ҚАЗАҚСТАН АҚПАН ЖӘНЕ ҚАЗАН РЕВОЛЮЦИЯЛАРЫ КЕЗІНДЕ

26 января, 2017 20:11

Студенттерге Ресейдегі 1917-жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық және Қазан социалистік революциялары кезіндегі Қазақстанның жағдайы жөнінде мәлімет беру.

 

Негізгі ұғымдар: монархия, Қосүкімет, Уақытша үкімет, революция, декрет, Кеңестер, партия.

 

Жоспар:

  1. Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейінгі Қазақ өлкесі.
  2. Қазақ комитеттерінің құрылуы. Бірінші жалпықазақ съезі.
  3. Қазан төңкерісі кезіндегі Қазақстан. Кеңестер билігінің орнауы.

 

  1. Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейінгі Қазақ өлкесі. Экономикалық күйзеліс және орыс эсерлерінің жалғасып жатқан империалистік соғыс майданындағы жеңілісі, сондай-ақ елде жұмысшы қозғалысы мен аграрлық қозғалыстың өсуі, соның ішінде жеңіліс тапқанына қарамастан, Орта Азия мен Қазақстанның байырғы халқының 1916ж көтерілістері Ресейдің орасан зор апат алдында тұрғанын дәлелдеді, мұның бәрі демократиялық күштер соның ішінде жұмысшы табы да, шаруалар да патша үкіметіне қарсы шешуші штурмға дайындалып жатқан кездегі Ресейдегі революциялық дағдарыстың көрінісі болды.

1917 жылы 27 ақпанда Ресейде буржуазиялық-демократиялық реворлюция болып, нәтижесінде патшаІІ НиколайРомановтақтан түсірілді. Ресейде монархия жойылды. Елде Қос өкіметтің билігі орнады:

  1. Буржуазиялық Уақытша үкімет;
  2. Жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының кеңесі.

Қазақ өлкесінде саяси белсенділік күшейіп, 1917 жылы көктем айларында Торғай, Жетісу, Ақмола, Орал, Бөкей Ордасы, Семей облыстық қазақ съездері өткізілді. Ал 1917 жылы 21-28 шілдеде Орынборда бірінші Жалпықазақ съезі өткізілді. Онда он төрт мәселе қаралды: мемлекеттік басқару түрі, қазақ облыстарының автономиясын құру, жер мәселесі, халық милициясын құру, оқу-ағарту ісі, сот, дін, т.б. мәселелер. Осы съезде қазақтың ұлттық саяси «Алаш» партиясын құру туралы қаулы шығарылды. «Алаш» партиясының жетекшісі болып Ә. Бөкейханов сайланды. Партияның баспа органы 1913-1918 жж. аралығында шығып тұрған «Қазақ» газеті болды.

1917ж. 23-27 ақпанда буржуазиялық-демократиялық революцияның жеңіп шығуы елдегі тап күшінің арасалмағын күрт өзгертті. Социалистік революцияның жолындағы басты кедергі самодержавие (патша үкіметі) жойылды. Бірақ революцияның негізгі мәселесі — өкімет туралы мәселе -өзінше  шешім тапты. Еңбекшілердің бастамасымен пролетариат пен шаруалардың революциялық-демократиялық диктатурасының (билігінің) органы- Жұмысшы, солдат, кейін шаруа депутаттарының кеңестері пайда болды. Кеңестердің басшылығына еніп кеткен меньшевиктер мен эсерлердің келісімпаздық саясаты буржуазия өзінің өкімет органы – Уақытша үкімет құруына мүмкіндік берді. Өтпелі кезеңнің аса күрделі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайын білдіретін Қосүкімет дүниеге келді. Қазақстанда 1917ж. наурыз-сәуір айларында жер-жерде жұмысшы солдат депутаттарының Кеңестері пайда болды. Омбыда, Ташкентте, Семейде, Верныйда, Петропавлда, Перовскіде, Қазалыда, Қостанайда, Ақтөбеде т.б. қалаларда жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңестері құрылды. Облыстық және уездік шаруалар съездерінде шаруа және қазақ депутаттарының Орал, Семей облыстық, Ақмола, Ақтөбе, Өскемен және Павлодар уездік Кеңестері сайланды.

Кеңестермен бірге Уақытша үкімет органдары құрылды. Әлихан Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы, ал, Мұхаметжан Тынышбаев – Жетісу облысында комиссарлары болып тағайындалды. Уақытша үкімет пен әр түрлі қоғамдық-саяси қозғалыстардың арасында қоғам дамуының белгілі бір жолын таңдау тұрғысында күрес басталды. Ресей капитализмі дамуының кенже қалып, соның салдарынан буржуазияның қуатты экономикалық және саяси күш болып қалыптаспағанын негізге алған Уақытша үкімет реформистік жолмен капитализмді дамытуға бет алу қажет деп санады. Алайда, монархияның қойнауынан шығып, көп жағынан буржуазия мен помещиктердің саяси және экономикалық мүдделерін білдірген Уақытша үкімет Ресейді қайта өрлетудің нысаналы балама бағдарламасын ұсына алмады.

Қазақстанда қазақ интеллигенциясы басқарған қазақтардың ұлттық облыстық және уездегі комитеттері ұйымдастырылды. Облыстар мен уездерде Уақытша өкіметті қолдаған Сібір, Орынбор, Орал және Жетісу казак әскерлері казактық комитеттер құрды. Татар, Өзбек, Ұйғыр саудагерлері мұсылман, татар комитеттеріне бірікті. 1915-1917жж. Орынборда «Еркін дала», Омскіде «Бірлік», Оралда «Жас қазақ», Троицкіде «Үміт» деп аталатын жастар ұйымдары құрылды. Қазақстан кәсіпшілер одақтарының қалыптасуында Орынбор — Ташкент темір жол торабы теміржолшыларының Құрылтай съезі үлкен роль атқарды. Ұлт мәселесінде Уақытша үкімет «Дін тұтудағы және ұлттық шектеулерді жою» туралы декрет жариялады, алайда ұлттың өзінің мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқы, шағын халықтар мен ұлт азшылығының тағдыры туралы және басқа мәселелер ескерілмей сол күйі қалды.

 

2.Қазақ комитеттерінің құрылуы. Бірінші жалпықазақ съезі.Ұлттық демократияшыл зиялылар ұлттың азаттық идеясын таратушы, қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятушы, отаршылдыққа қарсы күреске дем беруңші болды. Оны либералды — демократиялық қозғалысының жоғарғы білімді қайраткері, бұрын кадет партиясы Орталық Комитетінің мүшесі болған Ә. Бөкейханов басқарды. Көрнекті ағартушылар мен демократтар, революциялық қозғалысқа белсене қатысушылар А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Ермеков, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтар, Ж. Ақбаев және басқа адамдар оның пікірлестері мен серіктеріне айналды. Алаш қозғалысының әлеуметтік негізінің ауқымдылығын азаттық қозғалысының жалпы ұлттық көлемімен, оның демократиялық, ағартушылық және отаршылдыққа қарсы сипатымен түсіндіруге болады. Қазақ халқын отарлық езгіден азат ету, автономиялық ұлттық мемлекет құру идеясы қозғалыстың негізгі өзегіне айналды. Ақпан төңкерісінен кейін 1905 жылдан бастап өмір сүрген алаш қозғалысы қайта жанданды.

1917 жылғы шілденің 21-26 –сында Орынборда Жалпықазақ съезі болып, оған Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферған облыстары мен Ішкі Бөкей Ордасынан өкілдері қатысты. І-ші Бүкілқазақтық съезд қазақтың ұлттық саяси партиясы «Алаш» съезі болып айқындалды. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов,Е.Омаров, М. Шоқай және буржуазиялық-демократиялық бағыттағы қазақ интеллигенциясының басқа да өкілдері «Алаш» партиясының жетекшілері болды. Съезд мемлекеттік басқару формасын, қазақ облыстары автономиясын, жер мәселесін, халықтық милиция ұйымдастыру, земство, халыққа білім беру, сот, рухани-дін мәселелерін және т.б. қарады. Съезд қазақтың «Алаш» саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, оның бағдарламасын жасау қажет деп тапты. «Мемлекеттік басқару формасы» мәселесі бойынша съезд «Ресей демократияшыл феедрациялық парламенттік республика болуға тиіс»,-деп жазды; қазақ облыстары «облыстық ұлттық-аймақтық автономия алуға тиіс» деп тапты. Съезд Қытайдағы 83 мың қазақ босқындары және 1916 жылғы оқиғаларға қатысып, Жетісу казактары мен Уақытша үкімет органдары тарапынан кемсітушілік пен қуғындауға ұшырағандар жөнінде өз көзқарасын білдірді. 1917ж. күзінде Қазақстанда тағы бір ұлттық-саяси ұйым — өзін «қазақтың социалистік партиясы» деп атаған «Үш жүз» партиясы пайда болды. Оның жетекшісі К.Тоғысов болды. Бұл партия большевиктік бағыт ұстап, Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің көптеген мәселелері бойынша «Алаш» партиясының негізгі оппоненті тұрғысында оған қарсы шығып отырды.

Ақпан революциясынан кейін Ресейдің ұлт аймақтарында мұсылмандар қозғалысы жандана түсті. 1917 ж. сәуірде Түркістан, Башқұртстан, Татарстан, Кавказ мұсылмандарының съездері болып өтті. Ақпаннан қазанға дейінгі кезеңде ұлттық демократия идеясы қалыптасты. Қыркүйекте мұсылман ұйымдарының съезі тұңғыш мұсылман партиясын – Түркістан федералистер партиясын құрды. Съезд Ферғана, Сырдария, Каспий сырты, Жетісу облыстары құрамындағы Түркістан өлкесін «Ресей республикасымен федерациялық байланыстағы автономиялы ел» деп жариялайтын тұғырнама қабылдады. Түркістан және қазақ мұсылмандарының Түркістан, Орал және Торғай облыстарының өкілдері қатысқан съезі (1917 ж., 17-20 қыркүйек) «Иттифок — и — муслимин» партиясы Ресей республикасы құрамындағы аймақтық автономия идеясын ұсынды. Діни сипатына қарамастан, бұл саяси ағымдар Түркістан мен Қазақстан жерінде тұратын халықтардың жалпы ұлттық мүдделерін де білдірді.

Өлкеде социал-демократиялық топтардың ескілері жанданып, жаңалары құрыла бастады. 1917 ж. наурыз айында облыстар мен өлкелердің орталықтарында: Омбыда, Оранборда, Оралда, Ташкент пен Верныйда социал-демократиялық ұйымдар құрылды. Қазақ халқының таңдаулы өкілдері: А. Асылбеков, Б. Серікбаев, С. Меңдешев, Т. Бокин, М. Жәнібеков, С. Арғыншиев, С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов, Ә. Майкөтов және т.б. танымал саяси басшылар болды. Әулиетата мен Меркеде «Қазақ жастарының революцияшыл одағы» құрылды, Ақмолада «Жас қазақ» ұйымы жұмыс істеді. Ірі қалаларда, уездерде эсерлер ұйымдары пайда болды. Осы ұсақ буржуазиялық партияның «жерді оны өңдейтіндерге беру керек», «жер – бүкіл халықтың меншігі» деген ұрандары, Түркістандағы съезде патша өкіметінің отарлау саясатын айыптауы оның уақытша табысқа жетуін қамтамасыз етті. 1917 ж. жазына қарай барлық Кеңестер (Черняев Кеңесінен басқалары) солардың қолында болып шықты. Сонымен қоса Оралда, Атырауда, Петропавлда, Павлодарда, Көкшетауда, Семейде казак партиясының бөлімшелері жұмыс істеді.

Сөйтіп, Ресейдегі сияқты, оның ұлттық аймағы – Қазақстанда да көп партиялы жүйе қалыптасты. Қазақстанда ұлттық, діни, таптық, сословиелік негізде пайда болған әр түрлі партиялар мен топтар көптеген реттерде келісімге немесе ымыраға келе алмай, бір-бірімен шиеленіскен айтыс жүргізді. Сонымен бірге 1916 ж., оның ізінше болған 1917 ж. Ақпан революциясы Қазақстанның халық бұқарасының орасан көпшілігін дүр сілкіндіріп, тарихи процестің дамуын жеделдетуге себепші болды.

 

  1. Қазан төңкерісі кезіндегі Қазақстан. Кеңестер билігінің орнауы.1917ж. 25 қазан (7 қараша) айында большевиктер бастаған төңкерістік күштер жеңіске жетіп, Уақытша үкімет құлатылып, мемлекет билігі Кеңестердің қолына көшті. Қазан қарулы көтерілісінің Петроградтағы жеңісінің және орталықта, сондай-ақ Қазақстанмен іргелес ірі қалалар – Ташкентте, Омскіде, Орынборда, Астраханьда кеңес өкіметі орнауының Қазақстанда бүкіл өкімет билігінің Кеңестер қолына өтуі үшін шешуші маңызы болды.Қазақстанда Кеңестердің орнауы 1917ж. қарашасынан 1918ж. наурызына дейін созылды. Бұл процесс өлкенің әлеуметтік-экономикалық және мәдени артта қалуынан, жергілікті жұмысшы табымен большевиктік ұйымдардың сан жағынан аз әрі әлсіз болғандығынан, ұлтаралық қатынастардың күрделілігінен туған себебінен шиелінісе түсті. Қазақстанда кеңес өкіметінін орнату ісіне Ә. Жангелдин, С. Сейфуллин, К. Сүтішов, А.Асылбеков, Б.Серікбаев, Ә. Майкөтов, И. Дубинин, К.А. Шугаев, Я.В. Ушаков, А. Иманов, Т. Рысқұлов, Т. Бокин, Т. Өтепов, А. Розыбакиев және т.б. белсенді қатысты. Кеңес өкіметі орнауымен бір мезгілде экономика мен мәдениетті қайта құру шаралары қолға алына бастады: өнеркәсіп кәсіпорындарында бақылау енгізілді, олар мемлекет меншігіне айналдырылды. Кеңестердің Бүкілресейлік ІІ съезінде қабылданған жер туралы Декретті жүзеге асыру жөніндегі алғашқы қадамдар жасала басталды. 1917 ж. қазанда Әулиеата, Перовск, Черняев, Қазалы, Орал, Атырау, Павлодар, Петропавл, Өскемен, Верный, Ақмола гарнизондары большевиктер жағына шықты.

Қазақстанның оңтүстік және солтүстік облыстырында Кеңес үкіметі бейбіт жолмен жеңіп шықты. Өнеркәсіп орталықтары – Ташкенттің, Омбының, Челябінің, Барнаулдың жақындығы, өнеркәсіп және теміржол жұмысшылары санының басым болуы зор рөл атқарды. Сібір, Орал, Жетісу казактары және  офицерлері мен кулактар біріккен контрреволюциялық күштер басым аудандарда (Орынбор, Семей, Верный) Кеңес үкіметі қарулы күрес нәтижесінде орнатылды. 1917 ж. қарашада Орынборда атаман Дутов контрреволюциялық төңкеріс жасап, бүкіл өкімет билігі казактардың «Әскери үкіметі» қолына көшті. «Жетісу әскери үкіметі» де бүкіл өкімет билігін толық басып алды. Осы кезде кескіліскен ұрыс нәтижесінде Ташкентте Кеңес үкіметі орнады, өлкенің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандарында революцияның жеңіске жетуі үшін оның зор маңызы болды. Қазанның 30-да жұмысшы және солдат депутаттарының Перовск Кеңесі өкімет билігін өз қолына алды. Черняевта Кеңес үкіметі бейбіт жолмен орнатылды. 1917 ж. аяғында Торғай облысындағы саяси жағдай қиындап кетті. Қарсыласушы күштер арасында қарулы жанжал күшейді. Атаман А.И. Дутов басқарған казактардың офицерлер корпусы, Ә. Бөкейханов басқарған Алаш-Орда үкіметі, эсерлер мен меньшевиктер орталық Кеңес үкіметіне қарсы бірікті. Дутовтың бұйрығы бойынша большевик С.М. Цвиллинг басқарған әскери-революциялық комитет пен Орынбордың жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесінің мүшелері 1917 ж. қарашада қамауға алынды. Өз кезегінде большевиктер де қарулы күштерін құрды. 1918 ж. қаңтарында болған Қостанай Кеңестер съезі бүкіл уезде Кеңес үкіметін орнату туралы шешім қабылдады. Уездік атқару комитетінің төрағасы болып Л.И. Таран сайланды.Осы уақытта Орынборда өкімет билігі Кеңестердің қолына көшті. Ақтөбеде Кеңес үкіметі орнатылып, 1905 жылдан партия мүшесі В.Ф. Зинченко Кеңестің төрағасы болып сайланды. Сонымен қатар Ырғыз және Торғай уездерінде Кеңес үкіметі жеңіп шықты, онда А. Иманов, М. Кисилев, О. Асауов, т.б. елеулі рөл атқарды. Наурыз айында Верныйда Кеңес үкіметі жеңді. Осы аймақта Кеңес үкіметі жолындағы күресте Л. Емелев, Т. Бокин, Т. Өтепов, А. Розыбакиев, Р. Маречек, М. Журавлев, Ж. Бабаев және басқалар белсенді рөл атқарды. Көктемде барлық Жетісу облысында Кеңес үкіметі жеңіп шықты.

Барлық демократиялық ұйымдар және солдат, жұмысшы мен шаруа, қазақ және мұсылман депутаттары Кеңестерінің, социалистік партиялардың, қала думаларының 1917 ж. 15-22 қарашасында Ташкентте өткен өлкелік съезі Түркістан өлкесінде жаңа үкімет «Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесі» орнағанын атап көрсетті. Қарашаның 22-сінде Ферғана хандығының бұрынғы астанасы Қоқан қаласында Бүкілтүркістандық Төтенше ІV съезд ашылды. Съезді Мұстафа Шоқай ашты. Съезд қазақ әскерлерінің, Кавказ таулықтарының және даланың ерікті халықтарының революциялық Оңтүстік-Шығыс Кеңесімен шарттық қатынастар жасау туралы қарар қабылдады. Съезд Түркістан өкіметі – Уақытша Кеңестің құрылғанын жариялады. Кеңестің құрамына Бүкілресейлік құрылтай жиналысындағы Түркістан өкілдерінің санына сәйкес 32 адам сайланды, олардың қатарында Сырдария облысынан – 9, Жетісудан  — 6 адам болды. Министр-төраға және ішкі істер министрі болып М. Тынышбаев (ІІ Мемлекеттік думаның мүшесі, Түркістан қатынас жолдары инженерлері комитетінің мүшесі) сайланды. М. Тынышбаев қызметтен босағаннан кейін оның орнына М. Шоқай президент болып тағайындалды. Жаңа мемлекеттік құрылым «Туркестони мухтариат» («Түркістан Автономиясы») деп аталды. Ислам автономияда мемлекеттік дін деп танылды.

