10 апреля, 2020 0:19
Мазмұны
І. Кіріспе
1.1. Байқоңыр қаласы және ғарыш айлағы………………………………………………2
ІІ. Негізгі бөлім
2.1. Қазақстан мен Ресей арасындағы келісім-шарт, оның мәні…………4
2.2. Зымыран әкелетін зардап……………………………………………………………….6
а) Аймақтың ауа-райы және оған «Байқоңырдың» әсері…………………………9
ә) Қоршаған ортаға тигізетін әсері……………………………………………………….13
б) Адам денсаулығына тигізетін әсері………………………………………………….17
- Байқоңыр болашағы — «Бәйтерек»………………………………………………..19
ІІІ. Қорытынды
Алапаттың зардабын аластатайық…………………………………………………….20
Пайдаланылған әдебиеттер…………………………………………………………………21
Кіріспе
1.1. Байқоңыр қаласы және ғарыш айлағы
Байқоңыр ( бұрынғы Ленинск ) – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында орналасқан қала. Іргетасы 1955 жылы қаланған. Тұрғыны – 53 мың адам ( 1997 жылғы халық санағы бойынша ). Климаты – тым континенттік. Бұл аймақтың ауа – райы өте құбылмалы. Қысы-суық, жазы-ыстық, әрі-қуаң, жауын-шашын 90-150мм-дей аз жауады. Сол себепті ауа – райы ылғалсыз, әрі құрғақшылық жиі болып тұрады. Жер бедері жазық, тау – тастар жоқ. Тек қана құм белестері мен көшпелі құмдар көп кездеседі. Өсімдік әлемі онша көп емес. Орман – тоғай бұл аймақта өспейді. Өсімдіктердің систематикалық түрлері де өте аз. Көпшілік өсімдіктер ботаника тілімен айтқанда – эфемерлер. Көктем айларында құлпырып өсіп, қызылды – жасылды бәйшешектер атып, ұрық береді де, жаз айлары туысымен олар тіршілігін жойып, қурап қалады. Дегенмен, мал жайылатын жайылымдар бұл аймақта өте көп. Шөбі шүйгін, жұғымды келеді. Бірнеше мың гектар жерді алып жатқан қала ұзақ жылдар бойы «аса құпиялы қала» болып есептелініп келді.
Бүгінгі таңда Байқоңыр – қасиетті мекен, киелі орда әлемге әйгілі ғарыш алаңымен танымал. Ол – көкке самғаған зымырандардың алтын ұясы. Бұл күнде ғарыш айлағының көлемі 6800 шақырым көлемінде. Ұшу трассасы — Арал теңізінен Камчаткаға дейін созылып жатыр.
Кез-келген құбылыстың өзіне тән алғышарты болатыны тәрізді аспан кеңістігінің жер планетасындағы айлағын салу ісінің де өз қайнар бастауы бар. Бұл жағдай КОКП Орталық Комитетінің 1954 жылы континентарлық зымырандарды сынақтан өткізіп, қару ретінде қатарға қосу және жасанды жер серіктері мен космостық нысандарды іске қосу үшін ғылыми сынақ полигонын ашу жайында шешім шығаруынан қанатын кеңге жая бастады. Таңдау Арал теңізінің Шығыс жағына, Ұлытаудағы Байқоңыр қонысының түстік беткейінен 100 км жерде орналасқан шаң далаға түсті. Ғарыш алаңын салмас бұрын таңдалынатын жердің елді – мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақын болуы, зымыран ұшырудың қауіпсіздігі, қайтіп оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы, т.б. факторлар ескерілді. Мұнда келешек жер кіндігі атанғалы тұрған аумақтын тек өзінде ғана емес, сонымен қатар ұшырылатын зымырандардың бауыры астында жататын аймақ бойында тұрған халық санының сиректігі бірінші қатерге ілінген.
Бұл аймақтарды мұқият зерттеген орыс ғалымдарының ұсынысы бойынша Кеңес өкіметі 1955 жылдың 12 ақпанынды ғарыш айлағын құру жөнінде шешім қабылдайды. Осылай ғарыш айлағы Қазақстанда ең алғаш рет 1957 жылы Байқоңыр қаласында салынады. Ғарыш алаңын салуға әр жылдары түрлі мамандықты көктеген қазақстандықтар қатысты. Олардың арасында Байқоңыр ғарыш алаңының қызметкерлері Қ.Тоқмұхамедов, Т.Уәлиев, полковник Ә.Исмайлов т.б. болды.
Байқоңыр ғарыш айлағының көлемі – 6717 шаршы шақырым. Ол — солтүстікке қарай 75 шақырым, ал батыстан шығысқа қарай 90 шақырым қашықтыққа созылып жатыр.
1957 жылдың 4 қазанында ғарыш алаңынан тұңғыш ғарыш зымыраны сәтті ұшырылды. Ол дүние жүзіндегі ең бірінші Жердің жасанды серігін (ЖЖС) орбитаға шығарды. Алайда ол ұзақ уақыт геостанционарлық орбитада ұшып жүрді де, кейіннен ұшу үрдісін тоқтатқан соң, әуеде жанып кетті.
Ал 1961 жылы 12 сәуірде Байқоңырдан адамзат тарихында тұңғыш рет зымыран жасау жөніндегі әлемге әйгілі, ұлы конструктор С.П.Королевтің басшылығымен ұшқыш — космонавт Ю.А.Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. Ол ғарыш кораблімен жер шарын 87 минут ішінде айналып шықты. Оның биіктікке көтерілген мөлшері 270 шақырым еді. Бұл – геостанционарлық орбита болатын.
1991 жылдың 2 қазанында тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Союз Т-13» ғарыш кемесімен ғарышқа көтерілді.Одан кейін Талғат Мұсабаев ғарышта 2 рет ( 1994 және 1998 жылдары ) болды.
өткізіледі.
Жалпы 1957 жылғы 1 қазан айынан 1999 жылғы 21 қаңтарға дейін, яғни 42 жыл ішінде, Байқоңыр ғарыш айлағынан 1129 зымыран 1115 басқадай ғарыш кеңістігін зерттейтін аппараттар үшырылған.
Байқоңыр одан кейін де ғарыш кеңістігін игеруде көптеген жаңашыл бастамалардың старттық орнына айналды. Себебі, планетааралық зымырандарды ұшыру тек қана Байқоңыр ғарыш айлағында сынақтан өткізіледі.
1991 жылы Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстан Республикасының иелігіне өтті.
Негізгі бөлім
2.1. Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің
арасындағы келісім – шарт
1994 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында Байқоңыр космодромын пайдалануға байланысты және Ресей Федерациясы-на оны жалға беру үшін үкіметаралық шарт жасалынып, оған үкімет басшы-лары қол қойған. Жал мерзімі – 20 жыл деп белгіленген.
Ал 2004 жылдың 9 ақпанында Владимир Путин және Нұрсұлтан Назарбаев аренданың уақытын тағы да 25 жылға ұзартты.
Ресей жағы Байқоңыр ғарыш айлағының және сол аймаққа жақын жерлердің экологиясына зиянды әрекет етпейміз деп міндет алған. Ол міндет іс жүзінде орындалып жатыр ма, жоқ болмаса орындалмай жатыр ма, ол жағы бізге беймәлім?!
Осы көрсетілгендердің бәрі Қазақстан Республикасының экономикасына айрықша үлес қосады деп кейбір орыс зерттеушілері даурығады. Мұның бәрі, шын мәнісінде, бос сөз екенін өмірдің өзі көрсетіп келеді. Ғарыш корабльдерінің, зымырандардың ұшу бағыты күні бүгінге дейін өзгертілген жоқ. Тек қана Байқоңыр ғарыш айлағы қазақ жерінде болғандықтан, Ресейдің Қазақстан Республикасына бағынатын болғаны рас. Ал шын мәнісінде, Ресей Федерациясы өздерінің білгенін істейді.
«Зымырандардың отындарының қалдықтары түскен жер арнаулы тәсілдерімен тазартылу керек» — деген келісім – шартта баптар бар.Тазарту жұмыстары белгілі дәрежеде жүргізілген емес. Зымырандардан түскен қалдықтардың бәрі тірі ағзаларға өте зиянды. Өйткені олар радиоактивті заттардан тұрады. Қазақстан жағы шамасы келгенінше, экологияны бұзбайтын тәсілдерді Ресей жағының пайдалануын қадағалап отырады. Зымыран ұшатынынан 5 күн бұрын, қай мезгілде зымыран ұшатынын Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының басшыларына алдын ала хабарлап отыруы тиіс. Дауды дер кезінде шешіп отыратын түрақты комиссия бар. Ол комиссия «Байқоңыр» деп аталады.
Бұл күнде ғарыш айлағының көлемі – 6800 шақырым көлемінде. Ал оның қалдықтарының түсетін аумағы 18 млн гектар алқап.Әлемде теңдесі жоқ бұл шахарды көршіміз Ресейдің жалға алғанына да он жылдан асты. Келісілген жалға беру құны — 115 млн доллар белгіленген қаржыда өтеле бастаған сыңайлы. Ал кейбір ресми деректерде Ресейдің ғарышқа бір рет зымыран ұшыру бағасы – 50 млн доллар делінуде. Келісімге қол қойылғаннан бергі уақыттан орташа айына 4 реттен зымыран ұшырылып жүр.
Сондықтан да Байқоңыр – екі ел үшін маңызды нысан болып табылады.
Алайда, әрбір ұшырылған зымыран өзімен бірге қанша залал әкелуде. Мысалы, 1986 жылы «Байқоңырдың әсерінен» миллион киік қырылды. Одан басқа мысал, аспанда жарылған темір-терсектер, әйтеуір жерге түседі. Ол әсіресе қазіргі таңда теталл сынықтары Қызылордаоблысын айтпағанда, Ұлытау, Жаңаарқа, Шет, Қарқаралы, Баянауыл аймақтарына нөсер боп «жауса» керек. Сол «темір — нөсер» және жанармай есебінде бактеріне құйылғанаса улы химиялық қоспаларды былай қойғанда, міндетті түрде радиациямен сәулеленген болып келеді. Біздің мемлекетпен келісімінде сол «радиациялық қоқыстарын», барлық медициналық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, өздері жинап – теріп алуы тиіс еді. Ол жоқ. Денсаулыққа аса зиян қаңылтыр, басқа да темір – терсек ешқандай радиация жөніндегі қауіпті нұсқаумен таныстырылмаған жергілікті тұрғындардың сарай, қораларының шатыры болып шыға келді. Жылтырақ ұсақ – түйек детальдары балалардың ойыншықтарына айналды…
Осындай «түскен, болған және болатын» залалдарды 115 миллион доллармен есептеуге болар ма еді?!
Кезінде, ұлтымыздың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров:
«Байқоңырды өзіміз халықаралық ғарыш айлағы қылайық» — дегенде, құлақ асатын ешкім болмады.
Қазір ғаламда ғарыш саласының дамуы қарқынды. Әсіресе, АҚШ пен Ресей алдыңғы сапта. Қытай ше? Бұл бағытта Үндістан алдыңғы он жылдықта 1,6 млрд доллар жұмсамақ ниетте. Жапония мен Бразилия да қол қусырып отырған жоқ. Дүние жүзінде 125 ел ғарыштық қызметпен айналысады. Олардың жиырмадан астамы өздерінің ғарыш қондырғыларын ұшыру үстінде.
Ғарышқа зымыран ұшыру, даңғазалыққа жатпаса керек.Өйткені қыруар табыстың қайнар көзі.Оған мына деректер дәлел: әлемде бұл саланың 1998-2002 жылдары әкелген табысы – 577 млрд доллардың үстінде. Ал ғарыш байланысының 1999 жылғы таза пайдасы – 7 млрд доллар көлемінде. Компю-тердегі интернет жүйесі, ғарыштық қондырғылар жасау, т.б қомақты қаржылардың шынайы екені рас.
Алдыңғы уақытта аэроғарыш — Қазақстанның экономикалық стратегиясы-ның маңызды саласы болмақ. Бұл турасында елдің 2005-2007 жылдары ғарышты дамыту жөніндегі бағдарламасында айтылған.
Мамандар сараптамасы бойынша Байқоңырды жалға беру уақытша ғана пайда келтіреді. Егер өзіміз батылырақ қимылдасақ қаржыға кенелер едік. Өйткені кешен-ғарыш ғылымы және жаңа технологияларды дамыту ерекше сипатқа ие. Еліміз 2006 жылы тұңғыш жер серігін ұшырмақ ниетте. Жұмысты қаржыландырущы – Қазақстанның даму банкі. Енді бірнеше жылдан соң ғарыш қондырғыларын жерден басқаратын «Бәйтерек» кешені өмірге келеді. Оның артықшылығы — экологиялық тиімділігінде.
Ұлттық ғарыштық жүйені дамытуға жыл сайын Ресей – 200, Германия-650, Италия – 1,2 млрд, Қытай – 1,5 млрд, Жапония – 3,5 млрд, АҚШ – 13 млрд доллар бөлген. Бұл цифрлар мемлекеттің бюджетінің 0,8-0,9 пайыздары ғана. Ал Қазақстанның 2002 жылы мұндай мақсатқа жұмсағаны 370 мың доллар, 2003 жылы бұл қаржы екі еседей өскен.
2.2. Зымыран әкелетін зардап…
Біз «Байқоңыр» ғарыш айлағынан қандай жақсылық көрдік? Ресей жазық даламызда «күнде» ғарыш зымырандарын ұшырып, ғылыми игілігін көрген де болар. Өткен жылдар ішінде «Байқоңырдан» 1200 ғарыш аппараты мен 1186 континентарлық баллистикалық зымыранды ғарыш көгіне самғатты. Бұл зымыран тасымалдаушы «Протон» секілді кемелерді қоспағанда… Тіпті, бұған дейін дүниені дүркіретіп жатқан ғарыштың пайда-зияны жөніндегі мәлімет те құпия болды. Шынында, ғарыш – қазба байлыққа, ауа райын болжау, экологиялық болжау, дақылдар шыдамдылығын анықтау, теледидар, радио, интернет, электрондық почта, телефон байланысына қызмет ететін көрінеді. Ресей үшін оның ең маңыздысы — әскери міндеттерді шешуге қатысты стратегиялық ақпаратпен қамтамасыз етеді, навигациялық координатты анықтайды. Ең маңыздысы — ең соңғылары. «Әлемнің алдына түсемін» — деген Ресей, осы мақсатта аянып қалмақ емес. Әлемдегі 30 ғарыш айлағының төртеуі Ресей меншігінде. Олар – Плесецк «Свободный», Капустин Яр және біздің – Байқоңыр. Капустин Яр Қазақстанмен шекаралықта жатса, Байқоңыр – отанымыздың ортасында. Басқаларға қарағанда «Байқоңыр» — ғарыштық сынақ секілді. Сенімсіз қауіпті әуе кемелерін алдымен Қазақстаннан ұшыруды жоспарлайтын сияқты. 1964 жылдың 23 қазаннан бастап 1999 жылдың 27 қазанына дейін зымыран тасушы кемелердің жиырмасы Қазақстанның «тас төбесінен» құлаған екен. Әуе кемесі өз басымен кететін, ұшып келе жатқан құс емес, жұлдыздың ортасынаң жарып түскен метеорит емес, ол қазақ даласын қасірет арқалап келе жатқан құбыжықтың өзі еді. Сол құбыжықты көзіңізге елестеткіңіз келсе, мынаған қараңыз. Мысалы: «Протон», әуе қара темірінен санағанда, салмағы – 50 тонна. Ол жағатын отын немесе жанармай салмағы – 662 тонна. Барлығы – 712 тонна. Осыны ойлағанда құбыжық екеніне күмәніңіз қалмайды. Ол осы салмағымен тұрмай жоғарғы және төменгі орбитаға 25 тонна жүк алып ұшады екен. Осындай алпауытты ғарыш көлігіне шығару үшін жер бетіндегі электр қуатының, дария, жер асты суының қаншасы керек. Жағатын гептил отынының зияндылығын былай қойғанда, 750 тоннадай кемені жер бетінінен қазақ даласына кереғар әсері болмай қалмасы белгілі. Міне, «Протон» секілді құбыжықты көтеретін 4 ғарыш алаңы тек «Байқоңыр» айлағында бар. Біз «ғарыш кемесіне бастау болған қазақ жері — «құтты қоныс»» деп әлем алдында масайрап жүрдік. Ал «құтты қоныстан» «Протонның» 280-і ұшырылғанын білсек, 280 есе «бақыттымыз» деп айта алар ма едік?! Ресейдің өз территориясындағы 3 ғарыш айлағынан «Протон» үшін бір ұшу алаңын салуға күші, не ақылы жетпей отырған жоқ. Ақиқаты сол үшін өзінің денсаулығы қымбат.
Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде белсенді пайдаланатын 15 ғарыш айлағы бар. Ондай АҚШ-та – 3, Жапонияда – 2, Индияда – 2, Қытайда – 2, Израйль, Кореяда және Францияда бір-бірден. Әлемдік тәжірибе бойынша осылардың барлығы дерлігі мұхит ортасында, аралшықтарда, елді – мекеннен алыс жағалауда олналасқан. Ал, бізде қазақ ауылының ортасында орналасқан. Тұран ойпатының төсіне жайғасқан. Қазақстанмен өтетін ғарыш жолдардың өзі елді – мекеннің үстінен тартылған. Тағы айтамыз, үстімізден ұшып баражатқан аққу, не қаз емес. Тотықтырғыш арқылы гептил майын жағып, оның улы газын жан-жағына таратып бара жатқан ауыр салмақты ғарыш кемесі. Оның біздің елге әсер ету аймағы ғылыми түрде белгіленген. Одан бөлінетін бөлшектердің де құлайтын аудандары да көрсетілген. Біз қатердің астында отырмыз. Ал, шетелдік ғарыш айлақтары бұл қалдықтарды мұхит үстінде қалдыруды жоспарлап, сызып қойған. Ресейдің жоспарлы жолы қазақтың тас төбесінен өтетін болды.
Біздің түсінігіміз бойынша, ғарыш кемесі кеңістікке шыққанша бірнеше орбиталық белестен өтеді. Бірінші белеске шыққан кезеңде кемеден тұтастай бөлініп қалатын жанар-жағар май ыдысында міндетті түрде 1,5 тоннадай кепілдік қалдық қалады. Ол қалдықтың Қазақстан жеріне келіп түсетіні — мойындалған шындық.
Ресей Қазақстан халқының тағдырына көз жұмып қараса, Қазақстан Ресейдің қалта қамын ойлап, қалайша бас қатырады. Қысқасы, ХХ-ХХІ ғасыр кезеңінде гептил біздің ұлттық қасіретімізге айналмаса екен. Осы кез ауыз әдебиетіндегі:
«Зымыран деген бір құс бар,
Көмірден болар тамағы,
Темірден болар жүрегі»,- деген еске түседі.
Тағы бір айта кететін, «Атасу» ауылдығы жағдай. Кезінде осы өңірге «Протон» кемесі құлап төңірегі сап-сары болып күйіп кеткен. Біздікілер соның пайда зиянын анықтау үшін Ресей сарапшаларына жүгінді. Әлгі сарапшылар зардап шеккен аймақты қарап:
««Протонның», гептилдің адамға, ауаға, малға ешқандай зияны жоқ. Залалды деген гептил буланып ауаға ұшып кетті»,- деп теледидардан сұхбат беріп жатты.
Әйтеуір «бізге қатер» деген нәрсенің бәрі «ауаға ұшып» кетіп жатты. Сол ауаны Америкадан, Жапониядан біреу келіп «жұтып» кетпейді, онымен демалатын біздер. Кезінде Давид Кугульдинов Калмыкияға жақын сынаққа қарсылығын білдіріп тұрып:
«Жарылудың адамға еш залалы жоқ дейсіздер. Неге онда бәрін Мәскеуге әкеліп, Қызыл алаңның ортасына жармайсыздар. Көпшілік «кереметімізді» көрсін», — деген еді.
Міне, «ауаға ұшып кетудің» астары осы. Себебі, диметил – гидразиннің (гептил) қаншалықты залал екенін дәлелдеп берген Қазақстандығы Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының «Казмехонбр» бірлестігі және басқа да ғылыми мекемелердің тұжырымдары. Жалпы бүгінгі таңға дейінгі «Байқоңыр» ғарыш айлағының тиімді, тиімсіз жағын сарапқа салудан жасқанып отырғанымыз – адамзат тарихында сирек кездесетін құбылыс.
Кім үшін қысыламыз, кімнің жағдайын ойлаймыз, қай елдің абырой-ұятын қорғаштаймыз. Осының бәрі алдымен Қазақстан мен Қазақстан халқы үшін керек емес пе?
Біз ғарыштық дүниенің қасіретімен қатар, қолдасып өмір сүріп келеміз. Осы жөнінде Тоқтар Әубәкіров бұған дейін парламентке ғарыш кешенін сақтау шекарасы, оған қатысты ғылыми кемесінің сәтсіздігі жағдайында айып ақы белгілеу, ғарыш жолындағы елдің денсаулығы, тағы басқа ұсыныстар қойып, өткізе алмағанын, Заң қабылдаттыру мүмкіндігі туралы айтты. Қазақстанда арнаулы заң болмаса, Ресейдің заңсыз әрекетке баратыны белгілі жағдай. Әлі күнге дейін бізде зымырандық – ғарыштық қызметтің қоршаған ортаға есерін, оны зерттейтін зертханалық әдістемелік база жоқ. Тіпті, авариялардың халық денсаулығы мен қоршаған ортаға зардабы туралы еш жерден ғылыми дерек таба алмайсың. Экологиялық аудит жүргізілмейді. Мониторинг үшін жедел талдау жүргізілетін шағын зертханалар да жоқ. Мы-салы, ұшу траекториясы өтетін аудандардағы Қарқаралы, Жаңарқа,Оскаровка қыстағы тұрғындарының халдері әлдеқайда төмен болып шықты. Тұтқасын тапқанмен оны дәлелдеудің Қазақстанда ресми жүйесі, жалпы бұл бағытта мемлекеттік кешенді бағдарлама жоқ.
Бір ғана мысал келтіруге болады. Парламент басшылары ғарыштық мәселені жүйелеу жөнінде Үкімет аралық министрліктер мен агенттіктерге, институттарға міндетті және жүзеге асуға тиісті жұмыстарды белгілеп беріпті. Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттікке ғарыштық сипаттағы төтенше жағдайларды жою, әсер ету аймағындағы халық үшін зымырандық – ғарыштық қызметтің қауіпсіздігі жөнінде арнаулы білім беру бағдарламаларын әзірлеп, енгізу туралы ұсыныс қойыпты.
Әлемде ғылыми күрделі құбылыс жүріп жатыр, онда біреу пайда, біреу зиян көріп, ел Парламенті болып талқылауда. Осы ғылыми процестен үлес салмағын алу, сақтану шекарасын ғылыми негізде ұйымдастыру үшін кешенді партиялық функционерлердің білім – білігі жетер ме екен?
2000 жылы «протонның» Арқа өңіріне бірнеше мәрте құлағанын білеміз. Аталған өлкенің бір ұшы Қызылорда облысымен шектеседі. Екі аймақта емін еркін жүрген ақбөкенге тағы да зобалаң туды. 130 шақырым жерге гептил уы сіңіп, жануарлардың тіршілігі тоқтады. Қазір ресми деректер бойынша Сыр өңірі мен Арқа аумағында қасірет шеккен 300 мыңдай ақбөкеннің келешек тағдыры туралы оптимистік көзқарас танытудың өзі қиын. Алайда білмейтініміз қаншама…
2.2. Байқоңыр экологиясы
а) Аймақтың ауа-райы және оған «Байқоңырдың» әсері.
Осы уақытқа дейін бұл ғарыш айлағының адамдарға немесе қоршаған ортаға тигізетін әсерін қазақстандық және ресейлік ғалымдардың айта алмайтындығы аймақ тұрғындары үшін ауыр қасірет болып тұр. Көңілге кірбің ұяталар тұс осы.
Ауа райының жақсы болуы – адам денсаулығының жақсы болуы. Осы ауа райы мәселесіне тоқталып көрейікші.
Атмосферадаға стратосфера қабаты жер бетіндегі тіршілікті ультракүлгін сәулелерімен қорғау арқылы ерекшеленеді. Зерттеулер көрсеткеніндей республика бойынша мұндағы азон қабатының қалыңдағы 5-7 пайызға азая түскен. Стамбұлдағы Бағазис университетінің доценті Хазрет Делдоестің пікірінше, ауадағы көмір қышқыл газының көбеюіне байланысты күн жылуы мүмкін. Эколог – профессор Атилла Слоренің айтуынша жер бетінің ыси түсуіне себепші озон қабаты тесілуі – мәңгілік мұздардың еруіне әкеліп соғады және бұл дүниенің болашағына қауіп төндіреді екен.
Сынақтан өткізілген зымырандардың бәрі әуедегі озон қабатын бұзып жібереді. Өйткені зымырандардың, отынның қалдықтары озон қабатына айрықша әсер ететіні кейінгі кезде байқала бастады. Зымырандар пайдаланған отындарынан өте улы қосылыс — көміртектің радиоактивті элементтердің қос тотығы көп мөлшерде бөлініп шығады. Ол биосферада тіршілік ететін барлық тірі ағзаларға өте улы әсер етеді. Ауадағы және жердің үстіңгі бетіндегі радиациялық тепе-теңдікті бұзып жібереді. Егер ауада көміртектің қос тотығы молаятын болса, онда күн сәулесі жерге түспей, мәңгілік қараңғылық басады. Көне заманда мұндай көріністер болғанын ғалым-биологтар жақсы біледі. Күн сәулесі жерге түспегендіктен, жердің үстіңгі қабаты жылынып, тау шыңдарындағы мәңгі қар мен мұздар еріп кетіп, теңіз және мұхит суларының деңгейін көтереді. Қүрғақ жерлерді су басып, «топан суы» қаптауы сөзсіз деп ғалымдар дәлелдейді.
«Ақыр заман боларда, топан суы қаптайды екен»- деген қағидалардың бар екенін қазақ елі жақсы біледі. Ауа райының жылынып келе жатқанын халық сезеді. Өйткені бұрынғы кездерде болатын аяздар осы уақытта аз болмады.
Ауа райының ластануы адам денсаулығына да зиянын тигізеді. Мысалы, 1999 жылдың 5 шілдесі мен 27 қазаныңда ғарышқа көтерілген екі бірдей «Протон» зымырандары Қарағанды жеріне құлап түсті. Тек біреуінің 420 гептил майы төгілген. Ал 1996 жылы 14 мамырда «Байқоңырдан » ұшқан «Союз-5» зымыраны Жезқазған маңына құлап түсті. Зымыраннан төгілген адамға зиянда гептил 120 литр және азот тетрациді 420 литр. Зымыран жарықшақтары 60 шақырымға дейін шашылған.Олар білген жанға жай қалдықтар емес – радиациялы, улы, сирек кездесетін металдар. «Сол құнды заттарды» терушілер – осы маңайдың тұрғындары. Опат боламын деп ойламайды, бұл мақсаты — оң жолы болу, баю қамы. Тіпті қалдықтардан мал қорасын тұрғызғандар баршылық.
Есептей келсек, жағдайымыз мәз болмайтыны анық. Өйткені гептил төгілген жер 300-400 жылға дейін іске аспайды екен. Ал жарты ғасыр ішінде ғарыш айлағынан гептилмен жұмыс істейтін 2000-ның үстінде зымыран тасығыштар ұшырылыпты…. Сол радиация уынан Сыр халқы зардап шегуде.
Байқоңырды Ресей жалға бергеннен бүкіл сол аймақтағы жұрт қаншама қасірет шегіп отыр. Одан ракета ұшты дегенше, бұл өңірде ауа райы қақап сала береді.Ондай суық қатарынан 3-4 күнге созылады, қыс болса, алай-дүлей борандатып, «екі аяқты бір етікке» тығады. Жаз болса дауыл тұрып, топырақ суырады.
Осындай зобалаңнан Сыр бойы жылдан-жылға жұтап барады. Жайқалып тұратын даланы қуаңшылық жайлады. Шабындық, жайылымдық, шөп біртін-деп азайып, бұрынғы тәп-тәуір шаруашылықтар малдың бар түрінен айрылды. Қызылқұм, Қарақұл өңірі бос қалды.
Мұндай қүбылыстар ғарыш айлағы орнамай тұрған уақытта болмаған. Қандай болмасын, ұшырылған ғарыш кемелері мен оларды ғарыш кеңістігіне шығарушы зымырандар айналаны қоршаған табиғи ортаға елеулі өзгерістер енгізетіні кейінгі кезде айқындала түсті. Ол өзгерістерді арнаулы түрде жүргізілген зерттеулер анықтап берді. Ол өзгерістер төмендегідей:
- Ұшырылған ғарыш кемелері және басқадай ғарыштық аппараттар табиғи жолмен ғасырлар бойы қалыптасқан ауа режімін төтенше түрде бұзып жіберетіні белгілі болды;
- Ғарыш кемелерін тасымалдайтын зымырандардың пайдаланатын отындары улы (радиоактивті) қосылыстардан тұратын болғандықтан, айналаны қоршаған ортаның мөлшерден тыс улануына әкеп соғады;
- Ғарыш кеңістігіне ұшырылған зымырандар өсімдік әлеміне, жануарлар дүниесіне айрықша әсер ететінін арнаулы түрде жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары толығымен дәлелдеді. Биосферадағы тірі ағзалардың тіршілік ететін табиғи ортасы кенет бұзылып, өзгерістер, олардың ішінде өте қауіпті мутациялық (секірмелі) өзгеріс туатыны байқалды;
- Жер бетінде зымырандардың жұмыстан шыққан бөлшектері құлап түсіп,
оны ластайды (ол бөлшектерде де радиоактивті қосылыстар бар). Ол жер не егін егуге, не мал жаюға жарамай қалады.
Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған ғарыш кемелерінің қалдықтарының жерге түсетін аймақтары алдын ала белгіленген. Ол Жезді және Ұлытау аудандары территорияларының 10 пайызын қамтиды. Өйткені зымырандар осы көрсетілген аудандардың территорияларының үстін басып ұшады. Зымырандарға жағылатын отын улы (радиоактивті) және усыз қосылыстардан тұрады.
а) Усыз отынның негізгі компаненті — сұйық күйіндегі (радиоактивті) оттек , сонымен бірге сұйық оттек және сұйық күйіндегі (радиоактивті) сутек болады.
ә) Өте улы зымыран отынның қүрамында — улы тотықтандырғыш типіне жататын (радиоактивті) «самин» және (радиоактивті) «меланж» болады. Сонымен қатар, симметриялы емес радиоактивті — диметил-гидразин (гептил) бар. Осы аталған компаненттер 1-кластағы өте улы қосылыстардың қатарына жатады. Бұл улы заттар адамзат баласынын тіршілігін, өсімдік әлемін, жануарлар дүниесін айрықша уландырады. Олар биосферадағы барлық тіршілік иелерін жойып жіберуі де мүмкін.
Қандай да болмасын, ұшырылған зымыран-тасымалдаушылар апатқа ұшырауы – табиғи қүбылыс. Неге десеңіз, техниканың аты техника, ешкім де апат болмайды деп кепілдік бере алмайды. Ғарыш кемелерін жасағанда, оларды ғарыш айлағында ұшуға дайындағанда, бірнеше қателер кетуі мүмкін. Зымыраңдар жер бетінен 40-50 шақырым биіктікке көтерілгенде, бірнеше себептерге байланысты кенеттен апатқа ұшырап отыратын жайттар болады. Зымырандар апатқа ұшыраған кезде, олардың бактеріндегі улы (радиоактивті) отындардың жарым-жартысы әуеде жанып кетеді де, ал қалған аз мөлшері жерге түседі. Олар табиғи ортаны ластауы мүмкін. Ал отын төгілген жерге оны өртеп жібереді немесе отынның улылығын жоятын бірнеше химиялык препараттар қолданады.
Бір ғана РН — «Протон» зымыранын ғарыш кеңістігіне ұшырғанда, ауаға 200 тонна радиоактивті көміртектің қос тотығы, ал РН «Союз» зымыранын ұшырғанда, атмосфералық ауаға 133 тонна көміртектің қос тотығы келіп қосылып отырады. Қазақ жерінің атмосфералық ауасына қосылған радиоактивті көміртектің қос тотығының мөлшері, кейінгі кездегі жүргізілген ғылыми деректердің қорытындыларына қарағанда, 221478 миллион тоннаға жеткен. Бұл цифр аз ба, жоқ болмаса көп пе, өздеріңіз есептеп байқаңыздар. Мұндай зымыраңдардың ашық түрде, жасырын жағдайда Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылып жатқан саны құпия сақталуда. 1955 жылы Байқоңырдан ұшырылған зымырандардың саны 19-ға жеткен. Олардың ішінде өте улы радиоактивті отынмен ұшатын 8–РН «Союз», 8-РН «Протон», 2-РН «Циклон», 1-РН «Зенит» зымырандары еді. Олардан бөлініп шыққан көміртектің қос тотығыньщ мөлшері 2965 тоннаға жетті. Алайда, оны ешкім де өлшеген жоқ. Тек теориялық жолмен есептеп шығарылғаны белгілі, бәлкім бұл мөлшерден көміртектің қос тотығы көп болуы да немесе аз болуы да мүмкін.
Қазақстанның атмосфералық ауасына бөлініп шыққан көміртектің қос тотығының көлемі 0,001 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш өте көп сан, өйткені ауадағы көміртектің қос тотығының мөлшері – 0,003 пайыз. Атмосфералық ауаға бөлініп шығатын өте улы қосылыстардың бірі – радиоактивті көміртек тотығы (СО), оны иіс тигізетін газ ретінде қазақ елі жақсы біледі. Тек қана бір РН «Протон» зымыранын ғарыш кеңістігіне ұшырған кезде, атмосфералық ауаға 17 тонна көміртек тотығы қосылады. Ал автомобильдерден 1 тонна бензин жаққанда 0,42 тонна ғана көміртек тотығы бөлінеді. Бір жылда 40-50 автомобильдер не бәрі 4-5 тонна көміртек тотығын бөледі. Бұл сан РН «Протон» зымыранының бөліп шығаратын көміртек тотығының мөлшерінен әлде қайда аз екенін көрсетеді. Сонымен зымырандарға пайдаланылатын отын – көміртек тотығының бөлініп шығуының қайнар көзі деп есептеуге болады. Сондай-ақ, өнеркәсіп орындары отқа тас көмір жағатыны белгілі, одан да айтарлықтай мөлшерде көміртек тотығы бөлініп шығып, ол атмосфералық ауаға қосылып жатады. Сөйтіп ауа режиміне айтарлықтай өзгерістер енгізді.
Ал стратосфера қабатына өзгеріс жасайтын тек қана ғарыш кеңістігіне ұшырылған зымырандар. Олар стратосферадағы су молекулаларына әсер етеді. Сондықтан да озон қабаты тез бұзылып, жер бетіндегі тіршіліктің жойылуына себепші болады.
Радиоактивті азот тотығы да озон қабатын бұзушы фактордың бірі болып есептелінеді. Ол өте үлкен қысыммен жоғары температураның әсерінен үнемі стратосферада пайда болып отырады. РН «Протон» зымыраны ғарыш кеңістігіне көтерілгенде, зымыран артынан шыққан оттың әсерінен радиоактивті азот тотығы кеп түзілетінін арнаулы зерттеулер анықтап берді. 20-30 шақырым биіктегі озон қабаты зымырандардың әрекетінен көп мөлшерде бұзылатыны анықталды. Зымырандарды ұшыруға гептил отынын пайдаланғанда, озон қабаты адам айтқысыз бұзылатынын арнаулы түрде жүргізілген зерттеулер анықтады.
Озон қабатын тез арада бұзып жіберетін улы қосылыстардың бірі — хлор. Оның бір молекуласы, озонның жүз мың молекуласын жойып жібереді. Хлор зымыран отындарының басты компаненттерінің бірі. Әсіресе, «Спейс-Шатл» зымыранына пайдаланатын отынның ішінде ол көп болады. Бұл зымыран Америка Құрама Штаттарында жасалды. Сол елде ғарыш кеңістігіне ұшырылып отырады. Өте қуатты зымырандардың қатарына жатады. Бұл зымыранды ғарыш кеңістігіне ұшырғанда, ол 180 тонна хлор және хлорлы сутекті атмосфералық ауаға бөліп шығарады. Олар атмосферада неше түрлі реакцияға түсіп, аса қауіпті қосылыс — метаболиттер түзеді. Бұл метаболиттер стратосфераға айрықша әсер етеді де, тропосфераға онша зиянды әрекет жасамайды. Хлор және хлорлы сутектің зиянды әрекеттеріне кейінгі уақытта кең көлемде зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.
Айта кететін бір жайт, 1999 жылы жүргізілген арнаулы ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындылары мынаны көрсетті: Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған ғарыштық аппараттар қазақ жерінің ауа райына, климатына оншама өзгеріс енгізе қоймағаны белгіленді. Өйткені бұрынғы 50 жылғы ауа құрамы ешбір өзгеріссіз сол күйінде сақталып тұрғанын көрсетті. Зымырандар ауа-райына ерекше әсер ететінін РН «Протон» зымыранының бірінші бөлігі жұмыстан шыққаннан кейін жерге түскен кезде, ондағы жанбай қалған радиоактивті отын мен тотықтандырғыштардың мөлшері 2-3,5 тоннаға дейін жетеді. Егер зымыранның отыны құйылған ыдыстары оқыс жарылатын болса, онда ауада көптеген қауіпті радиоактивті бұлттар кенеттен пайда болып, аспанда біраз жүзіп жүргеннен кейін жауын- шашынмен жерге түседі. Бұлттар аса үлкен аймақты қамтып, сондай аймаққа зиян келтіреді. Әсіресе, ауыз су қатты уланады. Радиоактивті улы қосылыстар неше түрлі метаболиттер туғызуы мүмкін. Ол метаболиттер жинала-жинала келе улылығын күшейте түсетін жағдайлары да байқалады. Бұл радиоактивті метаболиттер биосферадағы барлық тіршілік иелеріне үлкен қауіп төндіреді. Улы қосылыстардың ішіндегі ең қауіптісі — гептил және оның туындылары болып есептеледі. Радиоактивті гептил — суда ерімейтін қосылыс. Ол жер бетіне көп жиналып, улылығын жоғалтпай ұзақ уақыт сақтай алатын ғажап қосылыс. Тез арада тотығып кетеді де, кез келген денелермен реакцияға түседі және неше түрлі өнімдер түзеді. Олардың ішінде концерогенді түрде әсер ететін заттар болады. Олар адам ағзасына қауіпті ісіктер туғызып, рак дертін дамытады. Зымырандар апатқа ұшырағанда ондағы гептилдің 90 пайызы ауада жанып кетіп, ал қалған 10 пайызы жерге келіп түседі, тіпті түспеуі де мүмкін. Ал жерге түскен гептил ұзақ уақыт топырақта сақталып, улылық қасиетін жоймай жата береді.
ә) Қоршаған ортаға әсері
Арнаулы түрде жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындыларына қарағанда, жерге түскен гептил жер бетіне, жердің үстіндегі және оның астындағы суларына тарап, оларды уландырады. Ондай сулар технологиялық үрдістерге, сонымен қатар, зымыраңдарға, қажетті су ретінде басқадай ғарыштық аппаратураларға қолданбайды. Гептил қалдықтарын арнаулы тәсілдерді пайдаланып жағып жіберуге болатынын ғалымдар дәлелдеп отыр. Осындай әдістерді пайдаланған кезде гептил ауаны, суды, жерді, тіпті биосфераны көп көлемде ластамайтыны анықталды. Су зымырандардан бөлініп шыққан белшектерден де ластанады. Әсіресе РН «Протон» зымыранының отыны улы қосылыстар, оның ішінде гептил де бар. Гептилдің жерге, суға түскен мөлшерін анықтау үшін жетілдірілген әдістерді қолдану керек. Сонымен бірге гептилді анықтау үшін көп уақыт пен қаржы қажет. Өйткені оны анықтауға пайдаланылатын реактивтер өте қымбат тұрады.
Байқоңыр ғарыш айлағындағы әскери бөлімшелер зымырандарды ұшырған кезде халықаралық келісім шарттардың түгелдей болмаса да, көпшілік талаптарын сақтауға тырысады. Қазақстан Республикасы — Байқоңыр ғарыш айлағына байланысты заңдарын орындауға қолдан келген мүмкіншіліктерін түгелдей жасайды. Қазақ жеріне, жердегі тіршілік ететін өсімдік әлемі мен жануарлар дүниесіне зиянды әсер еткізбеудің тәсілдерін жетілдіреді. Әсіресе адамдардың денсаулығына зиян келтірмеудің жолдарын іздестіреді. Байқоңырда тұратын халықтардың денсаулығына қатер төндірмейді. Сол себептен ғарыш айлағы орналасқан аймақтарға улы қосылыстарды түгелдей жойып жіберетін шаралар қолданылады. Гептил төгілген немесе шашыраған жерлер мұқият түрде залалсыздандырылады. Залалсыздандыру үшін хлорлы тотықтыр, термикалық әдістер қолданады. Сонда гептилдің улылығы жойылып кетеді. Сонымен бірге, жерді өртеген кезде, жердің үстіңгі қабатындағы пайдалы микроағзалар түгелімен жойылып кететіні сөзсіз. Сөйтіп топырақ құнарлығынан айрылып қалады. Ондай жерлерге өсімдіктер өспейді.
Осы кезде гептилдің улылық қасиетін тез арада жоюдың жетілдірілген тәсілдері қарастырылуда. Бұл кезек күттірмейтін күн тәртібінің басты мәселелерінің бірі. Зымырандардың жұмыстан шыққан бөлшектерінің аспаннан жерге құлап түсетін жерлерінде адамдар тұратыны белгілі. Оларды басқа жаққа көшіріп алып кету мемлекетке оңайлыққа соқпайды. Тек зымырандардың қалдықтары құлап түскеннен кейін олардың улы қалдықтары орасан көп аймақтарға тарайтынын арнаулы зерттеулер анықтап отыр. Осы қайғылы оқиғаны болдырмау үшін Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арнаулы экологиялық мониторинг жүйесін пайдаланады. Әсіресе РН «Протон» зымыранынан бөлініп шығатын улы қосылыстардың зиянды әрекетін азайту жолдары көзделуде. Неше түрлі жетілдірілген технологиялық үрдістер пайдаланылады. Осының нәтижесінде РН «Протон» зымыраны улы қосылыстарды қоршаған ортаға аз мөлшерде бөліп шығаруда. Мұның өзі кейінгі кездегі ғылым мен техниканың жетістігі екені өзінен-өзі белгілі. Экологияны мөлшерден тыс бұзбайтын РН «Протон» зымыранының отыны ретінде КБ «Салют» деп алатын отын қолданады. Ол отынды ойлап тапқан Ресей ғалымдары. Олар М.В. Хруничев атындағы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері. Егер РН «Протон» зымыраны апатқа ұшырай қалған кезде, ондағы гептилдердің барлығы жерге түспей, әуеде жанып кетеді. Ал жерге түскенде, оның көлемі айналаға онша көп тарамайтыны байқалады.
Зымырандарды ұшыру әсерін Қызылорда облысының жеріндегі Арал теңізінің тартылуымен байланыстырудың қажеті аз.
Арал теңізінің бұрынғы түбінде қалың қабат-қабат болып жатқан тұздар су тартылғаннан кейін күн көзінің жылуымен құрғап, желмен бірге аспанға көтеріліп, Арал теңізінің жақын жеріне (70 шақырым) орналасқан Байқоңыр ғарыш айлағына әсері бар. Теңіз түбіндегі тұздар аспанға көтеріліп, желмен бірге және алыс аймақтарға таралып жатқанын ғалымдар жақсы біледі. Осының салдарынан Қызылорда облысының ауа-райы және климаты үлкен өзгеріске ұшырап отырғаны жасырын жағдай емес.
Зымырандарды жасаған кезде, оларға экологиялық мінездеме беріледі. Ол зымырандарды ұшырған кезде қоршаған ортаға өте көп зиян келтірмейтіні ғылыми басшылыққа алынады. Ал зымырандар экологияны бұзатын болса, онда қауіпті зымырандар ұшырылмайды. Осы жоғарыда ашылған мәселелерді қорыта келе, Байқоңыр ғарыш айлағы қазақ жеріне орасан зор бақытсыздық әкеліп отырғаны сөзсіз.
Дегенмен, кейінгі кезде Байқоңыр ғарыш айлағының пайдасыз жағын жан-жақты зерттеу — келешек жас ғалымдардың міндеті деп есептейміз. Байқоңыр ғарыш айлағын салғанда, қисапсыз көп қалдықтар болғаны жасырын емес. Олардың ішінде металл сынықтары, темір бетон қалдықтары болған. Бұл қалдықтарды пайдаланып құрылыс жұмыстарын жүргізуге болатыны анықталып отыр. Байқоңыр ғарыш айлағының экологиясын қатаң бақылауға алған мекемелердің бірі — Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстары мен табиғат қорғау министрлігі. 1996 жылдан бастап зымырандардың улы қалдықтары азайып, тек азғантай жерлерге түсетін болды. Айналаны қоршаған ортаға ұзақ мерзім әсер етпей, тез арада ыдырап кететіні байқалады, медициналық белгілерден аспайтыны белгілі болды. Мұның сол аймақтардың тұрғындарына дәтке қуат әкеліп отырғаны сөзсіз. О.
Ал енді 1999 жыл апатқа ұшыраған зымыран-тасығыш РН «Протон»-ның қазақ еліне әкелген зиянына тоқталайық. Зымыран-таситын зымырандар апатқа ұшырағанда, айналаны қоршаған ортаға үлкен зиян келтіретіні айтпаса да түсінікті. Апатқа ұшыраған зымырандар қоршаған ортаға зиянын тигізбей қоймайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр.
1996 жылы 14-ші мамыр күні РН «Союз» атты зымыран-тасымалдайтын зымыран апатқа ұшырап, бұрынғы Торғай облысы Амангелді ауданына қарайтын Сары-Торғай жылқы заводының территориясына құлап түскен болатын. Арнаулы түрде жүгізілген зерттеулердің қорытындыларына қарағанда, жердің, судың, ауаның агрессивті улы қосылыстарымен ластанғаны анықталған. Олардың тірі ағзаларға тигізетін зиянды әсері орасан күшті екені байқалған. Зымырандардың пайдаланатын отындары өте улы қосылыстардан тұратыны белгілі. Олардың ішінде гептил және азот тетроксил де бар. Зымыранның апатынан 810 шаршы шақырым жер зақымданған. Бұл апаттан келген зиянды ақшаға шаққанда 1395,6 мың теңгеге жеткен. 1997 жылы 20 мамыр күні «Зенит» атты зымыран 49 секундтан кейін апатқа ұшыраған болатын.
8 шақырым биіктіктен зымырандағы ғарыштық аппарат жерге құлап түсіп, кенеттен жарылып кеткен. Бақытқа орай, зымыран апаты ғарыш айлағының адамдар тұрмайтын бос аймақтарына құлап түскен. Сондықтан да адамдар шығыны болмаған, улы отынның негізгі бөлігі аспанда жанып кеткен. Дегенмен, 200 тонна сұйық оттек жерге түскен. Бұл жанармайлар зымыран құлаған 300 шаршы шақырым жердің өсімдіктерін мүлдем жойып жіберген. Жарылған зымыран корпусының жарылғанынан шыққан металл сынықтары 1 гектар жерге шашылып кеткен. 1999 жылы 5 шілде күні және 27 қазан күні Қарағанды облысына қарайтын Қарқаралы ауданының территориясына зымыран-тасымалдаушы РН «Протон» зымыран 90 шақырым биіктікте апатқа ұшырап, жерге құлап түскен. Сол жердің түрғындарына әсер етті ме, жоқ болмаса етпеді ме деген мақсатпен арнаулы түрде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, судан, топырақтан өсімдіктерден үлгілер алынып, олар лабораторияда анализден өткізілген. Зымыранның құлап түскен жері — «Карбышевка» деп аталатын елді – мекен. Ол жерде Беталыс көлі де бар болатын. Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінен арнаулы құрылған комиссиялар жұмыс істеп, зымыранның келтірген зиянын анықтады. Ол үшін жерден 195 үлгі, судан — 61, өсімдіктерден – 101, барлығы – 357 үлгі алынып, Қарағанды қаласының санитарлық эпидемиялық станциясының, Әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық Мемлекеттік университетінің кафедрасында, Ресей Федерациясының Биофизика институтының лабораторияларында анықталды. Суда, өсімдіктерде, малдардың сүттерінде гептил байқалған жоқ. Топырақтың 3 үлгісінен гептил табылған, оның концентрациясы өте аз болған. Экологиялық зерттеулер күні бүгінге дейін жүргізліп келеді. 2187 адам медициналық бақылаудан өткізілген. Олар Карбышевка, Ақжол, Қоянды және Матақ елді-мекендерінің тұрғындары болатын. Химиялық және иондалған радиоактивті элементтердің әсері тиді ме екен деген мақсатпен 501 адам, олардың ішінде 201 бала арнаулы түрде анализден өткізілді. Бұл адамдар Корнеевка елді-мекеңдерінің тұрғындары болатын. Олардың денелерінен ешқандай гептил болмағаны анықталды. Осыған орай адамдардың денсаулығына ешқандай зиян келмегені байқалады. Тек бұрын сырқаттарға шалдыққан адамдардың ескі ауруларының қозғаны анықталды. Зымыранның улы жанармайларынан айналаны қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына келтіретін зиян байқалмады деген қорытындыны арнаулы түрде тағайындалған комиссия жасады. Бұл шешім жергілікті тұрғындардың қозған жүйке жүйелерін басуға мүмкіншілік туғызды. Мезгіл-мезгіл бойы, яғни 3, 6, 12 айлар арасында Қарағанды облысының Қарқаралы ауданның жергілікті тұрғындары арнаулы бақылаудан өткізіліп отырады.
1999 жылы шілде айының 5 күні болған РН «Протон» зымыран-тасушының зымыран апаты неден болғаны анықталды Апатгың себебі: зымыранның үшінші бөлігінде отын жанбай қалған. РН «Протон» зымыраны апатынан болған зиянның көлемі 37 миллион 947 мың теңге екенін комиссия анықтап шықты. Бұл шығынды Ресей Федерациясы төлейміз деп уәде берді. Ол шығын төленді ме, төленбей келе ме ол туралы қолымызда нақтылы деректер жоқ.
1999 жылы 27 қазан күні ұшырылған РН «Протон» зымыраны екінші рет апатқа ұшырап, Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданнының орталығы Атасу елді-мекенінің шығыс-солтүстігінің 25 шақырым келетін жеріне құлап түсті. Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының басшылары арнаулы комиссия құрып зерттегенде, комиссия мүшелері жерден зымыранның 129 бөлшектерін тауып алды. Оларды арнаулы өңдеуден өткізіп, ұшақпен Мәскеу қаласына зерттеу жүргізу мақсаты үшін алып кетті. Апатқа ұшыраған зымыранның тигізген әсерін білу үшін жерден, судан, өсімдіктерден, азық-түліктен, кейбір биологиялық материалдардан 562 үлгі алынып, зерттеуден өткізілді. Зерттеу қорытындысы мынаны көрсетті: Гептил судан алынған үлгінің біреуінен, топырақтың бір үлгісінен табылған. Ондағы гептилдің мөлшері өте аз болғанын көрсетті. Айналаны қоршаған ортаға онша зиян келтірмейтіні анықталды.
Мал дәрігерлері үй малдарының 150090 басына зерттеу жүргізді. Олардың ішінде 20011 ірі қара малды, 7173 шошқа, 528 ит, 2080 құс болған. Олардың ішінде апатқа ұшыраған зымыран әсерінен пайда болған аурулар жоқ екенін мал дәрігерлері анықтап берді. Облыстағы орман, балық, аң шаруашылығының қызметкерлері зымыран апатқа ұшыраған аймақтарға арнаулы түрде экологиялық мониторинг жүргізгенде, олар зымыран салдарынан зардап шеккен өсімдік әлемі мен жануарлар дүниесін кезтестіре алмаған. Зымыранның апат болған жерінде тұратын 22605 халықтың 20011 адамына арнаулы түрде медициналық бақылаулар өткізгенде, өте жоғары улану адамдар арасынан кездеспеген, зымыранның бірінші және екінші апаты болған жерлерде тұратын адамдардың ескі дерттері қозғаны ғана байқалды. Зымыран отындары мен радиациялы сәулеленудің әсері адамдар денесіне ешқандай әсер етпегені анықталды. Адамдардың көп ойлағандықтан, психоэмоциялық сезімдерді артқан.
Зымыран-тасымалдаушы РН «Протон» апатқа ұшыраған аймақтар ерекше есепке алынып, үнемі экологиялық мониторинг жүргізіліп отыратын болды.
Алайда, Қазақстан Республикасы ғалымдарының болжауы бойынша, олар зымыран апатынан әуде неше түрлі бұлттар пайда болып, қазақ жеріндегі ерсілі-қарсылы соққан желмен бірге, басқа аймақтарға ығысып кеткен. Ол бұлттар улы деп топшылайды. Мұндай болжауды анықтау үшін, ұзақ жылдар бойы арнаулы түрде ғылыми-зертгеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Оған қыруар қаржы керек.
1999 жылы шілденің 5 күні болған РН «Протон» зымыран тасымалдаушының апатынан кейін Қазақстан Республикасы мемлекеті мен Ресей Федерациясы арасында 1999 жыл қарашаның 18 күні келісім – шарт жасалынып, оған қол қойылады. Ол келісім – шарттан кейінгі уақытта Байқоңыр ғарыш айлағын қалай пайдаланудың жолдары көрсетілген. Зымыран апатының салдарын бірлесе отырып жою мәселелері жазылған.
б) Адам денсаулығына тигізетін әсері…
Байқоңыр экологиясына байланысты әлі де болса шешім таппаған түйінді мәселер баршылық. Қалаға жақын Төретам және Ақай елді мекендерінің, сондай–ақ Байқоңырдағы қазақстандықтардың әлеуметтік мәселелері толық шешімін таппаған жарымжан күйде. 1995, 1999 жылдағы келісім–шарт тармақтары бүгінгі күн талабына сай емес. Дәрігерлік қызметке мұндағы қаракөздер аса зәру.
Байқоңырдағы нысаналар мен ұшырылған зымыран тасығыштардың зардабын мұндағы халық көріп-ақ келеді. Талай сәби өмірге жарымжан болып дүниеге келеді. Ана құрсағынан мерт болғандар қаншама?
Кейбір дәрігерлердің пайымдауынша ғарышқа ұшырылған зымырандардың әсерінен осы аймақтағы нәрестелердің 73 пайызы шала туылады екен. Адам естімеген дертке байланған ұрпақтың болашақ тағдыры қорқынышты. Әсіресе қазақтың «ми суы» деп атаған дерті де бұл өңірде жиі көрініп жүр. Жас нәрестелердің бас қауашағынсыз туылатындары мен ми қойыртпағының орнына су толатын гидроцефал сырқатына шалдыққандар көбейе түсуде. Емі түгілі түрі таңсық аурулар жиілеуде. Таңқаларлығы мұндай трагедияны ғалымдар ғарыш айлағымен байланыстыра айтуға дәрменсіз. Қазақстандық және ресейлік оқымыстылар «Байқоңыр айлағынан ұшырылатын зымырандардың қоршаған ортаға және адамдарға әсері» деген бағдарламаны әзір етті. Бірақ нақты шешімге келу үшін бірнеше жыл керек болады. Өкініштісі, осы бірнеше жылда дүниеге келетін сәбилердің 100 пайызы дені сау болып туылатындығына кім кепіл. Кейбір ақпарат көздерінен мәлім болғанындай Сыр бойындағы кез келген аурудың түрі бірнеше есеге дейін өскен, ал өскелең ұрпақтың 50 пайызға жуығының ақыл есі дамымай қалған. Ресейлік шенеуніктер қолында зымыран жанармай гептилдің топырақ пен өсімдікке тигізетін зиянын дәлелдейтін құжаттар сақтаулы. Қазір БАҚ Байқоңыр әсері Семей полигонынанда асып түсуі ықтимал деген пікір айтуда.
Басқасын былай қойғанда, гептил майы жерге сіңеді, өсімдік өзегіне енеді, малдың қан құрамына енеді, сүтке биологиялық жолмен беріледі, ауаға тарайды. Ал, гептилдің зәруі тамақ немесе хош иісті ауа емес екені мәлім. Улану арқылы адам тынысы орталық жүйке жүйесі бұзылады. Бауыр, бүйрек зақымданып, қан құрамы бұзылады, тері аурулары пайда болады. Бұл деген сөзді, 1979-2001 жыл аралығында Қызылорда қаласында жұқпалы аурулардың – 39, жүрек, демікпе сырқатының – 18, қуыққа тас байланудың – 15 есе өскендігімен бейнелеуге болады. Осының барлығы адам денсаулығы үшін өте қауіпті.
Айталық 2004 жылы ана өлу деңгейінің республикамен салыстарғанда 20,5 пайызға, ал балалар өлімі 1,8 есеге, өкпе дертімен мерт болғандар 4,5 есеге өсуі жақсылық емес. Соңғы екі жыл ішінде 237 адам өзін-өзі өлтірген. Бұл науқас түрі жыл санап көбею үстінде. Қоршаған ортаны өте ластануынан Сырда соңғы жалдары катерлік ісік ауруларына шалдыққандар саны өсіп келеді. Мысалы 100 мың адамға шаққанда ол 1980 жылы 127 болса, ал 2002 жылы – 195-ке жеткен. Сондықтан да атмосфера құрамының өзгеруі – адам денсаулығына әсері айтарлықтай.
2.3. Байқоңыр болашағы – « Бәйтерек»
2008 жылдан бастап «Бәйтерек» деп аталатын қазақстандық ұшу кешені салынбақ. Одан жаңа заманның техникасымен жабдықталған мүмкіндігі қазіргі ғарыш зымырандарынан он есе жоғары «Ангар» зымыраны ұшырылады деп күтілуде. Қазірдің өзінде Ресей жағы бұл комплекске 6 миллиард рубль жұмсады. Жалпы, Мәскеу бұл жобаға 15 миллиард рубль салмақшы. Ал Астана 300 миллион доллар қоспақ. Егер жоба жүзеге асқан уақытта екі ел де әлемдегі ірі ғарыштық державаға айналмақ.
«Бәйтерек» – Қазақстаның ғарыш қызметін дамытудың басты сатысы. Әлемнің отыздан аса мемлекетінің жер серіктері ғарышта ұшып жүр. Міне пайда көзі осы. «Бәйтерек» ғарыштық кеңістікке небір жабдықтарды шағаруға қуаты мол.
Зымыранның ғарышқа көтерілгеннен кейін жанар майы мен әртүрлі қоспалардан келетін залалы 300 тонна мазут жаққандағы жұмысқа пара – пар екен. Осы экология проблемасы тұрғысында Қазақстан жоғарыдағы жобаны жүзеге асыру барысында.
«Бәйтерек» — болашағы жайлы көп айтуға болады. Ең күрделісі ол арқылы ұшырылған ғарыш кемелері көкке көтерілген жеріне қайта қона алады. Таяуда қазақстандық «Kazsat» серігі ғарыш кеңістігінен орын алмақшы. Ғарыш айлағының қазақ жерінде әсіресе, Сыр бойында орналасуы – тарих. Бұл өңір инфрақұрылымға өте-мөте қолайлы. Әрі экватор жақын болғандықтан зымырандардың көкке жылдам көтерілуіне ыңғайлы.
«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің алғашқы тасын қалаған, екі ел Президенттері Н.Ә.Назарбаев пен В.В.Путин. Ең маңызды әрі бақараға жағымды жаңалық, ол екі мемлекет басшылырының еларалық меморандумға қолдары қойылғандығы.
ІІІ. Қорытынды
Алапаттың зардабын аластатайық
Байқоңыр айлағы адамзат ғылымының аса үлкен жетістігі екендігі мәлім. Бірақ сол тұрып жатқан халық үшін оның тигізер пайдасы көп болды ма, зияны көп болды ма? !
«Байқоңырдан» ғарышқа бірінші адам аттанғаннан бері қаншама жер серіктері, ғылыми-зерттеу станциялары, ғарыш кемелері ұшырылды. Соның нәтижесінде ғылымымыз өркендеп, табиғаттың талай тылсым құпиялары ашылды. Демек, «Байқоңыр» ғарыш айлағының адамзат баласы үшін де, еліміз үшін де алар орны ерекше. Бұл ғарыш айлағының басқа да полигондармен қатар айналадағы орта мен табиғатқа орасан зиян келтіріп отырғандығы жасырын емес. Оның қауіпті аймағы 1 миллион шаршы метр жерді қамтиды. Аспаннан жауған ғарыш аппараттарының сынықтары мен қалдықтары, бұлардың құрамындағы зиянды заттар топыраққа да, ауаға да, өсімдікке де аз залалын тигізбейтіндігі нақты дәлелденген. Сондықтан да «Байқоңыр» — Қазақстан жеріндегі ең маңызды проблемалардың бірі болып саналады.
Дегенмен, ғарыш айлағына әлемде саусақпен санарлық ел ғана ие. Қазіргі кезде ғарышты игеру дүниеге қожалық етумен бірдей. Ғылымның соңғы жетістікке жетуі, экономиканың дамуы бәрі де осы ғарышты игеру арқылы келуде деп ойлаймын.
Табиғат – біздің тал бесігіміз, тірі жан атаулыға атам заманнан ортақ қазына. Ғылымның шектен тыс дамуы , оның жойқын күшіне айналуына байланысты адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдік табиғатқа залал болып әсер етуде. Алайда күйзеліске ұшырау зардаптарынан соңғы 20 жыл ішінде экология ғылымына деген көзқарас жандануда. Сондықтан да қазіргі таңда қоғам алдында тұтастай экологиялық білім жүйесін орнатып, адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау жөнінде бірнеше ұйымдар құрса, «Байқоңырдағыдай» экологиялық проблемаларды алдын – алуға болар еді деп ойлаймын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1) Ыбыраева М.Б. «Экология мәселесі және оны шешу»
«Орталық Қазақстан» газеті – 5 маусым 2004 жыл 8-9 беттер
- Хамитова Е. «Елім – алтын бесігім»
«Жаңаарқа» журналы – 3 ақпан 2001 жыл
3) Пірназар С. «Ғарыш айлағының салынғанына – 50 жыл»
«Егемен Қазақстан» — 1 маусым 2005 жыл
4) Нарымбетов А. «Бағы ашылмаған – Байқоңыр»
«Жұлдыз» журналы № 8 – 1998 жыл 205 – 206 беттер
5) Бүркітбай С. «ХХІ ғасыр – ғарыш ғасыры»
«Қазақстан заман» 26 тамыз 2005 жыл
6) Ж.Ж.Жатқанбаев «Экология негіздері»
- Интернет e – mail: kz «Байқоңыр»
Leninsk.kz
Aйкын.kz