4 января, 2020 22:02
П І К І Р
Сұлтан Бақыттың «Абылай ханның ішкі және сыртқы саясаты (1771-1781)» атты курстық жұмысы жан-жақты тиянақталып жазылған.
Жұмыс үш бөлімнен тұрады: кіріспе, негізгі бөлім және қорытынды. Негізгі бөлім 2-тарауға бөлінген.
Бірінші тараудың бірінші мәселесі: «Абылай өмірінің тарихи сабақтастығы «.
Онда жалпы Әбілмәнсүр қалай Абылай болды деген сұраққа жауап таба аласыз.
Бірінші тараудың екінші мәселесі: «1771 жылы Абылайдың хан болып сайлануы «.
Үлкен бедел иесі үш жүздің басын құраған Абылайдың билігінің нығаюы жайында.
Мұнда зерттеу жұмыстары мен әр ғалымның тұжырымдары сілтеме ретінде көрсетілген.
Екінші тараудыц бірінші мәселесі: «Абылайдың ішкі және сыртқы саясаты «.
Мұнда Қазақ мемлекетін нығайтудағы Абылай ханның жүргізген саясаты. XVIII ғасырдың орта кезінен бастап Абылайдың сырт елдермен мәмілегерлік саясаты.
Екінші тараудың екінші мәселесі: «Сегіз қырлы бір сырлы Абылай «. Абылай өз заманының белгілі күйшісі екенін айту.
Жұмыс жоспар бойынша жүйелі жазылған. Зерттеуші курстық жұмысын зерттеу барысында ғылыми әдебиеттерді орынды пайдалана отырып, тақырыпты жан-жақты қырынан аша білген. Курстық жұмыс қорғауға жіберіледі.
Ғылыми жетекшісі:__________ т.ғ.к.,доц.м.а. Исабек Б.Қ.
М а з м ұ н ы
Кіріспе …………………………………………………………………………………………………..
I — тарау Абылай хан дәуірі.
1.1 Абылай өмірінің тарихи сабақтастығы……………………………………………
1.2. 1771 жылы Абылайдың хан болып сайлануы…………………………………..
ІІ — тарау Абылай хан тұсындагы қазақ мемлекетінің саяси
құрылымы 1771-1781 ж.
2.1. Абылайдың ішкі және сыртқы саясаты……………………………………………
2.2. Сегіз қырлы бір сырлы Абылай……………………………………………………….
Қорытынды ………………………………………………………………………………………….
Пайдаланған әдебиеттер…………………………………………………………………………
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі: Абылай хан — XVIII ғасырдағы тарихымыздың аса ірі тұлғасы. Абылайдың дара тұлғасы, қолбасшылық таланты мен саяси көрегендігі қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығы мен Ресей, Қытай империяларының көз алартуына қарсы күресіне байланысты қалыптасқан күрделі тарихи кезеңде көзге түсті.
Абылай сол қазақ халқының тағдыр-талайы қыл үстінде, қылыш жүзінде тұрғанда ел бірлігін ұйымдастырып, үш жүздің басын қосып, анталаған жауға тойтарыс берді. Сол арқылы қазақтың келешегіне жол салды. Абылайдың аты көзі тірісінде аңызға айналып, қазақ үшін қасиетті Алаш сияқты жауынгерлік ұранға айналды. Солай бола тұра оның өмірі мен қызметі неліктен кеңес тарихнамасында тиісті және әділ бағасын ала алмай келді деген сауалдың қойылуы заңды. Оған жауап беру үшін осы тақырыпқа байланысты құжаттарға, әдебиеттерге талдау жасаған жөн ғой деймін.
Абылай тақырыбын зерттеу үшін басты деректер болып саналатын құжаттар орыс архивтерінде. Олар — орыс патшаларының грамоталары мен Указдары. Сенат пен сыртқы істер коллегиясының документтері, аталмыш органдардың хандармен, сұлтандармен жазысқан хаттары қазақ хандығында болып қайтқан орыс елшілерінің жазбалары. Міне, осындай документтерден тұратын» «Қазақ-орыс қарым-қатынастары» деген жинақта 500-ден астам құжаттар бар. Бұл материалдарда Абылай туралы, оның ішкі және сыртқы саясатынан мағлұмат беретін көптеген жәйттер кездеседі. Әрине, ол құжаттарды жасаған негізінен үкімет мекемелері, патша чиновниктері, ал, олар отарлау әкімшілігінің көзқарасы мен саясатын көрсететіндіктен жаңағы құжаттарды пайдаланғанда жітілік, сыни саралау және басқа нұсқалармен салыстырып отыру қажет. Екіншіден, Ресей архивтерінің көптеген қорлары қазақ тарихын зерттеушілердің қолына тимей келгенін ескере отырып, оларды жан-жақты зерттеп пайдаланбай, біз тарихи шындыққа жете алмаймыз.
Абылай ханды зерттеуге қазақтың ұлы ағартушы-ғалымы Шоқан
Уәлихановтың жинастырған материалдарының алатын орны ерекше. Онда Абылайдың руы, тегі жөнінде шежіре, оның әйелдерінің аты-жөні, ата тегі және ұрпақтарының тағдыр-талайы жазылған. XIX ғасырдың 60-шы жылдары жазған «Абылай» атты мақаласы бар. Ол негізінде Абылайға арналған тұңғыш ғылыми еңбек. Онда автор өзінің ұлы атасына байланысты көптеген мәліметтер келтірген және олар өз мағынасын осы күнге дейін жойған жоқ.
Қазақ хандықтарының архивтері ертеде-ақ қолды болып әр елдің қоймаларында қалғаны белгілі. Мысалы, Абылай туралы көптеген тарихи деректер көршілес елдердің, атап айтқанда Қытайдың, Иранның, Түркияның, Ауғанстанның архивтерінде, қоймаларында, тіпті АҚШ-тың, Батыс Европа елдерінің кітапханасында зерттеушілерін күтіп жатыр.
Қазақстан еліміз егемендікке қол жеткізіп, өз тарихымызды тарихи шындық тұрғысынан зерттеуге мүмкіндігіміз туды. Абылай хан бейнесі тарихи шындық негізінде сомдалды. Абылай хан тұлғасының 100 теңгелік ұлттық валютамызда бедерленуі — үлкен құрмет белгісі болды. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев ұлы ханымыз Абылай керемет қолбасшы, ақылы терең дипломат деп мақтанышпен жоғары бағалады.
Абылай хан өміріне, қайраткерлік, қолбасшылық, саяси қызметіне шетелдік тарихшылар, зерттеушілер, саясаттанушылар назарын аударды. Мысалы ағылшын зерттеушісі М.Б.Олкот «Абылай — қазақтың соңғы тәуелсіз ханы». Ол хан болу үшін Ресей өкіметіне жүгінген жоқ. Билікті тура өз халқының қолынан алды» деп тұжырымдады.
Тарихнамасы: Абылай хан және оның саясаты жайында бірқатар мәліметтер революцияға дейін басылған энциклопедиялық сөздіктерде, сондай-ақ «Россия. Біздің отанымыздың толық географиялық сипаттамасы»2 деген іргелі басылымда кездеседі. Сол басылымның 18-ші томы түгелдей қазақ өлкесіне арналған, мұнда төмендегідей сөздерді оқуға болады:
«Қырғыздардың (қазақтардың — К. Ә.) арасында кең танымал Абылай
қырғыздарды бөгделердің билігінде қалдырмауға тырысты.
1911 жылы профессорлар Э. Л. Гримм, А. В. Классовский және Г. В. Хлопиннің редакциялауымен Петербургте жарық көрген энциклопедиялық сөздікте Абылай хақында бұдан да кеңірек айтылған. Алайда төңкеріске дейінгі орыс энциклопедияларының ішінде Абылай бабамыз хақында ең көлемді мағлұмат беретіні Брокгауз және Ефрон энциклопедиясы. Онда: «Аблай немесе Абулай — Қырғыз-қайсақтардың Орта жүзінің XVIII ғасырдағы ханы, ол 1839 жылы (дәлірек айтқанда 1840 жылы Ресейге мәңгілік боданды болуға ант еткен. Оның қалай қырғыздардың (қазақтардың) ішінен топ жарып шығып хан дәрежесіне көтерілгені, неге оны халық қаһарманы ретінде қырғыздар осы күнге дейін жырлайтындығы жөнінде әр қилы аңыздар бар, алайда отызыншы жылдары ол Орта жүздегі ең басты күш ретінде өзін танытты және онымен қарым-қатынас жасауға болушы еді. Дегенмен, Орта Азиядағы қозғалыстың және Жоңғария мен Кіші Бухарияны қытайлықтардың жаулап алуына байланысты, Абылай өзін Қытай боғдыханына тәуелді екенін мойындаған, боғдыхан болса оған князь атағын берген, Түркістанда 1781 жылы, қайтыс болған» деп жазылған.
Тақырыптың құрылымы: Жұмыс үш бөлімнен: кіріспе, негізгі бөлім және қорытындыдан тұрады.
Негізгі бөлім екі тарауға бөлінген.
І-тараудың мәселесі: 1.1. Абылай өмірінің тарихи сабақтастығы.
1.2.1771 жылы Абылайдың хан болып сайлануы. ІІ-тараудың мәселесі: 2.1. Абылайдың ішкі және сыртқы саясаты.
2.2.Сегіз қырлы бір сырлы Абылай.
Әр зерттеу жұмыстары мен әр ғалым тұжырымдамасы сілтеме ретінде көрсетілген.
Мақсаты мен міндеті: Жұмыста Қазақ мемлекетін нығайтудағы Абылай ханның жүргізген саясаты. Оның негізгі міндеттеріне келесілер кіреді:
Абылайдың стратегиялық мақсаттарына тоқталу.
Абылай ханның Қытай мен Ресейге бодан бола отырып елді тәуелсіз басқаруы.
Алып империялармен сауда байланыстары.
Хронологиялық шегі: Зерттеу жұмысының кезеңі XVIII ғасырдың 70-жылдарын қамтиды.
— 1771 жылы Абылайдың хан болып сайлануы.
— XVIII ғасырдың орта кезінен бастап Абылайдың сырт елдермен мәмілегерлік саясаты.
— 1778 жылы орыс үкіметінің Абылайға Орта жүз ханы атағын беруі.
1.1 Абылай өмірінің тарихи сабақтастығы.
Абылай (азаншақырып қойған аты Әбілмансұр) 1711 жылы Түркістан билеушісі Уәлі сұлтанның шаңырағында дүниеге келген. Оның шыққан тегі төре тұқымынан. Арғы атасы атақты Жәңгір хан (1628—1680 ж.) ұрпағынан. Оның мұрагері — Түркістан әмірі Абылай сұлтан Әбілмансұрдың арғы атасы. Ол өз елін жерін қорғауда аянбай қызмет еткен, жауларына қатігез қаһарлы болғандықтан оны халық арасында «қанішер Абылай» деп атап кеткен көрінеді. Одан туған Уәлі сұлтан (Көркем Уәлі) — Әбімансұрдың әкесі 1723 жылы жаугершілікте қаза табады. Оны өлтірген жаулар сол кездегі ұғым бойынша артында кегін алатын адам қалдырмау үшін үрім-бұтағының бәрін қырған. Тек қана Әбілмансұр тірі қалған. Оны жасынан тәрбиелеген Ораз деген төленгіт өз жанын пида қылып аман алып қалады да жасырын Үргеніш асырады. Кейін, арасына жыл салып баланы ертіп Ораз қалың ел қазақ жүртын іздеп Сары Арқаға тартады. Ал жолаушылар болса әбден арып-шаршап Үйсін Төле бидің ауылына кез болады.
Исі қазаққа аты мәлім Төле Әлібекұлы (1663-1756 ж.) жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі болған, ел бірлігі үшін аянбай қызмет еткен ірі тарихи түлға. Әбілмансұр сол бидің үйіне келіп одан бас пана беруді өтінеді. Төле би баладан аты-жөнін сұрағанда ол қауіп ойлап атын айтпай «сіз қалай атасаңыз солай болсын» деген көрінеді. Шашы өскен, алба-жұлба киімі бар балаға Төле би атың Сабалақ болсын дейді. Ол баланы қамқорлығына алып түйесін бағуға пайдаланады. Сол кездің өзінде-ақ Сабалақ басқа бақташыларға ұқсамайтын қылықтарымен өзіне Бидің от басының назарын аударады. Абылайдың өмірінің осы кезеңін Күміс көмей Үмбетей жырау:
«Жас күніңде, Абылай,
Үргеніштен мұнда кеп,
Сарыарқаны жерім деп
Қалың қазақ елім деп
Келмеп пе едің жаяулай
Төле биді тапқанда,
Күндіз түйе баққанда,
Жалғызбын деп шошымай
Еш малшыға қосылмай,
Қара жерге отырмай,
Күпіңді салып астыңа,
Жең жастанып басыңа
Қол аяғың төрт жақта,
Жатушы едің сол шақта… [1]»-деп тамаша сипаттаған.
Кейбір деректерге қарағанда Әбілмансұр кейін Қарауыл руынан Дәулетбай деген байдың жылқысын бағады. Бірер жыл өткеннен кейін елде аттан жарияланғанда қалмақпен соғысуға Әбілмансұр да жиналады. Оның ойын құп алған Дәулетбай жылқысынан таңдап ат мінгізеді, Төле би батасын беріп шығарып салады. Жау тілеп екі көзі шоқтай жанған жылқышы келгенде қазақ пен қалмақ екі төбеге ошарылып, ортада Қалдан Сереннің жиені, әскербасы Қонтәжінің ұлы, Шарыш жекпе-жекке батыр сұрап тұр екен. Іркіліп қалған елдің ішінен суырылып шыққан Сабалақ ханнан бата алады да, «абылайлап» Шарышқа қарай тұра шабады. Әудем болмай қостай боп қоқиып тұрған қалмақ батыры төңкеріліп түседі. Қайтар жолда қазақ қаһарманы қарсыласының басын кесіп алып, «жау қашты» деп қалмақтарға қайтадан ат қояды. Не керек осы ұрыста «абылайлап» ұран сап «кірген жерін тесік қып, шыққан жерін есік қып» дұшпанның іргесін айрандай ірітіп, тозаңдай тоздырады. Бұл жөнінде Шоқан: «Этот-то выбранный конь был тот знаменитый Чалкуйрук (пламя-хвост) первый сподвижник похода молодого султана, Чалкуйрук, на котором Аблай составил себе имя батыра и уважение киргиз»[2]. (қазақты айтады)—деп жазған.
1.2. 1771 жылы Абылайдың хан болып сайлануы.
Қазақ халқының тарихына XVIII ғасыр Абылай дәуірі болып кіруіне енді ешкімнің дауы бола қоймас дейміз. Абылайдың дара тұлғасы, қолбасшылық таланты мен саяси көрегендігі қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығы мен Ресей, Қытай империяларының көз алартуына қарсы күресіне байланысты қалыптасқан күрделі тарихи құылыс кезінде көзге түсті.
VIII ғасырдың 70-жылдарының басында Қазақстанда жаңа жалпы қазақ ханын сайлауға барлық жағдайлар қалыптасты. Бірден-бір лайықты кандидатура ықпалды Абылай сұтан болатын, ол 1740 жылдың өзінде-ақ, Ш.Уәлихановтың анықтауы бойынша, қазақ даласының ең беделді әміршісі болған еді. 1757 жылдың өзінде Цин империясымен ресми жазысқан хаттарында ол өзін хан деп атаған. 1770 жылы әбден қартайған Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін Абылай Қазақ хандығының шын мәніндегі бірден-бір билеушісіне айналды.
XVIII ғасырдың 60-жылдарының аяғына қарай Қазақ мемлекеті Абылайдың белсенді сыртқы және ішкі саяси қызметі арқасында біршама мықты әрі біртұтас мемлекетке айналды. 1770 жылы сұлтан қырғыз жерлеріне тағы бір жорық жасады. Шату асуы арқылы Қызылсу және Шамси өзендерінің аңғарына өтіп, қазақтар қырғыз жасақтарын ауыр жеңіліске ұшыратты. Көптеген тұтқындар Орталық Қазақстанға көшіріліп, онда Абылайдың жеке вассалдары — төлеңгіттері құқығымен қоныстандырылды. Ресей билігінен Жоңғарияға қашқан еділ калмақтарын талқандағаннан кейін сұлтанның беделі бұрынғысынан да арта түсті. Ресейдің отаршыл әкімшілігі қазақтардан қалмақтардың қайтарылуына жәрдем көрсетуді талап етті, алайда Абылайдың өз ойлағаны бар еді.
Сол кезде Абылай Қытай мен Ресейдің қолдауына қол жеткізуге тырысып, халықаралық аренада белсенді эрекеттер жасады. 1768 жылдың өзінде-ақ ол цин императорының өзін «барлық қазақтар мен сұлтандардың бастығы» деп тануына қол жеткізген еді[3].»
Сонымен бірге 1769 жылдың аяғында ол Ресейден өзі үшін 10 мың адамдық армия бөлуді сұрап, оның орнына аманатқа өз балаларының бірін ұсынды. «Егер… бізге жау шабуыл жасаса, бізге бір сан (10 мың. — Ред.) немесе кем дегенде мың немесе бес жүз адам көмек көрсетілетін болады. Ал оның үстіне жоғарыда аталған бір сан әскер, менің тірі кезімде болсын немесе менің балаларымның тірі кезінде болсын, былайша пайдаланылар еді: алыстағы жаулар үшін бір сан, жақындағылары үшін — мың, ал егер онша көп болмаса -менің ішкі жауларыма қарсы — бес жүз»[4]. Сол кезде Абылай өзінің аманат баласын генерал етуді сұрады, аманаттар сұлтанның өз таңдауы бойынша екі-үш жылдан соң алмастырылып отыратын. Әрине бұл талаптар ол кезеңде іс жүзінде орындалмайтын талаптар еді, мұны сұлтан жақсы түсінді. Бұл ретте Абылай шекаралық әкімшілікке өзінің қытайлармен, түсініліп жүргеніндей, әсте де онша жақын еместігін және Ресей протекторатынан әсте де бастартпақшы болып жүрмегендігін білдірген еді.
1771 жылы Абылайды жалпы қазақ ханы етіп сайлау үшін жағдай жасалды. 1771 жылдың күзінде ұзақ уақыт бойы ақылдасқаннан кейін барлық үш жүздің өкілдері жаңа ханды сайлау үшін хандықтың ежелгі астанасы Түркістан қаласына келді. Абылайға ықпалды жырау Бұқар Қалқаманұлы, Әбілпейіз және Болат сұлтандар[5], Нұралы ханды қоспағанда, Кіші жүз қазақтарының билеушілері, Орта жүз бен Ұлы жүздің өкілдері сөзсіз қолдау көрсетті. Халық көп жиналған кезде қазақ дәстүрі бойынша Абылай ақкиізге көтеріліп, үш жүздің ханы болып жарияланды. А.И. Левшиннің айтқанындай, ол «оған (атаққа) торғауыттарды жеңуі арқылы және Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін, барлық қырғыз-қазақ ордаларының ғана емес, түркістандықтар мен ташкенттіктердің де сайлауы арқылы ие болды». Сөйтіп Абылай Қазақ хандығының бірлігін қалпына келтіре алды.
2.1. Абылайдың ішкі және сыртңы саясаты.
Абылайдың стратегиялық мақсатпен қол күшін сақтап қалуы, екіншіден, Жоңғариямен ұзақ жылғы қиян-кескі ұрыстардан ес жию, «Қазақ ордасының төрт бұрышын түгендеу» Абылайдың көздеген мақсаты болатын[6].
Абылай Қытаймен сауда қатынасына ерекше көңіл бөлді. Сол мақсатта Сайрамкөл жағасында Іле цзянцунымен (генерал-губернаторымен) кездесіп, онымен сауда шартын жасасқан»[7]. Қытай жазба деректеріне сүйенсек, «1757 жылы Абылай ханмен жасасқан келісім бойынша Абылайдың, Әбілпейіздің, Қабанбайдың, Қожабергеннің, Дәулетбайдың сауда тоғанақтары Үрімшіге үзбей келіп, ат, түйе, қой, өгіз өткізіп, оған өздеріне қажетті мақпал, торғын, шай және фарфор ыдыстарын сатып алып қайтқан». Абылайдың өзі бүкіл Шыңжандағы сауданы қыздыруға ұйытқы болып, сауданың 70-80 пайызы осы екі қалада (Құлжа, Шәуешек) тек қазақтармен жасалғандықтан да, тарихта бұл саудалар «Құлжа-қазақ саудасы», «Шәуешек-қазақ саудасы», «Үрімші-қазақ саудасы» деп аталған».
«Екі алып мемлекет Қытай, Ресеймен сауда байланыстарын нығайтқан Абылай хан белгілеген (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының батысынан басталатын) яғни Ертіс өзенінің сол жағын бойлай, шығысқа қарай созылып жатқан сауда жолын халық «Хан жолы» деп атаған. Ел аузында «Шаңды жол», «Абылай жолы» деген аты қалған.
Абылайдың Ресей патшалығымен қарым-қатынасын тарихшылар көпке дейін бодандық аукымында қарап келді. «Абылай орыс мемлекеті мен Қытай арасында алма-кезек дипломатиялық саясат жүргізді. Екі бірдей күшті жауға қарсы күресте Абылай Россияға арқа сүйеп, онымен одақтас болды, ал одан ызғар көргенде Қытайға қарай ойысып отырды», делінген Қазақ совет энциклопедиясында [8] (120.356-6.). Демек, «Ресей мен Қытайдың империялық өктемсуі мен қазақ жерін иеленуден дәмеленіп, емексуі кезеңінде даулы мәселелерді әскери жолмен емес, саяси-мәмілегерлік тәсілмен шешуге бағытталған, Абылай саясаты мейлінше дұрыс еді». Қалай дегенде де Абылайдың Қытай мен Ресей патшалығына бас имей, дербес, тәуелсіз хан болғандығы айқын. Ел мүддесі жолында астарлы да айлалы саясат ұстанған сақ саясатын, көреген көсем белгілі бір тығырықтан шығу жолында ғана келісімге барып отырған. Мұны А.И.Левшин бүкпесіз шындық ретінде дәлелдеп береді: «Уверенный в своих достоинствах, он искусно привлекая к себе приверженцев важностью своею и признавал себя, смотря по нужде, то поданным русским, то китайским; а на самом деле был властитель совершенно независимый…» (168. с. 264). «Қытай мен Россияға тәуелдімін дей отырып, шын мәнінде сол мемлекеттермен Абылай қалыпты, тәуелсіз саясат жүргізді» (78.175-6).»…Сол кезде Төле би мен Қазыбек билерді айтпасақ, Абылайға тең келер қазақ даласында адам табу қиын еді. Ол қазақ жерінің бәрін басқыншылардан тазартгы. Алтай, Тарбағатай маңындағы қалмақтар басып алған жерлерді қайтарып алды. Ол өте тапқыр саясат жүргізді деуге болады. Соның арқасында қазақ аузын айдаһардай ашқан батыстағы да, шығыстағы да жауларымызға алынбай келді,» — дейді Қазыбек бек Тауасарұлы (253. 383-6.) Алайда отаршылдық пиғылдағы орыс үкіметі 1778 жылы оны Қазақ ордасының емес, Орта жүздің ханы ғана деп грамота беріп, Орынборға келуін талап етіп, хандық белгілерді тапсыруға шақырғанда, Абылай мұндай жымысқы саясаттың астарын аңдап, бармай қояды. Қазақ хандығын қалай қабылдағаны жөнінде сұрағанда, Абылай былай деп жауап берген: «что приобрел опыт победами над тургутами и по смерти Абулмамбета, избранием не только от всех орд Киргиз-казачьих, но и от Туркестанцев и Ташкентцев» (168. с. 264-265). Және осы бір тұжырымды жауаптан Абылай өзінің алдыңғы ата-бабаларындай ешкімге тәуелді болмай, дербес ел болуды мақсат еткенін аңғартады. Тіпті 1778 жылы 22 қазанда орыс императоры жіберген лауазымды сыйлардан бас тартуы да оның Ресей патшалығының көздеген ойын жете түсіне келіп, халқының болашағы жолында ұстанған батыл бағытынан таймағанын ұғынамыз. «Абылай на сем условием не согласился дать своей присяги верности. Он полагал, что — требования от него наружных знаков покорности имели целью сделать его сомнительным в глазах китайцев.
Дана да қайсар Абылай бұл жерде өзінің Қазақ ордасының ханы екенін, Қытай патшалығының әлдеқашан-ақ мойындағанын, енді орыс мемлекетінің бұл әрекеті сол сенімділікке селкеу түсіретінін бекерге ескертіп тұрған жоқ. Оның табандылығы мен айтқанынан қайтпайтын адуындылығынан Ресей патшалығы да қатты сескенген. Жоғарыдағы грамотадағы жазылған бұйрықта: «Если Аблай — этот упрямый, но в своей стороне знаменитый варвар откажется от приезда куда бы то ни было, то посылать к нему способного штаб-офицера для присутствования при торжестве, причем поручить привести Аблая к присяге, которую он должен принять, как и прежде принимал хан Нурали стоя, на коленях…» деп айтылғанындай, патша өкіметінің Абылайға Орта жүз хандығын күштеп тануға тырысқандығын байқатады. Алайда асқақ тұлғалы, асқар ойлы, алғыр да алып тұлға өзінің еңсесін түсірген жоқ, тізе бүгіп иілген жоқ. Орынборға ант беруге, хандық атақты алуға шақырғанымен, одан бас тартып, Петропавлдағы қамалында, яғни Ақсарайында қала берген.
Ол ол ма, Абылайдың орыс патшасына бас имеген қайсарлығы -қырғыздармен соғысқа қарсы орыс әскерінің жіберілуіне үзілді-кесілді қарсы шығуымен қоймай, өз ордасында Еділ қалмақтарымен соғысып қолға түскен орыстар мен түрікмендерді босатудан бас тартқандығы. 1778 жылы Орынбор губернаторы Рейнедорфтың тікелей жарлығы бойынша Сібір әскери шебінің генералы Огарев Орта жүздің ханы етіп Абылайдың орнына оған қас сұлтандардың біреуін бекіту жөнінде мәселе көтерген. Оны тұтқынға алып, Ресейдің ішкі жағына жібермек болған, яғни Оразмұхаммед сұлтанның тағдырын қайталамақ болған. Барақ сұлтанның баласы Дайыр Абылайды хан атағын әділетсіз алды деп Орынбор губернаторына хабарлама жасаған . Яғни, Абылайды билік басынан тайдырудың түрлі жолдарын іздеген патша өкіметі ел ішінің бүлінуін қарсы пайдаланған. Қ. Салғарин Қазақ хандығының Ресей патшалығына бодан болуын тарихшылардың үш кезеңге бөліп қарайтының оның алғашқысы 1731 жылдан 1822 жылға дейін созылған билеу жүйесіндегі протектораттық дәуір саналғанын, хандық билікке таласты патша отарлаушылары сұлтандар алауыздығын жүргізіп отырғанын, басқа да себептерін нақты ашады. «1790 жылдан орыстардың хандық билікті жойып, жүздік басқару жүйесін толықтай құртуының нэтижесінде XIX ғасырдың бірінші жартысында қазақтар тәуелсіздіктен біржолата айырылды,» — дейді американ зерттеушісі Ч. Карльсон (300). Бұдан Ресей патшалығының отарлау саясатын Абылай хан дүниеден қайтқан соң ғана жүзеге асыра алғаны аңғарылады.
1977 жылы жарияланған «Қазақ ССР тарихы» Әбілмәмбет хан мен Абылай және басқа сұлтандардың 1740 жылдары Россия бодандығын қабылдауын «қазақ халқына бейбітшілік қажет болды, ал оны орыс мемлекеті ғана бере алатын еді…» деген сыңаржақ ұғымға таңған. Осылайша кеңестік идеологияландырылған тарих Абылайдың Ресейдің отарлық саясатын қолдаушы етіп көрсеткісі келген. Шындығында солай болып па еді?! «Оны (Абылайды — Ә. Т.) Әбілмәмбеттің көзі тірісінде-ақ халық хан сайлаған болатын. Ресей патшалығы үшін бүл, яғни қазақ сұлтанының өздерінің тағайындауынсыз, халықтың қалауымен хан аталып кетуі үлкен үрей, зор әбігер туғызатын тірлік болды. Сондықтан да Ресей патшасы далалық ұлықтарынан Абылайды жасанды түрде болса да көндіріп, хан етіп бекітуді сұраған өтінішін алуды талап етті… Яғни, 1778 жылдың 22 қазанында оны «Орта жүздің ханы» деп зорға бекіткен болды. Бірақ бұдан кейін де Абылай сырт бодандықты мойындағанымен, ішкі билікке орыс патшасының ұлықтарын араластырған жоқ»[9]. дейді Салғарин. Алайда, Абылайдың хан болып, төрткүл төңірекке танылып, саясатымен көрші елдер санасып жатқандығын тарихшы В. Моисеев ілгеріден іздейді.»… Бірақ хан ығында Әбілмәмбет отырғанымен, 50-жылдардан бастап бірақ сахарасында Абылайдың дегені болып, айдарынан жел есіп тұрды … Көршілес елдер қазақ мемлекеттігін дэл осы Абылай тұсында мойындай бастады» дей келе, Абылайдың Ресей патшалығына бодандығын да теріске шығарады. Абылайдың бодандықтың қамытын кимегені де шындық. Ол орыс бекіністерімен шекарада тыныштық болуын қадағалаудан басқа ештеңе міндеттеген жоқ… Абылай сондай-ақ Цинь сарайымен қарым-қатынасын да осы деңгейде ұстады…Түптеп келгенде Абылай өз халқының мүддесін ғана ойлады » (182). Шын мәнінде Абылайдың саясаты елдің елдігін сақтап, ынтымақ-бірлігін нығайту, көрші алып елдердің саясат сойылымен сілтейтін соғыстарынан Қазақ ордасын аман алып қалу еді. Тарихшылар атап көрсеткеніндей, Абылай хан Ресейге де, Қытайға да бодан болмады.
Абылай ханның ішкі саясаты. Бүкілхалықтық мойындауға және үш жүздің ханы атағына қарамастан, Абылайдың билігі шексіз билік болған жоқ, Сұлтандардың едәуір бөлігі, әсіресе Барақ сұлтан мен Әбілмәмбет ханның ұрпақтары Абылайды тақты заңсыз иеленді деп санады. Мәселен, Дайыр сұлтан 1781 жылы Орынбор губернаторына Абылай «ханның қадір-қасиетін мүлде әділетсіз иеленгенін, өзінің бала кезінде бауырларымен Түркістанда болғанын, хандықтың барлық әділеттілік бойынша өзіне тиесілі» екенін жазды[10]. Наймандардың билеушісі Әбілпейіз, иеліктері Обаған мен Есіл арасында орналасқан Құдайменде сұлтан тәуелсіз еді деуге болады. Түркістан мен Сырдарияның ортаңғы ағысында билікті бөліскен Сәмекенің баласы Есім мен Әбілмәмбеттің баласы Болат өздерін хан деп атай берді. Хан билігіне наразы болған кейбір рубасылар оны тіпті әскери күшпен құлатуға да тырысты. Дағдылы құқықпен шектеулі Абылай, Ш. Уәлихановтың айтуынша, сұлтандар мен рубасылардың бетімен кетуін ауыздықтауға ұмтылды. Абылайдың орасан зор беделі қазақтарды ханға бағынышта ұстады. Абылай өзгерген сыртқы саяси жағдайда аман қалу үшін Қазақ хандығының саяси жүйесін көбірек орталықтану жағына қарай өзгерту қажет екенін өте жақсы түсінді. Бұған жету үшін хан бірнеше бағытта әрекет жасады.
Біріншіден, Абылай биліктің орталықтандырылуын нығайтуға ұмтылды. XVIII ғасырдың бірінші ширегінде әрбір ру бірлестігі іс жүзінде автономиялы болды және оларды өздерінің билері, рубасылары басқарды. Бұл жүйе жағдайында хан көп жағынан билердің еркіне тәуелді болды және оның жекелеген рулар деңгейінде шешім қабылдауға ықпал етуге үлкен мүмкіндіктері болмады. XVIII ғасырдың 20—30-жылдарында бұл жүйе өзгере бастады, белгілі бір ру әскербасы және саяси көшбасшы етіп шақырған сұлтандардың рөлі арта түсті. Абылай жүздер мен үлкен бірлестіктерді басқаруға дәстүрлі қазақы кісілік рухы негізінде бір орталық буындары элементтерін енгізуге ұмтылды. Ханның көптеген балалары осындай билеушілер рөліне кірісті. 1774 жылы Әділ сүлтан Ұлы жүздің бір бөлігінің билеушісі болып тағайындалды, оған арнап Абылай Талас аңғарында қала салып, оған қарақалпақтарды қоныстандырды. Солтүстік-шығыс Жетісуда оның басқа бір баласы Сүйік, Орталық Қазақстанда Қасым билік етті.
Орта жүз бен Ұлы жүздің барлық дерлік жері ханның балалары арасында бөлінді. Тек Кіші жүзде және Орта жүздің батыс бөлігінде Қайып ұрпақтары, Орталық Қазақстанның кейбір аудандарында — Барақтың ұрпақтары, ал Қытаймен шекара өңіріне таяу жерлерде және Сырдарияда Әбілмәмбеттің ұрпақтары — сұлтандар билік етті.
Орталық билікті күшейту үшін Абылай қолданған шаралардың екінші кешені — біртұлғаның қызметіне және оның тұлға ретіндегі қасиеттеріне сүйену. Мәселен, дағдылы құқықтың дәстүрлі түсініктеріне қарамастан, Абылай хан қылмыскерлерді өлім жазасына кесуге үкім шығару құқығын өзі алды. Бұл міндет бұрын билер қазылығында ғана болатын. Билер кеңесі мен рубасы-ақсақалдар съезінің құқықтары едәуір шектелді. Алайда дағдылы құқықтың дәстүрлі болуы және басқарудың нақты тұтқаларындағы кемшілік Абылайға хандықтың саяси жүйесіне реформаны ақырына дейін жүргізуге мүмкіндік бермеді. Оның үстіне бүкіл басқару жүйесін соғыстар қиратып кетті деуге болатын еді. Федерализм элементтері рулық басқару принциптерімен тығыз ұштасып жатты, хан билігін бұрынғысынша билер мен сұлтандар едәуір дәрежеде шектеп отырды. Мемлекеттік машинаның орнықтылығы түгелдей және толығымен ханның өз беделіне, оның күрделі саяси проблемаларды шешу кезінде ымыраластық таба білуіне байланысты болды.
Абылай ханның сыртқы саясаты. Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы күресі қорытындыларының қазақ халқы үшін зор маңызы болды. Жоңғар басқыншылығына қарсы күрестің саяси маңызын қарастыра келіп, бірнеше қырын атап өту қажет.
Қазақ халқы өзіне физикалық тұрғыдан орасан зор жойылып кету каупі төнгеніне қарамастан, өзінің бүкіл дерлік аумағында өз мемлекетгілігін сақтап қала білді, бұл өз кезегінде қазақ иеліктерінің Цин империясына тәуелсіздігін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Жоңғариядағы көтерілісті тұншықтырған соң, цин үкіметі 1758 жылы Шығыс Түркістанды біржола жаулап алуға кірісті[11].
Осы жағдайларда іс жүзінде бүкіл қазақ халқының ханы деп танылған Абылайдың беделі өлшеусіз өсті. Абылай ресми түрде Ресейдің бодандығында болғанымен, сыртқы саяси акцияларда ол егемендігін сақтап қалды. Жекелеген қазақ билеушілерімен және цин сарайымен арадағы қатынастардың сипаты әдеттегі елшілік байланыстар шеңберінен шықпады. Сондықтан да 1757 жылы Цянь-лун қазақ қоныстары цин әскерлері жаулап алған аумақтың бөлігі емес, ал билеушілерінің өздері және ең алдымен Абылай хан империяның бодандары емес деп мойындады[12]. Күрделі әскери- саяси жағдай және Жетісу мен Шығыс Алтайдағы өздерінің ежелгі қоныстарын қайтарып алуға жасалған әрекеттер Абылайды, Әбілмәмбетті, Әбілпейізді маньчжур сарайымен елшілік қатынастар жасауға және белгілі бір дәрежеде Цин империясының, Шығыс Түркістанға егемендігін тануға итермеледі. Қазақ билеушілерімен дипломатиялық әдепті сақтауға Циндік Қытайдың өз әскерлерін азық-түлікпен және атпен жабдықтауда үнемі қиыншылық көруі айқын себеп болды. Сондықтан да айтарлықтай қатынастар жасалып отырды. Дипломатиялық байланыстардың маңызы кем түспейтін тағы бір бөлігі мынадай: циндер қазақ билеушілерінің Ресеймен экономикалық және саяси қатынастарын тежеу үшін оларды өз жағына тартқысы келді. Сонымен бірге циндер тарапынан саудаға шектеу қою қазақтардың циндермен сауда қатынастарының үнемі тарыла беруіне, ал соның ізімен саяси қатынастардың да тарылуына әкеп соқты. Қазақстан мен Қытайдың саяси қатынастарында Орта жүз иеліктері көрнекті рөл атқарды, ал бүл негізінен Қазақстанның саяси маңызды шекаралық аудандары еді.
Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы күресінің саяси жағы орасан зор дәрежеде қазақ мемлекеттілігінің сақталуымен ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның батыс дамуы үлгілеріне шығуымен де қалыптасты. Қазақстан мен Ресейдін арасындағы, ал сол арқылы еуропалық елдермен де қатынастар ұзақ уақыт бойы үздік-создық өзара қатынастардан қалыптасты елшіліктер алмасу, бір-бірін білісу және т.б,). Қазақстанды қосып алу жөніндегі саяси акциялар отарлау сипатында болды, бірақ сонымен бірге белгілі бір дәрежеде халықтар жақындаса бастады, сөйтіп отаршылдық езгі неғұрлым күшейген сайын, Ресейдің прогресшіл жұртшылығы қазақ халқымен және оның мәдениетімен етене жақындасу нүктесін табуға соғұрлым көбірек ұмтылды. Орталық Азияда аса ірі екі этностың қатар өмір сүруі қайшылықты болатын, алайда Қазақстанның полиэтникалық халқы екі ғасырдан астам уақыт бойы қалыптасты. Ал мұнда XVIII ғасырдың екінші жартысындағы өзара сауда қатынастарына үлкен үлес берілді. Қазақ иеліктері мен Ресей арасындағы сауда біртіндеп ұлғая түсті.
1743 жылы негізі қаланған Орынбор қаласы өзара сауда
қатынастарының маңызды мекеніне айналды. Айырбас сарайында белсенді сауда жүргізілді, онда 1747 жылы дүкендер саны 131 болды[13]. Сауда операциялары жүргізілген Сейіт слободасы ірі сауда орталығына айналды. Императрица Елизаветаның жарлығында сауда жүргізудің регламенті белгіленді. 1760 жылы Сейіт слободасында үй саны — 300 жэне еркек адамдар саны 1158 жан болды. Слобода халқы татарлар еді, олар Қазақстанмен және Орта Азия мемлекеттерімен едәуір сауда жасады. Сауда шоғырланған басқа бір орын, айырбас сарайы болды, онда XVIII ғасырдың екінші жартысында 344 дүкен мен 148 қойма орналасты. Дүкендер көпестерге жалға берілді. Айырбас сарайымен бірге Орынбор шекаралық кедені қүрылды, жаздыгүні Айырбас сарайына күніне тауар артылған 1000 шақты түйе келіп тұрды. Жылқы, иленбегентері, бұхара шапандары, кілемдер, кептірілген жемістер және т.б. көп мөлшерде сатылды. Сенаттың 1754 жылғы жарлығында: «Орынбордағы сауда-саттық жэрмеңке деп танылсын» деген пэрмен берілді. Сауданың өсуін мына цифрлар дәлелдейді: 1738 жылы баж 547 ром болды, ал 28000 сомға тауарлар өткізілді. 1749 жылы баж — 44 188 сом болды, яғни 900 000 сомның тауарлары сатылды. 1751 жылғы баж — 85 123 сом, ал өткізілген тауарлар — 1,7 млн сом; 12 жыл ішінде 8 млн сомға тауарларсатылды. Тауар айналымы мынадай цифрлармен көрсетілді[14].
XVIII ғасырда қазақтар Орынборда, Троицкіде, Гурьевте, Ямышевскіде, Семейде, Петропавлда, Омбыда, Өскеменде және Үй, Ертіс, Новоишим шептері бойындағы басқа да бекіністер мен қазақ қоныстарында сауда жүргізді. XVIII ғасырдың аяғына қарай қазақтар Орынбордың бір өзіне ғана жылына 200 000-ға дейін қой әкеліп тұрды. Ресейден негізінен тоқыма өндірісінің тауарлары әкелінді.
Жылдар | Айналымдағы барлық тауарлар (күміс, сом есебімен) | Түскен баж (күміс, сом) | Азиялық тауарлардан барлығы |
1745-1754 1755-1764
1765-1774 |
4431 147 3 259 820 3313511 | 324 192
258 865 455 894 |
55 090 43528 111365 |
Ресейден бидай және бидай ұны, қарабидай және қарабидай ұны түрінде астық келіп жатты. Тауарлардың бұл тізбесіне металл бұйымдарды қосуға болады. Ресей шойын, темір және мыс қазандар, тағандар, балта, орақ, шалғы, шелек, қайшы және т.б. сияқты тауарларды бірден-бір әкелуші болды. Осылармен қатар қазақтар Ресейден темір қаңылтыр, орама қалайы, мыс қаңылтыр және басқа1 да бірсыпыра тауарлар алып тұрды.
Ірі көпестермен қатар ұсақ саудагерлер әрекет етті, атап айтқанда, Орал казак әскерінің казактары ірі сауда операцияларын жасады. Бұл орайда сауда баламасы тең емес айырбас ретінде жүргізілді. Буған М. П. Вяткин мынадай мысалдар келтіреді: «Шойын қазан аңтерісіне айырбасталды, бұл ретте ернеуінің әрбір азиялық ширегі (5 вершок) үшін бір түлкі неме-се 4 қарсақ, немесе тон тігуге арналған 3—5 ең жақсы елтірі алынатын». Мұндай айырбас жағдайында салмағы 1 пұт, ернеуі 10-12 ширек болатын қазан ақшаға аударғанда 50 сомға жуық түрды, ал ол Ірбіт (Иркутск) жәрмеңкесінде 2 сом 70 тиынға сатылатын. Жоңғар агрессиясына тойтарыс беру кезінде қазақ мемлекеттілігінің сауда саясатын қалыптастыру аса маңызды бөлікке айналды. Бұл арада ортаазиялық көпестердің» делдалдық саудасы зор рөл атқарғанын ескеру керек. Қазақ даласына Бұхарадан, Хиуадан, Ташкенттен, Қоқаннан сауда керуендері келіп тұрды. Өз кезегінде, бұл қалаларға қазақ феодалдарының сауда керуендері жіберілді. Қытай иелігіндегі жоңғарлар жерінде тұрған қалашықтар мен бекіністерге айдап апарады, ал онда солары үшін қытайлар біздің бекіністерге, қытай шекарасына жақын жатқандықтан, жоғарыда аталған Өскемен жөне Семей бекіністеріне әкелетін күміс және басқа тауарлар алады».
Қытаймен сауда кең көлем алмады. Ол Құлжа мен Шәуешекте ғана жүргізілді. Бірақ мұнда да қазақтар көпестермен және жай халықпен істес болған жоқ. Мәселе мынада болатын: Жоңғария аумағына орналастырылған цин әскерлері өз үкіметінен азық-түлік пен жем алмай, жібек, атлас, қүйма күміс сияқты алуан түрлі тауарлар алатын. Бұл тауарлар мен құйма күмістерді олар қазақтарға малға айырбастауға, ал алынған малды өз кезегінде өздерінде ақшаға сатуға тиіс болды, нақ осы ақша әскерді ұстауға жұмсалатын[15]. Пайданы қамтамасыз ету үшін цин үкіметі ешкімге қазақтармен айырбас жасауға рұқсат етпеді. Осы себеппен қазақтардың сауда жасау мақсатымен қытай қалаларына баруына рұқсат етілмеді. Сауда операциясы былайша жүргізілді: қазақтар қытай қаласына мал айдап келісімен, олардың алдынан цин өкімет орындарының өкілі шығатын да, барлық малды алып қоятын. Оның орнына қазақтарға қаладан тауар алып шығып, оны соларға беретін, сөйтіп бүкіл сауда-саттық осымен тынатын. Сондықтан алынатын тауарлар жөнінен қазақтар маньчжур әскерлерінің өз үкіметінен не алатындығына толық тәуелді болды. Сондай-ақ мал өткізгенде де қазақтар жалпы қытай рыногының қажеттерін емес, Іле және Тарбағатай округтері әскерлерінің қажеттерін ғана негізге алуға тиіс еді. Сондықтан сауданың өзінде де өсуге бейімдік болмады, ал сол уақытқа Ресеймен сауда үнемі дами берді.
Тұтас алғанда сауда қазақтар үшін де, Ресей әкімшілігі мен жақын жатқан мемлекеттер үшін де өте тиімді кәсіп болды. Алайда өзара қатынастардың реттелмегендігі оның дамуына зор кедергі жасады. Сөйтіп ол сауда үшін өте қиын тауарды иеліктен айыру нысанына әкеп соқты. Керуендердің бір бөлігі талап-тонауға ұшырады немесе жекелеген ру иелері тауарға көп салық салды. Оның үстіне, бүкіл сауда көбінесе қандай да болсын ережелер сақталмай жүргізілді, ал көлемі мен салмағын кем өлшеу кеңтаралған құбылыс болатын. Осыған қарамастан, Қазақстан мен Ресей, Орта Азия мемлекеттері және циндік Қытай арасындағы өзара сауда қатынастары кеңейе берді. Бұл елшілер алмасудың көбеюіне, жекелеген аймақтармен, әсіресе ішкі аудандармен бейбіт қатынастар орнатылуына көп жағынан көмектесті.
Жоңғар хандығының жойылып, жоңғарлардың жойқын қырғынға ұшырауы Цин империясының шекарасын Қазақстанға өте жақындатып жіберді, сондықтан қазақ билеушілерінін алдында, атап айтқанда, Абылайдың алдында қазақ мемлекеттілігін нығайту мәселесі тұрды. Сол кезден бастап Абылайдың қазақ даласын саяси дербестік негізінде жайғастыру жоспарларын жүзеге асыру жөніндегі нысаналы қызметі өрістеді. Орынбор әкімшілігінің өкілдерімен қатынастарда шебер тәсілдер қолдана отырып, Абылай өз иеліктеріне империяның әскери құрамаларын ешбір аттап састырған жоқ, әскери құрамаларға шапқыншылық жасап жүрген рубасылардың бетімен кеткенін байқамаған сыңай білдіріп, жаңа бекіністер мен қамалдар салуға мүмкіндік бермейді; нақ сол уақытта тұтқындарды ықыласпен алмастырып отырады және империяның вассалы ретінде саудаға, бейбіт шаруашылық қызметке жәрдемдеседі. Орта жүздегі ірі билеуші болған Барақ сұлтан Абылайдан үлгі алып, ол да Абылайдың біріншілік жағдайын мойындаған сияқты болады. Мәселен, 1745 жылы ол Қазақстан мен Ресей арасында сауда жүргізілуіне өте тілектестікпен қарайды.
Абылайдың саясаты Ұлы жүздің билеушілеріне де әсерін тигізді. Абылай өзінің Тобыл губернаторы Сухтеленге хатында Ұлы жүз қазақтарын — үйсін ру бірлестігін Ресей бодандығына қабылдау жөнінде саяси мәмлегер ретінде көрінеді (1745 жылғы желтоқсан).
Абылай ханның ішкі өмірдегі маңызды әрекеттері арасынан оның жеке ұлан — төлеңгіттерді құруын атап өту қажет. Хандарда жеке күзет, оларға адал әскер әрқашанда болған, бірақ Абылай ханда оның саны өте көп болды, сөйтіп XIX ғасырдың өзінде-ақ құжаттарда төлеңгіттердің тұтас руы атап өтіледі. Бұл орайда төлеңгіттерді ұстаудың белгілі бір ережелері сақталды. Абылай ханның қатысуымен қазақ жасақгары тұрақты әскер сипатын алды, Орта жүз бен Кіші жүздің әр түрлі руларынан шыққан қолбасшылар әскери іспен тұрақты айналысты. Бөгенбай, Қабанбай, Баян, Есет, Наурызбай, Жәнібек сынды батырлар 10 000 жауынгерге дейін жететін ірі құрамаларды үнемі басқарып жүрді. Батыр институтының өзі әскери іспен неғұрлым кәсіби түрде айналысатын адам саны көп жасақтарды қамти бастады. Мұны көптеген деректемелер объективті түрде дәлелдейді, ол кезде белгілі бір саяси қайраткерге әскери күзет ретінде батырлар еріп жүретін болған, ал олардың ең беделділері саяси өкіл міндетін атқарған. Мәселен, қытай деректемелерінде Еренқабырға ауданында сауда пунктін ашу туралы қытайлықтармен келіссөзді Қабанбай батырдың жүргізгені атап өтіледі. Ресей өкімет орындарымен саяси келіс сөздерді Жәнібек тарханның жүргізгені жиі кездеседі. Қазақ даласының Қанжығалы Бөгенбай, Құлеке, Деріпсәлі және басқа да көптеген батырлар сияқты көрнекті қайраткерлер де маңызды саяси келіссөздер жүргізген.
Қазақстанның оңтүстік шептері де біртұтас мемлекеттің құрамдас бөлігі ретінде Абылайдың жоспарына енді. 1762 жылы ол қарақалпақтарға жорық жасады және сол арқылы Ұлы жүз рулары мен қоңыраттардың ескі замандардан бері қазақтардың жері болып келген Сыр өңірі қоныстарын иеленуіне мүмкіндік берді. 1765 жылы ол Қоқанға жорық жасап, Ташкентте бір жыл болды. Сол жылдары ол Қоқанның күшті ықпалында болған қырғыздарға қарсы жорьщқа шықты және онда 1770 жылы «Жайлау қырғыны» болды, мұнда Абылай қырғыздардың тас-талқанын шығарды, ал тұтқынға түскендерін ол Көкшетау жеріне қоныстандырды. Бүкіл дерлік Жетісуды басып алған Қоқан билеушілерінің одақтастары ретіндегі қырғыздарға қарсы қимылдар аумақты шамамен Қазақстан мен Қырғызстанның қазіргі шекарасы бойынша, яғни өздерінің ежелгі жерлерІ бойынша межелеумен аяқталды. Орта Азияға қатысты саясатында Абылай қазақтардың ежелгі жерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету принципін мүлтіксіз ұстанды, ал оның қолданған шаралары сол бір мейірімсіз де қатаң дәуірге мейлінше тән болды. Абылай тұсында Жетісу Ұлы жүз рулары қоныстанған жерге айналды, ал олардың ата-бабалары ерте кезден осы өлкені мекендеп келген еді. Абылайдың басты мақсаттарының біріне қол жеткізілді. Абылайдың сыртқы саясаты да икемділігімен және ымырашылдығымен сипатталды. Оның Ресей мен Қытай сияқты күшті мемлекттермен қатынастарының Орта Азия мемлекеттерімен қатынастарынан едәуір айырмашылығы болды. Отаршыл империялардың күш-қуатын өте жақсы ұғынған хан, бір жағынан, Ресей протекторатын танудан бастартпай, екінші жағынан, өз иеліктерінде екі державаның да ықпалы күшеюіне жол бермей, олармен қатынастарда барынша икемділдік көрсетуге тырысты. «Қазақтар әуел бастан-ақ екі жақтылықты ұстанды, — деді цин императоры өзінің 1779 жылғы жарлығында, — …Абылай бізге бағынған кезде Ресей Абылайдың өз боданы екенін, сондықтан біздің оны өз бодандығымызға қабылдамауымыз керек екенін мәлімдеп, наразылық жіберді. Біз сонда былай деп жауап қайтардық: «Сіздер Абылайды өз адамымыз дейсіздер. Егер сіздер оны жақсылап басқарсаңыздар, ол ешбір жағдайда бізге бағынуға өтпеген болар еді… Ал сіздер, орыстар, бүған қалай кедергі жасай аласыздар?.. Егер болашақта мұндай оқиға бола қалса, сақтық жасау керек». Бір жағынан, Абылай қытайдың өкімет орындарын өзінің адалдығына үнемі иландырып отырды, екінші жағынан, ол мәселені «Ресей сарайына әлдеқайда ынталылықпен… ал қытай ханымен хат жазысуды бір нәрсе үшін, оған бағынышты қырғыз-қайсақтарға қытайлардың реніш көрсетіп, қысьш жасамауы үшін жалғастырып» отырған сияқты етіп көрсетті. Хан иеліктерін агрессияшыл көршілерінен осылайша қауіпсіздендіріп қаш қоймай, жекелеген пайда келтіруге де тырысты. Мәселен, 1772 жылы Ресейден өзінің сыртқы және ішкі жауларына қарсы күресу үшін тағы әскер сұрады. Бұл орайда ол өзінің Қытаймен өзара келісімі бар екенін былаі деп хабарлады: «Қай жақтан және қандай да бір патша бізге дұшпандық әрекет немесе арсыздық жасайтын болса, оған қарсы тұратын болады және егер сол боғдыханнан (Қытай императорынан. — Ред.) күш сұрасам, ол менің талап етуім бойынша он мыңға дейін немесе жиырма мыңға дейін болса да әскери адамдар берер еді…». Шынына келгенде, Абылайдың адалдығына күмәнді Ресей де, Қытай да оған әскер бөлуден бас тартатын.
Ресейдің өкімет орындары Абылай ханды өзінің ықпал өрісінде ұстауға ұмтылды, сондықтан да 1777 жылы хан жазбаша өтініш жасаған жағдайда оның хан атағын тануға әзір екенін ресми түрде хабарлады. Мұндай дипломатиялық қадам өзінің сыртқы саяси аренадағы беделін нығайта түсетінін түсінген Абылай Петербургке өзінің баласы Тоғым бастаған елшілік жіберді. 1778 жылы ғана II Екатерина оны хан деп және Орта жүздің ғана ханы деп бекіту туралы грамотаға қол қойып, оның Кіші жүз бен Ұлы жүзге билігін танығысы келмеді. Бұған ызаланған Абылай Орынборда, Троицкіде, тіпті Петропавлда да ант беруден бас тартты. Отаршылдық өкімет орындары хан ордасына шенеунік жіберуге де келісті,- алайда хан «мен өз дәрежеме халықтың сайлауымен әлдеқашан-ақ бекітілгенмін» деп мэлімдеп, ант беруден үзілді-кесілді бас тартты. Ханның мұндай мінез көрсетуін оның 1773-75 жылдардағы Пугачевтің көтерілісінен кейін Ресей империясының күш-қуатына шүбәлана қарауымен түсіндіруге болады, ал ол көтерілістің барысында Абылай жалған атақ жамылушыны қолдап, тіпті онымен бірлесе отырып орыс бекіністеріне шабуыл жасауға да ниеттенген еді. Ханға ықпалын мүлдем жоғалтудан қорқып, Ресейдің өкімет орындары 1779 жылы оған 300 сом және 200 пұт үн мөлшерінде жыл сайынғы жалақы тағайындады, бірақ 70-жылдардың аяғына қарай Абылай Ресеймен қандай да болсын қатынастарының бәрін мүлде үзді. Абылайдың оңтүстіктегі көршілерімен қатынастары басқаша болды. Абылайдың күш салуы арқасында қайтадан қазақ аймағына айналған Жетісуда қырғыздармен қақтығыстары жалғаса берді және Абылай оларға қарсы ара-тұра жорықтар жасап түрды. 1774 және 1779 жылдары сондай жорықтар жасалды. Соңғысы қырғыз руларының бір бөлігінің Қазақ хандығына бағынуына жеткізді. Ташкентпен және Ходжентпен соғыста Сайрам, Шымкент, Созақ және Ташкент қазақтарға қайтарылды. Сонымен Абылай ханның XVIII ғасырдың 70-жылдарындағы сыртқы саяси қызметі Қазақ мемлекетінің бірлігін уақытша қалпына келтіруге, оның халықаралық аренадағы жағдайының нығаюына жеткізді.
Абылайға дейін де, одан кейін де бірде-бір қазақ ханының мұндай шексіз билігі болған емес. Бұл ең алдымен оның билігінің сөзсіз құдіреттілік сипатына байланысты еді. Ш. Уәлиханов былай деді: «құрмет (ханға) әлдебір мистикалық сипатта болды… Бұл хан уақыт қастерлі еткен еркін жеңілдіктерге қарсы рақымсыздықпен әрекет ете отырып, өз әрекеттеріне ұрпақтары оны әулие деп санайтындай сипат бере білді», Көреген саясатшы және шебер дипломат Абылай өзіне ергендердің сүйіспеншілігіне және қарсыластарының құрметіне лайық бола білді. Бұған ханның жеке қасиеттері де едәуір дәрежеде себепші болды. Текті әулеттен шыққанына қарамастан, балалық шағында оның бақташы да, түйеші де болуына, жоңғарларға қарсы соғысқа қатардағы жасақшы ретінде қатысуына және шайқаста батыр атағын алуына тура келді. Абылай мұсылманша жақсы сауатты болды, оқып, жаза білді. Ол сирек кездесетін саясатшы, тамаша қолбасшы және дипломат болды. Абылайдың жасынан-ақ өнерге деген қабілеті болған. Жыр-дастандарды, шешендік сөздерді, халық ертегілерін көңіл қойып тыңдаған. Халықтың ауыз әдебиетінің барлық салаларынан хабардар болған. Жасынан қазақтың халық аспаптары домбыра, қобыз тартуды үйренген.
Қазір бізге Абылайдың өз заманының белгілі күйшілерінің бірі екені мәлім болып отыр. Ешқандай нотаға түсірілмей-ақ, қағазға жазылмай-ақ мұнан 250 жылдай бұрын Абылай шығарған күйлер бізге дейін жеткен. Мұның өзі ол шығарған күйлердің заманының тыныс-тіршілігін, халықтық мұң-мұқтажын, оның көкейінде жүрген мәселелерді жырлағанын дәлелдейді. Сондықтан да ол күйлер халық арасына кеңінен тарап, ұрпаққа, бір күйшіден екіншісіне өтіп, осы уақытқа дейін келген.
Әзірге бізге Абылай шығарған[16]. «Ақ толқын», «Ала-байрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржын қақпай», «Майда жал», «Садақ қақпай», „Сары бура» сияқты күйлер мәлім болып отыр.
Аталған күйлердің көпшілігі Абылайдың өзі қатысқан оқиғаларға негізделген, оның заманы мен өмірінің түрлі кезеңдеріне арналған. «Шанды жорық» күйі Абылайдың жақсы көретін ер жүрек батырларының бірі Баян батырдың ерлігін және оның шайқаста қаза болуын бейнелейді.»Қоржын қақпай» күйі де осындай бір тарихи оқиғаға негізделген. Қазақтар мен Еділ бойындағы қалмақтар арасындағы шайқас бірнеше күнге созылып, қазақтар жеті күндей ашығады. Сонан кейін ғана жауды жеңіп, азық-түлікке жетеді.
Қазақ халқының ұлы көсемінің бейнесін жасауға көптеген жазушылар, оның ішінде Шәкәрім Құдайбердиев, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин де қалам сілтеді. Бірақ тарихи жағдайларға байланысты ондай туындылар жарық көрмей жоғалып кетті. Тек аса көрнекті қаламгер марқұм Ілияс Есенберлин ғана Абылай бейнесін көркем әдебиетте сомдай алды, оның романы қазақ-орыс тілдерінде жарияланды. («Жанталас», орысшасы «Отчаяние»).
Абылай тарих көшін көшпелі өркениеттің бүрынғы күш-қуатын қалпына келтірді. Ол қайта түлеткен біртұтас Қазақ хандығы ханның өзі қанша өмір сүрсе, сонша өмір сүрді. 1781 жылы шамамен 70 жасында Абылай Ташкенттен Түркістанға келе жатқанда дүние салып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленді.
Қорытынды
Еліміз егемен, тәуелсіз мемлекет мәртебесін алып, қазақ халқының сан ғасырлар бойы аңсаған арманы іске асты. Бұл тәуелсіздік біздің халқымызға оңайлықпен келген жоқ. Кез-келген өркениетті кемелденген мемлекет өз тарихын қастерлей, оны ұрпақтардың санасына жеткізуге жағдай жасау қажет. Өйткені тарих халықтың мыңжылдап жинаған тәжірибесі, асыл қазынасы (мұрасы). Сондықтан Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу кезеңінде оның жаңа талапқа сай тарихы да болуы керек.
Сол тәуелсіздік тұғырына өз үлесін қосқан «Абылай — қазақтың соңғы тәуелсіз ханы». Ол хан болу үшін Ресей өкіметіне жүгінген жоқ. Билікті тура өз халқының қолынан алды. Өз заманында, одан кейінгі ғасырларда Абылайды ақын-жыраулар «алтын алып бәйтерекке» теңесе, Абылай хан егемен еліміздің тарихында да сол қадір-қасиетімен, мәуеленіп, биіктей береді.
Абылай хан халықтың қайталанбас қайраткер алып тұлғасы ретінде әлемдік тарихтың тұғырында тұруы тиіс. Ол дәуірден дәуірге асқақтайтын ұлы тулға, рухты ұлт мақтанышы, көсемдік келбеттің керемет үлгісі.
Біздің тарихымыз ерлікке бай, «Ел сүйген ерге өлім жоқ» деп дана халық нақылы, бостандық үшін күрескен, ел қамы үшін түн ұйқысын төрт бөліп, астынан ат, қолынан найза түспеген, халық көңілінен шыққан Абылай атамыз жайында дәл айтылғандай.
Абылай хан өз заманының аса кемеңгер саясаткері, қаһарман қолбасшысы, өте қабілетті дәрежедегі мемлекет қайраткері.
Біз өзіміздің ойлау жүйемізді, тарихи танымымызды, рухани мәдениетімізді барынша терең дамыта отырып, барлық салада рухани тәуелсіздікке жетуіміз керек деген елбасымыз Н.Ә. Назарбаев сөзімен аяқтағым келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
- «Бес ғасыр жырлайды» 1 т., Алматы, 1989, 76-77-6.
- Уалиханов Ш.Ш. 1т., 217-6.
- Абылай хан. Тарихи жырлар, т.4. Алматы, 1993,67-6.
4 Алаштың айбын ардағы Абылай хан. Алматы, 2003, 19-6.
- Қазақ совет энциклопедиясында 120.356-6.
- Қазақ тарихынан Алматы Жалын баспасы 1997 ж. 514 -6.
- Қазақстан тарихы 5 т. 2002. 187-6
- Валиханов Ч.Ч. Собр. соч., т.4 246-247 -6.
- Қазақ елінің қысқаша тарих 5-сынып 73 -6.
10.Қадіржан Әбуев «Қазақстан тарихының ақтаңдақ беттерінен»
Алматы «Қазақстан» 1994 ж.
- Моисеев В. Жүз жылға созылған қазақ-жоңғар соғысының тарихы мен тағылымы. // «Ақиқат» № 11 1992 ж.
- Әбуов. Қ. Қазақтың ұлы ханы -Абылай хан.//Көкшетау, 20 маусым 1991.
- Абылай хан және билер. //Жұлдыз № 12 1983 ж.
- Абылайдың қалмақ ханы қалмақтың ханы Қалдан ханының қолына түскені туралы//ҚҒА.с.қ.қ. № 631.
- Байсеркенов М. Абылайдың ақырғы күндері // Жұлдыз № 6 1996 ж.
[1] «Бес ғас ыр жырлайды» 1 т., Алматы, 1989, 76 – 77 б.
[2] Уалиханов Ш.Ш. 1 т., 217 – б.
[3] Абылай хан. Тарихи жырлар, т 4. Алматы, 1993, 67 – б.
[4] Абылай хан. Тарихи жырлар, т.4. Алматы, 1993, 41 – б.
[5] Абылай хан. Тарихи жырлар, т.4. Алматы, 1993, 43 – б.
[6] Алаштың айбын ардағы Абылай хан. Алматы, 2003, 19 – б.
[7] Алаштың айбын ардағы Абылай хан. Алматы, 2003, 20 –б.
[8] Қазақ совет энциклопедиясында 120. 356 – б.
[9] Алаштың айбын ардағы абылай хан. Алматы, 2003, 23 – б.
[10] Қазақ тарихынан Алматы Жалын баспасы 1997 ж. 514 – б.
[11] Қазақстан тарихы 5 т. 2002. 187 – б.
[12] Қазақстан тарихы 5 т. 2002. 189 –б.
[13] Қазақ тарихынан Алматы Жалын баспасы 1997 ж. 516 –б.
[14] Қазақстан тарихы Алматы Жалын баспасы 1997 ж. 518 – б.
[15] Валиханов Ч.Ч. Собр. Соч., т. 4 246 – 247 – б.
[16] Қазақ елінің қысқаша тарихы 5 – сынып 73 – б.