13 января, 2017 14:18
Ата-бабамыз аңсаған егемендікке қол жеткізуіміздің арқасында осыдан жиырма бір жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның жаңа тұрпаттағы Ата Заңы қабылданды. Бодандықтың қамыты біржолата сыпырылды. Азаттықты армандаған қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатын қызу қолдай отырып,демократиялық даму жолын таңдады. Еліміздің мәдени, қоғамдық, саяси өмірінде ғасыр жүгін арқалайтын ұлы өзгерістер мен тың бастамалар жүзеге асырыла бастады. Егеменді Қазақстанның тәуелсіздігін әлемнің жүзден астам мемлекеті мойындап, тығыз әріптестік қатынастар орнатылды.
Зайырлы,құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің іргетасы көтеріліп шекарамыз бекітілді. Мемлекеттік рәміздер, әнұранның жаңа мәтіні, азаматтығымыз қабылданып ,ұлттық валютамыз — теңге айналысқа енді. БҰҰ-ның тұрақты мүшесі болдық. ТМД елдері арасынан суырылып шығып ЕҚЫҰ-на жетекшілік жасауымыз, Ислам конференциясының жұмысына басшылық жасап, еуроазиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға, төрткүл дүниедегі сан қырлы саяси оқиғалардың күрмеуін салиқалықпен шешуге ықпал етуіміз, экономиканың өркендеуі, халқымыздың әл-ауқатының жылдан-жылға жақсара түсуі егемендігімізбен, Ата Заңымызбен тығыз байланысты.
«Конституция» сөзі латыншадан тәржімелегенде «құрылыс», яғни мемлекет, ел, болудың нұсқасы деген ұғымды білдіреді. Бұл түсінік қазақ халқы үшін жат емес. Не бір тар жол, тайғақ кешулерді басынан өткерген халқымыз Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті Жарғысының қағидаттарын басшылыққа алып, даналықпен ұштасқан дала билігі бойынша өмір сүрді.
Жоғарыда айтып өттік, осыдан 21 жыл бұрын, 1995 жылы республикалық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы мемлекет болып жарияланды. 30 тамыз мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып белгіленді.
Алғашқы Конституциямыздың 1926 жылы 18 ақпанда КСРО құрылғаннан кейін ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен қабылданғаны тарихтан белгілі. Бұл кезде еліміз автономиялы республика РСФСР-дың бір бөлігі болатын. Сондықтан осы Конституцияға сәйкес Қазақстан РСФСР құрамындағы толық құқықты республика болып танылды.
Кеңестер Одағы аясындағы алғашқы Қазақ КСР Конституциясы Бүкілқазақ Кеңестерінің Х съезінде 1937 жылғы 26 наурызда қабылданды. Ол 11-тараудан және 125-баптан тұрды. Онда саяси, қорғаныс, экономикалық байланыстар, басқа тең құқықты одақтас республикалармен ерікті бірігу мәселелері заңдастырылған. Сол сияқты ҚазКСР келісімінсіз ел аумағының өзгертілмейтіні, республикалық және жергілікті өкімет органдарының, заңнамалардың орындалуын бақылау, жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті және азаматтардың құқықтарын қорғау, сот, салық салу тағы да басқа маңызды мемлекеттік мәселелер қарастырылған.
1978 жылы 20 сәуірде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 10 бөлімнен, 19 тараудан, 173 баптан құралады. Осы Конституция бойынша еліміздегі бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясы таптарына жататын халықтың қолына көшті. Өкімет билігі мен басқару жүйесінің үстінен Қазақ КСР Коммунистік партиясы бақылау орнатып, республиканың экономикалық жүйесі мемлекеттік, кооперативтік-колхоздық және кәсіподақ және басқа да ұйымдардың меншігі болып жарияланды. Сол сияқты Конституцияда Қазақстан Республикасының ұлттық-мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық құрылысы, жоғарғы және жергілікті билік пен басқару құзыреті, халық депутаттарының құқықтық мәртебесі, сайлау жүйесінің принциптері, мемлекеттік бюджет, сот, прокурорлық қадағалау және т.б.құқықтық мәселелер қамтылды.
Егеменді еліміздің алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданғанын ерекше атап өткен жөн. Онда Президентті мемлекет басшысы, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тану, билікті бөлісу принципі, мемлекет тәуелсіздігі, егемендік, сот органдары және басқа да маңызды мәселелер қамтылғанын жақсы білеміз. Бірақ кеңестік жүйенің қасаң қағидаттарынан толықтай арыла алмаған конституциямыз уақыт көшіне ілесе алмады. Өркениет талаптарына, республика тұрғындарының мүддесіне сай келетін Ата Заң қажеттігі күн өткен сайын айқын сезіле бастады.
Халық қалауын басшылыққа ала отырып, Бүкілхалықтық референдум арқылы 1995 жылы 30 тамызда бүгінгі қолданыстағы Ата Заңымыз қабылданды. Конституцияның «Жалпы ережелер» деп аталатын 1-бөлімінде «Қазақстан Республикасының стратегиялық бағыты-демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуетті мемлекет құру» деп атап көрсетілді. Сол бойынша мемлекеттік билік заң шығарушы,атқарушы және сот билігі болып үш тармаққа бөлінді. Президент құзырындағы өкілеттіктердің белгілі бір бөлігі Парламентке беріліп, Президенттік-Парламенттік басқару жүйесі бекітілді.
Еліміздің Ата Заңы адамзат баласының жүздеген жылдар бойы қалыптасқан жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Біздің тәуелсіздігіміздің кепіліне айналған Конституция – бабалардың даналығы мен қазіргі заманның рухын бірлестіре үйлестірген, жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың теңдігін тегіне қарамастан бекіткен ұлы құжат болды.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты еңбегінде: «Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Көптеген конституциялар, әсіресе, ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданғандары мұқият сараптаудан өткізілді. 1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Егемен Қазақстанда Конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелер, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелер барынша толық пайдаланылған еді», деп көрсетті.
Ата Заңымыз мемлекеттіліктің барлық арман-мүддесін толық қамтыған, елімізде жүзеге асқан және жүзеге асатын саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңарулар мен жетістіктердің құқықтық тұғыры ретінде бағаланды. Ол Қазақстанның тәуелсіздігін түбегейлі айқындап, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен бекуінің нық негізін қалады. Жаңа Конституция өз күшіне енгеннен кейін кеңестік сипаттағы жалған демократия мен жалаң биліктің белең алуына жол берілмей, әлемдік өркениетке тән рухани құндылықтар мен саяси-әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге жол ашылды. Сонымен қатар, еркіндік пен теңдік сезімдері терең, тарихи, мәдени, рухани дәстүрі бай ежелгі қазақ халқының өзіндік ұлттық даму ерекшеліктері де ескерілді.
Ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығындай болған тоғыз бөлімнен тұратын Конституцияда «Адам және азамат» деп аталатын бөлім елдің ең асыл қазынасы – адам және оның құқықтары мен бостандығын қорғауға арналған. Атап айтқанда, 30-бап адамның құқығы мен бостандығы өмірге келген сәтінен бастап, оған тиесілі екенін және оған ешкімнің қол сұғуына жол берілмейтінін бекітеді.
Біз адам болып өмірге келеміз, азамат болып қалыптасамыз. Мемлекетіміздің мәртебесіне, оның қорғауында болатынымызға сенгенде және өз құқықтарымызды біліп қана қоймай, оны қорғай білгенде азамат екенімізді сезінеміз. Ал, Қазақстан азаматтарының Конституциямен кепілдендірілген құқықтары мен бостандығының аясы кең, ауқымы зор. Тарқата айтқанда, ұлты, тегі, түсі, тілі, діні, әлеуметтік жағдайы, саяси көзқарасы бойынша ешкім қуғындалмауы; сөз және шығармашылық бостандығы; еңбек ету, қызмет түрі мен мамандық таңдау бостандығы; білім алу, отбасы құндылықтарын қорғау, жеке меншігін қорғау құқықтары; жиындарға және шерулерге қатысу, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға мүше болу, мемлекеттік басқаруға қатысу, мемлекеттік басқару органдарын сайлау, сайлану және тағы басқа құқықтары халықаралық құқық нормаларына толық сәйкес қорғалады. Яғни біздің негізгі заңымыз мыңжылдық тарихы мен дәстүрі бар өркениетті мемлекеттердің заңдарымен тұспалдас.
Бүгінде 21 жылдығы аталып отырған Ата Заңымызды саяси, экономикалық, әлеуметтік жетістіктердің жаңа белесіне құқықтық негіз берген тарихи құжат ретінде құрметтеу әрқайсымыздың міндетіміз. Себебі, еліміздегі барлық болып жатқан саяси, экономикалық, құқықтық шаралар осы Ата Заңымыз негізінен туындайды. Өйткені, барлық қоғамдық қатынастар тиісінше заңдармен реттеледі. «Конституция – елдегі қоғамдық күштердің шын мәніндегі арақатынасы», деп Фердинанд Лассаль осыдан 150 жылдан астам уақыт бұрын айтқан екен. Осы бір қанатты сөздің ақиқатына дербес өмірге жолдама алған әр мемлекеттің көзі жеткені анық. Ендеше, еркін халықтың санасында мәңгі орнаған бостандық идеясының жүзеге аса бастауының негізі болып отырған Конституцияның Қазақ елі үшін орны бөлек.
Ата Заңымызды қабылдай отырып, біз өз тәуелсіздігімізді одан әрі нақтылай түстік. Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет, республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қадағалайды. Міне, осы сынды жаңа құқықтық нормалар елдің тәуелсіздігін толықтай құқықтық тұрғыда қамтамасыз етуде.
Мемлекет – бұл Конституцияның түлегі. Себебі, Конституция арқылы мемлекет өзінің халықаралық және ішкі деңгейдегі құқықтық мәртебесін бекітеді. Сол арқылы ол өз әрекетін құқықтық қамтамасыз етеді. Конституция – мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі. Осы тарихи құжат арқылы біз еркіндігіміздің негізін, тәуелсіздігіміздің іргетасын бекіте түстік. Бұдан былайғы кезеңде де тәуелсіз ел ретінде өркендей беруіміздің кепілі бола береді. Конституция қағидалары толықтай елімізді демократияландыруға, экономикалық өрлеуге, халықаралық деңгейде өсуге, ішкі деңгейді әлеуметтік, саяси-құқықтық тұрақтылыққа, ауыз бірлікке шақырады.
Қорыта айтқанда, Конституцияда көрсетілген саяси, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған мақсаттар тәуелсіздіктің арқасында еңсесін тіктеген Қазақ елінде қай салада болсын жемісті жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда саясаты салмақты, экономикасы еңселі, әлеуметтік жағдайы әлді, халқы тату, қорғанысы бекем, болашағы жарқын еліміз Ата Заңның аясында өркениетті елдермен терезесі тең мемлекеттің бірегейіне айналды. «Күллі халықтың талқысынан өтіп, ел игілігіне айналған Ата Заңымыз біздің мемлекетіміздің басты төлқұжаты болып саналады. Конституция – арайлы азаттығымыздың айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары. Ол елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі әр қазақстандық үшін айнымас ақиқат.
Ұзақбай Жазира
Т. Байсырымов атындағы Құлсары гуманитарлық-техникалық колледж директорының әдістемелік – ісі жөніндегі орынбасары, әдіскер, арнаулы пән мұғалімі
Атырау облысы
Жылыой ауданы
Құлсары қаласы