13 октября, 2016 16:56
Тақырыбы: «Отан қорғаушылар күні»
Мақсаты:
Тәрбиелігі: Еліміздің болашағын ойлап, еліне деген адал қызмет етіп, өз елінің елеулі азаматы болуға тәрбиелеу.
Дамытушылығы: Қазіргі ер балалардың қандай болу керек екендігін және де жасөспірім кезіндегі туындайтын әке мен бала, аға мен іні арасындағы қатынас туралы түсінік беру.
Көрнекілігі: Қазақ батырларының. Ерлік, батырлық туралы нақыл сөздер: «Батыр жауда сыналады, жуас жайда сыналады», «Ел елдігін сақтайтын — ерлер»
Қош келдіңіздер, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Іргесі берік елден қашан да жау тайсалған. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанды қорғау үшін мемлекетіміздің қарулы күші болуы қажет. Бүгінгі ұлдар – ертеңгі елдің қорғаны. Бабаларымыздай жерімізді, елімізді, егемендігімізді сырт көзден қорғар қайсар азамат болыңыздар!
Қазақстан Республикасында 7 мамырда атап өтілетін мемлекеттік мерекеге. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Дәл осы күні республика аумағындағы КСРО Қарулы Күштерінің құрамындағы мекемелер, бөлімдер, құрамалар Қазақстан Республикасының құзыретіне берілді.
Жүргізуші: Кеш жарық, ардақты азаматтар, қымбатты әріптестер! Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, 7 мамыр — Отанқорғаушылар мерекесі де келіп жетті. Осынау айтулы мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, абзал азаматтарымызға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар-өмірдің мәні, көңілдің жыры, әр отбасының алтын қазығы. Ендеше бүгінгі мерекелік кешіміз өздеріңізге арналады.
Жүрекке адалдықтың ескен гүлін
Ғажайып келешектің төккен үнін
Ардақты ағаларға шын көңілден
Жолдаймыз алғыс пенен сәлем бүгін.
Құрметті азаматтар, біздің мектептің ұстаздары, жігіттер! Сіздерді 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Отанға адал, елге қайырымды, отбасына мейірімді болыңыздар. Жүректеріңіз оттай лаулап, жандарыңыз әрдайым жас болсын. Қайратты, мақсатты болыңыздар. Еңбекте табыс, тілейміз.
Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!
Жете бер аңсап күткен тілегіңе,
Қылаудай дақ түспесін жүрегіңе.
Отанның, ел-жұртыңның мақтаны бол,
Алды бол қатарыңның бұл өмірде.
Мектеп – кеме, ес білімнің ескегін,
Әнге толсын, күйге толсын кештерің,
Шын жүректен бақыт тілеп сарқылмас,
Қол соғады барша әріптестерің.
Қалыбың адамдықтың бір бұзбадың,
Ұяңнан түлеп ұшты ұл-қыздарың.
Өзіңнен өркен жайып, өнеге алған,
Тілейді сізге бақыт жұлдыздарың.
Мың бұралып билеген
Аруды кім сүймеген.
Күміс көмей аруларға
Кімдер басын имеген.
Мінезіңнің міні жоқ – майда қоңыр,
Бір жымисаң кетеді жайнап өңір.
Ризамыз пейіліңе дархан аға,
Айырмасын шаттықтан қайран өмір.
Күндеріңіз толсын гүлге, желекке,
Отбасында болсын ырыс-береке
Құттықтаймыз шын жүректен
Өмір думан, бақ әкелсін мереке.
Ел — халқына шат-шадыман күлкі мен тыныш өмір сыйлауда әскеріміздің атқарып жатқан қызметтері ұшан-теңіз. Армиямыздың айбынын асқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Жігіттерімізге амандық, денсаулық тілейміз. Еңселеріңіз биік, мерейлеріңіз үстем болсын.
Біздің қазіргі ер азаматтарымыз қандай болуы тиіс?
Оқушылардың сөзі:
- Ерекше сабырлылық, ең болмағанда сырттан сабырлы болу;
- Сөз бен істе әділ болу;
- Қимыл қозғалыстың ақылға қонымдылығы;
- Тез тоқтамға келе алу;
- Өзің жөнінде орынсыз бір сөз де айтпау;
- Уақытты мақсатсыз өткізбеу, кездейсоқ іске ұрынбай, тек көңілге алған ісіңмен ғана айналысу;
- Қажетті, не ұнамды нәрсеге ғана бой ұру, көрсе қызарлыққа салынбау;
- Әр кез өзін істеген іске мұқият есеп беріп отыру;
- Еш уақытта да өткендегі, не қазіргі, не алда болатын ісіңмен мақтанбау.
Себездеп алтын ара жан-жағыңнан,
Ту тіккен алаулаған арманыңнан.
Кеудеңде махаббаттың шоғы маздап,
Биіктен биіктерге самға, қыран.
Кешіміз өтіп жатыр салтанатты,
Төгілген күн нұрының шапағаты.
Ортада биші қыздар би билейді,
Халайық қол соғыңыз мархабатты.
Би «Катюша».
Қымбатты біздің ұстаз-азаматтар! Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған дихан да, мал бағып терін төккен шопан да, бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан, ұлағатты ұстаздар, айбынды азаматтар, сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Ұстаздар жақсылықтың жол ашары,
Қолыңда шәкіртіңнің болашағы
Өмірді алға қарай өрлететін
Сендер ғой Ұлы Отанның болашағы.
Құрметті халайық, баршаңызды келе жатқан 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтаймыз! Бүгінгі мамыражай тыныш өмір аталарымыз қалыптастырған берік бірлік нәтижесінде келді. Ер жігіттің құл болмай, ару қыздың күң атанбай, халықтың бірлікте өмір сүруі нақ солардың арқасында!
Бұл мереке әр кезде де батылдық пен ерліктің, қаһармандық пен елдіктің нышаны, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі, ал құрметті ардагерлеріміз, болашақ ұрпақтар үшін, егемен еліміздің тәуелсіздігін қоғаушылардың бәрі үшін жарқын үлгі болып қала берері сөзсіз.
Ендеше аспанымыз ашық, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын деген тілекпен, Кабир Әсемнің орындауындағы «Ақ көгершін» әнін қабыл алыңыздар!
Демеңіз біз өнерді аяп қалды,
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.
Қош болып тұрыңыздар көріскенше,
Осымен концертіміз аяқталды.
Бақытты боп жүргенім
Сенің арқаң, Ұлы Отан.
Елім менің – тірегім,
Құшағында гүл атам.
Шығысыңнан арайлы,
Күліп атқан құба таң.
Сенен бақыт тарайды
Баршамызға Ұлы Отан.
Сарқылмайтын қуатым,
Тірегімсің сен, Отан.
Мәңгі соғып тұратын
Жүрегімсің сен, Отан!
Отан — сенің ата-анаң,
Отан — досың, бауырың.
Отан — өлкең, астанаң,
Отан — аудан, ауылың.
Отан — тарих, Отан — тіл,
Жасаған елің, ер халқың.
Отан — өлең, Отан — жыр,
Көтерген көкке ел даңқын…
Отан осы, достарым,
Көңілге мұны түйе біл.
«Отан» деп өс, жас қауым,
Оны ардақтап, сүйе біл.
Отан — жерім, Отан — суым,
Отан — қуат, нәр береді.
Отан — ұран, Отан туым,
Отан мәңгі гүлденеді.
Отан үшін жанымызды береміз,
Отан үшін барлығына көнеміз.
Отанның да,ананың да алдында,
Осы өмірде парызды өтеп кетеміз.
Өздеріңізге қонар бақтың баяндысын, бітер дәулеттің көл-көсірлігін, келер ырыстың ысырап болмауын, жүрек гүлінің мәңгі солмауын, шаңырағыңа шаттық орнауын, Тәңірдің шексіз қолдауын тілейміз!
Сау-саламатта болыңыздар!