26 января, 2017 9:07
Ортағасырлық Қазақстандағы түрік тайпалары туралы тарихи мәліметтер беретін деректерді сипаттау. Түрік, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ, Оғыз және Қимақ қағанаттарының өмір сүрген уақыты, саяси тарихы, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы туралы түсіндіру. Студенттердің түрік кезеңіндегі Қазақстан тарихы бойынша білімдерін одан әрі жетілдіріп, ғылыми ұғымдармен кеңейту.
Негізгі ұғымдар: түрік, телэ, ашина, этноним, он оқ будун, дулу, нушиби, көк түріктер, эфталиттер, қағанат, қаған, тегін, түргештер, қарлұқтар, оғыздар, қимақтар, жабғу, сюбашы.
Жоспар:
- Түрік қағанаты және Батыс Түрік қағанаты.
- Түргеш қағанаты.
- Қарлұқ қағанаты.
- Оғыз мемлекеті.
- Қимақ қағанаты.
- Түрік қағанаты жәнеБатыс Түрік қағанаты. Түрік (тюцзюе) этнонимі 542 жылғы қытай деректерінде алғаш кездеседі. Қытайлар түріктерді сюннулердің ұрпақтары деп есептеген. 546 жылы Солтүстік Монғолиядан Әмударияның жоғарғы ағысына дейінгі жерлерді мекендеген телэ тайпалары қазіргі Монғолияда үстемдік еткен жуань-жуаньдарға қарсы жорық жасады. Осы кезде күтпеген жерден шабуылдаған түріктердің көсемі Бумын телэ тайпаларын жеңіп, олардың 50 000 әскерін тұтқынға алады. Даланың әдеттегі құқығына сәйкес тұтқынға алынған жауынгерлер өзінен-өзі жеңуші жақтың әскеріне қосылатын еді. Сол уақыттан бастап бұрын жуань-жуаньдарға тәуелді болған түріктер енді олардың бәсекелестеріне айналды. 552 жылы түріктер жуань-жуаньдардың ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңеді. Сол жылы түрік тайпасының ашина руынан шыққан Бумын қаған Түрік қағанатын құрды.
Мұқан қаған (553-572) түріктердің үстемдігін түпкілікті бекітіп, Оңтүстік-Батыс Маньчжуриядағы қидандарды, Тува мен Минусин ойпатындағы Енисей қырғыздарын бағындырды. Түріктердің батыс бағыттағы жорықтарын басқарған Иштеми қаған Жоңғарияны және ішінара Қазақстан мен Орта Азия аумағын өзіне қаратты. Түрік қағанаты 563-567 жж. Иранмен әскери одақ жасап, Каспий теңізінен Солтүстік Үндістан мен Шығыс Түркістанға дейінгі аумақтағы эфталиттерді талқандады. Түрік-эфталит соғысы аяқталғаннан кейін түріктер мен Иран арасында араздық туындады. Түріктер Византия императоры ІІ Юстинге Маниах бастаған елшілікті аттандырып, олардың арасында жібек саудасын жүргізу және Иранға қарсы бірлесіп қимылдау жайлы сөз болды. Әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі, Суй әулеті басқарған Қытайдың шабуыл жасауы, аудандардың автономиялану үрдісі 582-603 жж. қағанаттың Шығыс Түрік және Батыс Түрік қағанаттары болып бөлінуіне әкелді.
Батыс Түрік қағанаты Қаратаудың шығысынан Жетісуды қоса алғанда, Жоңғарияға дейінгі жерлерді алып жатты. Қағанаттың халқы орхон жазбаларында «он оқ будун» деп аталады. Батыс түріктер әрқайсысында бес тайпадан болған одақтарға – дулулар мен нушибилерге топтасты. Шегуй қаған (610-618) қағанаттың шығыс шекараларын Алтайға дейін жеткізді. Тон-жабғу (618-630) солтүстікте Испиджаб пен Шаштан Оңтүстік Ауғанстанға дейінгі аумақта бақылау орнатты. Тон-жабғу дүние салғаннан кейін дулулар мен нушибилер арасында күрес басталып, Жетісуға қытай әскерлері басып кірді. Соңғы тәуелсіз қаған Нивар Ышбара тұтқынға алынғаннан кейін (659 ж.) Батыс түріктері Қытайға тәуелділікке түсті.
- Түргеш қағанаты. Батыс Түрік қағанатының құрамына кірген, Жетісудағы керуен жолдарын бақылауында ұстаған түргештер VIІ ғ. аяғында күшейді. Түргеш көсемі Үшелік (Учжилэ) 699 жылы бұрынғы Батыс Түрік қағанатының аумағында өз билігін орнатты. Түргештер шығыста Шығыс Түрік қағанатымен, батыста соғды князьдіктерімен, оңтүстік-шығыста Қытаймен шектесті. 711 жылы Жетісуға басып кірген көк түріктер сары түргештерді талқандағаннан кейін, мемлекеттегі үстемдік қара түргештерге ауысты. Қаған тағына отырған Сұлық (Сұлу) 717 жылы Қытайға табысты дипломатиялық сапар жасады. Сондай-ақ ол Шығыс Түрік қағанатымен, Тибет патшалығымен әулеттік некелесу арқылы одақтасты. Оңтүстік шекараларда түргештер арабтарға қарсы күресті, бірақ табысқа жете алмады. 738 жылы Сұлық қаған қаза тапқаннан кейін, сары және қара түргештер арасында өзара күрес басталды. VIІI ғ. ортасында Жетісуға ықпал орнату үшін қытайлар мен арабтардың бәсекелестігі күшейді. 751 жылы Тараз маңында (Атлах) арабтар мен қытайлар арасында ірі шайқас болып өтті. Қытай тылындағы қарлұқтардың арабтар жағына шығуы нәтижесінде қытайлар зор шығынға ұшырады. Қытай әскері Жетісу мен Шығыс Түркістаннан кетіп, арабтар Шашқа қарай шегінді. Осындай күрделі саяси жағдайдан әлсіреген Түргеш қағанатындағы билік 756 жылы қарлұқ тайпаларының қолына көшті.
- Қарлұқ қағанаты. Қарлұқ қағанаты 766 жылы Жетісу жерінде құрылды. VIII ғ. ортасында қарлұқтар елеулі әскери-саяси күшке айналды. Қарлұқ тайпалық бірлестігі үш рудан: бұлақ, чигил және ташлық руларынан құралды. Қарлұқтар 746 жылы Ұйғыр қағанатынан бөлініп шығып, Жетісуға қоныс аударды. 751 жылы қытайлар мен арабтар арасында болып өткен Атлах шайқасынан кейін қарлұқтар өз жағдайын нығайтып алды. VIII-Х ғғ. қарлұқ тайпалары Жоңғар Алатауынан Сырдарияның орта ағысына дейінгі, Балқаш көлі мен Ыстықкөл аралығындағы жерлерде қоныстанды. Суяб және Талас қалалары қарлұқ қолбасшыларының тұрақты мекеніне айналды.
840 жылы Енисей қырғыздары Ұйғыр қағанатын талқандағаннан кейін Исфиджаб билеушісі, қарлұқ жабғуы Білге Күл Қадыр хан өзін қаған деп жариялады. Қарлұқтардың мемлекеттік құрылысы үлестік-тайпалық басқару жүйесінің болуымен сипатталады. Ірі тайпалардың үлестік басқарушылары өздерінің жартылай дербес және іс жүзінде тәуелсіз иеліктерін нығайтуға ұмтылды. Қарлұқ қағанатындағы үлестік-тайпалық басқару жүйесі орталық билік жолындағы күрестің күшеюіне себепші болды. Соның салдарынан қарлұқтардың билеуші әулетін жойған күштер олардың өз ортасынан шықты.
Қарлұқ қағанатының экономикалық өмірінде соғды қалалары үлкен рөл атқарды. Соғды мекендерінің сауда-экономикалық қуаты аса зор және дипломатиялық мүмкіндігі күшті болды.
Х ғ. бірінші жартысында Қарлұқ қағанатының жеріндегі бытыраңқылықты пайдаланған Қашғардың түрік билеушілері 940 жылы Баласағұн қаласын басып алып, Қарлұқ қағанатын құлатты.
- Оғыз мемлекеті. ІХ ғ. ортасында Жетісудан ығысқан оғыздар кангар-печенег тайпаларын талқандап, Сырдария бойы мен Арал өңірін өздеріне қаратты. Әл-Якубидің (ІХ ғ.) жазбаларында оғыздарда қалыптасқан мемлекеттің болуы, олардың қарлұқ, тоғыз-ғұз, қимақ тайпаларымен соғыстары туралы мәліметтер бар. Оғыз мемлекетінің астанасы Янгикент (Жаңа Гузия) Хорезммен және Мауараннахрмен түйісіп жатқан керуен жолының бойында орналасты. Жоғарғы билік иесі – жабғудың билігін ірі әскери-тайпалық ақсүйектердің кеңесі шектеп отырды. Оғыз мемлекеті саяси және әлеуметтік табиғаты жағынан ерте феодалдық мемлекет болды. Оғыздар Еуразияның ерте ортағасырлық тарихында маңызды рөл атқарды. 965 жылы оғыздар Киев Русімен одақтасып, Хазар қағанатын талқандады, 985 жылы Еділ бұлғарларына қарсы жорық жасады. Шахмәлік жабғудың тұсында Оғыз мемлекеті күшейіп, 1041 жылы Хорезмді басып алды. Деректерде Шахмәліктің салжұқтар қолынан қаза тапқаны туралы айтылады. Оғыз мемлекеті ХІ ғ. ортасында қыпшақтардың соққысынан құлады. Олардың кейбір топтары қыпшақтардың ығыстыруымен Кіші Азияға, Шығыс Еуропаға кетті. Бір бөлігі Мауараннахрдағы Қарахан әулеті мен Хорасан салжұқтарының қол астына көшті.
- Қимақ қағанаты. Батыс Алтай, Тарбағатай, Ертіс бойы және Алакөл маңында қоныстанған қимақтардың үлестік басқаруға негізделген мемлекеті ІХ-Х ғғ. қалыптасты. Орталығы Имақия қаласында болды. Қимақтар батыста және оңтүстік-батыста Жетісу мен Арал маңындағы оғыздармен, оңтүстікте – қарлұқтармен, шығыста – Енисей қырғыздарымен шектесіп жатты. Парсы тарихшысы Гардизи (ХІ ғ.) өз еңбегінде қимақ конфедерациясына эймур, имек, татар, байандұр, қыпшақ, ланиказ, ажлар тайпаларының кіргенін мәлімдейді. Қимақ мемлекеті күшейген уақытта тоғыз-ғұздарға, Енисей қырғыздарына қарсы әскери жорықтар жасағаны белгілі. ХІ ғ. Қимақ мемлекеті ыдырай бастады. Оның себептері – 1) мемлекет құрамындағы қыпшақтардың орталық билікке бағынбай, өз мемлекеттілігін құруға ұмтылуы; 2) Орталық Азия тайпалары қоныс аударуының ықпалымен болған сыртқы оқиғаларға байланысты. Қимақтар саяси үстемдігінен айырылып, қыпшақтарға тәуелді болып қалды.
Бекітуге арналған сұрақтар:
- «Түрік» термині алғаш қай елдің деректерінде кездеседі?
- Түргеш қағанаты не себерті сары және қара түргештер болып бөлінді?
- Ерте ортағасырларда Қазақстан территориясында қандай алғашқы мемлекеттік бірлестіктер өмір сүрді?
- Араб жаулаушылық соғыстары қалай жүрді?
Әдебиеттер:
- Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
- Гумилев Л.Н. Көне түріктер. Алматы «Білім», 1994.
- Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007. – 274 б.
- Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. І том. Алматы: «Атамұра», 1996, 2010. – 544 б.
- Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Очерктер. Алматы: «Дәуір», 1994.
- Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б.
- Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
- Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы: «Қарасай», 2007. – 344 б.
- Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008. – 640 б.
- Салғараұлы Қ. Түрік қағанаты жөнінде бірер сөз // Ақиқат, 2006, №2.