ҚАЗАҚСТАННЫҢ РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫ ҚҰРАМЫНА ҚОСЫЛУЫНЫҢ БАСТАЛУЫ.

26 января, 2017 16:05

Қазақ халқының XVIII ғ. жоңғар басқыншылығына қарсы күресінің ұйымдастырылуы, ірі шайқастар туралы мәлімет беру. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Ресей империясына елшілік аттандыруы, Кіші жүз және Орта жүз билеушілерінің Ресей бодандығына өтуінің себептері мен салдарын түсіндіру. Студенттердің Қазақстан тарихы бойынша білімдерін одан әрі жетілдіру.

 

Негізгі ұғымдар: жоңғар, қонтайшы, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама», Бұланты шайқасы, Аңырақай шайқасы.

 

Жоспар:

  1. Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы Отан соғысы.
  2. Кіші жүздің және Орта жүздің Ресей империясының қол астына өтуі.

 

  1. Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы Отан соғысы. XVIII ғ. басында Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы нашарлады. Қазақ қоғамының өз ішінде дағдарысты құбылыстар етек алды: көшпелі ұжымдар арасында ынтымақ болмады, рулық тартыс, билік үшін ішкі саяси күрес күшейді. Бұл жағдайды көрші елдер дереу пайдаланды: солтүстік пен батыстан – Ресей мемлекетінің, шығыстан – жоңғарлардың, оңтүстіктен – Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасауы аңғарылды. Қазақ халқы үшін ең басты қауіп Жоңғар хандығы тарапынан төнді. Жоңғар экономикасының негізі мал шаруашылығы болды. Жайылым жерлер көлемін кеңейту мақсатында жоңғарлар Қазақ хандығы аумағына шапқыншылықты жиілетті. Сонымен бірге жоңғарлар Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды басып алуды көздеді.

1718 жылдың көктемінде Аягөз өзенінің бойында қазақ жасақтары мен жоңғар әскерлерінің арасында болған үш күндік ұрыста қазақтар жеңіліп қалды. Оған себеп: Әбілқайыр және Қайып хандар өздерінің соғыс қимылдарын келісіп жүргізбеді.

1722 ж. Цин императоры Кансидің өлімінен соң Цеван Рабдан енді басты күшті Қазақ хандығына қарсы бағыштады. 1723 жылы қазақ-жоңғар қарым-қатынасы шиеленісті. Қытай мемлекетімен бейбіт келісім-шартқа отырғаннан кейін жоңғарлар Қазақ хандығына қарсы соғыс ашуды шешті.

Қазақ хандығының саяси бытыраңқылығын пайдаланып, 1723 жылы көктемде жоңғарлар 70 мың әскермен жеті бағыттан қазақ жеріне тұтқиылдан басып кірді. Цеван-Рабданның ұлы Қалдан Церен Балқашқа одан әрі қарай Қаратау өңіріне, Құлан батур Алтайға және Көктал өзенінің өңіріне, Амурсана әскері Нұра өзені бағытында, Қалдан Цереннің Цеван-Доржы атты ұлы Шелек өзенінің аңғарымен, екінші ұлы Лама-Доржы Ыстықкөл бағытында қозғалды. Дода-Доржым нойон Шу өзеніне бағыт алса, Цеван- Рабданның өзі Іле өзені арқылы Жетісуды басып алуды көздеді. Бас қолбасшылықты Цеван-Рабданның бауыры Шона-Даба атқарды. Алғашқы соққыны Жетісу мен Ертіс өңірінің қазақтары қабылдады. Жоңғарлардың шапқыншылығын күтпеген халық оларға еш қарсылық көрсете алмады. Жоңғарлар халықты жаппай қырып, мал-мүлкін тонады. Қапыда қалған қазақтар үйлерін, мал-мүліктерін тастап босып кетуге мәжбүр болды.

Қаратау мен Арыс өңіріндегі қазақтардың көп бөлігі жаудың қолынан қаза тапты. Алтай өңірі толығымен жоңғарлардың қолына көшті. Қазақ рулары мекендерін тастап, Сырдарияның арғы бетіне қарай қашты. Сырдариядан өткен Ұлы және Орта жүз қазақтарының басым бөлігі Ходжентке, Орта жүз қазақтарының біраз бөлігі Самарқанға, ал Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхара аумағына өтті. Ендігі жерде қазақ жері мен жоңғарлар ұлысының шекарасы Ұлытау, Балқаш көлі мен Шу, Талас өзендерінің арасымен өтті. Қазақ тарихында бұл кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Осы заманнан бізге дейін жеткен «Елім-ай» әні халықтың сол жылдардағы мұң-зарын бейнелейді.

Осы жылдары Қазақ хандығының батысындағы қалмақтардың да қазақ жеріне шабуылы жиіледі. Әбілқайыр ханның басшылығымен қазақ жасақтары бұл бағытта да жауға ұйымдасқан тойтарыс берді. Қазақ жасақтарының басында халық батырлары тұрды. Халық рухын көтеруде Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің рөлі зор болды. Жауға қарсы жаппай қарсылық көрсету 1724 жылдан басталды. Бұл жылы негізгі әскери қақтығыстар Орталық және Батыс Қазақстан аумағында болды. Бұл қақтығыстарда Әбілқайыр хан бастаған қазақ қолдары табысты қимылдады. Әбілқайыр ханды қазақтардың басым бөлігі, қарақалпақтар мойындады. Бұл жылдары Әбілқайыр хан соғыс даласында асқан батырлық танытты.

1726-1727 жж. сұлтандар мен билер қазақ жерін жаудан азат етуде қазақ руларының басын біріктіру саясатын қолға алды. 1726 жылы Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі Ордабасы деген жерде үш жүз өкілдерінің біріккен жиналысы болды. Бұл жиынға үш жүздің хандары – Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Жолбарыс хандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған билер, батырлар қатысты. Жиналыс барысында үш жүздің басын біріктіріп, жауды Қазақ жерінен қуу мәселесі талқыланды. Жиналысқа келгендер жауға қарсы біріккен майдан құру керек деп шешті. Бүкіл қазақ жасағының қолбасшылары болып Әбілқайыр хан мен қанжығалы Бөгенбай батыр сайланды.

1727 жылдың жаз айларында үш жүздің біріккен қолы әскери дайындықтан өтіп, қару-жарақты дайындаумен айналысты. Әбілқайыр Бұхарадан ат, қару-жарақ сатып алып, әскерді соғыс өнеріне жан-жақты дайындайтын батырларды өзі тағайындады. Сонымен бірге әскери барлау ісіне үлкен мән берілді. Күзде Сарыарқа даласындағы Бұланты өзенінің маңында жоңғарларға үлкен соққы берілді. Кейіннен шайқас болған аймақ «Қалмақ қырылған» деп аталды. Бұл жеңіс қазақтардың рухын көтеріп, болашақ күреске жігерлендірді.

Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында қазақтар үшін маңызы зор шайқастардың бірі – Аңырақай шайқасы. Бұл шайқас 1730 жылы Балқаштың оңтүстік-батысындағы Алакөл маңында орын алды. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақырымға созылды.

Аңырақай шайқасына қатысқан қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаракерей Қабанбай, Саңырық, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Шапырашты Наурызбай, Райымбек және т.б. батырлар қанды шайқастардың алдыңғы шептерінде болып, ерлік үлгісін танытты. Батырлар өзіндік шешім қабылдай алатын, соғыс ісін жан-жақты білетін, әскери стратегия, тактикамен таныс тәжірибелі ерлер еді. Өкінішке орай, Аңырақай жеңісі жалғасын таппады. Шайқастан кейін қазақ билеушілерінің арасында жік туды. Өйткені, осы кезде Болат хан қайтыс болғаннан кейін жоғарғы билік үшін талас басталды. Ұлы ханның орнын Орта жүзден Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр хан аламыз деп дәмеленді. Көпшіліктің қалаған адамы Болаттың ұлы Әбілмәмбет болды. Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін үлкен хандықтан құр қалдырды деп есептеп, майдан даласын тастап, кетіп қалды. Нәтижесінде Әбілмәмбет сұлтан Түркістанға көшсе, Әбілқайыр Кіші жүз аумағына қайтады. Сөйтіп, қазақ жерлерін жоңғарлардан толық азат ету ісіне оңалмас нұқсан келді. Қазақтардың Аңырақайдағы жеңісіне қарамастан жоңғарлар тарапынан шабуыл тыйылмады.

Шәкәрім Құдайбердіұлының жазбаларында 1723-1730 жж. Отан соғысы кезінде қазақ халқының санының үштен екісі кемігені туралы мәлімет бар. Демограф М. Тәтімовтің санағы бойынша 1723 жылы қазақ халқының саны 3 млн 330 мың болса, 1725 жылы 2 млн 222 мыңға азайған.

Қазақтардың 1730 жылғы Аңырақай жеңісіне қарамастан Жоңғар хандығының жаңа шабуылының қаупі сақталып қалды. Қазақ хандықтары жөнінде агрессияшыл саясат жүргізген Қалдан Цереннің (1727-1745 жж.) билік басына келуі мұндай шабуылдың қаупін күшейтті.

Қазақ хандықтарының Орта Азия хандықтарымен де қатынастары шиеленіскен күйінде қалды. Еділ қалмақтары және башқұрттармен қарым-қатынастар да күрделі еді. Осындай жағдайда қазақ билеушілері алдында күрделі міндет – қазақ жүздерін сыртқы жаудан қауіпсіздендіру және елдің феодалдық бытыраңқылығын жою міндеті тұрды. Олардың бұған өз күштерімен жете алмайтындығына көздері жетті. Солтүстіктегі қуатты көрші – Орыс мемлекетімен одақтасу қажеттігі туралы пиғыл туындады. Осылайша қазақ билеушілерінде орыс-қазақ саяси жэне экономикалық байланыстарын нығайтып, Ресейдің қол астына кірудің жолдарын іздеу жөнінде ұйғарым қалыптасты.

 

  1. Кіші жүздің және Орта жүздің Ресей империясының қол астына өтуі. Қазақ халкының тарихында XVIII ғ. басы ауыр кезең болды. Тәуке хан 1715 жылы дүние салған соң Қазақ хандығы іс жүзінде жеке-жеке хандықтарға бөлінді. Жүздердің әрқайсысы жеке хан сайлауға көшті, ал ұлыстарды басқарып отырған сұлтандар сол хандарға тікелей бағынды. Жолбарыс Ұлы жүздің (1720-1740 жж.), Қайып (1716-1719 жж.), сосын Сәмеке (1719-1734 жж.) Орта жүздің, Әбілқайыр (1718-1748 жж.) Кіші жүздің хандары болды. Тәукенің тағына отырған Болаттың (1718-1726 жж.) Ұлы хан деген атағы ғана болды.

Осы кезеңде Қазақ хандығының сыртқы жағдайы да шиеленісе түсті. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының жеріне Орта Азия хандықтары, Еділ бойындағы қалмақтар, башқұрттар мен Сібір казактары үздіксіз шабуыл жасап отырды. Осындай қиын-қыстау жағдай Әбілқайыр ханды Ресей мемлекеті сияқты одақтас іздеуге мәжбүр етті.

1730 жылы жазда Әбілқайыр Уфа наместнигі арқылы Петербургке Сейітқүл Құндағұлұлы мен Құтлымбет Қоштайұлы бастаған елшілік жіберіп, Ресей империясының бодандығына қабылдауды өтінеді. Хатында Әбілқайыр хан Кіші жүз қазақтары түгел Ресей бодандығын қабылдайтынын атап көрсетті. Әбілқайыр ханның Құтлымбет Қоштайұлы бастаған 7 адамнан тұратын елшілері құрметпен қабылданып, бағалы сыйлықтар тартылды.

1731 жылы 19 ақпанда Ресейдің патшасы Анна Иоанновна қазақтарды Ресей бодандығына қабылдау жөніндегі құжатқа қол қойды. Осы грамотаны қазақтарға жеткізу үшін 1731 жылдың сәуірінде Ресей Кіші жүзге Сыртқы істер коллегиясының тілмәші А.И. Тевкелев бастаған арнайы елшілік жіберді.

Бірінші болып бодандыққа Әбілқайыр хан ант берді, оған Бөкенбай ақсақал, содан соң Есет батыр қосылды. Сол арада адалдыққа 27 ақсақал ант берді. Бодандықты қабылдаған Әбілқайыр Ресей империясының шығыс шекарасын, орыс көпестерінің сауда керуендерін қорғауға, орыс мемлекетіне әскери көмек көрсетуге, бағалы терілерден салық төлеуге уәде берді. Сонымен қатар Әбілқайыр, патша өкіметінен өз ұрпағында хандық биліктің қалуын, іштен және сырттан қиындықтар туа қалған жағдайда, өзіне қорған болатын Ор бекінісін салуды талап етті.

Осылай 1730-1740 жж. Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы нәтижесінде солтүстік-батыс Қазақстан жері Ресей империясының отарына айналды.

 

Бекітуге арналған сұрақтар:

 

  1. Қазақ жерлерінің Ресей империясының құрамына кіруінің алғышарттарымен кезеңдері туралы не білесіз?
  2. Әбілхайыр Ресейдің бодандығын қабылдап, қандай мақсат көздеді?
  3. Протекторат дегеніміз не?
  4. Ресей империясы тарапынан Қазақстанды жаулау үдерісі қалай басталды?
  5. Қазақ жерлерінің Ресей империясының құрамына өтуі қандай зардаптарға (саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени) әкеліп соқтырды?

 

 

Әдебиеттер:

  1. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
  2. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
  3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Очерктер. Алматы: «Дәуір», 1994.
  4. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006.
  5. Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
  6. Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы, 2007.
  7. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008. – 640 б.
0

Автор публикации

не в сети 5 лет

Ерек

3
Комментарии: 0Публикации: 26Регистрация: 25-01-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля