Дос болайық бәріміз

14 ноября, 2015 16:31

 

Тақырыбы: «Дос болайық бәріміз»

Мақсаты: Достық, өзара сыйластық ұғымдарының адамгершілік құндылықтары ретіндегі мәнін ашу. Баланың сенімін тұрақтандыру. Адамгершілік-психологиялық жағдай туғызу. Топта достық қарым-қатынас орнату. Өз тобында өзін еркін сезіне алуға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: үнтаспа, суреттер.
Шаттық шеңбері: Балалар бір — біріне көргендеріне қуанышты екендерін білдіру үшін, бір- біріне жақсы тілек жылы сөз айтады.
Армысың досым,
Кел, маған қосыл (қолымен шақырады).
Алақанға салып алақан,
Шеңберге бірге тұрайық (қолдарынан ұстайды).
Жер шарындай айналып,
Әлемге жарық ұқсайық (айналады).
Ортамызда күн нұры, (қолдарын көкке созады).
Құшаққа оны алайық (құшақтасады).
Жаңа сабақ.

Балалар, сендер достық, татулық дегенді қалай түсінесіңдер?
Достарыңды ренжітіп алсаңдар, қалай татуласар едіңдер?
(Балалардың достық туралы пікірлерін тыңдау)

‒Өз досың туралы айтып берші?

‒Балалар, сендерге жалғыз ойнаған немесе серуендеген ұнай ма? Ойлап көріңдерші?
Түйін:
Дұрыс айтасыңдар, балалар. Жалғыз ойнасақ, жалғыз серуендесек, жалғыз тамақтансақ көңілсіз екен. Сондықтан біз жалғыз қалмау үшін біздерге дос, жолдас керек екен.
Достық –  адамдардың бір-біріне деген адалдығы, өзара сыйластығы, татулығы, сүйіспеншілігі, жанашырлығы, қамқорлығының белгісі.

Енді жинақталып отырып «Тату балалар» атты саусақтар туралы ертегіні тыңдайық.
Ерте заманда шағын бір үйде ағайынды бес саусақ өмір сүріпті.Үлкенін — Басбармақ, екінші ағасын — Балаң үйрек, сұқ саусақ, үшіншісін — Ортан терек, төртінші інілерін — Шылдыр шүмек, ең кенже қарындастарын — Кішкене бөбек деп атапты.Олар бірігіп жұмыс жасады, бақша екті, тамақ әзірледі.
Ортаншы ағалары Ортан терек үйде отырып, үй шаруасына, кішкентайларына қарады.Шылдыр шүмек өте сабырлы, ақылды болыпты.Ол кіші қарындасына ертегі оқып беруді жақсы көрген екен.Ал, кішкентай бөбек болса үлкен ағаларына ұқсап ержеткісі келеді екен.Осылайша, бес ағайынды балалар тату — тәтті, өзара жарастықта, сыйластықта өмір сүріп жатты.

Бір күндері орманнан үлкен бір аю шығып, ағайындылардың тыныштығын бұзып, бақшаның бәрін таптап, үйлерін құлатып бұзуға айналғанда, бес ағайынды бірігіп бір жұдырыққа тастүйін болып жұмылып аюға қарсы тұрады.Сөйтіп олар қиын шақта бірігулерінің арқасында үлкен күшке айналды. Аю болса мұндай көп күштен қорыққанынан орманға қарай, кері қаша жөнеліпті.Ал, ағайынды балалар болса, татулығы мен бірлігінің арқасында жауды жеңіп шыққан екен.Өйткені олар қысылтаяң шақта бәрі бірігіп күш қосып, мықтылық , бірлік, достықтарын көрсете білді.
— Сендерге ертегі ұнады ма?

  • Ертегі қалай аталады?
  • Неліктен тату балалар деп аталады?
  • Ағайынды балаларды аюдан не құтқарды деп ойлайсыңдар?

/Олардың достығы, татулығы, бірлігі/

Балаларды топтастырып, саусақтың суреті салынған парақшалар таратып, балалардың топтасып жұмыс істеуіне бағыт-бағдар беру. Барлығы бірігіп суретті әр түрлі қарындаштармен бояйды, сосын тақтаға іліп, өздерінің бірлікпен жасаған жұмысын көрсетеді.

Көңіл-күйді оң арнаға бұруға арналған

«Егер саған ұнаса…» сергіту жаттығуы

Егер саған ұнаса, саусақпенен тырсылдат,

Егер саған ұнаса, шапалақта жарыса.

Егер саған ұнаса, аяғыңмен тарсылдат,

Егер саған ұнаса, айтайықшы «тамаша»,

Егер саған ұнаса, досыңды тап жарыса.

 

«Бүлінген телефон» ойыны

Шарты: Психолог бір баланың құлағына бір сөзді сыбырлайды, ол келесі балаға соны қайталайды, солай жалғаса беріп, барлық балаларға жеткізеді. Ең соңғы бала сөзді естіртіп, дауыстап айтады.

«Сәйкесте» ойыны

Құлыптың кілтінің түсі мен пішініне қарай сәйкестеу.

Кілтін тапқаннан сұрақтар қойылады.

— «Дос» және «достық» деген сөздерді  қалай түсінуге болады?
— «Жақсы дос» деп кімді айта аламыз?
— Сенің досың кім?
— Сен досыңды жақсы көресің бе?
— Досыңа қалай көмектесесің?
— Досыңды қалай сыйлайсың?
— Досыңды сағынасың ба?
— Досыңмен нені бөлісесің?
— Досың туралы қандай жылы сөз
айтасың?
— Досың саған не үйретеді?
— Достар бір-біріне қалай көмектеседі?

Достық — бұл үлкен ұғым. Сендердің тату достықты қалаған кішкентай жүректеріңдегі қуаныш, үміт шоғы өмір бойы сөнбесін , осы шырақтай сәуле шашып жана берсін. Мейірімді жанарларыңнан тараған шапағат нұры шырақтан тараған жылудай жер дүниені жылытсын деп тілеймін. Осы ізгі тілек, игі ниеттерің орындалсын деген үмітте, тамаша бір әнмен бүгінгі сабағымызды қорытындылайық.
Дос болайық, бәріміз,
Жарасып тұр әніміз.

Тыныштықты сақтаймыз,

Атсын күліп таңымыз.

Достық ағашы

Шеңберде тұрып, бір қолдың жұдырығын жауып, бас бармақты жоғарыға қаратып, ағаш бейнесін жасайды.

Мадақтау

Тренингке белсене атсалысқан балаларға «Достық ағашының» жапырақтарын таратамын.

0

Автор публикации

не в сети 9 лет

kuralai-n

0
Комментарии: 0Публикации: 1Регистрация: 21-09-2015

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля