«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ПӘНІ — ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ НЕГІЗІ»

12 декабря, 2018 22:18

 

 

Асыл қазынамызды ұрпақ бойына сіңіріп, жоғары мәдениетті, парасатты адам етіп тәрбиелеуде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің маңызы ерекше.Әдебиет пәні оқушыны өз халқының мәдени мұраларымен таныстыра отырып, жалпыадамзаттық рухани байлықтарды игеруге жол ашады.

Әдебиет пәнінің негізі -көркем шығарма.Жас ұрпақ сана -сезімін ұлттық дәстүрде қалыптастыру мәселесі қай кездегіден де батыл қойылып отырған бұл күндері әдебиет пәнінің қадір- қасиеті бұрынғыдан да арта түсуде. IX ғасырдағы түрік ғалымы Махмуд Қашқари: «Тәрбие басы — тіл» десе, заманымыздың белгілі ақыны Олжас Сүлейменов: «Адам тағдырын тәрбие шешеді, тәрбие құралы- сөз » дейді .

Ал Мағжан Жұмабаев: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып келе жатқан тақта жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ , ұлт тәрбиесімен таныс болуы тиіс. Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті » деп түйіндейді.

 

Қазақ әдебиетіпәні — ұлттық тәрбие негізі

 

Адам тұлғасын қалыптасыруға ықпал ететін білімдердің алуан түрлі болатындығын тәжірибеден көріп жүрміз.Тек осы алуан түрлі формалардың ішіндегі ең парасаттысы, өміршеңі – халықтың ғасырлар бойы жинақталған тәлім- тәрбиесі екеніне шек келтіре алмаймыз.Мұны ғылыми түсінген орыстың көрнекті ғалымы К.Д.Ушинский: «Тәрбие пәрменсіз болмауы үшін, ол халықтық болуы тиіс»,- дей келіп, бәлім беру үдерісіне тәрбиенің халықтық идеясын енгізу керек дейді.Ал ғұлама Аристотель: «Тәлім-тәрбиенің негізі – халық тәжірибесінде»,-  деген екен.Олай болса,өркениеттілікке құлаш сермеген бүгінгі таңда адамгершілігі мол,сапалы да салауатты ұрпақ тәрбиелеуде халықтық тәрбиенің алатын орны ерекше.Қазір оқу орындарында ұлттық тәрбиеге айрықша мән берілуде. «Жастар біздің болашағымыз» дейтін болсақ, сол жастарымызды ұлтын сүйетін ұлтжанды, Отанын сүйетін патриот, жоғары адамгершілік иесі, ұлттық рухы биік парасатты азамат етіп тәрбиелеу үшін оларға ұлттық тәрбие қажет екенін өмірдің өзі-ақ көрсетіп отыр. Сабақ үрдісінде оқушыларға тұрмыстық тәрбиеге байланысты салт-дәстүрлер, бала дүниеге келгеннен өскенге дейінгі аралықта қолданылатын салт-дәстүр, ырым-тыйымның рөлі, сәлемдесу әдебі, сыйластық, қонақ күту, ас ішу әдебі, инабаттылық дәстүрлері, сөйлеу әдебі және киім кию тәрбиесі, ұлттық тәрбиедегі еңбек тәрбиесінің орны, қазақ халқының озық мәдениет үлгілері мен олардың тәрбиелік мәні сияқты ұлттық құндылықтарымызды оқытуымыз  керек.Осы орайда қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың : «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деген сөзін тілге тиек еткім келеді.

Олай болса,ұлттық тәрбие- біздің ұрпақтан- ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз .Ал осы асыл қазынамызды ұрпақ бойына сіңіріп, жоғары мәдениетті, парасатты адам етіп тәрбиелеуде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің маңызы ерекше.Әдебиет пәні оқушыны өз халқының мәдени мұраларымен таныстыра отырып, жалпыадамзаттық рухани байлықтарды игеруге жол ашады.Әдебиет пәнінің негізі -көркем шығарма.Жас ұрпақ сана -сезімін ұлттық дәстүрде қалыптастыру мәселесі қай кездегіден де батыл қойылып отырған бұл күндері әдебиет пәнінің қадір- қасиеті бұрынғыдан да арта түсуде. IX ғасырдағы түрік ғалымы Махмуд Қашқари: «Тәрбие басы — тіл» десе, заманымыздың белгілі ақыны Олжас Сүлейменов: «Адам тағдырын тәрбие шешеді, тәрбие құралы- сөз » дейді . Ал Мағжан Жұмабаев: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып келе жатқан тақта жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ , ұлт тәрбиесімен таныс болуы тиіс. Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті » деп түйіндейді.

Осыған орай, оқыту барысында қолданылатын ұлттық тәрбие берудің жолдарын келесі топтарға бөліп қарастырамын:

Көркем шығармадағы салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар

Ұлттық ұғымдар

Мақал-мәтелдер

Ұлттық ойындар

Тыйым сөздер

Шығармашылық жұмыстар

Ұлттық тәрбиенің көздері: фольклор,халық ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, мақал-мәтелдерде  екендігі баршаңызға белгілі.Осы айтқандарымыздың ішінен үлкен ойды аядай қалыпқа түсірген, мақал-мәтелдер арқылы әдебиет сабағында жаңаша әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана отырып,бала бойына ұлттық сананы қалыптастыруға болады. Мысалы: мәтін ішінен мақалдарды теріп  жазу және оның мағынасын ашу, мақалдың жалғасын табу, өзіндік ой-тұжырым жасау арқылы тәрбиелік мәнін ұғындыру т.б .Ауыз әдебиеті -халық педагоикасының Тынық мұхиты , сонымен бірге ауызекі сақталып келе жатқан ғажайып энциклопедиясы десек, мақал -мәтелдердің , тұрмыс-салт өлеңдері мен ертегілердің тәрбие тақырыбын қамтымайтыны, жолай соқпай өтетіні жоқ.Мысалы,8 –сыныпта М.Дулатұлының «Шешенің балаларын сүюі» өлеңін оқыту барысында шәкірттеріме ауыз әдебиетінің тамаша туындысы бесік жырын тыңдатып, ана тәрбиесінің мейірімділікке шақыратын ғажайып тәрбие екендігін ұғындырдым.Шығармашылық  шабыттарына қозғау сала отырып, «Лимерик» ойынын ойнаттым.Оқушылар:

І кейіпкер             Мейірімді анажан

ІІ мінездеме            Өте қатты балажан

ІІІ оқиға                Ақыл айтып баласына

ІV оқиға                Жамандықтан сақтандырған

V  автор көзқарасы   Айналдым бар анадан,-деп өлең шығарды.Ойын арқылы қазақ отбасындағы ананың орнын таныттым.

«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» дейміз..Сондықтан әдебиет сабағында оқушыларға  тақпақтарды жалаң жаттатып, ертегілерді құр оқытып қана қоймай, оны оқушының  санасына сіңіріп, мағынасына терең бойлатуға тырысамын. Ол үшін түрлі көрнекі құралдарды пайдаланып  «Тазша бала», «Қожанасыр», «Алдар көсе» сынды ертегі кейіпкерлерін балалардың өздеріне ойнатып, жан-жақты амал-тәсілдерді қолданамын.Сондай-ақ  әр сабақта  сөздік жұмысын жүргізу кезінде  кейбір әдеби ұғымдардың этималогиясы арқылы ұлттық құндылықтарымызды танытамын.Мысалы, 5-сыныпта  Ә.Тәжібаевтың «Толағай» ертегісін оқытқанда  Толағай қандай алып,оны неге Толағай деп атады? деп  оқушыға ой тастап, «Толағай»  деген желдің аты, ал бұлтты тек жел ғана айдап әкеледі,автордың өз кейіпкерін бұлай атауының үлкен мәні бар екендігін айтып өтемін.Сол сияқты күнделікті тұрмысымызда көп кездесетін «көсегең көгерсін», «мәймөңке», «өнжұрға» , «айналайын» т.б. сөздердің де мағынасын  ұғындру арқылы   оқушыларды ұлттық құндылықтарымызды бағалай білуге тәрбиелеймін.

Көркем шығармаларды алып қарайтын болсақ, Ғ.Мүсіреповтың «Боранды түнде» әңгімесін  оқыту кезінде өз бетінше мазмұндап келген кез келген оқушы ең алдымен Қайсардың қыз алып қашу жоспарына, боқмұрын баланың қызды Қайсардың үйіне алып келуіне көңіл аударады. Сондықтан әңгімені мазмұндатқанда сүндеттелген баланың сүндет малын сұратуы бойынша Күреңтөбелді берсе, Кәмшатқа қалың малын кешіретіндігін жай ғана айтып кетсе, балаларға қалың мал, сүндет малдың не екені жұмбақ болып қалады да, әңгіме не туралы екенін нақты түсінбей кетуі мүмкін. Сол себепті, сүндет — мұсылмандардың бір міндеті болса, қалың мал екі жақтағы сыйластықты, татулықты нығайтатыны туралы мағлұмат беріп, оқушы санасында халқымыздың салт-дәстүрі мен кәде –жоралғысының өзіндік бір мәні,  ізгілікке, парасаттылыққа бастар жолы жайлы дұрыс көзқарасты қалыптастырамын.

Ал С.Мұқановтың «Саятшы Ораз»,Мұхтар Шаханов «Отырар»,Төлен Әбдіков «Қонақтар» әңгімесін оқыту кезінде орта ғасырда құсбегілік өнері көшпенділер арасында тоқтаусыз дамығанын,  саятшылық көшпенділер үшін тіршіліктің өзекті бір саласы болып келгенін, сондай-ақ ол әскери жаттығудың шынығып-шыңдалудың тамаша үлгісі болғанын, жаугершілік замандарда қыран құстармен дүйім жұртты асыраған құсбегілердің болғанын әңгімелеймін,Сондай-ақ ,көрші ақысы,олжа байлау сияқты халықтық дәстүрлерге түсінік беремін.Отанын  ,туған жерін сату, өз ата—анасын құрметтемеу сияқты жаман әдеттерден жирендіріп, бүгінгі өмірмен байланыстырып ,ұлттық намысы мен жігерін оятуға тәрбиелеймін.

Қазақ тілі сабақтарында  әдебиет сабағымен байланыстыра отырып бұйрық райын түсіндіргенде халқымыздың тыйым сөздерін ұтымды пайдалануға болады.Мысалы, «Үлкеннің сөзін бөлме», «Бөркіңді теріс киме», «Малды теппе», «Бұлақтың көзін бітеме»т.б. сөздерді сабақ барысында түсіндіру арқылы оқушыларды  халқымыздың ізгі қасиеттеріне баулимын.Морфологиялық, синтаксистік, фонетикалық талдаулар жүргізу кезінде, тақырыптарды бекітуде жұмбақтардан, мақал-мәтелдерден, жаңылтпаштардан, тыйым сөздер мен қанатты сөздерден, ертегілерден мысалдар теру, карточкалар жасауға тапсырма беремін. Сыныптан тыс сабақтарда, сабақ кезіндегі сергіту сәттерінде, бекіту сабақтарында: «Көкпар», «Бәйге», «Орамал тастау», «Алтын сандық», «Алтын сақа» т.б. ұлттық ойын түрлерін  пайдаланамын.

Өз тәжірибемде оқушыларға ұлттық тәрбие берудің тағы бір тәсілі ретінде  көркем шығармаларда кездесетін халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар,ұлттық құндылықтарымыз туралы  оқушыларға баяндама, шығарма сияқты т.б. шығармашылық  жұмыстарды орындатуды жиі қолданамын.Осы жұмыстарымның нәтижесі- 2008 жылы  даңқты қолбасшы, батыр жазушы Бауыржан Момышұлының 98 жылдығына орай ұйымдастырылған  оқушылардың облыстық  ғылыми- практикалық конференциясына қатысқан оқушым Қосалиева Әйгерімнің «Бауыржан Момышұлы шығармаларындағы тәлім-тәрбие мен өнеге» тақырыбындағы  жасаған баяндамасы үздік танылып, арнайы Дипломмен марапатталды, жұмысы конференция  жинағына енгізілді.

Сөз соңында айтарым, халық педагогикасы- қазақ халқының сан ғасырдан бері атадан балаға мирас ,өмірлік мұра болып келе жатқан  тәрбиесі, баланы бағып-қағып өсіріп, өнегелі азамат етіп шығару жөніндегі жинақтаған тәжірибесі.Ол бір ұрпақтан екіншісіне ауысып, бірте-бірте қорланып, бай тәжірибесімен  кемелдене келе, «халық айтса, қалт айтпайтын» дәрежеге жеткен. Мағжан Жұмабаев: «Баланың маңайында сөйлейтін сөздер де әдепті, сұлу болуға тиісті.Сұлу дене , сұлу қозғалысты көріп өскен баланың денесі де, қозғалысы да сұлу болады» дегендей, халықтық педагоика әрдайым ізгілікке, кісілікке бастап, қоғамның моральдық принциптерімен іштей қабысып,үйлесім тауып жатады.Ендеше , халқымыздың бай саралы да саналы дәстүрлерін еліміздің болашағы -өзіміздің алдымызда отырған ұрпағымызға үйрету –ұстаз қауымының бірінші міндеті деп білемін.

0

Автор публикации

не в сети 5 лет

karlo

0
Комментарии: 0Публикации: 1Регистрация: 21-11-2018

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля