ҚАЙТА ҚҰРУ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН

27 января, 2017 14:30

Студенттерге 1985 жылдан бастап тәуелсіздік алғанға дейінгі Қазақстанның дамуы жөнінде мәлімет беру.

Негізгі ұғымдар: Қайта құру, жариялылық, демократияландыру, жеделдету, милитаризация.

 

Жоспар:

  1. Қайта құру қарсаңындағы Қазақстан.
  2. Қайта құрудың басталуы.
  3. 1986-жылғы Желтоқсан оқиғасы.

 

  1. Қайта құру қарсаңындағы Қазақстан.1985ж. дейін негізгі егін шаруашылығы жұмыстары жер жырту, тұқым себу, дәнді-дақылдарды жинау, мал шаруашылығы жұмыстары 75-98% техникаландырылды. Ауыл шаруашылық проблемаларын тек күрделі қаржыны көбейту арқылы ғана шешуге тырысу нәтиже бермеді. Адамның мұқтажына көңіл бөлмеушіліктің салдарынан, 1987ж. ауылдық жерлерде денсаулық сақтау мекемесі болмады. Республика ауыл шаруашылық өнімдері өндірісін қарқындату бірқалыпты жүрмеді.

КОКП-ң бүлінуі оның әлеуметтік-экономикалық саясаттағы қатерлі ұлттық қатынасқа әсерін тигізбей қойған жоқ. Брежневтік басшылық оларды мүлтіксіз әрі мәселені шешудегі табыстарды асыра бағалау кемелденген социализм концепциясынан туындады. Социалистік ұлттардың федерацияданшығу қажеттігі пайда болуы мүмкін емес деген пайымдау үстемдік құрды.

 

  1. Қайта құрудың басталуы. 1985 жылы наурызда КОКП ОК Бас хатшысы қызметіне М.Горбачев сайланды. 1985 жылы сәуірде өткізілген КОКП ОК пленумында М.Горбачев әлеуметтік-экономикалық жүйе мен қоғамдық өмірге реформалар – қайта құрулар жүргізетінін мәлімдеді. Қайта құру саясаты мемлекеттің қоғамдық-саяси институттарының бүкіл жүйесін демократияландыру және халықтың өзін-өзі басқаруын тереңдету деп түсіндірілді. Қайта құру саясатының негізгі бағыттары- қоғам өмірін демократияландыру және жариялықты дамыту, әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету болды. Сонымен бірге 1985 жылы сәуір Пленумында әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету туралы қаулы қабылданды. Жеделдету саясатының мақсаты-өндірісті басқару әдістерін өзгертіп, ғылыми-техникалық жетістіктерді енгізу арқылы халық шаруашылығын дамыту. Іс жүзінде ол өндіріс орындарын шаруашылық есепке көшіру және жекеменшік түрлерін дамыта отырып, нарықтық экономикаға бетбұрыс жасау еді. Бұл саясатты іске асыру бағытында бүкіл елде кооперативтік қозғалыс басталды. Кооперативтік шаруашылықтардың тиімді жақтары бірден байқалды. Бірақта жеделдету бағыты ғылыми тұрғыда негізделмей асығыс енгізілген еді. Мемлекет басшылары экономиканы басқаруда әлі де директивалық әдістерге сүйенді. Бұл жеделдету бағытының басты қайшылығы болатын. Бірақ бұл шаралар экономиканы дағдарыстан шығара алмады. Халық шаруашылығындағы жағдай ауырлай түсті. Күнделікті тұтынатын тауарлар тапшылығы айқын сезіле бастады. Азық-түлік түрлері азайып кетті. Қоғамның саяси жүйесін жаңартпайынша экономиканы басқарудың жаңа әдістері нәтиже бермейтіндігі дәлелденді.

1987 жылы қазанда КОКП ОК Пленумында Мәскеу қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Борис Ельцин қайта құру мен реформалардың жүзеге асырылуының баяулығын қатты сынға алды.

1987 жылы қарашада Қазан төңкерісінің 70 жылдық мерекелік мәжілісі болып өтті. Онда М. Горбачев кеңестік қоғамның дамуының негізгі тарихи кезеңдеріне саяси баға берді. Бас хатшының баяндамасында сталинизм қылмысты құбылыс деп танылып, тарих «ақтаңдақтары» жаңа тұрғыдан қаралуы тиіс деген қортынды жасалды.

1988 жылы маусымда КОКП ХІХ Бүкілодақтық конференциясы өткізілді. Конференцияда қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына жан-жақты талдау жасалды. Онда партия басшылары тарапынан саяси жүйеге реформа жүргізбейінше әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жасаумүмкін еместігі мойындалды.

Қоғамның саяси және әлеуметтік өміріндегі қайшылықтар күшейе берді. Мемлекеттік жоспарлау барысында республикалар мүддесі екінші кезекке ысырылды. Өйткені қазба байлықтан түскен табыстар республикаларға аз мөлшерде ғана беріліп, жергілікті халық оның игілігін көре алмады. Тұтыну тауарларының 60 %-ы шеттен тасымалданды. Ғылым мен мәдениет, білім беру салаларын қаржыландыруда «бюджеттік қалдық» ұстанымы сақталып қалды. Рухани салада да терең қайшылықтар орын алды. Мәдениет халықтық дәстүрінен, ұлттық келбетінен айырыла бастады. Қазақ тілі қоғамдық қызметінен айырылып, тұрмыстық тіл деңгейіне түсті. Нәтижесінде 1954- 1986 жылдары 600-ден астам қазақ тілінде оқытатын мектеп жабылды.

Маңызды саяси шешімдер Мәскеуде қабылданып, одақтас республикаларға оларды орындау үшін бұйрық ретінде жіберіліп отырды. Орталықтың шешімдерімен келіспеу, оған сын айту «ұлтшылдық» ретінде бағаланды. Қазақстан халқының көз алдында Арал мен Семей экологиялық қасіреті қалыптасып жатты. Кеңес қоғамында адамдардың әлеуметтік немқұрайдылығы күшейді.

 

  1. 1986-жылғы Желтоқсан оқиғасы. 1986 жылы ақпан-наурызда Қазақстан Компартиясының ХҮІ съезі болып өтті. Съезде әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың жекелеген кемшіліктерін сынаумен шектелді.

Республикамызды 1960-1962 және 1964-1986 жылдар аралығында ұзақ уақыт басқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосқан Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев (1912- 1993)болды. Ол КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, әрі үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Д.А. Қонаевтың қайраткерлігі мен адамгершілік қасиеттері халыққа мәлім болды. Сонымен бірге мемлекет қайраткері ретінде Д.А. Қонаев та сол уақыттағы әміршіл-әкімшіл жүйенің перзенті еді. Сол себепті Д.А. Қонаевтың саяси тағдырын  Кремль шешті.

1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің V Пленумы шақырылды. Пленумда ұйымдастыру мәселесі қаралып, ол не бары 18 минутқа созылды. Пленумның қаулысы бойынша КОКП ОКөкілі Г. Разумовскийдің ұсынысымен Қазақ КСР Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Д.А. Қонаев қызметінен алынды. Қазақ КСР Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып Ульяновск облыстық партия комитетінің біріші хатшысы болып істеген Геннадий Колбин тағайындалды (1986-1989).

Орталықтың мұндай өктемдігі қазақ халқының тарапынан заңды наразылық туғызды. Өйткені қоғам өмірін қайта құрамыз, демократия мен жариялық орнатамыз деп ұрандаған партия басшылығының бұл саяси қадамына халық бірден қарсылық білдірді. 1986 жылы 17 желтоқсанда Алматыда қазақ жастарының жаппай толқуы басталды. Мұндай наразылық шерулері республиканың басқа қалаларында да ұйымдастырылды.

Желтоқсан көтерілісінің сылтауы Г.В. Колбиннің республика басшысы болып тағайындалуы еді. Ал басты себептері- Мәскеудегі орталық биліктің ұлт саясатындағы әділетсіз ұстанымы мен Кеңес үкіметінің ұлттық мәдениет пен халықтың салт-дәстүрлеріне қысым жасап, ашық түрдегі орыстандыру саясатының жүргізілуі болды. Қазақ тілінде білім беретін мектептердің жаппай жабылуы мен жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім беретін бөлімдердің болмауы да ауылдан қалаға келген жастар үшін ауыр психологиялық қысым болатын. Қайта құру жариялаған демократиялық ұстанымдар арасындағы қарама-қайшылықтар, яғни орталық партия басшылығының сөзі мен ісіндегі сәйкессіздік те халықтың ашу-ызасын туғызған еді.

Жастардың наразылығы бейбіт әрі саяси сипатта басталды. Басқа ұлт өкілдеріне қарсылық пен мемлекеттік құрылысты өзгерту туралы үндеулер көтерілген жоқ. Конституцияға қайшы келетін саяси талаптар да қойылған жоқ болатын. Алайда партия басшылығы саяси наразылықты өкімет билігіне төнген қатер деп бағалады. Сол себепті бірден Алматы гарнизоны әскери дайындыққа келтірілді. КСРО Ішкі істер министрі А. Власов Кеңес Одағының 8 қаласынан Алматыға Ішкі істер министрлігі әсәскерлерінің арнайы бөлімдерін жіберуге шешім қабылданды. Бұл билік тарапынан жасалған Конституцияға қайшы келетін заңсыз әрекет еді. Бейбіт шеруді тарату мақсатында билік арнайы «Боран» («Метель») операциясын жасады. Бұл операцияға Г. Колбин өзі жетекшілік етті. Кеңес әскері халыққа қарсы сойылдар, саперлік күректер, арнайы үйретілген иттер, су шашатын машиналар сияқты қару түрлерін қолданды.Осылайша Комунистік партия мен Кеңестік өкімет билігі адамзатқа қарсы жасалған қылмыстың басты ұйымдастырушысына айналды. Мыңдаған қазақ жігіттері мен қыздары Желтоқсан көтерілісінің құрбандары болды. Солардың бірі Алматы архитектура құрылыс институтының студенті Қайрат Рысқұлбеков еді. 1988 жылы КСРО  жоғарғы соты оған берілген ату жазасын 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырды. Өкінішке орай, ол 1988 жылы мамырда белгісіз жағдайларда қайтыс болды. 1996 жылы 9 желтоқсанда Президенттің жарлығымен Қ. Рысқұлбековке Халық Хаһарманы атағы берілді.

Соңғы деректерге қарағанда, 17-19 желтоқсанда алаңға 60 мыңдай адам шыққан, соның 8 мыңнан астамын ұстап, қаланың сыртына апарып тастаған, 103 адам бас бостандығынан айырылып, екі адам (Қ.Рысқұлбековпен М.Әбдіқұлов) ату жазасына кесілген. 52 адам партиядан, 787 адам комсомол қатарынан шығарылып, жоғарғы оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.

1987 жылы шілдеде КОКП Орталық Комитеті «Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие берудегі жұмыстары туралы» қаулы қабылдады. Бұл қаулыда Желтоқсан көтерілісі «қазақ ұлтшылдығының көрінісі деп бағаланды». Ресми билік қазақ халқының саяси наразылығының маңызын төмендету мақсатымен оны қатардағы оқиға ретінде бағалаған болатын.

1989 жылы маусым-мамыр айларында КСРО Халық депутаттарының І съезінде М.Шаханов КОКП басшылығынан Желтоқсан көтерілісіне әділ баға беруді талап етті. М. Шахановқа академик А. Сахаров белсенді саяси қолдау көрсетті. Осындай талаптың нәтижесінде Желтоқсан оқиғаларына байланысты түпкілікті баға беру жөніндегі комиссия құрылды.Комиссия төрағалығына М. Шаханов бекітілді. Комиссия жұмысының нәтижесінде қаулыдағы «қазақ ұлтшылдығы» деген айып қате деп танылды.

1990 жылғы 24 қыркүйекте Қазақ КСР  Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысында бейбіт шерудің жаппай тәртіпсіздікке ұласып кетуінің себебі көрсетілді. Республика басшылығының саяси дәрменсіздігі, қиын жағдайда бейбіт жол көрсете алмауы мен партия жетекшілерінің қарулы күшке сүйенуі болған еді. Өйткені Челябі, Новосібір, Ташкент, Уфа, Тбилиси, т.б. қалалардан әкелінген әскери бөлімдердің жауынгерлерінің қатыгездікпен жасаған әрекеттері қазақ жастарын да жауап қайтаруға мәжбүр етті.

1991 жылы желтоқсанда 1986 жылғы 17-19 желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау жөнінде Президенттің жарлығы шықты. 17 желтоқсан –Демократиялық жаңару күні деп жарияланды.

 

Бекітуге арналған сұрақтар:

 

  1. М.С. Горбачев әлеуметтік-экономикалық дамытуда жеделдету бағытын қашан жариялады?
  2. Желтоқсан оқиғасының себебі не болды?
  3. Желтоқсан қайраткерлерін атаңыз.
  4. 1989ж. Жаңа Өзен қаласында болған толқудың себептерін атаңыз.

 

Әдебиеттер:

  1. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,
  2. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
  3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Очерктер. Алматы: «Дәуір», 1994.
  4. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006.
  5. Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
  6. Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы, 2007.
  7. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008. – 640 б.
0

Автор публикации

не в сети 5 лет

Ерек

3
Комментарии: 0Публикации: 26Регистрация: 25-01-2017

Читайте также:

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля