ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР — РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК КӨЗҚАРАСТЫҢ БЕЛСЕНДІ БАҒЫТЫ

13 января, 2017 15:57

“… Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда. Сондықтан тәрбиелі жас болып қаланайық. Біреудің ала жібін аттамай адамгершілігі  мол ұрпақ  болайық.” деп  Елбасы Қазақстан халқына 30.11. 2015 жылғы жолдауында жас ұрпақты, ғылым жолында  еңбектенуге және адамгершілігі мол тұлға болып қалыптасуға үндеді. [1, 3-б.]

“Қазақстан 2050” стратегиясында қойып отырған мақсат-міндеттер еліміздегі тәрбие беру жүйесін ұлттық құндылықтар негізінде  жасау қажеттілігін тағы дәлелдеп отыр.  Жалпы “ұлттық ” деген сөздің астарында елге, жерге, тілімізге, елімізге деген құрмет жатыр. [2, 3-б.]

Ұлттық тәрбие — ұлттық сана-сезім жоғары дамыған баланы тәрбиелеуге негізделіп отыр.

Ондағы мақсат -ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды жеке тұлғаны тәрбиелеу.

  • Ал міндеті боп -мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағайды ұлттық тәрбиенің діңгегі -ана тілі болып қаланатынын негіздеу,
  • қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеуге жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез – құлқын қалыптастыру,
  • бүгінгі қазақ елінің индустриалды – инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін парасатты ұлттық сипаттағы іс-әрекетке тәрбиелеу.

Тәрбиенің басты нысаны -елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патротизмді негіздеу,

  • ұлтсыздықпен күресу болып табылады.

Ұлтымыздың рухани — жарық жұлдызы М. Жұмабаев: “Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының ортасында, сол ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы ұлт тәрбиесімен тәрбиелеуге міндетті. «Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, Мағжан атамыздың айтпағы әр баланы шыр етіп дүниеге келе салысымен -ақ ұлттық сана -сезіммен, рухани құндылықтарды баланың бойына қалыптастыруымыз шарт. Ұлттық құндылықтарды, адамгершілік игілік қасиеттерді бала жастайынан естіп, үйреніп өссе еліміздің ертеңгі сенімді тірегіне айналатыны сөзсіз. Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани-адамгершілік қасиеттері қалыптасады.

М. Жұмабаевтың тағы да бір даналық өсиетіне көңіл бөлсек: “Бала жүрегі айнадай тап — таза мөлдір, сол айнадай баланы көру үшін оның жүрегіне үңіліп, қарауды қажет етеді. Баланы дұрыс түсініп, қарым -қатынас жасау үшін, оны өміріміздің өрісіне емес, біз өзіміз олардың өрісіне енуіміз керек. Жас бала -жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген түрінде қатып қалмақ” -дегендей, өмірдің есігін ашқан бала жарығы мол  жаңаша  өмірде адамдық асыл қасиеттерді қастерлеп, өмір заңдылықтарын үйренеді.

«Жаста білген, басқа сіңген тәлімің, өзің өлмей сүйегінен қала алмас», деп классик жазушы І. Жансүгіров айқандай балалық шақтан бойына орныққан, ана сүтімен даритын ұлттық сезім нышандары, сөз өнері оның болашақ шамшырағына айналып, рухани байлығын кеңейтеді. Оны туған елге, жерге, халқына сүйіспеншілікке, патриоттық сезімге баулап, жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеп өсіру — бүгінгі таңдағы аса жауапты міндеттердің бірі.

Баланың өмірге белсенді көзқарасының бағыты үлкендер арқылы тәрбиеленеді. Тәрбиелеу, білім беру жұмысының мазмұны мен формалары балалардың мүмкіндігін ескеру арқылы  нақтыланады.  Адамгершілікке,  еңбекке  тәрбиелеу  күнделікті  өмірде, үлкендердің

қолдан келетін жұмысты ұйымдастыру процесінде, ойын және оқу ісінде жоспарлы түрде іске асады.

Ұрпақ тәрбиесін келешек қоғам қамын ойлау тұрғысынан қарастырып, М.Дулатов:  “Бастауыш мектепте алған тәрбиесінің әсері күшті, сінімді болуы қай халықтың мектебінде болса да, оқу кітапшасы ана тілінде өз ұлтының тұрмысынан һәм табиғатынан жазылып, баяндап оқытқанда, жас баланың ойына, қанына, сүйегіне керекті мағлұмат алып шығады”  деген болатын. [3.16-б.]

Балаларда ортақ пайдалы жұмысты істеуге тырысу, бірге ойнау, бір нәрсемен  шұғылдану,

ортақ  мақсат  қою  және оны  жүзеге  асыру ісіне  өздері  қатысуға  талпыныс пайда болады.  Мұның бәрі де баланың жеке басының қоғамдық бағытын анықтайды, оның өмірге белсенді ұстанымын бірте-бірте қалыптастырады.

Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев“Қазақстан-2050” Стратегиясында: “Еліміздің болашақта қандай болатыны балалаларымыздың бойына қандай тәрбиені сіңіретіңімізге тікелей байланысты.” -деп ерекше мән беру керек екендігін атап айтты.

Балаларды жас кезінен бастап ең маңызды адамдық саналарды — адамгершілікті, жанашырлықты  және басқа да асыл қасиеттерді дамыту керек. [2, 4-б.]

Қазіргі жағдайда бұл талаптарды жүзеге асырудың мынандай мүмкіндіктері бар:

  1. Рухани адамгершілік құндылықтарды кез-келген пәнді оқытудың мазмұнына енгізу.
  2. Сыныптан тыс сабақтарды баланың адамдық асыл қасиеттерді игеруіне ықпал ететіндей  бағытта ұйымдастыру.

Осы бағытта ақын ағартушы Шәкәрімнің көзқарастары қазақ халқының жас ұрпақты өсіру мен оқытып тәрбиелеудегі талаптарына сүйеніп негізделген.

Шәкәрім “қиянатсыз надандар әулиеден кем емес” деу арқылы адамшылықтың ең алдымен білім арқылы емес, қиянатсыздық арқылы қалыптасатынын айтып, қиянатсыз-дықты білімнен жоғары қойған.

Ар білімнің алдында тұрса, білімді адамзат игілігі үшін қызмет еткізуге болады. “Қиянатың бар болса иманың жоқ” деген Шәкәрім. Қиянатсыз ой ойлау, қиянатсыз сөз сөйлеу, қиянатсыз әрекет ету адамды жарыққа, тазалыққа бастайды. [4, 5-б.]

Арлы ақыл, ар білімі деу арқылы Шәкәрім үнемі арды алға қойып отырған. Арсыз білім, арсыз ақыл адамзатты адастырмақ.  Шәкірім адам баласының қалыптасуы мен өмірге бейімделіп дамуы үшін ол адамға ең басты тәрбие қажет болмақ. Әр баланың қоғамда өз орнын тауып адам болып қалыптасуы үшін ата – ана мен ұстаз оқушының бойына адамгершілік, патриоттық тәрбиені сіңіре білуі қажет. Өйткені адамгершіліктің ақ туын жоғары ұстаған Шәкәрімнің тәлім – тәрбиесінің, ұстаған қағидаларының жас ұрпаққа берері мол. Сонау атадан келе жатқан ұлттық құндылығымыз. Шәкәрім жырлары бүгінгі ұрпақтың бойтұмары болмақ. Шәкәрім өлеңдерінің жас ұрпаққа берер тәрбиелік маңызы зор. Сонымен қатар өлеңдерінің тақырыптық ауқымы өте кең. Соның ішінде ойып орын алар тақырып – рухани адамгершілік тәрбиесіне қатысты ойлары. Ол адамгершілік, ар – ұятты жоғары қояды. Оның өлең жолдарынан кісіліктің келбетін танытар асыл қасиеттерімен сусындауға тұту, бауырыңа тарту бұл да адамгершіліктің жоғары түрі деп санайды. Шәкәрім “Жолама қулар маңайға” өлеңіңде: “Адамдық борыш ер үшін, Барша адамзат қамы үшін.” – деп адамдақ – қасиеттерді соның ішінде рақымдылық пен мейірбандылықты аса жоғары бағалаған. Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адамдық жүректен шығады.  Ал арлы, ақылды адам қиянатты, зорлықты, өзімшілдікті, мақтанды білмейді және істемейді. [5, 7-б.]

Сонымен қатар Абай Құнанбаев: “Адам баласын заман өсіреді, кімде – кім жаман болса, оның өзінің замандастарының бәрі кінәлі” – деп адам сана – сезімді тәрбиелеп жетілдіруге қоғамдық ортаның рөлін түсіндіреді. Балалардың адамгершілік қасиеттерін, эстетикалық сезімдерін қалыптастыру, өнер – білімге деген ынтасын арттыру, адам, табиғат, қоғам туралы білімдерін байыту сияқты аса маңызды міндеттерді шешу үшін Абай мұралары таптырмайтын құндылық көзі. [6, 49-б.]

Профессор М. Ғабдулин өзінің “Ата – аналарға тәрбие туралы кеңес” еңбегінде “Бүгінгі жастарды ұлтжандылық рухта тәрбиелеуде ақын – жыраулардың өнеге сөздерінің белгілі мөлшерде пайдасы бар екені хақ. Мұндағы тәрбиелік мәні бар әңгімелер жастарға жат емес. Халықты сүй, халық үшін ерлік еңбек ет, ел – жұртқа қорған бол деушілік қазіргі күнде ескірген сөздер емес, қайта мағыналы, мәнді сөздер. Сондықтан бұлардың ішінен жас ұрпақты тәрбиелуде әсер ететіндерін таңдап алып, орнымен пайдалан білсек, нұр үстіне нұр болар еді ” дейді. [5, 27-б.]

