АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ДАМЫТУ.

10 января, 2020 22:08

 МАЗМҰНЫ

 

КІРІСПЕ

1.БӨЛІМ

1.1 АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ — МЕМЛЕКЕТТІҢ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ ТЕТІГІ     

 

2.НЕГІЗГІ БӨЛІМ

2.1 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНІНДЕГІ ЖАҒДАЙЛАРҒА ЖАЛПЫ ТАЛДАУ

 

3.БӨЛІМ

3.1 АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ СЕРПІНДІ ЖОБАЛАР

 

ҚОРЫТЫНДЫ

КІРІСПЕ

         Қазіргі кезде агроөнеркәсіп кешені мемле­ке­тіміздің даму қарқынына сай өркендеп келеді. Республика Президенті Н.Назарбаевтың “Қазақ­стан халқының әл-ауқатын арттыру – мем­ле­кеттік саясаттың басты мақсаты” атты Қазақстан хал­қына Жолдауында атап өтілгендей, ауыл­да­рымыз бен селоларымыздың өмір сапасын жақ­сарту мемлекеттік саясаттың басым бағыты бо­лып қала береді.

Ел өміріндегі осынау маңызды саналатын агро­өнеркәсіп саласын дамытуға мыңдаған ең­беккерлер өз үлестерін қосуда. Агроөнеркәсіп ке­шенін тұрақты дамытудың 2006-2010 жылдарға ар­налған тұжырымдамасы мен оны іске асы­рудың бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарында агр­арлық секторды индустрияландыру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жеріміздің кеңдігі мен еліміздің географиялық тұрғыдағы артық­шы­лық­тарын пайдалана отырып, кейбір өнім түрлерін та­биғи ортада тиімді әрі сапалы өндіру мүм­кіндіктері, инфрақұрылымды дамыту, агро­өнеркәсіп өнімдерінің рыногын мемлекеттік реттеу, елдің азық-түліктік қауіпсіздігін қам­та­ма­сыз ету мәселелері жан-жақты қарастырылған.

Елімізде соңғы жылдары аграрлық секторды дамытуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Осыдан бес жыл бұрынғы көр­сет­кіш­термен салыстырғанда, ауыл шаруашылығының жал­пы өнімі 2 есеге жуық өсті. Тиісінше инвес­тициялар көлемі де 3 еседен астамға ұлғайды. Жаңа техника мен технологияларды пайда­ланудың арқасында дәнді дақылдарды жинау анағұрлым өсті. Соңғы үш жылда қолға алынған егінді міндетті сақтандырудың енгізілуі – ­­құр­ғақшылық орын алған жылдарда да фер­мерлердің кепілді табыс алуына мүмкіндік туғызып отыр.

Қолда бар деректерге сүйенсек, ауыл ша­руа­шылығындағы өткен жылғы көрсеткіштер бұ­рынғы жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға ұл­ғайған. 2008 жылы ауыл шаруашылығында өн­дірілген жалпы өнім көлемі 1 триллион теңгеден асты.

Елбасының халыққа жолдауларында белгі­лен­ген міндеттер мен басымдықтарды заң­на­ма­лық тұрғыдан қамтамасыз ету Парламенттің басты міндеті болып қала береді. Осы кезге де­йін ауыл шаруашылығы саласына қатысты жи­ыр­маға жуық заң қабылданды. Олардың ішінде “Астық туралы”, “Асыл тұқымды мал ша­руа­шылығы туралы”, “Өсімдік карантині туралы”, “Қазақстан Республикасындағы ауылдық тұтыну кооперациясы туралы” және басқа да заңдар елі­міздің агроөнеркәсіп саласын дамытуға құқық­тық негіз қалады. Ауыл шаруашылығына қа­тысты арнайы заңдардың қабылдануы сала бойынша жағдайдың тұрақтануына, белгіленген басымдықтарды жүзеге асыруға деген құл­шы­ныс­ты, сала болашағына деген сенімділікті арттыруға оң ықпал еткені даусыз.

Парламент қабылдаған “Өсімдік шаруа­шы­лығы туралы” Заңда Үкімет тұқым шаруа­шылықтарына тікелей қолдау жасаумен қатар, олардың жоғары сортты тұқымдарын тауар өн­дірушілерге арзандатып беру, бәсекеге қабілетті өнімді беретін отандық сұрыптауды енгізу, сорт алмастыру және жаңарту бағытында бірқатар бюд­жеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда және осы іске шаруаларды ынталандыруға күш са­лып келеді. “Өсімдіктерді қорғау туралы”, “Мақта саласын дамыту туралы” заңдарды жүзе­ге асыруға орай жеміс, жүзім және мақта шаруа­шы­лықтарын жедел дамыту мақсатында бақша және жүзімдіктерді жеміс беретін мерзімге де­йінгі күту шығындарын субсидиялау ісі қолға алынды.

Үстіміздегі жылы басымдық берілетін және бәсе­кеге қабілетті дақылдар өсіруді ын­та­лан­дыруға бағытталған шаралармен қатар, жанар-жа­ғар май мен минералды тыңайтқыштардың, гер­бицидтер және ветеринарлық препараттардың ба­ғасын арзандатуға бағытталған түрлі бағ­дарламалар бір арнада тоғысатын болды. Ба­сымдық берілген дақылдарды өсіруге жұм­салатын шығындарды өтеу үшін берілетін суб­сидиялар мөлшерін өзгертіп отыру арқылы Үкімет ішкі және сыртқы рыноктардың даму коңюнктурасы мен келешегіне байланысты өндіріс көлемін реттеуді қолға алуда.

Жолдауда мал шаруашылығына да мән беріліп, оның экспорттық әлеуетіне назар ауда­рыл­ған. Дүние жүзінде аграрлық елдер қата­рын­дағы біздің ел үшін мал шаруа­шы­лы­ғының келешегі зор екені белгілі, өйткені, бізде мал өсіруге өріс те, кеңістік те жетерлік. Сондықтан бірқатар жерлерде мал тұқымын асылдандыру ісі жолға қойылып келеді. Бұл туралы кезінде Парламент арнайы заң да қабылдаған еді. Бү­гінде малдың генетикалық әлеуетін арттыру, селек­циялық жұмысты жақсарту, оның ішінде мал­дың әлемдік және отандық гендік қорының озық жетістіктерін қолдана отырып, саланы же­дел дамыту, өнеркәсіптік негізге көшіру қа­жеттігі туындап отыр. Ынталандыру жолдарын бел­гілеу және басқа да экономикалық реттеу те­тіктерін іске қосу арқылы Үкімет бұл міндеттерді шешу ісіне де белсенді қатынасуда. Мал шаруа­шылығының қарқынды даму үдерісін ын­та­ландыру мақсатында ірі қара мал мен шошқаны бор­дақылау үшін пайдаланылатын құрамажем­дер­дің бағасын арзандату үшін жаңа бюджеттік бағ­дарлама енгізілді.

Қазіргі кезде мұздатылған және сал­қын­датылған ет өнімдері әлемде сұранысқа ие болуда. Мұндай тиімді сұранысты қанағат­тан­дыру ісіне қатысу үшін біз, ең алдымен, халық­аралық талаптарға сәйкес озық үлгідегі жем­дік базасы және инфрақұрылымы дамыған мал семірту алаңдарын салу, қалыптастыру жө­ніндегі жобаларды іске асыруымыз керек. Тауар өнді­рушілер қызметін нақ осы мақсатқа тиімді ба­ғыттау мақсатында мемлекет, ұйымдастыру ша­раларын қолға алумен қатар, олардың жұ­мысына жеңілдік беретін осы бағыттағы жаңа бюджеттік бағдарламаларды енгізуде.

 

 

 

 

 

 

                                       

   1.БӨЛІМ

1.1. АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ — МЕМЛКЕТТІҢ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ ТЕТІГІ     

 

         Дамыған 50 елдің қатарына қосылуды көздеп отырған Қазақстан үшін эко­но­ми­ка­ның құрылымын өзгерту маңызды мәселелердің бірі. Осы мақсатқа жету үшін Мем­лекет басшысы экономиканы әртараптандыру жөнінде Үкімет алдына зор міндеттер қойып отыр. Олардың басты 30 бағыты Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Жолдауында айқын көрініс тапты.

Аграрлық азық-түлік және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі екі мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысын сараптау нәтижелері алға қойылып отырған мақсат-міндеттердің орындалып жатқанын көрсетіп отыр. Атап айтқанда, өткен жылдары агроөнеркәсіп кешенінің заңнамалық базасын жетілдіруге және оны халықаралық нормаларға сәйкестендіруге баса назар аударылды.                                                                                      Ауылшаруашылығын зерттеуші ғалымдарлың айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлінген қаржылық ресурстар аграрлық азық-түлік бағдарламасының жоспарына сай жүзеге асырылып, Елбасы Жолдауында айтылғанындай, жыл сайын 9-10 миллиард теңгеге ұлғайтылып отырылды. Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың қайтарымдық ресурстарының шамасы 45 пайыз болса, бағаның қалыптасуына тікелей ықпал ететін субсидияларының көлемі 13 пайызды құрады. Егін шаруашылығында егіс алқаптары соңғы үш жылда 8 пайызға немесе 18 миллион гектарға ұлғайды. Бірақ, ондағы астық дақылдарының үлесі 70 пайыздан 65 пайызға дейін кеміді. Ал, майлы дақылдардың алқабы екі есеге жуық артты. Сонымен қатар, астық өнімдерінің өңдеу технологиялары жетілдіріліп, жыл сайын егістіктерді қосалқы танаптар мен минералдық тыңайтқыштармен өңдеу ауқымы ұлғайып келеді. Тұқым шаруашылығына жасалған мемлекеттік қолдау егілетін тұқымның жалпы ауқымын сараптауға мүмкіндік берді.

Мiндеттер. Экономикалық перспективалы ауылдық аумақтарды басым дамыта отырып, елдiң аумақтық кеңiстiгiн ұтымды игеру және жайластыру.

Iс-қимыл стратегиясы

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк және өңiрлiк бағдарламаларын iске асыру шеңберiнде:
экономикалық қызметтi дамыту, әлеуметтiк және тыныс-тiршiлiктi қамтамасыз етушi инфрақұрылым объектiлерiн салуды, жөндеу мен қайта жаңартуды инвестициялау жөнiндегi бiрiншi кезектегi шараларды iске асыру;
ауылдық елдi мекендердiң (АЕМ) даму әлеуетiне қарамастан, алайда халық санын, негiзгi, мемлекет кепiлдiк берген қызмет көрсетулер ұсынушы әлеуметтiк және тыныс-тiршiлiктi қамтамасыз етушi инфрақұрылымды ескере отырып, оларды қамтамасыз етудiң ең төменгi деңгейлерiн әзiрлеу әрi орталық және өңiрлiк басқару деңгейлерiнiң жауапкершiлiгiн ажырата отырып, оларға кезең-кезеңiмен қол жеткiзу жөнiндегi iс-шараларды iске асыру;
АЕМ-де шаруашылық қызмет үшiн неғұрлым қолайлы жағдай жасау: өнiмдi жерлерге, қаржы ресурстарына, нарықтық ақпаратқа қолжетiмдiлiк, қайта мамандану, оның iшiнде ауыл шаруашылығы емес қызметке және басқаларына қайта даярлану мүмкiндiгi арқылы ауыл тұрғындарының жоғары және орташа даму әлеуетi бар АЕМ-ге шоғырлануын ынталандыру;
бәсекелiк (табиғи, еңбек және басқалары) артықшылықтарды пайдалану негiзiнде АЕМ-нiң өзiн-өзi дамыту процесiн ынталандыру.
Мыналарды:
экономикалық қызмет салаларын кеңейту және ауылдық жерлердi iрi қалалардың базасында қалыптастырылатын өңiрлiк кластерлерге тарта отырып, оларды индустрияландыру жөнiндегi iс-шараларды iске асыруды;
елдi мекендердiң өңiрге қарасты жүйелерiн (ЕӨЖ) дамытуды және қалыптастыруды жоспарлау шеңберiнде қалалар мен ауылдар арасындағы байланысты күшейтудi (3.2.3-бөлiм) қоса алғанда, өңiрлердiң даму стратегияларына (бәсекелi стратегияларға) қалалық және селолық даму бағдарламаларын кiрiктiру арқылы өңiрлердiң экономикалық дамуында ауылдық аумақтар әлеуетiнiң өсуiн қамтамасыз

2001 жылдан 2005 жылға дейін аграр­лық саладағы ғылыми-зерттеу ұйым­да­ры өз жұмысын “Агроөнеркәсіп ке­шеніндегі қолданбалы ғылыми-зерт­теу­лер” бағдарла­ма­сының аясында жүргізген. 2005 жылы ғылыми-зерттеулер бағдарлама­сын жүзеге асырудың бес жылдық мерзімі бітеді. Осы уақытта бірнеше нақты нәтижелер алынды. Атап айтқанда:

Егін және өсімдік шаруашылық сала­сын­да әртүрлі дақылдардың 201 сорты мен гибриді шығарылып, мемлекеттік сорт тек­серуге жіберілген, жыл соңында тағы 58 сорт­тар мен гибридтер шығарылуы жос­парланып отыр.

Қазақстандық ғалым-селекционер­лер­дің жетістіктерін айтпай кетуге болмайды. Осы жылы күріштің “Ару” атты сорты әлемдік практикадағы ең қысқа жетілудің вегетациялық мерзімімен ерекшеленді.

Технологиялар бойынша 94 ұсыныс жа­салды, оның 65-і егін шаруашылығы бойынша, 6-уы өсімдік қорғау, 23-і орман және су шаруашылығына қатысты.

Күздік бидайды, мақта және қант қы­зыл­шасын суғару технологиясы ұсынылды.

Мал шаруашылығы мен ветеринарияда ірі қара малдың қоңыр типін шығару жұмыстары аяқталды және селекциялық жетістікке өтініш жіберілді.

Қазақ бактрианның жоғары өнімділік көрсеткен “Қарабура” аталық ізі шығарылды.

Ауыл шаруашылығын механикалан­дыру саласында 69 мәшине мен жүйенің тәжірибе жобалары жасалды, соның ішінде ПР-400 престелген шөп жинағыш, ДИК-1 жем ұсақтағыш, жасалды.

Агроөнеркәсіп кешенінің экономика саласында 26 ұсынысы жарияланған, со­ның ішінде 2010 жылға дейінгі Қазақ­стан агроөнеркәсіп кешені дамуының болжа­мы, Қазақстандағы агроазық-түлік жүйе­лері­нің экономикалық дамуының стра­те­гиялық бағыттары, әлемдік сауда ұйы­мына қосылу жағдайындағы Қазақ­стан­ның агроөнеркәсіп кешенінің сырт­қы на­рық­пен әрекеттесуіне арналған ұсыныстар.

Агроөнеркәсіп кешенін тұрақты да­мы­тудың тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін “2006-2008 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешені сала­сындағы қол­данбалы ғылыми зерттеулер” іс-шара­лары енгізілді, онда ғылыми зерттеулерді жүзеге асырудың жаңа бағыттары қарастырылған. Солардың ішінде:

– қазіргі кездегі биотехнологиялық және басқа да әдістерді қолдану негізінде дақылдардың жаңа сорттары мен гибридтерін шығару;

– малды өз төлінен жедел өсірудің био­технологиялық әдістерін жетіл­ді­ру және қазіргі ДНК технологияларын пайдалана отырып мал түліктері гено­мын ғылыми негізде бағалауды әзірлеу;

– ауыл шаруашылығын механика­лан­дыру саласында өсімдік шаруашы­лығы мен мал шаруашылығы салалары үшін қажетті ресурс үнемдейтін және бәсекеге қабілетті технологиялар мен мәшинелер жүйесін әзірлеу көзделген.

Қазақстанның ауылшаруашылық ғылымына арналған қаржы жылдан жылға көбейіп келе жатқанын аңғаруға болады. Егер 2002 жылы оның көлемі ішкі жалпы өнімнің – 0,13 пайызын, 2003 жылы – 0,14 пайызын құраса, 2004 жылы 0,24 пайызын құрады. Бірақ бұл қаржы алдыңғы қатарлы елдердің көрсеткішінен едәуір төмен. Қазақстан­ның стратегиялық бағдарламасында көрсетілгендей 2010 жылға дейін ғылыми-зерттеулерге бөлінетін қаржы­ның көлемі ішкі жалпы өнімнің 2 пайызын, ал 2015 жылға дейін 2,5-3,0 пайызын құраған жағдайда ғылым да дамуға тиісті үлесін қосары айғақ.

Қазіргі кезде, өте тапшылық таны­тып тұрған мамандықтарда, соның ішінде, биотехнология, гендік инже­не­рия, АӨК-ін экономикалық-математи­ка­лық зерттеу әдістері, ихтиология, гидро­биология, ауылшаруашылық мә­ши­нелерін жобалау бойынша мамандар дайындау қажет.

Осы мәселені шешу мақсатында 2006 жылдан бастап Әлемдік даму банкі­нің қаржысы есебінен “Қазагро­мар­кетинг” АҚ-пен бірлесе отырып, аяқталған ғылыми зерттемелерді өндіріске енгізу шаралары жүзеге асырылатын бо­лады.

 

 

 

 

 

 

 

 

2.НЕГІЗГІ БӨЛІМ

2.1 Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешеніндегі жағдайға жалпы талдау.

Қазақстанның аграрлық секторы мынадай сипатқа ие:
• ауыл шаруашылығына арналған жердің жалпы аумағы – 222,6 млн. га, оның ішінде 24 млн. га (10,8%) – егістік жерді, 5 млн. га (2,2%) – пішендік жерді, 189 млн. га (85%) – жайылым жерді алып жатыр;
• ауыл тұрғындарының саны – 7,3 млн. адам немесе ел тұрғындарының жалпы санының 47,2%-ын құрайды;
• топырақ және өсімдік жамылғысының тік және көлденең зоналары анық белгіленген. Орманды дала мен дала аймағында барлық жердің 10%, шөл және шөлейт аймағында — 60%-ға жуығы, таулы аймақтарда — 5%-ға жуығы жатыр;
• елдің барлық егіншілік аймақтары жылдық жауын-шашынның аздығымен сипатталады – 150-320 мм.;
• теңізге шығу жолының жоқтығы, бұл сыртқы нарыққа шығуға айтарлықтай қиындықтар тудырады;
• маусымаралық кезеңдерде қант, өсімдік майы, құс еті, көкөніс пен жеміс сияқты өнімдерді қоспағанда, азық-түлік өнімдерінің көпшілігімен қамтамасыз етудің өзіндік жеткіліктілігі;
• солтүстік аймақтардың астық дақылдарын өсіруге және мал шаруашылығына мамандандырылуы; суармалаудың айтарлықтай маңызы бар оңтүстік аймақтарда өсірілетін дақылдардың (астық, майлы, жеміс-жидек дақылдары, көкөніс, мақта) көбінше әртараптандырылған.
• 2007 жылдағы 1 га егістікте ауыл шаруашылығының жалпы өнімін өндіру 47,5 мың теңгені құрайды, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін 1 қызметкерге ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 453 мың теңгені құрайды;
• бидай мен ұнның ірі экспорттаушысы (10 әлемдік экспорттаушылардың қатарына енеді) болып табылады, елдің ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы экспортында мақтаның (15%), тері мен жүннің (25%) де маңызды үлесі бар;
• мал шаруашылығы саласы Қазақстан үшін дәстүрлі шаруашылық болып табылады, мұнда малдың 90%-ы тұрғындардың үй шаруашылығына тиесілі;
• ауыл шаруашылығы техникасы паркінің орта жасы пайдаланудың нормативтік мерзімі 7-10 жыл жағдайында 13-14 жылды құрайды; ауыл шаруашылығы техникасы паркінің 70%-ы – 1991 жылға дейінгі өндірілгендер;
• ауыл шаруашылығы саласына қаржылық қызмет көрсету ұсыныстарының шектеулігі. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша несие ресурстарына деген қажеттіліктің қанағаттанбағандығы ең керітартпалық бағалар бойынша жылына шамамен АҚШ-тың 1 млрд. долларына бағаланады.
Ауыл экономикасын көтеру мақсатында соңғы 10 жылда қомақты қаржы ресурстарымен қосымша күшейтілген АӨК мен ауылды дамыту және қолдау жөніндегі мемлекеттік және салалық бағдарламалар қабылданды.

 

ДӘНДІ ДАҚЫЛДАР

2007 жылы дәнді дақылдарының рекордтық өнімі жиналды, оның өңделгеннен кейінгі салмақ бойынша жалпы көлемі статистика органдарының алдын ала мәліметтері бойынша 20,1 млн. тоннаны құрады, өнімділігі — 13,3 ц/га, бұл 2006 жылы қол жеткен деңгейден сәйкесінше 3,6 млн. тоннаға (22%) және 1,6 ц/га артық.
Жалпы бұл көлем мемлекеттің ішкі қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге және астық экспортының көлемін 10,0 млн. тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді (соның ішінде астық түрінде – 7,5 млн. тонна, астыққа шаққандағы ұн түрінде – 2,5 млн. тонна).
2007 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабының 80% астамы дәнді дақылдардың үлесіне келді.
Жалпы республика бойынша 2007 жылы бидайдың егіс алқабы 2005 жылмен салыстырғанда 246,9 мың гектарға (2,0%), соның ішінде қатты бидайдың егіс алқабы – 19,3 мың гектарға (8,7%), күздік қара бидайдың – 19,9 мың гектарға (60,3%), қарақұмықтың – 60,5 мың гектарға (73,2%), жемдік дақылдардың (арпа мен сұлының) – 322,3 мың гектарға (18,8%), рапстың – 129,1 мың гектарға (4,1 есе), май бұршақтың егіс алқабы – 12,6 мың гектарға (34%) артты.
Алдын ала мәліметтер бойынша майлы дақылдар өндірісі 459,4 мың тонна болды, 2006 жылы 458,9 мың тонна болған, көкөніс дақылдары – 2196,4 мың тонна, бұл 2006 жылғы деңгейден 6,7% жоғары, картоп – 2414,8 немесе 2,3% жоғары, шитті мақта – 438,7 мың тонна, 3,3 мың тоннаға немесе 0,8% жоғары.

АСТЫҚ

Астық өндірісінің өсуі оны сату көлемдерінің ұлғаюына және саланың табыстылығының жоғарылауына себепші болды. 2007 жылы экспортқа 6,8 млн. тонна астық жөнелтілді. Сонымен қатар 1,5 млн. тонна шамасында ұн экспортталды, бұл астыққа айналдырғанда 2,1 млн. тоннаны құрайды. Сонымен астыққа шаққандағы ұнды қоса есептегенде астық экспортының көлемі 8,9 млн. тонна болды. Бұл ретте астық экспортының көлемі 2006 жылғы көлеммен салыстырғанда 2,2 млн. тоннаға (48%), ұн – 339,9 мың тоннаға (30%) артты. Астық пен ұнды экспортқа сатудан түскен түсім сомасы 1542,7 млн. АҚШ доллары деңгейінде болжанып отыр. Бұл 2006 жылдың деңгейінен 801,7 млн. АҚШ долларына немесе 2,1 есе артық.
Астық өндірісінің ұлғаюында жетістіктерге жетуге өсімдік шаруашылығын мамандандыру негізінде оны әртараптандыруды жүзеге асыру бойынша жүргізілген жүйелі жұмыс, өндіріске қазіргі заманғы технологияларды және егіншіліктің озық әдістерін ендіру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау қөлемдерінің өсуі себепші болуда.
Республиканың құрғақшылықты климат жағдайларында өсімдіктің өсуіне жетіспейтін қажетті ылғалды тиімді пайдалануға себепші болатын ылғалресурс сақтайтын технологияларды кеңінен қолдануға, қажетті агротехнологиялық шараларды уақтылы және сапалы жүргізуге тиісті көңіл бөлініп келеді.
2007 жылы қазақстаның астығы 45 мемлекетке экспортқа шығарылды. Негізінен олар 3,3 млн. тонна астық немесе жалпы көлемнің 48% экспорталған ТМД, 1,5 млн. тонна (22,2%) шамасында – Таяу Шығыс, 0,9 млн. тонна (13,5%) – Солтүстік Африка, 0,6 млн. тонна (9,5%) – Европа Одағы елдері. Осы жылы қазақстандық астық алғаш рет Венгрия, Бангладеш, Танзания нарықтарына жеткізілді, перспективада қытай бағытына астық экспорттауды пысықтау жүріп жатыр.
ТМД елдері ішінде астықтың елеулі көлемдерін Әзербайжан – 886,6 мың тонна, Ресей – 613,5 мың тонна, Украина – 394,6 мың тонна, Қырғызстан – 345,5 мың тонна, Тәжікстан – 298,4 мың тонна импорттады.
Алыс шетел мемлекеттері бойынша астықтың үлкен көлемдері Тунисқа – 555,1 мың тонна, Турцияға – 464,5 мың тонна, Сауд Аравиясына – 348,5 мың тонна, Египетке – 329,6 мың тонна, Иранға – 225,3 мың тонна, Йеменге – 193,0 мың тонна, Италияға – 176,8 мың тонна, Германияға – 149,7 мың тонна экспортталды.
Астық экспортының барысын тежейтін басты қиындықтың біреуі бұрынғыдағыдай астық тасымалдайтын арнайы вагондардың жетіспеушілігі болып табылады. Кәзіргі уақытта осындай астық тасымалдайтын арнай вагондардың саны 5236. Егер осы вагондар айына бір айналым жасағанда онда айына экспортқа 500,0 мың тонна астық шығара алады. Бұл ретте жоспарланған 10,0 миллион тонна астықты тасымалдап үлгеру үшін айына 1 миллион тоннадан кем емес астық тасымалдану керек екенін атап өткен жөн.
Бұдан басқа астық тасымалдайтын жылжымалы құрамдардың айналымын тездетуге Украйна айлақтарындағы (порттарындағы) тасымалдау жұмыстарының көбейуі, Азов теңізіндегі тереңдігі аз Россия айлақтарын мұз басып қалғандығы кедергі келтіруде. Мысалы үшін, кәзіргі уақытта Украина айлақтарында және оларға жақын теміржол бекеттерінде 75 теміржол құрамы (поезд) түсіруді күтіп жиналып қалған, оның 31 – Қазақстаннан.
Сол сияқты кедендік және басқада жүкпен бірге болатын керекті құжаттардың дер уақытында ресімделмегендігінен вагондары тиеп жөнелтуіде кешігушілікке жол беру фактілеріде кездеседі. Мұндай жағдайлар әсіресе кеден бекеттері жоқ Ақмола облысының Жарқайың, Есіл және Жақсы аудандарында орын алуда. Аталған ауданның астық экспорттаушылары кеден құжатын алу үшін Атбасар қаласына барады.

 

 

АУЫЛШАРУШЫЛЫҒЫН МЕХАНИКАЛАНДЫРУ

Машина-трактор паркін қазіргі кездегі жағдайы.
Республикада 137,2 мың шынжыртабанды және доңғалақты тракторлар, 45,5 мың астық жинайтын комбайндар, 15,2 мың дестелегіштер, 90,7 мың тұқым сепкіштер және басқа да ауыл шаруашылығы техникалары бар.
Соңғы жеті жылда (2001-2007) 26,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникаларының негізгі түрлері сатып алынған.
Өткен жылы 4,2 мыңнан астам негізгі ауыл шаруашылығы техникалары 45,0 млрд. теңгеге сатып алынды:
тракторлар1117 дана;
астық жинайтын комбайндар — 1605 дана;
тұқым сепкіштер — 819 дана;
егіс кешендері — 394 дана;
дестелегіштер — 308 дана.
2007 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 22,2 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары сатып алынды (бюджеттік қаражат — 8,1млрд. теңге; өз қаражаттары – 3,3 млрд. теңге; экспорттық қаражат – 10,8 млрд. теңге) оның ішінде:
тракторлар -586 дана;
астық жинайтын комбайндар — 656 дана;
тұқым сепкіштер — 303 дана;
дестелегіштер — 140 дана.
Лизингтік негізде ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету қолда бар ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға жағдай жасады.
Жақын және алыс шет елдерден сатып алынған жоғары өнімді, қуатты техникалар:
— ауыл шаруашылығы өндірісін 2002 жылмен салыстырғанда энергиямен қамтамасыз етілуін 19,5 % жоғарылатуға;
— қысқа агротехникалық мерзімде жалпы егістік техникаларының 4,9 % құрайтын егіс кешендерімен 35,2 % дәнді дақылдар егістігіне тұқым себуге;
— жалпы астық жинайтын комбайндар санының 22,3 % құрайтын соңғы 7 жылда сатып алынған астық жинайтын комбайндармен дәнді дақылдар егісінің 40 %-ын жинауға мүмкіндік берді.
Ауылшаруашылығы машиналарын жасаудың қазіргі кездегі жағдайы және дамуы.
Республикамыздың өнеркәсіптік потенциалын ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы 120 кәсіпорын білдіреді. Оның ішінде 50 кәсіпорын мынадай ауыл шаруашылығы техникаларын шығарады: дестелегіштер, тұқым сепкіштер, жер өңдеу құралдары (сыдыра жыртқыш, сыдыра қопсытқыш, соқалар, тырмалар), мал азығын дайындау құралдары, өсімдік қорғау машиналары (дәрі сепкіштер, тұқым улағыштар) және қосалқы бөлшектер, сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешендері үшін жабдықтар. Қалған 70 кәсіпорындар жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тапсырысымен қосалқы бөлшектерді дайындаумен айналысады.
Шамамен 20 кәсіпорын соңғы өнім шығарушы болып табылады.
Көп кәсіпорындардың қуаттылығының 10-15% ғана жүктелген. Негізгі өнеркәсіптік-өндірістік қорларының тозуы 43-80%, ал машиналар мен жабдықтардың тозуы 40% дейін құрайды.
Технологиялық процесстер мен жабдықтар тозып, озық технологиялар қатарынан қалып қойды. Кәсіпорындар ескірген конструкциядағы ауыл шаруашылығы машиналарын шығарады, тракторлар мен комбайндарды шығару өндірісі жоқ.
Сонымен қатар, осы заманға сай маркетингті, сату, делдалдық және басқада қызмет көрсетулер кәсіпорындарда жоқ.
Ауыл шаруашылығы машиналарын, тораптарын, агрегаттарын және оларға қосалқы бөлшектерді импорттау қазіргі уақытта ішкі өндіріске қарағанда айтарлықтай жоғарғы деңгейде.
Қазақстан Республикасы аймағында импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында өндірісте жоқ техникаларды біріккен жинау кәсіпорындарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы айналым өте төмен деңгейде тұр және соңғы бес жылда 17,6 млрд. теңге көлемінде бағаланған. Оның ішінде елімізде 15,9 млрд. теңге, экспорт – 1,7 млрд. шамасында.
2007 жылы ауыл шаруашылығы техникаларын және қосалқы бөлшектерді шығару көлемі 6,7 млрд. теңгені құрады.
— ауыл шаруашылығы машиналарын және қосалқы бөлшектерін ішкі нарықта сату – 6,0 млрд. теңгені құрады (өткен жылмен салыстырғанда 3,3 млрд. теңгеге көп);
— экспорт – 0,7 млрд. теңге.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жанар-жағармаймен (ЖЖМ) қамтамасыз ету.
Маусымды жұмыстар кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ЖЖМ үздіксіз уақытылы қамтамасыз ету мақсатында:
— Ауыл шаруашылығы министрлігімен дизел отынына қажеттілігі анықталған;
— Энергетика және минералды ресурстар министрлігімен республиканың мұнай өндіруші зауыттарын қажетті мөлшерде шикі мұнаймен қамтамасыз ету және дизель отынының жеткілікті көлемін өндіру туралы шаралар жасалды;
— облыстарды ҚР МӨЗ шартты бекіту жүргізілді;
— ай сайынғы дизель отынын тиеу кестесі, МӨЗ жөндеу жұмыстары жүргізу, «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ жылжымалы құрамын мұнай өнімдерін құюға жіберу келісілді.
Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу.
2007 жылғы көктемгі егін егу жұмыстарын жүргізу үшін республикамыздағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің (АШТӨ) ЖЖМ қажеттілігі:
дизель отыны — 328,0 мың тонна;
бензин — 56,7 мың тонна;
дизель майы — 19,4 мың тонна;
Республикамызда ЖЖМ қамтамасыз етілуі 100 % құрады.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер дизель отынын еркін нарықтан да, облыстарды ҚР МӨЗ шартты бекіту Кестесі бойынша мұнай өңдеуші зауыттардан да алды.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен еркін нарықтан 64000 тонна дизель отыны көтерме және жеке бағамен 57000-61000 теңге/тонна (460-510$/тонна) көлемінде сатып алынды.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мұнай өңдеуші зауыттармен 264,0 мың тонна дизель отыны тоннасын 398 – 460$ бағасымен жөнелтілді, соның ішінде:
— «Атырау МӨЗ» ЖШС – 77100 тоннаны бағасы 53475 теңге/тонна (430-445$/тонна);
— «Павлодар мұнайхимиялық зауыты» АҚ («Меркурий» ЗК» «МанғыстауМұнайГаз» АҚ көлемінен – 100900 тоннаны бағасы 53600 және 54600 теңге/тонна ($ 432-455/тонна);
— «Петро Қазақстан Ойл Продакте» ЖШС (Шымкент МӨЗ») 86000 тоннаны бағасы 49000 – 55000 тонна ($ 390-460/тонна).
Күзгі дала жұмыстарын жүргізу.
Егін жинау жұмыстарын жүргізу кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жанар-жағармаймен үздіксіз уақытылы қамтамасыз ету мақсатында қол жетімді бағамен сатылатын дизель отынының қажетті көлемін негізгі мұнай ресурстарын ұстаушылармен келісім жасалды (1тоннаның бағасы 460$ аспайтын еркін нарықта ҚР МӨЗ сатылатын дизель отынының бағасы 510-520$ болған жағдайда)
Жалпы республика бойынша ЖЖМ қамтамсыз етілуі 100 % құрады.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер дизель отынын еркін нарықтан да облыстарды ҚР МӨЗ шартты бекіту Кестесі бойынша мұнай өңдеуші зауыттардан да сатып алды.
Мұнай өңдеу зауыттарымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 344,0 мың тонна дизель отыны 1 тоннаның бағасы 443 – 460$ жөнелтілді, соның ішінде:
АМӨЗ («Атырау МӨЗ» ЖШС) — 102 938 тонна;
ПМХЗ («Павлодар МХЗ» АҚ) — 115 785 тонна;
ПҚОП «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС, Шымкент — 125 841 тонна.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен еркін нарықтан шамамен 21000 тонна дизель отыны сатып алынды.
Осы уақыт аралығында еркін нарықта орташа көтерме бағасы 63000 теңге/тонна құрады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. БӨЛІМ

3.1 АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ СЕРПІНДІ ЖОБАЛАР

 

Серпінді жобаларды іске асыру, саланың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға өте маңызды ықпалын тигізеді.
Қазақстан астығының экспорттық әлуетін арттыру мақсатында,        Қазақстан Республикасының Президенті астық экспортының жыл сайынғы көлемін ұлғайту және Қазақстанның әлемдік астық экспорттаушы бестіктің қатарына кіруі жөнінде міндет қойды.
Осы міндетті орындау үшін Каспий жағалауы және оған жақын орналасқан елдердің нарықтарының стратегиялық маңызы өте жоғары.
Қазіргі уақытқа дейін осы нарықтарға Қазақстан астығын тасымалдау Ресей, Өзбекстан және Түркіменстан аумақтары арқылы темір жол бойымен жүзеге асырылады. Осыған сәйкес, біздің астықтың экспортының бәсекеге қабілеттілігі осы елдердің көлік саясатына айтарлықтай дәрежеде тәуелді.
Осы мәселені шешу үшін, әлеуетті өткізу нарықтарына отандық астықты жеткізу және Кавказ маңындағы елдердің нарықтарында орнықтыру үшін аса тиімді болып табылатын, Каспий теңізі арқылы осы елдерге экспорттық баламалы бағытты дамыту туралы шешім қабылданды.
Айтылмыш бағытта өткен жылдан бастап Ақтау портында астық терминалының өткізу қабілеттілігін арттыру бойынша және Бакуде астық терминалы мен диірмен кешенінің құрылысының жобалары іске асырылуда.
Қазақстан астығының Каспий теңізі арқылы экспортын әрі қарай дамыту және кеңейту мақсатында Поти (Грузия) және Амирабад (Иран) порттарында астық терминалдарының құрылысы бойынша қосымша жобалар іске асырылуда.
Сондай-ақ, астықты Еуропа елдеріне жеткізудің ең қысқа жолы — Қара теңіз (Украина) порттарының бірінен астық терминалын сатып алу жобасын іске асыру жоспарлануда. Жобаны іске асыру қазақстандық экспорттаушылар үшін өздерінің әлемдік астық нарығындағы қатысуын бекіту және кеңейту шарттарын қамтамасыз етеді.
Одан басқа, халықаралық талаптарға сәйкес келетін дамыған инфрақұрылымы бар қазіргі заманға сай бордақылау алаңдарын ұйымдастыру бойынша жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл отандық еттің бәсекеге қабілеттілігін және сапасын арттырады, ет өнімдерінің экспорттық көлемін елеулі түрде өсіреді және етті өткізудің «жайылымнан дастархан басына» кепілдендірген жүйесін бір ретке келтіреді. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) мемлекеттік сараптауға берілген.
Мақтаны қайта өңдеу саласын дамыту үшін мақталықтың сортты тұқымдық материалын өндіру бойынша зауыт құрылысының жобасын іске асыру жоспарлануда. Жоспардың ТЭН әзірленуде, сонымен қатар жабдықтарды жеткізуге ұсыныстар қарастырылып жатыр.
Сонымен қатар, «Алатау Дейри» ЖШС, «Қазкоммерцбанк» АҚ компаниясының тобы «Meridian Capital» ЖШС сүт және сүт өнімдерін өндіру бойынша серпінді жобаны іске асыруды жоспарлайды. Жобаны іске асыру орны — Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, мегаферманың болжаулы қуаттылығы – 110 мың тонна сүт, 220 мың тонна сүт өнімдерін, 15 мыңға жуық ірі қара мүйізді мал басын өндіру. Жобалық-сметалық құжаттарды (ЖСҚ) дайындау аяқталды, жеке қаражаттары есебінен ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, азықтық дақылдардың күздік егістігі жүзеге асырылды, мегаферманың қажетті инфрақұрылымының құрылысы үшін жер белгіленді. «ҚазАгро»Ұлттық холдингі» АҚ жобаға қатысуы лизингке малдар, жабдықтар және арнаулы техникалар, сонымен қатар өзінің еншілес ұйымы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы өндіріс қуатының құрылысына несиелік қарыз берумен болжанады. «Meridian Capital» ЖШС қаржыландыруға өзінің өтінімдерін қалыптастыруды жүзеге асырып жатыр. Жобаның операторларын мемлекеттік қолдау көрсету шаралары – жеңілдік және субсидия беру мәселесі ынталандырады.
«Халық банкі» АҚ компаниясының тобы, «Маслодел» ЖШС рапстан май және шикі сүт өндіру бойынша өндіріс құру жобасын іске асыруды жобалайды. Жоба Солтүстік-Қазақстан облысында, Петропавл қаласында және Ғ.Мүсірепов атындағы, Тайынша және Аққайың аудандарында іске асырылады. Рапсты қайта өңдеу бойынша зауыттың қуаттылығы жылына шамамен 180 мың тоннаға дейін, элеватордың қуаттылығы 400 мың тонна рапсқа дейін ұлғаяды. Қоспажем зауытының қуаттылығы тәулігіне 200 тонна жемшөп өндіруге, ал мал шаруашылығы кешендері – 30 мың басқа жоспарланған. Жобаның ТЭН әзірленді. «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ осы жобаны іске асыруға қатысу мүмкіндігі «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке арнаулы жабдықтар алып берумен талқыланды.
«Денсаулық өнімдері» фабрикасы құрылысының жобасы Цесна компаниясының тобы «Цесна-Астық» Концерні» ЖШС арқылы жоспарланған. Жобаны іске асыру орны – Ақмола облысы. Балалар тағамын (астық тұқымдастары негізіндегі құрғақ қоспалар, көкөніс езбелері), спорттық тағамдар, диабетпен ауыратындарға арналған, әскери қызметкерлерге және тұрғындардың арнаулы топтарына арналған тағамдар, жалпы алғанда емдеу-профилактикалық қасиеті бар негізгі азық-түлік тағамдарының өндірісін ұйымдастыру жоспарланған. Зауыттардың қуаттылығы – 27 мың тонна дайын өнімдер шығару. Жоба алдындағы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ осы жобаға қатысу мүмкіндігі «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландыру арқылы талқыланды.
«Қазақстанның астық өңдеушілер және наубайшылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігі және «Қазақстанның астық одағы» заңды тұлғалар бірлестіктері серпінді жоба ретінде «Ұн және макарон өнімдері» атты ұлттық брендін құруды мәлімдеді. Жобаның мақсаты: ұн және макарон өнімдерінің ең ірі өндірушілерін осы өнімдерді әлемдік нарықтарға жылжыту мақсатымен, «Ұн және макарон өнімдері» брендінің астында біріктіру. «ҚазАгро»Ұлттық холдингі» АҚ Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге және астық өңдеушілер мен тауарөндірушілердің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерімен бірігіп Тұжырымдаманы және брендін қалыптастыру шараларының жоспарын жетілдіру үшін жұмысшы тобын құрды, брендін қалыптастырудың және жылжытудың аналитикалық зерттеулері сатып алынды. Тұжырымдама жобасы жетілдіру кезеңінде.
Raimbek компаниясының тобы жеміс-жидек, сүт пен басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, сақтау, бөліп тарату және экспорттау бойынша тікелей ықпалдасқан құрылым құру жобасын іске асыруды ұсынды. Жобаның іске асыру орны – Алматы облысы, (болжамды Панфилов, Еңбекші қазақ, Ұйғыр аудандары). Болашақта – Жамбыл облысы. Жобаны іске асыру 3 блокпен қарастырылған. Бастапқыда 3 мың гектар аумақта бау-бақшалар мен жидектіктерді құру, кейін оларды 10-12 мың гектарға дейін кеңейту, әр қайсысында 2 200 мал басы бар 4 ірі-тауарлы сүт фермаларын құру, олардың екеуі — Алматы облысында, Қостанай және Шығыс-Қазақстан облыстарында бір-бірден. «ҚазАгро»Ұлттық холдингі» АҚ жобаға қатысуы өзінің еншілес ұйымдарының күшімен несиелік қаржыландыру, техниканы, құрал-жабдықтарды, малды лизингке берумен болжанады. Қазіргі уақытта қаржыландырудың мүмкін болатын параметрлері қарастырылуда.
«Отес-Атил» компаниясының тобы биологиялық/экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жобасын іске асыруды жоспарлауда. Жобаның мақсаты Алматы облысының Іле-Балқаш су қоймасын дамыту. Қуаттылығы – жылына 2 мың тоннаға дейін шабақтардың бағалы тектерін, жылына 2 мың тоннаға дейін бекіре балықтарын, 15 мыңға дейін мал басын өндіру. Несие желісін ұйымдастыру үшін бизнес-жоспар дайындалып, ұсынылған. «ҚазАгро»Ұлттық холдингі» АҚ және «Отес-Атил» компаниясы тобының арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Қазіргі уақытта «ҚазАгроҚаржы» АҚ аналық мал басын сатып алуға арналған айналым қаржыларын толықтыруға несие желісін ұсыну мүмкіндігін қарастырып жатыр, тағы да балықты қайта өңдеуші 3 зауыттың құрылысына 2 млрд. теңге шамасында несие желісін ұйымдастырудың мүмкіндігі қарастырылуда. Жобаларды іске асырудың экономикалық және әлеуметтік негіздемесі қосымша жұмыс орындарының құрылуы, нарық жағдаятының кеңеюі, экспорттың ұлғаюы, қосымша құны жоғары дайын өнімдермен көрінеді, олар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жоғары технологиялық өндірістердің және соған сәйкес жалпы АӨК дамуымен Қазақстан Республикасының аумағында өндірістік кезеңде қалыптасады.

 

 

 

 

 

 

 

                                             ҚОРЫТЫНДЫ

 

         Дамыған 50 елдің қатарына қосылуды көздеп отырған Қазақстан үшін эко­но­ми­ка­ның құрылымын өзгерту маңызды мәселелердің бірі. Осы мақсатқа жету үшін Мем­лекет басшысы экономиканы әртараптандыру жөнінде Үкімет алдына зор міндеттер қойып отыр. Олардың басты 30 бағыты Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Жолдауында айқын көрініс тапты.

Экономикаға серпін беруде елдегі даму институттарын бір шаңырақ астына біріктіріп отырған мемлекеттік холдингтерге жүктелген міндеттер де ауқымды.

Саланың құқықтық реттелуі мен тиісті заң­на­мамен қамтамасыз етілуінің, атап айтқанда, 2005 жылы “Агро­өнер­кәсіп кешені мен ауылдық аумақтарды да­­­мытуды мем­­лекеттік реттеу ту­ра­лы” Заң­ның қа­был­да­нуы, соңғы жыл­да­ры егін­ші­лік­тен мол өн­ім алы­нуы­на да зор әсері бол­ды. Бұл заң ауыл ша­руа­шы­­лығына мем­­лекет та­­ра­пынан көр­се­ті­летін қар­жы­лай қолдау ісін жүйелі түрде нақтылап бер­ді. Осындай мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіру еселеп арта түсті. Өткен жылы 20 мил­лион 137 мың тоннаға жуық дәнді дақыл жиналып, шығымдылық әр гектарға 13,3 цен­т­нер­ден айналды. Қамбадағы астық елдің ішкі қажеттігін толық қамтамасыз ете алады. Еліміздің экспортқа астық сату көлемі жыл өт­кен сайын орта есеппен 4,5 пайызға артып ке­леді, өткен жылы ол 1,5 миллиард АҚШ долларын құрады.

Қазіргі кезде әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесін пайдалана отырып, республика­мыз­дың агроөнеркәсіп кешенін дамудың жаңа деңгейіне шығару міндеті тұр. Оны орындау үшін егін шаруашылығында бәсекеге қабілетті әрі халықаралық рынокта сұранысқа ие кейбір дақылдардың егін алқаптарын ұлғайту мүмкін­діктері қарастырылатын болады. Дамыған елдерде кеңінен қолданылатын тамшылатып суару мен топырақты құнарландыру, өндірісті әр­тарап­тандыру секілді осы заманғы тех­нология­ларды енгізуге ерекше назар аударылады.

Агроөнеркәсіп кешенінің алдына бірқатар жаңа әрі аса маңызды міндеттер қойылып отыр. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген шараларда еліміздің одан әрі даму стратегиясының көкейкесті міндеттері аталып өтілген. Жолдауда ең бірінші міндеттердің бірі ретінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне басымдық берілді. Бұл бағытта Парламент өткен жылғы 21 шілдеде “Азық-түлік өнім­дерінің қауіпсіздігі туралы” Заңды қабылдаған-ды. Еліміз азық-түліктің негізгі түр­лері бойынша өзіне қажеттісін қамтамасыз ете алады және оны экспортқа шығару мүмкіндігі де бар. Әсіресе, маңызды тамақ өнімдерін өнді­руді ынталандыруға ерекше назар аударылуда.

Мемлекет деңгейінде қабылданған шаралар нәтижесінде ауыл шаруашылығындағы тауар айналымы төрт есеге жуық өсіп, ол 4 миллиард АҚШ доллары көлемінен асып түсті. Өткен жылы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 623 миллиард теңге, оның ішінде азық-түлік өнімдерін өндіру, сусындарды қосқанда 559,8 миллиард теңгені құрады. Сондай-ақ былтыр кейбір басты өнім түрлері, атап айт­қанда, ет, шұжық, балық өнімдері, көкөніс, жеміс шырындары, күнбағыс және рапс май­лары, сүт, сары май, ұн, жарма, макарон және кон­дитер тағамдары бұрынғыдан анағұрлым көп өндірілді.

Алдағы уақытта Елбасының халыққа Жол­дауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру тұрғысында ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібіне инвестициялар тарту көлемі ұлғая­тын болады. Қазіргі кезде сала бойынша негізгі капиталға жұмсалатын инвестиция көлемі де жыл­дан жылға арта түсуде. Өткен жылы ауыл шаруа­шылығына келген инвестиция 59 мил­лиард теңгеден асқан болса, бұл алдыңғы жылғыдан 19,6 пайызға көп.

Жолдауда Елбасы Үкіметке ауыл шаруашы­лы­ғына барлық деңгейде жүйелі қолдау көрсету ша­раларын қабылдауды тапсырып отыр. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу сала­сының бәсекеге қабілеттілігін арттыру – алда тұрған басым міндеттердің бірі. Сонымен қа­тар, өңдеу кәсіпорындарын алдыңғы қатар­дағы техникалық және технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Мемлекет осы үдерісті ынталандыру мақсатында салаға өңдеу жабдықтарын жеңілдетілген баға­мен лизингке беру, екінші деңгейдегі банктерден алған несиелерінің пайыздық мөлшерін төмен­дету, сонымен қатар, өндіріске сапаның халық­аралық стандарттарын енгізу жөніндегі шы­ғындарды субсидиялау арқылы нақты қолдау көр­сетуді қолға алды. Және де саладағы сегіз басым бағыт бойынша жұмыс істейтін өңдеу кәсіп­орындарына қосымша құн салығын 70 пайызға төмендету көзделуде. Мұндай оң шаралардың бәрі саладағы өңдеу кәсіпорын­д­а­ры­ның дамуына, бәсекеге қабілеттілігінің ар­туына ықпал ететіні даусыз.

Тұтастай алғанда, қазіргі кезде елімізде агроөнеркәсіп кешенінде жүргізіліп жатқан оң шаралар аз емес. Олардың басым көпшілігі жо­ға­рыда баяндалды. Ендігі мәселе аграрлық са­ладағы мемлекеттік саясат аясын одан әрі кеңейтіп, тереңдету арқылы ауыл мен село тұр­ғындарының өмір сапасын, тұрмыс деңгейін жақ­сарту, жаңа сапаға көтеру болып табылады. Ол үшін Үкімет пен Парламенттің бірлескен қи­мылы арқылы еліміздің агроөнеркәсіп кешені саласындағы барлық құрылымдардың әлеуетін ба­рынша осы іске жұмылдыруымыз қажет. Сонда ғана біздің Елбасы Жолдауындағы мін­деттерді жүзеге асыра аламыз деп айтуымызға толық негіз пайда болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0

Автор публикации

не в сети 3 года

Назира

1
Комментарии: 0Публикации: 167Регистрация: 25-12-2019

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля