есте сақтайсыз ба, әлде, бөлменің ішінде жүріп жүру арқылы ма, немесе флипчарт дайындауды өзіңізге тиімді көресіз бе? Адамдардың есімдерін жаттауға бейімсіз бе, әлде түр келбеттері есіңізде жақсырақ сақтала ма? Әр адам жаңа нәрсені әр түрлі жолмен қабылдайды. Осы қабылдау жолдары – адамның қабылдау типтері деп аталады. Қабылдау типі дегеніміз – әрбір жеке тұлғаның ең тиімді түсіну, үйрену, есте сақтау жолы.
Ең кең таралған және көпшілікке ортақ қабылдау типтерін 2001 жылы Нейл Флеминг НЛБ-на (Невро-лингвистикалық бағдарлама) сүйеніп анықтаған. Флеминг ұсынған қабылдау типтері 3-ке бөлінеді:
1. Визуалдар;
2. Аудиалдар;
3. Кинестеттер. [1]
Визуалдар үшін қоршаған ортаны танудың негізгі жолы – көру сезімі. Олар материалды көзбен көру арқылы тез түсінеді, жақсы есте сақтайды. Сабақ барысында иллюстративтік көрнекілік әдісін қолдану – осы типтегі оқушылар үшін үлкен көмек болмақ. [2] Сондықтан, грамматикалық тақырыпты түсіндіргенде тірек-сызба, графикалық суреттерді қолдану, немесе жаңа сөздерді тақтаға жазып көрсету визуалдардың жаңа сабақты түсінуіне жол ашады. Кестелермен немесе кітаппен өздік жұмыстар жасау қиындық тудырмайды, көбіне визуалдардың дәптерлері өте ұқыпты ұсталынады.
Аудиалдар — жаңа нәрсені есту арқылы қабылдаушылар. Грамматикалық материал қысқа лекциялар арқылы немесе жаңа сөздер әнмен берілсе баланың есінде тез әрі ұзақ сақталады. Егер, сабақтың мақсаты лексиканы байыту болса, аудиалдарға сөздерді дауыстап қайталауды тапсыру аса қажетті жаттығу. [2] Бұл типтегі оқушылардың сөздік қорында дыбыстық мәндегі сөздер жиі кездеседі (дауыс, тыңдау, тыныш). Аудиал-балалар әдетте өте сөзшең, қарым-қатынасқа жақсы түсетін, не естігенін және не айтқанын есте жақсы сақтайтын болып келеді.
Кинестеттер жаңа нәрсені басқа сезім мүшелерінің көмегімен (иіс, тері, дәм) немесе моторлы белсенділік, яғни, қимылдау арқылы, іс-әрекет барысында жақсы қабылдайды. Мұғалім кинестет-оқушыларына көмек беру үшін іс-әрекетке тартуы керек. Мысалы, рөлдік ойындарға қатыстыру (show me what “happy” means, show and tell me how you swim, play basketball («бақытты» деген сөзді мимикаңмен көрсет, қалай жүзетініңді, ойнайтыныңды көрсет) немесе, кішігірім көрініс қою (talking with a friend in the bazaar (досыңмен базарда сөйлесу). [3]
Ешбір тип адамның бойында жалғыз кездеспейді. Айтылған қабылдау типтерінің үшеуі де барлық адамдардың бойында болады. Бірақ, бір тип адамның психологиялық ерекшелігіне байланысты, басым келеді. Соған байланысты, оқушыларды визуал, аудиал немесе кинестеттер деп бөлеміз. Әлемде ең көп кездесетін тип – визуалдар 75%, екінші кезекте – аудиалдар 20%, және кинестеттер 5%. [4]
Сіздің оқушыларыңыздың қабылдау типі қандай?
Оқушылардың типтерін анықтау қиын процесс емес, педагогикада ұсынылатын бірден-бір әдіс – бақылау әдісімен, мұғалім алдында отырған әрбір индивидтің психологиялық ерекшеліктерімен қатар, олардың қабылдау типтерін де анықтай алады. Кинестетикалық оқушылар үнемі қозғалыста, қаламсаппен үстелді тырсылдату, аяқ-қолдарын қимылсыз ұзақ ұстай алмау, әр затты түрткілеп немесе қаламсаппен түсініксіз суреттер салып отыру – бұлардың бәрі мұғалімге кинестет-оқушыны аңғартады. Аудиалдар жаңа сөздерді, грамматиканы есіне сақтауға тырысып, көбіне, өз-өзіне сыбырлап мұғалімнің айтқандарын қайталаумен отырады. Визуалдар айтылған немесе оқылған материалды қанағат тұтпай, сөздердің жазылуын кітаптан іздейді.
Қабылдау типтері неге байланысты?
Қабылдау типтері табиғи, адам баласы белгілі бір қабылдау типімен дүниеге келеді. Ол адамның жасымен бірге өзгеріп отырады, мектеп жасына дейінгі балалар өте кинестетикалық. Сол себептен, олар үнемі қозғалыста және негізгі іс-әркеттері – ойын болып табылады. 5-6 жасар балада, кинестетикалық қабылдау типі басқа қырынан көрінеді. Бұл жаста бала барлық нәрсені ұстап көргісі келеді. Кейін, 8-9 жастан бастап, визуал немесе аудиалдық қасиет басымдылық танытады. Қыз балалар көбіне – аудиал, ұлдар – визуал болып келеді. Мұғалім оқушының қабылдау типін өзгерте алмайды, бірақ, мұғалім өз сабақ беру әдісін өзгерте алады!
Қай тип ең жақсы? Мұғалім тек қана бір типке лайық жаттығуларды пайдаланса не болмақ?
Барлық типтер ең жақсы! Бір тип екінші типтен жақсырақ деп болжам жасау мүмкін емес. Дәстүрлі сабақ беру әдісі өте аудиалды, кейде визуалды әдіс аздап көрініс береді. Сондықтан, бұл әдіс сынып-сабақ жүйесінде оқитын оқушыларға тиімсіз. Себебі, сыныпта әр түрлі типтегі балалар жиналады. Егер, мұғалім тек қана аудиалды жаттығулар қолданар болса, онда ол тек аудиал-оқушыларды ғана оқытады. Визуал және кинестет оқушыларға сабақты түсіну біршама қиын болады. Немесе, тек қана визуалды тапсырмалар орындалса, аудиал және кинестет балалар жаңа сабақтың мәнісін түсіне алмауы әбден мүмкін. [1]
Мұғалім сабақтың жоспарын құру кезінде, тапсырмалар жүйесін бүкіл сынып оқушыларын қамтитындай етіп жоспарлауы тиіс. Шетел тілін оқыту әдістемесін зерттеуші ғалымдар бір жаттығудың бірнеше типке қолайлы болуын — тілді жеңіл меңгеруге жол ашатынын айтады. Мысалы, әңгімелеу әдісімен қатар, жаңа мағлұматты түрлі-түсті флипчарт арқылы көрсету (аудиал, визуал), кітапта берілген тапсырманы ауызша не дәптерге ғана емес, тақтаға шығартып орындату (кинестет, визуал), жаттығуларды жұппен не болмаса, топпен бірігіп орындату (аудиал, визуал, кинестет). Кинестет оқушыларға 45 минут бойы қатаң түрде қимылсыз отыру өте қиын. Жаңа материалды қабылдау үшін оқушының психологиясы қозғалысты керек қылар болса, мұғалім балалардан «қатып қалған» позицияны талап етпеуі керек.
Қазақтың ең алғаш педагогтарының бірі Ж.Аймауытов «Мұғалім істеген ісі өнімді, берекелі болуын тілесе, әуелі өз қызметін шын көңілмен жақсы көрсін» деген екен. [5] Осы сөздің тереңіне бойлай алсақ, өте мағыналы, мұғалімдер үшін ұлағатты өсиет сөз жатқанын байқаймыз. Құрметті әріптестер, «Жақсы мұғалім маған әр уақыт қат, қымбат, өйткені, ол мектептің жүрегі» деп ағартушы педагог Ы.Алтынсарин айтқанындай, мектеп үшін ең керегі – жаңашыл мұғалім екенін ұмытпайық. Білімді, ізденімпаз, барлық ісінде шығармашылық бағыт ұстанатын, оқушылардың білімі үшін ерінбей еңбек ететін ұстаз оқыту процессін өз алдында отырған кішкентай балалардың әрбірінің жеке бас ерекшеліктеріне сүйеніп ұйымдастырса, мемлекет басшысы ұсынған «Үш тұғырлы тіл» туралы идеясының үшінші құрамдас бөлігі ағылшын тілін үйренуді қарқынды түрде жеделдетері сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Рейд Дж. Қабылдау типтерінің Екінші тіл/Шет тілі Сыныбында қолданылуы. Бостон: Хайнл&Хайнл, 1995. 45-49 б.
2. Данн Р. «Рита Данн Қабылдау типтеріне байланысты сұрақтарға жауап береді». Білім саласын басқару, 2000. 4-5 б.
3. Батлер Кэтлин А. Оқу және оқыту стильдері: Теория және практикада қарастыру. Оқу психологиясы, 2004. 24 б.
4. Эрман М. және Оксфорд Р. Интенсивті оқытуды игерудегі тіл үйрену типтері мен стратегиялары. Заманауи Тіл журналы, 1990. 74 б.
5. Ысқақұлы Д. Әдебиет сынмен көркейеді, 2004. 5 б.