Ыбырай әңгімелерінің негізгі түйіні: жас буынды өнер – білімге үндеу, адамгершілік мінез – құлыққа тәрбиелеу болып келеді. Ол ел –жұртқа қажет – білім мен өнерді игерудің төте жолы тұрақты бастауыш мектептер арқылы іске асады деп санады. Адам баласы  кішкене күнінен бастап, қоғамда өзінің адамгершілік қасиеттерімен, қайырымдылығымен, адалдығымен, әділеттілігімен ардақталады. Осы қасиеттерді бала бойына сіңіру жайлы Әл – Фараби: “Адамға ең кергі білім емес, тәрбие. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне опат әкеледі.” деп, тәрбиенің бала өміріндегі маңызын айқын айттып кеткендей. [7, 8-б.]

Жақсылық пен жамандық, зұлымдық пен махаббат, әділеттелік пен әділетсіздік, борыш пен намыс, ар мен ождан адамның іс-әрекеті арқылы өлшенеді. Бұларды адам бойына жастайынан мінез-құлық ережесі етіп   қалыптастыру тәрбиеге байланысты.  Осыны ұстанған қазақ халқы  баланы отбасында кішіпейілдікке, ізеттілікке,  имандыққа, инабаттылыққа тәрбиелеуді бірінші  міндет етіп  қойған.

Сонымен, Әл – Фараби: “Адам өзінің өмірінің қожасы, сондықтан өз бағытын өзі жасауы керек. Ол не нәрсеге де ұқыптылықпен қарап, жиған – тергенін орынсыз шашпай, кез келген адамға сырын ашпай, өзінің мақсат мүдделері жөнінде достарымен ғана бөлісіп отыруы керек. Осылайша өмір сүрген адамның ғана ар-ожданы таза болады” дей келе, әр баланың өмірден алатын орны оның адамгершілік қасиеттерінің дамып-қалыптасуымен қатар, ұлттық құндылықтарына байланысты болмақ. [8, 8-б.]

Жаңа білім парадгимасы бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысы емес, оның  тұлғасын, білім алу арқылы дамуын қойып отыр.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында оқыту әдістерін, технологияларын таңдауда  көп нұсқалық  қағидасы бекітілген, бұл білім мұғалімдерге өзіне ыңғайлы нұсқаны қолдануға, педагогикалық үрдісті кез келген үлгімен, тіпті авторлық үлгімен құруға мүмкіндік береді. В.Г.Белинский; «Тәрбие – ұлы іс, тәрбие арқылы адам тағдыры шешіледі» десе, Д.И.Менделеев; «тәрбиесіз білім –есуастың  қолындағы қылыштай» деген болатын.

Тәрбиенің маңыздылығы сондай, біздің болашақ  ұрпағымыз тәрбиеден ғана  рухани байлық алып, тәрбие арқылы  ғана  Адам болып қалыптасады. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Қазір ортамызда «Қиын балалар», жасөспірімдер, ата –анасы  көңіл бөлмейтіндер, түрлі тағдырға  душар болған жастарымыз көп. Біздің мақсатымыз –оқушыларымызды мүмкіндігінше жан-жақты тәрбиелеу.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. ҚР Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.
  2. “Қазақстан 2050” стратегиясы
  3. Берғалиева С. «Патриоттық тәрбие беру» //Тәрбие құралы №2 2007ж.
  4. Тұмабаев Нұртай. «Шәкәрім жырлары бүгінгі ұрпақтың бойтұмары » //Тәрбие құралы. №1 2016 ж.
  5. Ізтілеуова С. Шәкәрімнің шеберлігі. Алматы 2007ж.
  6. Есімбекова Г. «Қыз тәрбиесі» //Тәрбие құралы. №3 2015ж.
  7. Мұқышева С.Ж. “Ұлы Абай шығармалары арқылы бастауыш сынып жасындағы балалардың тұлғалық қалыптасуы” //Білімдегі жаңалықтар №1 (29) 2010 ж.
  8. Сисенова К. «Әл – Фарабидің философиясылық көзқарасы» // Тәрбие  құралы №5 2013 ж.

 

 

КАБИМОЛДИНА АЙГУЛЬ КАЙРБЕКОВНА

  «Педагогика» пәнінің І-санатты оқытушысы, п.ғ.м.

«М.О. Әуезов атындағы педагогика колледжі», Семей қаласы

5

Автор публикации

не в сети 7 лет

Aigul-1977

1
Комментарии: 0Публикации: 3Регистрация: 01-06-2016

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля