5 августа, 2017 10:03
Шынымен де, Адамға Алланың берген ерекше қасиеті — армандай білу. Ал, нені, қалай армандайсың — ол әр адамның өз өресіне, өзіне деген сеніміне байланысты. Асыл арман дейміз, ас-қақ арман дейміз, күпіршілік жасап, арасында орындалмас арман деп те қоямыз. «Арманың орындалсын», — деп тілек айтамыз. Жақсы ғой, бірақ та сол асыл арман құрғырлар, өз санатыңнан құлшыныс білдірмесең, сол алдамшы арман күйінде қала бермей ме? Және де сенің арманыңа сенім білдірген етене жақының болса, тіпті құба-құп. Ал өрімтал шағыңда асыл арманыңды заңғар таудай көретін ұстазыңа жайып салғаныңда, ол дүйім жұрт алдында кекесін білдірсе ше?..
Сонау жетпісінші жылдары болған сол жағдайды осы жақында ғана туған бауырым Әжматтың өз аузынан естідім. Бауырым бала кезден елгезек те сезімтал, арманшыл болатын. Үйдің кенжесі болғандықтан біздер өзімізді ересек санап, оның қиялдарына күле қарайтынбыз. Ол бірде ауылдың шаңын көкке көтере, дабылын ышқына қағып, құйғытып өткен өрт сөндіру көлігін көргенде, қызыл бешпет киініп, дулыға-сы күнге шағылысқан өрт сөндіруші болғысы келетін. Қара қабының түбі қағылғанша күн ұзақ ұзақкөпірдің үстінде шекілдеуік сатып отыратын қайысқан қара шалды айналсоқтап, ақысыз-пұлсыз шекілдеуікке қарқ болғысы келген кезінде, өскенде мен де шекілдеуік сатамын деп те айтып қоятын. Ал қашан, неліктен осындай шешімге келгенін кім білсін, күндердің-күнінде бауырым әскери офицер болуға нық бел буды да, содан соң сол алған бетінен еш қайтпады.
Есімде, өзі ізденіп, 8-9 жасында Одақтың әскери училищелеріне сұрау салып жатып, хат жазысып, хат алы-сып, суворовшылар училищесіне түспек болды. Бар талап-тілектерін орындап, өзін-өзі сол арман жолында барынша шыңдады. Қажет деген пәндерін бас алмай оқыды. Бесінші сыныпқа өтерде аудан орталығына барып, емтихан да тапсырды. Дайындығы жақсы-ақ еді, бірақ тамағындағы баспасынан өте алмай қалды. Ерке ініміздің қайсарлығын біз сонда барып анық білдік. Қасарысып, түбінде бәрібір офицер боламын деп, дайындығын құлшына жалғастыра берді. Есіктің алдындағы зәулім теректерге сүй-меннен турник орнатып, өзіне жаттығу құрылғысын жасап алды. Күнбе-күн сол сүйменге асылып, шыр айналып, дене шынықтырды. Келесі сынақтан өткенінде, құрғыр баспа тағы бөгет болған еді, батырың барды да, мектеп бітіруге тура бір ай қалғанда, баспаны сылытып, алып тастады. Енді барып кенжесінің әре-кетін тек сырттан бақылап жүрген әкеміз сасайын деді. Өйткені ұлы «құласаң түйеден құланың» керін келтіріп, басқа-басқа емес, Львовтың Жоғарғы Әскери-Саяси училищесін таңдаған еді. Саяси жетекшілерді дайындайтын бұл оқу орнында тексеру қатаң жүргізіледі. Қинала-қинала әкеміз ұлына өз күдігін жеткізіп: «Балам, менің кесірімнен оқуға түсе алмай қалсаң, тауың шағылар. Осы мамандықты жан-тәніңмен қалағаныңды біліп жүрмін. Алайда «үш әріптер» тереңнен қазса, әкеңнің «ұлтшыл» деген желеумен он жыл айдауда болғаны анықталып, өтіп тұрған жеріңнен өтпей қаларсың, райыңнан қайт», — деген еді. Бауырым төбесінен жай түскендей болғанмен, «тәуекел» деп, алған бетінен қайтпады.Бір Жаратушының өзі жар болса керек, інім ол сынақтан да аман өтіп, көздеген оқу орнына түсті. Талдырмаш денелі жас курсант демалысқа келген кезінде бір біз емес, бар ауыл абыр-сабыр болатын. Бауырым маңдайы жарқырап, тартқан сымдай ыздиып, қолына ақ шаңқан қолғап, мойнына аппақ жібек бөкебай салып, оқалы жағасы күнге шағылысып, орталық көшемен жүріп өткенінде, көрген қыз-қырқын естерінен тана жаздайтын. Оқуын бітіре сала, бауырымыз Ауған соғысына қатысты, қан майданда аман қалып, қызметін Украина жерінде жал-ғастырды. Еліміз егемендік алған жылы-ақ, “ел қайдасың” деп, Қазақстанға алғашқылардың бірі болып оралды. Жас мемлекеттің Қарулы күштерін қалыптастыруға атсалысып, Қорғаныс министрлігінің Сыртқы байланыс бас-қармасында қызмет істеді. Арманы толықтай орындалып, зейнетке қырық жасында Ұлыбритания мен Дания, Швециядағы алғашқы қазақстандық әскери атташе лауазымында, полковник шенінде шықты. Ал оған дейін, айтып өткенімдей, бауырымның асқар арманы қатал сыннан өткен екен.
Төртінші сыныпта оқып жүрген кезінде қазақ тілінен сабақ беретін апай «Менің арманым» тақырыбына шығарма жазып келуге тапсырма берген екен. Әжмат қуана-қуана көптен көкейінде жүрген асқақ арманын қағаз бетіне түсіріп, неге, неліктен әскери адам болғысы келетінін, еліне қалай адал қызмет істейтінін, Отан қорғаудың абыройлы іс екенін тізбелеп жазып шығып, он қайтара оқып, қатесін түгел түзетіп, бестікке қолым жететін болды деген үмітпен, шығармасын бірінші болып мұғаліміне тапсырыпты. Шығармалар тексеріліп, қорытын-дылары жарияланатын күн де келіп жеткен екен дейді. Шыдамсыздау бауырым бағасын естігенше тағат-сыздана күтіпті. Апай дәптерлерді ке-ренау аударыстырып, бағаларды ес-тіртіп, ең соңында Әжматтың дәптерін қолына алып, ашпастан: «Әлімов! Екі!» — депті жерден жеті қоян тапқан кейіппен. Әжмат: «Неге?» — деп ұшып тұрыпты. Апай зекіп: «Орныңа отыр! Екі алған себебің —сен арманыңды жазбағансың. Сен тек қиялыңды жазғансың. Ал ол екеуінің арасы жер мен көктей!» — деп, дәптерді ініме лақтырған екен. Көзіне келген жасты әзер іріккен Әжмат қасқая қарап: «Мейлі, қалай десеңіз де, мен бәрібір офицер боламын. Арманымның орындалатынына кәміл сенемін!» — деген екен. Одан бері отыз-қырық жыл өтіп те кетті. Бауырым күліп: “Апай «қара жұмысшының қара борбай баласы, әкең кезінде істі болып, Сібір айдалған, айға қарап шабатындай, шамаңа қара» деген болар. Бүкіл достарымның алдында мені масқаралаймын деп, намысымды жанығанын қайдан білсін, осы күні мен ол апайға сол сөздері үшін тіпті алғысымды айтқым келеді”, — деп әңгімесін аяқтады