16 января, 2017 13:42
Дебатка катысатын спикерелер:
10а –
10б –
Сарапшылар: 10 сынып оқушылары
ҚР Президентінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция деп атап көрсетті. Дегенмен бүгінгі біз өмір сүріп жатқан қоғамда «жетім», «тастанды», «жесір» деген түсініктердің көбейгені ащы шындық. Ата-баба салтына көз салсақ, жетімді жылатпаған, жесірін далаға тастамаған халық екендігіміз анық.
Адамды сүю адам танудан басталады. Адам тану – адамзат арасындағы қарым-қатынас мейірімнен бастау алады. Ал адамға сүйіспеншілік, мейірімділік, қайырымдылық – ең әуелі әркімнің отбасынан басталады. Мейірімділік – адамның өзге біреуге жылылығын, ізгі ниеті мен лебізін білдіру көрінісі. Мейірімділік адамдар арасындағы сыйластық, кең пейілділік, жанашырлық, ізгі ниет секілді қасиеттерге негізделеді. Мейірімділік адамның жоғары адамгершілік белгісі ретінде оның бүкіл тыныс-тіршілігін, жан дүниесін жадырататын, шат-шадыман тіршілігі үшін қажетті аса маңызды қасиеттің бірі болып саналады. «Мейірімділік махаббат, қайырымдылық, адалдық секілді ақ жүректен шығады». Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде мейірімділік адамдар арасындағы адамгершілік, ізгілік пен ізеттілік, имандылық пен инабаттылық секілді асыл қасиеттермен үндестік тапқан. Ж.Баласағұн бабамыз «кір тигізбей ұста ойыңның өресін, мейірім етсең – мейірімділік көресің» деп мейірімділікке зор мән берген.
«Мейірімділікті анадан үйрен» деген халық даналығында да терең мағына бар. Мейірімділіктің шуағын ең бірінші анадан аламыз. Себебі бала үшін бәрін жиған, бала үшін бәрін қиған, адам баласына ой берген, сана берген, ақыл берген – ана. Баласын алтыным, асылым деп, аман болсын деп күні-түні баласының қамын ойлаған ана жүрегі не деген құдіретті, жаны неткен мейірімді. Ана – әлемдегі ең мейірімді жан. Алайда қазір отбасына, балаларына жүрек жылуын сыйламақ түгілі зұлымдықты бойына дарытып, баласын жылатып тастап кеткен аналар қаншама? Ал ананың жүрек жылуын, ыстық махаббатын көрмеген баладан не күтеміз? Ана жылуын көрмесе еліміздің болашағы болар азаматымыз қайдан болсын? Ананың аялы алақанын көрмеген сол баланың жүрегіндегі зұлымдықты жеңу үшін мейірімділік көп болуы керек. Бейбіт өмірдің өзінде елімізде мыңдаған жетім балалар бар. Түсінігімізге жат жетім балалар үйінің саны өкінішке қарай, күн санап өсуде. Қоғамның дертіне айналған бұл мәселенің шешімін табу кім-кімді болса да ойландыруы қажет.
Ата мен ананың мейірімінен бейбіт күнде айырылған бейкүнә сәбилер біздің қолдауымызға зәру. Ғасыр дертіне айналған бұл мәселемен жұмылып жұдырық, бірігіп білек болып күресуіміз қажет.
Қорытынды:
Өмірде жасалған бір тамшы мейірімділік жинала келе жылғаға, жылғадан өзенге, өзеннен теңізге айналады. Сол теңізден мейірім тамшысы әрбір балаға жетіп жатса ұлтымыздың ертеңі айқын, болашағы анық болмақ.
Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы,
Жаңақазан ауылы,М.Жүнісов атындағы ЖОББМ.
Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі:Муфтахова Гүлбар Ерболатқызы.