27 февраля, 2020 21:26
МАЗМҰНЫ
БАЙБӨРІНІҢ ҚАСІРЕТІ …………………………………………………………….. | 3 |
КӨРІПКЕЛ ШАШТЫ ӘЗИЗ ………………………………………………………… | 8 |
АЛПАМЫСТЫҢ АЛҒАШҚЫ САПАРЫ ……………………………………. | 14 |
ҚАҺАРЛЫ ҚАРАМАН ………………………………………………………………… | 19 |
АЛПАМЫСТЫҢ ЕКІНШІ САПАРЫ …………………………………………. | 24 |
ТАЙШЫҚ ХАННЫҢ ОРДАСЫНДА ………………………………………….. | 29 |
КАРАКӨЗАЙЫМНЫҢ ДИУАНА БОЛУЫ ………………………………… | 34 |
ОРДАДАҒЫ ОЙРАН ……………………………………………………………………. | 39 |
ЖИДЕЛІБАЙСЫН ЖЕРІНДЕ …………………………………………………….. | 46 |
АРМАНЫНА ЖЕТКЕН АЛПАМЫС ………………………………………….. | 53 |
БАЙБӨРІНІҢ ҚАСІРЕТІ
Ежелден береке дарып, бақ қонған Жиделібайсын жерінің ең бір әлуетті руы Қоңырат болғанда, сол Қоңырат руының жұрттан асқан жуан сіңір байы — Байбөрі еді. Байбөрінің байлығында есеп болмайтын. Төрт түлік малы Жиделібайсынның байтақ даласында аңдай өріп, көрген жанға қара жерді қайыстырып жатқандай әсер беретін. Мұрындық, ноқта тимеген, түйешілер мінбеген маясының өзі сексен мың еді. Мыңғырып өрген қойын айтпағанда, ең даланың шоқ-шоқ боп біткен тоғайы сайын табын-табын жылқы шұрқырап жататын. Ол да ештеңе емес, дәулеті тасыған Байбөрі жаңағы тоғай сайын мыңнан біткен жылқыларын түсіне қарай иіріп, торысына бір бөлек, қарасына бір бөлек, бозы менен аласына бір бөлек қос шығарған. Мұның өзі сырт көзге өзгеше сән-салтанат сияқты әсер беруші еді.
Байбөрі қанша бай болып, дәулеті шалқып жатса да, жүрек түкпірінде орны толмай, орындалмай жүрген бір арманы болатын. Ол — тұяғын жалғап, орнын басар, түтінін түтетіп, шаңырағына ие болар бір перзентінің жоқтығы еді. Жас кезінде дүниенің бітпес қызығына елігіп жүріп аңдай бермепті. Бойдан қуат, білектен күш қайтып, тіршіліктің әсіре қызыл өткіншілігіне ой зерделеткен шағында көкірегіне шемен болып қатқан қасіреттің ең зоры — баласыз, алды-артының тұлдырлығы екенін аңғарған жайы бар. Оның үстіне, «Жығылғанға — жұдырық» дегендей, Байбөрінің ет жақын ағайын-туғаны да селдір. «Жыласаң — жұбатып, сүрінсең — демейтін қандасың болса, оған да шүкірлік етер едің ғой деп», — Байбөрі мұны да бір арман қылатын. Жоққа жүйрік жеткен бе, тәйірі, мұндайда немере-шөбере болып келетін аталас туысы Құлтайды іш тартып, өзінше қара тұтатын.
Күндер зулап өтіп жатты. Байбөрінің қасірет-қайғысы өршімесе, кемитін болмады. Дүние дидарының пендешіліктен кенде болған кезі бар ма, біреулер Байбөрінің зарына құлақ түріп мүсіркеп жатса, енді бірі іштей қыбы қанып, мұқатып, жасытып кететін. Тіптен, кейбір бақталас бәсекелестері баласының көптігін мақтан етіп, өктем сөйлеп, мағұрланған да сыңай танытушы еді.
Бір күн Байбөрінің жамағайыны Құлтай келіп кеңес береді.
— Уа, Байбөрі,— дейді Құлтай,— сенің басыңдағы қуанышты ғана емес, қайғыны да тең бөлісер ет жақының болған соң, бір орайы келген істің жайын айтайын деп едім.
— Айта бер, Құлтай, жабыққан көңілді жұбатар жақсылық болғай да! — дейді Байбөрі еңсесін көтеріп. Соңғы кезде әр нәрсеге өзінше жору жасап, көрген түсіне дейін бір перзенттің уайымымен ұштастыруды дағды еткен Байбөрі қазір де іштей толқып, Құлтайдың лебізінен қасіретіне дауа күткендей күйде еді.
— Маңдайыңа біткен ен дәулеттің бір пұшпағына бас-көз болған соң, қол астыңдағы құл-құтанмен аралас-құралас болмай тұрмайды ғой,— деп Құлтай әріден орағыта тіл қатты,— сенен несін жасырайын, есігіңде жүрген тезекші қара күңге көзім түсіп, жақындасып жүруші едім. Бүгін түнде сол күң босанып, бір ұл туды. Жаратушы тәңірім не нәрсені болсын себепсіз жаратпайды ғой. Сол ұлды бауырыңа басып, алданыш етсең қайтеді?
Бұл сөз Байбөрінің кәрі жүрегін селт еткізіп, тығырыққа тірелген жерінен жол тапқандай қуаныш күйіне бөленіп еді. Мұнан әрі уақыт алып, ойланып-толғанған да жоқ. Нәрестені аңсап, ынтығып, тіптен таңсық көріп жүрген көңілі алып-ұшып жетектеп кеткендей болды. Кешікпей-ақ Құлтай туысы жақын болған күңнен туған ұлды алып келді. Тағдырдың жазуы осы шығар, тумаса да, туғандай қылайын деп, ұлан-асыр той жасады. Балаға Ұлтан деп ат қойды.
Жаялығы — жабағы жүн, жатын орны — жыртық қос болған Ұлтан Байбөрінің қолына көшкен соң, үлде мен бүлдеге оранып, мұңсыз-қамсыз есейе берді.
Байбөрінің бауырында ішкені алдында, ішпегені артында дегендей, қамсыз балалық ғұмыр кешкен Ұлтан өзінің ұсқынсыз бітімімен, ұр да жық мінезімен көрген жанды тіксінткендей еді. Аяқ-қолы арбиып, аңғал-саңғал боп, ебедейсіз қымылдайтын. Бұрын көрмеген жан Ұлтанның кебежедей кеудесін, кетпендей күрек тілін, кернейдей кеңірдеген, сығымдалған талқандай мұрнын, шыңыраудың түбінде жылтыраған судай жанарын, ошақтай үлкен аузын көрсе, бейне бір құбыжық көргендей болар еді. Ол артына от орнындай із тастап, одыраңдап жүріп өткенде, жолындағы қазан-ошақ салдырап, ел көшкендей болып жататын. Сонан соң да ауыл-үйдің қатын-қалашы Ұлтанды көрсе, кірпідей жиырылып, көз алартып жатқаны. Одан әріге бармайды да. Байбөрінің бауырына басқан жалғызына шаң-шұң шығарып, онсыз да қаяулы көңілге сызат түсіргілері келмейтін. Бірақ оны түсінетін Ұлтан бар ма? Кейпінің ұсқынсыздығы былай тұрсын, қарсы келгенді беттен алып, төске шабатын ұзын сойыл, ұр да жықтығы және бар. Мұнан кейін көрші-қолаң: «Бәледен машайық қашыпты» дегендей, Ұлтан аты аталған жерді алыстан орап өтуді әдетке айналдырған.
Зердесіз болып жаралған соң не шара, Ұлтан бара-бара, тіптен дандайсып кетті. Енді ол өзге былай тұрсын, Байбөрі мен Құлтайға мінез көрсетіп, тіл тигізетін болды. Екі күннің бірінде айқай-сүрең салып, Байбөрінің мол байлығын өзінен қызғануды шығарды. Қашанда ақылы келтенің тілі ащы болатын әдеті, Ұлтан да мал-жанды қызғанған ашу үстінде Байбөріге: «Өй, қубас, саған мал-жан не керек, өлгенде о дүниеге ала кетейін деп пе едің!» — деп, жалғыздығын бетіне басатын. Мұны естігенде, Байбөрі былай тұрсын, ауыл-аймақ адамдары жағаларын ұстап: «Есіл азамат-ай, қор болды-ау!» — десіп, көздеріне жас алатын.
Сырт көз бұлайша егілгенде, Байбөрінің Аналық есімді бәйбішесі одан сайын күйреп, қасірет жасын ішке жұтушы еді. Перзентсіз өткен осынау бақытсыз тірліктің себепшісі бір өзі сияқтанып, көзінің жасы құрғамай, тәңіріне жалбарынатын. Осындай бір қайғысы көп, қапалы күндердің бірінде Аналық көзінің жасын сүрте отырып, Байбөріге ақыл салды.
— Ақ тілеумен босағаңды аттаған ием едің,— деді Аналық,— сөзіме құлақ сал. Жаратқан жалғыздың жарылқаймын десе, құдіретінде шек жоқ қой. Күдерімізді үзбейік, бордай үгіліп жаси бергенмен, ештеңе өнбес. Онан да ақ ниетпен жолға шығып, Әзіреті сұлтанға жалбарынып қайтайық. Бір перзенттің зары үшін қызыл аяқ қыр кешіп, жалаң аяқ жар кешіп, қасірет шеккен күйімізді көрсетейік. Зарымыз Тәңірімнің құлағына жетіп, көз жасымыз тыйыла ма деген үмітім бар…
…Он ойланып, жүз толғанғанда, шарасыз күй кешкен Байбөріге бұл сөз қатты әсер етті. Тығырыққа тіреліп, дал болғанда қияннан кезіккен жалғыз жолдай көңілін еліктіріп еді. Жай елігу емес, шынпейілімен құлай беріліп, жақсылыққа бастар жарық сәуледей бір үміт жүрек түкпірінде ойнақ салған.Осыдан кейін-ақ Байбөрі жол қамына асығыс кірісіп кетті. Алдымен қой ішінен ай мүйізді ақ қошқар таңдап, құдайыға шалды. Сонан соң ел-жұртын жинап, мол етіп қонақасы беріп, қош айтысты. Осы кезде Аналық бәйбіше де аңырап үріп, ақ пейілмен қазына аузын ашып тастап, алтын-күміс, асылының барлығын ел-жұртқа таратты. Игі ниеттің айғағы болсын деп, жұрттың бәріне құдайыны мол берді. Содан сәрсенбінің сәтіне, сәске түс әлеті болған кезде, Байбөрі мен Аналық жолға шықты. Асыл кілем жаптырып, алтын-күміс арттырып, жүрдек келген бір бураны жетекке алды. Қош айтысқан ел-жұрты қызылды-жасылды болып шұбартып, у-шу болып, күндік жерге дейін соңдарынан шұбады. Қадірі артық бай-бәйбішені қия алмай, көздерінің жасын тыя алмай, тілеулестік ниетін демеу еткен қоңсылар іштей оң сапар тілесті.
Байбөрі мен Аналық болса ет жүрегі елжіреп, күн еңкейген кезде бір төбенің басына аял қылды. Соңынан ерген ел-жұртының алды-арты жиналды-ау дегенде, Байбөрі толқу үстінде тіл қатты:
— Уа, елім, жұртым, көз көргендерім. «Баталы құл арымас» дегендей, сендердің осынау ықылас-пейілдерің көкірегіме үміт отын жаққандай. Сол үміт отын белгісіз сапарымның жолына шырақ етіп ұстап, тарыққан шақа көңілге медеу етермін. Жаратқан ием қуанышпен қауыштыруға жазсын. Қош болыңдар!
Байбөрі мен Аналық қалың топтан бөлініп жүріп кетті.
Соңдарында:
«Ниет қабыл болсын»!», «Жолдарың болғай!», «Тәңірім қуанышты күндерге жеткізсін!» — деп шуласқан қалың жұрт қала берді. Қазіргі сәтте ел-жұртының тілеулес ниеті бай-бәйбішеге қанатбітіргендей, көңілдері алып-ұшып, алдағы алыс сапарға, келер күндерге сағынышпен асыға ұмтылған.
Байбөрі мен Аналыктың жолға шыққанына екінші айдың жүзі болды. Үйден қырық қадам шыққан кісіні ғаріп дейтін сөз рас екен. Осынау екі айдың ішінде көрген қиындықты айтып жеткізуге болмас та. Әйтеуір, тәтті үмітті көңілге медеу етіп, қос мұңдық жарыққа ұмтылған көзсіз көбелектей Әзіреті сұлтанға жетуге асыққан. Сонан соң да жақсы ниет жолында біресе аңырап жыласып, біресе күлісіп, ауыздарын ашса, перзенттен басқа сөзі болмай, қиындыққа бастарын байлаған сыңайлары бар. Бұлардың діңкесін құртып, табанын тоздырған жер — Ызғардың қырық күншілік даласы еді. Бұл — көкпектен басқа шөбі жоқ, көкектен басқа құсы жоқ, қаңбақ кезген құла дүз болатын. Не жолы, не асуы жоқ елсіз-күнсіз ең дала алғашқыда бастарын айналдырып, діңкесін құртып, дал қылған. Аналық бәйбіше: «О, тәңірім, қай пиғылымнан осынша азабыңа душар болдым, мұнша неге қинайсың!» — деп, торығып, көзінің жасын көл етіп еді. Байбөрі болса сабыр шақырып, бәйбішесін жұбатып, үміт сапарын жалғай берген. Бір ғажабы: туғаннан бері жоқшылық тауқыметін тартып көрмеген, табаны жерге тимеген, маңдайы күнге күймеген Байбөрі де, Аналық та қандай азап шексе де, бір сәт көлікке мінбей, жаяу жүрумен болды. Көлікке мінсе, осынау ақ тілеулі сапарларына күшрлік ететіндей, Әзіреті сұлтанға қыр көрсетіп, шамына тиетіндей, шын берілген ниеттерін танытқан. Аз күнде екеуінің де жақтары суалып, көзі үңірейе жүдеді. Содан, қыруар қиыншылықтармен Ызғардың даласын артқа тастап, тағы да бірер апта жол жүргенде, нысана еткен жердің шетіне ілігіп еді.
Әдеттегідей жеткен жеріне түнеп, таң қылаң бергенде, жолға шыққан. Бүгін табиғат та өзгеше бір шуақты ашықтығымен көңіл сергіткендей. Көк жүзі жалтыр ашық. Таңғы салқынмен жер танабын өндіріңкірей жүріп алсақ деген ниетпен бұлар ширақ аяңдап, қарсыдағы қоян жон қырқаға шыға келіп еді. Сол сәт алыс көкжиекке көз тастаған Байбөрі қияннан көгере сағымданған Әзіреті сұлтанның күмбезін көрді. Көрді де, бар шеккен азабы артта қалғандай, кәрі жүрегі өрекпіп алып-ұшып, жетуге асықты. Аналық болса, қуаныш жасын көл ғылып: «Е, Тәңірім, ниетімізді қабыл етіп, жолымызды оңғара көр!!»- деп, іштей тәубеге келді. Байбөрі мен Аналық Әзіреті сұлтанның күндік жерден асқақтай көрінетін көк күмбезіне кеш түсе әзер жетті. Сол күні әулиелі мекенді төңіректеп келіп, тізгін тартып, тізе бүкті. Ертеңінде әулиелердің әулиесі Әзіреті сұлтанның көк күмбезіне құлшылық етіп, қызмет көрсететін қожалардың басын қосты да, алып шыққан асыл қазыналарын екі жерге үйді. Бір бөлегін Әзіреті сұлтанның басына байлап, екінші бөлігін қожаларға үлестірді. Сонан соң Байбөрі мен Аналық көздерінің жасы құрғамастан жеті күн бойы құлшылық ұрып, қасиетті орынға түнеп жүрді.
Мұңсыз жанға жеті күн деген, жеті рет ұйықтап оянғандай аз ғана мерзім болғанмен, бай-бәйбіше үшін үміт-тілекке толы, қасірет-күмәні көп жеті күн жеті жылдай болған. Бәрі де тәңірдің бұйрығынан ғой, сол зарығумен өткерген жеті күн ішінде ешқандай нышан сезген жоқ. Бай-бәйбіше бір-біріне жалтақтап: «Не көрдің, не сездің?!» — дегендей, бір-біріне сұраулы үмітпен қарауды шығарды. Әзіреті сұлтанның басына орнаған көк күмбез болса, тылсым жұмбақтықпен мүлгіп, сұсты айбарымен мысты басқандай еді.
«Жазған құлда шаршау жоқ». Телміріп жата берудің қисыны тағы жоқ. Жеті қүн, жеті түн өткенде, Байбөрі мен Аналық үміт-тілекті жетекші етіп, тағы да жолға шықты.
Кәрі Қаратаудың қолтық-қойнауы, бауыр-беткейі қашаннан әулие-әмбиеге мекен болған жер. Киелі зират, қасиетті мазарларды, иманға орда болған көрікті шаһарларды айтпағанда, әрбір тау-тасы, өзен-көлінің нышанасы мол, әулиелі өлке болатын. Сонан соң да жолға шыққан бай-бәйбіше аты мәлім мекенді айналып өтпей, тізгін тартқан сайын тауап етіп, бір-бір түнеп келеді. Дүниенің де бет-жүзіне қарамай қайыр-садақаны мол-мол үлестірген. Әзіреті сұлтанмен есімі қатар аталатын Баба-Атаға да үш күн түнеді. Ол кезде Баба-Ата томпайып қана жатқан жалғыз бесікше болатын. Аналық байғұс дамыл таппай құлшылық ұрып, Баба-Атаның бесікшесін күзетті. Көкірегін өксік қыса жүріп, шын пейілімен ықылас танытты. Байбөрі болса, бар қалған қазынасын сарып қып, әулиеге бағыштап басына байлады.
Бұлар Баба-Атадан шыққанда, осынау бұлыңғыр үмітке иек сүйеген сапарларына тоқсан күн толып еді. Әлі көңілді елең еткізер ешқандай нышан болмай тұр. Жүрген жол, көрген түстеріне дейін көңілге медеу болар белгіден жұрдай. Байбөрі мен Аналық сонда да алған беттерінен қайтпай, табандарынан таусылып ілгері жылжи берді. Бүгін ертеңгісін Баба-Атадан шыққанда, көз ұшында көлбеп жатқан асқар бел көрінген. Бай-бәйбіше тоқтаусыз жүріп отырып, сәске түс әлетінде сол биік сеңгірдің бауыздау алқымына жетіп еді. Сол беттерінде бөлек бір сезім жүр-жүрлеп асықтырғандай, тау басына шыққанша дамыл таппаған.
КӨРІПКЕЛ ШАШТЫ ӘЗИЗ
Үміт соңынан бұйдалы іңгендей елпілдей ерген қос мүңдық тырмысып жүріп тау басына шықты. Ентіктерін де баспастан елбірей тұрып, ілгері қараса, етекте ботаның көзіндей мөлдіреп айна көл жатыр. Көл жағасынан буы бұрқырап арна тартқан бұлақ көрінеді. Сірә, әулиенің көз жасы сияқты — бұлақ суы жылы болса керек. Бұлақ желкесіне жалғыз түп қара ағаш бітіпті. Бір ғажабы көрер көзге қаншалықты шүйгін көрінсе де, бұлақ маңайы елсіз, жалаңаш еді. Тіптен моласы да, тамы да жоқ. Оның орнына — бұлақ төңірегі қара ағашпен жарыса өскен қалың шеңгел.
Бай-бәйбіше тағы да сол тәтті үмітке жіпсіз шырмалып, бұлақ басына жеткенше асықты. Көз алдары суланып, етекке құлдырай түскен беттерінде қалың шеңгелді аралап кетіп еді. Тау басынан қызара көрінген шеңгел шынында да ұйыса бітіпті. Көңіл шіркін, елегзіп, елбіреп, ілгері жетектейді. Байбөрі алда, Аналық артта, жүректері лүпілдеп, көрмеген жерлерін танып-білгенше асыққандай ілгері қарай емпеңдей ұмтылысады. Қадам басқан сайы елеңдеп, алдарынан елп етіп бір нышан көрінердей зарыққан күйге түскен.
Кенет Аналық бәйбіше жаулығы ағараң етіп, бөгеліп қалды. Бөгелейін деп бөгелген жоқ, шеңгел басының салалана біткен бір бұтағы иіліп келіп, маңдайынан тіреді. О, ғажап! Бұтақты жазайыншы деп жасқап үлгермеді, ақ маңдайына екі елі батып-ақ кеткені. Кереметі сол, бұтақтың тиген жері не қанаған жоқ, не ауырсынған жоқ. Аналықтың жүрегі бір құдірет сезгендей алып-ұшып:
— Ием, тоқтай тұршы! — деуге ғана тілі келді.
Артына бұрылған Байбөрі бәйбішенің өңінен алабұртқан толқуды жазбай танып, бір нышанның болғанын аңғарып еді. Аналық болса, сөзге келместен, бөлек бір сезім қолтықтап көтеріп кеткендей, басындағы қабат-қабат жаулығын шешіп, әр шеңгелдің басына іле берді. Аналықтың қазіргі күйі гүл көрген ақ қанат көбелектей еді. Әр шеңгелді бір құшып, ықылас-ниетін бағыштап, ақ жаулығын ырым етіп байлап жүр. Сол күні бай-бәйбіше жылы бұлақ басына аялдады. Қарап отырмай, күн ұясына қонғанша бұлақ басындағы тасты жинап, қонып шығар қалқа жасауды ниет етіп еді. Осы ниет үстінде тағы да бір нышанның кереметіне куә болысты. Кереметі сол, жерден көтерген тасы өзінен-өзі қиюын тауып, қалап жатқан қалқасына жымдаса кетеді.
— Е, тәңірім, жақсылықтың нышаны болғай!—деп күбірледі Байбөрі. Қиюы келіп, өзі сұранған тасты қалқайтудың қиындығы бар ма, намазшам кезінде бай-бәйбіше алыстан белгі боп қараятындай, жақындасаң, жел-күннен қорған болатындай етіп тас үйіп үлгерген. Мұнан әрі осынау сапар үстіндегі дағдылары бойынша құптан намазын оқып, дамыл алысты. Құбылаға бастарын қаратып, бір етегін төсеніп, бір етегін жамылып дегендей, іштей тәубеге келіп, қатарласа қисайып еді. Бұрын түннің бір уақытына дейін әр нәрсені ойлап, елегзіп, қам көңіл болып жататын бай-бәйбіше бүгін қисайған бетте мызғып кеткен. Жаз түні қамшы сабындай келте емес пе, әні-міне дегенше таңның хабаршысы — бозторғай шыр етті. Кешікпей-ақ шығыс аспаны рауандап түріле берген. Осы кезде көктен түскені, яки жерден шыққаны белгісіз, көк есекке мінген ақ сәлделі диуана шырт тыныштыққа шомған бұлақ басына пайда болды. Алдымен қырау шалған кою қасын сабырмен көтеріп, тұңғиық ойлы жанарын төңірегіне тастап, бір уақ үнсіз тұрды. Оның қазіргі кейпі осынау дүние дидарындағы мұң-сырдың, қуаныш-қайғының бәрін іштей біліп, қасіреті мол өмірге қабырғасы қайысқандай күйде еді.
Уақыт өткізген жоқ, көк есегін тебіне түскен диуана асықпай аяңдап келіп, бай-бәйбішенің ұсына тізгін тартты. Сонан соң қолындағы сырлы асасын сабырмен көтеріп, шырт ұйқыда жатқан бай-бәйбішені ақырын ғана бір-бір түртті де, тіл қатты:
— Ей, көзінен жас кетпеген, бейшаралар! Арманның жетегінде шырмалып, жетімдей тентірегенде қалағандарың не еді?
Ақ сәлделі диуананың үні жеті қат жер астынан немесе жеті қат көктен естілгендей, күмбірлеп шықты. Байбөрі мен Аналық алақтай бас көтеріп, жамырай жарыса ауыз аша беріп еді, диуана тағы да сөйлеп кетті:
— Білемін! Көкіректі кернеген жалғыз ғана арман-тілектеріңнің барын білемін. Бір ұл керек дейсіңдер ғой, әрине. Әулиеден әулие қоймай жалбарынып, жердің жүзін шарлап үргендеріңді де білемін. Көз жастарыңды көрмей, сырт беріп кеткен бірде-бір әулие-әмбие жоқ. Сендер үшін бәрі де орындарынан бір-бір аунап түсіп, қатты қиналды. Жарықтықтардың мәртебелері бөлек қой, назары түскенге қайырым жасамай қалмақ емес. Сонан соң да, сексен сегіз серулер мен тоқсан тоғыз машайық бас қосып, бір сендердің тілеулеріңді тілеп, жаратқан жалғызға жалбарындық. Олардың ішінде мен болдым. ЖаратушььТәңірге тілегіміз ұнады. Ұнағанын содан біл, сендер үшін сұрап барғанымыз бір ұл еді, оған бір қыз қосып сыйлады. Менің атым — Шашты Әзиз. Жұрт Баба түкті Шашты Әзиз деп құрмет көрсете атап жатады. Енді езіліп-егіле беруді қойыңдар, бастарыңды көтеріп, жастарыңды тыйыңдар. Ұлыңның аты Алпамыс болсын, қызыңның аты Қарлығаш болсын. Алпамысың елден асқан ер болар. Шапса қылыш, атса мылтық өтпес, отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын, өмір бойы жас боп өтер. Жауының басы —қалмақ болар… Енді батамды берейін, орныңнан тұрып, қолыңды жай. Айтқанымның бәрі айнымай келсін! Тілегің қабыл болсын! Осы сөздің айтылуы мұң екен, бай-бәйбіше еңіреп келіп, диуананың аяғына бас ұрды. Қолынан иіскеп, етегінен тұмарлық жыртып алды. Сол сәт ақ сәлделі диуананың келгені қандай белгісіз болса, кеткені де елеусіз, көз алдарында ғайып болып еді Байбөрі мен Аналық болса қуаныштан жүректері жарыла жаздап, бір-біріне қарасты. Аналық байғұстың қабағы ашылып, ақша бетіне қан жүгіріп, бойын түзеді. Асыл туған арудың көңіліне сай, көркі келісіп, аршын төсін бастыра мойнына алқа салды.
Байбөрі мен Аналықтың қаяулы көңілі орнығып, ел-жұртын бетке алғалы бүгін айдың жүзі өтіпті. Өздері де, әулие-әмбиені ақтаймыз деп тым шығындап кеткен екен. Қазір көңілдері қаншалықты алып-ұшып, туған жерге асыққанымен, ұзақ жол өнбей-ақ келеді. Қуанышпен оралар күнді ойлаған бұлар бар ма, мол қазына теңдеген жазылы бурадан бастап, жаулығына дейін үміт жолына байлап кеткен. Енді, міне, табаны тасқа ойылып, маңдайы күнге күйіп, қиналып келе жатқан жайлары бар. Соңғы күндері Байбөрі бәйбішесінің көңіл күйінен бір өзгеріс аңғарғандай еді. Аналық байғұс күрт жүдеп, өзінен-өзі қатып-семіп, дертті болғандай күйге түскен. «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, Байбөрі мұны сезіп-біліп жүрсе де, сұрауға батпай, ішінен тынған. Бүгін ертеңгісін ен далада екеуден-екеу шошайып отырып, қоржын аузын ашты. Орамалдың түйіні шешіліп, жолға алып шыққан құрт-ірімшік, бабымен қатырып алған сүр ет, өрік, мейіз жайылды. Байбөрі байқап отыр, бүгін бәйбішесі аузына түйір дәм салмады. Осы тұста Байбөрі шыдай алмай:
— Япыр-ау, саған не болды, тәбетің неге болмай жүр?! — деп, көңілін күпті еткен жайдың мәнісін сұрады.
Сонда Аналықтың бетіне лып етіп қан жүгіріп, болмашы қымсынғандай шырай танытып еді. Сонан соң аз-кем бөгеліп отырып, тіл қатты:
— Уайым етпе, ием. Ауру-сырқаудан аманмын. Өзіңе айтайын деп талай рет оқталып едім, орайын таппадым. Енді айтпаска шарам жоқ, «Жерік — сүзектен жаман» деген рас екен… жерік болып жүрмін. Бір кереметі, адал асқа тәбетім шаппайды, арамды көңілім қалайды. Жазмыштың бұйрығы сол шығар, бір қабылан атып берсең, тойғанымша жеп, жерігімді басар ма едім деп ойлаймын.
«Қуанған мен қорыққан бірдей» деген, Байбөрі қуаныш салмағын көтере алмағандай отырып қалды. Бүлардың аял еткен жері бұдырсыз жазық болатын. Жалаңаш жерде қабыланның жүрмейтіні мәлім. Сонан соң да Байбөрі жер жайын оймен шолып, аң-құсы мол Жетіаралға жеткенше асығып еді. Содан бір күні, Байбөрі таң алагеуімнен тұрып, қапысыз қамданып, Жетіаралдың алыс түкпіріндегі қалың жынысты бетке алып еді. Тәңірі оң шырай танытқан соң, не нәрсенің қисыны келе бермек қой. Күн шекеден өтпей-ақ, қалың қауды жапыра жүріп, артына мөрдей із тастаған қабыланның сорабы кездесе кетті. Байбөрі із қуалап табанынан таусылған жоқ. Қозы өрісіндей ғана жер жүргенде, гүр еткен дауыс естілді Айтқанша болған жоқ, қабағы сапты аяқтай, жанары тостағандай қабылан қылыш құйрығын шапақтап, ұшыраса кетті. Әп-сәтте қапысыз қимылдап, бой тасалап үлгерген Байбөрі қарсы алдынан кездескен қара ағашты паналай тұрып: «Я, сәт!» — деді. Айтқанша, қара мылтықтың ұңғысы жыланның ініндей үңірейіп, қабыланның өкпе тұсына үңіліп келді де, күрс ете қалды. Діттеген жерден табылған қорғасын қабыланды мұрттай ұшырып еді. Байбөрі атып алған аңын ақтармалап тастап, қос басына алып келгенде, Аналықтың қуанышында шек болған жоқ. Қабыланды мүшелеп бұзғанша тағаты қалмай, бөлек бір мінез танытып еді. Мұның бәрін жазбай таныған Байбөрі ширақ қимылдай жүріп, аз сәтте қабыланды боршалап тастады.
Табиғаттың тәртібіне тосқауыл болған пенде жоқ, Аналық бәйбіше де жеріктік күйінің құлы боп, бір қайнауы ішінде болса да, мосыдағы етті түсіріп алған. Сонан соң маңдайынан тер шығып, сүйсіне отырып, қабыланның он екі мүшесінен бір-бір қарбытып ауыз тиіп шықты. Тұла бойы жеңілдеп, бетінің ұшына қан жүгіріп, көңіл күйі де қанаттанып кеткендей еді. Байбөрі мұны көрген соң, ішінен шүкірлік етіп, енді елге жетудің қамына кіріскен. Аналықтың жерігі басылып, қабағы ашылған соң, бәйбішесіне қарап, Байбөрінің де көңілі судай тасыған. Сонан соң да еш алаңсыз сыдыра тартқан бай-бәйбіше аз күнде ел шетіне тұяқ іліктіріп еді.
Ел шетіне келген жолаушыны ең алдымен малшы-жалшының көретін әдеті. Бұларды да елдің жоқ қарап жүрген жылқышысы көрген. Көрісімен есі қалмай қуанып, етегі желбірей шапқан бетінде ел-жұрттан сүйінші сұрауға асығып еді. Далалы елде жылт еткен жаңалықтың қанаты бар. Айтқанша болмай, бүкіл Қоңырат руы құлақтанып, жас-кәрісі бар, хан-қарасы бар — естіген жанның бәрі қызылды-жасылды болып шұбап, Байбөрі мен Аналықтың алдынан шықты.
Ел-жұрты елбіреп алдынан шыққанда, бай-бәйбіше қатты толқып, көңілдері көкке жеткендей болып еді. Аналық байғұс қуаныштан көз жасын сығып тастап, онысынан өзі қысылып та келеді. Байбөрі болса, сабыр сақтап, шұбырта тақалған ел-жұртына көз тоқтатса, қарсы алдында хан келеді екен.
Бұлар иіліп тағзым етті. Сол кезде хан тіл қатты.
— Уа, арысым Байбөрі! Сең елден аттанғалы он айдың жүзі болды. Ел-жұртың дін аман. лаңымыз өзің ғана едің. Шүкір, есен-сау көрдік. Енді көңіл күйіңді білгіміз келеді.
— Хан ием, сапар қайырымен болды! Тәңірім көз жасымды көріп, тілегімді қабыл етті! —деді Байбөрі.
Сол-ақ екен, иін тірескен қалың қауым жамыраған қойдай араласып, бірінен-бірі сүйінші сұрап,бай-бәйбішеге құтты болсын айтуға ұмтылды. Қаумалаған ел-жұрты қуаныш күйін тартқандай дабырласып, зарыға күткен жолаушыларын ақ ордаға кіргізді. Бел шешіп, көңіл демдеген Байбөрі естіген жанды таң қалдырып, көрген-білгенін жыр ғып айтты. Жақсы нышанды көздері көріп, көңілі орныққан ел-жұрты сол жерде құтты болсын айтысып, Байбөрінің төбедей ақ ордасының төріне жеткізе құрсақ шашу шашты. Бұл бұрын-соңды болмаған дәстүр еді. Қөрген жан мұны да өмірдің жарасымды заңындай қабылдап, таңырқай тамашалаған. Сол кезден бастап байтақ жатқан Жиделібайсын жеріндё жүкті болған әйелге ақ тілеу айтып, құрсақ шашу шашатын дәстүр қалыптасты.
Содан үлкен басын кішірейтіп, алдынан шыққан ханға сый-сияпат беріліп, қалың жұртқа ықылас-ілтипат көрсетілген соң, жұрттың аяғы басылды. Көңіл орнығып, тіршілік үйреншікті ағыммен өтіп жатты. Аналық бәйбіше болса, күннен-күнге төлежіп, көрген жанның көзін қуантып, көкірекке қуаныш үйірді. «Туған ай — туралған ет» деген, уақыт зымырап өте берді. Арада тоғыз күн өтіп, ай-күні жеткенде, Аналық бәйбіше бебеу қағып толғата бастады.
Ақ ордаға құр керіліп, қолтығынан асылды. Ел-жұртының екі көзін төрт етіп, тура бір күн толғатқан соң, арыстай бір ұл дүниеге келді. Ұзақ өмірінде перзент даусын өз ошағынан зарығып естіген Байбөрінің қуанышында шек болмады. Ендігі бар үміт-тілеу осынау нәрестенің жолында болып, құтты болсын айтқанға бір-бір аттан жетектете берді. Аналық бәйбіше сүйегі асыл, дені ..таза әйел ғой, аз күнде ширап, қол-аяғын бауырына алып, түлеп шыға келді. Бұл екі арада Байбөрі ұлан-асыр той жасамақ ниетпен тоқсан үй тіктіріп, әр үйдің босағасына мұрындық-ноқта тимеген тоқсан нарды, тоқсан құр атты құлатты. Байсынның саздауыт жазығы тойға жиналғандардың дүбірінен солқылдап жатты. Байбөрі байлықтың бет-жүзіне қарамаған соң, оның сый-сияпаты да ерекше салтанатты болды. Құда-құдандал, жекжат-жұрағат, дос-жаран өз алдына бір бөлек құрмет көріп, бас-басының иығына жанат ішік жабылды. Осы тойға қалың Қоңырат қана емес, жапсар жатқан Шекті елінің атақты байы — Сарыбай да келген. Сарыбайдың бұл қуанышты бөлісуінде өзіндік сыр бар еді.
«Жазмыштан озмыш жоқ» деген рас қой, күні кешелер Сарыбай да бір перзентке зар болып, көзінің жасы көл болып, Байбөрімен мұң-сырын ортақтастырушы еді. Сонда Сарыбай өзінше арман етіп:
«Ей, Байбөрі, біз де тәңірінің өзі жаратқан пендесіміз ғой, қашанғы еңіретер дейсің. Көз жасымызды көрер. Сонда бірімізден ұл, бірімізден қыз туса, екеуміз құда болайық, қыз бен баланы кемеліне келтіріп, бір-біріне қосайық»,— деп тілек білдірген.
Мұны Байбөрі құп алып, іштей қуанып: «Тілегің Тәңірінің құлағына шалынсын!» — деген. Сол Сарыбайдың бәйбішесі жуырда бір қыз тауып, қуанышқа кенелген. Қызына Гүлбаршын деп ат қойған. Енді, міне, өзінің мұңдас досы Байбөрінің перзентті болғаны құлағына жетісімен, құтты болсын айтуға асығуында осындай себеп бар еді. Өзге жұрттан келген соң, Сарыбайға арнайы үй тігіліп, елден ерен ықылас көрсетілді. Той үстінде екі бай бір-біріне берген уәделерін еске алысып, сол сертке барша жұртты куә етті. Байбөрі мен Сарыбайдың мұнысы бұрын-соңды бұл елде болмаған дәстүр еді. Қуаныш үстінде Байбөрі Сарыбайға мойын бұрып:
— Ау, Сарыбай, әуелі бел құда болып едік, енді бесік құда болдық.Байлықтың бақыт болмайтынын өзге білмесе де, сен екеуміз білеміз. Сондықтан тілегің қабыл болып, Тәңірім екі жастың жарасқан қызығын көруге жазсын!—деді.
Отырған жұрт:
— Аумин! — деп ұлардай шулап, бет сипасты. Осы кезде көңілі тасыған Аналық бәйбіше қуанышқа мас бола тұрып тіл қатты.
— Тәңірім сүйген қос мырза, жақсы ниеттерің жанымды жадыратты ғой! Осы уәделерің ауыздан шыққан көп сөздің бірі болып қалмасын, сондықтан құйрық-бауыр жесіп, ерін майлаңдар. Сүйек болғандарыңды дәлелдеп, төс тигізіңдер. Көңілдеріңнің ақтығына айғақ етіп, беттеріңе ұн жағыңдар. Осы бір айып-шамы жоқ үш жоралғы аталықтың белгісі, адалдықтың серті болсын!
Аналықтың айтқан сөзін естіген жұрт қуана құптады. Қос құда құйрық-бауыр жесіп, төске төс тигізісіп, беттеріне ұн жақты. Мұның өзі көрген жұртқа бөлек бір салтанаттай, ұрпаққа үлгі болар дәстүрдей әсер етіп еді.
Сол кезден бастап бел құда, бесік құда болу; туыстықтың айғағы сияқты құйрық-бауыр жесіп, төс түйістіріп, бетке үн жағу; балалар есейген соң, қалыңдық ойнату — ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан дәстүр болып қалыптасты.
Мұнан кейін Байбөрінің көңілі өскен үстіне өсе түсті. Тойға жиналған қара құрым халықтан риза болмаған бір жан қалған жоқ. Байсынның даласында аңдай өрген қалың жылқысын тарата-тарата, тек қана құнаны мен тайлары қалып еді. Оған өкініп жүрген Байбөрі бар ма, ағайынмен кеңесіп, бәйбішесімен сырласып, енді ұсақ малын сыйға тарта бастады. Қанағатсыз пенде көп, Байбөрінің сый-сияпатын бір емес, бірнеше оралып соғып олжалағандар да болды. Онымен ен дәулет ортайып жатқан жоқ. Әйтеуір, қалың елдің үлкен-кішісі ұзақты-қысқалы ғұмырында мұндай тойды көрмек былай тұрсын, естігеміз де жоқ деп, ауыз ашып, көз жұмып еді. Осының бәрі зарығып жүріп көрген перзентіне біреудің назасы тимесінші, тіл-көзден аман болсыншы деген көңілдің көрінісі болатын, Той үстінде азан шақырылып, нәрестеге Алпамыс деп ат қойылды. Бай-бәйбішенің көзінің жасы тыйылды, көрген қорлық, тартқан бейнет, шеккен уайым бір күнгідей болған жоқ. Көрген түстей сейіліп, бәрі де ұмыт болды. Осымен мұңсыз-қамсыз күндер өтіп жатты. Алпамыс үкідей үлпілдеп өсе берді. Күндердің бір күнінде, дәлірек айтсақ, арада аттай үш жыл өткенде, Баба түкті Шашты Әзиздің айтқаны айдай келіп, тұлымы желбіреген бір қыз дүниеге келді. Байбөрі қызына Қарлығаш деп ат қойды. Тағы да тамам елді тамсандырған той жасады. Алпамыс пен Қарлығаш жауқазындай желбіреп, қызғалдақтай құлпырып, күн санап өсе берсін! Аумин!
АЛПАМЫСТЫҢ АЛҒАШҚЫ САПАРЫ
Алпамыс аттай он жасқа толды. Құйрық басқанда, қой сойып, қаз тұрғанда, тай сойған Байбөрі, жалғыз ұлы онға толғанда, ұлан-асыр той жасады. Ел-жұртының батасын естіп, көңілге медет етті. Бұл кезде байтақ Қоңырат елі Алпамысты бек санап, жайылып жастық, иіліп төсек болатын. Алпамыстың өзі де көрген жанның көңілін толтырып, сексеуілдің шоғындай жайнап өсіп келе жатыр еді. Бірақ әлі де болса бұғанасы қатпаған ойын баласы ғой, әзірше ауыл-үйден ұзамай, ел ісіне араласа қоймаған. Уақытының дені дала балаларының таусылмас қызыққа толы ойынымен өтетін. Бір ғажабы — бала болып ойнаған соң, алысып-жұлыспай жүре ме, Алпамыстың қолы тиген бала құлындай шырқырап, есеңгіреп қалатын. Өзі қатар балаларды шертіп жіберсе, олар есінен танып, қойып жіберсе, өліп қалатын болды. Мұны білген көрші-қолаң кәдуілгідей сақтанып, Алпамыс қотаннан көрінсе болды, балаларын үйден шығармайтын.
Бір күні Алпамыс зерігіп, ойнауға бала таппай сыртта жүрсе, өрмек тоқыған көрші кемпірдің жанында баласы ұйықтап жатыр екен. Алпамыс жақындап келіп: «Ей, бала, тұр, асау тай үйретіп ойнайық»,— деп түртіп оятқанда, бала оны көтере алмай талып-ақ қалғаны. Сол-ақ екен, кемпір шаңқылдап, Алпамысқа қай-қайдағыны айтыгг сөйлей жөнелді:
— Ә-ә, қу жүгермек! Елдің баласына қырғидай тиіп, енді менің ұлыма келдің бе? Сен жалғыз болсаң, бұл да жалғыз. Мен де көз жасымды көлдетіп жүріп тілеп алғанмын. Көзімнің тірісінде кім көрінгенге жүндетіп, жайыма отыра алмаймын. Аулақ жүр, ойбай! Ішің толып бара жатса, ақ батамен айттырған қалыңдығың — Гүлбаршынды іздеп тауып алмайсың ба? Әкесі Сарыбай сенің осындай ұр да жық болатыныңды біліп, іргесін аулақ салған ғой. Өй, жетесіз неме сол, неменеңе жетісіп ойнайсың осы сен!..
Кемпірдің мына сөзі Алпамысты қайран қалдырып еді. Қалыңдығың—Гүлбаршын, атаң — Сарыбай деген сөздерді бірінші рет естіп тұр. Сонан соң да кемпірдің қатты сөзін сабырмен тыңдап, ашуы басылған кезде:
— Шешежан, айыбым мойнымда! Кешірім етіңіз. Мен жаңағы бір сөзіңіздің мәнісін түсінбей тұрмын,— деп сұрады.
Алпамыстың кішірейіп кешірім сұрағаны кемпірдің ашуын су сепкендей басып, енді түк ‘ болмағандай Гүлбаршынның жайын әңгімелеп кеткен еді.
Жапсар жатқан Шекті елінде Сарыбай деген бай болған,— деп кемпір сөзін бастады,— ол сенің әкең Байбөрімен құйрық-бауыр жесіп, төс тигізген құда еді. Жалғыз қызы Гүлбаршын — ай десе аузы, күн десе көзі бар — сенің қалыңдығың болатын. Адам азғырды ма, шайтан азғырды ма, кім білген, сол Сарыбай сенің атадан жалғыз туғаныңды желеу етіп: «Алпамыс олай-бұлай болса, жалғыз қызым әменгерлік жолымен Ұлтан құлға қор болады»,— деп, бөліне көшіп кеткен. Гүлбаршын сұлудың бой жетіп, туған айдай толысатын уақыты да болып қалды. Сөздің байыбын ұққан Алпамыс үн-түнсіз жүріп кетті. Жай кеткен жоқ, өзінің жалғыздығын жарадай сезініп, оның үстіне Гүлбаршындай- қалыңдығынан айырылғанына іштей намыстанып кетіп еді.
Тіптен осы уақытқа дейің ауыл-елі оны іштей мазақ етіп, сол мазақтың сырын жасырып келгендей, өзінен-өзі қорланған. Алпамыс ашу қысып, булығып келген бетінде, ақ орданың төрінде тұрған қырық кез күміс сандықты жұдырықпен бір-ақ қойып күл-талқан етті. Сандық ішінде арнайы соғылған қару-жарағы, сауыт-сайманы болатын. Алпамыс жан адамға тіс жармастан, ақ сауытын киіп, бес қаруың асынып, алтын кемермен белін буып, қалың жылқыны бетке ала жүріп кетті. Алпамыс жылқы ішіне келген соң, ерге қанат болардай жақсы ат іздеп біраз жүрді. Жал-құйрығы төгілген талай сәйгүлікке арқан тастап ұстамақ болып еді, құландай құр жүрген жылқы жалғыз жаяуды маңайына жуытпады. Өзін ашу қысып келген Алпамысты мына әурешілік әбден ширықтырып еді. Осы кезде қалың жылқының ішінен құнан тісін тастаған бір шұбар ат бөлініп шығып, Алпамыстың алдын көлденеңдей берді, Мүшесі сұлу демесе, қабырғасы ырсиған, көп жылқының бірі сияқты. Өзі күйіп тұрған Алпамыс шұбар дөненді жүгенмен басқа бір салды. Мұны елең қылған щұбар жоқ. Қайта қаз мойнын иіп, жүгенде дегендей, ұмсына берді. Алпамыс болса, одан сайын ашуланып, қыл құйрықтан тұтамдай ұстап алды да, бұлғап-бұлғап, лақтырып жіберді. Міне, керемет, шұбар дөнен үйіріліп барды да, ай такырға төрт тағанымен дік етті. Жығылған жоқ. Мұны көрг.ен Алпамыс аз сәтте ашуын ұмытып, ойланып қалды. «Ерге лайық ат екенсің, Байшұбар деп атайын, арқаңа ерді салайын, аруақтарға сыйынып, өзіме қанат етейін»,— деді іштей. Байшұбар ат, шынында, ерекше жаралған пырақ еді. Өзін-өзі жаратып, үнемі дені таза зар күйінде жүретін. Енеден тұлпар боп туған соң қадірін білер ие іздеп, ондай ие кезікпей, бойын тасада ұстайтын. Алғаш көргенде Алпамыстың көңілі толмай жатуында да осындай сыр бар еді.
Алпамыс Байшұбарға ер салғанда, оның аркасы қозар шын жүйріктей жұтынып шыға келді. Жал-құйрығы сүзіліп, түгі құндыздай жылтырап, сегіз жасар сақа аттай көз қуантты. Осы кезде Алпамыс: «Иә, пірім!»—деп, үзеңгіге аяқ салды.—«О-о, Тәңірім!—деді ол.— Жортқанда жолымды оңғара көр!» Алпамыс ерекше толқып, үні бұзылып, осынау алғашқы сапарына құдайдан медет тілеп еді. Мұнан әрі уақыт алған жоқ, бес қаруын сайланып, қызыл найзаны тақымына басып жөнеп берді. Астындағы Байшұбар болса, бұл сәтпен сағыңып табысқандай, еркін көсіліп, ұшқан құспен жарысып, жұлдыздай ағып бара жатты. Қазіргі сәтте Алпамыстың көңілінде бір ғана өкініш бар еді. Ол осынау сапарын, тым болмаса, соңынан ерген жалғыз бауыры Қарлығашқа да айтпай кетіп бара жатқаны болатын.
Алпамыстың ат жалын тартып мінгеніне бүгін он екінші күн. Осы он екі күн ішінде астындағы Байшұбар ат басқа төрт аяқтының он екі ай жүретін жолын жүріп өтіпті. Ер қанаты саналған астындағы аттың мұндай болып кездескені Алпамыстың көңілін көтеріп келе жатқан. Бір мезгілде қарсы алдынан жалғыз ғана қыз емшек шоқы көрінді. Талай күннен бері бұдырсыз керілген байтақ дала көңіл зеріктіргендей, әлгі шоқыға ат басын бұрып еді. Кешікпей-ақ салып-ұрып төбе басына шыға келді. Төңірек алақандағыдай болып дөңгеленіп, аяқ астында жатыр. Алпамыс күн сала қарап, бет алдын бағдарлап еді. Қияннан өрттей боп шалқыған будақ-будақ шаң көрінді. Шаң астында — құмырсқадай қыбырлаған қалың қол. Қалың қолдың алдында айшықты ала ту желбірейді. Шеткерірек, бірі — ақ, екіншісі — қара, қос шатыр тігілген. Енді байқады, қазіргі өзі тұрған жалғыз шоқыдан құлай созылған қасқа жол жаңағы қалың қолға бастап жатыр. Алпамыс: «Япыр-ау, бұл неғылған қалың қол?»—деп, таңданып қалып еді.
Сонан соң неде болса бара көрмек ниетпен, айыл-тартпаны тартыңқырап алу үшін атьінан төңкеріле түскен. Сол сәт Алпамыстың өкшесі тық ете қалды. Аяғының астына қараса — үй орнындай жалпақ тастың үстінде тұр. Тақтай тастың беті шұбар ала жазу. Жазуға көз жүгіртсе, өзінің аты аталған —«Алпамыс» деген сөзі бар. Мұны көрген Алпамыс атын жетектеп, тас үстінен түсіріп, асықпай, жазудьгоқуға кірісті. «Тәңірімнің сүйген құлы Алпамыс!—деп жазылыпты тақта тасқа.— Бұл сөздерді жазушы құдай қосқан қоеағың Гүлбаршын деп біліңіз. Әкемнің шалыс басқан қадамына Тәңірімнің жіберген жазасы болу керек, міне, бүгін қырық күн болды, қалмақтың Қараман дейтін батыры аулымызға келіп, қызойнақ салып жатыр. Соңында мың-мыңнан ерген қалың қол. Сонан соң да, күйеу болып кішірейіп келмей, күш көрсетіп, әрбір он қарадан бір қараны зекеттеп алып жеп жатыр. Қалмаққа жалғызымды бермеймін деп тыртысып әкем отьір. Бірақ қалың жаумен тіресіп не өндіреді. Соны біліп, бір түнде қашып шықтым да, аруақ жар болып мені іздеп шықсаң, осы жолмен жүрер-ау, осы тауға шығар-ау деп, осынау жазуды қалдырдым. Жиделіге жетіп жығылсам деп арман етіп едім, жау жағадан алып жатқанда, ол ойымның орайы келмеді. Жортқанда жолың болсын, жолдасың Қызыр болсын! Зарыға күткен қосағың — Гүлбаршын». Тасқа басылған хат сөзін Алпамыс үш қайтара оқыды. Әр сөзін дұғадай жаттап, байыптап, көкейіне түйіп алды. Қазіргі сәтте Гүлбаршын сұлудың жақсы сөзі, есті қылығы жүрегін елжіретіп:
«Тезірек жетші!»—деп, үздіге шақырғандай. «Мұнда-мүндалап», қол бұлғап, торға түскен торғайдай шырылдап араша сұрағандай. Бұл әсер Алпамыстың тағатын тауысып, асықтыра түскен. Асыға тұрып, тағы да бір ойға қалды. Сайдың тасындай сайланып келген қалмақтың мәмілеге көнбейтіні хақ. Бойжеткен қыз қашаннан ер жігіттің олжасы. Өнері асып, күші басым болған жағы соңынан ертіп кете бермек. Оның үстіне халқын қорлап, өктемдік көрсетіп, он қарадан бір қараны зекеттеп, қынадай қырып жатысы мынау. Мұның бәрі тек білектің күші, найзаның ұшымен шешілуге тиіс деп ойлады Алпамыс. Ойлады да: «Иә сәт!»—деп, атқа қонды. Көкке қолын жайып, жаратқан жалғызға сыйынды. — «О-о, Тәңірім, жалғызыңа жар болып, жолын оңғара көр! Артымда қалған ата-ана, аяулы қарындаспен қуанып қауышар күнге жеткіз! Аққа құдай жақ болғай!» Осылай деп Алпамыс бес қаруын сайланып, Байшұбарға қамшы басты. Ышқына шапқан Байшұбар лақтырған тастай құлдырап, тау басынан ыра төмен аға жөнелді.. Соңында шүйкедей созылып қалған қою шаң зор қайрат лебіндей шалқып, көрер көзді тіксінткендей еді.
Күндей күркіреген қаһарлы дауыс шашырап жатқан мың сан қалмадты селт еткізді. Күнге жонын төсеп жайбарақат жатқан жыланды түртіп оятқандай, қалың қалмақ демде жиырылып, өре түрегелді. О шеті мен бұ шеті айшылық алыс жерді алып жатқан байтақ қазақ даласы үшке бөлініп, ол бөліктері — Ұлы жүз, Орта жүз, Қіші жүз деп аталатын. Онысы үй ішінен үй тігіп, араларына жарқышақ-жіктің түскендігінен емес, ошақтың үш бұтындай — ел бағының ұйтқысы болайық дегені; садақтың үш қырлы жебесіндей сырт дұшпанға айбар болайық дегені, біріміз — үлкен, біріміз — ортаншы, біріміз — кіші болып, жұбымыз жарассын дегені. Сондықтан да қызықты ғана бөліспей, ел басына күн туған қиындықта да үш жүз иық түйістіріп, бір саптан көрінетін. Ел шетіне жау келсе, әр жүз өз ұранын шақырып, бір-біріне жігер беретін. Жаңағы бір күндей күркіреп, қалмақтардың апшыеын қуыра, естілген Орта жүздің ұраны болатын. Атойлап ұран салған Алпамыс еді. Астындағы Байшұбар ауыздығын қарш-қарш шайнап, батыр қолындағы ақберен алмас жарқылдап, қойға шапқан қасқырдай бір шеттен келіп киліге берді.
Жау жарағын .жастанып жататын қалмақтар да оңай дұшпан емес. Бір сәтте олар да дүркірей көтеріліп, садақтарын кезеніп, найзаларын шошаңдатып, лап қойды. Әп-сәтте шаңғыр-шұңғыр соғылысқан қару-жарақ, өкіре құлаған өлік, сып-сып етіп зулаған садақ жебелері ат шаптырым алқапты азан-қазан етті. Өрттей тиіп, сынаптай сырғыған Алпамыс қалың қолды қидалап ана шетке бір шықса, қайта шүйіліп ұмтылғанда, мына шеттен тізгінді әрең тартады. Қолындағы алтын сапты ақберен дем сайын сазанның бауырындай жарқылдап, сермелген сайын қалың қалмақты қоғадай жапырып жүр. Қазіргі сәтте Байшұбар да бар өнерін көрсетіп, қолтығынан су шығып, танауынан бу атып, толарсақтан қан кеше құйғытады.
Алғашқыда асып-сасқанмен, аз сәтте ес жиып үлгерген калмақ қолы жауының жалғыз екенін біліп, садақпен-ақ шұқып тастамақ болған. Сол ниетпен тұс-тұстан кезелген бүкір бел садақ бүктетіліп жазылғанда, Алпамысқа шүйілген мың сан жебе күннің көзін көрсетпей жіберді. Ғажаптың кереметі осы сәт бір көрінген. Жаңағы мың сан жебе жаңбырдай жауып, Алпамысқа шып-шып тигенімен, денесіне сызат та түсіре алмастан майырылып қала берді. Мұның сыры — Алпамыс берен кәміл пірге сыйынып жауға жалғыз ұмтылғанда, Ғайып-ерен қырық шілтен тірі жанға көрінбей, тұмандай боп түйіліп келіп, жас батырды қолтығының астына алып еді. Кеу-кеулеп-ақ ұмтылған қалың қалмақ атқан оғының Алпамысқа дарымайтынын көргенде, таңданыстарында шек болған жоқ. Қораға түскен қасқырдай қамап, қолға түсіріп аламыз деген ниеттерінен демде қайтып, енді сасайын деді. Қайсыбірі бас сауғалап, құжынаған қалың қол шілдің тезегіндей шашырай берді.
Алпамыс болса, жанары оттай жанып, маңдайы енді бусанып, мың сан қолды қойдай иіріп қырып жүр.Осылайша сұрапыл айқас жүріп жатты. Бұл кезде Сарыбайдың үйінде де жаңалық болып, қуаныштың лебі ескендей көңіл күйде еді. Бағана Алпамыс ұрандап ат қойғанда жас батырдың қаһарлы даусын алдымен Гүлбаршын естіген. Зерделі қыз естісімен, Алпамыстың келгенін жазбай танып, жас жүрегі лүпілдеп, көзінің жасын сығып алған. Сол бетінде-ақ жүзіне қан жүгіріп, қуаныштан асып-сасып, әкесі мен шешесінен сүйінші сұрап еді.«Тәңірім, көз жасыңды көрген екен!»—деп, шешесі Гүлбаршынның маңдайынан сүйді. Бұған Сарыбай да іштей шүкірлік етіп, енді ақырының не боларын ойлаған. Күдік-күмәні де жоқ емес. Алпамыс болса, кеше ғана қолында туған жас бала. Көргенінен көрмегені көп. Қалмақ болса мынау, самсап жатқан қалың қол. Сол қалың қолдың бәрін айтпағанда, бір Қараманның өзі оңайлықпен жөніне кетер ер емес. Талай шайқаста шыңдалып, жаудан жеңіліп көрмеген деген жалаң төстің өзі. Сарыбай осыны ойлап, іштен тынды. Сабыр сақтап, жалғыз қызының қуанышын бөлмейінші, көңілін алаң етпейінші деп, үнсіз отырып қалды. Бұл кезде Алпамыс найзағайдай жарқылдап, жауының апшысын қуырып, шетінен жаусатып жүр еді.
ҚАҺАРЛЫ ҚАРАМАН
Қалмақтың қалың қосынан оңаша, биік дөңес үстінде ерекше салтанатпен тігілген ақ шаңқан шатыр тұр. Төрт иығы алтындаған бақанмен керіліпті. Оның өзі күнге шағылып, көрер көзді қарықтырып, қараған жанның мысын басқандай. Әр бақанның арасы күлтелене төгілген жібек шашақпен жалғасқан. Іргеден сорая шыққан үш сүңгілі қара найза қақырайып, қан тілеп тұрғандай ерекше сұсты көрінеді.
Шатырдың сыртқы босағасында қайқы қылыштарын жалаң ұстап қос жауынгер тұр. Шілденің шыжыған ыстығында қазір айқасқа түсетіндей сауыт-сайман құрсанып, бес қаруын асынып алған. Содан да болар, пысынап, кертпеш танаудың үстінен шып-шып шыққан тер моншақтары білінеді. Бірақ оны елеп тұрған бұлар жоқ, тас мүсін сияқты кірпік қақпастан қатып қалған. Осы көріністің өзі-ақ шатыр иесінің ерекше қатыгез зәрлі екенін әйгілегендей.
Бұл оңаша тігілген шатыр иесі — қалмақтың ханы әрі қолбасшысы Қараман батыр болатын. Кеше кешкісін бір бағыланның етін жалғыз өзі жеп, жастыққа бас қойған. Содан, міне, сәске түс болды, әлі ұйықтап жатыр. Батырдың тыныштығын күзеткен сырттағы жалаң қылыш ұстаған қсұ: жауынгер ғана емес, алыстан орап, бейсауат жүргіншіні жасқап, бәйек болып жүрген жауынгерлер де бар. Күзеті осындай берік болған соң, шатыр маңайы құлаққа ұрған танадай шырт тыныштыққа шомған. Кенет осынау тыныштықты тапырақтай дүрсілдеткен ат дүбірі мен әлдекімнің «Аттандаған» жарықшақ даусы бұзып жіберді. Сырттағы қос жауынгер елең етіп ес жиғанша болған жоқ, тасырлата шапқан жалғыз аттылы хан шатырын бетке алып келіп қалды.
— Аттан! Аттан! Жау! Жау!
Жалғыз аттылы даусы сенбестен сұңқылдап келіп, атынан домалай түсті. Бір аяғын ауырсынып сүйрете басады. Қара санға бойлай кірген найзаның орны ырсиып, шұбырған қан жолақ боп соңында қалып жатыр. Әбден үрейі ұшып, титықтап жеткен жаралы жауынгер қос күзетшіні серпіп тастап, ішке енді. Босағадан аттай бере:
— Хан ием, жау… жау шапты!—деді ентіге тұрып.
Бұл кезде Қараман батыр да басын көтеріп, жібек шапанды желбегей жамылған қалпы төрде отырған. Сол сәт қабағын түйіп, қабыландай гүр ете қалды:
— Маған жау таңсық емес, өзім де жау ішінде отырмын. Аптықпай, айтарыңды жөндеп айт!
— Бүгін таңда шұбар атты бір бала келіп, қалың қолыңа бүйідей тиді. Атсақ — оқ, шапсақ — қылыш өтпейтін бір керемет! Әуселесін көрген соң, өзіңе хабар бермек болып талпынып едік, қойдай иіріп, қоғадай жапырып, шашау шығармай қырумен болды. Содан есебін тауып, сытылып шыққаным осы. Өзі көктен түсті ме, жерден шықты ма, жан білмейді. Ақберен қылышын сілтесе, құр кетпейді, небір атан жілік батырларың опат болды.
Талай дұшпанмен бетпе-бет келіп едім, дәл мынадай алапаты артық біткен жауды көргенім жоқ. Сөзіме нансаң, тезірек орныңнан тұр. Қалың қолың қырылып, масқара болмай тұрғанда, алдынан шығып, арынын бас. . Мына сөзді естіп Қараман қарқ-қарқ күлді.
— Бұл күшімнің пайдасын қашан көремін деп қапа болушы едім, сен жақсы хабар әкелдің-ау!—деді. Сонан соң, күректей алақанын сарт-сарт соғып, тыстағы күзетшіні шақырып алды да, қара тұлпар мен қару-жарағын әзірлеуді бұйырды.
Бұл екі арада Қараманның оянғанын біліп, шатырдың төңірегінде қара-құра молайып, асшы-қосшы жігіттер зыр жүгіріскен. Батыр қамданып жатыр деген соң, арнайы сойылған тайлы бие, тоғыз қойдың жылы жұмсағы айтқызбай-ақ шатырға келтірілді. Дәмді тағам келгенде, дүниенің бәрін ұмытқандай Қараман буы бұрқыраған жас етке сұғына кірісіп еді. Кешікпей-ақ шатыр алдына көлденеңдетіп қара тұлпар тартылды. Жау-жарағын асынып^ төбедей болып теңселе басқан Қараман атқа мінді. Қараманның айбатпен атқа қонғанын жансыз жіберіп, Гүлбаршын сұлу да біліп отыр еді. Сол сәт ол да асып-сасып, жанын шүберекке түйіп, Алпамысқа хабарлауға асыққан. Өзінен басқа ешкімге сенбей, құстай ұшып, шолпысы сылдырап келе жатқан.
Бұл кезде қалың қалмақты қынадай қырған Алпамыс атынық белін босатып, маңдайының терін сүртіп тұр еді. Өзімен-өзі болып, жауға шапқан алғашқы қадамына іштей толғанып тұрып, Гүлбаршынның қасына келгенін бірден байқамай қалды.
Гүлбаршын болса, жолы жіңішке қыз ғой, Алпамыстың мойын бұрып қдрамағанын өзінше жорып, көңілі құлазып, көзіне жас іркіліп еді. Бірақ жөн-жоралғы сақтап, сызылып тұрар уақыт па, Гүлбаршын тақалып кеІІіп тіл қатты:
— Армысың, Алпамыс!
Мойын бұрып, көз салған Алпамыс демде жадырап, уыз өңінен қаһарлы қаталдық қас қағымда сейіліп, күле жауап берді:
— Бар бол, Гүлбаршын! Есен-сау жолыққанымызға шүкірлік!
— Айналайын, Алпамыс!—деді, Гүлбаршын даусы дірілдеп, көзінің жасын ірке тұрып.— Талабың құтты болсын! Іздеп-жоқтаушым өзің болып, зарығып жүргенде төбеңді көрдім, Тәңіріме мың да бір шүкірлік.
Тілегіміз қабыл болса, айтылар сыр алдымызда ғой… Мен сені бір қатерден сақтандырғалы келіп тұрмын. Жаңа Қараман батыр атқа мінді. Жауар бұлттай түнерген түрі жаман, тіс қаққан жырынды жау ғой, тілімді алсаң, сонымен тіреспей-ақ қойсаң деймін. Есебін тауып, қашып кетсең, келер күннің амалын тағы көре жатармыз.
— Сабыр ет, Гүлбаршын!—деді Алпамыс. — Сабыр ет! Жазмыштан озмыш жоқ. Ақ бата қосқан өзіңдей қосағымды қалмаққа қор қылып, жер басып жүрмей-ақ қояйын. Жалғыздың жары құдай деген, Қараман да мен сияқты басы жұмыр пенде шығар. Тағдырдың бұйрығын тәуекелге салып көрейін… Ал сен уайым етіп жүдемей, тезірек үйге қайт.
Гүлбаршын зерделі қыз ғой, мұнан әрі тәжікелесіп, сөзге келмеді. Шолпысы шылдыр етіп болмашы иілді де, кері бұрылып жүріп кетті.
Бұл кезде Қараман аш бөрідей жалақтап, төңірегіне тінте көз салып, қара тұлпарымен сыдыртып келе жатқан. Кешікпей-ақ, жолында төбе боп үйіліп, қоңырси жанып «жатқан сансыз өліктің үстінен шықты. Қырғын тапқан қандастарының мына көрінісі Қараманның намысына шоқ болып түсіп, ширығып шыға келді.
— Қайда?! Жау қайда?!—деп арыстандай ақырды. Қараманның қаһарлы үні төңірегіндегі тау-тасты тітіретіп, жанына ерген жауынгерлерін қалтыратып жіберді.
Өздері қара көрсетуге бата алмай, Алпамысты алыстан торып жүрген жауынгерлер жампаң қағып, Қараманды бастай жөнелді. Жел қайықтай сырғыған қара тұлпар арқасындағы иесін төбедей теңселтіп, әне-міне дегенше Алпамыстың тұсына алып келді. Алпамыс мынадай алып тұлғалы жауынгерді тумысында көрмеген. Жас жрегі алабұртып, іштей толқу үстінде жаратушы жалғызға сыйынды. «Тіленіп шыққан өзім ғой, тентіреп қашсам, өлгенім болар… Жар бола гөр, жалғыз хақ, өлсем де қарсы тұрайын!» Бұл екі арада үңіле төніп келген Қараман сөзге.де келместен бұж-бұж шойын күрзісімен Алпамысты соғып өтті. Қапысыз сілтенген қара күрзі Алпамыстың дәл басынан тиіп, дүние шыр көбелек үйірілгендей болды. Көзінен ыршып кеткен жасы Байшұбардың жалын сулады. Соққының қуаты соншалық, егер Қойқаптың қия шыңына тисе, тау-тасының быт-шыты шығып, жермен-жексен болғандай еді. Әйтеуір, жаратылысы бөлек Алпамыс болғандығымен ғана шыдап қалды. Дереу тізгін тежеп, екінші рет қайрылған Қараман тағы да құлаш керіп ұмтыла бергенде, Байшұбар ат ышқына қарғып, құла дүзге ала қашты. Сол қашқаннан мол қашты. Қазіргі сәтте ауыздықпен алысқан Алпамысты да елең қылмай, қамыс құлағын жымита жүйткіді. Бұл кезде Қараман да қарап тұрмай, қара тұлпарға қамшы басып, өкшелей қуған. Осы кезге дейін тізгінін босатса болды, қара тұлпардың алдына төрт аяқты шығып көрмеген. Сонан соң да Қараман: «Қазір-ақ қуып жетермін, қара құстай бүрермін»,— деп ойлап еді. Бірақ олай болатын ыңғайы көрінбеді. Байшұбар ат мазақ қылғандай — не қара үзіп кетпей, не жеткізбей, көз алдында көлбеңдеп — жынына тиді.
Қараман болса, ашуға булығып, қамшы үстіне қамшы ұрды. Жан-жағына көз салса, бел-белестер қаңбақтай дөңгелеп қалып жатыр. Қара тұлпардың шабысында мін жоқ сияқты. Бірақ қарсы алдындағы Байшұбар жеткізер емес. «Жамандатқыр ит Қара ат, жаңағы жеген тайлы бие, тоғыз қойдың етін ауырсынып келе жатқаннан сау ма!»—деп ойлады Қараман. Ойлады да, қалбаң еткізіп қалқанын бір жерге тастады, шолтаң еткізіп шоқпарын бір жерге тастады.
Осы сәт қос құлағын жымитып артын бағып келе жатқан Байшұбар демде адымын қысқартып, қара*тұлпарды өзіне тас лақтырымдай жуықтатып еді. Байшұбардың ыңғайын Алпамыс та жазбай танып, есті жануардың ақыл-айласына тәнті болған.
Қараман болса, қорбаңдап, қара аттың төніп келгенін қос қаруын тастағаннан деп біліп, енді қалған қаруын лақтырып, үстіндегі сауытын шеше бастаған. Үш сүңгілі қара найза шаншылып бір жерде қалды, алмас қылыштың алқымы жарқ етіп бір жерде қалды. Бара-бара тоғыз қабат темір сауытын да лақтырып, енді мүлдем жалаң төсі жарқырап қалып еді. Мұны көрген Алпамыс та көңіл орнықтырып, Байшұбардың басын тежей түскен. Сол кезде аңғал-саңғал боп, үңірейе төніп келген Қараман құр қолын көкке білеп, ызадан жарылып кете жаздады. Алпамыс болса, түлкідей жалтарып, қаршығадай қайырылып соғып, ителгідей сүзіле түйіп өтеді. Мұндайда Қараманның қарақұстай қалбаңдап, құр қолын ербеңдеткеннен басқа шарасы жоқ. Онысына күйіп-пісіп тістеніп жүргенде, ашыққан қасқырдай жағы қарысып қалсын. Оған бұл да бір сор болды. Енді Алпамыстың жалтақтайтын реті жоқ. Байшұбарын қиялай бұрып, қарсы төніп келді де, Қараманның ербең еткен бір қолын шауып түсіріп кетті. Екінші қайырылғанда, келесі қолы шабылды. Мұнан әрі тіптен жанаса түсіп, кескен теректей болған Қараманды жағадан алып, сілкіп-сілкіп жіберіп еді, бағанағы сұғына жеген жылы-жұмсағы кесек-кесек боп атқып кетті. Іле аузы-мұрнынан дірдектеп қара қан ақтарылды. Осылайша шипасы біткен Қараманды көкпардай сүйретіп, Алпамыс кете барсын.
Бұл кезде қос батырдың қайсысы жеңер екен, Гүлбаршын оұлу қайсысына бұйырар екен деп, әр төбенің басында қазақ пен қалмақ анталасып тұр еді. Әлден уақытта көз ұшынан бұлдырап жалғыз ноқат көрінді. Соңынан шүйкедей созылған шаң білінеді. Жалғыз ноқат тақала келе, бурыл тартып, Байшұбар екені көзге оттай басылды.
Әні-міне дегенше аузынан көбігі былшылдап, қолтықтан тері тамшылап, құйындатып өте шыққанда, көкпар әкеліп салғандай шаңын бұрқ еткізіп Қараманды тастап кетті. Ойнақтап өткен Байшұбардың үстінде мейманасы асып Алпамыс бара жатты.
Күні кеше қалың жұртты қан қақсатып, қырғидай тиген Қараманның мына күйін көргенде, төбе басында тұрған тамам әйел лап қойсын. «Қөзіміздің жасын көп төгіп едің, қу қара, тарт енді сазайыңды!»—деп, түйіле ұмтылған қатын-қалаш Қараманды әп-сәтте жүндей түтті. Ел-жұртының қайғы-қасіретіне көп куә болған күміс сақал қария төбе басында отырған күйі: «Зорлық түбі — қорлық!»—деп күбір етті.
— Сүйінші, Сүйінші!
— Күйеу келеді! Күйеу келеді!
— Гүлбаршын сұлудың қүдай көз жағын иді-ау!
Біреуі — басшы, біреуі — қосшы боп, Алпамысты қоршаған қалың жұрт у-шу, дабыр-дұбыр болған күйде Сарыбайдың ақ ордасына тақалып келе жатты. Тұс-тұстан жақсылықтың хабаршысындай болып керней үні естіледі. Аяғы жеңілдер оза жүгіріп, сүйінші сұрауға асыққан. Алпамыс болса, уыз өңіне болмашы қан жүгіріп, қазіргі қолпаш-құрметтен қымсынғандай.
Жақсылық хабар жата ма, бұл кезде Сарыбай да құлақтанып; «Алпамыстың алдынан алтынмен зерленген кілемді алып шығыңдар, аяғын жерге тигізбей, аттан түсіріп алыңдар!»—деп, оң шырай танытқан. Мұнысы, бір жағы — өзінің ауа көшкен айыбын жуғаны болса, екінші жағы — Алпамыстың артық жаралған ерлігіне көңілі толған шын пейілі еді.
Сарыбайдың бұл қылығы «қайтер екен!» деп толқыған ел-жұртын қуанышқа бөлеп, мәре-сәре етті. Қылымси басып, үлкендердің қас-қабағын баққан қыздар жағы шашылған гүлдей жамырап, Гүлбаршынды алып келуге асықты. Қатындардың бір тобы қонақ үйді құлпыртып, қазан-ошақ көтерді. Көпшілік қаумалап жүріп, Алпамысты хан көтеріп, кілем үстіне түсірді.
Күйеу де болса бөлек құрмет көрсетіп, сыртқа шыққан Сарыбай осы кезде тіл қатты.
— Қадамың қайырлы , құтты болсын, балам!
Қысқа қайырым тіл қатса да, Сарыбай ерекше толқып, аталық мейірім таныта сөйлеп еді.
Бұл кезде үкідей ұшып, қуаныш лебіне шарпылғандай, ақша беті алаулап Гүлбаршын да жеткен. Бірақ ата-ана, ағайын-туған алдында ибалық сақтап, іштей Алпамыстың жолына жанын құрбан етіп тұрса да, көз көргенді қанағат етіп еді. Амандық-саулық сұралып, жөн-жоралғы жасалған соң, Алпамыс қонақ үйге кірді. Айтканша, қуаныш дастарқаны жайылып, алтын табақтар қолдан-қолға жүгіріп, шекер менен бал келді, қазы-қарта, жал келді! Гүлбаршын сұлу бұрала басып барып Алпамыстың оң жағынан отырды. Жай отырмай, нұрлы жүзін бұрып, аппа.қ тісін көрсете жымиып, ықылас пейілмен қызмет көрсете бастады. Алпамыс пен Гүлбаршынның жарастықты жайлары жиналған қыз-бозбаланың көңілін судай тасытып, әзіл-оспақ, ойын-күлкі, ән-күй шаңырақтан шалқи көтеріліп жатты.
Ойын-сауық түннің бір уақытына дейін созылды. Үркер жамбасқа ауып, Шолпан жұлдызының хабаршысындай болып Есек қырған шақырая көтерілгенде, ел аяғын сиретті. Неше күндей жол жүріп, неше мың жаумен шайқасып, қиындықты көп көрген Алпамыстың тынығуына мұрсат берді.
Қыз-бозбаланың сыңғыр күлкісі сейіліп, үй оңаша қалған соң Гүлбаршын мен Алпамыс бір-бірімен сағынышпен табысып еді… Сонымен Алпамыс батыр Шекті елінде жата берді. Жай жатқан жоқ, Сарыбайдың алдынан өтіп, ақ батасын алып, Гүлбаршын сұлуға қосылды.
Отыз күн ойыны, қырық күн тойы болған соң, атына қайта мініп, атасы Сарыбайды сол елге хан сайлады. Бұл екі арада үш-төрт айдың жүзі болған. Ойға алғаны орындалып, көңілі жай тапқан соң, енді Алпамыс еліне қайтуды жөн көрді.
Батырдың бұл ниетіне Сарыбай да қарсы болған жоқ. Ел-жұртын жинап, игі жақсыларымен ақыл-кеңес құрып, қырық нарға зер артып, алтындағанотау көтеріп, қызы мен күйеуін шығарып салды.Сарыбайдың бұл жасаған сән-салтанаты көрген жанның көзін қуантып, көңілін өл-өлгенше әлдилеп өткен еді.
АЛПАМЫСТЫҢ ЕКІНШІ САПАРЫ
Алпамыс артынып-тартынып ел шетіне тақалғанда, әкесі Байбөрі алдынан шыққан. Байбөріні бұлайша желпілдеткен жалғыз ұлдың жар сүйген қуанышы емес, жанын жегідей жеген қасірет күйігі еді. Осыдан бір апта бұрын еліне жау шапты. Қалмақтың Тайшық деген ханы қалың қолымен шегірткедей қаптап келіп, Байбөрінің малын ойсырата бөліп, айдап кетті. Қашанда көшпелі елдің көңілі малына қарап көтерілген. Ен далада аңдай өрген байлығын Тайшық хан сыпырып кеткен соң, Байбөрі бір-ақ күнде мүсәпір боп қалды. «Мал ашуы мен жан ашуы бір», сонан соң да Байбөрі ызадан булығып, іші күйіп жүрген. Тіптен баласы мен келінінің ырғалып-жырғалған жағасы жайлау күйін көргенде, одан сайын күйіп-пісіп, көкірегін кернеген қыжылын ақтара салып еді. Әкесін көріп, атынан түсіп, ізет көрсеткен Алпамысқа ақыра тіл қатты.
— Тұр былай жолымнан!—деді Байбөрі.— Малыма құрық, басыма сырық тиіп, дұшпанға таба болар сәтімді күткендей осынша неге жетістің! Көрінбесең етті көзіме. Бүйтіп соңымнан ерген тұяғым емес, бетімді қызартар ұятым болғанша, тумай кетсең қайтеді… Шымылдық желбіретіп, жетісер жайым жоқ. Бұр атыңның басын. Тайшық хан алған жылқымның ізін суытпа. Қотыр тайын қалдырмай айдап қайт. Отының басына ойран салып, кегімді қайыр. Осы айтқанымды орындамасаң, сол жақта пенде болып қала бер. Оған еш өкінбеймін. Әкесінің қатты сөзі Алпамыстың қабырғасын қайыстырды. Қабырғасы қайыса тұрып, ашуға булықты. Ақ тілеумен аулына оралғанда, Тайшық ханның салған бүлігі жас жүрегіне кекті жара болып жабысты. Енді дұшпанның өз қылығын өзіне көрсетпесе, сол кекті жара жазылмайтындай.
— Ата!—деп саңқ етті Алпамыс, үнінде тәуекел еткен уыт бар.— Ақ батаңды бер! Жер басып жүрсем, дұшпанға таба етпеспін. Тайшықты тайдай шыңғыртып, қойдай көгендеп, кегіңді қайтарамын. Тілекті Тәңірім бермесе, пенде боп сонда қалармын. Бірақ артымда қалған өздеріңе де алаң болып тұрған жайым бар. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, осы Ұлтан құлдың пиғылынан шошимын. Сапарым созылғандай болса, түбі содан көрерсіңдер қорлықты.
Мұнан әрі Алпамыс алыс та ауыр сапарға аттануға қамданды. Жау жарағын сақадай сайлап, мұздай темір құрсанып, жортқанда жолым болсын деген ниетпен Байшұбардың мойнына тұмар тақты. Содан, бейсенбі күні бесінде үзеңгіге аяқ салып, алты айлық жолдың шетінде жатқан Тайшық хан еліне атының маңдайын қаратты.
Осы кезде артында қалып бара жатқан ел-жұрты қойдай шұбырып, Алпамыстың жолына шығып, ашумен аттанғалы тұрған батырға бір тілек білдіріп еді.
— Ей, шырағым Алпамыс!—десті. көпті көрген ақсақалдар.— Алыс жолға жалғыз аттанып барасың. Осыңның жайы қалай болар екен? Жалғыздық құдайға ғана жарасқан, тіл алсаң, жалғыз өзің барма. Еліңді жинап, көппен бірге бар.
— Уа, жұртым!—деп еді сонда Алпамыс.— Жалғыздың жары бір құдайболсын деген де сөз бар. Құдай жар болсын! Егер шынымен мағанжандарың ашыса, бір тілегіме құлақ салыңдар. Артымда ата-анам қалыпбарады, маған көрсеткен көмектерің болсын, сол кісілердің қас-қабағынақарарсыздар. Сонан соңғы айтарым, әйелім Гүлбаршынның ішінде жеті айлық бала қалып барады. Егер ұл туса, атын Жәдігер қойыңыздар, жетімдіктен жаны жүдеп жүрйесін. Басқа айтарым жоқ. Тағдыр қуанышпен қауышуға жазсын!
Осылай деп Алпамыс жүріп кетті. Ұзын жолға түскен соң, Байшұбардыңеті қызып, ауыздығын сүзе тартып, ұстарадай лыпылдады. Ойындыеті бұлтылдап, қолтығынан тер шығып, алыса-алыса Алпамыстың қарын талдырды. Жүрген сайын ұзын жолдың апшысын қуырып, шапқан сайын ширай түсіп, алысты жақын ете берді.
Алпамыс алты айлық жолдың жартысынан өтіп, толқыны тайдай тулаған айдын көлге тап. болды. Жолсоқты болып келе жатқан соң, суының тұнығына қанып, шалғынын кешіп, тыныс алуды ойлаған. Сол ниетпен ат басын бұрып, тақалып келгенде, ақ жаулығы басында, ақ таяғы қолында бір кемпір ұшырасты. Алпамыс жақын келіп жөн сұраса, кемпірдің көзінде жас, көңілінде мұң. Жас батырды көргенде, аруанадай азынап, бір топ шеңгелді құшақтап зар еңіреп қоя берді.
— Ау, жан шеше!—деп, жөн сұрады Алпамыс.— Мұнша неге жылайсың? Кімнен зәбір көрдің? Айтшы сырыңды, қандай дұшпан болса да қайтарайын кегіңді!
Сонда кемпір көзінің жасын сүрте тұрып тіл қатты:
— Жаратқанның құлағына зарым жеткен шығар, күткенім өзің едің, шырағым Алпамыс. Айтайын сырымды, шағайын мұңымды. Өз жұртың болса да, Байсынның байтақ даласын жайлаған қай Қоңыратты білесің. Әкең Байбөрінің малын бағып, тілеулес болған шешеңнің бірімін. Тайшық ханның тепкісі еліңді есеңгіретіп кетті ғой. Менің азамат болған, атан жілік қырық ұлым бар еді. Несін айтайын, қырқы да бірдей нар еді. Қарынан құрығы түспей, қар жастанып, мұз төсеніп, әкеңнің қалың жылқысына қорған боп жүретін. Сол қырық ұлымды бірдей Тайшық ханның тобыры қырып кетті. Соңдарында сор маңдай болып қырық келінім қалды. Көзімнен қанды жасым ағып, қуарған мыстан болып мен қалдым… Енді, міне, жолыңа тілеу тілеп, алыс сапар үстінде бір тыныс алып өтсінші деп, алдыңнан шыққан жайым бар. Мына қырдың астында, қырық отауды күңірентіп, жеңгелерің отыр. Атыңның басын бұрып, ауыздығын алып, бірер күн жеңгелеріңмен ойнап-күліп, дем алып аттан.
Батыр да болса, көргенінен көрмегені көп, албырт Алпамыс кемпірдің сөзіне дұғадай ұйып еді. Көңіліне еш күдік алмай, жас жаны жабығып, қарт ананың қаяулы көңілін жұбатуға бел буған. «Шығасыға иесі басшы болады» дегендей, Алпамыстың көрер бейнеті, тартар азабы осы бір сәттен басталып еді. Айдалада кездескен жалғыз кемпір — сол бейнет пен азаптың тұзағын құрушы мыстан болатын. Ал бұл мыстанды айдап салып, жол торытып қойған Тайшық хан еді.
Алпамыс: «Иә, сәт!»—деп, атқа қонып, елден шыққан күні Тайшық хан түс көрген. Түсінен жаны түршігіп, жамандықтың хабаршысындай қабылдап, аяқ астында ел-жұртын апыр-топыр жинап алған. Жинап алып, көрген түсін айтқан. Мұнысы түсін жорытқаны емес, сол түсіне шығар күндей сеніп, тақалған қатерден құтылар айла іздегендей әрекет еді.
— Уа, жарандар!—деген Тайшық хан.— Сөзіме құлақ салыңдар. Бүгін бір жаман түс көрдім. Мына жарық дүние тарылып, тарының қауызына сиярдай күн туған екен деймін. Жамандықтың нышанын жасап, құрсаулы қара нарым өзіме қарсы қарап шабынады. Есімді жиғанша болмады, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты бір жас батыр жалаңдап келіп, ел-жұртыма бүйідей тиді. Қаламды шаңға көміп, қақпамды қ^нға малды. Басымнан тәжімді, бауырымнан жарымды тартып алды. Айдарлымды құл қылды, тұлымдымды тұл қылды. Ел-жұртымның тоз-тозы шыққан соң, қабырғам сөгіліп, қасірет шегіп, еңіреп жүр екенмін деймін…
Бұл айтқаным түс болып қана қойса, мұнша түңіліп-түршігер ме едім. Кешегі Жиделібайсын даласын жайлаған қалың Қоңыраттан түре қуып келген жылқыға жоқтаушы шыққан секілді. Сол елде шұбар аттылы Алпамыс деген жас берен бар деп еді. Қартайғанда қу жүрегім жаңылмаса, сол жас батыр атқа мінген секілді. Құлағыма шұбар аттың дүбірі келгендей…
Ау, жұртым, қайтпек керек?! Алдынан шығып, қол қусырып, жылқысын қайырсақ, айыбым деп, қызымды берсем, шыбын жанға сауға болар ма!
Көзге көрінген қатер болмаған соң, жиналған жұрт Тайшықтың түсін жақсылыққа жорып: «Е, тақсыр, түс түлкінің боғы болады, қорықпаңыз, еш нәрсе етпейді!»—десіп қауқылдасқан еді. Бірақ Тайшық райдан қайтпаған. Жүзі қуарып, қабағы түйіліп, айтқанына дауа болар айла күткендей отырып қалған. Осы кезде сол елге жаманшылығымен мәлім болған, жасы үш жүзге жеткен, бір кез ширек бойы бар, адам таппас ойы бар бір мыстан кемпір Жиналға н жұртты елең еткізіп тіл қатқан.
— Хан ием,— деп еді мыстан,— сіз өзіңіз хан басыңызбен дұшпанға жалғыз қызыңыз Қаракөзді беремін деуіңіз қалай? Онан да дұшпанның еріне қыз беріп қор болғанша, өз еліңнің құлына беріп зор бол. Менің басы таз, балтыры қотыр ұлым бар, Қаракөз аруды сол балама қос. Ал мен дұшпаныңды байлап-матап, табаныңның астына салып берейін.
Тайшық хан бұл сөзді жөн көріп әрі мыстанның айласына сеніп, дұшпаны табан астына түсер болса, қызын беретін болып уәде жасаған. Мыстан кемпір болса, сол күні дереу жолға қамданған. Ол үшін ханның қызы Қаракөз аруды бас қылып, қырық қыз таңдап, қырқын да келіншекше киіндіріп, басына жаулық салып, әрқайсысына бір-бір отау көтерткен. Бұған қоса қырық шөлмек арақ алып, Алпамыстың жолын торуға асығыс жүріп кеткен. Жаңағы айдын көлдің жағасында Алпамыс батырға мұңын шағып, зар еңіреген бейбақ, міне, осы мыстан кемпір болатын. Әрине, мұны білген Алпамыс жоқ. Жас жүрегі елжіреп, қорғансыз қарияға қамқор ниетпен құрақ ұшып, Байшұбарын көлденең тартып еді. Осы кезде адамнан есті жалғыз серігі — Байшұбар мыстанның әрекетінен бір белгі бергең. Үстіне мінбекші болып оңтайланған кемпірді қос аяқтап теуіп жіберсін. Кемпір есінен танып құлап түсті. Бірақ көн боп қйтып алған сірі жан пәле кешікпей-ақ есін жиып, ербиіп басын көтеріп, Байшұбарды жамандай жөнелген.
— Шырағым, Алпамыс-ау!—деп мыстан кемпір аярлана тіл қатты.— Мына мініп шыққаның сырты түкті, іші боқты жабы екен ғой! Ойбай-ау, сендей жалғыз жабыны жауға міне ме екен! Ара күндік жол жүрсе , аяғынан ақсайтын, алдыаспанды суырсаң, жау жеріне тастайтын — нағыз жауың осы болмақ. Қарағым, Алпамыс, елге қорған болсаң да, еркелігің қалмапты ғой. Тілімді алсаң, бұл шұбардың басын кесіп таста. Ертеден салсаң, кешке озар, етектен салсаң, төске озар қазанат тауып берейін, Шұбар аттың қылығын шәлкестігі деп ұққан Алпамыстың ойына мыстанның сөзі шоқ салып үрлегендей әсер етіп еді. Демде лып етіп, ашушақырған жас батыр жарқ еткізіп қылышын суырып алды да, астындағы қыл құйрықтың қаз мойнын нысана етіп шауып жіберді. Жалғыздың жары — құдай, осы тұста бір ғажайып іс болды. Алпамыстың қылышы жел үрген жапырақтай жалт етіп, қара жерді қапты. Мыстан кемпір бұл тұста да айла тауып, Алпамысты алдарқата шақырып, асықтыра жөнеліп еді. Алдыға түсіп, бүкеңдеп жүгіріп бара жатты.
Мыстан кемпір алдыда, Алпамыс артта. Мыстан бүкеңдей жүгірген күйі шақ-шақ етіп сөйлеп келеді.
— Уай, өңшең шұнақ қар! Қырқың бірдей қайда құрып кеттің?! »
Алпамыс келеді, Алпамыс! Табалаған дұшпанды табандарыңа салып береді. Алыс жолға аунап-қунап аттансын, жайылып жастық, иіліп төсек болыңдар. Шығыңдар сыртқа тезірек!
Бір елдің ішінен Қаракөз айымды бас етіп сүзіп алған өңшең ақмаңдай ару қырық отаудан жүгіре шыққанда, Алпамыстың алдына сұлу қыздарды шашу етіп шашқандай болып еді. Өңшең перизат шапыр-шұпыр болып, шуылдаса жүріп, Алпамысты ақ кілемге түсіріп алды. Бірінен-бірі асқан қырық қыз қылымси күліп, қымсына жүріп, жас батырға кезек-кезек қызмет көрсетуде. Алпамыс болса, албырт көңілі судай тасып, күлім көз арулардың ықылас-пейілін тамашалап тояр емес. Мыстан кемпірдің әбден шегелеп, үйретіп тастаған ақылын қаза етпестен қызмет көрсеткен кырық қыз да еш сыр берер емес.
Тек қана Қаракөз ару Алпамысты бір көргенде-ақ жас жүрегі өрекпи соғып, бөлек бір сезімге шырмалғандай болған. Осыдан кейін өз қылығының оң-терісіне мән берместен Алпамыс түскен отауға үш рет кіріп шықты. Дәл қазір Қаракөз сұлу дүниенің бәрін ұмытып, осынау ойда жоқта ұшырасқан жас батырдың тілеуін тілеп кеткендей күйде еді. Алпамыс та Қаракөздің таң алдында дара туған Шолпан жұлдызындай ерекше жаратылысына таңырқай көз салған. Сонымен, Алпамыстың көңілінде тарыдай күмән жоқ, алдына келген асты алып, аузына тосқан арақты ішіп, жата берді. Бір-екі рет мыстан кемпірдің өзі келіп, аяр күлкімен алдарқатып, арақты баса құйып кеткен.
Уылжыған жас батырдың тәнін улау қиын ба, кешікпей-ақ ірге түріліп, Алпамысты желпінте кеу-кеулеп қыздырып-ақ тастады. Осы кезде ханның қызы Қаракөз шыдай алмай, Алпамысқажанасқан болып, шымшып кетіп еді. Қу мыстан мұны да жаза жіберген жоқ.
— Әй, шайтан, түсіндім ниетіңді, жолама бұған! Енді бүйтсең, барған соң әкеңе айтып, сорыңды қайнатармын!—деп, жыландай ысқырыпқуып тастаған.
Бұл кезде алдарқатып баса ішкізген арақ Алпамыстың буынына түсіп, әбден масақ тартып, ұйықтап кеткен еді. Мыстанның күткені де осы болатын. Дереу қырық қызды шоқтай үйіріп, қырық отауды жықтырып, Алпамыстың үстіне үйді де, от қойып жіберді. Ханның ен, тегін мүлкін аясын ба, өңшен асылға малңнған қырық отау дүрілдей жөнелді. Басы мыстан болып, кырық қыз шуылдаса қуанды. Сандарын шапақтап, от айнала ербеңдеп, албырт батырды келеке етті. Тек патшаның қызы Қаракөз ғана қыршын жасқа қабырғасы қайыса мұңайып, ақ жүзі күн жеген шүберектей қуарып, көзінің жасын ішке жұтқандай күйде еді. Көз алдыңда Алпамыстың ер тұлғасы елестеп, көңілі құлазып тұрды. Төбе болып үйілген қырық отаудың будақтай көтерілген түтіні түстік жердегі Тасты қаласына бірден көрінген. Мыстаннан айла артылған ба, бұл қалада жасырынып жатқан қалың әскер түтінді көргенде, атқа қонбақшы болып уәде берген.
Сол уәде бойынша лап қойған нөпір қол өртенген отау шоқтанып үлгермей-ақ сау етіп жетіп келді. Келген беттерінде аттарын қаңтара салысып, Алпамыстың күл болған денесін көруге асығып еді. Шоқайнаның сөнгеніне де шыдамастан, қалың қоламтаны аршып көрсе, о, ғаламат!
Алпамыс балбырап ұйықтап жатыр. Мұны көрген қалмақ жігіттерінің таңданысында шек болмады. Кейбіреуі шыдай алмай, күрекпен шоқты көсіп алып, Алпамысты қайта көмбекші болып еді, жайнап жатқан қоламта батырдың денесіне тақала берсе, күл боп кетеді. Бұл жағдай қалмақтардың жүрегіне үрей ұялатып, жас батыр оянбай тұрғанда, дереу байлап тастауға асықты.
ТАЙШЫҚ ХАННЫҢ ОРДАСЫНДА
Алпамысты байлап-матап Тайшық ханның ордасына алып келгенде, батыр әлі шырт ұйқыда еді. Тақ үстінде оқшырайып отырған Тайшықтың алдына ұйқыдағы жас батырды тақалтқанда, патша ішегін тартты. Ол қазіргі сәтте Алпамыстың алып тұлғасынан немесе айбарлы кейпінен шошып ішек тартпаған. Оның үрейін алған — өткен жолғы түсінде көрген, ел-жұртына қырғидай тиген шұбар аттылы батырдың дәл осы екені еді.
Ханның әлем-тапырақ ойын мыстан кемпірдің шақ-шақ еткен даусы бөліп жіберді:
— Хан ием, қырық отауың бес күнгі жиған несібең ғой, құрбан еттім. Оның есесіне берген уәдемнен шығып, дұшпаныңды табаныңа әкеп салғанымды көрмейсің бе?
Тайшық хан бұл сөзге самарқау ғана мойын бұрып:
— Көріп отырмын… көкейіңді тескен берген уәдем шығар, асықпа,— деді. Сонан соң, қолын киелі асаға тигізіп отырып, жарлық айтты. Жарлық бойынша, патшалығына қарайтын қырық қақпалы қаласының халқы жиналу керек болды. Әп-сәтте керней-сырнай тартылып, дабыл қағылып, кешікпей-ақ қалың жұрт құмырсқадай құжынап кетті. Бұлардың ішінде бір өзі самсаған жаумен жалғыз шайқасатын небір жалаң төс батырлар да бар еді.
Ханның күткені де осы болатын. Көп ішінен жар салғызып жүріп,кілең сайдың тасындай, сайыпқыран батырларды іріктетіп алды да, ұйықтап жатқан батырды өлтіріңдер деп әмір берді.
Жалаңдап тұрған қалмақ батырларының тілегені сол сияқты, жапыр-жұпыр қимылдап кетті. Дәл осы кезде Ғайып-ерен қырық шілтен көзге көрінбес құдірет сауыт болып, Алпамыстың денесін құрсап алып еді.
Қалмақтар шүйіле ұмтылған бетінде Алпамысқа қылыш шапты — өтпеді, найза шанышты — кірмеді. Түп зеңбіректің үңірейген көмейін үңілтіп келіп, онымен де атты — бәрібір былқ еткен жоқ. Тіптен, ұйқысы да бұзылмады.
Енді батырлар ғана емес, ханның өзі көзі шарасынан шығып, сасайын деді. Үрей үстінде өткендегі түсі тағы да көз алдына келіп, әбден берекесі кетті. «Бұл бәле оянып кетсе, сол жолғы көргенім түсім емес, өңім болып сорлаймын-ау!»—деген Тайшықтың кәрі жүрегін өрекпітіп, тордағы торғайдай тыпырлатып еді.
Осы оқиғаның бәрін күн ұзын көзі көріп, іштей Алпамысқа тілеулес болып жүрген Қаракөз оеы бір сәтте батырды құтқаруды ниет етіп еді. Ол әкесінің алдына келіп, иіліп тағзым етті де, тіл қатты:
— Әке, бұл батырдың басына зауал шақты мен тудырайын. Тек маған жеті күн, жеті түн мұрсат беріңіз. Жаныма мыстан шешемізді қосыңыз,— деді.
Осы кезде мыстан тағы да шақ ете қалды.
— Жоқ, хан ием, қызыңның ниеті бұзық. Мұны Алпамыстың алдынан шыққанда көрсеткен қылықтарынан сезгенмін-. Алма тілін! Мыстанның бұл сөзі Тайшық ханды дал қылды. Ойы онға бөлініп, бір өзінен басқаға сенбейтін күйге түсті. Сол халде түнере ойланып отырған Тайшықтың есіне өзінің арнайы қаздырған шыңырау зынданы орала кетіп еді. Сол-ақ екен, ханның еңсесі көтерілі-п, бір тығырықтан шыққандай күрсіне дем алды.
Кешікпей-ақ ұйқыдағы Алпамысты аузы сырнайдай тар, түбі арқан бойламас шыңырауға тастауға бұйырды.
Алпамыс бұл кезде де ұйқыда еді. Түбі тастақ, шақатты келген зынданға домалата тастап жібергенде, зеңбіректің оғындай заулап жөнелген. Бірақ «Жалғыздың жары — құдай» деген рас қой, жас батырды тағы да Ғайып-ерен қырық шілтен орта жолға жеткізбей қағып алып, қауырсындай қалқытқан күйі шыңырау түбіне жамбасын тигізген. Алпамыс мұны да сезген жоқ.
Бұл кезде жер бетіндегі көп қалмақ көңілін демдеп, Тайшық хан болса,Алпамыстың Байшұбарына қызыға көз салып отырған. Мұндайда ханның қас-қабағын баққан нөкерлері қарап тұрсын ба, дереу Байшұбарды Тайшықтың алдына көлденең тартуды ниет етіп еді. Бірақ Байшұбар осы сәт танымастай мінез көрсетіп, алдына келгенді тістеп, артына келгенді теуіп, тірі жанды маңайына жуытпады. Н^бір ат құлағында ойнайтын атан жілік ерлер түрлі айла-шарғы жасап көріп еді, шұбар ат бірін-біріне соғып, сарсаңг салды.
Бұл көрініс, әрине, Тайшықтың секемшіл көңілін тіксінтіп, түрлі ойлар жанын жегідей жеді. Сонан соң, дереу ел ішінен нелер бармағы майысқан шебер мен темірді нанша илеген ұсталарды шақыртып, аз күнде ені жеті кез темір үй соқтырды да, Байшұбарды сонда қаматып тастады. Жай қаматқан жоқ, алтасына бір бау шөп беріп, он күнде бір шелек сумен таңдайын жібітіп, әбден титықтатып көндіруді ниет етті.
Алпамыс пен Байшұбар осылайша бір жайлы болып, Тайшық ханның көңілі орнықты-ау дегенде, хан ордасына міндетси басып, мыстан кемпір щрген. рның міндетситін реті де бар. «Уәде — серт» деген, оның үстіне хан аузынан шыққан сөздің екіұшты болуы мүмкін емес. Мыстанның ендігі ойы — басы таз, балтыры қотыр ұлына Қаракөздей аруды қосып, ханмен сүйек болу еді.
— Құлағым сенде, мыстаным!—деді Тайшық хан. Үнінде іштей ытырынған салқындық бар.
— Е, хан ием!—деді аяр мыстан.—Дұшпаныңды табаныңа салып, басыңнан қауіп бұлтын сейілткен жанға құлақ салғаның жөн-ақ. Хан жарлығы екі емес, уәдеңнің орындалуын сұрай келген жайым бар. Айыбы —- басы таз демесең, балаңнан балам кем деп ойламаймын…
Хан осы кезде жақтырмаған шыраймен ырғала бір қозғалып алды да, мыстанның сөзін бөліп кетті:
— Ау, мыстаным, сөзді созып қайтесің! Уәдем — уәде. Жақсылығыңа — жақсылық жасаудан мойын бұрар мен жоқ. Оны айтасың, іштен шыққан баланы қиғанда, осынау ен дәулетімнің именбей бөлісері өзің болғаныңды қалаймын. Тек сенен сұрар мәулетім бар. Қаракөз айым он бір жасқа биыл шығып еді. Жиырмаға келгенше туған ошағының басында болып, көктемдей келте қызығын еркін өткерсе деймін. Тоғыз жылы өтіп, аттай жиырмаға толғанда, той-томалағын жасап, қолыңа табыс етейін.
Тайшықтың бұл сөзіне әбден риза болған мыстан енді хан ордасынан күпініп, желбуаз көңілі көкке жеткендей ‘болып кете барды…
Жер бетіндегі көңіл жайланған тіршілік мұндай болғанда, жер астындағы шыңырау зынданда жатқан Алпамыс жас тәнін улаған арақтың зәрі қайтқанда бір-ақ оянған. Қөзін ашқан бетінде орнынан жұлқына тұрса, айналасы — тас қамау. Қуықтай тар шыңыраудың шырқау биігінен иненің жасуындай болып қана саңылау көрінеді. Өткен жайды көрген түстей есіне алған жас батыр өзінің тұзаққа түсіп, аңдаусызда шоқ басқанын білді. Білді де, қабырғасы қайыса өкініп, шарасыз халі жанын жасытып, көзіне жас алып еді.
— О, Тәңірім,— деді Алпамыс өзімен-өзі шыңырау түбін күңірентіп.— Тірідей көрге көмгендей не жазып едім. Ата-анамның көз жасына шыққан жалғыз түп ағаштың басындағы қос алманың бірі Қарлығаш болса, бірі мен едім. Соның сыңарын көктей солдырғың келсе, не шара. Өзекті пендеге бір өлім, ажалдан қорқар жайым жоқ… Тек су сұрасам, бал берген, жая десем, жал берген анашымның ақ сүтін ақтай алмағаным өкінішті.. Тай құлындай тебісіп, бір емшекті тел емген қарындасым Қарлығаштың қызығын көре алмағаным қабырғама батады… Қайтейін… Аңғалдығыммен жасағанымды -ауырсынбай көтеруден басқа шара жоқ…
Осылай деп зарланып, қасірет күйін тартып отырған Алпамысты әлдене елең еткізді. Ес жиғанша болған жоқ, түнек зынданды бір сәуле осқылап, қою қараңғылықты ығыстырғандай болды. Алпамыс мұны жақсылықтың нышаны деп қуанып, тәу еткені сол еді, бір мысық ғайыптан жаралғандай алдынан шығып, пырылдай жанаса берді. Жай мысық емес, аузына тістеген бір таба наны бар. Онымен қоймай бұрала ойнап, жас батырдың қам көңілін аулағысы келгендей, небір таң-тамаша қимылдар көрсетеді.
— Е, тәңірім!—деді Алпамыс,— құдіретіңе ризамын.
…Осымел күндер өте берді. Әр күнді қаза жібермей келіп тұрған мысық Алпамыстың жер астындағы жалғыз серіп әрі асыраушысы болып алды. Мұның бәрі де Алпамысқа қамқор болған Ғайып-ерен қырық шілтеннің тарапынан болып жатқан ғажайыптар еді. Сонымен, Алпамыс зындаға тасталды, Байшұбар темір сарайға қамалды. Тайшық пен мыстан құда-құдағи болып, көңілдерін орнықтырды. Мыстанның кембағал таз ұлы болса, ханға күйеу бала болғанын өзінше дәреже санап, бұрынғыдан әрман есіре түстІ. Көрінгенге бүйідей тиіп, үлкен-кішімен тасыраңдап ойнап, әңгүдік мінезімен ауыл-үйді әбден ығыр етті. «Аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін» дегендей, ханға күйеу бала болған соң, ел-жұрт есер тазға деген қыжылын сыртқа шығара алмай, іштен тынатын болды. Бұл жағдай бәрінен де бұрын, әсіресе, бейкүнә Қаракөздің қабырғасына қатты батушы еді. «Құдай-ау, Құдай!—деп, оңашада көзінің жасын сығып алатын.— Шынымен-ақ бар ғұмырым мыстанның миғұла баласымен қосақталып өтер ме екен!» Бұл ойдан Қаракөздің жас жаны түршігіп, уайымнан уыз өңі ағара жүдеп, қатты қамығатын. Бір күні Қаракөз ару өзі теңдес құрбыларымен өзенге шомылып жүр еді, топты қызды шу еткізіп, қойға шапқан қасқырдай арсалаңдап мыстанның таз ұлы жетіп келді. Келді де, ештемеде жұмысы жоқ, тап бір осы қыздардың бәрімен бұрыннан жақын адамдай қымыңдап, қотыр тайлақша сүйкене тиіссін. Ойыны қандай дөрекі патшағардың. Алғашқыда тіксініп қалған қыздар бұл бәледен құтыдмасын білген соң, «жездеке» деп ойнай-барымталап алып соқсын. Онымен де қоТймай, түйебас қылып түйгіштеп, таз кепесін сыпырып тастап, әбден келеке етіп еді. Осы оқиға Қаракөздің намысына шоқ болып түсіп, жас та болса бір тәуекел ойға бел буып еді.
Сол ниетпен Қаракөз ертеңінде әкесінің алдына барып:
— Әке, бір тілек сұрай келдім,— деді.
— Айта ғой, шырағым,— деп, Тайшық хан да қызына әкелік мейіріммен тіл қатып еді.
— Алдымда асқар таудай өзіңіз тұрғанда, еш нәрсені уайым етпеймін, әке. Бірақ жас та болсам, қыз баланың қызық дәурені қызғалдақтай ерте солатынын да білемін. Сондықтан ақ батаңызды алып, құтты жеріме қонғанша, еркіндікте өзімше бір сайран құрсам деп едім. Ол үшін жаныма қырық қыз нөкер берсеңіз, алдымызға ермек үшін жүз серке салып берсеңіз. Ол серкелерге бас-көз болуға Кейқуат қойшыны босатсаңыз. Сонда, ен далада, әсем табиғат аясында құстай еркін дәурен сүріп, тоғыз жыл өткенде қайтып оралар едім. Өзің лайық көрген жерге басымды иіп барар едім. Бар тілегім—осы. Тайшық хан қызының бұл сөзінен ешқандай оғаштық көрмеді. Қайта хан қызына лайық бөлек бір салтанат танығандай ризашылықпен келісімін берді. Кешікпей-ақ хан жарлығымен ақ отаулар сайланып, қырық қыз нөкер таңдалып, Қаракөз ару жолға шықты. Соңдарынан мүйіздері қарағайдай жүз серкені буындарын сыртылдата айдап Кейқуат ілесті.
Сол бетінде елсіз-күнсіз жердегі табиғаты құлпырған ен жайлауға келгенде, бір айна бұлақтың басына тізгін тартып, қоныс тепті. Сол жерге жұмыртқадай отауларын көтеріп, ойын-сауықпеһ алаңсыз ғұмыр кешіп жатты. Қаракөздің осынау шалғай шеттегі оңаша өңірді таңдауында өзіндік сыр бар еді. Осыдан біраз жыл бұрын әкесі Тайшық хан арнайы жасақ шығарып, осы маңнан шыңырау зындан қаздырған. Мұнысы хан ордасында сол кезде сөз болғанымен, дабырасыз құпия күйінде сақталатын. Алпамыс батырдың сол зынданға салынғанын Қаракөз жақсы білетін. Бірақ шыңырау зындан ен даланың қай жерінде, қандай қалтарысында екенін анық білмейтін. Енді, міне, әкесінен тоғыз жыл мәулет сұрап, өзінше салтанат құрып, шығанға шығуының сыры — сол зынданды тапса, Алпамысқа шапағаты тие ме деген ниет еді. Қаракөздің ықыласын аударып, мұншалықты қамқор қылған жағдай — жас сұлудың қазақ батырына деген аяулы сезімі, айнымас махаббаты болатын.
Осылайша Қаракөз арудың екі көзі төрт болып, ен даланы ине жоғалтқандай тінтіп, құпия зынданды іздеген күндері басталды. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады» дегендей, бұл ниетін қасына ерген нөкер қыздарына да сездірмеді. Ертелі-кеш өз мұңын өзіне шаққан болып, оңаша серуен құрады. Оңаша серуен құрған болып, әр бұтаның түбін, әр тастың қалтарысын тінтеді. Бірақ ханның жырынды жасағы қазған жасырын зындан таптырсын ба, оңайлықпен таптырмайды ғой, таптырмайды. Мейлі, апталар, айлар, керек десең, жылдар өтсін, Қаракөз сұлудың жас жүрегінен үміт оты сөнер емес. Үміт шіркін кеудеңде шыбын жаның барда үзілмейді екен ғой…
КАРАКӨЗАЙЫМНЫҢ ДИУАНА БОЛУЫ
Арада аттай жеті жыл өтті, Алпамыс жатқан құпия зынданды Қаракөз сұлу таба алмай-ақ қойды. Бірақ атар таңын үмітпен атырып, бір сәт күдерін үзген жоқ.
Күндердің бір күнінде Кейқуат әдеттегідей серкелерін соныға жайып, өріс ауыстырған еді. Бұл кезде, ен жайлауда еркін жайылған серкелер кішігірімжылқыдай болып серейіп, әбден семіріп алған. Ешкі малының ежелгі әдеті — жілігіне май бітсе, жардан секіріп ойнайды. Сол әдетпен бүгін де өрісте кездескен төмпешікті төңіректеп, бірін-бірі сүзіп, асыр сала секіріп кетпей қойған.
Малшы үшін алдындағы малдан басқа ермек жоқ. Кейқуат та серкелердің сүзіскенін қызықтап отырған. Кенет… кенет көз алдындағы қоспақ мүйіз көк серке бақ ете қалды да, суға батқандай жоқ болды. Үрейі ұшқан Кейқуат жалма-жан жүгіріп келіп қараса, қазан аузындай болып үңірейіп жатқан шыңырау зындан.
Малшы да болса Кейқуат ел ішінің жағдайына құлақ түріп жүретін. Алпамыстың осы өңірдегі құпия қазылған зынданға тасталғанын естігені бар. Қазіргі сәтте аяқ астынан қарая үңірейген шыңыраудың ішінде Алпамыстың жатқанына еш күмәні жоқ еді. Алғашқыда өзінен өзі тіксініп,
Алпамыстың ел-жұртқа әйгілі алапатынан шошып қалды. Бірақ жеті жыл зынданда жатқанда, дәл қазір қайдан шыға келсін деген ой көңілін орнықтырды да, шыңырау ернеуіне тақала түсті.
— Ей, Алпамыс!— Кейқуаттың даусы зындан ішін күңгірлете қуалап кетті… …Бұл кезде Алпамыстың қуанышында шек жоқ еді. Жеті жыл бойы нан тасыған қоңыр мысықтан басқа тіршілік иесін көр.меген, енді, міне, ойда жоқта өзінің атын атаған адам даусы көңіліне үмітке қоса қуаныш ұялатып үлгерген.
— Ау, бұл қайсың?—деді Алпамыс. Даусы жарықшақтанып, зындан ішін жаңғырықтырып жіберді.
— Менің атым — Кейқуат. Қаракөзайымның серкелерін бағушы едім. Мына кебенек келгірлердің бірі түсіп кетті, шыныменен Алпамыс болсаң, шығарып . берші.
Алпамыс Кейқуаттың бұл сөзінен арнайы құтқаруға келмегенін, ойда жоқта тап болғанын білді. Сонан соң ойлана отырып тіл қатты.
— Кейқуат,—деді ол,— сені маған құдай кез қылған шығар. Тілімді алсаң, күніне серкеңнің біреуін беріп, мені бағып-как. Амандык болып шыңыраудан шықсам, өзімнен бұрын сені мұратқа жеткіземін.
— Өйдөйт дерсің!—деп Қейқуат қыжырта күліп алды.— Жеті қат жер астында жатып менің қамымды жегенше, өзіңнің өлмес күніңді ойласаң еді… Тапқан екенсің ақымақты… «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген, сенің бұл күніңді өзіңе көп қылайын Кейқуат шынымен-ақ ашуланып, зындан аузында жатқан диірмен тасты итеріп жіберсін. Ауыр тас шыңырауды бойлай заулап жөнелді. Бірақ Алпамыстың құдіретін Кейқуат дәл осы сәт өз көзімен көріп еді.
Жұлдыздай сорғалап келе жатқан диірмен тасты Алпамыс қағып алып, кері лақтырған. Атқан оқтай зу етіп зындан аузынан шыққан тас Кейқуаттың басынан асып барып, анандай жерге дүңк ете түсті. Кейқуаттың көзі бағжаң етіп, зәресі ұшып кетті. Аздан соң қорқынышын баса отырып, ойға қалды.
«Шынында да, бұл тегін жан емес екен,— деп ойлады,— жеті жыл жер астында отырғандағы тегеуріні мынадай. Азат ғұмыр кешсе, қандай болмақ! Мұндай асыл ер екі сөйлемейді деуші еді ғой… Бәрібір мен қимайтындай бұл тіршілігімде не рақат көріп жүрмін. Малмен бірге өріп, бірге жусаған тірліктің несі қымбат дейсің… Тәуекел, осының айтқанын қылайын, өлсем, өкініші жоқ өмір ғой, өлмесем, жақсылығын көрермін». Кейқуат осы оймен тәуекел етті де, Алпамысқа уәдесін берді.Уәде бойынша, күн сайын осылай қарай серкелерін өргізіп шығып, бір-бірден тастап кетіп отырды. Жүз күн деген немене, әне-міне дегенше өте шықты.
Жүз серке де таусылды. Осы кезде Кейқуат:
— Ал, Алпамыс, серке таусылды, ендігі тірлік не болады? — деп сұрады.
— Қам жеме, Кейқуат,— деді Алпамыс,— мен серкелердің мүйізі мен қабырға сүйегінен сырнай істеп қойдым. Сен сол сырнайды қыздарға естірте тартатын бол. Әрине, мұны қайдан алдың деп сұрайды. Сонда қыздарға сездіріп алмай, тек қана Қаракөзайымға айтарсың.
Қелер күннің қандай сыбаға тартарын Кейқуат білмесе де, Алпамыс батырдың алысты ойлаған ақылына еруді жөн көрді.
— Мақұл, Алпамыс, айтқаның орындалады,— деп, уәдесін берді де, ғажайып сырнайды сарната тартып үйге қайтты.
Есіз далада жеті жыл қаңғырып Қаракөздің соңынан ерген Кейқуат кейде бұл тірлігіне ыза болатын. Мұнысы несі екен деп таңданып та қоятын. Енді, міне, бұл мінезінің сырын түсінген сияқты. Қаракөзге орайын тауып сырнайдың жайын сездіруі мұң екен, ханның қызы қуаныштан қолды-аяққа тұрмады. Біресе күліп, біресе жылап, біресе жалынып, зынданды көргенше, тағат таппады.
Кейқуат та кергіп, жеті жылғы сергелдеңінің есесін дәл осы сәт қайтарып алғысы келгендей бұлданып бақты. Тіптен былай шыққан соң: «Шаршадым, арқаламасаң жүрмеймін»,— деп қиғылық салды. Қаракөзайым бұған да көнді. Содан Қейқуаттың әбден ойыны қанып, қалжырап шаршаған кезде Алпамыс жатқан шыңырауды әзер көрсетіп еді. Аңсап, зарығып жеткен Қаракөз алдымен тіл қатты.
— Алпамыс, бармысың?!
— Бармын.
— Бұл күнге жеткізген тәңіріме мың да бір шүкірлік. Сенің жолыңда жүргеніме жеті жыл болды. Таптым-ау, әйтеуір,— Қаракөз өзінің егіле сөйлегенін оғаш көргендей бөгеліп барып, қайта тіл қатты,— оның несін айтайын, онан да сені қалай шығарып аламын, ақыл бер маған.
— Сен мені шығара алмайсың. Шұбар атым қайда?
— Атың әкемнің қолында, жеті кез темір үйде қамаулы. Күзеті де қатал, мен ол үйге жақындай алмаспын.
— Оның бір ақылы бар,— деді Алпамыс,— сен менің жеті жыл терім сіңген қамзолымды ішіңнен киіп ал, шашыңды түй, сонан соң диуана болып барып, орайын тап.
Бұл сөз Қаракөзайымның көкейіне қона кетті. Кешікпей-ақ, Алпамыстың терісіңді қамзолын ішінен киіп, сыртынан диуанаға лайық киімдер киіп, қолына аса таяғын ұстап жүріп кетті. Сол бетінде хан ордасына барып, Байшұбар қамалған темір құрсауды екі-үш рет айналып еді. Айналған сайын жел жағына шықса болды, шұбар ат осқырынып, жер тарпып, темір құрсауды күңгірлетіп жіберді. Жануар, бір мезгілде әбден шыдамы таусылғандай арқырап бір кісінеп алды да, құрсаудың күл-талқанын шығарды. Күзетші қалмақтар бұл шұбарға не болды деп, зәрелері ұша тым-тырақай қашты. Байшұбар болса, темір құрсаудан құтылысымен, оқырана шұрқырап диуана Қаракөздің жанына келді де, қолтығына тұмсығын тықты. Алпамыс иесінің иісіне де зар болғандай, әбден сағынып қалыпты. Маңайына тірі жанды жуытпай қойған Байшұбардың бұл қылығын көргенде, Тайшық ханның таңданысында шек болмап еді.
— Ей, Диуана!—деді Тайшық хан,— сен Алпамыстың өзімісің, жоқ әлде көзімісің?! Мына шұбар ат неғып саған үйіріліп қалды?
— Хан ием-ау, Алпамыс менен он есе үлкен емес пе!—деді Қаракөз, даусын да танымасын деп, қасақана өзгертіп шығарды.— Бұл шұбардың маған үйірілетін реті бар. Ілгеріде Жиделібайсын жерін жайлаған Қоңырат елінде болғанмын. Сонда осы шұбар ат құнан еді, өзіне ит тиіп ауырып, өлім халінде жатыр екен. Мен үшкіріп жазып кеткенмін. Жылқы малы есті ғой, жануар, енді, міне танып, мұңын шағып тұрғаны ғой.
Тайшық хан қарсы алдындағы диуана болып келіп тұрған өз қызы Қаракөз екенін сезген жоқ. Тіптен диуана-Қаракөздің айтқанына еш күмәнсіз сеніп, басқаша шырай танытып еді.
— Олай болса, — деді Тайшық хан, — осы шұбарды үйретіп бер. Сені бізге құдай айдап келген шығар.
— Мақұл, айтқаның болсын. Тек мұндай пырақты үйрету үшін маған қырық арқан, қырық қойдың құйрығы және Алпамыс батырдың қару-жарағы керек. Сонан соң жеті күн мұрсат беріңіз. Сегізінші күн дегенде көшеге шықсаңыз, бұл шұбарды алдыңызға көлденең тартайын.
— Келістік, айтқаның орындалады! — деді Тайшық хан. Даусы да бөлекше сергек, көңілді шықты.
Диуана кейпіндегі Қаракөз болса: «Қайтейін, әкетай, көзсіз көбелектей ғашықтық отына өртенген мен бір бейбақпын, мұнан басқа шарам жоқ, оның үстіне іштен шыққан балаң екеніме қарамай мыстанның таз ұлына қиып жібергенің көкейімнен кетпейді. Қыз бейбақтың көрінгенге қрлжаулық болуы оп-оңай екен. Бүйтіп қор болғанша, жүрек әмірімнің күңі боп өлейін», — деген оймен Байшұбар атты жетектеп кете барды.
Байшұбарды ордадан алып шыққан Қаракөз кешікпей-ақ шыңырау зынданға келіп еді. Қазіргі сәтте әкесін алдап, өлім тұзағын құрып кеткеніне егіліп, көзінің жасын ішке жұтып жүрсе де, көкірегін екінші бір сезім ойнақ салып, Алпамысты көруге асықтырғандай. Осынау екі дай сезім шарпуында Қаракөз тәуекел етіп, ғашығының жолында құрбан болсам да, өкініші жоқ деп түйініп алған.
Сол ниетпен зындан аузына келген бетте Байшұбардың беліне арқан байлап, оның бір ұшын Алпамысқа тастады. Алпамыстың да тағатсыздана күткені осы сәт. Төбесінен салбырап жеткен арқанды «иә, сәт!» — деп қолына ұстады. Іле беліне байлап, тарт деп белгі берді. Байшұбар ат та лып етіп, төрт тағанын жерге сіңіре мықшиып, жер түбінде жатқан иесін саумалай көтере берді.
Бұл кезде Қаракөзайым да қуаныштан дүниенің бәрін ұмытып, бар тілегі Алпамыстың үстінде болып, ет жүрегі бұлқына соғып қоя берген. Кешікпей-ақ Алпамыс дік етіп сыртқа шықты. Қаракөзайым қуаныштан көз жасын мөлт еткізіп, батырдың құшағына енді. Жеті жылғы азаптан құтқарған Қаракөзге, оның тайғанақсыз тәуекелшіл ер мінезіне, адал сезіміне деген Алп&мыстың да ықылас-пейілі аққұла ерекше болатын. Сонан соң да, қазіргі сәтте құшағында тұрған Қаракөзді бауырына тартып, шыншыл пейіл үстінде ақ тамағынан аймалай сүйіп еді.
Бұл кезде адамнан есті Байшұбар да иесін көріп, шұрқырай оқыранып алды да, тұла бойы қуаныштан шымырлап кеткендей үш секіріп, үш түсті.
Алпамыс пен Қаракөзайым құшақтары жазылмастан, Байшұбарды жетектеп оңаша отауға келді. Осы жерде жас батыр жеті күн бойы тынығып, Қаракөзайыммен армансыз ойнап-күлді.
Сегізінші күн дегенде жау-жарағын сайланып: «Тәңірім!»—деп атқа мініп еді…
… Бұл жағдайды ордасында жатқан Тайшық хан да білген. Қапыда алданып, өзіне-өзі дұзақ құрғаны бір қинаса, іштен шыққан перзенті Қаракөзайымның жат болып, дұшпанына қиып кеткені екінше жағынан ішін мысықтай тырнаған. Соған әбден булығып, Алпамыстың енді аямайтынын біліп жаны түршігіп, өз жағасын өзі жыртқан. Өгіздей өкіріп, басын таққа соққан.
— О, Тәңірім! Осынша қаһарыңа ұшырайтындай не жазып едім!— деп қатты күйінген.
Бірақ құр күйінгенмен енді ештеңе өнбейді, әрі-беріден соң сабасына түсіп, жарлық беріп .еді. Әп-сәтте керней-сырнай тартылып, қырық қақпалы қалаға тегіс хабар берілді. Хабар бойынша сол күні сәске түсте хан алаңына жүз мың әскер сапқа тұруы керек болды. Хан жарлығы екі айтылмайды, сәске түсте жау-жарағы жарқылдап, жүз мың әскер хан алаңын кернеп кетті. Тайшықтың алтын тағы сыртқа шығарылып, жауынгерлер сапының қарсы алдына құрылды.
Осы кезде орда есігі айқара ашылып, қабағынан қар жауғандай түнерген Тайшық. хан көрінді. Сол сұсты қалпы серпілместен томаға тұйық кейіпте таққа келіп отырды. Іле аш қырандай шаңқ етіп тіл қатты. Үнінде өлім мен өмірдің біріне ғана бел буған ширығу бар. — Уа, менің балуан батырларым! Көп кешікпей шаһарымызға Алпамыс батыржелуге тиіс. Бұл — осыдан жеті жыл бұрын түсіме кіріп, астымыздан су шыкХандай дүрліктіретін жас жігіт. Ол жолы мыстанның ақылымен алдын алып, зынданға салып, көңіл жайлап едік. Енді, міне, орайын тауып тағы сытылып шыққан жайы бар. Ата-бабамыздың салты бойынша, жалғыз шапқан жауға алдымен кезегін беріп, жекпе-жекке шығуымыз керек. Ол да сендер сияқты анадан туған, адамның баласы. Кәне, қайсбің барсың, дұшпаныма қарсьгтұрып кегімді алып беретін, қабырғасын қаусатып, табаныма салатын?! Алпамысты жеңгеннің тек сүйіншісіне ғана астындағы шұбар тұлпарды беремін…
Тайшық ханның сөзі бітер-бітпестен, қалқанын күрзісімен даңғыр еткізіп, бір батыр саптан жұлқына шықты. Бұл Тайшық ханмен қатар өскен жолдасы — Таймас батыр болатын.Таймас десе дегендей, осы уақытқа дейін дұшпанынан тайсақтап беті қайтып көрмеген. Сонысына лайық өзінің де ерге сай тұлғасы бар еді. Тек қолындағы күрзісінің өзі отыз батпан алмас болатын. Талай қанды шайқаста арыстандай ақырып алдыға шығып, дұшпанның апшысын қуырып, жеңістің туын желбіретіп қайтатын.
— Оу, хан ием!—деді Таймас,— тек, сүйіншіге Шұбарды тіксең, басқа сый дәметпей-ақ қояйын. Алпамыспен белдесуге рұқсатыңды берсең болды, айтқаныңды істейін.
— Мақұл!—деді Тайшық хан.
Аруақ, аруақ!—десіп шу ете қалған қалың қол қырық қақпалы шаһарды дүр сілкіндірді.
ОРДАДАҒЫ ОЙРАН
Шаңырақтай қалқанын басына төңкеріп, отыз батпан алмас күрзісінебелектей үйіріп Таймас тұр. Астындағы атан түйедей серейген қара тұлпар мойнын доғадай иіп, Алпамыстың келесі шабуылын тықырши күтеді.
Қос батыр әлгінде ғана бір-бір кезек алысып, бірін-бірі қошқардай түйіп өткен. Алпамыстың қол байқар жолғы тегеурінінің өзі Таймасты сең соққан балықтай есеңгіретіп кетті. Енді, міне, екінші кезегіне шыдар ма екенмін деген сумаң ой жүрегін аяздай қариды. Бірақ «Бөрі арығын білдіртпесе, сыртқа жүнін дүрдитер» дегендей, өзінше күрзісін үйіріп, доңайбат жасаған күйде еді.
Алпамыс бұл жолы жалаң қылышын жарқ еткізіп жоғары көтерді. Іле Байшұбарын тақыммен нұқып, Таймас батырға қарай ақ тұйғындай қүдиді Сол бетінде жұлдыздай ағып жанаса берген Алпамыс найзағайдай жалт етіп, Таймастың басын бір-ақ шауып түсіріп кетті. Үстіндегі иесі обадай болып жалп етіп құлаған соң, қара тұлпар да ойнақтап шыға келді.
Осы кезде қалмақ әскерінің қалың сапынан бір батыр еліре айқайлап, жүгіре шықты. Жекпе-жек делебесін қоздырып, әрі намысқа шыдай алмай ұмтылған сыңайы бар. Келе жапырып жіберетін немедей етегінің қос шалғайын беліне түрініп алған. Алпамыстың өз қылғанын өзіне көрсеткісі келгендей, жарқылдатып жалаң қылыш ұстапты.
— Жекпе-жек, жекпе-жек!—деп, еліре айқайлайды.
Мұны көрген Алпамыс тізгін тежеп, бір өнер көрсетуді ниет етті. Асықпай қолындағы қылышын қынабына салды. Найзасын тақымына басты. Енді тек қана қарында қалқаны бар демесе, құр қол күйінде қалмаққа қарсы жүрді. Қалмақ болса, қылышын безеп, ұрымтал сәтті пайдаланып қалғысы келгендей ұмтыла беріп еді. Сермелген қылыш шық етіп қалқанға тиді де, сол сәт Алпамыс жалаң жұдырығын сілтеп қалды. Сілтегені құр кеткен жоқ, жел ұшырған жапырақтай қалмақтың басын жұлып түсірді. Қаны шашырап, қаңбақтай домалаған жұмыр бас қдлмақтардың сірескен сапына барып бір-ақ тірелді.
Көз алдында өткен жекпе-жектің сыңайын қапы жібермей, тақ үстінде түнере қадалып, Тайшық хан да көріп отырған. Әсіресе соңғы өлім намысын келтірді. Іштей кіжініп, алтын тақтың шынтақ аспасын сығымдап-сығымдап алды. Сонан соң оң жағында тұрған жас жауынгерге мойын бұрды.
— Балам, кеудеңде намыс болса, қимылда. Мына қаңғырған қазақтың қорлығы өтіп барады!—деді Тайшық хан.
Оң жағындағы жас жауынгердің күткені де сол лебіз екен. Дүр сілкінген қырандай иығындағы желбегейін сыпырып тастап еді, үстіндегі көк сауыт жарқырап қоя берді. Бүл — бірінші жекпе-жекте опат болған Таймастың жалғыз үлы еді. Жас та болса, батырлығымен жүрт аузына ілігіп, қырандай уытты, қабыландай қайратты бітімімен дараланатын. Тайшық ханның: «Кеудеңде намыс болса, қимылда»,— деп мезгеп тұрғаны да Таймас батырдың өлімі болатын. Айтқанша болмады, Таймастың батыр ұлы жараған нардай болып, құтырынып шыға келді. «Келсең кел»,— деп жұтынып, қысырдың тайындай болып Алпамыс та қарсы ұмтылды. Қөзді ашып жүмғанша, азу тістерін ақсита шүйліккен қос батыр үркер мен айдай болып тоғысты. Демдерінен үйірілген қүйын қалмақ әскерінің қалың-қатарын қыдырып кетті. Неше жылғы шерін тарқата алмай жүрген Алпамыс бұл жолы да шыдатпады. Беттескен бетте қалмақ батырын сақиналы найзасымен жез қармақтай іліп кетті. Ілген бетте тыраңдата үйіріп, шаңын бұрқ еткізіп тастай салды. Қалмақ батырының тұяқ серпуге де мұршасы келген жоқ. Әне-міне дегенше, жекпе-жек алаңында буылған баудай теңкиіп үш қалмақтың жансыз денесі жатты.
Бұл көрініс қалмақтың қалың әскерін есеңгіретіп тастағандай еді
Бір сәтке жауар бүлттай түнерген тым-тырыс тыныштық иықтан басқандай.
— Жекпе-жек, жекпе-жек!—деді Алпамыс келесі кезекті шақырған белгіні білдіріп. Үні де күндей күркіреп, қаһарлы естілді.
Осы кезде қалмақтардың қатарынан алшаңдай басып бір жауынгер шыға берді. Бүл — туғалы жауырыны жер иіскеп көрмеген айтулы балуан болатын. Қимылында еш қатердің нышаны жоқ, асыкпай басып барып, атқа мінді. Сонан соң, тақымын жазып алғысы келгендей, олай-бұлай шапқылап қыр көрсетті. Бір мезгілде Алпамысқа жақындап келіп:
— Ей, қайратқа мас болған жас бала!—деді.— Ер кезегі үш рет деген, үшеуін де алдың, арманыңнан шықтың. Шын батыр болсаң, басыңа қалқан үста да, ендігі кезекті маған бер.
— Жоқ!—деп іле тіл қатты Алпамыс, үнінде ерегіскен ердің райдан қайтпас тегеуріні бар.— Жоқ, кезегімді бермеймін. Біріншіден, сендер көпсіңдер, мен жалғыз. Екіншіден, жеті жыл зынданға салған қорлықтарың үшін жеті мың қалмақты өлтірмей қылышымды қынапқа салмаймын деген сертім бар. Арманың жекпе-жектің кезегі болса, жеті мың жауынгерді бір жайлы етейін, сонан соң кел. Оған дейін кызығымды көре тұр.
Мұнан әрі қос батыр тәжікеге бармады. Екеуі де сүзетін қошқардай көз аларта шегінісіп алды да, бір-біріне тап берді. Алпамыс бұл жолы балуанмен балуанша ұстасайын, қапыда қалдым демесін, қару жұмсамай-ақ қояйын деп ойлады. Сол ниетпен бетпе-бет келіп қалғанда, шап етіп жағадан ұстап, буындыра жөнелді. Нарттай болып қызарып, » ісіп-кеуіп кеткен қалмақ балуаны бауыздалған бұқадай қырылдап ат үстінде жан берді. Тайшық хан мұны көргенде, шыдай алмай, екі иіні селкілдеп, зауал шағын көргендей жанарын жасқа толтырып еді.
Тайшық ханның мүжіле шөгіп, көзін жаспен шылаған күйін көргенде, жүз мың әскер жалғыз Алпамысты жүндей түтетіндей болып лап қойған.
— Иә, аруақ!—деп Алпамыс та қарсы ұмтылды. Сол бетінде қамысқа түскен жасындай кеулеп, қалың жаумен қидаласып кетті. Жүріп өткен жерінде өліктерден жол қалып жатыр. Қолындағы семсері сермелген сайын, сан дұшпан баудай түссе, лықсып келген қалың қол жартасқа соғылған толқындай болып орнын басады. Алпамысқа жанасуға асыққан небір жау жүрек ерлер жан беруге асыққандай қырғын тапты. Ет пісірім уақыт өткенде, төбе-төбе болып өліктер көрінді. Аққан қанға ат шашасы боялды. Үрістем батырдың майданы да мұндай болмаған шығар. Кіші бесін әлетінде қалмақтардың да лажы таусылып, қатары сетіней бастап еді. Лажы таусылмай қайтсін, Алпамысты нысана етіп мылтық атса — тақ етеді, қылыш шапса— шақ етеді. Тап бір шойыннан құйылғандай. Оның үстіне соғысқан сайын еті қызып, арыны үдеп, құтыра түскен. Мұны көрген қалмақтың тірі қалғандары үріккен қойдай босып, қорғанға ығысып, ендігі үрысты қала қақпасының аузында салған. Алпамыс бұл жерде де шыдатпай, қоғадай жапырып, қырғын таптырумен болды. Бұл кезде қас қарайып, көз байлана бастаған. Бір мезгілде салдыр-күлдір еткен дауыс естіліп еді, Алпамыс шайқаса жүріп байқаса, «Қап!»—деді өкініп. Өкінгенмен не пайда, сыртта қалған жауларын жаусатып, енді қалаға кірудің амалын ойлады.
Берік қаланған тас қамал асу берер емес. Алпамыс дүбірлете шапқылап қорғанды үш рет айналды. Барлық қақпа тас бекітілген. Осыменен жүргенде түн ортасы болсын. Алтын табақтай болып қорғалап туған ай көтерілді. Ай сәулесі адамдардың аққан қанына шағылып, көз қарықтыра жалтырайды. Бір мезгілде Алпамыс қорғанның шығыс жақ іргесінен үңірейе арауытқан үңгірді байқады. Аттылы адам еркін сыйып кетердей кең қуыс қарауытып, сұсты көрінеді. Алпамыс: «Бүл не үңгір»,— деген ниетпен жақындамақ болып еді, астындағы шұбар ат осқырып, шегіншектей берді. Әлі де ет қызуы басылмай жүрген Алпамыс тәуекел етіп, қамшыны басып-басып жіберді де, шұбардың маңдайын үңгірге бұрды. Бір пәлені сезгендей бұлқына шегіншектеген Байшұбар ат үстіндегі иесі қыстап болмаған соң, қос құлақты жымырып алып, ащы ішектей созыла жөнелді. Сол бетінде ойынды еті бұлт етіп, асыл біздей жылт етіп, үңгірден өте шыксын. Өте шыққанын қайтейін, қорған ішіне дік етіп түсуі мұң екен, шылдырлап қоя берген темір тор Алпамысты ат-матымен басып қалды. Байшұбардың үңгір аузында осқырынып, шегіншектеуінің сыры да осы еді. Бүл да ештеңе емес қой, үңгірдің ішінде аттылы адам сыйып кетердей шыңырау зындан болатын. Қалмақтардың да соңғы сенген түзағы сол еді. Абырой болғанда, Байшұбардың табаны жер иіскемей сып етіп қорғаң ішіне бір-ақ түсті ғой. Жау ішінде жазым көп емес пе, енді, міне, темір тордың ішінде балықтай шоршып тұрысы мынау. Жай тұрғыза ма, «түсті түстілеп!»—лап қойған қалың жау шоқпарларын шірене сілтеп, оқты бұршақтай жаудырды.
Осы кезде дөңге қаққан қазықтай болып қасқайып түрған Алпамыс, іштей егіліп, тағдырына назаланып, аруақ-құдайға жалбарынып еді. Көрген қорлық, тартқан азабын айтып, жалғыздығын еске алып, мұңын шақты. Сонан соң, астындағы Байшұбардың білдірген белгісін сезбей, өзін-өзі торға түсірген аңғалдығына қапа болды. Қабырғасы қайыса өкінді. Мұның бәрін жазбай танып, үстіндегі иесінің жайын біліп тұрған Байшүбар осы кезде бір ғаламат өнер көрсетіп еді. Алдымен арқырай кісінеп алды. Сонан соң, жалын күдірейтіп, төрт тағанын тіктеп, шортандай бұлқына жөнелді. Сол-ақ екен, темір тор сетіней сөгіліп, шарбы майдай сыпырылып қалды. Алпамыс болса, ойнап шыға келді. Енді бұрынғы бүрынғы ма, қабағынан қар түтеп, жойқын күшпен қалың жауға жапыра килікті. Мұны көрген қалмақтар үріккен қойдай тоз-тоз болып, бірін- бірі басып-жаншып, бет-бетімен қашты. Бірі тауға тығылса, бірі тоғайға сіңді. Жан сауғадан басқаны ойлаған тірі пенде қалмады. Осылайша тағдыр шіркін Тайшық ханның зауал шағын табалдырығына тіреді. Ол да еңіреген ер еді, бетпе-бет келген қасірет бұлтын қасқая тұрып қарсы алды. Ездік мінез пешенесіне жазылмаған қалыпта Алпамыспен жекпе-жекке шықты. Бұған дейінгі жекпе-жектер бұл жолғы шайқасқа қарағанда баланың ойыны сияқты екен. Алпамыс пен Тайшық найзағайдай шарпысып, күндей күркіреді. Қос батырдың кезек-кезек салысқан соққысы қаланың қорғандарын шайқалтты. Алпамыстың зынданнан шыққалы дамыл көрмегені белгі берейін деді ме, жоқ әлде Тайшықтың тегеуріні ерекше ме, бұлардың жекпе-жегі бір шарпысумен тынбады. Алғашқыда ырғай сілтеп бір-біріне найза тастасып еді, екеуі де дарыта алмады. Мұнан кейін қида-қида болып қылыш салысқан. Тайшық хан осы түста бір белгі беріп, ығыса үрысып еді. Сол ығысқан бетінде қақпаның аузына жеткен. Осы кезде қақпаның аузын қан қылып, қараған жанды таң қылып, Тайшықтың түсін шын қылып, Алпамыс батыр ханның басын қағып түсірді. Осыдан кейін-ақ Алпамыстың мерейі үстем болып, қолына қару ұстаған жау атаулыға қырғын таптырып, қалаға кірген. Қан сасып жатқан қала ішінде ат ойнатып келе жатса, бір жерде ербиіп баяғы мыстан кемпір тұр. — Оу, шешеке, аман ба?—деп Алпамыс қыжырта келекелеп тақала берді. — Е, шырағым, жүрмін ғой!—деген мыстанның үні тағы да бір аярлықты көлденең тартқысы келгендей еді. Бірақ Алпамыс оған мұршасын келтірмеді. Қорлығы өткен мыстанға жарық дүниемен қош айтқызып, өшін алды. Хан ордасында ойран осымен тынып, Алпамыс батыр көңіл демдеді. Маңдайының терін сүртіп, Қаракөздің отауына ат басын бұрды.
Қалмақтың қалың елін Алпамыс батыр аузына қаратты. Ертеңінде-ақ керней-сырнай тарттырып, қара халықтың басын қосқан. Мұның өзі жеңістің салтанатындай, әділдіктің үстем болған қуанышындай еді. Арнайы тігілген ақ шатырдың ішінде Алпамыс отыр. Жанында — он бесінде туған айдай болып толысқан Қаракөз. Ата-анадан айырылған қасірет-қайғының бәрін Алпамыстың есен-сау көрінген бір , сәтінің өзі-ақ жуып-шайып кеткен. Қазіргі сәтте кер маралдай керіліп, ақ жүзінде шаттық нұры ойнап, Алпамысқа наздана жанасады. Қаракөздің жанында құрақ ұшып баяғы нөкер қыздар жүр. Алғашқыда олар батырдан қымсынып, беттерін шымшып, әрі қорыққан, әрі ұялған сыңай танытып еді. Бас душпанның бетін қайырған соң, Алпамыс қыздардың бір кездегі мыстанмен бірге келіп жасаған қаскөйлігін қаперіне де ілмеді. Оның бұл мінезі қазіргі жеңіс салтанатын жандандырып, ел-жұрттың көңіліне қуаныш сепкендей еді. Шатыр төрінде Алпамыстан төменірек жерде серке бағатын Кейқуат отыр. Алғашқыда бұл көрініске жиналған жұрт сенер-сенбесін білмей таң қалған. Тайшық ханның бақташысын оң тізесін басқыза отырғызуын Алпамыс батырдың келеке-мазағы емес пе екен деп күмәнданған. Жоқ олай болмай шықты. Батырдың өзі елеп-ескеріп, құрметпен мойын бұрып сұбхаттасып отырғанын көргенде, көпшіліктің таңданысында шек болмады. Таңдана тұрып, Алпамыстың хан мен қараны тең көрген бұл қылығына қалың ел риза болысып еді. Ел-жұрттың басын қосқан бұл жиын тек жеңіс салтанаты ғана емес, сол ел-жұрттың ендігі бас иесін белгілеп, жұртқа жария ету салтанаты да еді. Осы ниетпен Алпамыс батыр халық тағдырының тізгінін Кейқуатқа беруді ойлаған. Мұнысы, бір жағынан Кейқуатқа берген уәдесінің орындалуы болса, екінші жағынан қарадан шыққан хан халқына жайлы болар деп түйген. Оның үстіне Кейқуаттың жат-жақын демей, дос-дұшпан демей қол ұшын беріп, ақылды әрекеттер жасауына қарап, Алпамыс оны зерделі жігіт боларсың деп ойлаған. Қазіргі сәтте оң тізесін басқыза, төрден орын беруінің де сыры сол болатын. Жеңіс салтанатының басталу белгісі ретінде алтын шараға шарап құйылып, Алпамысқа ұсынылды. Алтын шараны ұсынған Қаракөздің нөкер қыздарының бірі Жүрметүз деген сұлу еді. Бұл өзі тал бойында сымға тартқан күмістей бір міні жоқ, көрер көзді көрік-келбетімен тұсап тастағандай аяулы ару болатын. Шын сұлудың жігіт жүрегін жараламайтын кезі бар ма, баяғы Қаракөзайыммен жеті жыл түзде жүргенде Жүрметүзге Кейқуат та ғашық болған. Бірақ өзінің қандай екенін білетін өр кеуде ару Кейқуат сияқты серке баққан жігітті менсінбей, орайы келсе, келеке-мазақ қылып кететін. Сол паңдығы әлі қалмапты. Кейқуат бүгін бір-екі рет орайын тауып тіл қатып, жанасқан болып еді, ащы әзілмен бетін қайырып тастай берген. Сол Жүрметүз тал шыбықтай бұралып қолындағы алтын шараны Алпамысқа ұсына беріп әзіл тастады.
— Батырым, шарап ішсең, ұйықтап қалатын әдетің болушы еді, байқа!— деді сыңғырлай күліп. Жүрметүздің күлкісі де күміс сапырғандай ерекше жағымды екен. Оның үстіне уыз ернін болар-болмас кергенде, аппақ тісіне орнатқан гауһар жарқ етіп, төрде отырғандардың көзіне шағылып еді. Әсіресе Кейқуат сұқтана қадалып, қыз қылығы шарпып өткендей көңілі алабұртып кетті. Осы кезде Алпамыс та әзілге әзілмен жауап қайырған.
— Жоқ, Жүрметүз, адамды ұйықтататын шарап емес, ықылас-ниет болса керек. Оның үстіне шарапты мыстанның қолынан ішсем ғана мас болатын әдетім бар. Ал сенің мыстан емес екеніңе шығар күндей сенемін,— деп келіп, шарадағы шарапқа Алпамыс ерін тигізді. Осылайша ойын-той қызып, жұрт көңілінің кірбеңі жазылған кезде, Алпамыс керней тарттырып, жұрт назарын өзіне аудартты.
— Уа, халайық!—деді Алпамыс,— малға бас жіп, елге басшы жарасКан, бүгінгі салтанатта елім десе, егіліп, жұртым десе, жылаған азаматтың атын атағым келеді. Халықтың мұң-сырына жақын болар деп қарадан шыққан Кейқуатты хан сайлаймын. Бүгіннен бастап тағдырларыңды сеніп тапсыратын, алдынан өтпес әміршілерің Кейқуат болады.
Бұл шешімді қара халық қуана қарсы алды. Тай құлындай тебісіп орталарында өскен Кейқуатты іш тартып, құтты болсын айтысты. Кейқуат хан болған соң, Жүрметүз сұлудың да ықыласы өзгеріп, иіле қызмет көрсетті. Кешікпей-ақ осы тойдың үстінде Кейқуат хан Жүрметүзді оң жағына отырғызып, өзіне өмірлік жар ететінін айтты. Хан мен ханшаның некесін Алпамыс қиып, шын тілеулестігін білдіріп еді. Ел тізгіні қолына тиіп, хан болған соң, арада бір апта өткенде Кейқуат керней-сырнай тардтырып, халқына жар салды. Алпамыс пен Қаракөзайымның үйлену тойын жасауды жария етті. Хандығындағы алтын-күміс қазынаны аямай, екі жастың неке қияр тойын есте қалардай етіп өткізді. Отыз күнге созылған ойын-сауық Алпамыс пен Қаракөздің осы уақытқа дейін көрген қиындықтарын, шеккен уайымдарын жуып-шайып кетті…
Осылайша, қалмақ жұртына тыныш тіршілік орнап, күндер өте берді. Бірде Алпамыс батыр түс көрді. Түсінде бір күшіген түңіліктей боп түнере ұшып келеді де, төсегіне қонады. Алпамыс үш рет ұшырды, күшіген үш рет қайта қона берді. Болмаған соң, батыр ашуланып, құстың мойнын бұрап жұлып алып жүр екен…
Ояна келген Алпамыс аулында бір сойқанның болғанын білді де, дереу жолға қамданды. Өлең төсегіндей туған жұртына күшігеннің шүйіліп жүргені, әрине, тегін емес. Алпамыс бұл ниетін Қаракөзайымға білдіргенде, ол да уайым шегіп:
— Е, тәңірім, көзімнің жасы жаңа тыйылды ма деп едім, тагы да қай қасіретіңді көлденең тарттың!—деп зар еңіреді.
Бірақ Қаракөз есті қыз ғой, әрі ойлап, бері ойлап, қабырғасы қайыса отырып, Алпамыстың ел-жұртына аттануын жөн көрген. Сол ниетпен жылап-еңіреп жүріп, Байшұбарды өз қолымен ерттеп, батырына оң сапар тілеп еді:
«Қош аман бол, алғаным,
Алаша төсек салғаным,
Табанымнан тас өтіп,
Маңдайыма күн өтіп,
Қайғысын шектім даланың.
Қызығын да көре алмай
Ата менен ананың…
Ақылы кәміл дананың.
Жаныңа сенің құрбан ғып,
Еліме ойран салғаным.
Ата-анамнан айырылып,
Сырдай болып қалғаным.
Ең болмаса балаң жоқ,
Артыңда белгің қалған жоқ,
Ішімде кетті-ау арманым.
Арман етпей немене,
Алдыңнан кетсе алғаның,
Алғаныңнан айрылсаң,
Қызығы бар ма жалғанның.
Мінемін дедің, мін енді,
Жүремін дедің, жүр енді,
Көрермін басқа салғанын.
Болмаса неғып ілесіп,
Шұбар атқа мінгесіп,
Еліңе неге бармадым.
Қыз деген ердің олжасы
Ат артына салмадың.
Алғаның кәміл пірің деп,
Аятын көрдім құранның.
Аман барып, есен жүр,
Жолыңа мен бір құрбаның.
Қош енді, ерім, қош енді.
Қош деп айттым үш енді,
Әмірі шығар алланың!»
Көзінің жасын бұлап тұрып Қаракөзайым осы сөзді айтқанда, оның жеңінде алмас қанжар тығулы тұр еді. Ондағы ойы — асыл туған ардағы Алпамысты ренжітпей шығарып салған соң, тағдырына нағылет айтып, өзін-өзі өлтіруге бекінген.
Алпамыс батыр Қаракөздің әлгі сөзіне іштей толқи тұрып, ксмл-қош жауабын қайырып еді.
— Ақылыңнан айналдым, Қаракөзайым!—деді Алпамыс,— затың әйел болса да, өзіңе ер-азаматтай сенім артып аттанып барамын.
Тыныш өмір бастаған ел-жұртыңнан екеуміз бірдей кетсек, тағы да шырқы бұзылмасына кім кепіл. Мен үшін сен дөңге қаққан алтын қазықсың, арқандаулы аттай айналып келіп өзіңді табамын. Ақ тілеуіңді аузыңнан тастамай күтетін бол, аман болсам, өзіңе ұшарға қанатым болмай оралармын. Осыны айтып, Алпамыс атының басын үш рет жолға салып, үш рет қайырылды. Қаракөзді құшағына қысып, ақ жүзінен сүйіп, жұбатып кетті. Алпамыстың бұл қылығы, айтқан ақылы Қаракөзайымның көңілін көтеріп, жүрегін тәтті үмітке толтырды. Бағанағы өзін-өзі өлтірем деген райынан қайтып, енді барлық үміт-тілегін Алпамыстың ақ жолына бағыштаған.
Жер танабын қуырып, артына шүйкедей шаң тастаған Байшұбар ат құлдыраңдап ұзап барады. Қаракөзайымның көзінде жас, көңілінде тәтті үміт, әлі қарап тұр. Алпамыс көкжиекке сіңіп, көзден таса бола бастағанда:
— Қош, жаным, есен барып, сау қайт!—деп күбір етті Қаракөз. Осы сәт таңғы шықтай мөлт еткен көз жасы ақ жүзін тағы да сызып бара жатты.
ЖИДЕЛІБАЙСЫН ЖЕРІНДЕ
Байшұбардың тізгінін тартпастан ен даланы көктей шапқан Алпамыс арада отыз күн өткенде, Жиделібайсын жеріне тұяқ іліктірді. Ел шетіне жеткенін алдымен Байшұбар ат біліп, үстіндегі иесіне белгі берген. Қөлбеп жатқан қоян жонға сыдыртып шыға келсе, арғы жақ бауыздау алқымы жер қайыстырған калың жылқы екен. Шұбар ат өз үйірін бірден танып, арқырай кісінеп қоя берсін. Қалың табын үрпиісе бас көтеріп аз-кем тұрды да, Байшұбарды олар иісінен танып, шұрқырай қоршап алған. Әсіресе жалы жер сызған мама бие Байшұбарды танауынан иіскеп, солқ-солқ оқыранып қоя берген.
Алпамыс сонда ғана мән-жайды түсініп, мына бие Байшұбардың енесі екенін танып, мына жылқы өз малы екенін біліп, көңіл орнықтырған. Сонан соң, ел ішіне бірден кірмейін, түсімнің сыңайы жаман еді, неде болса аңысын аңдайын деп, үстіне қоржынынан алып диуананың киімін киді. Әбден танымастай болып киінген соң, атының басын жылқышылардың қосына бұрып еді.
Қосқа кіріп келсе, төрде киімдері келісті бес бек ұйықтап жатыр. Босаға жақта мосыға шай қайнатып, өңі жүдеу біреу отыр. Жай отырған жоқ, көзінен жас аға мұқалып, сол көз жасы құрғамаған күйі қалғып отыр. Алпамыс бұл қалай деп әлгі от басындағы кісіге назар салса, өзінің әкесімен немере Құлтай деген бабасыңың Тортай деген жалғыз баласы екен. Ал төрде жатқандар — осыдан жеті жыл бұрын жылқы бағатын бес кұл.
Сәлем беріп кірген Алпамысқа Тортай елең етіп бас көтеріп, ығысып орын берді. Бес бек оянған да жоқ.
— Иә, жол болсын, танымадым ба, қалай?—деп Тортай тіл қатты.
— Байсынға кіре тартып бара жатқан жолаушы едім,— деді Алпамыс.— Кіндігімнің қаны тамған жер — осы Жиделібайсын. Елден шыққаныма жеті жыл болды. Ата-ана, туған-туыстың не күйде екенін білмей, елеңдеп келемін. Ел шетінде кезіккен қара болған соң, соға кетейін деген ниет еді. Тіл беріңіз, мына сыңсыған қалың мал қай бектікі?
— Ей, шырағым-ай!—деп Тортай күйіне тіл қатты.— Несін сұрайсың, ежелден бақ қонып, ырыс дарыған Жиделібайсын жерінде қалың Қоңыратты аузына қаратқан Байбөрі байдың жылқысы еді ғой бұл. Осыдан жеті жыл бұрын Тайшық хан елді шауып, тізесі батқан соң Байбөрінің тірек еткен жалғыз ұлы кек қайыруға аттанған. Алпамыс атты ұлы жау соңынан кетісімен, Ұлтан деген құл билеп-төстеп бек болды. Бек болғаны құрысын, халыққа қорлық көрсетіп, ен дәулетті судай шашуда. Ұлтанның қай зорлығын айтып тауысайын, бұл малдың түп төркінін білгің келсе — Алпамыстікі. Шырағым, алысты басқан жолаушысың ғсш, мүмкін, Алпамыстың бір хабарын білерсің?
Осы кезде төрдігі бес бек оянып кетті де, ішіндегі жуан қарын біреуі:
— Ей, қақбас, неғып шатып отырсың? Ел қыдырған диуана не біледі, қайнат шайыңды!—деп Тортайды бүйірден ыңқ еткізіп бір тепті. Сол-ақ екен, ұйқы^|аар жасағысы келгендей басқа бектер де бастарын көтеріп, Тортайды төмпештей бастап еді.
— Жігіттер, араша!—деді осы кезде шыдай алмаған Алпамыс,— бұларың қалай, мені сыйласаңдар, сабыр етіңдер. Болмаса, мен де сіздерге өнер көрсетермін!
Елірген бес бек бұған тоқтамады:«Ой, жаман диуана!»—деп
Алпамыстың өзіне қол көтерсін. Сол-ақ екен, ашуға булыққан Алпамыс қолындағы асасымен бес бекті де бір-бір ұрып сілейтіп салды. Осы сәт Алпамысты қаһарланған қайратынан танып, Тортай құшағын жая ұмтылған. Сол бетінде: «Тәңірім-ау, рас па, өтірік пе!»—деп құшақтай алып, өкіріп қоя берді. Тортай мауқын басқанша жылап, көрісіп болған соң, Алпамыс:
— Ал, аға, елдің жайы қалай?—деп сұрады.
Түйе түлігінің сүйіп жайылатын сор табан өрісін Алпамыс жақсы біледі. Қостан шығысымен ат басын сортаң өріске бұрған. Сол бетінде қарсы алдындағы мұрыншақ төбені айналып келе жатса, қыр астынан зарлаған дауыс естіледі. Арада жеті жыл уақыт өтсе де, әкесінің даусын Алпамыс жазбай таныды. Тани тұрып, қабырғасы қайыса күйзелді. Ет жүрегін кернеген сағыныш дәл бсы сәт асып төгіліп, алқымына кептелгендей болды.
Алпамыс қырдан баспалап қараса, үстіне өрім-өрімі шыққан көне шекпен киген әкесі екі иіні салбырап, түйе қайырып жүр. Түйе қайыра жүріп, сұңқылдай зарлайды. Біресе құдайға жалбарынса, біресе өзіне-өзі мұңын шаққандай болады. Енді бірде шөп басының сынғанын көрсе де, алдынан пыр етіп бөдене ұшса да, ырым етіп, елеңдеп қалады. Бүгін неге екені белгісіз, алдындағы түйелер бытырап, қайыру бермей діңкелеткен. Кәрі сүйегі сықырлап, әбден қалжыраса да, түйелердің байыз таппаған мінезін де өзінше жақсылыққа жорып, зарына қосып жүр еді. Әкесінің бұл күйін көрген Алпамыс шыдай алмай, жақындап келіп:
— Ассалаумағалайкүм, ата!—деп еді. Қапелімде шыққан дауыстан Байбөрінің зәресі ұшып, қолынан таяғы түсіп кетті. Ол бұ жолы да әбден тізесі батқан Ұлтанның аңдытып қойған тыңшысы ма деп абдырап қалған. Байбөрінің есеңгіреп қалған бұл күйін көрген Алпамыс батыр: «Әкеме кім екенімді көңілін орнықтырған соң айтайын, жүрегі жарылып кетер»,— деп ойлаған.
— Ақсақал, ел қыдырған жолаушы едім,— деді Алпамыс,— дауысыңызды естіп бұрылдым. Зарыңызға қосып жүрген балаңыз қайда кетіп еді? Алпамыстың бұл сауалына жауап берудің орнына Байбөрі өзімен-өзі болып, мұны да жақсылыққа жорыған жайы бар.
Тәңірім-ау!—деп еді ол. — Көрер болсаң, көзімнің жасы аз аққан жоқ қой, Ұлтан құл хан болғалы тірі пенде сәлем берген жоқ еді. Жапан түзде мейірімі түскен жан қалмаққа кеткен жалғызым болмаса неғылсын?!
— Жоқ, ата,— деді Алпамыс,— балаңнан хабар білмедім. Зарлаған даусыңыз сай-сүйегімді сырқыратқан соң бұрылып едім. Енді тілімді алсаңыз, бүйтіп жапа шеккенше, біреудің малын бағып, отын жақпай-ақ қойсаңыз деймін.
Сол-ақ екен, Байбөрінің көзінің алды қызарып, иегі дірілдеп, өкіріп қоя берді.
— Тәңірім-ау, рас па, өтірік пе!.. Ата деген даусыңнан айналдым… Бәсе.. бәсе… жөргектегі иісің мұрнымды жарардай бұрқырап ед.. Бұл кезде Алпамыстың да шыдамы таусылып, атынан домалай түскен бетінде әкесіне құшақ жая ұмтылған. Сол бетінде, қушиып шүйкедей болып қалған Байбөріні құшағына қысып тұрып қалды. Бір мезгілде:
— Мүсәпір болған жан ата, қамықпа енді!—деді, толқу үстінде даусы дірілдей шығып.
Байбөрі Алпамысын аймалап, мауқын басып, өзіне-өзі келгенше бие сауым уақыт өтті. Сонан соң ғана түсі емес, өңі -екеніне көзі жетіп, тілге келіп еді.
— Ата, елдің жайы қалай?—деді Алпамыс.
— Е, шырағым, еліңнің басы мына мендей болған соң қалғ^анының несін сұрайсың. Сен сұрап, мен айтқанмен, тілі құрғыр көрген қорлықты айтып жеткізе, санап тауыса алар деймісің. Онан да өзің көзіңмен көр. Мына қырдың астында Құлтай бабаң жүр. Сенің тілеуіңді менен кем тілеген жоқ еді, алдымен сол бабаңа сәлем бер,— деді Байбөрі. Әкесінің ақылын жөн көріп атқа мінген Алпамыс кешікпей-ақ бір отар қойдың шетінде жүрген Құлтай бабасын көрді. Көрісімен тақым қағып айнала жүре беріп еді, қой бастаған қос серке мүйізі қақырайып Алпамысқа жанаса кетсін. Жай жанасқан жоқ, үзеңгісін иіскеп, алды-артын орап, соңынан ілесе берді. Бұлар Алпамыстың өзі барда серке қойған екі лақ болатын. Енді, міне, арада жеті жыл өтсе де, иесін танып, үйіріліп түрған сыңайы еді.
Мұны білген Құлтай жоқ. Қөлденеңді көк аттыға қос серке ілесіп бара жатқан соң, шыр-пыр болған.
— Қарағымның көзіндей болып, артында қалған қос серке-ау!—деп дауыстады Құлтай. — Көлденең көк аттыға ілесетіндей не қара көрінді. Ертең Алпамысым келіп, аманат еткен серкелерім қайда десе, не айтамын… Шөрей, жаным, шөрей!
Осы кезде Алпамыс жақындап келіп:
— Е, ата, аша тұяқ, айыр мүйіз ешкіге бола несін күңіренесің. Мен де бір балаңмын, мына серкелер өздері мойын бүрып тұр ғой, біреуін бере сал,— деді.
— Ойбүй, шырағым-ай, бермеді деп сөге көрме. Алпамыс атты балам осыдан жеті жыл бұрын жауға аттанғанда, аманат етіп кетіп еді. Кебенек кисе де, кебін киіп кеткен жоқ, оралар деген үмітім бар. Айып етпе!—деп, Құлтай қалбалаңдай берді.
— Жеті жыл аз уақыт емес қой, ұмытып қалған жоқсыз ба? Балаңыздың не белгісі бар еді? — деді Алпамыс қасақана.
— Ай, несін айтасың, тұлғасы нар, көкірегі толы ар еді ғой, — деді Құлтай күрсініп, — жауырынында алақандай қалы болатын.
Ел шетіне жанын сағыныш қажап шалдығып жеткен Алпамыс осы сәт шыдай алмай кетті.
— Жан ата, мынандай ма еді! — деп, иығындағы шапанды сілкіп тастады.
Көзі шарадай болған Құлтай Алпамысты бас салып құшақтап, еңіреп қоя берді. Айдалада екеуі ботадай боздап, мауқын басқанша көрісті. Бір мезгілде Құлтай еңсесін түзеп, есін жиып, тіл қатты.
— Балам, — деді ол, — ел шетіне есен-сау келдің ғой, әйтеуір, не болғанын өз көзіңмен көре жатарсың. Алдымен мына қырдың астында қол-аяғы кісендеулі, қозы жайып жүрген Жәдігер балаңды қуантып қайт.
— Ата-ау, Жәдігер балам болса да, танымаймын ғой. Онан да, мына менің атыма мініп, өзіңіз сүйінші сұрап қайтыңыз, — деді Алпамыс. Құлтай сөзге келген жоқ, қауқылдап жүріп шұбар атқа мінді де, жел қайықтай сырғып жүріп кетті.
… Жүйрік аттың жалында жиырма бестегі жігіттің қызуы бар деген сөз рас екен, былай шыққан соң, Құлтайдың делебесі қозсын. Оның үстіне Алпамысты көрген қуанышы көкірегіне сыймай көтеріліп% осы күйінде хан болған Ұлтан құлға қыр көрсетіп қайтқысы келіп еді. Сол ой делебесін қоздырып, Жәдігерге соғуды да ұмытып кетті. Бұл кезде Үлтан құл Гүлбаршынға үйлену тойын қыздырып, түрлі бәсеке-белдесу ойындарына кезек берген.
Байлық не істетпейді, Ұлтан құл Гүлбаршын сұлумен болатын неке қияр тойында көкпарға деп құнан атасын. Небір атан жілік, аптал жігіттер еліріп келіп, олай-бұлай айналдырған болып еді, құнанды орнынан қозғай алмады. Осы көріністің үстіне шұбар атты сыдыртып Құлтай баба келген. Келген бетте көкпар құнанның тірсегін тіліп жіберіп, ердің қасына іліп сүйрей жөнелсін. Жұрт шу етіп, астындағы шұбар аттың тегеурініне қайран болып қала берді. Бұл кезде той қызығына еліріп алғандардың алды Үлтан құлға келіп: «Көкпар тартып, құмарымыз тарқамады ғой, бір мал бер», — деп, мазалай бастаған.
Сонда Ұлтан құл:
— Уа, жарандар, — деген, — мен сендерге адам көрмеген қызық көрсетейін! Ендігі көкпарларың анау жүрген Жәдігер болсын, барыңдар да тартыңдар!
Бұл сөз шынында да жиналған көпшілікке бұрын адам естімеген кереметтей әсер етіп еді. Біреулер: «Қойыңдар, кешегі Алпамыс ердің көзі емес пе еді», — деп, бірден салқын шырай танытты. Енді біреулері: «Ой, тамаша!» — десіп даурығып, Жәдігерге қарай тапырақтай жөнеліскен.
— Шет жағасын жаңа айттым ғой,— деді Тортай көзінің жасын сүртіп,— Ұлтан құл бек болған соң, менің тілеуімді тілемей, Алпамыстың тілеуін тілейсің деп, әкеңді түйе бағуға салып қойған. Атаң Құлтай қой жаяды. Өзіңнен қалған жеті айлық балаң Жәдігер жалаң аяқ, жалаң бас, қол-аяғы кісендеулі, қозы соңында жүр. Өзгесін не қылайын, әсіресе өзіңнің Гүлбаршын жарыңды Ұлтан құл аламын деп отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, бүгін кешке некесін қидырып қосылмақшы болып қиғылық салып жатыр. Енді өзіңнің келгенің жақсы болды. Тілімді алсаң, тезірек қимылда.
Алпамыс батыр бұл жайды естігенде, сабыр тауып отыра алмады. Дереу орнынан тұрды. Қостан шығарында:
— Ал, Тортай, тәрізі өз ішімізден шыққан қара шұбар жыланды індетпей болмас. Сондықтан әзірше менің келгенімді жан баласы білмесін,— деді. Тортай болса, бір күліп, бір жылап: «Тәңірім-ау, бұл күнге жеткізгенің рас па, өтірік пе»,— деп қала берді.
Бұл сұмдық жеті жасар Жәдігердің жанын түршіктіріп еді.
— Ағатайлар-ай, көкелерім-ай, не жазығым бар еді… Жан сауға!—деп шырылдаған Жәдігер әркімге бір тығылып, араша сұраумен болды. Бірақ Ұлтан құлдың сойылын соққан, Алпамыстың қадірін білмес өңшең әңгүдік жігіттер Жәдігердің сөзіне құлақ аспады. Сонда ешкімнің жаны ашымасына көзі жеткен Жәдігер қанына қарайып, көкпаршыларды қарғай бастап еді.
— Ой, өңшең қанқұмар қарақшылар! Менің көрген азабымды бастарыңа берсін… Ешкі жасынан аспай жер жастаныңдар… Ағайын-туған, дос-жарандарың сырт беріп, бастарыңнан қасірет тұманы арылмасын! Әлі-ақ Алпамыс әкем келер-ау, «жалғызым қайда!» деп сұрар-ау, сазайларыңды сонда тартасыңдар… Ал тартыңдар, өңшең қорқаулар!..
Осы сәт Жәдігердің шырылдаған даусын сырт жақтан өктем шыққан үн бөліп жіберді. Бұл Алпамыстың көзін көрген, қадірін білетіндер еді. Жаңағы: «Ой, тамаша!»—деп еліре шапқандардың соңынан ілесіп жеткендері осы екен. Келісімен жалақтап тұрған есерсоқ жігіттерді жасқап, ұрысып, Жәдігердің жанынан қуып жіберді. Жәдігер болса, осынша қорлық көргеніне налып, оның үстіне қол-аяғын кажаған кісенді ауырсынып, құмыға жылап отырып қалды.
Бір мезгілде астында шұбар ат, тақымында көкпар құнан, дырылдата сүйретіп Құлтай баба келе жатыр. Екі езуі құлағында, бүгілгенбелі жазылып, түлеп шыға келген. Мүны көрген Жәдігер көзінің жасын да сүртпестен, аңырып отырып қалды.
— Шырағым Жәдігер, сүйінші!—деп қуана дабдырлады Құлтай,— сүйінші… Мына көкпарды, абырой серік болып, мен алып кеттім… Өзіңе арнайы әкеліп салғаным ғой…
Құлтай осы сөзді айтып, құнанды сылқ еткізіп тастады да, жүріп кетті. Кәукілдеп, қуаныштан есі шығып жүріп, Алпамыстың келгенін айтуды да ұмытып кетті. Жәдігер болса, бабасының бұл қылығына одан сайын таңырқап, қайран қалды. «Жаман қүл келінін алғалы жатқанда, бабамның мұнша әулекіленгені несі,— деп ойға қалды Жәдігер.— Астындағы аты Ұлтан құлдың итке сүйек тастағандай етіп алдарқатқан сыйы болар… Ал мына көкпарды қайтемін… Көкпар шабар күнім болса, өстіп жүрер ме едім… Қой, басқаға өкпем болса да, бабамның ықыласын елеусіз қалдырмайын, мұны Қарлығаш апама апарып берейін, тым болмаса сорпа-су етіп, жігіттерге асып берсін». Осындай ойға келген Жәдігер орнынан тұрып, құнанды тірсегінен ұстаған күйі ауылға сүйрей жөнелді. Қол-аяғы кесіндеулі болса да, есік пен төрдей кұнанды ауырсынар емес. Тері сүйреткендей ғана болып кетіп барады. Бұл жайды сыртта жүрген Ұлтан құл көріп қалған. Құтырған құл көріп қана қоя ма, бір жағы Жәдігердің мына күшіне таңырқай қараса, екінші жағы сол жойқын күштен секем алып, жүрегі мұздап қоя берді. «Ә, бөрінің баласы бөрілігін жасамай қоймайды екен,—деп ойлады,— мына күшімен бір күні жазым етіп жүрер… Оның үстіне шешесін алғанымды қызғаныш көрмес деймісің… Дереу көзін құртпаса, болмас!» Ұлтан құл осы ниетпен Қарлығашқа келді де, өктем тіл қатты.
— Әй, Қарлығаш,— деді жұдырығымен нұқып жіберіп,— сен жылдам Жәдігерді алып маған кел. Бөрінің бөлтірігінің көзін жоймай, жаным жай табар емес. Бұл сөзді естігенде, Қарлығаш еңіреп қоя берді.
— Тәңірім-ау, енді көрсетпегенің осы ма еді!—деп зарлады Қарлығаш.— Егіз қозыдай тел өскен Алпамыс ағамның жалғыз көзін өлімге қиып қалайша жер басып жүрермін!
— Тоқтат!— деп ашу шақырған Ұлтан құл Қарлығашты бір ұрып мұрттай ұшырды.
Осы кезде көкпардың құнанын сүйретіп Жәдігер де келе қалмасы бар ма. Ақылынан ашуы бұрын жүретін Ұлтан құл Жәдігерді де бір салып қалды. Сол-ақ екен, әбден күйініп келе жатқан Жәдігер Ұлтанды сарт еткізіп жағадан алып сығымдай жөнелді. Мұны көрген Қарлығаш шыр-пыр болып арашаға жүгірді. Жәдігердің тегеуріні Ұлтанның шымбайына батыңқырап кетсе керек, арашаға тез көніп, жылыстай жөнелді.
— Қарағым, Жәдігер-ау!—деді осы кезде Қарлығаш,— көкпардың етін бозбалаға асып беріп, сауық-сайран құратын күн бе еді? Бұл неғылзан еркелігің, шырағым!
— Апажан, жылама,— деп, Жәдігер үлкен адамдай сабырмен тіл қатты,— қайбір еркелік дейсің, уайымның уын жұтып қажып жүрген соң, кішкене көңілдерің бөлінсін деп едім…
Мұны естігенде, Қарлығаштың көңілі босап, онан сайын ағыл-тегіл жылап еді. Осы кезде бұлардың даусын естіп, Қарлығаштың анасы, Жәдігердің әжесі — Аңалық бәйбіше де келген. Бір-біріне сүйеніп, зар еңіреген қос құлыны Аналық бәйбішенің де көңілін босатып, әжімді жүзін жаспен жуды. Үш мұңдыққа жылау таңсық емес, әрі-бері шер тарқата егілі-еңіреп алды да, басқа түскен тірліктерін күйттеуге тарасты. Аналық бәйбіше шөмшек теруге кетті. Қарлығаш үйіне қайтты. Жәдігер болса, кісенін сылдыратып қозы соңынан ілесті. Бұл кезде Құлтайдың есі шығып жүріп ешкімге хабар бермегенін естіген Алпамыс Байшұбарына мініп, сабыр-тағаты қалмай Жәдігерді көрмекке келе жатқан. Келе жатса, бір қырдың астында бытырай жайылған қозыларға ие бола алмай Жәдігер жүр.
Бейтаныс жолаушыны көріп, алдымен Жәдігер тіл қатады.
— Ей, диуана, жол болсын,— дейді ол,—іздегенің сауап болса, мына қозыларымды бір қайырып бере кет. Аяғымда кісен, басымда қайғы-зарым бар, егер уақытың болса, бір бал ашып бер.
Артында қалған жалғыз тұяғы дәл осындай күйде болар деп Алпамыс еш ойламаған. Қазір де мына баланы Жәдігер болар деп қаперіне де ілмеп еді. Бірақ іштей: «Менің де жалғыз құлыным осындай болып жүрген шығар»,—деп ойлап, атының басын бұра берген. Осы кезде Жәдігер тесіле қарап, тағы да тіл қатты.
— О, тәңірім!—деді ол таңдана тұрып,— ел ақтаған диуана ма десем, атың жарау, қабағың қатулы, ел үшін туған ер секілді ғой тұрпатың… Құдай көз жасымды иіп, әкем болмасаң неғылсын! Түр-түсіңді көрмесем де, көргендерден сұрап біліп, елесіңе жұбанып жүруші едім. Сол елесім шын болғандай, әкежаным сен болмасаң неғылсын!..
Алпамыстың дәті қанша берік болса да, мына сөзді естігенде шыдап тұра алмады.
— Жәдігерім, жалғызыміт- деп, аттан сыпырыла түскен бетінде баласын құшағына қысты. Туғалы жетімдіктің қасіретін белшеден кешіп келе жатқан Жәдігерге қорған таудай әкесінің бар екенін дәл осы сәт білгізіп, төбесін көкке жеткізгендей болды. Көрген қорлық, тартқан азабын көрген түстей сейілтіп жіберді.
Алпамыс сол жерде-ақ Жәдігердің қол-аяғындағы кісенді бұрап ағытып, лақтырып жіберді. Сонан соң:
— Ал, балам, Жәдігер,— деді,— ел шетіне аман-есен жеттім ғой, енді қапа болма. Сен әзірше осылай жүре тұр, мен есірік Ұлтан құлдың жайын таптырып қайтайын.
Жәдігердің уыз беті албырап қан жүгіріп, жүзінде шаттық нұры ойнап қала берді.
АРМАНЫНА ЖЕТКЕН АЛПАМЫС
Гүлбаршын сұлуға үйленемін деген дәме Ұлтанды әбден есіртіп жіберген. Сонан соң да осынау неке қияр тойды мейлінше дүрліктіріп, өзінше бір ерекше сән-салтанатпен өткізген болып жатыр еді.
Алпамыс батыр диуананың киімімен елеусіз ғана келгенде, тойдың нағыз қызу кезі екен. Төрде обадай болып Ұлтан отыр. Екі езуі екі құлағында, осы тірлігіне әбден риза сыңай байқалады.
Мұндай тойда диуананың артық-кем сөздер айтып, елді күлдіруінің әбестігі жоқ. Сол дәстүрмен Ұлтанға жанасыңқырап келген Алпамыс та бір сарынды бастап жіберіп еді. Алдымен «әу» деп өлең бастағаннан-ақ Ұлтанға соқтықты. Мына ен дәулет Ұлтанның еншісі емес екенін, әкім болып ел-жұртты қан қақсатып жүргенін айтты. Онан соң дүниенің аумалы-төкпелі екенін, бақ дегеннің сынаптай тұрақсыздығын айта келіп, енді осы дәулег, осы бақ кешікпей-ақ басыңнан көшеді деп бітірді.
Көпшілік қауым диуананың бұралқы сөзі деп ойлап, өздерінше мәз болып еді. Бірақ Ұлтан құл әлгі сөзден кәдуілгідей тіксініп, диуананы жақтырмаған шырай танытып отырды да, өлең айтылып болған кезде:
— Маған мына диуананың өлеңі жақпайды, түк бермеймін, аулақ қуып жіберіңдер!—деп әмір етті. Жалаңдап тұрған жандайшаптар қандай, демде Алпамысты қақпалап, шеттетіп жіберді. Бұл жайды Алпамыстың әйелі Гүлбаршын сұлу да көріп отырған. Жай көріп қоймай, диуананың жүріс-тұрысынан, бітімінен, даусынан бір жақындық танып, Алпамысын елестетіп еді. Мұны өзінше бір жақсылықтың нышаны болар деп жорып, өзіне қызмет көрсететін Мафия деген сақау әйелді шақырып алған.
— Мафия,— деді Гүлбаршын елеусіз ғана сыбырлай сөйлеп,— сен анау диуанаға мына сегіз тілләні бер де, бал аштырып келші.
Мафия сөзге келген жок. Тек былай шыққан соң: «Сегіж тіллә бейіп, диуананы несін еситемін, онан да жайтысын өжім алып, ейтең базайға байып, киім алып киейін, көңілім сүйген жігітпен ойнап-күлейін, диуананың ежуіне ши.ейін, төйтеуін бейсем де аждық қылмаш»,— деп, төрт тілләні ышқырына тықты да, қалғанын Алпамысқа әкеліп берді.
— Әй, Мафия,— деді сонда Алпамыс,— Гүлбаршындай ақылды ару диуанаға төрт тіллә бермесе керек еді ғой. Диуананың сегіз пірі бар екенін, оның әрқайсысына арнайы садақа бермесе, ашқан балдың ақ сөйлемейтінін сен білмесең де, Гүлбаршын білуге тиіс. Неге алдайсың, сақау қар, аруағымды шақырып, қол-аяғыңды буып тастайын ба осы!.. Мұны естігенде, Мафияның көзі шарасынан шығып, зәресі ұшты. Аяқ астында абдырап, онсыз да сақау тілі күрмеліп, ышқырындағы қалған төрт тілләны да Алпамыстың қолына ұстата берді.
Бұл кезде Ұлтан тағы да бір жұрт алдында дараланып қалғысы келген ниетпен, тойды өзінше қыздыра түспек болып еді.
— Уа, халайық,— деді ол барқырай дауыстап,— мергендер шықсын оң жаққа. Қазір дарақ басына жамбы ілінеді, кімде-кім атып түсірсе, бәйгесіне түйеші Байбөрінің қызы Қарлығашты беремін.
Ұлтанның жарлығынан кейін бір топ жігіт қүнжыңдасып дарақ орнатуға жұмылып кетті. Дарақ орнатылып, жамбы ілінгенше, той басқарушылар көптің ішінен өлеңшілерді сүзіп, айтыс ұйымдастыруды ниет етіп еді. Тойдың бұл сәті де Ұлтанның көңіліне майдай жағып: «Тілдері жеткен менің бек болғанымды өлеңге қоссын»,— деп желпініп қойды.
Жоқты бар деп айтып, кімнің жұртқа күлкі болғысы келсін, Ұлтанды мадақтайтын ақын көп ішінен суырылып шыға қоймады. Осы кезде Ұлтанның Бадамша деген сақау қатыны бір жағынан намыс буып, екінші жағынан дарақылығы жеңіп, ортаға жұлқына шықпасы бар ма! Оған бағанағы Мафия сақау қосылды. Екі сақаудың тілі шолтаңдап, сызыла жөнелгенде, қыжырта күлмеген тірі жан қалмады. Оны елеп жатқан Бадамша мен Мафия бар ма, Ұлтанды жер-көкке сыйғызбай мақтасын-ай келіп. Олардың айтуынша, әділ де Ұлтан, айбарлы да Ұлтан, ақылды да, дәулетті де, сәулетті де Ұлтан.
Мұны естіп тұрған Алпамыс шыдамай кетті білем, жақындап келіп, Бадамшаны айтысқа шақырды. Ұлтан құлды арқа тұтып, бұлғаңдап отырған Бадамша тартынсын ба, «келсең кел» дегендей шап ете қалды. Айтыс басталды да кетті. Сондағы Бадамша мен Алпамыс арасындағы айтыс былайша болып еді.
Б а д а м ш а :
«Айшық мүйіз ақ сейке
Қойды баштай, жай-жай,
Бейі қыпша жігіттей
Тойды баштай, жай-жай,
Бізді мақтап өйен айт,
Бек бойдың деп, диуана,
Кеулі кейсе Бадамша
Теңге таштай, жай-жай!»
А л п а м ы с :
«Бісмилле деп өлеңді
Кеп айтамын, жар-жар,
Асықпасаң тойыңда
Кеп айтамын, жар-жар!
Мәні-жайын қандайын
Білгенім жоқ, жар-жар,
Ел қыдырған диуана
Нені айтайын, жар-жар?»
Б а да м ша :
«Бісмәйдә деп өйенді
Көп айтыңыз, жай-жай.
Тоқай бойған Күйбайшын
Бімеймішін, шикін-ау,
Құтты болшын тоқайың,
Деп айтыңыз, жай-жай!»
А л п а м ы с :
«Бісмиллә деп тойына
Келе алмаймын, жар-жар,
Байың тегін берсе де
Сені алмаймын, жар-жар.
Әлі де болса сен күңсің,
Ол Гүлбаршын — бәйбіше,
Сен бәйбіше болады
Дей алмаймын, жар-жар».
Б а д а м ш а :
«Бижияма, шикін-ау,
Бижияма, жай-жай,
Миың кетіп башыңнан ?
Қайжияма, жай-жай.
Үйтан бегім төбеңді
Ойып қояд, жай-жай.
Бет алдыңа бижияп
Сандияма, жай-жай».
А л п а м ы с :
«Сен де шаптың бәйгеге,
Менде шаптым, жар-жар,
Ашуланып бетімнен
Иттей қаптың, жар-жар,
Өлгеніңше мақтайсың
Ұлтан құлды, сақау қар,
Ұлтан құлдан сен қанша
Опа таптың, жар-жар?!»
Б ад амш а :
«Шен де шаптың бәйгеге,
Мен де шаптым, жай-жай,
Кейішпедің, бетіңнен
Иттей қаптым, жай-жай.
Мен мақтамай, кім мақтайд
Ұйтанымды, жай-жай
Заманымда дидадан
Шашбау тақтым, жай-жай».
А л п а м ы с :
«Өлең айтып алдыңнан
Есейін мен, жар-жар,
Бұл Байсынды жағалай
Көшейін мен, жар-жар.
Заманьшда тағыпсың
Тіллә шашбау, жар-жар,
Осы тіллә шашбауды
Қесейін мен, жар-жар».
Бада м ш а:
«Өйен айтып айдымнан
Жейдей ешші, жай-жай.
Бұй Байшында жағадай
Ейдей көші, жай-жай.
Шашбау түгіл дамбайым
Бауы жібек, диуана,
Неғылады тішіңмен,
Тіштеп шешші, жай-жай».
А л п а м ы с :
«Жүруші едің, Бадамша,
Отым жағып, жар-жар!
Жүруші.еді
Ұлтан құл
Малым бағып, жар-жар.
Қалай-қалай сөйлейсің,
Ей, сақау қар, жар-жар
Өлтірейін астыңа
Қазық қағып, жар-жар».
Алпамыс соңғы жауапты айтқанда, түсін суытып, даусы қаһарлана шығып еді. Айтысып отырған Бадамша сол сәт әлденеден сезіктенгендей, жел соққан жапырақтай қалтырап кетті. Іле етек-жеңін қағынып, орнынан тұрып: «Құйысын өйеңі, бұ кім өжі… айтышпаймын!»—деп, жылыстаған қалпы қарасын өшірді.
Бұл кезде дарақ құрылып, жамбы ілініп, тойшылар енді осы қызықты тамашалауға ойысқан. Бәйгеге Қарлығаш тігілген соң, ел ішінің небір саңылақ жігіттері де бақ сынап көруге қамданған.
Осынау абыр-сабыр сәтті пайдаланған Алпамыс өзінің әйелі Гүлбаршын сұлу отырған отаудың тұсына елеусіз ғана жақындап келген. Ұлтанның әумесер күзетшілері де қазір жамбыны қызықтап, іштей: «Шіркін-ай осыған менің оғым тиіп, Қарлығашты еншілесем-ау!»— деген есек дәмемен жүргенде, күзетті жайына қалдырған. Оның үстіне Алпамыстың диуана кейпі едеусіз де еді. Гүлбаршын сұлудың көңілінде мұң, көзінде жас болғанымен, бағанадан бері осы диуанадан көз жазбай отырған. Енді, міне, диуана кейпіндегі Алпамыс үй сыртында тұрып, жаңағы жар-жардың әуенімен тіл қатқанда, Гүлбаршынның ет жүрегі торға түскен торғайдай тыпырлап қоя берді.
— Байсынның жерін, Қоңыраттың елін көргенім осы еді,— деді Алпамыс,— жолым жақсы екен, той үстіне тап болдым. Той иесі өзің болған соң, екі-үш ауыз өлеңмен келіннің .көңілін көтеруді жөн көрдім.
— Ей, диуана-ай!—деп Гүлбаршын күрсіне жауап қайырды.— Сен не білесің, құдайдан тілегенім бұл емес еді ғой. Жеті жыл санаменен сарғайған мендей бейбаққа осы тойдың орнына өлімін жібергенін қалап едім.
— Қой, келін шырақ!—деп, диуана болып тұрған Алпамыс осы кезде қасақана шошына тіл қатып еді,— мұның қалай, аузыңды ашқаннан өлімді айтқаның. Әлде Ұлтанда кегің бар ма еді?
Мұнан әріге Гүлбаршынның шыдамы жетпеген. «Е тәңірім, көз жасымды көрдің бе… Мына опасыз жалғанмен бүгін қоштасармын деп отырғанда, арымның арашасы болып жеткен Алпамырым емес пе!..» — деп, еңіреген қалпы отаудан шықты. Алпамыс та шыдап тұра алмай, жүзін көрсетіп, құшағын ашып, Гүлбаршынды бауырына қысқан қалпы тұрып қалды. Бұлар бірімен-бірі іштей көрісіп, неше жылғы қайғы-қасірет көпірі лақ етіп ақтарылғандай, сол қасірет көпірін бір-біріне үнсіз жеткізгендей күйде тұрғанда, бір зарлы дауыс естіліп еді. Алпамыс та, Гүлбаршын да елең етіп, құшақтарын жазып, құлақ түрісіп тұрып қалды. Саулы інгендей аңыраған шерлі үн естіген жанның сай-сүйегін сырқыратып, бірте-бірте жақындап келеді.
Алпамыс пен Гүлбаршын шыдай алмай қараса, арқасында бір бума шөпшек, шүйкедей болып Картайған Аналық бәйбіше. Соңғы кезде басқа шаруадан қалған соң, Ұлтан құл үйіне тамызықтық шөпшек тергізіп қойған. Соңғы жеті жылдан бері Аналық бәйбішенің көзінен жас кетпегенін Гүлбаршын жақсы білетін. Алайда, бүгінгі зары тіптен өзгеше еді. Мұның себебін Гүлбаршын өзінен көріп қапа болды. Аяулы енесінің көз алдында болып жатқан мына тойдың азабы қандай ауыр екенін іштей ұғып, егіліп тұр.
Алайда, Аналық бәйбішенің бүгін айрықша зарлануының басқа себебі бар еді. Осыдан үш күн бұрын түс көрген. Түсінде жібек баулы ақ сұңқарды қолына қондырып жүр екен… Осыдан кейін-ақ жүрегі алып-ұшып, Айпамысын асыға күтіп, бөлек бір күйге түскен. Енді, міне, бүгін таң атқалы иіні тартып, ерні қышып, суалып кеткен қос анары дертіп шыдатпай қойды. Қазіргі сәтте Аналық бәйбішенің зарға қосып келе жатқаны да осы гәп Бұл зарға құлақ түрген Алпамыс анасын бірден таныды. Таныды да, дүниенің бәрін ұмытып нәрестедей елбіреп, құшағын жая ұмтылды. Бар айтқаны: «Апа!»— деген жалғыз ауыз сөз.
Алпамыстың: «Апа!» — деуі мұң екен, соңғы жылдары тас керең болып біткен Аналық бәйбішенің құлағы шайдай ашылып қоя берді. Аспан асты: «Апа!» — деп жаңғырығып кетті. Осылайша ана мен бала қайғы-қасіретті, қулық-сұмдықты, азап-ауыртпалықты жеңіп, дүние дидарындағы ең аяулы сезімге кезек берді… Мұнан әрі Алпамыс уақыт алмады. Ұлтанды енді алшаңдатудың еш қисыны жоқ еді. Сонан соң да ширақ қимылдай жүріп Байшұбарын мініп, жамбы атып жатқан топтың жанына келген. Осы кезде Ұлтан дарақы дауыспен:
— Кезекті диуанаға беріңдер! Енді диуананың әуселесін көрейік! — деп еді.
Алпамыс бөгелген жоқ, садақты шірене тартып, жамбыны сыңғыр еткізіп атып түсірді.
Мұны көрген Ұлтан мына диуананың тегін емес екенін енді ғана сезіп, жай сезіп қана қоймай, Алпамыстың дәл өзі екенін жазбай танып, жанын қоярға жер таппаған еді. Шуылдаған жұртта да шаруасы жоқ, енді қарақан басын сауғалап, жылыстай бергені сол еді:
— Уай, Ұлтан, тоқта! — деді Алпамыс, — Ұлтан, тоқта.
Бұл жалғаннан көрген қызығың бір басыңнан асып кетті білем, енді сол басқа жер жастандыратын кез келді!
Бақырауық атандай баж еткен Ұлтан енді найзамен шаншуға оқталған АлпаМысты: «Көке!»—деген дауыс кідіртті. Жалт қараса, өзінің ұлы Жәдігер.
— Көке, осы кезегіңізді маған қиыңызшы! Үйреніскен жауым ғой, өнерімді бір көрсетейін,— деді. Алпамыс сөзге келген жоқ, шегініп кетті. Жәдігер болса, тышқан алған мысықтай Ұлтанды найзаның ұшымен қақпалап жүріп, тірсегінен тілді де, ағаш бұтағына іле салды…
Қиянатпен қабырғасы қаланған бақтың ғұмыры қысқа деген осы екен, Ұлтанның зібірі осымен тынды. Тойға жиналған жұрт та Алпамысты танып, бірі қуанып, бірі ұялып, бірі қорқып-пысып жатты.
Біреулер бір-бірінен сүйінші сұрап, бірін-бірі қуантуда болды. Сүйінші сұраушылар Қарлығашқа да жетті. Бір туғанның жөні бөлек емес пе, сүйіншіге бір түйе, бір ат жетектетіп жіберді. Іле өзі де құстай ұшып жетіп, ағасы Алпамыспен құшақтасып көрісіп еді. Қөрісе тұрып Қарлығаш: «Арыстан көкем, келдің бе?.. Азып-тозған, еліңді, қайғылы болған жұртыңды, жалғыз балаң Жәдігерді көрдің бе?.. Өлімге бас байлап кетіп едің, қанатың өртке шалынбай есен-сау жеттің бе?..
Құлағым талай шулап еді, жау ішінде жүргенде, «қалқам Қарлығаш» дедің бе?»—дегенде, мұны естіген жанның сай-сүйегі босап, көзіне жас алмағаны қалмады…
Жиделібайсын жеріндегі енді көзден тамған жастың бәрі қуаныш жасы еді.
Нағыз той Жиделібайсын жерінде Алпамыс келген соң басталды. Алдымен Алпамыс батыр тоз-тоз болып, иесіз қалған ел-жұртының басын қосты. Тентектерін тезге салып түзетті. Үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болатын-тәртіп орнатты. Ол тәртібі ұрпақтан-ұрпаққа ауысар ғажайып дәстүр болып қалыптасты.
Ал атасы мен анасын боз биенің сүтіне шомылдырып, үлде мен бүлдеге орап, неше жылғы шеккен азабын көрген түстей етті. Байбөрі қайтадан таққа отырып, ел-жұртының қамын ойлар қария болды. Алпамыс батыр алыста қалған аяулы серігі Қаракөзайымды да, тәуекелшіл дарқан ер Кейқуатты да ұмытқан жоқ. Жьіл сайын екі рет ат ізін салып, адамға лайық асыл сезімге, аяулы ықыласқа бөленіп қайтып жүрді. Мұнан әрі Алпамыс батырдың жағы жамандық көрмегенін, ұзақ өмір сүріп, бақытты ғұмыр кешкенін ұрпақтары жақсы біледі.
Ақпарат көзі: www.Zox.kz