ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ

26 января, 2017 12:22

Қазақ хандығының құрылуы туралы мәлімет беретін тарихи деректерді сипаттау. Қазақ хандығының құрылуы, оның нығаюы, қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы және «қазақ» этнонимінің мәні туралы түсіндіру. Студенттердің ортағасырлық Қазақстан тарихы бойынша білімдерін одан әрі жетілдіру.

Негізгі ұғымдар: қазақтар, Қазақ хандығы, этноним, этимология, этногенез, Қозыбасы.

 

Жоспар:

  1. Қазақ халқының этногенезі, кезеңдері.
  2. Қазақ жүздері: пайда болуы және этникалық аумағы.
  3. Қазақ хандығының құрылуы.

 

  1. Қазақ халқының этногенезі, кезеңдері. Қазақ халқының құрылуы халықтар қалыптасуының жалпы заңдылықтары негізінде, таптық, феодалдық қатынастардың нығаюымен, аумағының, тілінің, материалдық және рухани мәдениеті ортақтығының қалыптасуымен байланысты жүзеге асты. Қазақ халқының қалыптасу үрдісінің ұзаққа созылуына монғолдар жаулап алғаннан кейін Қазақстан аумағында пайда болған монғол ұлыстарының, Ақ Орданың, Моғолстанның, Әбілхайыр хандығының, Ноғай Ордасының бір орталыққа бағынбауы, көшпелі және жартылай көшпелі қоғамдық қатынастардың баяу дамуы әсерін тигізді. Халықтың құрылуына XIV-XV ғғ. Қазақстан аумағында дәстүрлі шаруашылықтың қайта өрлеуі, көшпелі және отырықшы шаруашылықтардың өзара әсері, монғол үстемдігіне дейінгі және олардан кейінгі көптеген тайпалардың тілдерінің сабақтастығы ықпал етті. Қазақ халқының негізгі этникалық топтары мен этникалық аймағының XV ғ. 2-жартысы мен XVI ғ. мемлекет болып бірігуі халықтың шоғырлану үрдісінің аяқталуын тездетті. Нәтижесінде қыпшақ, өзбек, өзбек-қазақ, қазақ деген жиынтық этносаяси терминдердің ауысуы арқылы «қазақтар» деген этникалық атау орнықты.

«Қазақ» этнонимі туралы. «Қазақ» терминінің шығуы туралы көзқарастар ауқымы кең, ғылыми болжамдардан бастап қиыстырылып шығарылған этимологияларға дейін бар. «Қазақ» терминінің бастапқы таралған жері Шығыс Дешті Қыпшақпен байланысты болған. ІХ-Х ғғ. Шығыс Дешті Қыпшақ қоғамында «қазақ» атауы әлеуметтік, ал ХІ-ХІІ ғғ. этникалық-әлеуметтік топтарды білдірді. Монғолдарға дейінгі уақытта қазақ этносының қалыптасуы туралы тұжырымдарды жасамаған жөн.

«Қазақ» — түркі сөзі. «Қазақ» сөзі алғаш айтылған жазба деректердің бірі – Египетте 1245 жылы құрастырылған түрік-араб сөздігі. Бұл сөздіктің авторы беймәлім, оны 1894 жылы М. Хоутсм Нидерландының Лейден қаласында баспадан шығарды. Бұл деректе «қазақ» сөзі «үйсіз», «кезбе», «қуғындалушы» деген мағынаны білдірді.

Бастапқыда «қазақ» сөзі өз халқынан, тайпасынан, өзінің заңды билеушісінен бөлініп кеткен кез-келген еркін адамды білдірді. Яғни, қазақ термині алғашқы кезде әлеуметтік мәнге ие болды. Мәселен, әр түрлі жерлерді кезіп, өзін-өзі асыраған кезбе – қазақ, алыс және қауіпті жолға серіктерсіз аттанған адам – қазақ, Бабырдың айтуы бойынша «жаудың малын батылдықпен айдап әкетуші» — бұл да қазақ.

Қазақтың тұрмысын белгілеу үшін парсы және түркі тілдеріндегі деректерде «қазақлық» — «еркіндік», «кезбелік» және «қазақламақ» — «еркін жүру», «кезу» деген сөздер қалыптасты.

Сондай-ақ, «қазақ» сөзі әр түрлі себептерге байланысты өз мемлекетінен бөлініп кеткен көшпенділердің тобын білдіру үшін қолданылды. Ұрыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібектің басшылығымен Әбілқайыр ханның мемлекетінен 1459-1460 жж. бөлініп кеткен көшпенділер дәл осындай топ болды.

Осылайша, егер Қазақ мемлекеті құрылғанға дейін «қазақ» сөзі әлеуметтік мағынаны білдірсе, енді ол саяси терминге – жеке хандықтың атауына, ал кейін, XV ғ. 2-жартысында этнонимға – қазақ халқының өзіндік атауына айналды. Зерттеуші В.П. Юдиннің пікірінше, саяси тұтастық ретінде «қазақ» терминімен біріккен өзбек тайпаларының тобы, біртіндеп шайбанилер мен маңғыттарды өзіне қосып алды. Яғни, «қазақ» термині бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына таралды.

 

  1. Қазақ жүздері: пайда болуы және этникалық аумағы. XІV-XV ғғ. тұрғындардың ұзақ уақыт бойы жекелеген мемлекеттер жүйесіне енуі салдарынан Қазақстан аумағында үш жүз құрылды. Қазақ жүздеріне енетін тайпалар бір-бірімен ортақ көшу бағыттарымен байланысты болды. Ұлы жүз Жетісудан Сырдарияға дейінгі жерлерде орналасты. Құрамы: үйсін, қаңлы, дулат, албан, суан, сіргелі, ысты, шапырашты, жалайыр, т.б. тайпалар. Орта жүз Орталық, Солтүстік-Шығыс Қазақстан аудандарын мекендеді. Құрамы: қыпшақ, арғын, найман, керей, қоңырат, уақ тайпалары. Кіші жүз Батыс Қазақстанды, Сырдария сағаларынан Арал теңізі, Каспий теңізі жағалауының солтүстігіндегі жерлерді мекендеді. Құрамы: алшын, адай, байбақты, жаппас, қарасақал, қаракесек, т.б. тайпалар. Жүздердің тарихын зерттеушілер – С.А. Аманжолов, Н.А. Аристов, Ш. Уәлиханов, В. Бартольд, М. Вяткин, Т. Сұлтанов, Г. Волконский, т.б.

 

  1. Қазақ хандығының құрылуы. Қазақ хандығының құрылуы Шығыс Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның аумағындағы әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси процестердің қорытындысы болды. Алтын Орда әлсірегеннен кейін Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісуда құрылған ұлыстар керуен жолдары мен жайылым жерлері үшін өзара соғыстар жүргізді. Қазақстанның оңтүстігінде қала мәдениеті мен отырықшы шаруашылықтың қайта жандануы, Орталық Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі халықтарының отырықшы аудандармен шаруашылық байланыстарының дамуы шығу тегі, мәдениеті, тілі бір этникалық топтардың бірігуіне, қазақ халқының құрылуына ықпал етті. XV ғ. ортасында этникалық жағынан жақын топтардың саяси бытыраңқылығын жою, сол кезде іс жүзінде халық болып қалыптасқан қазақ ру-тайпаларын мемлекет етіп біріктіру қажеттілігі туындады.

Мұхаммед Хайдар Дулатидың (1499-1551) ортаазиялық парсы тілінде жазған «Тарих-и Рашиди» еңбегінде бұл оқиға былай сипатталған: «Сол кезде Дешті Қыпшақта Әбілқайыр хан билік құрды. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға мазасыздық тудырды. Жәнібек пен Керей хан одан қашып, Моғолстанға келді. Есен-Бұға хан оларды қабылдап, оларға Моғолстанның батыс шетіндегі Шу мен Қозыбасы өңірін берді.

Әбілқайыр хан дүние салғаннан кейін Өзбек ұлысы ыдырай бастады. Әбілқайыр ханның қол астындағылардың басым бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті, олардың маңындағы адамдардың саны екі жүз мыңға жетті. Оларға өзбек-қазақтар деген атау берілді. Қазақ сұлтандарының мемлекеті 870 жылы (1465-1466 жж.) басталды».

Моғолстан ханы Есенбұға Ұрұс ханның ұрпақтарына жер бөліп беру арқылы Моғолстандағы хандық билікке таласқан бауыры Жүніске қарсы одақтас тауып, өзінің иеліктеріне көз алартқан Әбілхайыр хан мен Темір ұрпақтарына, ойраттарға қарсы қазақтарды әскери күш ретінде пайдалануды көздеді. 1462-жылы Есенбұға хан дүние салғаннан кейін Моғолстандағы билік дағдарысын пайдаланып, қазақ сұлтандары өздері иеленіп отырған Жетісуда жеке саяси бірлестік құрды.

Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресі 1468-жылы Әбілхайыр хан дүние салғаннан кейін қайтадан өршіді. Бұл күреске жергілікті халық пен ауып келушілерден едәуір әскери күш жинаған және Жетісуда берік тылы бар Керей мен Жәнібек хандар да қосылды. XV ғ. аяғында Керей, Жәнібек,Бұрындық хандар қазақ ру-тайпалары мекендеген Сарысу, Сырдария, Арал маңы, Қаратау етегінің едәуір бөлігінде үстемдігін орнатты. Көшпелілер мен отырықшы аймақтар халықтарын байланыстыратын шаруашылық, мәдени, этникалық орталықтар болған Сырдария бойындағы Сығанақ, Сауран, Отырар, Йассы қалалары үшін Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбанимен ұрыстар жүргізілді. Алғашқы қазақ хандары Шығыс Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне таласушы хандарды бірте-бірте жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты.

Қазақ хандығының туы

 

Бекітуге арналған сұрақтар:

 

  1. Қазақ хандығының құрылуына қандай себептер болды?
  2. Қазақ хандығының құрылуының алғышарттарын атаңыз.
  3. Қазақ халқының жүздерге бөлінуін қалай түсіндіруге болады.
  4. Қазақ қоғамындағы қандай әлеуметтік ұйымдасудың ерекшеліктерін атап айтуға болады?
  5. Кестені толтырыңыз «Қазақ жүздері».
 

Ұлы жүз

 

Орта жүз

 

Кіші жүз

 

 

 

Әдебиеттер:

  1. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
  2. Ермұханова Х.К. Қазақстан тарихы: Жоғары оқу орындарына түсушілерге арналған оқулық-тест. Алматы: «Шың кітап», 2010. – 360 б.
  3. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
  4. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. І том. Алматы «Атамұра», 1996, 2010. – 544 б.
  5. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. (Очерктер). Алматы «Дәуір», 1994.
  6. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006.
  7. Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
  8. Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы: «Қарасай», 2007. – 344 б.
  9. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2005, 2008. – 640 б.
0

Автор публикации

не в сети 5 лет

Ерек

3
Комментарии: 0Публикации: 26Регистрация: 25-01-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля