27 января, 2017 12:28
Студенттерге соғыстан кейінгі елдің бейбіт өмірге көшуі, қоғамдық-саяси жағдай туралы мәлімет беру.
Негізгі ұғымдар: әкімшіл-әміршіл жүйе, жеке басқа табыну,демилитаризация, ақша реформасы, карточкалық жүйе.
Жоспар:
- Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі.
- Тың және тыңайған жерлерді игеру.
- Қазақстанның мәдени дамуы.
Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі.Кеңес елінде 1920ж. ортасында әбден күшіне мінген қатты әміршіл-әкімшіл жүйе 1930-50жж. бас кезінде өзінің шарықтау шыңына жетті. Адамның бас бостандығын тұншықтыру, оның құқын есепке алмау,адамдарды өндіргіш құралдарынан алыстату, мемлекетті басқару билігіне ықпал жасау саясатын қалыптастыру сияқты теріс құбылыстар тән еді. Елде И.В. Сталиннің жеке басына табыну бел алды. Қоғамдық сананың барлық дәрежесінде әлеуметтік жаңғырудың комплексті бағдарламаларына көшуге қоғамдық-саяси құрылым кедергі жасады. Осындай күрделі жағдайда қоғамдық ғылымдар партия комитеттерінің қатаң бақылауымен дамыды. Ленинград пен Мәскеуде «Ленинград ісі», «Дәрігерлер ісі» қолдан жасалып жатқан кезде Қазақстанда «Бекмаханов ісі» ұйымдастырылды. Жас талантты тарихшы Е. Бекмаханов «Қазақ КСР-і тарихын» даярлау үстінде жұмыс істеп жатқан ғалымдарды қатарында болды,оларға А.М. Панкратова, А.П.Кучкин, Б.Д. Греков, Н.М.Дружинин, т.б.Кеңес тарихшылары жатты. Кітап 1943 ж. маусымында жарыққа шықты. «Тарихтағы» отарлауға қарсы көтерілістерге берілген баға ғылыми кескілескен айтыс тудырды. Бекмахановтың «ХІХғ. 20-40жж. Қазақстан» (1947ж.) деген монографиясында айтылған оның көзқарастары буржуазияшыл-ұлтшыл деп жарияланды. «Правда» газетінде кітап айыпталды. Бекмахановты ғылыми атақтарынан айырды. 25жылға соттады. 1954ж. Қазақстанға қайта оралды. Бұндай істер жалғыз болған жоқ. Республиканың көрнекті қоғамтану ғалымдары А.Жұбанов, Х.Жұмалиев, Б.Сүлейменов, Е.Смаилов,жазушылар Ю.Домбровский, Ә.Әбішев, Қ.Аманжолов, Қ.Бекқожин, С. Бегалин сияқты саяси айыптармен жазаланды. Қудалауға ұшыраған Қазақ ССР Ғылым Академиясының Президенті Қ.И.Сәтпаев пен М.О. Әуезов Қазақстаннан Мәскеуге кетіп қалуға мәжбүр болы.
Сталин дүние салғаннан кейін (1953 ж. 5 наурыз) Л.П. Берияның қылмысты іс-әрекетін тоқтату қоғамдық өмірді демократияландыру жолындағы маңызды кезең болды. 1956ж. ақпанда Мәскеуде КОКП-ның ХХ съезі өтті, оның өзекті мәселесі Сталиннің жеке басына табынуды жою болды. КОКП ОК-ның бірінші хатшысы Н.С.Хрущев бастаған коммунистер партиясы И.В.Сталиннің жеке басына табынушылықтың және оныңсалдарына талдау жасауға тырысты. «Жылымық жылдары» деген атпен тарихқа енген 1950ж. ІІ жартысынен бергі кезеңдекөптеген игі іс атқарылды. Басшылықтың ұжымдық принципі енгізіліп, әміршіл-әкімшіл басқару жүйесі босаңси бастады. Елімізде іске асырылған экономикалық, әлеуметтік және идеологиялық шаралар нәтижесінде дамудың көптеген көкжиектері ашыла бастады.
Тың және тыңайған жерлерді игеру.1954ж. КОКП ОК ақпан-наурыз Пленумдарында елімізде азық-түлік мәселесін шешу үшін шығыс аудандарда тың және тыңайған жерлерді игеру мәселесі қойылды. Оны игеруге Қазақстан кеңінен қарастырылды. Қысқа мерзімде егіс көлемі 35 млн. гектарға дейін жеткізіп, солтүстік аудандарда жаңа поселкелер, совхоз орталықтары салынды. Қазақстанға Ресей, Украина, Белоруссиядан 1954-56жж. 640мың адам келді. (Ауыл шамруашылығы механизаторлары, құрылысшылар, денсаулық сақтау қызметкерлері т.б.) Тың жерлерге Кеңес әскері қатарына қайтқан жауынгерлер көп келді. Олардың күшімен Көкшетау облысында «Кантемировец», Солтүстік Қазақстанда «Тамановец», Қарағанды облысында, «индустриальный» және т.б. совхоздар құрылды. 1950ж. аяғ. Қазақстанның ауыл шаруашылығының материалдық техникалық негізгі едәуір нығайды.
1954-60жж. Республикада тың игеру есебінен сатық өндірудің жалпы көлемі 106млн. тоннаға жетті. Қазақстанда жаңа қалалар бой көтерді. Өнеркәсіп орындары салынды. Жаңа темір жол, тас жол желілері тартылды. Тың игеру республиканың экономикасын ілгерілетті. Тың игерудің зардаптары да болды. Басқа республикалардан келгендердің саны шамадан тыс көбейді. Ұлттық мектептер жабылып, қазақ балалары мектеп-интернаттарда оқытыла бастады. Оқу орыс тілінде көшірілді. Мал шаруашылығына зиян келтірілді. Мал жайылымы, шабындық жерлер азайып, малдың саны кеміді. Тың игеру экстенсивті әдіспен жүргізілді. 1945-60жж. Қазақстанның өнеркәсібінің отын-энергетика саласы жақсы дамыды. Қарағанды көмір алқабында ондаған ірі шахталар мен байыту фабрикалары іске қосылды.Екібастұзда ашық әдіспен көмір өндірудің көлемі күрт ұлғайды. 1950ж. көмір жабу, қопару және оны вагондарға арту толық механикаландырылды. Бұл жылдары Алматыда, Құлсарыда, Өскеменде су электр станциялары, Жезқазғанда жылу-электр орталығы салынды. Қарғанды мен Шымкентте қосымша қуаттар іске қосылды. Бұқтырма СЭС құрылысы басталды. Теміртауда қазақ металлургия заводы іске қосылды. Ақтөбе ферросплав заводының қуаты едәуір ұлғайтылды. Өскемен қорғасын-м ырыш комбинаты алғашқы өнімін берді. Сонымен қатар Жезқазған кен байыту фабрикасы, Өскемен тау-кен машина- жабдықтарын жасау зауыты мен Соколов-Сарыбай комбинаты, Ақтөбе хром қоспалары заводтары салынды. Химия өнеркәсібі дами бастады. Социалистік жарыс кең орын алды. Жеңіл өнеркәсіп салалары да дамыды. Республикада аса бай өнеркәсіп шикізатының болуы және оны орталыққа тасу көлік пен байланыс жүйелерін дамытудаға әсер етті.
1946-90жж. Қазақстан территориясында Семей, Капустин Яр, Азғыр т.б. полигондары жұмыс істеді. Ядролық сынақ полигонының ең ірісі Семей полигоны болды. Ядролық қаруды тұңғыш сынау 1949ж. 29 тамызда өткізілді. Ядролық сынақтар өткізу адамдар денсаулығына, аймақтың табиғи ортасына үлкен зардаптар тигізді.
Қазақстанның мәдени дамуы.Соғыстан кейінгі жылдары мәдениеттің материалдық базасы әлсіз болды. 1946ж. маусым айында КСРО Ғылым Академиясы қазақ филиалының негізінде Қазақ КСР ҒА-ң құрылуы республиканың мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Қазақстанда ғылымды дамытуға көрнекті орыс ғалымдары С.И. Вавилов, И.П.Бардин, А.М. Панкратова ұйымдастырушылыққызмет көрсетті. Тұңғыш Президенті – Қ.И.Сәтпаев болды. 1950ж. Қазақстанда қоғамдық салаларының базасы кеңейтілді. КазМУ-де философия факультеті ашылды. 1950ж. аяғына қарай ҚКСРҒА-ң жүйесінде 50 ғылыми-зерттеу мекемесі, оның ішінде 19 институт, 13 сектор, 2 музей, обсерватория, 3 ботаника бағы мен 8 ғылыми база жұмыс істеді.
1957ж. бастап ядролық физика саласында зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады, космос сәулелері лабораториясы, Астроботаника секторы ашылды. 1947ж. М.Әуезов «Абай» романының 2 кітабын жазып бітірді. 1955ж. жазушының іргелі туындысының дүниеге келді. 1959ж. М.Әуезовке әдебиет пен өнер саласында Лениндік сыйлық берілді.
Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлке» романы 1950ж. ұлттық жетістігінің бірі болды. С. Мұқанов «Сырдария» романында замандастарының өмірін, еңбегін, арман-мақсаттарын бейнелейді. «Өмір мектебі» трилогиясын жазды. Ғ. Мұстафиннің «Шығанақ», «Миллионер»повестер жарық көрді. «Қарағанды», «Дауылдан кейін» романдарын жазды. Ә. Тәжібаев «Шайтан», «Портреттер» поэмасын жазды.
Орыс, ұйғыр, кәріс, неміс жазушылырының шығармалары да болды. Қазақстанда жалпыға бірдей міндетті орта білім беру жүйесі енгізілді. Республикада 9мыңға жуық мектеп, 55 жоғары және 240 орта арнаулы білім беретін оқу орындары жұмыс істеді. Мәдениет сарайлары театрлар, музейлер, клубтар, кітапханалар қызмет етті. Теледидар кең көлемде жұмыс істеді, радио хабарымен қамтылды. Кітап шығарылды. Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер»трилогиясы,Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романы жарық көрді. Композиторлар С. Мұхамеджанов,Е.Рахмадиев, Ғ. Жұбанова, Н. Тілендиев өздерінің тамаша шығармалары қазақ музыкасын байыта түсті.Е.Серкебаев, Б. Төлегенова, «Гүлдер», «Досмұқасан» ансамбльдері. Қазақфильм студиясының «Атаманның ақыры», «Қыз Жібек», «Транссібір Экспресі», «Ана туралы аңыз» сияқты фильмдерін шығарды.
Бекітуге арналған сұрақтар:
- Соғыстан кейінгі жылдары Қазақстандағы саяси жағдай қандай болды?
- Соғыстан кейінгі жылдары Қазақстанның экономикалық дамуы қандай қиыншылықтарды бастан кешірді?
- Кеңес және партия басшылары соғыстан кейінгі жылдардағы экономикалық дағдарыстыстан шығуды қалай ойластырды?
- Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру қашан басталды?
- Тың және тыңайған жерлерді игерудің қорытындылары мен нәтижелерін анықта.
- Н.С. Хрущев КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан қашан босатылды?
- 1958ж. тамыздағы Теміртау қаласында болған еңбекшілердің наразылығына не себеп болды?
- Қазақстан соғыстан кейінгі жылдары білім және ғылым саласында қандай жетістіктерге жетті?
Әдебиеттер:
- Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
- Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
- Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Очерктер. Алматы: «Дәуір», 1994.
- Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006.
- Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
- Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы, 2007.
- Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008. – 640 б.