Ұлт-азаттық қозғалыстағы демократиялық мазмұнды теріске шығару, басқаша ойлаушыларды катаң жазалау, идеологиялық төзбестік, пролетариат диктатурасының революцияшыл ұрандарына елігушілік 1917 ж. 5-13  желтоқсанда Орынборда болған Жалпықазақ съезіне баға берген кезде айқын көрінді. Съезд Түркістан автономиясының басшысы М. Шоқайдың баяндамасын тыңдады. Осыдан кейін қазақ халқының автономиясы туралы мәселе қаралды. Съез былай деп қаулы етті: «1. Тегі бір, мәдениеті, тарихы бір және тілі бір қазақ халқы басым тұтас аймақ болып табылатын Бөкей Ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары мен Ферғана, Самарқан қырғыз (қазақ) уездерінің, Каспий сырты облысы, Әмудария бөлімінің, Алтай губерниясындағы қазақ аралас тұратын болыстарының территориялық-ұлттық автономиясы құрылсын. 2. Қазақ (қырғыз) облыстарының автономиясына Алаш атауы берілсін. 3. Жер бетіндегі барлық табиғи байлықтармен, суымен, сондай-ақ жер қойнауымен қоса автономиялы Алаш облыстарының территориясы Алаштың мемлекеттік меншігі болып табылады. 4. Алаш автономиясының Конституциясын Бүкілресейлік құрылтай жиналысы бекітеді…»(ҚР ОМА, 17 қор, 1- тізім, 2-3 беттер). Съезге қатысқан өкілдердің көпшілігі жуық арада автономия жариялауды жақтап дауыс берді. Бүкілқазақтық Алашорда Кеңесінің мүшелері сайланды. Балама негізде Ә. Бөкейханов төраға болып сайланды. «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы 1917ж. «Қазақ» газетінің 251 санында жарияланды: 10 баптан тұратын саяси құжатта қазақ елінің ұлттық, тілек-мақсатының негізгілері баяндалды. Мемлекет қалпы-федерациялық республика құрудағы дербес мемлекет; жергілікті бостандық (өзін-өзі басқару); негізгі құқық, дін, билік және сот, ел қорғау, салық, жұмысшылар, ғылыми-ағарту істері, жер мәселесі.

Сөйтіп, тарихтың бетбұрысты кезеңінде «Алаш» партиясы сол кездің нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, қазақ халқы дамуының балама жолын ұсынды. Сол арқылы Алаш қозғалысы буржуазиялық-демократиялық, ұлт-азаттық революцияны аяқтауға бағытталған жолды нұсқады. Алайда билеуші партияға айналған большевиктер Алаш-Ордамен тіл табысуға болады деп санамады. Әр түрлі саяси күштердің билік жолындағы тайталасы басталды.

 

 

Бекітуге арналған сұрақтар:

 

  1. Ресейдегі ақпан-буржуазиялық демократиялық революциясының Қазақстанға тигізген ықпалы және оның нәтижелері қандай болды?
  2. Ақпан революциясы қарсаңында Қазақстанда қандай қоғамдық-саяси ұйымдар құрылды?
  3. Осы жылдары қандай саяси партиялар мен ағымдар пайда болды, олар көпшілікке қандай әсерін тигізді?
  4. Алаш партиясын құрып, оның бағдарламасынжасау туралы мәселе қашан көтерілді?
  5. Қазақстанда Кеңес үкіметі қандай жолдармен орнады?

 

 

Әдебиеттер:

  1. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
  2. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
  3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Очерктер. Алматы: «Дәуір», 1994.
  4. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006.
  5. Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
  6. Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы, 2007.
  7. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008. – 640 б.
5

Автор публикации

не в сети 5 лет

Ерек

3
Комментарии: 0Публикации: 26Регистрация: 25-01-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля